1-тапсырма. осы шақ етістіктерді тауып, жасалу жолына талдаңыз.
Тыста қараңғы, ауыл үсті тыныштық. Ақымақ иттер ғана әр жерден әуп-әуп үріп басылады. Көшенің басынан бір ит шәу ете қалса, соңынан оған басқа ит үн қосады.
...Анам екеуміз келе жатырмыз. Күздің салқын кешінен бе, іші-бауырым қалтырап келеді. Аулада біреу тұр. Мен оны бірден тани кеттім. Қара шалбар киген жіңішке аяқтары сидиып, шашы қақ жарыла желбіреп тұр. Директордың кабинетіне менен көп бас сұққан бұл колледжде білімгер жоқ шығар, сірә. Майқанова талай сүйреп әкеп, ендігәрі қой аузынан шөп алмай жүруге уәде еткен үйреншікті орын ғой.
Келер шақ
Келер шақтың түрлері
Келер шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәттен, мезгілден кейін болатынын білдіреді. Мысалы: Ол жұмысқа ерте бармақ. Сендер үйге келерсіңдер.
Бұл сөйлемдегі бармақ, келерсіңдер деген етістіктер бару, келу қимылдарының әлі болмағанын, бірақ келешекте болатынын білдіріп тұр.
Келер шақ жасалуы мен мағынасына қарай болжалды келер шақ, мақсатты келер шақ және ауыспалы келер шақ болып, үшке бөлінеді.
-
Болжалды келер шақ
Болжалды келер шақ қимылдың, іс-әрекеттің болу мүмкіндігін айқын көрсетпей, болжай ғана айтылуын білдіреді.
Болжалды келер шақ етістіктің түбіріне есімшенің –ар, -ер, -р, болымсыз етістіктен кейін –с жұрнағы жалғанып, одан кейін жіктік жалғауы үстелуі арқылы жасалады. Мысалы: Біз бар-а-мыз. Сен оқы-р-сың. Сіздер кел-ме-с-сіздер.
Болжалды келер шақтың жіктелу үлгісі:
Жақ
|
Жекеше
|
Көпше
|
І
ІІ
ІІІ
|
Бар-ар-мын, кел-ме-с-пін
Бар-ар-сың, кел-ме-с-сің
Бар-ар-сыз, кел-ме-с-сіз
Бар-ар, кел-ме-с
|
Барар-мыз, кел-мес-піз
Барар-сың-дар, келмес-сің-дер
Барар-сіздар, келмес-сіз-дер
Барар-, келмес-
|
2. Мақсатты келер шақ
Мақсатты келер шақ қимылдың, іс-әрекеттің келешекте мақсат етіле орындалатынын білдіреді.
Мақсатты келер шақ етістіктің түбіріне –мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнағы жалғанып, одан кейін жіктік жалғауы үстелуі арқылы жасалады. Мысалы: Мен ауылға бар-мақ-пын. Сіз ерте кет-пек-сіз.
Етістіктің –мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнағының үстіне –шы, -ші жұрнағы жалғанып, одан кейін жіктік жалғауы үстеулі арқылы да мақсатты келер шақ жасалады. Мысалы: Мен ауылға бар-мақ-шы-мын. Сіз ерте кет-пек-ші-сіз.
Мақсатты келер шақтың болымсыз түрі -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек және -шы, -ші тұлғалы негізгі етістікке емес деген көмекші етістіктің тіркесуі арқылы жасалады. Ондайда жіктік жалғау емес көмекші етістігіне жалғанады. Мысалы: кел-мек-ші емес-пін, бар-мақ емес-сің.
Мақсатты келер шақтың жіктелу үлгісі:
Жақ
|
Жекеше
|
Көпше
|
І
ІІ
ІІІ
|
бармақпын, бармақшымын
бармақсың, бармақшысың
бармақсыз, бармақшысыз
бармақ, бармақшы
|
бармақпыз, бармақшымыз
бармақсыңдар, бармақшысыңдар
бармақсыздар, бармақшысыздар
бармақ, бармақшы
|
3. Ауыспалы келер шақ
Ауыспалы келер шақ та ауыспалы осы шақ сияқты, -а, -е, -й жұрнақты көсемшенің жіктелуі арқылы жасалады. Сондықтан ауыспалы келер шақ пен ауыспалы осы шақ бір-бірінен сөйлемдегі мағынасы жағынан ажыратылады. Мысалы: Ол нағашысының қолында тұрады. Келемін тау ішінде түнделетіп... деген сөйлемдердегі тұрады, келемін етістіктері ауыспалы осы шақ мағынасын білдіріп тұр. Ол ертең ерте тұрады. Мен кешке келемін деген сөйлемдердегі тұрады, келемін етістіктері ауыспалы келер шақ мағынасын беріп тұр.
Ауыспалы келер шақтың ауыспалы осы шақтан айырмашылығы сөйлемде мезгіл мәнін білдіретін басқа сөзден де байқалып отырады. Жоғарыдағы мысалдағы ертең және кешке сөздері осындай мән беріп, қызмет атқарып тұр.
Мына мысалдарды салыстырып көрейік:
Осы шақ Келер шақ
Ол колледжде оқиды. Ол сабағын кешке оқиды.
Бұл жерде ағаш өседі. Ағаш бұл жерде күтсе ғана өседі
Мен ылғи ерте тұрамын. Мен ертең ерте тұрамын.
Ол өлең жазады. Өлеңді ол есейгенде жазады.
Жаттығу жұмысы
1-тапсырма. Келер шақ етістіктерді тауып, түрлерін анықтаңыз.
Мына сөзіңді мен айтып бармаспын. Бірақ исі Ырғызбайдың жүрегін шайлықтыратын суық сөзді сенен есіттім деп кетермін. Абай мен Ербол тез келмек болып, бұрыла берді. (М.Ә.) Еңбекшіл болсаң, азбассың, білімді болсаң, тозбассың. Өсекші болсаң, өзіңе тиер, Тікен ұстасаң, көзіңе тиер.
Бүгін кешке жаудың күнгейінде отырған елдің біріне барып түсіп, ас ішіп алып, түн қатып жүріп кетеміз: түнде жүріп таудан асып алған соң, ар жағындағы жолдың қиындығы болмайды. Ертең күн қызғанша, ойдағы елге барып қаламыз. (М.Ә.)
Мақал-мәтелдерді жаттап алыңыз!
-
Өнерлімен дос болсаң – қызықтырар,
Еріншекпен дос болсаң – бұзып тынар.
Батамен ер көгереді.
-
Еріншек түске дейін ұйықтайды,
Кешке дейін есінейді.
-
Жанған от тәнді жылытады,
Жақсы сөз жанды жылытады.
-
Егінді жабайы шөп аздырар,
Ерді еріншектік аздырар.
Өткен шақ
Өткен шақтың түрлері
Өткен шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып, істеліп кеткенін білдіреді. Мысалы: Ол оқуды бітірді. Мен бұл кітапты оқыдым. Ол кезде сен оннан асқансың. Шалдың бір баласы болыпты. Демалыста олар қалаға баратын.
Берілген мысалдағы бітірді, оқыдым, асқансың, болыпты, баратын деген етістіктер бітіру, оқу, асу, болу, бару қимылдарының болып кеткенін білдіріп, өткен шақ мағынасын беріп тұр.
Өткен шақ мағынасы мен жасалуына қарай жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ және ауыспалы өткен шақ болып, үшке бөлінеді. Жедел өткен шақ етістіктің түбіріне –ды, -ді, -ты, -ті жұрнағы жалғану арқылы жасалып, жіктеліп қолданылады. Мысалы: Асан домбыра тарт-ты, мен өлең айт-тым. Сен үйге келме-ді-ң.
1. Жедел өткен шақ
Жедел өткен шақтың жіктелу үлгісі
Жақ
|
Жекеше
|
Көпше
|
І
ІІ
ІІІ
|
Келдім, айттым, алмадым
Келдің, айттың, алмадың
Келдіңіз, айттыңыз, алмадыңыз
Келді, айтты, алмады
|
Келдік, айттық, алмадық
Келдіңдер, айттыңдар, алмадыңдар
Келдіңіздер, айттыңыздар, алмадыңыздар
Келді, айтты, алмады
|
Осы кестеден көрінетіндей, жіктік жалғаулары жедел өткен шақ тұлғасындағы етістікке ерекше түрде жалғанады:
Жақ
|
Жекеше
|
Көпше
|
І
ІІ
ІІІ
|
- м
- ң
- ңыз, - ңіз
(жалғау жоқ)
|
- к, -қ
- ңдар, - ңдер
- ңыздар, - ңіздер
(жалғау жоқ)
|
Жедел өткен шақтың жұрнағы (-ды, -ді, -ты, -ті) мен ІІІ жақтың жіктік жалғауын (-ды, -ді, -ты, -ті) шатастырмау керек. Бұл қосымшалардың тұлғасы, дыбысталуы бірдей болғанмен, мағынасы, қызметі басқа-басқа. ІІІ жақ жіктік жалғауы шақ мағынасын білдірмейді, ал жедел өткен шақ жұрнағы жақ мағынасын білдірмейді. Мысалы, барып-ты, бара-ды, деген сөздерде соңғы -ты, -ды жалғаулары шақ (жедел өткен шақ) мағынасын беріп тұрған жоқ, қимылдың 3-жақ (ол) арқылы болатынын білдіріп тұр. Бұл сөздердегі шақтық мағына ол жалғаудың алдында тұрған -ып, -а тәрізді көсемше жұрнақтары арқылы берілген. Керісінше бар-ды дегенде -ды жұрнағы шақ мағынасын (жедел өткен шақта) беріп тұр да, ІІІ жақ мағынасын білдіріп тұрған жоқ. Өйткені І және ІІ жақтарда (бар-ды-м, бар-ды-қ және бар-ды-ң, бар-ды-ңыз, бар-ды-ңдар, бар-ды-ңыздар) да жедел өткен шақ қосымшасы (-ды) сақталады, 3-жақта арнайы жалғау жоқ.
ІІІ жақтың жіктік жалғауы тек көсемшенің -ып, -іп, -п және -а, -е, -й жұрнағынан кейін ғана жалғанады: кел-іп-ті, қара-п-ты, кел-е-ді, қара-й-ды. Ал жедел өткен шақ жұрнағы етістіктің негізгі және туынды түбірлеріне және етіс, болымсыз етістік тұлғаларына тікелей жалғанады: кел-ді, қара-ды, кел-тір-ді, қара-т-пады, т.б.
2. Бұрынғы өткен шақ
Бұрынғы өткен шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтпен салыстырғанда әлдеқайда бұрын болғандығын білдіреді. Мысалы: Сен мектепті бітіргенсің. Ол ауылға барыпты. Бұрынғы өткен шақ екі жолмен жасалады:
а) Бұрынғы өткен шақ -ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы есімшенің жіктеліп келуінен жасалады: (мен) бар-ған-мын, (сен) кел-ген-сің, (ол) айт-қан.
б) Бұрынғы өткен шақ -ып, -іп, -п тұлғалы көсемшенің жіктеліп келуінен жасалады: (мен) бар-ып-пын, (сен) келіп-сің, (ол) айт-ып-ты.
Бұрынғы өткен шақтың жіктелу үлгісі:
Жақ
|
Жекеше
|
Көпше
|
І
ІІ
ІІІ
І
ІІ
ІІІ
|
айтыппын, келіппін
айтыпсың, келіпсің
айтыпсыз, келіпсіз
айтыпты, келіпті
айтқанмын, келгенмін
айтқансың, келгенсің
айтқансыз, келгенсіз
айтқан, келген
|
айтыппыз, келіппіз
айтыпсыңдар, келіпсіңдер
айтыпсыздар, келіпсіздер
айтыпты, келіпті
айтқанбыз, келгенбіз
айтқансыңдар, келгенсіңдер
айтқансыздар, келгенсіздер
айтқан, келген
|
Бұрынғы өткен шақ -ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы есімшеге немесе
-ып, -іп, -п тұлғалы көсемшеге е (еді) көмекші етістігі тіркелуі арқылы да жасалады. Есімше түрінде е көмекші етістігі екен түрінде де тіркеседі. Бұрынғы өткен шақтың мұндай күрделі түрінде е (еді, екен) көмекші етістігі ғана жіктеледі.
Бұрынғы өткен шақ күрделі түрінің жіктелу үлгісі:
Жақ
|
Жекеше
|
Көпше
|
І
ІІ
ІІІ
|
оқыған едім (екенмін), оқып едім
оқыған едің (екенсің), оқып едің
оқыған едіңіз (екенсіз), оқып едіңіз
оқыған еді (екен), оқып еді
|
оқыған едік (екенбіз), оқып едік
оқыған едіңдер (екенсіңдер), оқып едіңдер
оқыған едіңіздер (екенсіздер), оқып едіңіздер
оқыған еді (екен), оқып еді
|
3. Ауыспалы өткен шақ
Ауыспалы өткен шақ есімшенің -атын, -етін, -йтын, -йтін жұрнақтары арқылы жасалып, бірде өткен шақ, бірде келер шақ мағынасында қолданылады. Сондықтан да оны ауыспалы өткен шақ деп атайды. Мысалы: Асан ауылға жиі баратын. Сен кітапханаға қашан баратын едің? Бірінші сөйлемде бару қимылының болып кеткенін байқасақ, екінші сөйлемде бару қимылының әлі болмағанын, бірақ болуға тиісті екенін аңғарамыз.
Ауыспалы өткен шақ жіктеліп те, еді көмекші етістігімен тіркесіп келіп те (онда еді етістігі жіктеледі) жұмсалады. Ал ауыспалы келер шақ тікелей жіктелмейді, тек еді көмекші етістігімен тіркесіп қолданылады.
Ауыспалы өткен шақтың жіктелу үлгісі
Жақ
|
Жекеше
|
Көпше
|
І
ІІ
ІІІ
|
көретінмін, баратын едім
көретінсің, баратын едің
көретінсіз, баратын едіңіз
көретін, баратын еді
|
көретінбіз, баратын едік
көретінсіңдер, баратын едіңдер
көретінсіздер, баратын едіңіздер
көретін, баратын еді
|
Жаттығу жұмыстары
1-тапсырма. Жаттығудан өткен шақ етістіктерді тауып, түріне қарай ажыратыңыз.
Қас қарая сыртқа шығып, біраз шаңғы теуіп келдім де, қайтадан сабақ әзірлеуге отырдым. Көрші үйлердің балалары қолдары бос уақыттарында көмектесіп жүріпті. Аянның ертегілері көбіне жетім бала туралы болушы еді. Күз жақтан соққан суық желдің ызыңы неше түрлі боп құбылып естілетін. Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді. Денесі де бір айлық кейіпте. Бойы өскен. Қол аяғы ұзарған.
2-тапсырма. Мәтінді оқып шығып, етістіктерді табыңыз, оларды шақтық мағынасына қарай ажыратып айтыңыз.
Тәуелсіз Қазақстан
Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы. Қазақстан ірі мемлекеттердің бірі. Елімізде 100-ден астам ұлт өкілдері тұрады. Біз өз Отанымызды сүйеміз, мақтан етеміз. Қазақстан жері кең – байтақ. Шекараның ұзындығы 16.5 мың шақырым. Шекарамыз батысында Ресеймен, шығысында Қытаймен, оңтүстігінде Орта Азия Республикаларымен және Каспий теңізімен шектеседі. Шекарамыз Алтай тауларынан Каспий теңізіне дейін, Тянь-Шань тауларынан Орал тауларына дейін созылып жатыр.
Қазақстанның жері бай. Қарағанды, Екібастұзда - көмір, Ақтау, Маңғыстауда - мұнай, Балқашта – мыс, Өскеменде - мырыш өндіріледі. Өзінің егемендігі, тәуелсіздігі үшін қазақ халқы ұзақ уақыт күресті.
Отансыз адам - ормансыз бұлбұл.
3-тапсырма. Төмендегі тіркестерді аударыңыз.
Орыс тіліне аударыңыз
-
егемендігі үшін
-
тәуелсіздігі үшін
-
ірі мемлекеттердің бірі
-
ірі қалалардың бірі
-
16 мың шақырым.
-
Қазақ тіліне аударыңыз
-
наша Родина
-
представители нации
-
гордимся
-
граничит с морем
-
до Уральских гор.
-
4-тапсырма. Сөйлемдер контестке сәйкес келе ме?
-
Елемізде 100-ден астам халық тұрады.
-
Қазақстанның батысында Алтай таулары жатыр.
-
Қазақ халқы егемендігі үшін күресті.
-
Балқашта көмір өндіріледі.
-
Біздің жеріміз бай.
5-тапсырма. Сөйлемдегі етістіктің атқаратын қызметін анықтаңыз.
1. Ақтауда мұнай өндіріледі.
2. Отанымыздың жері бай.
3. Шекараның ұзындығы 16.5 мың шақырым.
4. Каспий теңізімен шектеседі.
6-тапсырма. Асты сызылған сөздерге сұрақ қойыңыз
-
Қазақстан ірі мемлекет.
-
Біз Отанымызды сүйеміз.
-
Қазақстанның жері бай.
-
Қарағандыда көмір өндіріледі.
-
Қазақ халқы егемендігі үшін күресті.
-
7-тапсырма.І «күресу» деген етістікті осы шақта жіктеңіз
8-тапсырма. Орыс тіліне аударыңыз
Дүние сенің көзіңмен көргендегіден өмір бойы қайырымды, аспаны- күмбез, желі- жібек, әдемі ертек болып тұра берсе, кәне!
(Б. Момышұлы.)
9-тапсырма. Өлеңді оқып шығып, жедел өткен шақты білдіріп тұрған етістіктерді теріп жазыңыз.
Әли батыр
Халыққа қардан суық қайғы жауды.
Қара бұлт алды торлап Алатауды.
Үрпиіп, үрейленіп, үріккен жұрт
Қонысын тастап көшіп, бетіне ауды.
Қордайдан Әли шықты ат ойнатып,
Жалынды жас жүректен кек қайнатып.
Шақырған жандаралдан хабар келді,
Би, болыс, ауылнайлар сонда жүрді.
Арасын он тоғыз бен отыз бірдің
Тізімдеп береміз деп, басты мөрді.
Соңынан ерді елдің бозбаласы,
Жауынан кек алуға оқ боратып... (К.Әзірбаев)
10-тапсырма. Төмендегі шумақтағы етістіктер шақтың қай түрі?
Жығылсам да жүгірумен өтемін,
Аяңшының ақылмен не етемін,
Жығылармын, алқынармын, шаршармын,
Барар жерге бұрынырақ жетермін. (А.Аманжолов)
Етістіктің райлары
Сөйлемде етістік қимылды, іс-әрекетті, жай-күйді білдіріп қана қоймайды, сонымен бірге сол қимылдың, іс-әрекеттің, жай-күйдің өтуі, бір жағынан, айтушының, я сөйлеушінің пікірімен екінші жағынан, ол пікірдің ақиқат шындыққа қатысын білдірумен байланысты болып отырады. Мысалы: Ағаш кессең, ұзын кес, қысқартуың оңай, темір кессең, қысқа кес, ұзартуың оңай (мақал). Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін.(А.) Жүзі жылы жандарды құшақтағым келеді. (Қ.Б)
Бұл мысалдағы кессең және кес, жазбаймын, құшақтағым келеді деген етістіктер кесу, жазбау, құшақтау қимылын, іс-әрекетін білдіріп қана тұрған жоқ, сонымен бірге сол қимыл, іс-әрекеттің орындалу шартын (кессең), орындалуын талап етуін (кес), белгілі бір мезгілде, шақта іске асуын, орындалуын хабарлауды (жазбаймын), орындалу ниетін, жүзеге асуда ықыласын (құшақтағым келеді) білдіріп, сөйлеушінің шындыққа, болмысқа деген пікірін, көзқарасын айқындар тұр. Бұл мағыналар белгілі грамматикалық тұлғалар арқылы берілген. Мысалдағы кессең дегендегі шарттылық –се жұрнағы арқылы, кес дегендегі талап ету, бұйрық мәні 2-жақ бұйрықтық тұлға арқылы, жазбаймын дегендегі қимылдың белгілі шақта орындалуы көсемшенің -й жұрнағы арқылы, құшақтағым келеді дегендегі қимылдың болу ниеті, ықыласы етістік түбіріне -ғы жұрнағы және одан кейін тәуелдік жалғауы жалғанып, оған кел көмекші етістігі тіркесу арқылы жасалған.
Сөйтіп, сөйлеушінің сөзі арқылы қимылдың шындыққа қатысын, айтушының пікірін, көзқарасын білдіріп, белгілі грамматикалық тұлғалар арқылы жасалатын етістіктің түрі рай категориясы деп аталады.
Етістіктің райлары қимылдың, іс-әрекеттің жүзеге асу, орындалу мүмкіндігіне қарай төрт түрге бөлінеді: ашық рай, бұйрық рай, шартты рай және қалау рай.
Етістіктің райлары
|
ашық
|
бұйрық
|
шартты
|
қалау
|
айналысады
қарастырады
өндірілген
қайта құрылды
ашылды
|
жалғастыр
іске қос
меңгеріңіз
өндірілсін
дамытайық
|
игерілсе
пайдаланылса
жабдықталса
тасымалдаса
өндірілсе
|
меңгергіміз келеді
өндіргісі келді
сатқымыз келеді
|
Достарыңызбен бөлісу: |