Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда



бет2/19
Дата08.06.2016
өлшемі1.78 Mb.
#122928
түріАнықтамалық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Шығармалары:
Оразбаев И. Дүние жарық: Жыр кітабы.- Алматы: Жалын, 1987.- 159 б.
Оразбаев И. Жеті қазына: Поэма.- Алматы: Жалын, 1977.-56 б.
Оразбаев И. Жүрек жырлайды: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1974.- 39 б.
Оразбаев И. Өмір - өлең: Лирика.- Алматы: Жазушы, 1982.- 144 б.
Оразбаев И. Сұлулық сарасы: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы, 1985.- 152 б.
Оразбаев И. Сұлулықпен сырласу: Жыр кітабы.- Алматы: Жазушы, 1980 .- 103 б.
Оразбаев И. Түннің көзі: Поэмалар мен өлеңдер.- Алматы: Жалын, 1979.- 87 б.
Оразбаев И. Батқан кеменің бейбақтары: Драмалық -дастандар.-Алматы: Жазушы.-1990.-200б.
Оразбаев И. Иран бағы.- Алматы: Жалын.-1995.-304б.

Өмірі мен шығармашылығы:

Иран – Ғайып (Оразбаев Иранбек).// Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр: Анықтамалық.- Алматы, 2004.- Б.149 – 150.


Оразбаев Иранбек //Советтік Қазақстан жазушылары: Био- библиограф. анықтамалық.- Алматы, 1987.- Б.479.
Иран Ғайып //Қазақстан: Ұлттық энциклопедия.- 4том.- Алмыты.- 2005.-310б.


Орманов Ғали

(1907 – 1978)
Ғали Орманов - қазақ совет поэзиясының қарт командирлерінің бірі. Ол үлкен жолдар кешкен, қиын - қыстау өткелдерден өткен, өлең жолында көп тер төккен, ыстық - суық кезеңдерде шыныққан шеберлердің бірі.

Ақын Талдықорған облысының Қапал ауданының "Қызыл Жұлдыз" колхозында 1907 жылдың 15 тамызында дүниеге келген. 1938 жылдан КПСС мүшесі. ҚазПИ - ді бітірген (1943), 1929 - 30 ж. Іле аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, 1930 - 39 ж. "Социалистік Қазақстан" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1939 - 46 ж. Ж.Жабаевтың әдеби хатшысы, "Майдан" альманағының редакторы, 1950-60 ж. "Әдебиет және искусство" (қазіргі "Жұлдыз") журналының бас редакторы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының секретары, секция меңгерушісі болды. Шығармалары 1927 жылдан жариялана бастады. Ғ.Орманов - лирик ақын. Оның лирикалық өзіндік сыры, өзіндік ерекшелігі бар. Аз сөзбен көп мағына беріп, өмір шындығының сурет - сипаттарын лирикалық кейіпкердің толғаныс, тербеністері арқылы нәзік бейнелейді. Жалт еткен бір көрініс арқылы үлкен мәселелерді түйіп тастайды. Тұңғыш өлеңдер жинағы "Шеңбер" деген атпен 1934 ж. шықты. 1930 жылдардағы шығармаларында туған елінің өткені мен бүгінін, замандастар ерлігін, коллективтендіру науқанын, тәуелділіктен құтылған кедей шаруалардың күйін шынайы суреттейді. "Шәуілдір" (1934), "Алынған қамал" (1935) поэмалары, "Абысын сыры" (1936) жыр кітаптары, "Көтерме" атты прозалық жинағы (1935) өзгерген өмірді, адамдардың қаһармандық ерлігін, табиғаттың дүлей күшіне қарсы шыққандарды бейнелеуге арналған.

Ғали ақын өзіне біткен дарынын қасиеттеп ұстап, дамыта білді. Сөз құдіретіне өте мән беріп, оны қашанда үнемді, орынды қолданатын. Өлеңді өзі айта беретіндей "жасағанның өзі жаратқандай етіп" шығаруға тырысатын.

Ақынның алғашқы өлеңдерінің өзінен - ақ табиғат көрінісін нақтылы, бейнелі суреттеуге талпынғанын байқаймыз. "Қора" деген өлеңнің кіріспесін оқып көрелік:

Жоңғардың асқақтаған ала асқары,

Алтай жон, Тарбағатай жалғас бәрі,

Тізілген омыртқадай ақ заңғарлар:

Секілді көк тіреуі, бұлт астары.

Кигені қар кебенек, мұздай жарғақ,

Сауыты саудыраған құз тастары.

Алыстан аңсап шөлдеп бұлттар келіп,

Көрісіп көл болады көз жастары.

Қоры мен қонысы үшін сол таулардың

Кіммен кім қырғындасып таласпады?!

Осы өлеңді шеберлігі қалыптасқан ақын қаламынан шыққан деуге әбден болады. Мұны ақын жиырма жасында жазыпты.

Ғали Орманов тебіренсе, күйініп - сүйінсе де оқырманымен сырласа отырып, жан дүниесін жайып салады. Ғали ақынның "Халық қаһарманы" дастаны - Карпат тауларындағы партизандар ерлігін аңызға айналдырып жазған шығарма. Қазақ поэзиясында Батыс Украина азаматтарының соғыстағы ерлігін жырлаған шығарма қалай пайда болды десеңіз, Ғали ақын майданға барып қайтқанда, аңызға айналған ерлік істерді істеп, сол туралы мол деректер жинап қайтқан. Демек, Ғалекең көзбен көргенін, жүрегімен сезгенін жазып отыр. Дастанның құндылығын да осында деп білеміз.

Ғали Орманов өз ғұмырында ел - елді көп аралаған. Алатаудан - Теміртауға, одан Кавказ қақпасына дейін, Қара теңізден Памир тауларына дейін саяхат жасап, көргеніне сүйсінуден бір жаңылмағанын көреміз. Ел көргеннің нәтижесінде "Алыптың тұлғасы", "Күн шұғыласы", "Севастополь", "Тәжікстан тұлғасы", "Достық көпірі", "АСУ аңызы", "Румын қызы", "Үлбе", "Теңіз тынысы" сияқты көптеген жақсы сүбелі жырлар тудырыпты.

Адамның жеке қасиеттерін жырлайтын өлеңдер Ғали ақында аз емес. Жамбылға, Мәлікке, Бауыржанға, Нүрмолда Алдабергеновке арналған өлеңдерінен сүйкімді мінезді, сындарлы сымбатты, бейнелі тұлғаларды көреміз.

Көңілді қоса қозғап жүрер есте,

Сүйкімді жылы күлкің, қоңыр үнің - дейді Мәлікке арналған өлеңінде. Жеке адамның өзіне тән қасиеті кестеленеді бұл жолдарда. Асқақтату, асыра мақтау, сыпыра сылдырату жоқ мұнда.

Ғали Орманұлының Абайға арналған өлеңдерінің бірі "Ақын мұнарасы" деп аталады:

Жырында жүр шарқырап ақын құсы,

Жарылқап жанымызды жазы, қысы.

Ғали ақын Абайға қатты еліктеген. Абайдың өлең құю тәсілін тура қолданады, онысы әсіресе, жастық шақ жырларында жиі кездеседі:

Есімде жас ару

Тамылжып тұрысы.

Бек әлсіз, жоқ қару -

Қалтырап тынысы…

Үндемей сүйдіріп,

Мас етіп ол сені,

Ішімді күйдіріп,

Гүл ерні, от лебі.

Абайдан үлгі алмаған, Абайға еліктемеген қазақта ақын жоқ. Әйтсе де жанділімен Абайдың өлеңдерін жаттап, оны ылғи айтып жүретін Ғали Ормановтай ақын жоқ.

Ол Абайдың "Қолдан келмес іске ұмтыл, азат басың болсын құл", "Өзгеге көңілім тоярсың, өлеңді қайтып қоярсың!" деген сияқты өлең жолдарын керек жерінде өз өлеңдеріне де орайымен кіріктіріп отырған.

Ғали Орманұлы шығармашылығының қомақты бір саласы - көркем аударма. Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Низами Ганжауи, Мақтымқұлы, Л.Толстойдың "Анна Каренина" романын, Н.В.Гогольдің «Нева проспектісі», А.П.Чеховтың бірнеше әңгімелерін, М.Бубенцовтың «Ақ қайың» романын, М.Тұрсын – Заденің «Үндістан балладаларын» аударғаны жұртқа мәлім. Ғалекең - көркем аударманың нағыз шебері. Төл шығарма жазғандай жан салып, қинала ізденіп жақсы аударады.

Көзінің тірісінде Ғали Орманұлы ақындық шеберлігі тұрғысынан, сөз тамырын дәл басып ұстайтын майталман аударма саласынан да едәуір мадақталды. Сөзінің салмағы мен дәлдігін қатар ұстайтын Ғабит Мүсіреповтің бағалауы мынадай: "Ғали ақынның тағы да бір ерекшелігі - ол айтайын дегенін құлағыңа емес, жүрегіңе айтады. Ғалиды осы жағынан жете тексере алсақ, Ғали көтерілген биіктің аласа еместігін көрер едік".

Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен марапатталған.

Ақын жасаған жетпіс жыл өмірдің (дәлірек айтқанда, ол 71 жасында 1978 жылы қайтыс болды) әдебиетке арналған елу жылын бүгін шолып қарасақ, Ғали ақындығы алғашқы күннен бастап, белгілі бір тұтастықта, бөлінбей, жарылмай, әр жаққа шашырамай, бір бағыттағы ізденісте жетілгенін көреміз.




Шығармалары:
Орманов Ғ. Шығармалар жинағы: 4 томдық.- Алматы: Жазушы,

Т.1.: Өлеңдер мен поэмалар.- 1982.- 416 б.

Т.2.: Өлеңдер, поэмалар,аудармалар (1940 – 1959).-1983.-424 б.

Т.3.: Өлеңдер мен аудармалар.- 1984.- 464 б.

Т.4.: Өлеңдер мен толғау.- 1984.- 440 б.
Орманов Ғ. Бөбек жүрегі.- Алматы: ҚМКӘБ., 1949.- 47 б.

Орманов Ғ. Диқан баба.- Алматы: ҚМКӘБ., 1962.- 24 б.


Орманов Ғ. Емен: Өлеңдер жинағы.- Алматы: ҚМКӘБ., 1945.- 44 б.
Орманов Ғ. Жан қанаты: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1973.- 124 б.
Орманов Ғ. Жер қызығы: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1972.- 136 б.
Орманов Ғ.Жүрек: Әңгімелер.- Алматы: ҚМКӘБ., 1963.- 140 б.
Орманов Ғ. Жылдар жыры: Таңдамалы.- Алматы: Жазушы, 1976.- 400 б.
Орманов Ғ. Көгілдір қиыр: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1970.- 95 б.
Орманов Ғ. От өзен: Өлеңдер жинағы.- Алматы: Жазушы, 1965.- 120 б.
Орманов Ғ. Сәт сапары.- Алматы: ҚМКӘБ., 1957.- 367 б.
Орманов Ғ. Серпін: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1979.- 150 б.
Орманов Ғ. Таңдамалы: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1977.- 375 б.
Орманов Ғ. Таңдамалы өлеңдер.-Алматы:Жазушы,1967.-663 б.

Орманов Ғ. Таңдамалылар.- Алматы: ҚМКӘБ., 1961.- 232 б.


Орманов Ғ. Үлес: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1974.- 118 б.
Орманов Ғ. Көп томдық шығармалар жинағы т.3,4.- Алматы: Қазығұрт, 2009.-248б.

Өмірі мен шығарашылығы:
Мәуленов С. Қысқалық – ұсталық //Мәуленов С. Сыр және жыр.- Алматы, 1991.- Б. 151-164.
Орманов Ғали //Қазақ ССР: 4 томдық қысқаша энциклопедия.- Алматы, 1989.- Т.4.- Б. 474.
Орманов Ғали (1907–1978) // Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр.- Алматы, 2004.- Б. 245.
Орманов Ғали (1907– 978) //Советтік Қазақстан жазушылары: Био – библиограф. анықтамалық.- Алматы,1987.- Б. 484 – 485.

Орманов Ғали //Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы.- 2005.- 418-419б.


Орманов Ғали //Қазақстан: Ұлттық энциклопедия.-7том.-Алматы, 2005.-183б.
***
Досжан Д. Ақын: [Ғали Оманов туралы сыр] //Егемен Қазақстан.-2009.-25 ақпан.-7б.
Негимов С. Ғалидың ғазиз сырлары: [Ғ. Орманов] //Ана тілі.-2009.-27 тамыз.-14б.

Оспанов Сейфолла

(1938)
Сейфолла Міркемелұлы Оспанов 1938 жылы 15 желтоқсанда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Құндызды ауылында дүниеге келген. 1966 жылы ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. Қызылорда паравоз депосында (1956- 1957) жұмысшы, Алматыдағы "№75 құрылыс тресінде" (1957 - 1958) моторист болып істеген. 1958 - 1997 жылдары "Жазушы", "Рауан", "Қазақстан" баспаларында корректор, редактор, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, халықаралық "Түркістан" газетінде меншікті тілші қызметтерін атқарған.

С.Оспановтың алғашқы өлеңі халық термесінің ырғағымен жазылған "Не жаман?" деген өлең еді. Ол өлең кезінде яғни 1958 жылы "Балдырған" журналында басылып, кейіннен сол жылғы дайындалып жатқан оқулықтардың ішіне еніп кеткен. Сөйтіп С.Оспанов ә дегеннен оразасын халық фольклорымен ашқан. Фольклор тілі - халық тілі, халық тілі - алмас. Адамзат тілі туған жерден өнген, сондықтан онда туған жердің дәмі бар. Халқымыз ерекше дарынды адамдарды "алмастай" деп бағалайды.

1962 жылы "Жазушы" баспасынан шыққан "Жас дәурен" атты жас ақындар жинағына топтамасы енген. Содан бергі уақытта ақынның бірнеше жыр жинақтары жарық көрді.

Балаларға арнаған "Қалақай" (1966), "Не жаман?" (1966), "Балақойған" (1969) және "Жалбыз" жинақтары бар. "Жазғы жауын" (1966), "Бақытқа хат" (1973), "Құндызым, менің жұлдызым" (1979), "Ар мен ән" (1982), "Жанарымда жан сырым" (1984), "Көңіл сәулесі" (1987), "Самала" (1988) атты өлеңдер мен поэмалар жинақтары жарық көрген.

С.Оспанов - екіншіден зерттеуші. Жалпы ақындық та, зерттеу де жаратылыстағы адамтанудан басталатыны айқын. Олай болса философияның негізгі тақырыбы - Адам және қоғам. Қай заман, қай қоғам болмасын халықтың рухани өміріне үміт шырағын жағатын, арман - тілегі мен мақсатын дөп басып көрсететін - көркем әдебиет. Әдебиетті талантты жазушылар жасайды. Барлық замандарда да солай болған, қазірде де солай. Бұл тұрғыдан С.Оспанов қазақ әдебиеті мен өнеріне үлкен үлес қосқан, атақты өнер қайраткерлерінің үлкен бір галереясын жасаған. Олар туралы жазылған зерттеу материалдар халқымыздың жартығасырлық көркем тілмен жазылған тарихи шежіресі іспетті. Зерттеуші - кітап авторының жазу стилімен қоса жан - дүниесін де ақтарады.

Дүниеге келген әрбір жаңа шығарма - жаңа адам. Ол әрі мына жарық дүниемен табыстыратын талдауда алдына мынадай мақсат қояды екен. Бүгінгі жетістік - табыстарымыз қандай? Кемшілігіміз неде? Шығарманың тілі, образ… шеберлігі қандай, идея шындыққа сай келе ме? Міне, осындай міндеттерді алға қойған зерттеуші - қай шығарманы талдамасын өрелі биіктен көрінетіні сөзсіз.

С.Оспанов - үшіншіден аудармашы. Проза саласында В.Бианкидің "Қай құстың тұмсығы ұзын", Т.Нагаевтің "Тайгадағы айқас", С.Т.Аксаковтың "Алқызыл гүл", Ә.Жәмидің жыр жинағын, сегіз томдық "Мың бір түннің" 12 мың жолдық поэзиясын , А.Тверскойдың Н.Хикмет жайлы "Босфор үстіндегі ән" атты өмірбаяндық кітабын және кино саласында 60 шақты фильмді, оның ішінде тұтастай өлеңмен жазылған Ә.Фирдоусидің "Шаһнамасы" желісімен түсірілген "Рүстем - Сүһрап", "Сияуыш туралы аңыз", тағы басқа фильмдердің жырларын, сондай - ақ қырғыздың "Айчурек" операсының либреттосын қазақшалаған. Жекелеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған.

"Мұңлық - Зарлық" эпосының желісі бойынша балаларға арнап өлеңмен үш бөлімді пьеса жазған. "Асан мен Ұсен", "Аяз би" пьесаларын да жыр жолына түсірген.

Қазақстан Журналистер одағының А.Байтұрсынов атындағы жүлдесінің иегері, Бұхар жырау және Асқар Тоқмағамбетов мүшәйраларының жүлдегері. Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен, "Мәдениет қайраткері" белгісімен марапатталған.

Шығармалары:
Оспанов С. Ар мен ән: Өлеңдер мен поэма.- Алматы: Жалын, 1982.- 120 б.
Оспанов С. Бақытқа хат: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1973.- 55 б.
Оспанов С. Балақойған: Аңыздар, өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар.- Алматы: Жазушы, 1971.- 31 б.
Оспанов С. Бәйге: Өлеңдер.- Алматы: Жалын, 1979.- 40 б.
Оспанов С. Біздің мереке: Жыл мезгілдері мерекелері туралы тақпақтар мен өлеңдер.- Алматы: Жалын, 1980.- 91 б.
Оспанов С. Жазғы жауын: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1966.- 47 б.
Оспанов С. Жанарымда жан сырым: Өлеңдер мен поэма.- Алматы: Жазушы, 1984.- 136 б.
Оспанов С. Көңіл сәулесі: Өлеңдер мен поэма.- Алматы: Жалын, 1987.- 128 б.
Оспанов С. Өзгерген өңін.- Алматы: Қазақстан, 1976.- 64 б.
Оспанов С. Самала: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1988.- 120 б.
Оспан С. Жалбыз: ертегілер, аңыздар, өлеңдер. - Алматы: Балалар әдебиеті.-2001.-160б.
Оспан С. Алдымнан атқан ақ таңым: Өлендер мен дастандар.- Алматы: Арыс.-2004.-352б.
Оспан С. Қанағат: Өлендер мен толғаулар.- Алматы: Жазушы, 2004.-248б.
Өмірі мен шығармашылығы:
Оспан Сейфолла //Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр: Анықтамалық.- Алматы, 2004.- Б. 246.
Оспанов Сейфолла //Советтік Қазақстан жазушылары: Био - библиограф. анықтамалық.- Алматы, 2987.- Б. 486 - 487.
Оспанов Сейфолла Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы,2005.-419б.

***


Адырбекұлы К. Қатардағы Сәкем деп жүрсем өзім [Ақын Сейфолла Оспан] //Түркістан.-2008.-4 желтоқсан.- 7б.

Оспанов Серікбай

(1945)

Торғай өңірі ешқашан таланттарға кенде болған жер емес. Арғы- бергісін тергемей - ақ, кешегі Сырбай мен Кеңшіліктің арасындағы ақындарын атап өтер болсақ та екі қолыңның саусағы жетпейді. Оларды жеке - жеке алғанда, әрқайсысы өзіндік бір - бір әлем.

Әкеммен аттас Секең - Сері-ағаң - Серікбай ақын да осы өңірдің бел баласы. Қазақ, әдетте, "Серікбай" деген есімді жалғыз балаға өзіме серік болсын деген ниетпен қояды. Екінші дүниежүзілік соғыстан жаралы болып елге оралған Осекең де жақындап қалған Ұлы Жеңіске үмітпен қарап, дүниеге шыр етіп келген шақалақ шарананың құлағына азан шақырып бұл есімді мені жалғыздықтан құтқарсын деген тілекпен қойса керек.

Осындайда ақынның төсек тартып әл үстінде жатқан анасына арнаған бір өлеңіндегі:

"Жалғызымыз!" - дедің,

Қиналып айттың, қимадың,

Жалғыз - ақ сөзбен барлығын маған жеткіздің! -

дейтін жыр жолдары оның тұтас тағдырын көз алдымызға әкелгендей де болады кейде.

Серікбай Оспанов 1945 жылы Торғай облысындағы Жанкелдин ауданының "Балдай" аталатын кішкентай ғана елді мекенінде дүниеге келіпті. Қазақстан картасында атауы жоқ осы бір қазақы қоныста оның тілі шықты, тұсауы кесілді. Секенді ақындық өнерге жетелеген, оның қолына алғаш қалам ұстатып, жүрегін тербеген себептердің бірі де оның осы атамекенінің атауы емес пе екен деп ойға қаласың. Әр нәрсеге ат қойып, айдар тағуға келгенде бұл қазақ қандай шебер десеңізші!

"Балдай" атауы оны осылай тебірентеді. Бір қасық суының өзі бал татыған Балдай атты құтты қоныс ақындық өнерге аңсары ауып астанаға кеткен Секенді ұзақ жылдар сағындырып, көкейінде мәңгіге ұялап қалған. Ол өзінің баспасөз беттерінде жарық көрген кейбір шығармаларына, осынау алтын бесік атамекенін еске алып, "Балдай Оспанов" деген бүркеншік есіммен де қол қоятынды.

Балдайдан ұшқан темірқанат балапан бұл күнде әлденеше рет қайта түлеп, қазақтың белгілі ақынына айналып отыр. Танымал талант Алтынбек Қоразбаев әдемі ән жазған Секеңнің "Сағындым Алматымды" атты өлеңін білмейтін жан кемде - кем. Бұл ән атақты орыс әншісі Валентина Толкунованың орындауында екі тілде бірдей шырқалады:

Қосамын әнге атыңды,

Тосамын әр хатыңды.

Сағындым алма бағын,

Арайлы Алматымды…

Оның қаламынан туған тырнақалды туындылары 1969 жылы "Жас керуен" аталатын ұжымдық жинаққа еніп, оқырман қауым қасиетті өлең өлкесіне келіп қосылған жаңа есіммен қауышты. Арада екі жыл уақыт өткен соң жас ақын өзінің "Жүрек лүпілі" атты тұңғыш жыр жинағын жариялап, поэзия жанкүйерлерінің жүрегіне жылылық ұялатып үлгерді. Одан соң бірінің ізін бірі қуалай жарық көрген "Жарқын жастық", "Қайнар бұлақ", "Қоңырау гүл", "Алтын арқау", "Батыр туралы баллада", "Тіршілік тамыры", "Назқоңыр", "Балдай таудың баурайында" атты жыр жинақтарында ақынның алуан түрлі тақырыпта сыр шертіп, ой толғаған өлеңдері, балладалары, дастандары өмірге жолдама алып жатты. Бұлардан басқа балалар әдебиетіне қосқан үлесі мен аударма һәм сатира салаларында еткен еңбегі өз алдына бір төбе. Қысқасы, қолына қалам ұстаған ақын Серікбай Оспанов қары талмай, қарымды еңбек етті.

Секең - өлеңді өнерлеп, өрнектеп жазудан гөрі оны өзінің табиғатынан тудырғанды қалайтын қарапайым қалам иесі. Сондықтан да оның өлеңдері, негізінен, қызықты, қоңыр болып келеді. Ақынның "Шашу" атты өлеңінде бір қарағанда, елең еткізер ерекше ештеңе де жоқ сияқты. Бірақ оқырманды өзіне баурап алар бір жылылық бар. Ол жылылық неде?

Ұлы қолына құс қондырып, келін түсіргенде, тағы сол сияқты қуаныш үстінде кейуаналардың шашу шашып, елдің мәресәре болуы ұлтымыздың ежелгі үрдісі ғой. Бақсақ, шашу жай ғана салт - дәстүр емес, "шашылып жатқан шаттық" екен. Ақын оны образды түрде "көк аспанға салют болып атылған ананың көңіл қуанышы" деп, жиырмасыншы ғасыр перзентінің көзімен көріп отыр. Ананың шашылған қуанышын теріп, онымен тәтті десе тамсанып сілекейін шұбыртқан балаларды қуанту шынында үлкен шаттық емес пе?! Ал осы суретті көзі көріп өскен қазақы оқырманды әсіре қызыл бояумен алдаусыратудың қажеті бар ма, сірә! Әрине, жоқ! Секеннің өлеңіндегі қарапайымдылық та осындай себептерден туып отыр.

Қазекеңнің қызық мінездері көп қой. Әлемде теңдесі жоқ балажанды халық бола тұра сәбиімізді дүние есігін аттаған алғашқы күнінен бастап шектеп, тыйып өсіруге пейіл емеспіз бе?! Ақын назар аударуға тұрарлық осы бір жәйтке елеусіз қарай алмайды.

Әрине, үйқасып дұниеге келген сөз тіркесінің бәрі өлең емес. Абайдың мақсаты "тіл ұстартып, өнер шашпақ" болса, бүгінгі ақындарымыздың ешқайсысы да бұл мұраттан бас тартып отырған жоқ.

Сондықтан да біз қай - қай қаламдасымыздың болса да өлең - жырларынан тек қарапайымдылықты ғана емес, нағыз жауһар поэзияға - хас ару сөз іздеуге хақылымыз. Ондай жыр кестелерін Серікбай Оспанов шығармашылығынан көптеп кездестіруге болады. Ол махаббат тақырыбында жазылған бір өлеңінде:

Бақыт - бұлақ, көргем жоқ қанып ішіп,

Өзің жаққа кеткендей жаным ұшып.

Жүрегімізді алған ба алмастырып,

Әуелде өзі табиғат жаңылысып?! -

деп, ғашық жарын шынайы сырласуға шақырса, келесі бір орамда оқыстан ойға түскен образды тіркестерді түйдектете келіп:

Бақытымның - қолында кілті нұрдың,

Әдемісі де өзіңде күлкі - гүлдің.

Тағы, міне, жатырмын ұйықтай алмай,

Арасында сен тұрсың кірпігімнің, -

деп, сезіміңді селт еткізеді.

Ақынның міндеті тек өрнекті сөзбен сурет салу ғана емес, яки әр шумақ сайын ой түйіндеп, күрделі философиялық қорытындыларымен қарапайым оқырманды таңқалдыру да емес. Сондай ақ жырсүйер қауымды сиқыршыдай арбап, эротикалық суретке телміртіп қойғандай жалаңаш сезімнің жетегінде жіберу де хас қаламгерге лайық қасиет деп танылмайды. Бірақ ақын шығармаларынан біз біртұтас жанды сөз - ой - сезім ұштағанын көргіміз келеді.

«Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Шығармалары:
Оспанов С. Алтын арқау: Өлеңдер мен поэма.- Алматы: Жазушы, 1982.- 107 б.
Оспанов С. Балдай таудың баурайында: Өлеңдер, балладалар, поэмалар.- Алматы: Жалын, 1990.- 302 б.
Оспанов С. Батыр туралы баллада: Өлеңдер мен балладалар.- Алматы: Жалын, 1984.- 128 б.
Оспанов С. Жарқын жастық: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1975.- 35 б.
Оспанов С. Жүрек лүпілі: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1971.- 39 б.

Оспанов С. Қайнар бұлақ: Өлеңдер мен балладалар.- Алматы: Жалын, 1977.- 63 б.


Оспанов С. Қалақай: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1965.- 20 б.
Оспанов С. Қоңыраугүл: Өлеңдер.- Алматы: Жалын, 1979.- 112 б.
Оспанов С. Назқоңыр: Өлеңдер, поэма, толғаулар мен балладалар.- Алматы: Жалын, 1987.- 148 б.
Оспанов С. Сырбай Мәуленов - журналист, публицист; Оқу құралы.- Алматы: Ғылым, 2001.- 140 б.
Оспанов С. Тіршілік тамыры: Өлеңдер мен поэма.- Алматы: Жазушы, 1985.- 128 б.
Оспанов С. Шашу: Өлеңдер мен жұмбақтар.- Алматы: Балауса, 1992.- 175 б.
Оспанов С. Ең жақын кім адамға: Өлендер, ертегілер, жұмбақтар. - Алматы: Балалар әдебиеті, 2006.-186б.
Оспанов С. Қараторғай: Өлендер мен поэмалар.- Алматы, 2004.-232б.


Өмірі мен шығармашылығы:

Оспанов Серікбай //Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр: Анықтамалық.- Алматы, 2004.- Б.247.

Оспанов Серікбай //Советтік Қазақстан жазушылары: Био- библиограф. анықтамалық.- Алматы, 1987.- Б.487 – 488.
Оспанов Серікбай. Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы, 2005.- 420б.
Оськин Дмитрий

(1930)
Дмитрий Васильевич Оськин 1930 жылдың 30 қазанында Рязань облысы, Клепиков ауданы, Траново ауылында туған. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен колхоз жұмысына араласып, жер жыртқан, егін еккен, мал баққан, отын әзірлескен. Паровозда от жағушы, тас қалаушы болған. Осы кезде комсомолдық жолдамамен Қазақстан магниткасы құрылысына келіп, тас қалаушы бригадирі болған.

Алғашқы топтама өлеңі "Комсомолец Караганды" газетінде 1959 жылы шыққан. 1961 жылдан бастап очерк, әңгімелері орталық "Молодая гвардия", "Юность" журналында жариялана бастаған.

1970 жылы өндірістен қол үзбей, М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Д.Оськиннің көптеген очерктері мен деректі повестері Мәскеу баспаларынан шыққан ұжымдық жинақтарда басылған. Оның біраз туындысы қазақ, болгар, неміс тілдерінде жарияланған.

Дмитрий Оськин 1962 жылдан КПСС мүшесі. Ол "Еңбек ардагері" медалімен марапатталған.



Өмірі мен шығармашылығы:
Оськин Дмитрий //Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр: Анықтамалық.- Алматы, 2004.- Б.247.
Оськин Дмитрий //Советтік Қазақстан жазушылары: Био - библиограф. анықтамалық.- Алматы, 1987.- Б.488.

Өмірбеков Жаппар

(1920)
Алпыстың айдынынан алқынбай жүзіп өтіп, жетпістің желкенді кемесіне мініп, сексеннің сеңгіріне шыққан шығармашылық адамын жан – жақты біліп, тану үшін оның өткен өмір жолына көз жүгіртсеңіз, атқарған ісін, өтеген азаматтық борышын толық аңғарасыз.

Әсіресе, ақын – жазушының уақыттың әр кезеңіндегі шыққан биігін, алған асуларын халық кәдесіне ұсынған шығармалары арқылы танисыз. Қазақтың белгілі ақыны Жаппар Өмірбековтің де өз өткелдері бар. Жері қандай көрікті болса, елі де сондай жайсаң. Атақты композиторлар, әншілер, ақындар, қоғам қайраткерлері шыққан Қарқаралының , Қарқаралы ауданының қазіргі «Бесоба» совхозына қарайтын Қоңыртөбе тауының баурайында туған. Жасында сұлу табиғатқа көзі қанып ер жеткен Жапекең жүрегінің жыр төкпеуі мүмкін емес. Осыдан 65 жыл бұрын «Қарағанды комсомолы» газетінде алғашқы өлеңі жарық көрді. Содан бергі уақыт ішінде ондаған өлең, очерк, әңгіме, повестері баспадан шықты.

Әдебиетке лирикалық өлеңдерімен келген ақын эпикалық жанрда кесек туындылар әкелді.

Өтсе де жазың мейлі, күзің мейлі.

Опат боп жасырылсын жүзің мейлі,

Адамда айнымас бір қасиет бар,

Махаббат ешқашанда үзілмейді, -

деп, ақын «Ерлік пен махаббат» дастанының бас қа\армандары Нұртас пен Нәркес арасындағы шынайы да мөлдір махаббатты тәтті сезіммен жырлайды. Көзі қарақты оқырман шығарманың өміршең екенін бірден байқайды. Осы кітабы Москвада «Советский писатель» баспасында да жарық көрді.

Гүл өсірем өлеңмен,

Көздің жауын аларлық.

Бақ жайнатам өлеңмен,

Адам қайран қаларлық, -

деп, ақын өлең үшін өмірге келгенін айтса, жырды өндіріп, өнімді етіп жазған кезеңі де осы болатын.

Өз еңбек жолын шахтерліктен бастаған Ж.Өмірбеков алғаш қалам тартқан кезден – ақ шахтерлерді тебірене жырға қосты. Ақын бұл тақырыпқа соңғы жылдары тағы да оралды. Даңқты шахтёр, Социалистік Еңбек Ері Бәшір Нұрмағанбетов жайлы «Ерлік туралы жеті жыр» дастанын оқырман қауым жақсы қабылдады.

Қоғам алдында, ел алдында парызын жақсы түсіне білген ақын Отан, туған жер, сол жерді құлпыртып жүрген адамдар жайлы көптеген өлеңдер жазды. Осыдан біраз уақыт бұрын барлық өлеңдері мен поэмаларының таңдамалысы «Перзенттерім» деген атпен қалың жұртшылықтың қолына тиді.

Қаламгер прозалық жанрда да көп еңбек етті. Кейде бір кезеңді, бір дәуірді сол мезгілдегі әлеуметтік жағдайды, адамдардың іс - әрекетін, мінезін, характерін ашуға өлең не дастан таршылық етуі мүмкін. Соның бәрін жан – жақты көркем тілмен суреттеп беру үшін повесть не роман жазуға ойысатын кезі болады.

Ж.Өмірбековтың «Қызыл су», «Тас түйін» повесттері оқырманын елең еткізді.

Жаппар ақын өзін теледраматургия жанрында да танытты. Қазақтеледидары бойынша революционер ақын Сәкен Сейфуллиннің өмірінен «Бостандық жолымен» және «Оқ астында туған қыз» атты телеқойылымдары көрсетілді. Кезінде көрермендерден лайықты бағасын да алды. «Оқ астында туған қыз» телеқойылымына Бүкілодақтық теледидарлық шығармалар конкурсында 1960 жылы бірінші дәрежелі диплом берілді.

Ж.Өмірбеков тек шығармашылық қызметпен айналасып келе жатқан жоқ. Ол әр түрлі жауапты қызметтер атқарып, қоғамдық жұмыстарға да атсалысып келеді. Кезінде Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы радиохабары және телевизияның Қазақстанда қалыптасып, өркен жаюына ат салысты. Одан кейін Қазақстан Жазушылар одағында балалар және жасөспірімдер секциясын басқарды. «Жазушы» баспасы аударма редакциясының меңгерушісі болды.

Ж.Өмірбеков аудармашы ретінде де жұртшылыққа жақсы таныс. Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың, Маяковскийдің, Жәлелдің, Бараташвилидің тағы басқа да көптеген ақындардың өлеңдерін, Кавериннің «Екі капитан» кітабын қазақ тіліне аударды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет