41 - тарау. Сыртқы газқұбырлары және құрылыстар
696. Жер үстінің газқұбырларын қарап тексеру станцияның аумағында айына бір реттен кем болмайтындай, станцияның аумағынан тыс жерлерде-тоқсанына бір реттен кем болмайтындай етіп жүргізіледі. Анықталған ақаулар жойылады.
697. Қысымы 1,2 МПа дейін жер асты болат газқұбырларын пайдалану мен қарап тексерудің мерзімділігі газқұбырының техникалық жай-күйіне байланысты осы Талапқа сәйкес жүзеге асырылады.
698. Қысымы 1,2 МПа жоғары жер астының болат газқұбырларын станцияның аумағында пайдалану газқұбырының техникалық жай-күйіне байланысты осы Талапқа сәйкес жүзеге асырылады, сондай-ақ магистралды газқұбырларына арналып белгіленген тәртіпте бекітілген нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарын ескереді, бірақ осы Талаптың 1 қосымшасында келтірілгеннен кем емес.
699. Қысымы 1,2 МПа жоғары жер астының болат газқұбырларын станцияның аумағынан тыс жерлерде қарап тексеру мерзімділігі магистралды газқұбырларына арналып белгіленген тәртіпте бекітілген нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес белгіленеді.
42 - тарау. Құрылыстар мен ғимараттар
700. Газ тарату желілеріндегі барлық құрылыстар мен ғимараттардың құрылыс құжаты болады.
Белгіленген қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін құрылыстар мен ғимараттар оларды ары қарай пайдаланудың мүмкіндігін, қайта құру қажеттігін анықтау немесе пайдалануды тоқтату үшін тексеруден өтеді.
701. Ғимараттар мен құрылыс құрастырмаларын тексеру (арматураның жарылуы, жалаңаштануы, іргетастың отыруы, қалқалардың көтеру қабілетінің төмендеуі, шатырдың бұзылуы және басқалары) сондай-ақ технологиялық объектіні қайта құрудың немесе құрылыс пен ғимараттардың функционалдық мақсатын өзгертудің алдында да, сондай-ақ апаттан (жарылыс немесе өрттен) кейін жүргізіледі.
702. Құрылыстар мен ғимараттарды оларды ары қарай пайдалану, қайта құруды жүргізу мүмкіндігін белгілеу немесе пайдалануды тоқтату мақсатымен тексеру Қазақстан Республикасының заңымен белгіленген тәртіпте өндірістік қауіпсіздік сараптамасының шеңберінде жүргізіледі.
703. Құрылыстар мен ғимараттардың, сондай-ақ өндірістік жайлардың кіретін есіктерінде жайлардың жарылыс өрт және өрт қауіптілігі тобының және аймақтың жарылыс қаупінің топтарының белгісі түсіріледі.
43 - тарау. Газды қауіпті жұмыстар
704. Газды қауіпті жұмыстарға жататындар:
1) сыртқы және ішкі газқұбырларын қолданыстағы газқұбырларына қосу (бұрау), газқұбырларын ажырату (кесу);
2) газқұбырларын пайдалануға енгізу кезінде, сақтаудан шығарғаннан, жөндегеннен (қайта құрудан) кейін газды іске қосу, ГРО, ГРБО, ШРО мен ГРҚ - ны пайдалануға енгізу;
3) қолданыстағы сыртқы және ішкі газқұбырларына, ГРО, ГРБО, ШРО және ГРҚ газды жабдығына, газды пайдаланушы қондырғыларға техникалық қызмет көрсету және жөндеу;
4) қолданыстағы газқұбырларының тығындарын жою, бұқтырмаларды орнату және алу, сондай-ақ газқұбырларына газды пайдаланатын қондырғыларды газқұбырларынан ажырату немесе қосу;
5) газды пайдаланатын қондырғыларды ажырату немесе қосу кезінде газқұбырларын үрлеу;
6) ГРО, ГРБО, ШРО мен ГРҚ сыртқы газқұбырларын қарап тексеру;
7) құдықтарды қарап тексеру мен желдету, конденсатжинағышты тексеру және одан конденсаты айдау;
8) газдың шыққан орындарын, оларды жойғанға дейін қазу;
9) қолданыстағы газқұбырларында, ГРО, ГРБО, ШРО және ГРҚ жабдығында от жұмыстарын (дәнекерлеу) жұмыстары мен газбен кесуді (сонымен бірге механикалық) орындау арқылы жөндеуді жүргізу.
705. Газды қауіпті жұмыстарды 2 адамнан кем болмайтын құрамдағы жұмысшылардың бригадасы маманның басшылығымен орындайды.
Тереңдігі 1 м асатын құдықтардағы, туннелдердегі, коллекторлардағы, сондай-ақ траншеялар мен котловандардағы газды қауіпті жұмыстар 3 адамнан кем болмайтын құрамдағы жұмысшылардың бригадасымен орындалады.
Жұмыстарды жүргізу Қазақстан Республикасының өндірістік қауіпсіздік саласындағы заңына сәйкес жүзеге асырылады.
706. Алғашқы газдандыру кезіндегі елді мекендердің газ желісіне, қысымы жоғары газқұбырларына газды жіберу; қысымы жоғары және орташа газқұбырларын қосу жөніндегі жұмыстар; ГРО, ГРБО, ШРО және ГРҚ дәнекерлеу мен газбен кесуді қолдана отырып жөндеу жұмыстары; дәнекерлеу мен газбен кесуді қолдана отырып қысымы орташа және жоғары (газдың астындағы) газқұбырларындағы жөндеу жұмыстары; тұтынушыларды ажыратумен байланысты орташа және жоғары қысымдағы газқұбырларында газдың қысымын азайту және қалпына келтіру; өндіріс орнында газ беруді ажырату және одан кейінгі қосу газды тарату ұйымының техникалық басшысымен бекітілген жұмыстарды ұйымдастырудың жоспары бойынша жүргізіледі.
Жоспарда: операцияларды жүргізу жүйелілігі; адамдарды орналастыру, техникалық жарақтандыру; барынша қауіпсіздікті қамтамасыз ететін шаралар; газды қауіпті жұмыстарды жүргізуге, жалпы басшылыққа және әрекеттердің үйлесімді болуына жауапты тұлғалар (жұмыстың әрбір телімінде) көрсетіледі.
707. Жоспарға және рұқсат нарядтарына жүргізілетін жұмыстың орнын және сипатын көрсетумен атқару құжаттамасы (атқару құжаттамасының жобасы немесе ксерокөшірмесі) қосымша тіркеледі.
Газды қауіпті жұмыстарды бастардың алдында, олардың жүргізілуіне жауапты тұлғамен құжаттаманың газқұбырының нақты орналасуына сәйкестігі тексеріледі.
708. Газқұбырларындағы апатты жою жөніндегі жұмыстар басқа адамдардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне және қоршаған табиғи ортаға зиян келуінің тікелей қаупін жойғанға дейін рұқсат нарядсыз жүргізіледі.
Газқұбырлары мен газды жабдықты техникалық жарамды күйіне келтіру жөніндегі жұмыстар рұқсат наряды бойынша жүргізіледі.
Апаттық-қалпына келтіру жұмыстары басынан бастап аяғына дейін авариялық-құтқару қызметімен бір тәуліктен аспайтын мерзімге жүргізілген жағдайда рұқсат наpяды ресімделмейді.
709. Сынақтың жүргізілген күнінен бастап 6 айдың ішінде пайдалануға енгізілмеген газқұбырлары қайтадан саңылаусыздығына сынақтан өткізіледі.
Электрхимиялық қорғану қондырғыларының жұмысы, түтін шығаратын және желдету жүйелерінің жай-күйі, газды жабдықтың, арматураның, өлшеу және автоматтандыру құралдарының жинақтылығы мен жарамдылығы қосымша тексеріледі.
710. Жаңадан салынған газқұбырларын қолданыстағы газқұбырларына қосу тек газды жіберудің алдында ғана жүргізіледі.
Барлық газқұбырлары мен газды жабдық оларды қолданыстағы газқұбырларына қосудың алдында, сондай-ақ жөндегеннен кейін газ жіберуді жүзеге асыратын бригадамен сырттай қарап тексеруден және бақылау үрлеуінен (ауамен немесе инертті газдармен) өткізіледі.
711. Барлық қысымдағы сыртқы газқұбырлары 0,02 МПа қысымнан өткізіледі. Қысымның төмендеуі 1 сағат 0,0001 Мпа аспайды.
Гидроысырмалары бар қысымы төмен сыртқы газқұбырлары 0,004 МПа қысымнан өткізіледі. Қысымның төмендеуі 10 минут 0,00005 МПа аспайды.
Өндірістік, ауыл шаруашылық және басқа да өндіріс орындарының, қазандықтардың сыртқы газқұбырлары, сондай-ақ ГРО, ГРБО, ШРО және ГРҚ - ның жабдығы және газқұбырлары 0,01 МПа қысымнан өткізіледі. Қысымның төмендеуі 1 сағат 0,0006 МПа аспайды.
Бақылау үрлеуінің нәтижелері газды қауіпті жұмыстарды орындаудың рұқсат наpядтарына жазылады.
712. Жалғанатын газқұбырларындағы артық қысым оларды жалғау (бұрау) жөніндегі жұмыстар басталғанға дейін сақталады.
713. Егер газды жіберу орындалмаса, онда газды жіберу жөніндегі жұмыстарды қалпына келтіру кезінде қайта қарап тексеру және бақылау үрлеуі жүргізіледі.
714. Құдықтардың, туннелдердің, коллекторлардың, техникалық қалқалардың, ГРО, ГРБО және ГРҚ жайларындағы газқұбырларында дәнекерлеу жұмыстары мен газбен кесуді оларды ажыратпай, ауамен немесе инертті газбен үрлемей және бұқтырманы орнатпай жүргізуге рұқсат берілмейді.
Газқұбырын дәнекерлеу (кесу), сондай-ақ арматураны, компенсаторлар мен құдықтардағы, туннелдердегі, коллекторлардағы оңашалайтын бөлшекті пісірілген жалғауларды ауыстыру жұмыстары басталғанға дейін жабылған жерлері алынады (бөлшектеледі).
Жұмыстарды бастаудың алдында ауаның газдалғандығы тексеріледі. Газдың ауадағы көлемдік үлесі жалынның таралуының төменгі шоғырлану шегінің 20 % аспайды. Сынамалар ең нашар желдетілетін орындардан алынады.
715. Қолданыстағы газқұбырларында газды кесуді және дәнекерлеуді жүргізуге газдың қысымы 0,0004-0,002 МПа болған кезде рұқсат беріледі.
Жұмысты орындаудың уақытында газқұбырындағы газдың қысымына үнемі бақылау жүзеге асырылады.
Газқұбырындағы газдың қысымы 0,0004 МПа төмен түскен кезде немесе ол 0,002 МПа жоғары көтерілгенде жұмыстар тоқтатылады.
716. Газқұбырларын қысымды азайтпастан қосуды жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы жабдықты пайдалана отырып жүргізеді.
Газқұбырларын қысымды азайтпастан қосу жұмыстарын жүргізудің технологиялық тәртіптемесі жабдықты дайындаушының нұсқауларын ескереді және операциялардың технологиялық жүйелігін мазмұндайды.
717. Жұмыстарды жүргізген кезде газқұбырындағы газдың қысымы арнайы орнатылған манометрмен бақыланады.
Жұмыстарды жүргізетін орыннан 100 м аспайтын қашықтықта орнатылған манометрді пайдалануға рұқсат беріледі.
718. Газды жабдықты қолданыстағы ішкі газқұбырларына дәнекерлеуді (кесуді) пайдалана отырып қосу жөніндегі жұмыстарды газқұбырларын ажырату және оларды ауамен немесе инертті газбен үрлеу арқылы жүргізеді.
719. Қолданыстағы газқұбырындағы газдың қысымын азайтуды ажырату құрылғыларының немесе қысымды реттегіштердің көмегімен жүргізеді.
Газқұбырындағы газ қысымының артып кетуіне жол бермеу үшін артық қысымды қолда бар конденсатжинағыштарды пайдалана отырып шырағданға немесе жұмыс орнында арнайы орнатылған шырағданға шығарады.
Шығарылатын газды мүмкіндігіне қарай жағып жібереді.
720. Жаңадан салынған газқұбырларын қолданыстағы газқұбырларына қосудың тәсілдері қолданыстағы нормаларға сәйкес газды тарату ұйымымен анықталады.
721. Газқұбырларының, арматура және аспаптардың саңылаусыз екенін ашық отпен тексеруге рұқсат берілмейді.
Газды қауіпті жұмыстарды жүргізетін орындарда бөгде адамдардың болуына, ашық от көздерін қолдануға, сондай-ақ шылым шегуге рұқсат берілмейді.
Жұмыстарды жүргізетін орындар қоршалады.
Котловандардың көлемі жұмыстарды жүргізуге және жұмысшыларды алып кетуге ыңғайлы болып жасалады.
Газды қауіпті жұмыстарды жүргізетін орындарға жақын жерде «От қауіпті-газ!» деген ескерту белгілері ілінеді немесе қойылады.
722. Қолданыстағы газқұбырларында газды кесу (дәнекерлеу) кезінде үлкен жалын болуына жол бермеу үшін газдың шығатын орындарын асбесттілі ұсақтары бар шамотты сазбалшықпен сүртіп тастайды.
723. Тұтынушыларға баратын (енетін) тармақтарда орнатылған бұқтырмаларды алу газды жіберу жөніндегі жұмыстарды басқаратын тұлғаның нұсқауы бойынша, газқұбырын көзбен шолып қарап тексергеннен және үрлегеннен кейін жүргізіледі.
724. Газқұбырлары газды жіберген кезде барлық ауаны итеріп шыққанға дейін газбен үрленеді.
Үрлеуді аяқтау талдау немесе таңдап алынған сынамаларды жағу жолымен жүргізіледі.
Оттегінің көлемдік үлесі көлемі бойынша 1 % аспайды, ал газдың жануы қалыпты, тарсылдаған дыбыстарсыз жүреді.
725. Газқұбырлары газдан босатқан кезінде ауамен немесе инертті газбен үрленеді.
Ауаның (инертті газдың) сынамасындағы газ көлемінің үлесі жалынның таралуының төменгі шоғырлану шегінің 20 % аспайды.
Газқұбырларын үрлеген кезде газдыауа қоспасын жайларға, желдету және түтін шығаратын жүйелерге, сондай-ақ оның ғимаратқа тиюі немесе от көзінен тұтануы мүмкін орындарға жіберуге жол берілмейді.
726. Сыртқы газқұбырларының, сондай-ақ газды жабдықты бөлшектеген кезде ішкі газқұбырларының ажыратылатын телімдері кесіледі, газдан босатылады және тармақталатын жерінде бітеу дәнекерленеді.
727. Газдалған құдықтарда, коллекторларда, жайларда және жайдан тыс жердегі газдалған атмосферада ашық отты қолдану арқылы (дәнекерлеу, кесу) жөндеу жұмыстарын жүргізуге болмайды.
728. Іштей қарап тексергенде және жөндеген кезде қазандар немесе газды пайдаланатын басқа да қондырғылар бұқтырмалардың көмегімен газқұбырынан ажыратылады.
729. Құдықтарға (арнайы киетін тұтқаларсыз (скобаларсыз)), котловандарға түсу құдықтың (котлованның) жиегіне бекітілген металл сатылар арқылы жүзеге асады.
Тайғануына және ұшқын шығуына жол бермеу үшін сатының қатты ұшында резиналы «байпақтары» болады.
730. Құдықтарды және котловандарда құтқару белдіктерін және противогаздарды киген екеуден көп болмайтын жұмысшылар жұмыс жасайды. Құдықтың ішіндегі жұмысшыларды сақтандыру және жұмыс орнына бөгде адамдарды жібермеу үшін сыртта жел жағынан екі жұмысшы тұрады.
731. Сыртқы және ішкі газқұбырларында орнатылған жабдықты бөлшектеу (ауыстыру) газқұбырының ажыратылған телімінде бұқтырмалар орнату арқылы жүргізіледі.
Бұқтырмалар газқұбырындағы газдың максималды қысымына сәйкес келеді, бөлшекті пісірілген жалғаулардың шегінен асып шығып тұрған қанатшалары және газдың қысымы мен газқұбырының диаметрі көрсетілген таңбасы болады.
732. Тығын арматурасының сальниктерін нығыздауға, қысымы орташа және жоғары сыртқы газқұбырларындағы конденсатжинағыштардың бұранда жалғауларын бөлшектеуге газдың қысымы 0,1 МПа аспайтын кезінде рұқсат беріледі.
733. Сыртқы газқұбырларындағы бөлшекті пісірілген жалғаулардың салмаларын ауыстыруға газқұбырындағы газ қысымы 0,0004-0,002 МПа болған кезінде рұқсат беріледі.
734. Кез келген қысымдағы ішкі газқұбырларының бөлшекті пісірілген, бұрандалы жалғауларын бөлшектеу газқұбырының ажыратылған және бітелген телімінде жүргізіледі.
735. Газдалған жайлардағы газқұбырларында және жабдықта жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде жұмысшыларды қадағалау және от көздерін енгізуге жол бермеу қамтамасыз етіледі.
736. Жер асты газқұбырларында газқұбырын ажыратумен байланысты жөндеу жұмыстарын (ысырмаларды ауыстыру, бұқтырмаларды, салмаларды алу мен орнату және басқалары) бастаудың алдында электрхимиялық коррозиядан қорғаныш сөндіріледі және газқұбырының ажыратылатын телімдерінде ұшқынның пайда болуына жол бермеу мақсаттарында тұтқа (егер стационарлы орнатылған тұтқалар болмаса) орнатылады.
737. Газқұбырларындағы мұзды, шайырлы, нафталинді және басқа да тығындарды көсеу арқылы (металл шомполдармен) кетіруге, еріткіштерді құю немесе буды жіберуге газқұбырындағы газдың қысымы 0,005 МПа аспаған кезде рұқсат беріледі.
738. Сыртқы полиэтиленді, болат газқұбырларын және ішкі газқұбырларын қыздыру үшін ашық отты қолдануға рұқсат берілмейді.
739. Газқұбырларында тығындарды кетіру кезінде газқұбырынан газдың шығуын барынша азайтатын шаралар қолданылады. Жұмыстар шлангалы немесе оттегілі-оңашалайтын противогаздарда жүргізіледі. Газды жайға жіберуге рұқсат берілмейді.
Газқұбырларын тазарту кезінде тұтынушылар жұмыстар аяқталғанға дейін газды пайдаланатын қондырғыларды ажыратудың қажеттігі туралы ескертіледі.
740. Газқұбырындағы тығындарды кетіру үшін бөлшектелген бұрандалы және бөлшекті пісірілген жалғаулар жинағаннан кейін сабынды эмульсиямен немесе сезімталдығы жоғары газдыталдағыштардың (шыққан жерін іздегіштер) көмегімен саңылаусыздығына тексеріледі.
741. Жұмысшыларда жеке қорғаныш құралдарының болуын, олардың жарамдылығы мен қолданылуын үнемі қадағалауды жұмыстарға басшылық жасайтын тұлға, ал жұмыстарды техникалық басшылықсыз орындаған кезінде-тапсырманы берген тұлға жүзеге асырады.
Қажетті жеке қорғаныш құралдарының болуы мен жарамдылығы газды қауіпті жұмыстарға рұқсат наpядын берген кезде анықталады.
Жұмыстарды ұйымдастырған кезде басқарушы жұмысшыларды қауіпті аймақтан тез алып шығудың мүмкіндігін қарастырады.
Газды қауіпті жұмыстарға қатысатын әрбір жұмысшының жұмысқа дайындалған шлангалы немесе оттегілі-оңашалайтын противогазы болады.
Сүзгілі противогаздарды қолдануға жол берілмейді.
742. Оттегілі-оңашалайтын противогазды қосуға рұқсатты жұмыстарға басшылық жасайтын тұлға береді.
Оттегілі-оңашалайтын противогазда жұмыс жасаған кезде, жұмысшының газдалған аймақтың сыртына шығуын қамтамасыз ететін, противогаз баллонындағы оттегінің қалған қысымын қадағалайды.
Противогазда үзіліссіз жұмыс жасаудың ұзақтығы 30 минуттан аспауы керек.
Оттегілі-оңашалайтын противогазда жұмыс жасаудың уақытын оның құжатына жазады.
743. Шлангалы противогаздардың ауа алатын патрубкалары жел жағынан орналасады және бекітіледі.
Желдеткішпен ауаны күшпен беру болмаған кезде шланганың ұзындығы 15 м аспайды.
Шлангта майысқан және қысылған жерлері болмауы керек.
Противогаздар жұмыстарды орындаудың алдында бүрмелі тыныс алу түтігінің ұшын қысу арқылы саңылаусыздығына тексеріледі.
Дұрыс таңдап алынған противогазда тыныс алу мүмкін емес.
744. Карабиндерге арналған сақиналары бар құтқару белдіктері екі айылбасы да түймеленіп салмағы 200 кг жүкті іліп, 5 минут бойы сынақтан өтеді. Жүкті алғаннан кейін белдікте зақымданған іздері болмауы керек.
745. Карабиндерді ысырмасын ашып қойып 5 минут бойы салмағы 200 кг жүкпен сынақтан өткізеді. Жүкті алғаннан кейін карабиннің босаған ысырмасы тұтылмай өз орнына тұрады.
746. Құтқару белдіктерінің жауырынның (арқа) деңгейінде арқанды бекітуге арналған иық қайыстары болады.
Белдіктерді иық қайыстарынсыз қолдануға рұқсат берілмейді.
747. Ұзындығы 10 м кем болмайтын құтқару арқандары 15 минут бойы салмағы 200 кг жүкпен сынақтан өткізіледі. Жүкті алғаннан кейін жалпы арқанда және жекелеген жіптерінде зақымданған жерлері болмауы керек.
748. Құтқару белдіктерін арқандарымен және карабиндермен бірге сынақтан өткізу 6 айда бір реттен кем болмайтындай етіп жүргізіледі.
749. Сынаудың нәтижелері актымен немесе арнайы журналда жазбамен ресімделеді.
750. Белдіктерді, карабиндер мен арқандарды берудің алдында оларды сырттай қарап тексереді.
Белдіктер мен арқандардың мүліктік номерлері болады.
44 - тарау. Апаттық жағдайлардың алдын алу және жою
751. Қалалық және ауылдық елді мекендердің газ шаруашылықтарында болатын авариялық жағдайлардың алдын алу және жою үшін демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, тәулік бойы жұмыс істейтін, газды тарату ұйымдарымен бірдей қалалық телефоны «04» АДҚ (АҚҚ; АСФ) және олардың филиалдары құрылады.
ГРО (ГРҚ), сондай-ақ өндірістік объектілерге және қазандықтарға қызмет көрсету бөлімшелерінде мамандандырылған АДҚ (АҚҚ; АСФ) құруға рұқсат беріледі.
752. АДҚ (АҚҚ; АСФ) (филиалдарының) саны мен материалдық-техникалық жарақтандырылуы типтік нормалармен анықталады.
Олардың шоғырлану орындары АДҚ (АҚҚ; АСФ) бригадасының авария болған жерге 40 минут ішінде жетуін қамтамасыз етуді ескере отырып қызмет көрсету аймағымен және жұмыстардың көлемімен анықталады.
Жарылыс, өрт, жайдың газдалғандығы туралы хабарды алған кезінде авариялық бригада 5 минуттың ішінде жолға шығады.
753. Жеке газ қызметі бар ұйымдардың авариялық мәлімдемелері бойынша газды тарату ұйымдарының АДҚ (АҚҚ; АСФ) келісім-шарт және өзара бірлесіп әрекет етудің келісілген жоспары бойынша авариялық жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі практикалық және әдістемелік көмекті көрсетеді.
754. ЖЭС авариялық жұмыстар өзінің персоналымен орындалады.
Бұл жұмыстарға газды тарату ұйымдарының АДҚ (АҚҚ; АСФ) қатысуы аварияны жоюдың жоспарларымен анықталады.
755. Авариялық бригадалардың аварияны жою жөніндегі қызметі әртүрлі ведомстволар қызметінің өзара бірлесіп әрекет ету жоспарымен анықталады, ол жергілікті жағдайларды ескере отырып жасалады және АЖЖ құрамдас бөлігі болып табылады.
Жоспарлардың жасалу талаптарының сақталуын, оларды бекітуді, оларға толықтырулар мен өзгертулерді уақытында енгізуді, қайта қарауды қауіпті өндірістік объектінің меншік иесі ұйымның техникалық басқарушысы жүргізеді.
756. АДҚ (АҚҚ; АСФ) келесілер бойынша персоналдың қызметін бағалауға практикалық жаттығулар өткізіледі:
1) аварияны жоюдың жоспарлары бойынша (әр бригада үшін)-6 айда бір реттен кем емес;
2) әртүрлі мақсаттағы қызметтердің өзара әрекет етуінің жоспарлары бойынша - жылына бір реттен кем емес.
Практикалық жаттығулар полигондарда (жұмыс орындарында) шындыққа барынша жақындатылған жағдайларда өткізіледі.
Жаттығуларды өткізу арнайы журналда тіркеледі.
757. АДҚ (АҚҚ; АСФ) түсетін барлық мәлімдемелер оның түскен уақытын, авариялық бригаданың жолға шыққан және орнына келіп жеткен уақытын, бүлінулердің сипаты мен орындалған жұмыстардың тізімін белгілеу арқылы тіркеледі.
АДҚ (АҚҚ; АСФ) түсетін мәлімдемелер магниттік таспаға жазылады. Жазбаларды сақтаудың мерзімі 10 тәуліктен кем емес.
Алынған ақпаратты күн сайын қатты табақтан (диск) басқа сақтағыштарға (дискеттер және басқалары) көшіріп алып отырған жағдайда, келіп түскен авариялық мәлімдемелерді дербес компьютерде тіркеуге және өңдеуге рұқсат беріледі.
Авариялық мәлімдемелердің уақытында орындалуы және жұмыстардың көлемі газды таратушы ұйымның басшысымен бақыланады.
Келіп түскен мәлімдемелерді талдау ай сайын жүргізіледі.
758. Газ иісінің бар екені туралы мәлімдемені алған кезде диспетчер қауіпсіздік шаралары туралы нұсқауларды береді.
759. Авариялық бригада радиостанциямен, дабыл белгісімен, жарқылды шағын шамшырақ және жабдықталған құралмен, материалдармен, бақылау аспаптарымен, аварияны уақытында жоюға арналған жабдықтар мен құрал-саймандармен жарақталған арнайы автомашинамен шығады.
Сыртқы газқұбырларындағы аварияны жою үшін мәлімдеме бойынша шыққан кезде АДҚ (АҚҚ; АСФ) бригадаларының атқару-техникалық құжаттамасы немесе планшеттері (бағыттың карталары) болады.
760. Авариялық бригаданың авария болған жерге уақытында келуі және жұмыстарды аварияны жоюдың жоспарына сәйкес орындауы үшін бригаданың басшысы жауап береді.
761. Жер астындағы қабаттағы жайларда, туннелдерде, коллекторларда, үйге енетін жерлерде, ғимараттардың бірінші қабатының жайларында газдың көлемдік үлесі 1 % артық екені анықталған жағдайда газқұбырлары газбен жабдықтау жүйесінен ажыратылады және адамдарды қауіпті аймақтан әкетудің шаралары қолданылады.
762. Газдың шығуын шамотты сазбалшықтың қап матасынан жасалған құрсауды, қамытты немесе таңғышты газқұбырына байлап тоқтатуға (уақытша) рұқсат беріледі. Бұл орынға ауысым сайын қадағалау ұйымдастырылады.
Шамотты сазбалшықтың қап матасынан жасалған құрсау, қамыт немесе таңғыш байланған ішкі газқұбырын пайдаланудың ұзақтығы бір ауысымнан аспауы керек.
763. Зақымданған дәнекерлі түйіскен жерлерді (ажырауы, жарылуы), сондай-ақ болат құбыр бойының механикалық зақымдануы (тесілуі, майысуы) катушкаларды бұрау немесе қаңылтырлы муфталарды орнату арқылы жөнделеді.
Дәнекерлі түйіскен жерлердің басқа ақаулары (күйіктің қоспалары, толық дәнекерленбеуі және рұқсат берілген нормадан жоғары ұсақ саңылаулары), сондай-ақ құбыр бойындағы тереңдігі қабырға қалыңдығының 30 % асатын ақаулар бүрмелі немесе қаңылтырлы муфталарды орнатып, оларды кейіннен сығымдау арқылы күшейтіледі.
764. Жер астының болат газқұбырлары олардың салыстырмалы орнынан көлденеңінен де, сондай-ақ тігінен де жылжуы арқылы механикалық бүлінуі кезінде газдың шығуын тоқтату жөніндегі жұмыстарды жүргізумен қатар бүлінген жерінің екі жағынан да жақын орналасқан бір түйіскен жері бойынша бұзбайтын әдістермен ашылады және тексеріледі.
Оларда газқұбырының зақымдануымен туындаған ажыраған және жарылған жерлері анықталған кезінде келесі түйіскен жері радиографиялық әдіспен қосымша ашылады және тексеріледі.
Толық дәнекерленбеуі, күйіктің қоспалары, ұсақ саңылаулар анықталған жағдайда дәнекерлі түйіскен жерін күшейту жүргізіледі.
765. Ақаулары мен бүлінген жерлері бар полиэтиленді газқұбырларының құбырларының дәнекерлі түйіскен жерлері мен орындары кесіп алынады және салынатын қыздырғыштары бар муфталарды қолданумен катушкаларды бұрау арқылы ауыстырылады. Түйіскен жерлерін ультрдыбыстық әдіспен 100 % бақылаған кезде түйіскен жерлерді дәнекерлеуге рұқсат беріледі.
Саңылаусыздығын қамтамасыз етпейтін, алынбайтын жалғаулардың тораптары мен жалғанатын бөліктер кесіп алынады және жаңаларымен ауыстырылады.
Полиэтиленді газқұбырларының кішкене бүлінген жерлерін салынатын қыздырғыштары бар арнайы муфталардың көмегімен жөндеуге рұқсат беріледі.
766. Синтетикалық маталы шлангамен қалпына келтірілген газқұбырларының бүлінген жерлері газқұбырларында қысымды азайтпастан жұмыстарды жүргізуге арналған арнайы жабдықты пайдалана отырып катушкаларды бұрау арқылы ауыстырылады.
Бұндай газқұбырларындағы жөндеуді болат газқұбырларындағы жөндеуге ұқсас тәсілмен жүзеге асыруға рұқсат беріледі.
767. Газдың шығуын түпкілікті жою жөніндегі жұмыстар, АДҚ (АҚҚ; АСФ) апаттың алдын алу және газдың шығуын уақытша тоқтатудың шараларын қолданғаннан кейін, пайдалану қызметтеріне беріледі.
768. Полимерлі материалдармен құрастырылған газқұбырының болат қабын кескен кезде жанарғының ашық жалынымен тікелей әсер етуге рұқсат берілмейді.
Қолданған қысқартулар
ГТС - газдарды таратушы станцияның;
ГРО - газды реттейтін орындар;
ШРО - шкафты реттейтін орындар;
ГТ ТҮ - газдарды таратудың технологиялық үдерісі;
ГРҚ - газды реттейтін қондырғы;
ГРБО - газды реттейтін блокты орын;
ГТҰ - газды таратушы ұйым;
СБК - сақтандырғыш бекіту клапаны;
СТК - сақтандырғыш түсіру клапаны;
ЖЭС - жылу электр станциялары;
АЖС - ауданның жылу станциялары;
АГТКС - автомобильді газтолтыратын компрессорлық станциялар;
MRS - минималды шегі;
ЭХҚ - электрхимиялық құралдары;
ГРҚ - газды реттейтін қондырғылар;
ГТ ТҮ БАЖ - газды таратудың технологиялық үдерісін басқаруды
автоматтандырылған жүйесі;
ОДШ - орталық дайындау шеберханалары;
УДБ - ультрадыбыстық бақылау;
ҚТҚ - қорғанышты - тез тұтанғыш құрылғылар;
РК - реттеуші клапан;
ЖБҚ - жергілікті басқару қалқаны;
ҚТЦ - қазантурбиналы цехтың;
ГТҚ – газдытурбиналы қондырғы;
БГҚ - булыгазды қондырғылар;
ГДО - газды дайындау орны;
ЖГҚ - газ жеткізетін газқұбыр;
ҚҚТ - қысымды қалыпқа келтіру торабы;
ДКС - сығатын компрессорлық станция;
ГТРС - газдытурбиналы редукциялы станциясы;
СКС - сығатын компрессорлық станция.
___________________
Достарыңызбен бөлісу: |