Логика ғылым ретінде


Ұғымдарды анықтау ережелері және оларды сақтамау



бет4/21
Дата18.10.2023
өлшемі1.1 Mb.
#481013
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
лекция Логика ғылым ретінде

Ұғымдарды анықтау ережелері және оларды сақтамау
нәтижесінде кездесетін қателіктер

Анықтаманың түзілуі айрықша ережеге бағынады. Олар анықтаманың мазмұнына, оның атқаратын қызметіне, құрылымдарына байланысты. Ережелердің сақталуы логикалық қателіктердің болмауына ықпал етеді әрі анықтаманың форма бойынша дұрыс құрылуын қамтамасыз етеді.


Осы ережелердің негізгілері төменде берілген:

  1. Анықтама өлшемдес болуы тиіс.

Бұл анықтаушы және анықтайтын ұғымдар өз көлемдері жағынан толығымен сәйкес келуі керек дегенді білдіреді. Мысалы, «Термометр — температураны өлшейтін құрал» анықтамасында ереже сақталған. Осы ережені формуламен А = Вс немесе Dfd = Dfn деп көрсетуге болады. Бұл ережені бұзған жағдайда төмендегідей қателіктер орын алуы мүмкін:
а) Өте кең анықтама.
Ол символмен А < Вс деп белгіленеді. Мысалы, «Термометр — бұл құрал» деу — ақиқат, өйткені термометр шын мәнінде де құрал. Бірақ, егер оны анықтама ретінде қарастырсақ және жоғарыда айтылған дұрыс анықтамалармен салыстырсақ, онда бұл жерде жіберілген қателік — анықтаманың кеңдігі. Сонда мынадай формула шығады: А < В (с мүлде жоқ).
ә) Өте тар анықтама.
Егер біз «Термометр — бұл дененің температурасын өлшеу қызметін атқаратын құрал» десек, онда бұл анықтамада мынадай қателік кетеді: осы анықтамаға А > Вс формуласы сәйкес келеді.
б) Анықтамалар бір мезгілде тар да, кең де бола алады, бірақ әртүрлі қатынастарға байланысты.
Егер біз: «Пышақ — қылмыс құралы» деп айтсақ, онда бұл анықтама дұрыс емес, өйткені ол тек осы мақсатта ғана пайдаланылмайды және қылмыс құралы басқа да заттар болуы мүмкін.
2. Анықталатын ұғымды өзі арқылы анықтауға болмайды.
Кейде бұл ережені «анықтама шеңбер құрмауы тиіс» деген түрде де беруге болады.
Яғни, анықтаушы ұғым анықталатын ұғымда тікелей де, жанама да қайталанбауы қатаң талап етіледі. Бұл ереже бұзылған жағдайда төмендегідей екі қателік туындайды:
а) Тавтология.
Сонымен, қазіргі кезде заңнамада адвокаттар алқасы «адвокаттық іс-әрекетпен айналасатын тұлғалар бірлестігі» ретінде анықталады десек, онда «idem per idem» («нені не арқылы») қателігі туады. Адвокаттар туралы қандай болғанда да біздің азды-көпті айқын түсінігіміз бар. Бірақ С. Лемнің фантастикалық романындағы: «Сепулькариялар — сепуление үшін қолданылатын объектілер» деген анықтамасында оның неге қатысты айтылған нәрсе екеніне көз жеткізу қиын. Осы тақылеттес қателіктер күнделікті өмірдегідей ғылыми зерттеулерде де жіберіледі. «Заң дегеніміз — заң» немесе көпшіліктің сүйікті әндерінің бірі «Life is life» сияқты сөйлемдерді қолдану да соған жатады. Ендеше бұл анықтаманы емес, күшейтпелі тәсілді қолдану болып шығады.
ә) Анықтамадағы шеңбер.
Бұл неғұрлым бүркемеленген қателік, өз кезегінде анықталатын ұғымның өзі анықтаушы ұғым арқылы ашылады. Сондықтан бұл қателікті бірден байқау оңайға түспейді. Сонымен, заң әдебиеттерінде құқықтың «бұл — құқықтық тәртіпті сақтау және ақтау міндетіне ие нормалар жүйесі» деп берілген анықтамасы ұзақ уақыт бойы үстемдік етті. Ал құқықтық тәртіп дегеніміз не? Оның өзі құқық арқылы анықталады. Яғни «шеңбер» шығады.
3. Анықтама тек қана терістеуші пайымдау болмауы керек.
«Кит — балық емес» деп айта отырып, әрине, бұл нәрселер белгілерінің бірі «балықтар класына жатпайды» дегенді береміз. Алайда бұл — теріс белгі. Ал осы нәрсенің мәнін ашатын оң белгілерді біз көрсете алмай отырмыз. Демек, анықтама өзінің негізгі қызметі мен мақсатын орындай алмады деген сөз.
4. Анықтама нақты да түсінікті болуы тиіс.
Бұл ереже анықтамада нәрсенің мағынасын ашатын көпке белгілі сөздерді қолдануды қатаң сақтау талабын білдіреді. Мұнда метафора, бейнелік салыстырулар т.б. болмауы тиіс.
Бұл ережені сақтамау нәтижесінде әртүрлі қателіктер туады:
Белгісіз арқылы анықтау немесе басқаша айтқанда «х-ті у арқылы анықтау». Мысалы, «Футуризм — XX ғасыр басындағы декаденттік түрлерінің бірі», бұл анықтама ұғымның мағынасын кез келген адам үшін ашып тұрған жоқ, өйткені «декаденттік» деген ұғымның өзі анықтама беруді талап етеді. Әртүрлі бейнелі сөйлемдерді, метафораны қолдану, салыстыру — талдап отырған нәрсе туралы қандай да бір білім бергенімен, ол оны не анықтама класынан шығарып тастайды, не көмескі анықтамаға айналдырады немесе оны анықтаманы алмастыратын тәсілге айналдырып жібереді («Түйе — шөл кемесі», «Арыстан — аңдар патшасы»),
Сондай-ақ, нәрсенің мәнді емес белгілерін түрлік ерекшелігі ретінде көрсету осы ереженің сақталмауына әкеледі («Бауыр — салмағы 1,5 кг жуық, ірі орган»).
Жоғарыдағы ережелердің сақталуы бізге нақты, дұрыс анықтама түзуге, жекелеген білім алуға және ол білімдерді басқаларға айқын және нақты түрде жеткізуіңізге көмектеседі.
Көмескі анықтама. Анықтаманың басқа амалдары.
Жоғарыда анықталатын және анықтаушы ұғымдар арасында теңдік жоқ анықтамалар көмескі деп аталатыны туралы сөз болды.
Өзінің кең таралғанына қарамастан, тектүрлік анықтама барлық жағдайда қолдануға келе бермейді. Демек, әмбебап болмайды. Кейбір ұғымдарға мұндай анықтамалар беруге болмайды. Ең алдымен, бұлар соншалықты кең ұғымдар болып табылатын философиялық категориялар болғандықтан, оларға жақынырақ тек те жоқ. Бұл жағдайда нәрсенің өзінің қарама-қарсы қатынасы немесе басқаша айтқанда салыстырмалы анықтау формасы қолданылады («Кездейсоқтық — қажеттілік көрінуінің бір формасы»).
Мәнмәтіндік (контекстуальный) анықтама.
Кез келген мәтін үзіндісі, бізге қажет ұғымдар кездесетін мәнмәтіндер нәрсенің көмескі анықтамасы болып табылады. Мәнмәтін ұғымды басқалармен байланыстыра отырып, оның жанама мазмұнын анықтайды. Мәнмәтінде сөз «жанды» болып келеді және ол өзінше дербес өмір сүреді. Күнделікті өмірде кездесетін анықтамалардың барлығы дерлік мәнмәтіндік болып келеді. Біз олармен көбіне шетел тілдерін оқып-үйренуде жиі кездесеміз. Әрине, мәнмәтіндік анықтамалар үнемі белгілі бір дәрежеде тұрақсыз және толық емес болып тұрады. Дегенмен олар мейлінше жеткіліксіз көрінгеніне қарамастан, тілді меңгерудің іргелі шарты болып есептеледі.
Остенсивті (көрнекті) анықтамалар.
Нұсқау жолымен анықтауды осылай атайды (латынның ostendo — «көрсетемін» деген сөзінен шыққан). Мысалы, сендерге бір құралды алғаш рет көрсетіп: «Бұл — компьютер» деп айтса, оны сіздер бұдан әрі қарай солай қабылдайсыздар. Көрнекті анықтама да мәнмәтіндік анықтама сияқты өзінің кейде толық аяқталмағандығымен ерекшеленеді. Оларда жалқылық, даралық жалпымен бірігіп кеткен. Бұған да дәлел келтірейік, ноутбукты (notebook) көріп, сіздер алдыңғы мысалдан соң да оның компьютер екенін бірден біле қоймайсыздар ғой. Себебі, олардың екеуі де электронды есептегіш техника болғанымен, сырт көріністеріне қарап, туыстықтарын бірден байқау мүмкін емес. Алайда тек көрнекті анықтама ғана сөзді нәрселермен байланыстырады. Оларсыз тіл объективтіліктен, нәрсенің мазмұнынан ажыраған тек сөздік кесте болар еді.
Көмескі анықтама алуан түрлерінің тағы бірі — аксиомалық анықтамалар. Олар математика, физика т.с.с. нақты ғылымдарда жиі кездеседі.
Мысалы, «Әрекет күші қарсы әрекет күшіне тең» немесе нүктенің, түзудің және т.б. Евклид геометриясындағы анықтамалары.
Аксиомалық анықтама — ұғымның ғылыми анықтамасының ең жоғарғы формаларының бірі. Оның қағидалық ерекшелігі - аксиомалық мәнмәтін қатаң шектеулі және тіркелген болып келуінде. Онда жалпы ештеңе жоқ, тек ең қажетті нәрсе ғана бар. Кез келген теория өзінің бастапқы аксиомалық ұғымын анықтауға қабілетті емес, әсіресе бұл көпаспектілі, күрделі де көпдеңгейлі, объектілі гуманитарлық ғылымдарға қатысты айтылады.
Анықтаушы термин анықталушы ұғымның мағынасын беруде қолданылса, ол индуктивтік анықтама деп аталады.
Индуктивтік анықтамаға «натурал сан» ұғымының «натурал сан» деген терминмен берілетін анықтамасын мысал ретінде келтіруге болады.
Кез келген ұғымға анықтама беріле бермейді және ол әрқашан қажет те емес. Біз анықтамаға ұқсас, қандай да бір дәрежеде сол міндетті атқаратын әртүрлі тәсілдерді қолданамыз, бірақ оларды анықтамамен шатастыруға және оларға жоғарыда қарастырған ережелерді қолдануға болмайды. Оларға:
Суреттеу. Нәрсенің бірқатар белгілерін оны басқалардан, оған ұқсас нәрселерден ажырату мақсатында, сондай-ақ оны бірден өзгелерден ерекшелеп, мәнді және мәнсіз белгілерін тізбелеуден тұрады. Мысалы, қылмыскердің сырт бейнесін, қылмыс құрбанын, іс-әрекеттің өзін, жалпы қандай да бір істің жайын суреттеу.
Бір нәрсенің басқа нәрселермен ұқсастығы немесе өзгеше қатынасы салыстыру барысында танылады. Мысалы, «Ұйымдасқан қылмыс қоғамға қарсы партизандық соғыс сияқты».
Сипаттама. Нәрсенің қандай да бір қатынаста тек неғұрлым маңызды және мәнді кейбір белгілерінің ерекшеленіп көрсетілуі. Мысалы, оқу орнынан алған мінездеме және т.б.
Айыру — нәрсенің оған ұқсас басқа нәрселерден ерекшелігін ажырату. «Мінезсіз адам — адам емес, ол жансыз нәрсе».
Анықтаманың жоғарыда қарастырылған тәсілдерден ерекшелік белгілері сол, онда нәрсенің жалпы мәнді белгілері көрсетіледі, олардың әрқайсысы жеке-жеке маңызды болып табылады, ал барлығын бірге алғанда нәрселерді басқа ұсақ нәрселерден ажырату үшін жеткілікті болады.
Анықтамалармен жүйелі жұмыс істеу:
1) өз ойымызға жауапкершілікпен қарауға үйретеді, өйткені мұндай типтегі ойлар қарапайым және анық ережелер бойынша өмірде сынақтан өткен;
2) өз ойымызды анық, қысқа және дәл білдіруге көмектеседі.
Ал бұл — логикалық мәдениеттің маңызды құрамдас бөлігі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет