Юджин Альберти Найда – әйгілі американ лингвисті. Ол аударма мәселелерімен өзінің американдық Інжілдік қоғам өкілі ретіндегі көпжылдық қызметінің нәтижесінде айналысқан болатын. Өйткені аталған қоғам Інжілді әлемнің 75 елінің 200-дей тіліне аударған көрінеді. Ол 1964 жылы «Аудару ғылымына қатысты» деген кітабын басып шығарды. Ол кітап Інжілді аудару мәселелеріне арналса да, көбінде, қазіргі аударма теориясының іргелі сұрақтарына тоқталуымен танымал кітап.
Ю. Найда аударма барысында түпнұсқаның коммуникативті әсерін жеткізу мәселесіне басты назар аудару керек деп біледі. Өз мақсатына жету үшін аудармашы өзінің тәржімасының оқырманының ерекшеліктерін үнемі есте ұстауы тиіс деп біледі ол. Сондықтан да Ю. Найда өзінің аудармашылық концепциясының орталық ұғымы ретінде «рецептор реакциясы» деген ұғымды алады. Дәл «реакция» аударманың сапасының бағалануының өлшемі болуы тиіс деп біледі. Аударма сапасы оны түпнұсқамен салыстыруда жатқан жоқ, оны қабылдаушы рецепторлардың алар әсерінде жатыр деп біледі. Аударма түпнұсқа мәтінін толықтай коммуникативті мәтінмен алмастыра білуі тиіс. “Аударма дәл аударма ма?” деген сұрақ іле-шала “Кім үшін дәл аударма?” деген сұрақты ала жүрсе керек.
Өзінің аудармашылық мектебі бар Ю. Найда солармен біріге отырып, аударманың мәдени-этникалық аспектілеріне бар күшті салады. Демек, мәселе қабылдаушы тіл өкілінің аударма мәтінін жатсынбауында болып тұр. Ендеше, ол үшін аударма мәтіні мүмкіндігінше қабылдаушы рецептордың мәдени-этникалық ерекшеліктерін, табиғи ландшафтының айырмашылықтарын ескеруі тиіс дейді. Демек, мәтінді аударма барысында мәдени бейімдеуге, адаптациялауға тура келеді дейді.
Егер Христос өзін «Мен – өмір нанымын» (”Я – хлеб жизни”) деп атаса, нанды жүгері күлше ретінде ғана қабылдайтын мексикандық индеецтер үшін оны “Мен – өмір күлшесімін” деп аударған жөн. Егер Рецептор ешқашан қасқыр көрмесе, бірақ койотпен күнде кездесіп жүрсе, әрине, оған қасқыр дегенді койотпен алмастыру керек дейді. Бұрынғы жылдары шыққан шығармаларында Ю. Найда осында келтіріліп өткен ойларына біраз өзгерістер енгізген. Өйткені оның талаптары мәтіннің жазылған, құрастырылған жерінің өзіндік ерекшелігін жұрдай етіп жіберер еді. Кейініректе Ю. Найда мәдени реалийлердің орнын қабылдаушы мәдениеттегі соған ұқсас келетінімен ауыстырғаннан гөрі, оларды қосымша сілтемелер, түсініктемелер беру арқылы нақтылауға көп мән бере бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |