Бақылау сұрақтары:
1. «Жүйе» және «Өндірістік оқыту жүйесі» ұғымдарына түсінік беріңіздер.
2. Әр бір өндірістік оқыту жүйесінің мазмұндық ерекшеліктерін айтыңыздар.
3. Материалдарды өңдеуге байланысты өндірістік оқыту жүйесінің дұрыс деп тапқан түрін негіздеңіз.
5-лекция. Тақырыбы: Кәсіптік оқытуды ұйымдастырудың негізгі формалары
Жоспары:
1. Оқытудың ұйымдастыру формалары.
2. Сабақ – оқытуды ұйымдастыру формасы ретінде
3. Сабаққа қойылатын дидактикалық талаптар.
4. Сабақ түрлері (негізгі түрі бойынша).
Лекция мақсаты: Оқытуды ұйымдастыру формалары, оның ішінде сабақты пән ерекшелігіне байланысты ұйымдастыру жөнінде толық мәнді түсінік беру
Лекция мәтіні: Оқытуды ұйымдастыру формалары педагогика ғылымы мен пәнді оқыту әдістемесі тұрғысынан қарастырғанда кеңінен қамтылған. Технология пәнін оқыту формаларында ұқсастықтар болғанымен пәндегі теориялық мағлұматтар мен практикалық іс-әрекеттер тұрғысынан өзіндік ішкі құрылымы бойынша ерекшеленеді.
Оқытуды, оның ішінде технология пән сабақтарын оқытудың негізгі формасы сабақ болып табылатындықтан, төменде сабақтың педагогика ғылымындағы негізгі түрлеріне қысқаша сипаттама жасалады.
Оқушылармен ұйымдастырылатын оқу жұмысының көптеген түрлері бар. Олар: сабақ, кеңес, сынақ, семинар және конференция, оқу топсеруені. Сабақтың негізгі сипаттамалары, мазмұндық ерекшеліктері педагогика курсынан белгілі.
Дидактиктер мен әдіскерлер сабақтарды таптастыруда оқыту үдерісінің бөлімдері мен басты оқыту міндетін негізге алады. Соған сәйкес сабақ кіріспе, жаңа материалды оқыту, аралас, бақылау, білімді есепке алу және тексеру, жинақтау-қайталау сияқты түрлері ажыратылады.
Мұғалімнің сабақ типін таңдауы оқыту мазмұны мен ондағы теориялық және практикалық іс-әрекеттерге байланысты. Сондай-ақ бір типтегі сабақтар оны жүргізу әдісіне қарай бірнеше түрге енуі мүмкін. Мәселен, кіріспе сабақты лекция, топсеруен, әңгіме түрінде өткізу.
Мектептің басқа оқу пәндерімен салыстырғанда технология пәнінің өзіндік ерекшеліктері бар. Олар:
- оқушылардың еңбек іс-әрекеттері тек білімді меңгеру, практикалық іскерліктер мен дағдыларды алу ғана емес сонымен қатар материалдық игіліктерді өндіру, шығару, өңдеу;
- білімнің қайнар көзінің арасынан басты орын алатыны өндірістік объектілер, еңбек және технологиялық үдерістер;
- оқушылармен сабақтар оқу-өндіріс жағдайында - шеберханаларда, оқу цехтарында жүргізіледі;
- еңбекке үйрету (баулу) үдерісінде тәрбиелік ықпал оқушыларда жеке тұлғалық сапа қалыптастыру мен дамытуға бағытталады;
- оқу - тәрбие үдерісіне тек мектеп мұғалімі ғана емес, сонымен қатар практикалық жұмыстарда басшылық рөлді біліктілігі бар материалдық өндіріс саласының маманы жүргізуі мүмкін.
Сабақтың түрлеріне сәйкес құрылымдары әртүрлі болады.
Педагогикалық, әдістемелік оқу құралдары, мектеп практикасы барысын талдауда және материалдарды өңдеу тарауларын оқытуда технология пән сабақтарының жалпы құрылымдық элементтері төмендегідей:
- ұйымдастыру бөлімі (оқушылардың оқу шеберханаларына уақытымен келуі; оқушылардың сабаққа қатынасуын және практикалық жұмыстарды орындауға қажетті арнайы киімдерінің бар болуын тексеру);
- сабақтың тақырыбы мен мақсатын оқушыларға хабарлау;
- оқушылардың технология пән сабақтарынан және басқа пәндерден алған тірек білімдері мен ептіліктерін маңызды ету;
- оқушыларға алдағы тұрған тапсырмаларды орындауы үшін мұғалімнің кіріспе нұсқауды мазмұндауы, практикалық іс-әрекетті дұрыс орындау тәсілдерін көрсетуі және неге іс-әрекетті көрсету бойынша орындау керектігі туралы қысқаша ғылыми негіздеуі;
- қауіпсіз еңбек ету тәртібі бойынша нұсқау беру;
- оқушылардың жұмыс жасауы үшін дайындамалар мен құрал-жабдықтарды үлестіру;
- оқушылардың алған тапсырманы орындауы (еңбекке баулу сабақтарының басым көпшілік уақыты тапсырманы орындауға жұмсалады);
- оқушыларға тапсырманы орындау барысында мұғалімнің ағымдық нұсқау беруі және олардың жұмыстарына бақылау жүргізуі;
- сабақтың қорытындысын жүргізу, яғни оқушылардың тапсырманы орындау барысындағы қателерін талдау; білімдерді талдап қорыту;
- оқушылардың іс-әрекетін бағалау және белгілеп қою;
- оқу шеберханаларын жинастыру.
Әрбір сабақтың жалпы және білім беретін (политехникалық, технологиялық, т.б.) міндеттерін жалпылай келе технология пән сабақтарының міндеттерін төмендегідей жинақтап көрсетуге болады:
- техникалық объектілердің құрылысы, жұмыс істеу қағидасы және қолданылуы туралы жаңа білімдерді меңгерту;
- технологиялық үдерістердің жүзеге асырылу тәсілдері мен қағидалары туралы мағлұматтар беру;
- техникалық объектілермен жұмыс жасаудағы практикалық ептіліктер мен дағдыларды қалыптастыру, технологиялық операцияларды орындау, жұмыс орны мен еңбекті ұйымдастыру, алдағы тұрған іс-әрекетті жоспарлау және өзіндік іс-әрекетті бақылау жасауға үйрету;
- оқушыларды пайдалы өнімді еңбекке қатыстыру;
- оқушылардың еңбектік дайындығының деңгейін және сапасын тексеру мен бағалау.
Технология пән сабақтары бойынша оқушылардың іс-әрекеттерін ұйымдастыру олардың еңбек іс-әрекетіне, дайындығына және бағдарламалық оқу материалдарға байланысты жүзеге асырылады. Оқушылардың іс-әркетін ұйымдастырудың: фронтальдық, топтық және жеке дара түрі қолданылады.
Фронтальдық оқушылардың барлығына бірдей еңбек объектісін дайындау жағдайында орындалады. Оқушыларды топқа бөліп, әртүрлі еңбек объектісін орындауда жүзеге асырылады. Бұл көп жағдайда ұжымдық іс-әрекеттерді ұйымдастыру жарыс мақсатында да қолданылады. Топтық ұйымдастыру: оқушылардың топ болып бір тапсырманы әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолданумен орындау; топтағы әрбір оқушы танымдық мүмкіндігі мен еңбек дағдыларын орындауға сәйкес дербес тапсырманы орындау жағдайын жүзеге асырады. Жеке дара түрі негізінен еңбек дайындығы әртүрлі оқушылармен жұмысты ұйымдастырғанда орындалады.
Оқушылардың сабақтағы жеке дара іс-әрекетін ұйымдастыру саралауға негізделеді және оқу-тәрбие үдерісін оңтайландырады. Саралау оқушылардың қабілеті мен қызығушылығына, дара ерекшеліктеріне, оқу және еңбек іс-әрекет дайындығына негіздеп топтастыру арқылы жүзеге асырылады. Бұл жағдайда оқушылардың дағдылары, білімдері, танымдық мүмкіншіліктері назарға алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |