Зерттеу объектісіне



бет1/14
Дата17.05.2024
өлшемі414 Kb.
#501401
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Дип.-1867-1868-жылдардағы-патша-үкіметі-жүргізген-реформалар


0 КІРІСПЕ

Тәуелсіздіктің көк туы желбірегелі бері тарих қойнауының талай қалтарыстары ашылып, халықтың рухани қазынасының пайдаланылмай келген талай қазыналары кәдеге жарап жатыр. Сондай ұмыт қалған қазынамыздың бірі - ұлттық білім беру және тәрбие мәселесі. Бүгінгі таңда ғылымның қай саласына болмасын, жаңаша көзқараспен қарайтын уақыт жетті. Сондай ғылымның бірі - этнопедагогика. Кеңестік идеологияның ықпалынан шыға алмай, революцияға дейін екі-ақ процент қазақ сауатты болды, мәдениеттен жұрдай ,"жабайы" болдық деп өз-өзімізді мүсәпір, бейшара етіп көрсетіп,"ұлы халықтың" көлеңкесі ретінде сезінуден әлі күнге дейін арыла алмай отырғанда қазақ халқына тән ұлттық тәрбие, білім беру теориясы мен тәжірибесінің болғанын дәлелдеу тәуелсіздігімізді нығайта түсетін жағдайдың бірі деп есептеймін. Сталиннің халықтың қаймағын, көш бастар көсемдерін сылып тастап, иесіз қалған тобырды есінен адастырып, жадын ұмыттырып, мәңгүрттендіріп жібергенінен қазақ халқы қазіргі кезде де зиян шегуде. Сондықтанда бұл мәселені тиянақты зерттеудің ұлттық білім беру жүйесін қайта құру кезеңінде маңызы зор болғандықтан зерттеу объектісіне - қазақ этнопедагогикасының ғылым ретінде қалыптасу кезеңін алып отырмыз.


қазақстанның Россияға қосылуы 1731 жылдан басталғанымен, патшалықтың отарлық саясатының күшейген кезі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында болғандықтан қазақ даласы осы кезеңде тарихи оқиғаларға толы болды. Көршілес жатқан Ресейдің патша өкіметі қазақ жерін отарлау саясатын жүзеге асырып, әкімшілік басқару жүйесін енгізіп, қазақ жерінің байлығын өз мақсаттарына пайдалану үшін жан таласып жатты. Мұжықтарын лек-легімен әкеп төгіп, қазақтың ең шұрайлы жерлерін тартып алып, өздерін шөлге, құмға, тау-тасқа ықсырды. Шекараны нығайта түсу үшін бекіністер салды. Патша өкіметі осы әрекеттерімен ғана шектеліп қалған жоқ, енді жергілікті халықтың тіліне, діліне, дініне шабуылын күшейтті. Халықты бірден үркітіп жібермеу үшін "бұл саясатын" аса сақтықпен жүргізді. Патша өкіметі ең бастысы халықтың ауқатты тобын өз жағына шығарып алуға тырысты. "Болыстарға тілмаштар даярлау мектебін" ашып, болыстардың, атқамінерлердің балаларын оқытып, билік сүйгіштерді өзіне жақындатып алды. Ислам дініне бой ұрады деген ниетпен татарларды қазақтарға жолатпауға тырысады.
Патша өкіметі тек орыс мектептерін ғана ашып қойған жоқ, жер-жерлерде қазақ балаларын шоқындырып, оларға орысша ныспы беру рәсімдерін де жасады. Бұның бәрі көпшілік үшін бүгінгі тұрғыдан айтылып отырған шындық.
Халықты тарихынан жаңылдыру үшін бірнеше рет жазу графикасы ауыстырылды. Бұның өзі бүгінгі күні ел тарихын зерттеуге үлкен қол байлау болып отырғанын жасырып, жабудың қажеті жоқ.
Патша өкіметінің "жымысқы" саясатының нәтижесінде ашылған "орыс-қазақ" мектептерінде оқыған қазақ балалары орыстың білімі мен ғылымының арқасында көкірек көзін ашып, ХХ ғасырдың басында саяси аренаға шықты. Орыс мектептерінде оқып, орыс қалаларында жоғарғы білім алғанымен олар өз елінің мүддесін көздеді, ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыруға және этнопедагогиканың негізін қалап, ғылымға айналуына көп еңбек сіңірді. Ел арасынан өздерінің табиғи дарынымен, асқан білімділік деңгейімен, рухани парасатымен суырылып шыққан азаматтар ұлт болашағы үшін жан аямай тер төгіп, бостандық пен бақытты өмір жаршыларының тұңғыш қарлығаштары бола білді. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Сералин, Барлыбек Сырттанов, Бақытжан қаратаев, Жанша Сейдалин, Мұхамеджан Тынышбаев, Жақып Ақбаев, Дінмұхамед Сұлтанғазин, ғұмар қарашев, Отыншы Әлжанов, Райымжан Мәрсеков, Асылқожа құрманбаев, ғабдулғазиз Мұсағалиев… бұл тізімді осылай жалғастыра беруге болады.
Шын мәнінде, олар ғұмыр кешкен ХХ ғасырдың басы алып адамдарды қажет еткен әрі осыған орай өздерінің ойлау, болжау қасиеттері айрықша, энциклопедиялық білім, талғам-танымдары жан-жақты алыптарды дүниеге келтірген дүбірлі заман еді.
Бірақ көп жылдар бойы Кеңес өкіметі жүргізген озбырлықпен қырып-жоюға, тарихты өрескел бұрмалауға негізделген саясаттың тікелей салдарынан халқымыздың сана-сезімі өлшеусіз де орны толмас жұтаңдыққа ұшырап, оның интеллектуалды ауқымының қарыштап дамуына үлкен нұқсан келді. Соның тікелей кесірінен қазан төңкерісіне дейінгі жалпы адамзат өркениетінің төрінен орын алған ірі тұлғаларымызға "байшыл", "кертартпа", "діншілдер" деп ойдан шығарылған, жалған айдарлар тағылды. Олардың бай мұраларын зерттеуге цензура арқылы тыйым салынды. Партиялық талап, марксистік-лениндік идеология қазақ халқының дарынды дара перзенттерінің бостандық пен ұлт тәуелсіздігі үшін аянбай тер төккен, қабырғалары қайысқан ерекше еңбектерін большевиктік көзқараспен біржақты бағалап, оларды мемлекетке "қажетсіз" санап, жетпіс жылдан астам мерзімді жоққа шығарды. Кейінгі кезде бұл мәселе біршама толық зерттеле бастады 1.
Коммунистік—тоталитарлық жүйе заманында жарық көрген әдебиеттерде көптеген ірі қайраткерлеріміз ақтай қараланды, тіпті олардың есімдерін атауға тыйым салынды. Көп жағдайда бүкіл ХүІІ-ХІХ ғасырлардың шеңбері тек қана Шоқан, Ыбырай, Абаймен шектеліп, олардың өзінің дүниеге келуі " ұлы орыс мәдениетінің жемісі" деп насихатталды. Соның нәтижесінде үш ғасыр аралықта небір ұлы ойшылдар мен дарынды перзенттерді дүниеге келтірген қазақ даласы небәрі үш-ақ қайраткерді шығарған деп үлкен бір халық тарихы бұрмаланды. Адам баласы әу бастан өз ұрпағын өмірге, еңбекке икемдеп, тәрбиелеп келгені көпке аян. Бүгінгі қалыптасқан белгілі ғылыми теориялық заңдары бар педогогика ғылымы өмірге келгенше де адамзат тәрбие ісімен айналысып бақты. Оның қағазға жазылып түспеген, бірақ халық жадында мәңгі сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы ауызша нақыл-ақыл, өсиет-өнеге, қағида болып тарап келген білім - білік, тәлім- тәрбие беру халықтық педагогика деп аталады. Халықтық педагогика белгілі бір табиғи ортаға негізделген өмір сүру салтына байланысты қалыптасқан салт-дәстүр, жол-жора, ырымдар, тағам дайындау, қонақ күту рәсімдері мен ауыз әдебиеті үлгілері, ұлттық ою-өрнек, өнер түрлері , спорт ойындары арқылы отбасылық тәрбиеден басталып, ауыл-аймақ, ел-жұрт, ру-тайпа, қала берді бүкіл халықтық қарым-қатынастан берік орын алған тәлім- тәрбиенің түрі, адам мінезін, іс-әрекетін қалыптастырудың белгілі нормасы болып табылады.
қоғамның даму сатысының өзгеруіне байланысты халықтық педагогика жүйелене келе ғылым саласы этнопедагогикаға айналады. Олай болса, халық педагогикасы қоғам дамуының (алғашқы қауымдық қоғамнан бастап) белгілі сатыларынан өтіп, ғылыми педагогикалық дәрежеге жеткенше ұрпақ тәрбиесінің бастау бұлағы, педагогиканың құралы болып, тәрбие жүйесінің қызметін атқарып келді. Яғни, осыдан келіп ғылыми педагогика мен халықтық педагогиканың тәрбие тәсілдеріндегі сабақтастығы, принциптік - идеялық үндестігі туындайды. Бүгінгі әлемдік аренаға жеткен ғылыми – педагогика халықтық педагогикадан бастау алып, оны ғылыми теориялар мен қағидалар тұрғысынан жан-жақты зерттеп, қарастырып, өз қажетіне жаратады. Осы қажеттіліктен келіп, халықтың эмпирикалық тәжірибесіне негізделген ұрпақ тәрбиелеу тағылымдары –халықтық педагогиканы ой елегінен өткізіп зерттеп, тәрбие мен оқу ісінің өзекті құралы етудің жолдарын және шығу, даму кезеңдерінің өзіндік ерекшеліктерін, басқа ғылымдармен байланысын зерттейтін педагогиканың ғылыми бір саласы этнопедагогика қалыптасады.
қазақ этнопедагогикасының қалыптасуы қазақстандағы ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуымен тығыз байланысты. Этнопедагогика ғылымы орыс, батыс елдерінде ХУІІ- ХУІІІ ғасырлардан бастап қолға алынған болса, қазақ этнопедагогикасының зерттелу жайы, ғылым ретінде қалыптасу тарихы соңғы жылдары ғана зерттеле бастады1.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет