Төкеев Бертай Есмаханұлы
ГҮЛ
СЕЗІМ
ШЫМКЕНТ 2009
Гүл сезім.
Қыстың ең соңғы аптасы Манасқа ерекше сезіліп, келесі аптада басталар келісті көктемнің келбеті әсер еткендей көңілі алаңдай берді. Бүгін де бір ерекше күн. Ақпанның жиырма үшінші жұлдызы Кеңес одағы кезінде Әскери теңіз флоты күні ретінде аталып, әсіресе Германия жерінде әскери борышын өтеп жүрген жауынгерлерге құрмет ерекше көрсетілетін. Жалпы әскер қатарында болғандар үшін беделді күн бұл күндері ұмытылған. Әскерде шетелде болған екі дос сол шуақты күндерді еске алып, жымия күліп келе жатты. Оқушы кездеріндегі қыздардың құттықтау қағаздары да бір ғанибет дүние, ғаламат кезең екен-ау...
Ондай құттықтаулардан биыл да құр қалған екі дос өздерінше мәз, көңілдері тоқ. Алакөлеңкелеу, енсіз, ұзақ, тар дәлізде тұрған топтан өте бере көпшілікті білгісі келді ме?, әлде бір беймәлім күш әсер етті ме?, бәлкім жігіт желеңдік пе?, Манас тұрған жандармен жақын тарта амандасып, сұрақты қойып қалған:
-Бұл қай пән?
Алдағы адамдардан жауап күткен оған ту сыртынан:
-Русский язык и литература!-деген жауап саңқ ете шығып, қаталдау естілген дауыс шыққан жаққа жалт қараған.
Жарығы аз дәлізде жас арудың жалын жанары жарқырап, келісті келбеті күн шуақтай көрініп, тіп-тік қарар бейнесі тығырыққа тіреп, аузына сөз түспей үнсіздікте тұрып қалған жігіттер амалсыз қалып,ақырын алыстай берді.
Сол қадалған жанар жалында жандырып, бейжай етіп, тыныш қалдырмай Манасты беймаза күйге түсірді де қойды. Аз ғана уақыттағы елес ерекше еміренте езілтіп, елік мүсіннің еркелік назы елітіп, сұлулық сиқырына сүріндірді. Миын мың ой мазалап, санасын сансыз сұрақ шырмады.Айдай аруды бұрын қай жерден көрді? Сол әдемі көрініс, тылсым күй қай жерден бастау алып еді? Жүректегі дүрбелең жанға маза бермей, қыз жанарындағы жылылыққа тартылыс бірте-бірте күшейе берді. Алғаш сәтте жігіт өзін түсіне алмады. Бейнебір ауа жетпегендей жанталасып, ауру жандай алаңдап, сағыныштың салмағы сананы басып, аты жөнін білмейтін аруға аңсары ауды да тұрды.
Екі дос түскі үзілісте бөлмеде аяқ созып, демалып алатын ескі әдеттерімен өз кереуеттеріне жайғасты.
-Адамды осынша сұлу етіп жаратады екен-ау а, бірақ әттең біз үшін қол жетпес ару ғой –деп күрсініп салған досына Манас не дерін білмей ішіндегі алай-дүлей дауыл оймен алысып әлек. Артынша бірден қорылға басқан досына «Неткен бейқам, бақытты жан»-деп жымия күліп, шарасыз қалып, тұнжырай қалған. Көздегі елес, көңілдегі құштарлық, жандағы жалын айдай көрінген аруға алаңдатып, тылсым тартылыс басталды.
* * *
Тірі жан иесі құрсақта жатқаннан сыртқы дүниеге елеңдеп, анасының бар болмысымен, жан күйзелістері мен қуаныштарында бірге өмір сүріп, қалыптасар. Тіршілік өмірде басталысымен сезіммен сезіну, жүрекпен езілу қатар жүрмек.
Ал махаббат сезімі-құдіретті құбылыс. Баланы дана етіп, дананы бала ететін де, ішті күйдіріп, күйікті ететін де, адамның санасына сұлулықты сыйдырып,өзін сүйікті ететін де-сол сезімнің арқасы.Сүйген адамы ең сүйікті болып көрініп, басқалар көзге ілінбей, өмірдің суығы мен ыстығы білінбей, адам өзін ұшып жүргендей сезініп, бүкіл әлем оған күліп тұрғандай көрінетіні тағы бар. Сезім семсерге ілікпеген тіршілік иесі бұл өмірдің ғаламатын сезінбес те. Жүрек қалауына ешнәрсе жетпес. Адамның тағдырымен ойнауға болмайды. Сезімсіз дүние сергелдеңге апарар. Сезіммен құралған әлем сенімге берік сертте ұсталып, өмір сыйластығымен қымбат!
* * *
Ұялы телефондағы қойылған қоңырау белгілі уақытта шырылдап, жұмыс басталса, қарбалас өмір жүйрік уақытпен жарысып, сырғып өтіп жатты. Аты жөнін сұрап алмаған жігітке сол ару қызды көру- арман, сөйлесу-мұң екені анық сезілді. Компъютеріндегі әдемі әннің әуенімен езілген жігіт өзінің ынжықтығына қынжылып, терезе әйнегіне телміре қарап, далаға көз тастаған. Жұмыс бөлмесіне иілген алып ағаштың бұтақтары желмен басын изегендей, жапырақтары жүрегін жая түсініп тұрғандай әсер қалдырды. Жүлік дауыл бұлттарды қуып әкеп, түнере түскен аспаннан кенеттен шыққан найзағай үні естіліп, адамның ішкі жан дүниесінің жарылысындай болып, көктемнің алғашқы белгісіндей жауын жауа бастады. Жігіттің сол сәттегі болмысы мен табиғат үндестігі жан тебірентерлік еді.Бірте-бірте күшейе бастаған жауын қатты нөсерге айналып, бүкіл әлем тазарып, бөлмеге енген таза ауа жан рахатын сезіндірген. «Адамдардың да қайғы мұңын, уайымын, жан күйзелісін жуып, шайып кетер ақ жауын болса екен» деген оймен тұрған Манасты ерекше сезім биледі. Қиялы жарыққа жетеледі. Көкірегінде қызға деген үміт ұялады.
* * *
Таң шапағымен оянған Айзере үшінші қабаттағы өз бөлмесінде. Терезеден қараған ол таңғажайып көрініске таңдана, ойлана қалды. Жарыса өскен ағаштардың жарық іздей көкке талпынғаны, сол сәтте төгілген сәуленің жапырақтарға сән бере түскені көңіліне көрік қосты. Терезе әйнегіне иіліп тұрған жүрек жапырақтар аруға сәлем бергендей желмен жәй ғана тербеліске түсті. Құлаққа жағымды естілген бұлбұлдар үні өн бойын алабұртып, елеңдетіп еді, қанша қарағанымен тал арасынан ешнәрсе көрінбей-ақ қойды. Желдеткіштен төгілген таза ауа оның жан сарайын тебірентіп, ерекше шуаққа бөледі.
Айзере сол сәт кешегі бүкіл болмысымен беріле сәлемдесіп, жылы шырай танытқан жігіт ағасын тылсым күйде жақын тарта есіне алған. Кірпік қағар қақпас сәтте үзіліп кеткен сол ерекше кездейсоқ кездесу оны бейжай қалдырмағандай. Жасыратыны жоқ қыз жаны бір сырлы толқынға оранып, ыстық ағынның арнасында бір түсінбес сезімді өткеріп, алаңдап еді. Өзінің тектілігіне салып, тез бойын жинап, қыз қалпын қатал қадағалағанмен мына керемет көріністе елжіреп, кешегі күннің көркем келбетін ынтызар көңілімен еске алған ару бір ғанибет,ғажап күй кешті...
* * *
Қыз жаны қашан да жұмбақ. Жаныңда жүрсе де, жадырай күлсе де, мөлдір көзінде сыр тұнып, ашылмас құлыптай көрінер.
Бүкіл әлемге нұрын шашып, жарқырай көрінетін жандардың сырларын толық ұғу мүмкін ерлердің маңдайына жазбаған болар. Құпия сырын ашпай, сұлу қыз қалпын сақтар, мың күйзелсе де нұрын төге талпынып, намысты бағалап, арды аялап,бақыт жолына бастар аяулы жандарды осы өмірде ардақтау керек-ақ!
Қыз тағдыры қиын. Қыз болмысы жылдың төрт мезгілімен сәйкес келіп, үндестік табады. Қыз-қызғалтақ өзі сондай сұлу болса да көктемдей көріктілікті қалап, жаздай жылылықты үнемі жанына тілеп, күздей мол жемісімен танылып, қыстағы әппақ тазалыққа талпынбақ. Алыптық анадан десек, қыз-қылық өмірді құлпыртар.
* * *
Манас қыз жанының соншалықты нәзік жаратылыс бола тұрып, өмірдің барлық ауыртпалығының аруларға артылып қойғанына таңырқай, қыздарымыздың ұлттың қасиетімен ұлы болып сақталуына бірден бір себепкер екенін ұққан. Ықылым заманнан сақталып келе жатқан тектіліктің, қасиеттіліктің, имандылықтың бастауы адамдық-алыптық анадан құралатынын түсініп, «Қырық қыз және күйеу тас» аңызын толғау ретінде жазып шықты.
Орны бөлек Қазығұрттың аймағы,
Аңыздарға толы әрбір тау тасы.
Қорғандар-ай, үйіндіде қаңқасы,
Аңыздар да ақиқатқа жақындау,
Осы маңда сұлулықтың қаймағы.
Жазу жеткен балбал тастың арқасы.
Жартас шыңдар жаудан қорған қалқасы.
Ұлылықты жөн болады мақұлдау.
Сенбегендер балбал тастан үй салып,
Жиһаз жинап айналдырған сарайға.
Зәулім үйі құт болмаған алайда,
Тыныштығын әруақ бұзып, мазалар.
Тастап қашқан, күйінішті күй қалып,
Ашкөзділік опа бермес маңайда,
Қасиетті қаралаған талайға,
Түптің түбі жаза бар.
Ұқсас аңыз, нұр құйылып санамда,
Өгем, Таңмен, Қаржантаулар үндескен.
Үш аңыз бар бір-бірімен үйлескен.
Жанға жақын табиғаттың ғажабы.
Тіл жетпейтін керемет көп ғаламда.
Не айтамыз кешегіні білместен?
Өткен күндер, небір қайғы мұң кешкен.
Қатар жүрген рахаты азабы.
Ел аузында аңыз былай сақталған:
Серуенге шыққан қырық қыз гүл теріп,
Ару қыздар иманына шын берік.
Әрбір ауыз дуалы еді ол заман.
Қызғалтақтар көз қуантар тәтті арман,
Кенет шыққан жаулар жылдам үнге еріп,
Жалмауыздық жыртқыш аңдық күйге еніп,
Дәмеленген оңай түсер олжадан.
Мөлдіреген табиғатта сыр тұнған,
Осы маңда батыр жігіт қырағы.
Бақылайтын, көрші ауылда тұрағы.
Сырттай ғашық, сездіре алмас ынтығып,
Жауды көріп, үміт жібі қырқылған.
Құтқаруға жанын сала ұмтылған.
Ер екенін көрсететін күн туып.
Жанұшыра қыздар қашып жаулардан,
Құтқармасын біліп, дұшпан азабын,
Сезіп тағы арды таптар мазағын,
Бір Құдайдан жылап тілек тілеген.
Пана таппай небір әсем баулардан,
Бірте-бірте тасқа айналды ғажабым.
Қара түнек тұрып алды азалы үн,
Не тілесең тәңір берер шын екен.
«Құтқарам»-деп жеткен батыр соңынан,
Тасқа айналған бірте-бірте ол дағы.
Бар амалын жасағанмен қолдағы,
Қорған болып, тас мүсінге айналған.
Заманымның туса да айы оңынан,
Зерттей алмай тұр ғой ұлы олжаны.
Бірі болып көз тартатын жолдағы,
Сыры жұмбақ тас түйін боп байланған.
Осы аңыздан тазалықты ұққамыз,
Ар намыстың туы жеткен желбіреп.
Арулардың рухы елес мөлдіреп.
Табиғатта әз таңбасын қалдырған.
Жаңғырық боп даламызда бұл аңыз,
Сол заманнан жүрек келер елжіреп.
Әр уақытта елге, жерге ер тірек.
Ерлігімен санаға ой салдырған.
Бұлжымайтын дала заңы, тау салты,
Есті жанды ерліктерге бастаған.
Құпияда қаншама жыр дастан ән.
Алыптықты айқын ете алдық па?
Болашаққа сақтала ма сол қалпы?
Жалғана ма үзіп, кесіп тастаған?
Неге келді бұл өмірге баста Адам?
Ойланбаймыз, тасқа айналып қалдық па???
Өткен шуақты күннің елесінде келе жатқан Манас сол баяғы жалын құшқан дәлізден елеңдей өтіп, баспалдақтан түсіп бұрыла бергені сол еді, көзіне ерекше бейне шалынып, өзгеше күйге еніп, тұрып қалды. Көркем жаратылған бойжеткен орындыққа жайғасқан күйде қолындағы ажырамас ұялы телефонына шұқшия қадала қарап, ойланып отырған. Қуаныштан жүрегі жарылып кете жаздаған жігіт өткендегі сұлуды айнытпай танып, көкірегін күй кернеп, өзін әзер ұстап, қызға қысыла жақындап, үнсіздікті бұзған.
-Саламатсыз ба? Қалай жағдайыңыз?
Жігіт дауысының қалай шыққанын білмей, өзін басқарудан қалып, жүрегі аузына тығылған.
Жалт қараған қыз атып тұрып амандасқанда, ұсынылған жалпақ күректей алақанда нәзік саусақтары көрінбей де кетті. Қолына ток ұрғандай сезінген Манас бүкіл денесі шымырлап, қызбен жанарлары түйісе қалғанда өн бойы өртене жаздаған. Басы айналып, тілі байланып сөзі құралмаған жігіт әр нәрсенің басын шалып, әзер дегенде қыз есімін білді-ау әйтеуір.
Біраздан соң бойжеткенге бойы үйреніп, ынтыға қараған ол әсем көрініске көзі тоймай балқи түсті. Айзеренің үстіндегі спорт киімі өзіне керемет жарасып, елік мүсінін айқындай түскен. Қыздың тал бойынан спортпен беріле айналысатыны анық байқалған. Күлгенде көктемнің келбетіндей нұр шашар ару жанының шуағымен тартып, сүйкімділігімен сүйінтіп, қайталанбас сұлулығымен баураған. Ерекше емірене езілген, ғашықтық ғаламатын сезінген жігіттің бар есінде қалғаны бойжеткеннің үшінші қабатта әпкесімен тұратындығы, бұл жаққа уақытша оқуға келгендігі. «Енді көре алмай қалам ба?»- деген өткен күндердегі сары уайым, алаңдаушылығын жеткізгенде кермаралдай керілген көркем қыз Манасқа мейірлене қарап, ақкөңіл, ашық мінезді жанға ризашылық сезіммен наздана жымиған. Өткенде ғана сұсты болып көрінген бойжеткеннің жылы шырайы жігітті ерекше тартып, қимастық сезімімен артына бұрыла қарайлап, жұмысына асығып бара жатты. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше», «Жақсыда жаттық жоқ» деген даналық сөздер тағы да расталды.
* * *
Уәдесіне берік Манас жұмыс уақыты аяқтала сала Айзереге қарай асықты. Ішімдікке жаны қас жігіт құр қол баруға ұялып, өзі сүйетін шырын сусындарды ала жүрген. Көңілі көтеріңкі, қуанышында шек жоқ, көкте ұшып жүргендей сезінген. Талдырмаш қыздың таңғажайып тұлғасы тебірентіп, елестегі бейнесі емірентіп, бірде қобалжып, дәліздегі айна алдында түзеліп, «Бойжеткеннің де маған деген көзқарасы дұрыс болса екен»-деген сәулелі үміттің жігіт санасында жылт еткені айқын еді.
Есікті ұқыптылықпен естілер естілмес қаққанда:
«Келіңіз, кіріңіз»-деген жылы шыраймен жарыса шыққан жағымды дауыстар Манастың мерейін өсіріп, бөлмеге шуағын төге көңілдене кірген. Қолындағы заттарын ұсынғанда: «Жоғарылатыңыз, төрлетіңіз» -деген қосарлана шыққан дауыстарға риза болып, асып, сасып, қолын жуу керектігін айтып, «Ыңғайсыз уақытта келмедім бе?»-деп тағы да кешірім сұрап, қолындағы ұялы телефонның сағатына қайта-қайта қарап, стол үстіне телефонын қалдырып та қойды. Тез шүмектен мұздай суды ағызып, күйіп жанып тұрған дидарын қайта-қайта жуып, өзіне-өзі келгендей болған. Сол бір қысқа сәтте Айзере жігіт телефонын стол үстінен тез алып, өзінің телефонына қоңырау тастап үлгеріп, әпкесі екеуі Манасты жымиып қарсы алып тұрды. Қыз жігітті жанымен жақын тартып, көздерімен ұнатып, осы бір аңқылдақ жанның ақ пейілін іс әрекетінен танып, телефон номерін жасырын алуы өзіне бір қызық көрінген. Әрине ойында түк жоқ жігіт ешнәрсе де білмеді. Керемет күй кешкен ол мән беруге құлықсыз, сұлулық саясында, көңіл көгінде. Сезім салтанат құрып тұрған осынау сәтте бойы балқып, балбырау сәтін өткізген. Тал бойы нәзік жаратылыс Айзереге де бұл сәт жылы шуақ әкелді. Ойын сезіммен ораған, жанына жылылық сыйлаған жанның жанында отырғанына таң қала қуанса да сездірмеген. Осы бір сәулелі сәттің үзілмей, ұзақ болуын, жанына жарық шашқан азаматтың жанында болуын қалаған ол жүрегі лүпілдей соғып,ұялы телефонын іске қосып, құпия номерді сақтап та үлгерді.
* * *
Жүрек сыртқа тебер осынау ғажап сәтті қашан өткіздік??? Адам сүйген, сүйікті болған сәттерінде ғаламат күйге түсіп, өзі білмес өзгеріске ұшырар. Уақытты ұмытып, мына қоршаған ортадан тыс өмір сүргісі келіп, бойындағы орасан алып сезім күшін бүкіл әлемге сыйғыза алмас та. Сүйікті жанының алғаш бір қарағандағы өн бойын өртеген жалындаған көз жанары әрбір жанның жүрегінің төрінде сақтаулы. Асыққан, аптыққан, шаршаған, шалдыққан күндер-ай!!! Тіл алмас, ұйқы қанбас, сезім сәулесін шашқан айлы түндер-ай!!! Кешегі күн- бүгінгі сағым елес, бүгінгі күн-ертеңге сағыныш... Адамда арман қашан таусылған? Сырын ішке бүккен әлем қашан да жұмбақ күйде. Өмір, сен неткен ғажап едің!!!
* * *
Жылылықты сезінген жігіт іштарта сөйлеп, қос арудың алдында шешен болып шыға келді. Алғашқы сәтте «Не болар екен»- деп жүрексіне келген Манас жылы қабақ танытқан Айзеренің әпкесімен тіл табысып та үлгерді. Бейнебір бұрынғы таныстардай шат шадыман күй кешіп, көңіл шіркін көгінде самғады. Сөзден сөз туып, осыдан үш жыл бұрын осы жақта волейболдан облыстық сайысқа қалалық құрама сапында студент кезінде қатысқанын Айзере күлімдей еске алып, сол бір шуақты күндердің ерекше сәттерін әңгімелеген. Жүрегі дүрсілдей соққан Манас бұрын қай жерде көргенін енді ғана есіне түсірген. Әңгімеге қызу араласқан ол сол жарыста төреші болғанын айтып, нәзік қыздардың топты жара ерекшеленгенін есіне түсіріп, Айзерені енді тани түскен.
«Тау мен тау ғана кездеспес, адам мен адам кездесер» деген даналық сөз тағы да расталып, кешегі күйініш бүгінгі сүйінішке айналды.Суретке бейім жігіт қыздардың бейнесін айнытпай келтіріп салып, ақ парақта сыйлық ретінде ұсынып, ризашылық пейілдердің шуағына бөленген. Сол кезеңде жүріп жатқан «Жөке ағашының саясында» атты түрік филъмі талқыланып, бәрінің пікірлері бір жерден шығып жатты.
Кеш болса болды қарлығаштардай топтасып,теледидар алдында табылып, жастық жалынымен жанған, үлбіреген үмітін үкілеген, аяулы арманын арқалаған бақытты шақтары-ай...
Ақерке Айзереден көп жас үлкен болғанымен соншалықты ақкөңіл жан екені көрініп тұр. Адамға бүкіл болмысымен беріліп, сене қарайтын, жатырқаушылығы жоқ жанның имандылығы мен инабаттылығы қатар өріліп, анық сезілген.
-Сіз білесіз бе, Жер-ананың шын перзенттері мен өгей балалары қайсысы екенін, ажырық па әлде бидай ма,жантақ па, тікен бе? әлде егін түрлері ме?
Ақеркенің тосын сұрағына Манас таң қала, ойлана қалған. Толық жауабын естігенде өзі бала күнінен филъмдерін ынтыға көріп, сүйіп өскен Американың тұрғылықты халқы, аттың құлағында ойнар, батыр, қызба, ержүрек, еркіндікті сүйер қыран тектес үндістердің қатал да қиын тағдырын көз алдына елестеткен. Естілген осы жайт Манасты бейжай қалдыра алмады. Ақеркенің тартымды ойы ертесіне «Шатасу шыңы» атты толғаныс боп өрілген еді...
Көп нәрсеге мән бермейміз, өзгерген,
Күйбің тірлік, кінә артамыз өмірге.
Көп уақытың босқа өтеді кейбірде,
Өзімізді жұбатамыз арманмен.
Ешнәрсе де қолдан келмес, сезгенмен,
Айтылмайды, қарап ылғи көңілге,
Жалған дүние кіріп алған сенімге,
Жасалғандай ерекше бір талғаммен...
Жер анада құдіреттің барлығы,
Бір Ұлы Күш жаратқаны саналса,
Адам ата Хауа анадан таралса,
Өскен ұрпақ бәрі бауыр емес пе?
Жерді бөлген пейілінің тарлығы,
Бір-біріне қиянатқа бара алса,
Бай мен кедей бөлінумен қаралса,
Қайда барады бұл адамзат елесте?
Көк талпынып, көркейеді келбеті,
Жер ананың шын перзенті ұмытылған.
Барлық жайлау аяусыздан жыртылған.
Өзге жерден бидай келген нық басып.
Содан бері ажырық боп жендеті
Өз перзенті өгей болып, құртылған,
Жантақ, тікен жау көрінген сыртынан.
Өгей-егін өз баласы жұптасып...
Бар мағына өзгеруде біртіндеп,
Ұят, ар, намыс азайғандай секілді.
Бала әкеге баласындай жекірді,
Мейірімділік қалып барады алыстап.
«Интернетте барлық өмір, кілтің»-деп,
Жапондықтар бүгін қатты өкінді.
Роботқа айналғанда не түрлі,
Адамдықпен қашан бала таныспақ?
Адамдықтан алға қойдық ақшаны,
Көзді ашқаннан бала соған ұмтылар.
Машинаға тым ерекше құлқы бар,
Қайда қалар ата салтың, дәстүрің?
«Бесік жырын» білер ана тап, кәні?
Қауіп те бар, асқақтаған бір құлар.
Үш тіл білген аузы көкіп, жұлқынар,
Ана тілмен сөйлей ме екен, естігін...
Жақсылығың жақсылықпен қайтады!
Қатыгездік жаралайды жаныңды.
Неге ынтықсаң соны жүрек сағынды,
Өміріңе өзің ғана иесің...
Рух күші адамзатты байытады!
Еңбегіңмен сезінерсің бағыңды!
Жұрт білетін жақсылығың жағымды!
Өзіңді өзің танып, елді сүйесің!
Әрбір жанның формуласы бөлек-ті,
Келуі де бұл өмірге мақсатпен.
Ғанибет қой өте алса жақсы атпен,
Жауаптылық-ұмытылмас заңдылық!!!
Имандылық тамырында қоректі,
Сіңірсе ғой бар адамзат бір сәттен!
Бір-біріне қараса ғой құрметпен!
Күн қия алмай, атар еді-ау таң күліп!
Жарқырар күннің жарық сәулесін күткен Манас ұйқысы қашып, таң қараңғысында бүгін де ерте оянды. Кеудесіндегі қуаныш ыстық сезімімен орап, керемет күй кешкен. Күнделікті өзін оятар бұлбұлдарының үндері бүгінгі таңда тіптен ерекшеленіп, көңілін көкке көтеріп жіберді. Кешегі күннің кереметін күлімдей еске алып, шаттана шалқып отыр еді, кенет ұялы телефонына хат түсіп, стол үсті дырылдай жөнелген. Шапшаң ашып, аты жөні жоқ номерден:
«Шайға келіңіз»-деген хатты тез оқыған. «Шай қоямын»-деп отырған жігіт кеше өзі мәрттік жасап, шәйнек, кеселер мен барлық керекті заттарды қонақ қыздарға өзі жеткізіп бергенін енді есіне түсірген. Хат жазған Айзере екенін бірден сезген ол: «Номерімді қалай алды?»-деп ойламады да. Көңілі –көктем, жаны-жаз жігіт жылы шуаққа асыққандай үшінші қабатқа асыға көтеріліп бара жатты...
* * *
Бүгінгі күн ерекше болмақ.Жұмыс аяқтала салысымен қыздарды саябаққа шақырмақ болған тау көңілімен көкте самғаған жігіт сөзінің жерде қалмасына сенімді еді. Манасты керемет күйге бөлеп, соншалықты самғатып жіберген шіркін кешегі күннің келбеті естен кетер ме?! Айзеренің ұялы телефонынан алғаш рет «Киелі махаббат» атты әнді тыңдағанда жүрегі асау аттай тулап, батылы жетіп биге шақырғанда қол жетпес арман болған тал шыбықтай қыздың дене қызуынан өртене жаздап, өнбойы тылсым ләззатта балқып, жүрегін тәтті сезім билеп, кеудесін қуаныш кернеген. Елік мүсін емірентіп, елжірей езіліп, бойды балбыратқан, әсем әуенмен әрленген сиқырлы сәт бітпесе екен деп тілеген.
Төменде құрылып қойылған дайын теннис столына ойын-жарысқа шақырғанда волейболдан жоғары сатыда ойнап жүрген жақсы дайындықтағы қыз жігіттің шақыруын қуана қабыл алған. Манас жарыс шартын өзгерте қойып, жеңілген адам әр партия сайын бетінен сүйгізуі шарт дегенді айтқан.
Қыз жымия қалып, күлімдей келіскен. Жарыс қызу басталып, Манас өзі үшін бұл таптырмас мүмкіндік екенін түсініп, сұлудың көзіне түсіп, мойындату мақсатында бар өнерін салып еді. Абырой болғанда жігіт жеңді де.Арудың ақ дидарына еріні тиген сәт жігіт найзағай ұрғандай өн бойын жойқын жалын жандырып, басы айналғандай күй кешкен. Ешқашан мұндай сезімді басынан өткізбеген жан аңсары ауып, аруға жіпсіз тартылып қалған еді...
Айзеренің ашықтығы, байыптылығы, сүйкімділігі Манастың жүрегін жаулап, айдай ажары мен сөзді тауып айтар тапқырлығы тәнті ете түскен. Бойжеткеннің көп сөйлегеннен гөрі жымиып қойып, тыңдауды қалайтыны анық байқалған.
Кішкентай кезінен ата-анасының айтқанынан шықпай өскенін, ақкөңілділігінен әкесінің алдауына түсіп, кластастардың ұйымдастырған кешіне бір телешка шөпті түсіріп үлгерсе жіберетініне сеніп, жанын сала жұмысты аяқтап, шаршап, ұйықтап бара алмай қалғанын есіне алып әңгімелегенде Манас екеуі ішек сілесі қата күлген. Айзерені тағы таңдандырған осы жердегі қызық жағдай көрші екі қыздың тіршілігі еді. Бірі бөлмесінде алтын қазынасы бардай сақырлатып құлттап артынша ашып тарсылдатып, керзі етік кигендей жүретін болса, екінші қыз кірпіш сияқты ұялы телефонымен бүкіл үшінші қабатқа естіртіп айқайлап сөйлесіп ақақалап күлетін. «Бұл қыздарға мәдениет жетіспейді ме, әлде шарик тапшы ма?» - деп ойлана қалып, түсінбей-ақ қойғанын Манасқа айтып еді.
Айзере өз бөлмесінде ойлана қалды. Қиялындағы армандаған жанның жанында екендігіне ризашылық сезімі басым болғанмен күндердің күні өзі алысқа аттанатынын еске алғанда көкірегі қарс айрылған. Манас салып берген өз суретіне қарай отырып «Күні ертең сағыныштың салмағына екі жақта шыдай алармыз ба?» - деп ойға шомған.
Шымқалаға алғаш келгенде өзі оқитын оқу орнын іздеп таба алмағаны қызық болды. Бірде асып кетіп, бірде жетпей автобустан түсіп адасқаны әлі есінде. Жасыл желекке жамылған көшелердің бірінде қайда жүрерін білмей тұрғанда алдында жатқан бір үзім нанды көріп, жерден көтерген. Нанды жақсылыққа балап тұр еді, жол көрсетуші адамдар да табылып, барар жерін оңай тауып алған. Осы өткен жайтты Манасқа түсіндіріп бергенде ойлана қалған жігіт үлкен бір уақиға есіне түсіп, бірер күнде «Бір үзім нан» атты жаңадан жазған поэмасын оқытуға әкеп тұрды. Айдай ару поэманың жазылуына себепші болғанына жан жүрегімен қуанып, шаттанған.
«Қоғамға түскен жарықшақ ақын жүрегін алдымен сызып өтеді»-деген бір кемеңгердің сөзі дәл айқындалып, өткен күннің өкінішін өрген, залым, зұлмат заманда қасиетін сақтаған, ана ұлылығын баяндаған поэма осылай сәтімен дүниеге келіп еді...
Көше бойлап келе жатқан аруға,
Байқалғаны нанның жерде жатқаны.
Кім тастаған? Жанға қатты батқаны,
Тез көтеріп имандылық танытты.
Адасқандай, жол қиындап баруға,
Осы нанға үміт отын жаққаны,
Жол көрсетер жандарды да тапқаны,
Бір үзім нан көрсеткендей бағытты.
Осы бір жайт еске салды өткенді,
Ашаршылық заман өткен елімнен.
Жеті жұт боп таралған-ды кеңінен.
Мінер тұяқ қалмай, бітпей егін де,
Қырсық шалып, өрт те алып беткейді,
Жаңбыр жаумай, су таусылып көлімнен.
Аштық-қорлық, болмайтын-ды тегіннен,
Жұртым тұрды жойылатын шегінде.
Тоқшылық-ай, нанның жерде жатқаны,
Ашаршылық заманды кім ұмытар?
Сол бір кезең аман қалған шын ұтар.
Қара суда балық жоқ боп кеткені.
Халық босып, талғажау боп тапқаны,
Не тапса да апыл-ғұпыл қылғытар.
Ана ерлігін үлгі етіп ұл тұтар,
Ұмытылмас ұлы тарих беттері.
Нан қадірін біліп жүр ме бар адам?
Ол кездегі бала қазір қария.
Бір үзім нан тауып жесе әр ұя,
Ертеңінен жарық сәуле іздейтін.
Сол бір нәубет шығады ма санадан?
Есіне алса көз жасы көл дария,
Байлық жетер, елде бәрі жария,
Қайда анасы, қарындасы «Сіз»дейтін.
Қарны ашып, қу далада қаңғырып,
Келе жатты ана ұлы қызымен.
Соры қайнап қасқыр түскен ізімен,
Бұлар бейқам, шөп тамыры жегені.
Қасқыр ұлып, дала үнге жаңғырып,
Түн суытып, қара суық күзімен.
Үміт үзбей ана жылы жүзімен,
Ұл қызымен баспана етті төбені.
Перзенттері екі жақтан құшақтап,
Балбырайды тым ерекше таңменен.
Келгендей-ау екеуі де әнменен,
Ана байғұс оятуға қимаған.
Қатқан нанды тең бөлді де ұсақтап,
Нұр құшты да қайталанбас сәнменен.
Ұрпақтарын сүйіп, құшты жәйменен,
Қасқырларды көріп, есті жинаған.
Тез оятып, перзенттерін ұмтылып,
Қолдарынан сүйрей алға жөнелген.
Қару болса құтылар ма еді егерден?
Қу дорбаны тастап тағы қашқаны.
Кішкене қыз көздерімен сыр тұнық,
Шаршап артта қала берді дегенмен.
Жыртып, талап қу дорбаны көнерген,
Қасқырлар жүр азық болмай шашқаны.
Шүберекке жанды түйіп, зуылдап,
Келеді ана перзенттерін сүйрелеп,
Қасқыр жетті дәл артынан кимелеп,
Амалы жоқ қыздың қолын босатты.
Қарс айырылып, жүрек кетті-ау дуылдап,
Ана ойы: «Ұлсыз Отан күйремек,
Елді кімдер билемек?
Ерсіз ел де қашан мәңгі жасапты?»
Ана ұлымен жүгірумен қыр асты,
Көз ұшында көріп қалды ауылды.
Ана жүрек жылап келер, жауынды,
Сәл қалғанда қыздан қапты-ау айырылып,
Ана аңырап, перзентіне сыр ашты.
Қасқырларды көріп үйір дауылды:
«Мен қайтарам, ұлың сенің жауыңды,
Жүгіре бер қарамағын қайырылып!»
«Ұрпақтарды өрбітетін өзіңсің,
Сенімімді, үмітімді жалғайсың.
Абыроймен адам болып қалғайсың,
Тек өзіңе артылады аманат!
Жан жүрегің жақсылықты сезінсін!
Ақ жаныңды адалдыққа арнайсың!
Қасиетпен қиянатқа бармайсың!
Әрбір іске қанағат...»
Қасқырларға қарсы тұрып, қасқайып,
Қайран ана перзентке арнап өмірін.
Тағзым етіп, қорған етіп тәңірін,
Мейірлене қарап тұрды ұлына.
Жалындаған жанарынан жас тайып,
Кір шалдырмай көңілін,
Таңдамай да тағдырының жеңілін,
Перзентінен нәр алғандай жылына...
Ана ерлігін ұлылыққа теңейміз,
Ал сол бала өніп өсті мың болып.
Осы жырмен ашылмайды сыр толық,
Гүл-өмірдің қадіріне жеттік пе?
Бай болғанмен рухани кедейміз,
Өткен күнге есеп берген кім шолып?
Ашығуды біле ме ұрпақ шын тоңып?
Саналы боп сағынышпен өттік пе?
Адам болып, адам жанын ұқтық па?
Жаза алдық па жараланған жүрегін?
Адам толық сезіне ме тірегін?
Рухы кеміп, кедейленген тұғырын.
Ата-ананың көңілінен шықтық па?
Жалғастырып әкеттік пе тілегін?
Барлық бақыт ұрпағыңмен гүл-егін,
Өзгермейтін мәңгілікке бұл ұғым!
Тектіліктен таралады тамырың!
Адамдықпен биіктелер беделің!
Кісі болып, кісіліктің кемелін,
Ұғынарсың бастан бәрін өткізіп!
Көп жағдайда сақтап қалар сабырың,
Өсіре біл ерлік, елдік еменін
Тағдыр-толқын, өмір атты кеменің,
Сыйластықпен жүзуінде тек қызық!
Қасиетің қадіріңді қаламақ!
Ар-намысың алға қарай сүйрейді!
Баянсыз іс түбі бір күн күйрейді!
Тек жақсылық жанданады жаңғырып!
Өмір сүру-әрбір жанға дара бақ!
Болмысыңды таза сана билейді!
Ынтымақпен ырыс құтың жиілейді!
Азаматтық ұлылықпен мәңгілік !!!
Көктемнің алғашқы күндеріндегі саябақтың сәні өзгеше көрініп, жастарды ынтықтырып, тарта түскен. Жүрегін жая қарсы алып тұрған кіре берістегі қысы жазы өзгермес жап-жасыл шырша керемет көңіл күй сыйлап ішке қарай талпындырған. Қып-қызыл шетел көлігінен түскен Ақерке мен Айзере ризашылық пейілмен жігіт ағаларына мейірлене қараған. Бүгінгі наурыздың бесінші жұлдызы, мереке қарсаңындағы шуақты күн олардың көңілін көкке көтеріп еді. Алыстағы арнайы іздеп келген Манастың досы әрі ағасы болып келетін, қолынан келсе жақсылық жасағысы келіп тұратын Берік ортаға қосылып, бүгінгі күн жайнай түскен. Шымкенттің шырайы мен қонақжайлылығын көрсеткісі келген, ойларында иненің ұшындай жамандығы жоқ жігіттер аруларды қуанту мақсатында тез ұйымдаса қалған. Шынында бүгінгі күн керемет еді. Аспан шайдай ашық, күн бар мейірімімен шуағын төксе, сұлу жер ана көркем кереметімен келіскен келбетін көрсетіп, көзді арбаған табиғат жастарды жалықтырмай ынтықтыра түскен. Керемет таза ауа көкіректі керіп, өзгеше күйге түсірген, көз тоймас бақтың әсемдігі бойды балқытып, көңілді шалқытты. Жасыл шыршалардан шырайлана өтіп, әрбір жасалған тас мүсіндерге таңырқай қарап, тұнып тұрған табиғаттан талықсып, әр түрлі құстардың сайрауынан сезімдері селт еткен жастар өзгеше әлемге сүңги кірген. Ойпаң қыр сайларда, жазық беттерде аңсарыңды аудырар аршалар, еріксіз қарайлатар қарағандар, тамсантар тобылғылар, көздің жауын алар доланалар, құнарлы сұр, қоңыр топырақта өскен қалың қарағай, иіле түскен қайыңдар, тербеле өскен теректер көңіліңді ерекше сергітер. Одан бөлек түрлі жеміс ағаштары, қатар өскен түрлі талдар, тамсантар таңқурай, қараңдай көрінген қарақат, итмұрындар жаныңа жылылық, әсемдік сыйлар. Беткейлері қалың жайылымнан тұрар, жанды жадыратар жайлауға келгендей сезінетін бұл жер негізінен суы мол болғандықтан шөбі қалың, беткейінде бетеге, қызыл селеу, жусан, ажырық қаптап, жантағы жамыраса жармасып, жалбызы мұрынды жарса, арнайы жасалған көл жағалай әртүрлі талдар мен қамыстар төменгі сайдан биікке жарыса, жайқала өскен. Көл беті айнадай көрініп, аспандағы бұлтардың түскен бейнелері сезімге бастап, ерекше көрініс тылсым күйге жетелеп, жаныңда жалын маздатар.
Тоқтай қалған Берік: «Мына мөлдір қайталанбас сәтті түсіріп алмаса болмас» - деп машинасында қалдырған бейнекамерасына қарай асығыс жүгіріп кетті. Айзере мен Ақеркенің жанында қалған Манас жол жиегінде ағаштардан түскен қауашақ - сыйлықтарды көтеріп, естелік ретінде ұсынып еді, арулар балаша мәз мейрам болып, қуаныш сезіміне бөленген. Осы бір мөлдір сәт, пәк, таза пейіл, шуақты күн, таңғажайып табиғаттың тартымы сірә ұмытылар ма? Қайта бейнекамерасымен оралған Берік жастарды қуаныштарында шек жоқ бақытты күйде көріп, арулар мен табиғат үйлесімділігіне таң қалып, керемет көркем көріністен көз ала аламай «Қайсы жаратылыс сұлу, табиғат па, әлде арулар ма?» - деп іштей таңырқай бір сәт тұрып қалған.
* * *
Достарыңызбен бөлісу: |