3-тапсырма. Сұраққа жауап беріп , тапсырманы орындаңыз.
-
-ма, -ме, -па, -пе, -ба, -бе буындарына аяқталатын сөздердің бәрі болымсыз етістік бола бере ме?
-
Болымсыз етістік тұлғасында қолданылатын грамматикалық терминдерді кім біледі?
-
Болымсыз етістік жұрнақсыз жасала ма? Онда қандай сөздер тіркесу арқылы жасалады. Мысалмен дәлелдеңіздер?
-
Абайдың «Жасымда ғылым бар деп...» деген өлеңін жатқа айтып беріңіздер, ондағы болымсыз етістіктерді көрсетіңіз.
Сабақты етістік пен салт етістік
Етістіктер мағынасына қарай сабақты етістік және салт етістік болып бөлінеді. Мағынасы жағынан тура объектіні, табыс септіктегі сөзді қажет етіп тұратын етістіктер сабақты етістіктер деп аталады. Сабақты етістіктер кімді? нені? (кейде табыс септіктің жасырын түрі не?) деген сұрақтарға жауап беретін табыс септіктегі сөзбен байланысады. Мысалы: Сөзді сен баста. Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін. Баламды медресеге біл деп бердім. Бетті бастым, Қатты састым. Бұл сөйлемдердегі баста, жазбаймын, бердім, бастым, деген етістіктер сөз, өлең, балам, бет деген сөздердің табыс септікте тұруын талап етіп тұр. Кейде ондай сөздер табыс септіктің жасырын түрінде тұруы мүмкін. Мысалы: өлең айт – өлеңді сен айт, кітап оқыды – кітапты бала оқыды, хат жаздым – жолдасыма хат жаздым т. б. Ондайда, мысалда көрсетілгендей, ол екі сөздің (табыс септікті сөз бен етістіктің) арасына басқа сөз келтіріп қолдану керек. Кейде тура объект мәнін білдіріп тұратын табыс септіктегі сөз сөйлемде қолданылмауы да мүмкін. Ондайда етістіктен сұрақ қою керек. Етістіктен кімді? нені? деген сұрақ қоюға болса, онда ол – сабақты етістік. Мысалы: айт, көр, оқы, бер, сайла т. б. етістіктерден кімді (нені) айт? кімді (нені) көр? нені оқы? нені бер? кімді (нені) сайла? деп сұрақ қоюға болады.
Мағынасы жағынан тура объектіні, табыс септіктегі сөзді қажет етпейтін етістіктер салт етістіктер деп аталады. Салт етістіктер барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктегі сөздермен тіркесе беруі мүмкін, бірақ табыс септіктегі сөзбен байланыспайды. Мысалы: қаладан қайт, жолдасыңмен қайт немесе түсінде келді, үйден келді, баламен келді, үйге келді т. б. болып қолданылса да, нені (ауылда т. б.) қайт? нені (қаланы т. б.) келді? деп айтуға болмайды. Сондықтан бұлар – салт етістіктер.
Кейбір етіс жұрнақтары салт етістіктерді сабақты етістіктерге немесе сабақты етістіктерді салт етістіктерге айналдыру қызметін атқарады. Мысалы: өзгелік етіс жұрнақтары -ғыз, - гіз, - қыз, - кіз, - дыр, - дір, - тыр, -тір, -ыр, -р, -т салт етістікке жалғанса, оны сабақты етістікке айналдырады: шам сөнді -шам сөн - дір - ді, бала кетті -бала -ны кет -ір -ді, гүл өседі-гүл-ді өс-ір-еді, ол өкпеледі-о-ны өкпеле-т-ті т. б. Ал ырықсыз (кейде өздік) етіс жұрнақтары сабақты етістікке жалғанып, оны салт етістікке айналдырады: Әңгіме-ні, айтты-әңгіме айтылды, хат- ты жазды - хат жазылды, кітап-ты түгел оқыды-кітап түгел оқылды т. б.
Жаттығу жұмыстары
1-тапсырма. Мақал-мәтелдердегі етістіктерді табыңыз. Қайсысы сабақты, қайсысы салт етістік екенін айтыңыз.
Үлгі: нені сұрама? - күшін сұрама - етістік табыс септігіндегі сөзбен тіркескен, сондықтан ол сабақты етістік болады.
1. Жігіттің жұмсаған күшін сұрама,
Бітірген ісін сұра.
2. Аға алдында пейіліңді көрсет,
Іні алдында мейіріңді көрсет.
3. Отты үрлей берсең,өшірерсің,
Көршіңді күндей берсең, көшірерсің.
4. Семіздікті қой көтерер.
5. Қыс азығын жаз жина.
6. Диқаншы жерін мақтайды,
Балықшы көлін мақтайды,
Кәсіпші кенін мақтайды.
2-тапсырма. Өлең жолдарынан етістікті табыңыз.
Шағырай шешеннің шумақтары.
Өзін ғана ойлаған,
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған,
Адамдықтың белгісі.
Үлгілі сөз білмеген,
Надандықтың белгісі.
Бар жоғына қарамас,
Анық жомарт ер кісі.
Өз үйінде салғыртсу,
Сараңдықтың белгісі.
3.7. Етістер
Етістер іс-әрекетпен субьект және обьект арасындағы қарым-қатынасты білдіреді.
Қимылдың іс – әрекеттің орындаушыға (қимыл иесімен тура істелетін іске) қатысын білдіріп, белгілі қосымшалар арқылы жасалатын етістіктің түрі етіс деп аталады. Мысалы: Қаракөз киінді, атасы немересіне кітап оқытты, әңгіме айтылды, олар бір-бірімен хат жазысты деген сөйлемдерде кию қимылы іс иесінің (орындаушының ) өзіне қарай бағытталғанын оқу іс – әрекеті оның тікелей қимыл иесі (ол) арқылы емес, екінші бір иесі (немересі) арқылы орындалған, айту іс- әрекеті қимыл иесінің өздігінен орындалғандай болуын, жазу іс- әрекеті қимыл иесінің біреу емес, бірнешеу (олар) екенін білдіріп тұр да, ол мағыналар түбірге - ін, - т, - ыл, - ыс жұрнақтары жалғану арқылы берілген. Соған орай етістер төрт түрге бөлінеді: Өздік етіс, өзгелік етіс, ырықсыз етіс және ортақ етіс.
Болымсыз етістік жұрнағы етіс жұрнағынан кейін жалғанады: айт-қыз -ба, ки-ін-бе, сөйле- с -пе т. б.
-
Етіс
Іс-қимылдың орындалуында орындаушының қатысы қандай екенін білдіреді. Оның төрт түрі бар:
|
Өздік етіс
(орындаушы өзі)
|
|
Өзгелік етіс (орындаушы өзге біреу)
|
|
Ырықсыз етіс (орындаушы белгісіз)
|
|
Ортақ етіс (орындаушы көп)
|
Өздік етіс
Қимылдың іс-әрекеттің орындаушыға, іс иесіне тікелей қатыстылығын білдіріп, әдетте сабақты етістерден -ын, - ін, - н жұрнағы жалғану арқылы жасалатын етістің түрі өздік етіс деп аталады. Мысалы: Таң атқанша тарандық (Махамбет). Оқушылар ерте тұрып жуынды. Бала өзі киінді деген сөйлемдердегі тарану, жуыну, киіну қимылдары әрі белгі іс иесі (орындаушы) біз (тарандық), оқушылар (жуынды), бала (киінді) арқылы орындалып, әрі қимыл сол іс иесіне бағытталғанын білдіріп тұр.
Өзгелік етіс
Өзгелік етіс қимылдың, іс-әрекеттің сөйлемдегі іс иесі яғни субъектінің өзі емес, екінші бір басқа субъектінің, қимылды орындаушы арқылы істелінетінін білдіріп, белгілі жұрнақтар арқылы жасалады. Ол жұрнақтар: 1) -ғыз, - гіз, - қыз, - кіз, оты - ғыз, жүр-гіз, айт -қыз, жет - кіз; 2) -дыр, - дір, - тыр, - тір, - ыр, - ір, сал - дыр, сен - дір, ас - тыр, тік - тір, кет- ір, ас - ыр; 3) -т; жаса -т, сөйле - т т. б. Демек, өзгелік етісті сөйлемде қимылды, іс-әрекетті іске асырушы екі субъект болады: бірі – сол қимылды орындатушы, екіншісі – қимылды тікелей орындаушы, мысалы: Ол баласына өлең айтқызды.
Ырықсыз етіс
Ісәрекеттің атқарушысы, қимыл иесі арнайы айтылмай, қимыл өздігінен істелетіндігі көрінеді де, - ыл, - іл, - л, түбірдің ішінде л дыбысы болса - ын, - ін, - н жұрнақтары арқылы жасалатын етіс түрі ырықсыз етіс деп аталады. Ырықсыз етіс тек сабақты етістікпен жасалады, өзі жалғанған сабақты етістікті салт етістікке айналдырады: сөз айт - ылды, уәде бер - іл -ді, шарт жаса - л - ды, үй таза - ла - н - ды, қамал ал - ын - ды, үй сал - ын - ды т. б.
Ортақ етіс
Қимыл, іс-әрекеттің иесі, орындаушысы біреу емес, бірнешеу болып, - ыс, -іс, -с жұрнақтары арқылы жасалатын етістің түрі ортақ етіс деп аталады. Мысалы: Омар мен Оспан хат жаз-ыс- ты. Қыз бен жігіт сөйле - с - ті. Ол бізге үй сал - ыс - ты. деген сөйлемдержегі жазу, сөйлеу, салу қимылдары бір ғана субъект (іс иесі) тарапынан емес, бірнеше орындаушы (Омар мен Оспан, қыз бен жігіт, ол мен біз) арқылы іске асатын көрсетеді.
Ырықсыз етіс пен өздік етіс жұрнақтары сабақты етістікке жалғанып, оны салт етістікке айналдырады: әңгімені айт - ты, - әңгіме айтылды, сөзді сөйледі, - сөз сөйленді, қолын жуды, - ол жуынды, т. б. Өзгелік етіс жұрнағы салт етістікке жалғанса, салт етістікті сабақты етістікке айналдырады: шам сөнді - шамды сөндірді, оқушы орындықта отырды - оқушы орындыққа отырғызды, хат жетті - хатты жеткізді т.б.
Етіс жұрнақтары кейде бірінің үстіне бірі қабаттасып та жалғана береді: Сөйле - с - іл - ді, жүр - гіз - іл - ді, айт - ыс - тыр - ды т.
Жаттығу жұмыстары
1-тапсырма. Қажетті жұрнақтарды жалғап, берілген сөздерден өздік етіс жасаңыз
Үлгі: сабақты етістіктер: ора; жұрнақтар:-н; өздік етістер: оранды.
Ора. Көр. Сез. Жасыр. Қара. Сыла. Тазала. Сүрт. Ки. Сал. Гүлде. Бу. Біл. Байла. Арқала. Күй. Түй
2-тапсырма. Берілген етістіктерге жұрнақ жалғап, ортақ етіс жасаңыз. Түбір мен қосымшаның арасын дефис арқылы ажыратып жазыңыз.
Үлгі: айт-ыс-ты, ...
Ал. Бөге. Тасы. Тік. Бақ. Тазала. Жу. Айт. Қой. Жөнде. Апар. Тоқы. Тер. Жаз. Жина. Тара. Сал. Бітір. Тұрғыз. Сөйле. Іл. Ақта. Көтер. Жек. Шегеле.
3-тапсырма. Берілген сөздерден қажетті жұрнақ арқылы өзгелік етіс жасап жазыңыз.
Үлгі: көбей-т-тір, ...
Ызғарлы аяз жан иесінің бәрін де жауратып, жүдеу тарттырып, жылы жайды іздетттіргендей. Қалың қар жүрісіне бөгет болып, қозғалысын өндірмейді. Өмір бойында Абайдың ең алғаш рет ұйқысыз түндер өткізіп, қабағы қатып, қажыған жолы осы еді. Ұлжан Абай мен Ерболға бір-бір кесе қымыз ішкізді де, өзі ертіп барып қонақ үйге жатқызып, үстерін жауып қойды. (М. Әуезов.)
4-тапсырма. Төленді, салынды, отырғызылды, кешіктірілмеді, шақырылды, өсірілді деген ырықсыз етістерді қолданып сөйлем құраңыз.
Үлгі: Қазақстанның көптеген аудандарында жаңа мектептер мен балабақшалар салынды.
3.7. Есімше
Есімдерше де, етістікше де түрленетін етістіктің ерекше түрі есімше деп аталады.
Есімше – етістіктің ерекше түрі. Себебі есімше сөйлемде екі түрлі мәнде, екі түрлі қызметте қолданылады. Бірде жіктеліп келіп, қимылды, іс – әрекетті белгілі бір шаққа байланысты білдіреді де, сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады.
Есімшенің етістікке тән қасиетттері:
-
Шақтық мағына білдіреді. Мен сенімен кездесермін.
-
Жіктеліп, сөйлемнің баяндауышы болып тұрады.
Есімшенің есімдерге ұқсас қасиеттері:
-
Зат есімнің алдына келгенде, заттың қимылға қатысты белгісін білдіріп, сын есім сияқты қызмет атқарады. Мысалы: Айтар сөзім осы еді.
-
Өзімен тіркесіп айтылуға тиісті зат есім түсіріліп, оның орнына көптеліп, тәуелденіп, септеліп, зат есім мағынасында жұмсалады. Мысалы: Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық. (Ы.А.)
а) Келер шақ есімше жұрнақтары: -ар,-ер,-р етістіктің болымсыз түрінен кейін: -с: жауар, бармас, табылар, қайтпас т.б.
ә) Өткен шақ есімше жұрнақтары: -қан,-кен,-ған,-ген: айтқан, білген, қорғаған, сезген.
б) Ауыспалы осы шақ есімше -а,-е,-й формалы көсемшеге -тың,-тің жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Мысалы: Көретін, білетін, санайтын.
3. - мақ, -мек, - бақ, - бек, - пақ, - пек жұрнақтары арқылы мақсатты келер шақ есімше жасалады: бар - мақ, кел - мек, қара- мақ, сен - бек, жаз - бақ , кет -пек, жарт - пақ т. б. Сөздің соңғы дыбысты дауысты не ауыз жолды үнді (л, р, у, й) болса, жуан буыннан кейін -мақ, жіңішке буыннан кейін - мек жалғанады. Сөздің соңғы дыбысы мұрын жолды үнді (м, н, ң) немесе ұяң болса, жуан буыннан кейін -бақ, жіңішке буыннан кейін -бек жалғанады.
4. Қатаң дыбысқа біткен сөзге жуан буыннан кейін -пақ, жіңішке буыннан кейін -пек жалғанады.
Ескерту: Бұл жұрнақ етістіктің болымсыз тұлғасына жалғанбайды.
5. -атын, -етін, -йтін, -йтын жұрнақтары арқылы өткен шақ есімше жасалады: бар -атын, кел -етін, қара -йтын, сөйле -йтін т. б. Дауыссыз дыбысқа біткен сөзге жуан буыннан кейін -йтын, жіңішке буыннан кейін - йтін жалғанады.
Бұл жұрнақ – құранды қосымша, -тын, -тін, бөлегі тұрған деген көмекші етістік болған да, ол -а, -ө, -й тұлғалы көсемшемен тіркесіп қолданып, бара-бара қосымшаға айналып кеткен: бар-атын деген сөз, о баста бара тұрған болған да, кейін баратұғын болып, одан баратын болып қалыптасып кеткен.
Есімше тұлғаларына емес, жоқ сөздері тіркесіп, болымсыздық мағына беріледі: барған емес, барар емес, бармақ емес, жоқ сөзі -ған, - ген, -қан, - кен тұлғалы есімшемен ғана тіркеседі: барған жоқ.
Есімше сөйлемде жіктеліп баяндауыштың қызметін, зат есіммен тікелей тіркесіп, анықтауыштың қызметін, септеліп келіп басқа да сөйлем мүшелерінің қызметін атқарады.
Есімшенің есімдерше түрленуі
Есімше есімдерше көптеледі, тәуелденеді, септеледі және жіктеледі. Көптік жалғауы -ған, -кен, -қан, -кен, және -атын, -етін, -йтын тұлғалы есімшелерге ғана жалғанады: барғандар, келгендер, айтқан-дар, айт-атындар, бер-етіндер, сөйле-йтіндер, қара-йтын-дар т.б. Есімшенің -ар, -ер, -р, -с, және -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек тұлғаларына көптік жалғауы жалғанбайды.
Есімшенің барлық түрлері тәуелденеді.
Есімшенің оңаша түрде тәуелденуі.
Есімше жақ
|
көрген
|
келер
|
бермес
|
баратын
|
айтпақ
|
I
II
III
|
көргенім
көрген-ің
көрген- іңіз
көрген - і
|
Келер-ім
келер-ің
келер-іңіз
келер - і
|
бермес-ім
бермес-ің
бермес-іңіз
бермес-і
|
баратын-ым
баратын-ың
баратын-ыңыз
баратын-ы
|
айтпағ-ым
айтпағ-ың
айтпағ-ыңыз
айтпа-ы
|
Есімшенің ортақ түрде тәуелденуі.
Есімше жақ
|
көрген
|
келер
|
бермес
|
I
II
III
|
көрген –міз
көрген(дер)ің
көрген -дер-іңіз
көрген -(дер)і
|
келер - іміз
келер - ің
келер - іңіз
келер - і
|
бермес - іміз
бермес(тер)ің
бермес(тер)іңіз
бермес(тер)і
|
Есімше
жақ
|
баратын
|
айтпақ
|
I
II
III
|
баратын – ымыз
баратын - (дар) ың
баратын - (дар) ыңыз
баратын - (дар) ы
|
айтпағ - ымыз
айтпақ - (тар) ың
айтпақ - (тар) ыңыз
айтпақ - (тар) ы
| Достарыңызбен бөлісу: |