ДҮниежүзілік сауда ұйымы


Мемлекетке тиесілі және мемлекет басқаратын кәсіпорындар, арнайы және айрықша артықшылықтары бар кәсіпорындар



бет4/78
Дата04.03.2016
өлшемі6.06 Mb.
#38185
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   78

Мемлекетке тиесілі және мемлекет басқаратын кәсіпорындар, арнайы және айрықша артықшылықтары бар кәсіпорындар





  1. Қазақстанның өкілі Қазақстандағы мемлекеттік меншік мемлекеттік кәсіпорындардың меншігін және мемлекеттің қатысуы бар акционерлік қоғамдар (АҚ) мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің (ЖШС) мемлекетке тиесілі акцияларын (қатысу үлестерін) қамтитынын хабарлады. Мемлекеттің қатысуының мажоритарлық үлесі бар (яғни, 50 және одан артық пайыз) АҚ-лар ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді, және ұлттық басқарушы холдингтерге немесе ұлттық холдингтерге тиесілі емес ұлттық компанияларды қамтиды. Мемлекеттік кәсіпорындар 1994 жылғы
    27 желтоқсандағы № 269-XII Азаматтық кодекспен (Жалпы бөлімі) (бұдан әрі – Азаматтық кодекс), «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы
    1 наурыздағы № 413-IV Заңымен (бұдан әрі – «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң) және «Ұлттық қауіпсіздік туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 527-IV Заңымен реттеледі. 50 және одан артық пайызда мемлекеттің қатысуы бар АҚ-лар және ЖШС-лар «Акционерлік қоғамдар туралы» 2003 жылғы
    13 мамырдағы № 415-ІІ Заңымен (бұдан әрі –«Акционерлік қоғамдар туралы» Заң), «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» 1998 жылғы 22 сәуірдегі № 220-І Заңымен (бұдан
    әрі – «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілі бар серіктестіктер туралы» Заң), «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы
    2 шілдедегі №461-ІІ Заңымен және Азаматтық кодекспен реттеледі.




  1. Қазақстанның өкілі мемлекеттік кәсіпорындар мемлекетке тиесілі кәсіпорындар болып саналатынын, ал 50 және одан артық пайызды мемлекеттің қатысуы бар АҚ/ЖШС мемлекет басқаратын кәсіпорындар деп саналатынын атап өтті. Мемлекеттік кәсіпорындар «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңмен, қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық қажеттіліктерін шешу мақсатында мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін Үкімет немесе жергілікті атқарушы органдар құрған кәсіпорындар ретінде айқындалған. Мемлекет мемлекеттік кәсіпорындар міндеттемелері бойынша жауап береді5 және мемлекеттік кәсіпорындардың мүлкіне билік ету құқығына ие болады. Мемлекеттік кәсіпорындарға бекітілген мүлік, толықтай мемлекетке тиесілі және бөлінбейтін болып табылады, мысалы, мемлекеттік кәсіпорын жұмысшылары арасында бөлінбейді немесе олар иеліктен шығара алмайды. Мемлекеттік кәсіпорындардың, Үкімет немесе жергілікті атқарушы орган айқындаған олардың қызметтерінің мақсаттары мен мәніне жауап бермейтін мәмілелер жасауына тыйым салынады.




  1. Осы Баяндаманың 3(F) Қосымшасы мемлекеттік кәсіпорындар құрылуы мүмкін салалар тізілімін қамтиды. Мемлекеттік кәсіпорындар коммерциялық қызметтермен айналысқан жағдайда, өндірілген тауарлар мен қызметтерді сату, өкілетті органның мақұлдауы заңмен талап етілетін мүлікті иеліктен шығаруға бағытталған келісімдерді қоспағанда, өз бетінше жүргізіледі. Осы талап мемлекеттік мүлікті сақтау қажеттілігі салдарынан пайда болды және мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалардың басқа түрлері арасындағы айырмашылықты құрайды.




  1. Қазақстан бұл компанияларды 142-тармақтағы міндеттемесімен қамту мақсатында «мемлекетке тиесілі» деп санауға келіседі ме деген сұраққа Қазақстанның өкілі мемлекеттік (мемлекетке тиесілі) кәсіпорындардың мүлкі толығымен мемлекетке тиесілі және Үкімет басқарады және олардың қызметін қатаң түрде Үкімет бақылайды деп түсіндірді. Үкіметке тиесілі кәсіпорындар мемлекеттің қатысуы бар АҚ-лар мен ЖШС-лардан бөлек дербес заңды тұлға болып табылатын мемлекеттік кәсіпорын заңды нысанында құрылады. Мемлекеттік кәсіпорындар ұлттық басқарушы холдингтерге немесе ұлттық холдингтерге тиесілі болуы мүмкін емес.




  1. Қазақстанның өкілі Қазақстан Республикасының заңнамасы Үкімет үшін акциялары толықтай немесе жартылай мемлекетке тиесілі, мемлекеттің қатысуы бар АҚ-лар мен ЖШС-лар қызметін арнайы бақылау немесе басқару мүмкіндіктерін қарастырмайтынын қоса айтты. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттің қатысуы бар АҚ-лар мен ЖШС-лар келесі себептер бойынша мемлекеттік кәсіпорындар болып табылмайды:




    1. АҚ және ЖШС мүлкі мемлекетке тиесілі емес, тиісінше, Үкімет олардың мүлкіне билік ету құқығына ие болмайды;

    2. АҚ және ЖШС операцияларын бақылау деңгейі Үкіметтің акционер немесе қатысушы ретінде әрекет ету құзіретімен шектелген; және

    3. АҚ акционерлері қоғамның міндеттемелері үшін жауап бермейді және оларға тиесілі акциялар құны шегінде компания қызметіне байланысты шығындар тәуекелін көтереді;

    4. Бұл компаниялар корпоративті басқару ережелеріне және «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңның немесе «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңның жалпы ережелеріне тәуелді. Мысалы, АҚ-лардың Директорлар кеңесіне тәуелсіз директорларды енгізеді. Мұндай компаниялардың мүлкін директорлар кеңесі басқарады.

Қазақстан «мемлекет басқаратын кәсіпорындар» терминін 50 және одан артық пайызды мемлекеттің қатысуы бар акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысты қолданады.




  1. Қазақстанның өкілі бұдан әрі «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның
    171-бабына сәйкес мемлекеттің акциялары санына/қатысу үлесіне байланысты, мемлекеттің қатысуы бар АҚ-лар мен ЖШС-лар екі санатқа бөлінетінін түсіндірді: (i) жарғылық капиталында мемлекетке тиесілі бақылаушы акциялар пакеті (қатысу үлесі), яғни 50%-дан артық дауыс беруші акциялары (қатысу үлесі) бар мемлекет бақылайтын АҚ-лар және ЖШС-лар; (ii) мемлекеттің қатысу үлесі басым емес АҚ-лар және ЖШС-лар.




  1. Қазақстанның өкілі бұдан әрі «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға сәйкес мемлекет бақылайтын АҚ-лар келесі нысанда құрылуы мүмкін екендігін түсіндірді: а) ұлттық басқарушы холдинг; б) ұлттық холдинг;
    в) ұлттық компания және г) мемлекеттік органдарға тиесілі АҚ.




  1. Ұлттық басқарушы холдинг – бұл құрылтайшысы және жалғыз акционері Үкімет болып табылатын акционерлік қоғам. Ұлттық басқарушы холдингтер ұлттық даму институттарының, ұлттық компаниялардың және басқа заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) тиімді басқару мақсатында құрылады. Қазақстанда үш ұлттық басқарушы холдинг бар: «Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры», «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» және «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі».




  1. Ұлттық холдинг – бұл ұлттық компаниялардың және өзге АҚ-лардың акцияларын және ЖСШ-лардың жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін тиімді басқару үшін құрылған, құрылтайшысы және жалғыз акционері Үкімет болып табылатын АҚ. Қазақстан Республикасында екі ұлттық холдинг жұмыс істейді6, олар: «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі», «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі».




  1. Ұлттық компания – бұл ұлттық экономиканың негізін құраушы салаларда қызметін жүзеге асыратын немесе өңірлердің экономикасын дамытуға жәрдемдесу (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар) үшін құрылған, атқаратын және акцияларының бақылау пакеті мемлекетке, ұлттық басқару холдингіне немесе ұлттық холдингке тиесілі, Қазақстан Республикасының Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылған АҚ. Акцияларының бақылау пакеттері (50 пайыз және одан артық) ұлттық басқару холдингтеріне немесе ұлттық холдингтерге тиесілі ұлттық компаниялар Қазақстанның Заңында анықталғандай, мемлекет басқаратын АҚ болып саналмайды. Акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқару холдингтеріне немесе ұлттық холдингтерге тиесілі емес, бірақ мемлекеттік органдар басқаратын ұлттық компаниялар мемлекет басқаратын болып саналады.




  1. Ұлттық басқару холдингтеріне, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға7 және мемлекет басқаратын басқа да АҚ мен ЖШС-ларға қатысты Үкімет келесі құзіреттерді жүзеге асырады («Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның 11-бабы):




  • Компанияны құру, қайтадан құру, атауын өзгерту және компанияны тарату туралы шешімдер қабылдайды;

  • Даму стратегиялары мен жоспарларын әзірлеу, бекіту, мониторинг жасау және бағалау тәртібін айқындайды;

  • Даму стратегиялары мен жоспарларының орындалуы бойынша есептерді әзірлеу мен ұсыну тәртібін айқындайды.




  1. Қазақстанның өкілі Қазақстан ұлттық экономиканы әртараптандыру мақсатында жергілікті өндіріс тауарларын сатып алуға арналған преференциялар түріндегі жергілікті қамту талаптарын қолданатынын атап өтті. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті қамту талаптары «Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ8, «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ, «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ және жоғарыда аталған ұлттық басқарушы холдингтер немесе ұлттық холдингтерге тиесілі емес ұлттық компаниялардың тауарлары мен қызметтерін9 сатып алуда, және мемлекеттің қатысуы 50 және одан артық пайызды құрайтын өзге акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және мемлекеттік кәсіпорындардың (Осы Баяндаманың «Мемлекеттік сатып алулар» бөлімінде көрсетілген) сатып алуларына қатысты қолданылады.




  1. Қойылған сұраққа жауап ретінде Қазақстанның өкілі «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі, «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі», «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі және мемлекет бақылайтын ұлттық компаниялар, тауарлар мен қызметтерді сатып алуды тендерлік сатып алуларда жергілікті өндіріс тауарлары мен қызметтеріне жиынтық 20%-ға дейін шартты баға жеңілдігін қолдану түрінде жергілікті қамту талаптары айтылатын өздерінің Сатып алу қағидасына сәйкес жүзеге асыратынын түсіндіріп өтті. Осы Сатып алу қағидасы Үкіметтің 2009 жылғы 28 мамырдағы №787 қаулысымен бекітілген Сатып алудың Үлгілік қағидасы негізінде әзірленген.




  1. Қазақстанның өкілі «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның 177-бабы және «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңның 13-бабы акционерлердің шешімдері бойынша алтын акцияны енгізу мүмкіндігін көздейтінін қоса айтты. Акцияның алтын акциясы Үкіметтің немесе жеке акционерлердің меншігінде болуы мүмкін. Қазіргі уақытта Үкіметтің иелігінде мұндай акциялар жоқ. Бұдан әрі, ол «алтын акцияның» жарғылық капиталды құруға қатыспайтынын және ешқандай дивидендтер әкелмейтінін түсіндіріп өтті. «Алтын акцияның» иесі қоғам жарғысымен анықталған мәселелер бойынша акционерлердің, директорлар кеңесінің және атқарушы органның жалпы жиналысының шешімдеріне вето қою құқығына ие. Вето қою құқығы басқа біреуге берілмейді.




  1. Қазақстанның өкілі мемлекеттік кәсіпорындарың, сондай-ақ мемлекеттің қатысуы бар АҚ/ЖШС-лардың қызметі және шешімдер қабылдау процесімен қызметіне Үкіметтің ықпал жасауының Қазақстан Республикасы заңнамасымен қатаң айқындалғанын түсіндіріп өтті. Қазақстан Республикасы Конституциясы жеке мүліктің де және мемлекеттік мүліктің де тең дәрежеде қорғалуын көздейді және әртүрлі меншік нысанындағы компаниялар мен кәсіпорындарға қатысты заңдармен қарастырылған режимге қатысты кемсітпеушілік қағидаты сақталатынына кепілдік береді. Конституция сондай-ақ, монополиялық қызметтің реттелуін және шектелуін көздейді. Оның ойынша, бұл мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттің қатысуы бар АҚ/ЖШС-лардың бәсекелестік ортаны бұрмалайтындай әрекет етпейтініндігіне кепілдік береді.




  1. Оған жауап ретінде жұмыс тобы мүшесі мемлекет ұлттық басқарушы холдингтердің және ұлттық холдингтердің 100% акцияларына ие және осылайша, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге,
    сондай-ақ кез-келген 50 және одан артық акциялары ұлттық басқарушы холдингтерге және ұлттық холдингтерге тиесілі акционерлік қоғамдарға бақылауды жүзеге асыратынын айтты. Осылайша, 108-тармақта сипатталған АҚ нысандарының әрқайсысы, сондай-ақ 50 және одан артық акциялары мемлекетке ұлттық басқарушы холдингке және ұлттық холдингке тиесілі ұлттық компаниялардың 142-тармағының ережелеріне тәуелді болып табылатынын айтып кетті.




  1. Бұдан өзге, Қазақстанның өкілі 2011 жылы Жалпы Қосылған Құндағы10 мемлекеттік меншіктің үлесі мемлекеттік кәсіпорындарды қоса алғанда;
    9,6 % болғандығын көрсеткен, мемлекеттік кәсіпорындардың экономикадағы үлесін көрсететін (осы Баяндаманың 3(G) Қосымшасы) статистикалық деректерді ұсынды. Оның ішінде, ауыл, орман және балық шаруашылығындағы мемлекеттік кәсіп орындарды қоса алғанда мемлекеттік меншіктің үлесі 2011 жылы Жалпы Қосылған Құнның
    6,8 пайызын құрады. 2011 жылы мемлекеттік кәсіпорындар жүргізген қызметтер үлесі Жалпы Қосылған Құнның 14,8 пайызын құрады (осы Баяндаманың 3(H) Қосымшасы).




  1. Жұмыс тобының мүшесі Қазақстанның энергетикалық секторына қатысты мемлекетке тиесілі немесе мемлекет бақылайтын барлық кәсіпорындарды және келісілген стандарттар негізінде айрықша жеңілдіктерді пайдаланатын барлық кәсіпорындарды санамалап беруді, және энергетикалық сектордағы мұндай барлық кәсіпорындардың толық сипаттамасын ұсынуды сұрады. Бұл топ мүшесі сондай-ақ, «ҚазМұнайГаздың» және «табиғи монополиялар» деп аталатын құбырларды басқаратындардың толық сипаттамасын ұсынуды сұрады.




  1. Қазақстанның өкілі Қазақстанның энергетикалық секторында
    1994 жылғы ГАТТ-тың XVII бабының түсінігіндегі айрықша жеңілдіктері бар кәсіпорындар жоқ деп жауап берді. Мысалы, мұнай-газ секторындағы өндірістің жалпы көлеміндегі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының үлесі 11 пайызды құрайды (2010 жылғы деректер бойынша). «ҚазМұнайГаз» мұнай және табиғи газды өндірумен, тасымалдаумен және өңдеумен айналысады. Компания қызметінің негізгі бағыты барлау және зерттеу жұмыстары, мұнай, газ және газ конденсаттары кен орындарын пайдалану, мұнай және табиғи газды өндіру және тасымалдау; мұнай және газды бастапқы өңдеу, көмірсутекті шикізаттары мен өңдеу өнімдерін сату болып табылады. Мұнайды тасымалдау секторында «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы «ҚазТрансОйл» Өзен – Атырау (Қазақстан) – Самара (Ресей) мұнай құбырын басқарады. Бұл бөліктегі қызметі Табиғи монополияларды реттеу агенттігімен реттеледі. Газды тасымалдауға қатысты магистральды құбырлар бойынша табиғи газдың негізгі тасымалдаушысы «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы «Интергаз Орталық Азия» компаниясы болып табылады. Ол ішкі тасымалдарды, халықаралық транзитті және тасымалдаудың экспорттық қызметтерін қамтамасыз етеді. Отандық тұтынушыларға ұсынылатын тасымалдау қызметтері Табиғи монополияларды реттеу агенттігімен реттеледі. Экспорттық бағдарлар мен құбырлар бойынша табиғи газды транзиттеу тарифтері мемлекет тарапынан реттелуге жатпайды.




  1. Қазақстанның өкілі меншігіндегі мемлекеттің қатысу үлесі 50% немесе одан артық болатын бірқатар компаниялар 100% мемлекеттің қатысуымен АҚ нысанында құрылған «Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры» ұлттық басқару холдингінің портфеліне енгізілгенін түсіндіріп өтті. Қор ұлттық компаниялардағы корпоративті басқаруды жақсарту және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін жақсарту мақсатында құрылған болатын. Тәуелсіз иелену, компанияларға, сондай-ақ, коммерциялық кәсіпорындар түрінде әрекет жасауға және өз пайдасын табуға мүмкіндік берді. Қордың жалғыз құрылтайшысы және акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады, ол Қорды акционердің өкілеттіктерін жүзеге асыру және Директорлар кеңесіндегі өкілдіктері арқылы басқарады. Қазақстанның лауазымы бойынша Премьер-Министрі лауазымы бойынша Директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады. Қор өз компанияларымен акционердің құзіреттерін және олардың Директорлар кеңесіндегі өкілдіктерін жүзеге асыру жолымен өзара әрекет етеді.




  1. Топ мүшесінің Үкіметтің рөлі туралы бұдан әрі түсіндіру туралы сұрағына Қазақстанның өкілі «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» 2012 жылғы
    1 ақпандағы № 550-IV Заңының (бұдан әрі – «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Заң) 7-бабына сәйкес, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жалғыз акционері ретіндегі Үкіметтің айрықша құзіреті келесі түрде баяндалғанын мәлімдеді:




      1. Қор жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және бекіту немесе оның жаңа редакциясын бекіту;

      2. Қордың жылдық қаржылық есептілігін бекіту;

      3. Қордың даму стратегиясын бекіту және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

      4. Қорды ерікті түрде қайтадан құру немесе жою туралы шешім қабылдау;

      5. Қордың жарияланған акцияларының санын арттыру немесе Қордың орналастырылмаған жарияланған акцияларының түрлерін өзгерту туралы шешім қабылдау;

      6. Қордың директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімін анықтау, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;

      7. Қордың жалғыз акционері айқындайтын компания акцияларын сату, сондай-ақ көрсетілген акцияларды сенімді басқаруға беру;

      8. Қордың жалғыз акционері айқындайтын еншілес компанияларды жою және қайта құру туралы шешім қабылдау;

      9. Қордың басқарма төрағасын тағайындау және лауазымынан мерзімінен бұрын босату;

      10. Есепті қаржылық жыл ішіндегі таза пайданы бөлу, қарапайым акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдау және Қордың бір қарапайым акциясына есептегенде дивидендтер мөлшерін бекіту;

      11. Қазақстан Республикасының «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңымен қарастырылған жағдайлар орын алғанда, қарапайым акциялар бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдау;

      12. Қордың дивидендтік саясатын анықтау;

      13. Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімін жүзеге асыру мақсатында бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында орналастырылатын, Қордың тобына кіретін ұйым акцияларының бағасына, сапасына, құрылымына қатысты Қордың директорлар кеңесінің шешімін бекіту;

      14. банктер акцияларын сатып алу және сату, сондай-ақ көрсетілген акцияларды сенімді басқаруға беру;

      15. корпоративті басқару кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және бекіту;

      16. «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Заңға және (немесе) Қор жарғысына сәйкес өзге мәселелер.




  1. Қазақстанның өкілі Директорлар кеңесіне сайлау «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңның және «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Заңның негізінде жүзеге асырылатынын мәлімдеді. «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңның 35-бабына сәйкес Үкімет жалғыз акционер ретінде Директорлар кеңесі мүшелерін тағайындайтын айрықша құзіретке ие. «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Заңның 8-бабына сәйкес Директорлар кеңесі жалғыз акционер сайлайтын Төраға мен мүшелерден тұрады. Директорлар кеңесі Үкімет мүшелерінен, Қордың басқарма төрағасынан, тәуелсіз директорлардан және өзге тұлғалардан құралады. Директорлар кеңесінің сандық құрамы Қор жарғысымен анықталады, бірақ тәуелсіз директорлар саны Директорлар кеңесінің сандық құрамының бестен екі бөлігінен кем болмауы қажет. Тәуелсіз директорларды сайлау өлшемшарттары мен рәсімдері, «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңның 1-бабында және Тәуелсіз директорларды таңдау ережелерінде белгіленеді. Оның ішінде, тәуелсіз директор:




  • осы АҚ аффилиирленген тұлғасы, және өзі сайланғанға дейінгі үш жыл ішінде осы АҚ аффилиирленген тұлғаларына қатысты аффилиирленген тұлға;

  • өзі сайланғанға дейінгі үш жыл ішінде осы акционерлік қоғамның немесе осы акционерлік қоғамның аффилиирленген тұлғаларының-ұйымдарының лауазымды тұлғаларына бағыныштылықпен байланысты;

  • мемлекеттік қызметкер;

  • өзі сайланғанға дейінгі үш жыл ішінде, осы акционерлік қоғамның органдарының отырыстарында акционерлердің өкілі; және

  • өзі сайланғанға дейінгі үш жыл ішінде, осы акционерлік қоғамның аудитіне қатыспаған болмауы қажет.




  1. Қор компанияларының стратегиялық шешімдері олардың ұзақ мерзімді құнының артуы және активтерін тиімді басқару болашағы тұрғысынан қабылданады. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қордың күнделікті қызметіне араласпайды. Үкімет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамындағы компанияның міндеттемелері үшін жауапты емес және оның мүлкін пайдалануға құзіретті емес. «Самұрық-Қазына» құрамындағы компаниялар «мемлекеттік кәсіпорындар» болып табылмайды және мемлекеттің қатысуы бар компаниялар болып табылмайды, өйткені олардың акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі емес, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры болып табылады.




  1. Қазақстанның өкілі Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігі ұсынған деректер негізінде «Самұрық-Қазынаның» Қазақстанның ЖІӨ-дегі үлесі 2011 жылы 7,2% және 2012 жылы 5.3% құрағанын мәлімдеді. Қазақстанның Статистика жөніндегі агенттігінің деректеріне сәйкес ЖІӨ-де басқа ұлттық басқарушы холдингтің немесе ұлттық холдингтердің және олардың құрамындағы компаниялардың жиынтық үлесі 0,5%-дан кем үлесті құрайды. Топ мүшесі керісінше, 2013 жылғы қазанда Fitch Ratings мемлекеттің «Самұрық-Қазынадағы» 100% үлесін және оның Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызын атап өткенін және «Самұрық-Қазынаның» және оның 405 еншілес компанияларының шоғырландырылған активтері елдің ЖІӨ-нің 50%-на барабар екенін мәлімдеді. Fitch, оның инвестицияларының жылына ЖІӨ-нің 7-10% құрайтынын, және Қазақстанның салық түсімдерінің жалпы көлемінің 27% құрайтынын, және жалпы жұмыспен қамтудың 6% да осы ұлттық холдингтік компанияның үлесіне тиесілі екенін қоса айтты. Бұған жауап ретінде Қазақстанның өкілі әдіснамалық тұрғыда «Самұрық-Қазынаның» шоғырландырылған активтері Қазақстанның ЖІӨ-мен салыстырыла алмайтынын атап өтті, өйткені ЖІӨ белгілі бір мерзім ішінде елдің ішінде өндірілген соңғы тауарлар мен қызметтердің жалпы құны болып табылады. 2012 жылы ЖІӨ-нің жартысынан астамы, яғни 52,5% көрсетілген қызметтердің үлесінде, ал тауарлар өндірісіне тек 41,4% ғана тиесілі. Қызметтер көрсету саласында «Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниялары негізінен көлік қызметтеріне және байланыс қызметтеріне тартылған. Көлік және қойма қызметтерінің үлесі ЖІӨ-нің 7,5% құрайды, ал ақпараттық және телекоммуникациялық қызметтердің үлесі ЖІӨ-нің 2,6% құрайды. Қос секторда да қызметтер ұсынатын компаниялар басқа жеке меншік компаниялармен бәсекелестік ортада жұмыс жасайды. Мұнай және газ өндірісінің үлесі ЖІӨ-де
    14,7% құрайды. Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінің деректеріне сәйкес мұнай-газ өндірісі бойынша «Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниясы «ҚазМұнайГаздың» үлесі 2012 жылы
    ЖІӨ-де 2,24% құрады.




  1. Топ мүшелерінің бірінің сұрағына жауап ретінде Қазақстанның өкілі ұлттық компанияларды, ұлттық холдингтерді немесе ұлттық басқарушы холдингтерді және олардың компанияларын жекешелендіру, жоғарыда аталған компаниялардың акцияларын иеліктен шығару жолымен жүргізілгенін мәлімдеді. Мұндай компаниялардың акцияларын иеліктен шығару үшін құқықтық негіз «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңы болып табылады. «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңның 53-бабының
    2.15-тармағына сәйкес «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының еншілес және аффилиирленген компанияларының 10% немесе одан да артық акцияларын иеліктен шығару туралы шешім Қордың Директорлар кеңесінің құзіретіне кіреді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы
    30 сәуірдегі өзгерістерімен «2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің Кешенді жоспарын бекіту туралы», 2014 жылғы 31 наурыздағы
    № 280 қаулысына сәйкес Үкімет ұлттық компанияларға, ұлттық холдингтерге, ұлттық басқарушы холдингтерге және ұлттық компанияларға бәсекелестік ортаға берілулері қажет еншілес және аффилиирленген компаниялардың тізімін бекітуді ұсынады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 106 компаниясы сауда-саттық арқылы бірінші кезекте иеліктен шығарылуға және төрт компаниясы «Халықтық IPO» рәсіміне жатады. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазынаның» компанияларының бірі «ҚазТрансОйл» «Халықтық IPO» нысанында, яғни жеке сатып алу үшін 10% (бір акцияны шегере отырып) ұсыныла отырып, 2012 жылғы желтоқсанда жартылай жекешелендіруге шығарылды. Жақын уақытта, «Самұрық-Қазына» осыған ұқсас «Электр желілерін басқару бойынша Қазақстандық компанияның» (KEGOC) 10%-ын (бір акцияны шегере отырып) биржаға 2014 жылғы қарашада шығару жоспарлары туралы жариялады. «Самұрық-Энергоны», «ҚазАтомПромды», және «Қазақстан Теміржолын» биржада ішінара орналастыру (яғни 10%-дан кем акциялар) кейінірек онжылдық ішінде күтілуде. Жекешелендіруге жататын компаниялар мұнай және газ, көлік, энергетика, телекоммуникация, қызмет көрсету және оқыту салаларында жұмыс жасайды.




  1. Мұнай өндіру, телекоммуникация, тау-кен өндірісі, темір жол секторларында, электр энергиясын беру, қорғаныс индустриясы салаларында жұмыс жасайтын негізгі ұлттық компаниялардан тұратын Қор портфолиосының үлкен бөлігі келесілерді қамтиды: «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазақстан теміржолы» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Самұрық-Энерго», «ҚазАтомПром» ұлттық атом компаниясы», «Қазақстан Инжиниринг», «Эйр Астана», «Самұрық-Қазына Фармация»11. «Самұрық-Қазынаның» басқа холдингтері қаржы секторы, тасымалдау және химиялық өнеркәсіп сияқты салалардағы компанияларды қамтиды. «Самұрық-Қазынаның» компанияларының көп бөлігі 98-тармақта көрсетілген объектілерді басқаратындықтан, «стратегиялық объектілер» ретінде жіктеледі. Табиғи монополиялар саласында ұлттық компаниялар ұсынатын қызметтер, «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі № 272-I Заңға сәйкес реттеледі (толық ақпарат алу үшін Жұмыс тобының осы Баяндамасының «Баға белгілеу саясаты» бөлімін қараңыз).




  1. «Қазақтелеком» ұлттық компаниясы» АҚ Қазақстан Республикасымен шектесетін мемлекеттер операторларының желілері арасындағы байланысты қамтамасыз ету үшін трафикті тасымалдау қызметтерін ұсынатын, белгіленген байланыс операторы болып табылады. «Қазпошта» ұлттық компаниясы» АҚ мерзімді баспасөз басылымдарын жеткізу, тарату және жіберу қызметтерін; елді мекендердегі кассалық операциялар бойынша қызметтерді; Қазақстан Республикасының географиялық шекараларында тапсырыс бойынша жіберілетін хаттарды пошта арқылы жіберу бойынша қызметтерді қоса алғанда, пошта байланысының жалпыға қолжетімді қызметтерін көрсетеді. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ магистральдық темір жол желісі қызметтерін, ішкі және импорттық және экспорттық бағыттар бойынша жүктерді тасымалдау қызметтерін, және жолаушыларды тасымалдау бойынша қызметтерді көрсетеді. «KEGOC» ұлттық компаниясы» АҚ ұлттық электр желілері бойынша электр энергиясын беру бойынша қызметтерді, техникалық диспетчерлендіру; электр қуаттылықтарын реттеу және қорларын құру; электр энергиясын тұтынуды-өндіруді теңгерімдеуді ұйымдастыру қызметтерін көрсетеді.




  1. «Самұрық-Энерго» АҚ өз қызметтерін келесі салаларда жүзеге асырады: электр және жылу энергиясын өндіру; электр энергиясын беру және бөлу; көмір өндіру; энергетикалық объектілердің құрылысын қайта өңдеу, кеңейту және салу. «ҚазАтомПром» ұлттық компаниясы» АҚ келесі қызметтерді жүзеге асырады: геологиялық барлау, уран өндіру, ядролық отын циклі өнімдерін өндіру; реакторлардың, ядролық электр станциялары құрылыстарын салу; түсті металлургия және конструкциялық материалдар өндірісі. «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ қорғаныс және құқық қорғау мақсаттарына арналған тауарлар мен қызметтерді өндіру саласындағы кәсіпорындарды басқарушы холдингтік компания болып табылады. «Эйр Астана» АҚ халықаралық және ішкі бағыттар бойынша қызметтер көрсететін әуе компаниясы болып табылады. «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС тұрғындарға кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетудің үкіметтік бағдарламасы шеңберінде дәрі-дәрмек құралдарының біртұтас дистрибьюторы болып табылады.




  1. Қазақстанның өкілі 2011 жылы Үкіметтің 2011 жылғы 8 қыркүйектегі №1027 қаулысымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының еншілес және аффилиирленген компаниялары акцияларын қор нарығында сату туралы бағдарламаның», яғни «Халықтық IPO» мақұлданғаны туралы мәлімдеді. Осыдан кейін «Самұрық-Қазына» «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларының миноритарлық үлесін қор нарығына орналастыру бағдарламасын бекітті. Топ мүшесі «ҚазТрансОйлды» сипаттауды, сатуға авторландырылған акциялар пайызы және сатылған акциялар саны, бұл сатылымдардың басқарушылық бақылауға ықпалы туралы ақпаратты сұрады. Қазақстанның өкілі «ҚазТрансОйл» шикі мұнай мен мұнай өнімдерін магистральды құбырлар бойынша тасымалдайтын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес компаниясы болып табылады деп жауап берді. «ҚазТрансОйлдың» акциялары Қазақстан Республикасының азаматтарына және Қазақстан Республикасының зейнетақы қорларына ұсынылды. Қазақстан Республикасының азаматтары акцияларға ие бола отырып, акционерлердің жалпы жиналыстарында дауыс беру арқылы компанияны басқаруға қатысу мүмкіндігіне ие болады және компанияның таза пайдасынан төленетін дивидендтерді алу құқығына ие болады. Жалпы, «ҚазТрансОйлдың» жарияланған қарапайым акцияларының көлеміне шаққанда 10 пайыз шегерілген бір акциясы қор нарығында орналастырылды және осы акциялардың шамамен 80% Қазақстанның 34 000-нан астам азаматтарына сатылды.




  1. «Самұрық-Қазына» өзінің еншілес компанияларын «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңға сәйкес басқарады. Қордың және дауыс беруші акцияларының (қатысу үлесінің) 50 және одан да артық пайызын Қор тікелей немесе жанама иелік еткен ұйымдардың тауарлары мен қызметтерін сатып алу, 2012 жылғы 26 мамырдағы Қордың Директорлар кеңесі бекіткен Сатып алу қағидасына сәйкес жүзеге асырылады. Топ мүшесінің «Самұрық-Қазынаның» сатып алуларындағы жергілікті қамту туралы талаптар
    2012 жылғы мамырдағы Сатып алу қағидасына енгізілді ме деген сұрағына Қазақстанның өкілі жергілікті қамту туралы бастапқы талаптар алдыңғы 2009 жылғы 13 ақпандағы «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Заңға сәйкес «Самұрық-Қазынаның» 2009 жылғы 18 қарашадағы Директорлар кеңесінің шешімімен бекітілген Сатып алу қағидасына енгізілгені туралы жауап берді. Қолданыстағы Сатып алу қағидасы «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» жаңа Заңға сәйкес бекітіледі. Жергілікті қамту туралы талаптар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Сатып алу қағидасына
    2008-2009 жылдардағы бүкіләлемдік қаржылық дағдарыстың мемлекеттің экономикалық өсіміне теріс ықпалдарын еңсеруге арналған үкіметтік күш салулардың бір бөлігі ретінде енгізілген болатын. Оның ішінде, жергілікті қамту туралы талаптар Қазақстан Республикасының 27 моноқалаларындағы әлеуметтік және экономикалық жағдайларды тұрақтандыруға және бұл қалалардағы шағын және орта бизнес кәсіпорындарын қоса алғанда, кәсіпкерлік қызметтердің негізін құраған кәсіпорындардағы жұмыс орындарын сақтап қалуға бағытталған болатын. Сатып алу қағидасы Қордың акцияларды иеленудегі үлесі (қатысу үлесі) 50%-дан кем болатын компанияларға қолданылмайды. Тендер тауарлар мен қызметтерді сатып алу үшін қолданылатын негізгі тәсіл болып табылады. Сатып алу қағидасында өтінімдерді бағалау өлшемшарттары айтылады және жергілікті өндірілген тауарлар мен қызметтер үшін жиынтығында 20 пайызға дейін бағаны шартты төмендетуді көздейді.




  1. Жергілікті қамту туралы талаптар мөлшерлері мен мерзімдері бойынша сатып алу келісімшарттарында қалай құрылымданғанын сипаттап беру туралы сұраққа Қазақстанның өкілі «Самұрық-Қазына» және оның компанияларының жасасатын сатып алуға арналған келісімшарттарында өнім берушінің өзінің баға ұсынымында көрсетілген жергілікті қамту туралы ережелер болуы тиіс екендігін түсіндіріп өтті. «Самұрық-Қазына» және оның компаниялары шартты жеңілдіктер жүйесін қолдану нәтижесінде, тендерлік құжаттаманың техникалық талаптарына сәйкестігі жағдайында шартты бағаны алатын өнім берушімен келісімшартқа қол қояды. Осылайша, тендердің нәтижелеріне бірнеше факторлар ықпал етеді: техникалық талаптарға сәйкестік, тауар немесе қызметке ұсынылатын баға және тауар мен қызметтегі Қазақстандық қамтудың үлесі.




  1. Топ мүшесі, сондай-ақ коммерциялық қызметпен қандай компаниялардың айналысатындарын және Үкімет үшін қызметтерін жүзеге асыратын компаниялардан аражігін бөліп түсіндіруді сұрады. Қазақстанның өкілі «Қазақстан Инжиниринг» АҚ қоспағанда «Самұрық-Қазынаның» барлық компаниялары өз қызметтерін коммерциялық салада жүзеге асырады деп жауап берді. «Қазақстан Инжиниринг» АҚ коммерциялық салада машина жасау өнімдерін және инжинирингтік қызметтерді өндірумен бірге, ұлттық қорғаныс мақсаттарына арналған тауарлар өндіреді. «СҚ Фармация» ЖШС тұрғындарды мемлекет кепілдендірген тегін медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік ауруханалар мен емханаларға таратылатын дәрі-дәрмек құралдары мен медициналық жабдықтарды және материалдарды сатып алуларды жүзеге асырады. Сондай-ақ, ол 2013 жылғы
    25 мамырдағы Үкіметтің № 516 Қаулысына сәйкес «СҚ Фармация»
    ЖШС-дағы 100% қатысу құқығының пакеті «Самұрық-Қазына» ұлттық
    әл-ауқат қорынан мемлекеттік меншікке берілгендігін айта кетті.




  1. Жұмыс тобының кейбір мүшелері егер заңдық тұрғыдан болмаса, іс жүзінде Қазақстанның көптеген кәсіпорындары айрықша немесе арнайы артықшылықтарды пайдаланатынын атап кетті. Жұмыс тобының осы мүшелері Қазақстаннан 1994 жылғы ГАТТ-тың XVII бабының ережелеріне сәйкес дайындалған хабарламалар жобасын ұсынуды сұрады және Қазақстаннан коммерциялық негіздегісін қоса алғанда, коммерциялық қызметпен айналысатын мемлекеттік компаниялар, оның ішінде мемлекеттің қатысуы бар АҚ/ЖШС ДСҰ талаптарына сәйкес әрекет ететіні туралы міндеттеме сұрады. Жұмыс тобының мүшесі Қазақстанның кейбіреулері экспорттық/импорттық операцияларға қатысатын, мемлекет бақылайтын бірқатар кәсіпорындарды қамтыған 6000-ге жуық мемлекеттік кәсіпорындардың және олардың меншігіндегі мемлекеттің қатысуы бар
    АҚ-лар мен ЖШС-лардың жұмыс жасайтынын мойындағанын атап өтті және осы кәсіпорындардың бірқатары, оның ішінде мемлекеттің қатысуы бар
    АҚ-лар мен ЖШС-лар, олардың «республикалық бюджеттен қаржыландырылатынына немесе қаржыландырылмайтынына» немесе монополиялар ретінде әрекет ететініне қарамастан, 1994 жылғы ГАТТ-тың XVII бабында баяндалған өлшемшарттарға сәйкес мемлекеттік сауда кәсіпорындары ретінде жіктелетін болады ма деп сұрады. Жұмыс тобының осы мүшесі 1994 жылғы ГАТТ-тың XVII бабының негізгі ережелері, оларды хабарлауды қажет ететін ерекше немесе айрықша артықшылығы жоқ, меншігінде мемлекеттің қатысуы бар АҚ және ЖШС сияқты мемлекет бақылайтын кәсіпорындарға қолданылуы мүмкін екендігін және осы ережелердің міндеттемелері «импорт немесе экспортты қамтитын» барлық сатып алулар мен сатуларға қолданылатынын атап өтті. Жұмыс тобының осы мүшесі Қазақстанға мемлекеттік сауда кәсіпорындарының қайта қарастырылған хабарламасын ұсыну туралы сұрау салу берді.




  1. Қазақстанның өкілі бюджеттік қаражатты пайдалана отырып импорттық және экспорттық операцияларға тартылған «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес кәсіпорындары болып табылатын бар-жоғы үш компания бар, олар: «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы, «ҚазАгроӨнім» АҚ (бұрын «Мал Өнімдері Корпорациясы» деп аталған) және «ҚазАгроФинанс» деп жауап берді. Соған қарамастан, Қазақстанның өкілі осы кәсіпорындардың 1994 жылғы ГАТТ-тың
    XVII бабын түсіндіру туралы уағдаластықтың хабарлама міндеттемелеріне енбейтінін тұжырымдады, өйткені олар тауарлар импортына немесе экспортына қатысты айрықша да немесе арнайы да құқықтарды пайдаланбайды.




  1. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы мемлекеттік астық ресурстары арқылы астықтың мемлекеттік қорларын қолдау және жаңарту жолымен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Үкіметтің агенті ретінде мемлекеттік астық ресурстарын (мемлекеттік астық қорлары және сатуға жататын ресурстардан тұратын), сондай-ақ нарықтық интервенцияларға арналған қорларды сатып алу, сақтау және тасымалдау бойынша бюджеттік бағдарламаны іске асырудың айрықша құқығына ие. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік астық ресурстары үшін сатып алуларды реттейтін қағидаларды бекітеді және жыл сайын мұндай сатып алулардың көлемдері мен бағаларын белгілейді. Үкімет «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы шетел мемлекеттеріне азық-түлік көмегі ретінде мемлекеттік ресурстарды пайдалану құқығына ие. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» жеке сауда жасаушылармен бәсекелестік жағдайында және нарықтағы бағаларды ескере отырып, сыртқы сауда операцияларын жүргізеді. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» сатып алуларының үлесі Қазақстан Республикасында өндірілген астықтың жалпы көлемінің 16,8 пайызын құрайды. Топ мүшесінің сұрағына жауап ретінде Қазақстанның өкілі жергілікті қамту туралы талаптарының 2009 жылғы
    24 қарашадағы Директорлар кеңесінің шешімімен бекітілген «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» тауарлар мен қызметтерді сатып алу қағидасымен белгіленгені туралы мәлімдеді. Соның ішінде, Қағиданың
    30-тармағы тендер тәсілімен жүзеге асырылатын сатып алулардағы отандық өндіріс тауарлары мен қызметтері үшін 20%-ға дейінгі шартты баға жеңілдіктерін көздейді.




  1. «ҚазАгроӨнім» АҚ отандық мал шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау мақсатында 2001 жылы құрылған болатын. Компания (і) малды, шикізаттар мен мал шаруашылығы өнімдерін ішкі нарықта және экспорттау үшін сатып алуға, сақтауға, қайтадан өңдеуге және сатуға;
    (іі) одан әрі өңдеу және сату үшін ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін импорттауға; және (ііі), компания қажеттіліктері және сату үшін ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен сақтау үшін мамандандырылған көлікті, технологиялық жабдықтарды сатып алуға (оның ішінде импорттауға) қатысады. Компания бәсекелестік ортада жеке компаниялармен қатар, импорттық-экспорттық операцияларды жүргізеді және оның Қазақстанның ет өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесі
    1 пайыздан артпайды. Нақты сұраққа жауап ретінде Қазақстанның өкілі «ҚазАгроӨнім» тауарлар мен қызметтерді сатып алуларды 2011 жылғы
    18 сәуірдегі Директорлар Кеңесінің шешімімен бекітілген Сатып алу қағидасына сәйкес жүзеге асырады деп жауап берді. Сатып алу қағидасы 4000 АЕК-тен12 асатын сатып алуларда сатып алудың міндетті әдісі болып табылатын тендерлік сатып алулар кезінде жергілікті өндіріс тауарлары мен қызметтеріне 20%-ға дейінгі шартты жиынтық жеңілдіктерін қолдануды көздейді. Ол сондай-ақ, 2007 жылдан бастап ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен сақтауға арналған мамандандырылған көліктер және технологиялық жабдықтарды сатып алулардың жүргізілмегенін қоса айтты. Осылайша, сатып алулардың мұндай түрлеріне жергілікті қамту туралы талаптар қолданылмаған.




  1. «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржылық лизингтік жүйелері шеңберінде қаржылық қызметтерді және ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын ұсыну жолымен бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған ауыл шаруашылығы секторын құру жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында құрылған болатын. «ҚазАгроҚаржы» ауыл шаруашылығы техникасын ішкі және халықаралық нарықтарда одан әрі фермерлерге жалға беру мақсатында сатып алады. Сыртқы экономикалық қызмет саласында «ҚазАгроҚаржы» ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын және малды импорттаумен айналысады, және осы салада монополияға немесе кез-келген басқа айрықша құқықтарға немесе артықшылықтарға ие емес. Үкімет осы компания сатып алатын ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының бағасын, мөлшерін және түрін реттемейді. Мұндай шешімдердің барлығын «ҚазАгроҚаржы» қолжетімді қаржы ресурстарына және ауыл шаруашылығы өндірушілерінен, олардың «ҚазАгроҚаржыдан» лизинг алуды жоспарлап, жабдықтарының түрлерін көрсеткен өтінімдеріне сәйкес қабылдайды. Үкімет мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын лизингтік жүйелер мен басқа да қаржылық бағдарламалардың пайыздық мөлшерлемелерін ғана анықтайды және басқа көздерден қаржыландырылатын қаржыландыру қызметі бойынша пайыздық мөлшерлемелерді реттемейді. Қойылған сұраққа жауап ретінде Қазақстанның өкілі «ҚазАгроҚаржы» тауарлар мен қызметтерді сатып алуды 2001 жылғы
    4 сәуірде Директорлар кеңесі шешімімен бекітілген Сатып алу қағидасына сәйкес жүзеге асырады деп жауап берді. Сатып алу қағидасы тендерлік сатып алулар кезінде жергілікті өндіріс тауарлары мен қызметтеріне 20%-ға дейінгі шартты баға жеңілдіктерін қолдануды көздейді. Бұған қарамастан, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын одан әрі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге лизингке беру үшін сатып алу фермерлерден түскен өтінімдер негізінде жүзеге асырылады. Осылайша, тендерлік сатып алуларда көзделген шартты баға жеңілдіктері одан әрі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге лизингке беруге арналған ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын сатып алуларға қолданылмайды. Ол сондай-ақ, Инвестициялар мен даму министрлігі ұсынған деректерге сәйкес, оның пікірінше, «ҚазАгроӨнім» және «ҚазАгроҚаржы» сатып алуларындағы жергілікті қамтудың үлесі болмашы екенін қоса айтты. Мысалы, 2012 жылы «ҚазАгроӨнім» 24,5 млн. теңгеге тауар сатып алды, оның ішінде жергілікті қамтудың үлесі 2,5 млн.-ға жуық теңгені немесе 10% құрады. 2012 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ 48,6 млрд. теңгенің тауарларын сатып алды, оның ішінде жергілікті қамтудың үлесі тек 2 млрд. теңгені немесе 4,2% ғана құрады.




  1. Қаржылық ұйымдар мен даму институттарын басқару жүйесін оңтайландыру жолымен экономиканың өсуіне және әртараптандырылуына, инвестицияларды тартуға және кластерлерді дамытуға жәрдемдесу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы
    22 мамырдағы №571 Жарлығымен «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі құрылған болатын. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының келесі еншілес компаниялары «Бәйтерек» ҰБХ-ға берілді: «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «КазЭкспортГарант» экспорттық-кредиттік сақтандыру корпорациясы» АҚ, «Қазақстанның Инвестициялық Қоры» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ. «Бәйтерек» портфолиосы сонымен қатар, төмендегідей бұрын мемлекеттік органдардың бақылауында болған АҚ-ларды қамтиды: «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ (бұрын Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің басқаруында болған), «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ, «Қазақстандық ипотекалық кредиттерді кепілдендіру қоры» АҚ (бұрын Өңірлік даму министрлігінің басқаруында болған), «Стресті активтер қоры» АҚ (бұрын Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің басқаруында болған).




  1. Жұмыс тобы мүшесінің тауарларды импорттау және экспорттау саласындағы мемлекеттік монополияны құру туралы сұрағына Қазақстанның өкілі Қазақстан қазіргі уақытта тек бекіре тұқымдас балықтар уылдырығын және бекіре тұқымдастардың басқа өнімдерін экспорттауды қоспағанда, тауарларды импорттау және экспорттау саласындағы мемлекеттік монополияны құруды қолдамайды және көздемейді деп жауап берді. «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы»
    2004 жылғы 9 шілдедегі № 539-ІІ Заңның 11-1-бабына сәйкес бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығын және бекіре тұқымдастардың басқа өнімдерін экспорттау, сондай-ақ, бекіре тұқымдас балықтарды аулау және оларды сатып алу және өңдеу бойынша қызметтер мемлекеттік монополия саласына берілген. 2011 жылы Үкімет қазіргі уақытта реконструкциялық жұмыстар жүргізіліп жатқан «Орал-Атырау» бекіре балығын өсіру зауыты» мемлекеттік монополиясын құрды. 1994 жылғы ГАТТ-тың XVII бабын түсіндіру туралы Уағдаластықта көзделгендей, Қазақстан кәсіпорынды хабарлауды жоспарлайды.




  1. Топ мүшесінің сұрағына жауап ретінде Қазақстанның өкілі
    20 пайыздық шартты баға жеңілдіктері нысанындағы жергілікті қамту туралы талаптар ұлттық басқару холдингтерінің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың, сондай-ақ мемлекеттің қатысу үлесі 50 және одан артық пайызды болатын басқа акционерлік қоғамдар мен жауапкершіліктері шектеулі серіктіктестіктердің сатып алуларында қолданылатынын көрсетті. Топ мүшесінің сұрағына жауап ретінде Қазақстанның өкілі жоғарыдағы
    109-дан 114-ке дейінгі тармақтарда және «Мемлекеттік сатып алулар бойынша» тараудың 939-тармағында сипатталған компаниялар, осы Баяндаманың «Саудамен байланысты инвестициялық шаралар» тарауында сипатталғандардан басқалары, тауарлар, қызметтер мен жұмыстарды сатып алуды жүзеге асыруға ниеті болған кезде жергілікті қамту бойынша ережелерді сақтаулары тиіс Қазақстандағы жалғыз компаниялар болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда келесідей мемлекет бақылайтын компаниялар бар:




  • Үш ұлттық басқарушы холдингтер («Самұрық-Қазына», «ҚазАгро», және «Бәйтерек»);

  • Екі ұлттық холдинг («Зерде» және «Парасат»);

  • 33 ұлттық компания (оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтер құрамындағы 10 компания);

  • 944 мемлекеттік органдардың басқаруындағы акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер.




  1. Қазақстанның өкілі Қазақстанда коммерциялық салада жұмыс жасайтын, ұлттық компаниялар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер және акцияларының 50 және одан астам пайызын ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық холдингтер иеленетін кез келген
    АҚ-ларды қоса алғанда, қызметі пайда түсірумен байланысты мемлекетке тиесілі және мемлекет басқаратын кәсіпорындардың бар екенін растады. Ол, сондай-ақ Қазақстан ДСҰ-ға кірген күннен бастап, мұндай кәсіпорындар коммерциялық қызметті жүзеге асыру кезінде халықаралық сауда шеңберінде үкімет қажеттіліктері үшін арналмаған сатып алуларды және сатуларды ДСҰ келісімінде қолданылатын ережелерге сәйкес келетіндей жүзеге асыратынын растады. Ол, соның ішінде, мұндай кәсіпорындар бағаны, сапаны, қолжетімділікті, өтімділікті және тасымалдауды қоса алғанда, коммерциялық негізді басшылыққа отырып, сатып алулар мен сатуларды жасайтынын, сондай-ақ ДСҰ-ның басқа мүшелерінің кәсіпорындарына әдеттегі іскерлік тәжірибесіне сәйкес мұндай сатып алулар мен сатуларға бәсекелестікпен қатысуға тиісті мүмкіндіктерді ұсынатынын растады. Ол, сондай-ақ қызметтер саласындағы Қазақстанның міндеттемелері шеңберінде, ДСҰ-ның Қызметтер бойынша айрықша міндеттемелер тізбесіндегі айтылған шектеулерді, Қазақстанның Қызметтер саудасы жөніндегі Бас келісім бойынша құқықтары мен міндеттемелерін қоса алғанда, ДСҰ келісімі қамтитын Қазақстанның реттеу сипатындағы шараларын қоса алғанда, баға белгілеу және міндеттемелер, құқықтар мен міндеттер, және осындай міндеттемелерге, құқықтарға мен міндеттерге сәйкес шаралар үшін зиянсыз болу қағидатын қоса алғанда, Қазақстан осындай кәсіпорындардың қызметі осы тармақта анықталған ережелерге сәйкес жүзеге асатынына кепілдік беретінін растады. Бұдан әрі ол, осы міндеттемелер 896 и 897-тармақтарында баяндалған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» № 291-IV Заң шеңберінде жасалған инвестициялық келісімшарттар үшін өтпелі кезеңді, және Қазақстанның Мемлекеттік сатып алу туралы ДСҰ келісіміне қосылуы жөніндегі келіссөздерге қатысуын немесе осы келіссөздермен қамтылатын ұйымдар бойынша ұсынысты қозғамайтынын растады. Ол, сондай-ақ ДСҰ-ға кіргеннен кейін Қазақстан 1994 жылғы тарифтер мен сауда бойынша ДСҰ Бас келісімінің XVII бабын түсіндіру туралы уағдаластыққа жататын кәсіпорындарға қатысты хабарламалар жіберетінін растады. Жұмыс тобы осы міндеттемелерді ескерді.



1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   78




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет