«Азаматтық құқық (ерекше бөлім)»



жүктеу 3.38 Mb.
бет8/18
Дата17.06.2016
өлшемі3.38 Mb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   18

3. Банк салымы шарты бойынша бір тарап (банк) екінші тараптан (салымшыдан) ақша (салым) алуға, олар бойынша банктік салым шартында көзделген мөлшерде және тәртіппен сыйақы төлеуге және салымның осы түрі үшін заң актілерінде және шартта көзделген жағдайлар мен тәртіп бойынша салымды қайтаруға міндеттенеді.Бұл шарт банктермен салымшыларды несиелеуді қамтамасыз етеді. Банктер кәсіпкерлік кызмет субъектілері ретінде банктік салым шартын орындаумен байланысты қауіптерді толығымен көтереді, олар салым сомасына оны ақша капиталы ретінде пайдаланғаны үшін есептелетін сыйақыны төлеуді қамтамасыз етуге міндетті. Бұл тұрғындардың заңды тұлғалардың бос ақшаларын пайдаланудың тиімділік дәрежесін арттырады, олар өз кезегінде елеулі қауіпсіз тұрақты табыс алу мүмкіндігіне ие болады.Банктік салым шарты салымшының (банк клиентінің) атына рәсімделетін салымшының салым жасағанын куәландыратын (салым құжатын) құжатты шарт бекіткеннен кейін берумен рәсімделеді. Салым кұжаттары болып депозиттік сертификат немесе салымшының кітапшасы (жинақтаушы кітапшасы) табылады. Салымшының талап етуі бойынша салымның жасалғанын куәландыратын құжат не оның атына, не белгілі бір үшінші тұлғаның атына рәсімделуі мүмкін. Салымшы - азаматтың ол қайтыс болған жағдайда салым берілуі тиіс адамдарды көрсетуге құқығы бар.Аталған нұсқаудың 14-тармағына сәйкес салымның мәнді жағдайлары болып мыналар табылады: 1) шарт пәні; 2) банктің қызмет көрсету жағдайы және оған ақы төлеу тәртібі. Шартта тараптармен келісілген (қосымша жағдайлар) басқа да жағдайлар болуы мүмкін. Онда сондай-ақ, заңнамамен белгіленетін қосымша талаптар да болуға тиіс. Салымдар және соған сәйкес, банктік салым шарттары бірнеше түрге бөлінеді. Бөлу белгілі болып салымдарды қайтару жағдайы табылады. Сонымен салымның мынадай үш түрі бар: талап етілмелі салым; мерзімді салым; шартты салым.Талап етілмелі салым салымшының бірінші талап етуі бойынша немесе ішінара қайтарылуға жататындығымен сипатталады. Мерзімді салым белгілі бір мерзімге, әдетте, бір жылға дейін салынады. Шартты салым шартпен көзделген белгілі бір жағдайлардың туындауына дейін салынады. Ол сол бір немесе өзге кездейсоқ жағдайларда ақша қаражатын іздеп табуға мүмкіндік беретіндігімен ыңғайласты. Өйткені бірқатар жағдайларда олар банктік салым шартында туындайтын шарттар түрінде қамтылатын болып табылады. Заңдық табиғаты жағынан шартты салымның өзі шартты мәміле болып табылады. Шарт мерзімі. Банк салымы шарты салым сомасы банкке келіп түскен күннен бастап жасалған болып саналады. Мерзімді салымдар бойынша шарттың әрекет ету мерзімін ақшаны іс жүзінде салу сәтіне ұштасатын уақыт кезеңінің басталуы құрайды. Бұл мерзім ақша салынған күннен кейінгі келесі күннен бастап жүреді. Шартты салымдар бойынша шарттың әрекет ету мерзімін аяқталуы сөзсіз болуға тиіс. Банк салымы шартының элементтері болып объект, тараптар, мазмұны табылады. Оның объектісі (пәні) ақша (ұлттық және шетелдік валюта) болып табылады. Банк салымы шартының субъектілік құрамы бір жағынан әрқашан банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын банк немесе ұйым шығатындығымен сипатталады. Екінші (салымшы) жақтан шартқа және заңды тұлғалар да қатыса алады. Заңнамада тікелей көрсету немесе шектеу болмаса да, салымшылар болып басымды түрде коммерциялық емес заңды тұлғалар болады. Өйткені дәл соларда ақша қаражаттарын пайдалану-басымды шығыс сипаты көрінеді. Яғни олардың ақша қаражат - тұрақты коммерциялық айналымда емес, керісінше салыстырмалы тыныштык жағдайында болады. сондықтан банк салымы шарты оларға қысқа уақыт аралығында белгілі бір қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Банк салымы шарты біржақты шарт болып табылғандыктан ол бойынша міндеттер банкке жүктеледі. Нормалары осы жағдайда да қосымша маңызға ие болатын банктік қызмет көрсету және заем туралы жалпы ережелерге сәйкес банк өз міндеттемелерін қажет болған жағдайда ақшаларды қайтаруды, сөзсіз қамтамасыз ете алатындай орындауға міндетті. Сонымен қатар клиент банк салымы шартымен алдын ала келісілген шектерде ақшаға билік ету мүмкіндігінен айырылуға тиіс емес.Клиент салымдарды қолма-қол ақшамен де және қолма-қол ақшасыз аударулар жолымен де енгізуге құқылы. Талап етілмелі салым кезінде салымдар (қосымша жарналар) клиентпен кез келген сомада және кез келген кезеңде енгізілуі мүмкін. Осыған орай банкке салымдар бойынша қосымша жарналар қабылдау міндеті жүктеледі. Мерзімді салымдар, сондай-ақ шартты салымдар кезінде, егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, салымшы ақшаны бір жолғы жарна түрінде енгізеді.Банк үшінші тұлғалардан салымшының атына түскен ақшаны қабылдауға міндетті, бірақ олар оның бірыңғайландырылған дербес коды туралы қажетті деректерді көрсетуге тиіс.Банк, сондай-ақ салымшыға банк сапымы шартымен анықталатын мөлшерде салым сомасына сыйақы төлеуге міндетті. Клиент талап етілмелі салымдар шарттары бойынша шарттық қатынастарды банк үшін тез және кенеттен тоқтату мүмкіндігі жоғары болғандықтан, әдетте, бұл шарттар бойынша сыйақы мөлшері мерзімді және шартты салымдарға қарағанда төмен.Егер шартта өзгеше көзделмесе, банктің салым бойынша сыйақының мөлшерін біржақты тәртіппен өзгертуге құқығы жоқ. Сыйақы мөлшері талап етілмелі салымдар бойынша енгізілетін қосымша жарналар бойынша өзгеруі мүмкін. Осы ереже қолданылады. Егер мерзімді салым немесе шартты салым шарттарымен клиентке салымға қосымша жарналар енгізу құқығы берілсе, банк бұл жағдайларда сыйақы мөлшерін, ақша түскен күні банк қолданған сыйақыға сүйене отырып, жаңадан түскен қосымша жарналар бойынша есептейді.ҚР АК 764-бабының мәнісінен туындайтыны - үшінші тұлғалардың пайдасына салым жасау банк салымы шартының өз алдына жеке түрін кұрайды. Оны бөлудің себебі тараптардың қандай да бір ерекше құқыктары мен міндеттерін белгілеуде емес, ал үшінші тұлғаның пайдасына салым жасау үшінші тұлғанын пайдасына жасалатын шарттың (ҚР АК 391-бап) белгісіне толық көлемде сай болмайтындығында, бірақ ҚР АК 764-бабының 4-тармағы аталған норманы, ҚР АК 764-бабының 4-тармағы аталған норманы, ҚР АК 764-бабының нормаларына қайшы келмейтін бөлігінде, үшінші тұлға пайдасына салым жасау қатынастарына қолдануға болатындығын ескертеді. Егер ол осы белгілерге сай болғанда оны үшінші жақтың пайдасына жасалатын әдеттегі шарт (салым) деп есептеуге болар еді. Үшінші тұлға пайдасына салым жасаудың ҚР азаматтық кодексінің аталған 391-бабына сәйкес бекітілетін үшінші жақтың пайдасына шарт жасаудан ерекшелігі атына салым енгізілген тұлға салымшыға, яғни шарт бойынша тарапқа айналатындығында. Үшінші тұлғаның пайдасына жасалатын әдеттегі шартта шартты бастапқы бекіткен субъект шарттан шығып қалмайды, ал үшінші тұлға тек шарт бойынша борышқордан орындауды талап етуге қатысты құқығы бар, құқықтық қатынастардың субъектісіне айналады. Олардың тағы бір ерекшелігі - үшінші тұлға пайдасына жасалатын әдеттегі шарт бойынша ішінара несие берушінің пайдасына және ішінара үшінші тұлғаның пайдасына салым шарты бойынша несие беруші болып толық көлемде салымшы танылады.

Өзін өзі бақылаудың сұрақтары

  1. Банктік қызмет көрсету шартының түсінігі

  2. Банктік қызмет көрсету шартының мазмұны

  3. Банктік қызмет шартының түрлеріне жалпы сипаттама

Ұсынылатын әдебиет

1.Жайлин, Ғ.А. Қазақстан Республикасының азаматтық құқығы. Ерекше бөлім. Т.1.Оқулық.-Алматы, 2006

2.Жайлин, Ғ.А. Қазақстан Республикасының азаматтық құқығы. Ерекше бөлім. Т.2.Оқулық.-Алматы, 2006

3.Жайлин Ғ.А. ҚР азаматтық құқығы.Ерекше бөлім.1т.-Алматы, 2004

4.Жайлин Ғ.А. ҚР азаматтық құқығы. Ерекше бөлім 2 т.-Алматы, 2004

5.Жайлин Г.А.Гражданское право РК. Особенная ч. Т.1.-Алматы,2001


Тақырып 10. Несие және есеп айырысу қатынастары

  1. Есеп айырысу және несие катынастарының түсінігі

  2. Заем шарты.

  3. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру (факторинг шарты)

1. Ақылы шарттардың көбісі бойынша затты бергені, жұмысты атқар-ғаны, қызмет көрсеткені үшін жауап ретінде екінші тараптың ақша төлеу жөніндегі міндеті туындайды. Көп жағдайда олар жоғарыда аталған мақсаттарға немесе несиелеу үшін жеке заңды тұлғалармен берілетін ақша қаражаттарын ауыстырумен айналысатын банктер, ар-найы коммерциялық ұйымдар арқылы жүзеге асырылады, кейбір жағдайларда несиелеумен тікелей банктер айналысады. Осы кезде бірқатар құқықтық қатынастар туындайды, оларды жалпы түрде екі топқа бөлуге болады: 1) есеп айырысу құқықтық қатынастары; 2) несиелік құқықтық қатынастар.Олар өзара тығыз байланысты, сатып алу-сату, мүлікі жалға алу, мердігерлік, комиссия және т.б. шарттардың туындайтын басқа да ақша міндеттемелерін жүзеге асыру сияқты, екіншіден біріншісінсіз жүзеге асыру тәжірибе жүзінде техникалық жағынан мүмкін емес болады. Егер есеп айырысу қатынастарын (міндеттемелерін) сипаттайтын болсақ, онда оларға заңды және жеке тұлғалардың банктік шоттары арқылы ақша қозғалысының процесіне себепші болатын және оларды осы шоттарға орналастыру (қаражаттарды сақтау) тәртібін реттейтін құқықтық қатынастар жататындығын атап өтуге болады.Бұл құқықтық қатынастардың ерекшелігі болып олардың жеке өзіндік экономикалық мазмұнға ие емес екендігі және тек сол немесе өзге бір құқықтық қатынастарға кызмет көрсететіндігі табылады. Олардың экономикалык мазмұны туралы тек шартты түрде есеп айырысу құқықтық қатынастарының өмір сүруі мен жүзеге асырылуы банктік капиталдың қозғалысымен және оны пайдаланумен тығыз байланысты екенін еске ала отырып айтуға болады.Олар қандай да бір қосымша қатынастар (акцессорлық міндеттемелер) нысанында құрастырылмайды, керісінше олар дербес құқықтық катынастар (міндеттемелер) болып табылады. Бір жағдайларда олар ақша операциялары үшін алғышарт ғана болады, мысалы, оған банктік шот шарты жатады, ал басқа жағдайдарда есеп айырысу қатынастары бір субъектілерден екіншілеріне сол немесе өзге бір негіздер бойынша ақша қаражаттарын алмастыруға тікелей бағытталады, мұндай есеп айырысу құқықтық қатынастарына ақша аудару туралы шарт жатады.Казіргі әлемде есеп айырысу қатынастарының маңызы өте үлкен табылады. Қолма-кол ақшамен есеп айырысудың маңызы кәсіпкерлік айналымда және коммерциялық емес заңды тұлғалар арасындағы есеп айырысуда тәжірибе жүзінде жоққа шығарылуда. Уақыт пен тәжірибе қолма-кол ақшасыз есеп айырысудың қолайлы екенін көрсетті. Қолма-қол акшасыз есеп айырысуды пайдалануға заңды тұлғалар қаражаттарының қозғалысын тіркеудің, оларды пайдалануға салықтық бақылау жасаудың қазіргі тәсілдері негізделеді. Бұл салада ақшалардың қолма-кол емес айналымын реттеумен байланысты көп мөлшердегі императивтік нормалардың да көзделгенін атап өтуге болады.

2. Заем шарты бойынша бір тарап (заем беруші) басқа тараптың (заемшының) меншігіне (шаруашылық жүргізуіне, оралымды басқаруына) ақша немесе тектік белгілермен айқындалған заттарды береді (беруге міндеттенеді), ал заемшы заем берушіге дәл осындай ақша сомасын немесе осы тектегі және сападағы заттардың тең мөлшерін уақытында қайтаруға міндеттенеді.Заем шарты реалды шарт болып табылады, заңнамамен көзделген жағдайларда, ол консенсуалды болуы мүмкін. Реалды заем шарты ақша немесе заттарды беру туралы келісімге қол жеткізілген сәттен бастап бекітілді деп саналады (заңнамада мәнді жағдайдың не болып табылатындығы туралы арнайы жағдайлар жоқ, бірақ Азаматтық кодекс нормаларының мәнісі бойынша, бәрінен де бұрын оған оның пәні туралы жағдай жатады). Егер шарт тараптардың алдын ала келісіміне негізделсе, онда ол консенсуалды болып табылады. Заем шарты ҚР Азаматтық кодексінің 151, 152- бабында шарт заемшының облигациясы, қолхаты немесе оған заем берушінің белгілі бір соманы немесе заттардың белгілі бір мөлшерін бергендігін куәландыратын өзге де кұжат болған жағдайда да тиісті жазбаша нысанда жасалды деп есептеледі (ҚР АК-ң 716-бабынын 2-т.). Заем шартының тараптары - заем беруші мен заемшы болып азаматтық құқықтың кез келген субъектілері бола алады. Жеке тұлғалар әрекет қабілеттіліктің тиісті көлемін иеленбеу себебіне байланысты заем шартының қатысушылары бола алмайды. Осы айтылған сөз құқық қабілеттілігі арнайы сипатқа ие болатын заңды тұлғаларға да қатысты. Олар заем берушілер болып тек олардың жарғысында көзделген жағдайларда не осы заңды тұлға мүлкінің меншік иесінің нақты рұксатымен ғана бола алады. Заем шартының пәні болып тектік белгілермен анықталатын ақша немесе заттар табылады. Мүліктік құқықтар заем шартының нысанасы бола алмайды. ҚР АК заем пәнін беру тәртібін реттейді. Заем пәнін беру мерзімдері, мөлшері, жағдайлары шартта анықталады. Егер шартпен өзгеше көзделмесе, заем пәні оны заемшыға беру немесе оның банкілік шотына ақша аударған сәтте берілді деп есептеледі. Заемшы заем алудан бас тартуға құқылы, бұл туралы ол заем берушіні оны берудің шартпен белгіленген мерзіміне дейін толығымен немесе ішінара хабарландыруға тиіс. Заемшының бас тарту құқығына тікелей заңнамада немесе шартта көрсету арқылы тыйым салыну мүмкін. Тектік белгілермен анықталатын заттарды беру жөніндегі заем берушінің міндетін анықтайтын Азаматтық кодекстегі норма жаңа норма болып табылады. Оларды беру сатып алу-сату шарттары бойынша заттарды сатушылармен беру жағдайы үшін белгіленген, саны, сапасы, ыдысы мен буып-түйілуі бойынша көзделген талаптарды сақтаумен жүзеге асырылуға тиіс.Заемшы қарызды қайтару бойынша өз міндетін өзінің орындамау қаупін сақтандыруға құқылы. Қазіргі кезеңде сактандыру бірқатар міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің тиімді тәсіліне айналып отыр, алайда нақты заңи мағынада ол міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсіліне жатпайды. Заемшы заем пәнін қайтаруды және сыйақы төлеуді қамтамасыз ету жөніндегі міндетін орындамаған кезде, сондай-ақ заем беруші білмейтін мән-жайлар бойынша қамтамасыз етуді жоғалтқан оның шарттарын нашарлатқан жағдайда заем беруші шарттан бас тартуға құқылы.Заем шартының жазбаша нысанда бекітілуі заем беруші заемшыға шарт бойынша талап етілетін орындауды іс жүзінде бермейтін жағдай қалыптасуы мүмкін екеніне кепілдік бере алмайды. Осыған байланысты даулар сот тәжірибесінде жиі кездеседі. Әрине, заемшының мүддесін қалай да қорғау қажет, сондықтан оған заем шартын оның валютасыздығы бойынша даулау құқығы берілген. Бұл кейінгі уакыттың тапқырлығы емес, өйткені осындай даулау мүмкіндігі рим құқығында да мойындалған. Заемшы заем шартын заем берушіден өзінің заем пәнін іс жүзінде алмағандығына немесе шартта көрсетілгеннен аз мөлшерде алғандығына сүйене отырып даулауға құқылы. Дәлелдеу міндеті бұл жағдайда заемшыға жүктеледі. Егер заңнамаға сәйкес заем мәмілесінің жазбаша нысаны талап етілсе және ол сақталмаса, онда оны куәгерлік көрсетулер арқылы даулауға жол берілмейді. Бұған шарттың алдау, күш қолдану, қорқыту, тараптар өкілдерінің қасақаналық келісімі немесе ауыр мән-жайлар тоғысуының ықпалымен жасалған жағдайлар косылмайды. Жоғарыда аталған нысаналы заем шартынан басқа Азаматтық кодекспен оның банк заемы шарты және мемлекеттік заем шарты сияқты түрлері көрсетілген. Банк заемы шарты бұрын банкілік ссуда (несиелік шарт) шарты деп аталатын. ҚР АК-сі бұл шартты дербес шарт түрі ретінде топтастыру талпынысынан бас тартты. Банк заемы шарты бойынша заем беруші заемшыға қарызға ақша беруге міндеттенеді. Осылайша, әдеттегі заем шартына қарағанда банк заем шарты консенсуалды болып табылады. Сонымен бірге, заем пәнін заемшының меншігіне, шаруашылык жүргізуіне немесе оралымды басқаруына беру жүзеге асырылатын жағдайлар осы жағдайда да сақталады, яғни банк заемы шартының мазмұнында түпкілікті айырмашылық жоқ.. Банк заемы шарты, жоғарыда атап өтілгендей, заем шартының бұл түрін өз алдына жеке қарастыруға себеп болатын, басқа да ерекшел ік-терге ие: заем беруші ретінде заем беруге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар банк немесе өзге де заңды тұлға бола алады. Басқа заңды және жеке тұлғалар тек әдеттегі заем шарттарын ғана жасай алады. Ломбард - бұл Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде банкілік операциялар мен кызметтер-белгілі бір түрлерін жүзеге асыратын банк болып табылмайтын заңды тұлға. Олардың қатарында жеңіл сатылатын құнды кағаздар
мен жылжымалы мүлікті кепілге алу арқылы қысқа мерзімді несиелер беру аталады. Банк заемының пәні болып алдағы уақытта және тікелей шарт жасасу сәтінде беріле алатын ақша табылады.Банк заемы шарты жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Банк заемы шартының жазбаша нысанын сақтамау оның жарамсыздығына әкеп соғады. Жалпы, сыйақы (мүдде) мен комиссия ставкалары, сондай-ақ банкілік қызмет көрсеткені үшін тарифтер банктердің өздерімен дербес белгіленеді. Заемды мемлекеттік банктер берген немесе ол мемлекеттің ақша қорларының есебінен берілген жағдайда заем берудің тәртібі
мен шарттары заң актілерімен және уәкілетті мемлекеттік органдардың актілерімен реттелуі мүмкін. Бұл жағдайда заем беру заем берушінің міндеті болып табылады, ал оның жасасқан шарты заңнамада немесе уәкілетті мемлекеттік органдардың актілерінде белгіленген міндетті ережелерге сәйкес болуға тиіс. Банк заемы шарты бойынша заемшының міндеттемелері банктің қабылдау жолымен тоқтатылуы мүмкін емес. Банк заемының қайтарылу шарты заемшы міндеттемесін орындауды қамтамасыз етудің міндеттілік дәрежесі әдеттегі заем шарттарына қарағанда елеулі түрде артық екенін білдіреді.Енді мемлекеттік заем шартын қарастырайық. ҚР АК-ң 726-бабына сәйкес, мемлекеттік заем шарты бойынша заемшы - мемлекет, ал заем беруші - азамат немесе заңды тұлға болады. ҚР Азаматтык кодексінен бұл қатынастар сондай-ақ 2 тамыз 1999 жылғы Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік және мемлекетпен кепілдік берілген заем алу мен қарыз туралы" №464-1 заңымен реттеледі. Аталған заңын 2-бабында мемлекеттік заем субъектілері толығырақ анықталған. Мемлекеттікке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық Банк жүзеге асыратын заем алу жатады. Бұл жағдайда заем алу субъектілері болып тиісінше Қазақстан Республикасы және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі табылады. Сонымен қатар мемлекеттік заем алуды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыра алады, заем алу субъектісі - әкімшілік-аумақтық бірлестік (бірлік) болады.Мемлекеттік заем шарты заем берушінің шығарылған мемлекеттік облигацияларды, сондай-ақ заем берушінің заемшыдан одан қарызға берілген ақшаны немесе заем талаптарына байланысты өзге де мүліктік баламаны, белгіленген сыйақыны немесе өзге де мүліктік құқықтарды (осы заемды айналымға шығару шарттарымен) шартта көзделген мерзімде алу құқығын куәландыратын басқа да мемлекеттік бағалы қағаздарды (құжаттық немесе құжаттық емес) алу жолымен жасалады. Мемлекеттік бағалы қағаздар (мемлекеттік заем шарттары) әрекет ету мерзімі бойынша үш түрге бөлінеді. 1 жылға дейін айналымда бағалы қағаздар қысқа мерзімді, 1 жылдан 10 жылға дейін орта мерзімді, 10 жылдан артық уақыт айналымда жүретін бағалы қағаздар ұзақ мерзімді шарттары басымды түрде қолданылады.

3. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру (факторинг) шарты бойынша бір тарап, қаржы агенті (фактор) ақшаны басқа тараптың, клиенттің билігіне береді немесе беруге міндеттенеді, ал клиент қаржы агентіне клиенттің (несие берушінің) осы үшінші тұлғамен (борышқормен) қатынастарынан туындайтын өзінің ақшалай талабын қаржы агентіне береді немесе беруге міндеттенеді.Факторинг шарты екі жақты ақылы шарт. Факторинг шартының екі жақтылығы кейінірек қарастырылатын, тиісті құқықтар мен міндеттердің шарттың екі тарабында да туындайтынынан көрінеді, олар келтірілген анықтамада ашылған осы шарттың негізгі мазмұнымен қамтамасыз етілген. Факторинг шартының ақылылығы алдын ала келісілген соманы беруге жауап ретінде клиенттің факторға мүліктік құқықты беруінен көрінеді. Факторинг шарты реалды да, консенсуалды да сипатқа ие болуы мүмкін.

Факторинг шарты жазбаша нысанда жасалуы мүмкін. Талап етуді беру нысанына қойылатын талаптар сақталуға тиіс (346-бап). Бұл талап етуді беру жүзеге асатын мәміле қандай жазбаша нысанда жасалғанына карай факторинг шартының нысаны тиісінше болуға тиіс дегенді білдіреді. Мемлекеттік тіркеуді қажет ететін мәміле бойынша талап етуді беру осы мәмілені тіркеу үшін белгіленген тәртіпте тіркелуге тиіс. Бағалы ордерлік қағаз бойынша талап ету берілген кезде клиентпен индоссамент жүзеге асырылуға тиіс. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру шарты аясында жүзеге асырылатын қызмет банкілік операциялар қатарына жатады. Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк кызметі туралы'" Заңының 30-бабына сәйкес факторингтік операция: тауарлар (кызмет көрсету, жұмыс) сатып алушыдан төлемді талап ету құқығын төлемеу қаупінен бірге алу банктермен, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің лицензиясы болған кезде жүзеге асырылады. Аталған заңи актінің 5-бабы бойынша факторингтік операцияларды ұлттық банктің лицензиясы негізінде банкілік операциялардың жекелеген түрлерін жүргізуге құқылы болатын заңды тұлғалар да жүзеге асыра алады.Факторинг шартына Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 239-347-баптарымен көзделген талап етуді беру туралы жалпы ережелер қолданылады. Тараптарға тән құқықтар мен міндеттердің ерекшеліктері факторинг қатынастарын арнайы реттейтін нормалармен белгіленуі мүмкін. Осылайша, клиент бұл шартты оған тиесілі талап етуге қатысты борышкордың келісімінсіз бекітуге құқылы. Бұған қоса, ақшалай талапты салу немесе оны шектеу туралы келісім болғанның өзінде де жарамды деп танылады.Клиент қаржы агентіне жарамды талапты беруге міндетті. Бірақ ол жаңа несие беруші алдында борышқор үшін кепілдеме беруші және кепіл болушы болмаса, осы талапты борышқордың орындамағаны үшін жауапты болмайды.Егер клиент борышқормен бекітілген шарт бойынша өз міндеттемесін бұзса және егер шарт жағдайларына байланысты борышқор бұл соманы тікелей клиенттен өндіріп алуға құқылы болса, клиент факторға төленген ақша сомасын борышкорға қайтаруға міндетті.Шартта фактор ақшалай талапты берудің орнына талапты жүзеге асырумен байланысты барлық ауыртпалыктарды өзіне қабылдайтын агенттік келісім элементтерінің болуы клиент үшін фактормен көрсетілетін қаржыландыру мөлшері берілетін ақшалай талап мөлшернен кем болуға тиіс деген оны ойына сүйенеді. Бұл фактор көрсеткен қызметтерді жанама түрде төлеу нысанына себепші болады. Бірақ фактордың осындай тектес қызметтерді көрсетумен байланысты мамандандырылған кәсіп-керлік кызметті жүзеге асыруы оған белгілі бір қауіптердің (тәуекелдің) жүктелетіндігін білдіреді.Мәселен, ақшалай талапты беріп каржыландыру шарты бойынша клиент қаржыландыру одан осы талапты қаржы агентінің сатып алуы жолымен жүзеге асырылғанда, соңғысы борышқордан талапты орындау үшін алатын барлық сомаға құқықты иемденеді, бірақ клиент өзі алған сома қаржы агенті клиентіне төлеген сомадан аз болғаны үшін қаржы агенті алдында жауап бермейді.Фактормен қызмет көрсетудің элементтері, оның міндеттемелері, клиент үшін бухгалтерлік есеп жүргізу және беру пәні болып табылатын ақшалай талаптарға қатысты (ақшалай талаптар бойынша есептер беру) құжаттарды көрсету, сондай-ақ клиентке осы талаптармен байланысты өзге де қаржылық қызметтерді көрсетуді қамтуы мүмкін екені айқын көрініс табады.Талапты берудің нәтижесінде қаржы агентіне төленген соманы тікелей клиенттен талап етуге құқығы бар борышқор белгілі бір жағдайларда оларды қайтаруды қаржы агентінен талап ете алады. Бұл қаржы агенті клиент алдындағы талаптың берілуі бойынша оны қаржыландыруды жүзеге асырудағы міндеттерді орындамағаны не борышқордың алдындағы талаптың берілуіне байланысты каржыландыруға жататын міндеттемені клиенттің бұзғандығын біле тұра қаржы-жүргізгені дәлелденген жағдайларда мүмкін болады.

Өзін өзі бақылаудың сұрақтары

  1. Есеп айырысу әдістерінң сипаттамасы мен түрлері

  2. Заем шартының түсінігі, мазмұны

  3. Заем шартының түрлері

Ұсынылатын әдебиет

1.Шершеневич Г.Ф. Учебник русского гражданского права. М; 1995.

2.Гражданское право. Учебник, часть 1. Под ред. А.П. Сергеева, Ю.К. Толстого, М;98.

3.Гражданское право. Учебник пособие (общая часть) том 1. Под ред. К.С. Мауленова, Г.И. Тулеугалиева.



4.Г.А. Жайлин, Б.К. Абдыкадыров. Юридические лица от «А» до «Я». Пособие, А; 2003.

Тақырып 11 . Сақтау шарты

  1. Сақтау шартының түсінігі, түрлері және элементтері

  2. Сақтау шартынын нысаны, мерзімі, мазмұны.

  3. Сақтау шарты бойынша жауапкершілік.

  4. Сақтау шартының түрлері

1.Сақтау шарты бойынша бір тарап (сақтаушы) оған екінші тараптың (жүк берушінің) берген затын сақтауға және бұл затты сақталған күйінде қайтаруға міндеттенеді (ҚР АК 768-б.1-т.).Сақтау мәселесін баяндайтын бірқатар теориялық зерттеулерде атап өтілгендей сақтау қызмет көрсетудің ерекше түрі, соның ішінде кызмет көрсетулердің ішінде азаматтық-құқықтық міндеттемелер арқылы қамтамасыз етіле алатын кең таралған түрлерінің бірі болып табылады. Қазіргі қоғамда сақтау бойынша қатынастардың кеңінен таралуын толық түсінуге болады. Азамат өз үйінен шығып, қоғамдық орындарға барғанда-ақ заттарды сақтауға беру кажеттілігі жиі туындайды. Мұндай жағдайларда азамат үшін шарт еркіндігі, біз бұған мән бермесек те, елеулі түрде шектеледі. Білім беру, дәрігерлік, өзге де мекемелерде, ұйымдарда, театрлар мен т.б. жерлерде сырт киімді гардеробқа өткізу талабы белгіленуі мүмкін. Дүкендерде (сауда кәсіпорындарда) сөмкелерді, қол сандықтарды, кейстер мен өзге де ұқсас заттарды сақтауға өткізуді талап ете алады.Жалпы пайдаланыстағы орындарда (базаларда) саудамен айналысатын кәсіпкерлер базарларға тиесілі үй-жайларда сақтау қызметін пайдалана алады. Жалпы кіші кәсіпкерлік субъектілеріне (сауда фирмаларына) өз тауарларының сақталуын қамтамасыз ету үшін сақтаумен кәсіби түрде айналысатын субъектілердің қызметтерін пайдалану тиімдірек болып табылуы мүмкін. Бұл аталған кәсіпкерлерге қайта үй-жайларының құрылысына (оларды сатып алуға) оларды жалға алуға, күзетуге, сондай-ақ қойма жабдықтарын сатып алуға қомақты соманы жіберуге мәжбүр болғанның орнына өзінің айналым қаражаттарын жұмсамауға мүмкіндік береді.Сақтау қажеттілігі заңдардың талаптарына сәйкес туындайтын жағдайлар да орын алады. Мысалы, арестке алынған мүлікті, мұраға қалдырылған мүлікті, кеден қоймаларындағы мүлікті және т.б. сақтау жүзеге асырылады. Сақтау қолданылатын аялар сақтаудың жекелеген түрлерін сондай-ақ, сақтау қатынастарын реттейтін заңнама актілерін қарастыру (атап өту) кезінде тағы бір рет сипатталатын (нактырақ) болады. Сақтау бойынша міндеттеме басқа түрдегі шарттар мазмұнына кіретін жағдайлар туындауы мүмкін. Бұл объективті де субъективті де факторлармен түсіндірілуі мүмкін. Осылайша сақтау жөніндегі міндеттемелердің қалған құрылымдары - олардың басқа шарттардың мазмұнына кіруіне негізделеді. Бұл жағдайларда да сақтау бойынша қатынастардың қалған үш құрылымын ажыратып алуға мүмкіндік беретін вариациялар мүмкін.Екінші құрылым болып сақтау бойынша міндеттеменің бір аса күрделі шартқа енуі табылады. Сонымен бірге мұндай шарт сақтаусыз әрекет ету мүмкіндігіне ие болмауға тиіс. Мұндай шарттың мысалына тасымалдау шарты жатады. Сақтау күрделі емес, аралас шарттың да кұрамына ене алады. Сақтаудың аралас шарттың құрамына енуі екі құрылымды мүмкін етеді. Бірінші құрылым (яғни жалпы тізім бойынша үшінші) кезінде сақтау шарттағы тараптың негізгі міндеттемесіне қызмет көрсетеді. Яғни оның өзі қосымша болып табылады. Оны ашатын мысалдарға бірнешеуін келтіруге болады. Мәселен, сақтау бойынша қосымша мін-деттеме тараптардың келісімімен көлік экспедициясы, мердігерлік комиссия, тапсырыс шарттарында көзделуі мүмкін.Төртінші құрылым сақтау бойынша міндеттеменің басқа міндеттемелермен қатар орын алуын (басымды немесе кем дегенде теңдей тәртіпте) көздейтін болады. Сақтаушы өзіне экспедициялық қызмет көрсету бойынша, жүк беруші пайдасына қосымша мердігерлік жұмыстар атқару және т.б. міндеттерді қабылдауы мүмкін.Сол бір немесе өзге құрылымды қолдану, сақтау бойынша қызмет көрсететін субъект пен оның несие берушісі қатынастарының тәжірибелік мәселелерін шешуге әрине ықпал етеді. Алайда, біздің ойымызша, сақтау жөніндегі жалпы, негізгі ережелердің де маңызын кемсітпеген жөн. Сақтау шартын (міндеттемесін) аралас шарттардан бөлектеген жөн. Бұл сақтау шартының өзі туралы толық пікір (әсер) алуға мүмкіндік береді.Мүліктің сақталуын қамтамасыз ету бойынша жалға алушының міндеттері тікелей мүлікті жалға алу шартынан туындайды (тек осы шарттың ерекшелігін құрайды). Жоғарыда мүлікті жалға алу шартын қарастыра отырып, біз мүлікті ұстау жө-ніндегі ауыртпалық сәйкесінше жалға алушыға өтуге тиіс екендігі туралы айтқанбыз. Егер де сақтау шарты туралы сөз қозғайтын болсақ, онда мүлікті ұстау ауыртпалығын сақтаушыға жол берілмейді. Осы айтылған сөз аралас шарттардың соның ішінде жалға алу элементтері бар сақтау шартының бекітілуін жоққа шығармайды. Мұндай сәттерде, тиісінше жалға алу немесе сақтау туралы нормаларды қандай пропорцияда, тараптардың қандай қатынастарына қолдануды анықтау міндеті туындайды. Бұл жөнсіз мәселе емес. Мәселен, жалға беруші мүлікті жалға бере отырып, затты пайдалану нәтижесінде оның мүмкін болатын тозуымен алдын-ала келіседі. Ал, жүк беруші болса затты бұрынғы күйінде, тозусыз қайта алуға жиынтық айырмашылық айқын көрінеді. Қандай нормалар басымды болып табылады, тараптар мүдделерінің балансы кайда? Бұл даулар бойынша істерді шеше алатын аяттар, сондай-ақ зерттеушілер мен азаматтық құкықтың өзге де мамандары үшін күрделі сұрақтар болып табылады.Сондықтан олардың мәнісіне, мазмұнына нормативтік реттелуі мен осыған байланысты, мүмкін болатын тәжірибелік айырмашылықтарға сүйене отырып біз сақтаумен заем сақтау мен қозғалмайтын мүлікті күзету шарттарын ажыратамыз.Субъектілік қатарындағы айырмашылықтарға, мазмұнындағы кейбір ерекшеліктер мен нормативтік бекітілуіне байланысты сақтау шартының мынадай түрлері ажыратылады: 1) заттарды ломбардта сақтау; 2) құндылықтарды банкте сақтау; 3) көлік ұйымдарының сақтау камераларында сақтау; 4) ұйымдардың киім ілгіштерінде сақтау; 5) қонақ үйде сақтау; 6) даулы заттарды сақтау - секвестр.Кәсіпкерлік аясындағы қарым-қатынастарды реттеу үшін арнайы көзделген және осыған орай нысанындағы тараптардың құқықтары мен міндеттеріндегі елеулі ерекшеліктерге байланысты жеке бөліп қарастырылатын сақтау шартының тағы бір түрі болып тауарлы қоймада сақтау шарты табылады.Сақтау шарты реалды шарт. Бұл ҚР АК 768-бабының 2-тармағының мазмұнынан көрінеді. Онда сақтау шарты зат сақталуға берілген кезден бастап жасалған деп танылатындығы, тікелей көрсетілген. Аталған норма мағынасынан туындайтындай, бұл шарттың мәні тараптардың еркі бойынша консенсуалды шарт құрылымын қолдануға бейімделмеген. Өйткені алдын ала келісім бойынша жүк берушіні сақтаушымен мәжбүр ету мүмкіндігі ең алдымен егер бұл басқа тұлғалардың мүдделеріне зиян (шарттық немесе шарттық емес) келтірмейтін болса өз мүлкіне билік ету мүмкіндігі болуға тиіс меншік иесі ретіндегі жүк беруші мүдделеріне зиян келтірер еді. Жүк беруші шарттан бас тарту кезінде бұл орын алмайды (орын алмауға тиіс) өйткені кәсіпкер болып табылмайтын сақтаушы сақтау бойынша қызмет көрсетуден жүйелі негізде пайда табуды жоспарламайды.Сақтаушы рөлінде кәсіпкер тұрса басқаша болады. Онымен сақтаудың консенсуалды шарты бекітілуі мүмкін (ҚР АК 769-б.1-т). Бұл жағдайда заң шығарушы сақтаушының заңды мүдделерін ескереді.Кәсіпкермен бекітілетін сақтау шартын консенсуалды сипат қана емес, сондай-ақ оның жариялылығы да ерекшелендіреді (ҚР АК 770-бап). Сақтау шарты жалпы ереже бойынша ақысыз шарт болып табылады, бұл оның келтірілген анықтамасынан айқын көрінеді. Заңнамадан, іскерлік айналым дағдыларынан шарттың ақылылығы байқалған жағдайларда тараптар өзара келісім бойынша ақысыз сақтауды шарттауы мүмкін. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру тәртібінде бекітілген сақтау шарты егер ақысыздық туралы арнайы ескертпе (тараптар келісімі) болмаса, ақылы деп танылады.Сақтау шартын кейде бір жақты шарт деп атайды, өйткені реалды ақысыз сақтау шартын бекіткеннен кейін міндеттердің негізгі бөлігі сақтаушыға жүктеледі, ал жүк беруші негізінен құқылы субъект ретінде көрінеді. Бірақ мұндай сәттерде де сақтау шартының толықтай біржақты сипаты туралы айтуға болмайды. Ал егер сақтау шартының ақылылығы мен (немесе) консенсуалдығы туралы сөз қозғалса, онда сақтаудың біржақтылылығы туралы пікірлер орынсыз болары анық.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   18


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет