Аллаберген тарих және баспасөЗ (Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан) Екінші кітап



бет2/15
Дата25.02.2016
өлшемі1.13 Mb.
#20331
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

3. «ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК, МЫҢНАН ТҰЛПАР»

(«Жас Алаш» газетінің тарихынан)
Жаңа ғасыр, үшінші мыңжылдықтың алғашқы күнінде (22 наурыз) 80 жасқа толған «Жас Алаш» газеті туралы осыны айтуға болады. ХХ ғасырдың басында бодандықтың бұғауынан босап, бостандыққа бой ұрған зиялы азамататтарымыз, Ж.Аймауытовша айтқанда «Жасыратын қылық жоқ – бостандық, теңдік күштіге, жемқорға келген теңдік емес, бұл өзі қара бұқараға, кедейге келген теңдік қолы жете алмай жүргендерге берілген бостандық», -деп жар салып, жер-жерден жалпыұлттық , демократиялық бағыттағы газет-журналдар шығара бастады. Солардың көпшілігі көп ұзамай большевиктердің тарапынан байшыл, ұлтшыл, алашордашыл деген нақақ жаламен жабылып қалды. Олар: «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ұран», «Абай», және Түркістан Республикасының астанасында шығып тұрған «Ақ жол», «Шолпан», «Сана», «Кедей айнасы» басылымдары болатын. Осылардың ішінде жастарға арналған тұңғыш «Жас азамат» газеті де болатын.

Бұл басылым туралы зерттеуші Дихан Қамзабекұлы өзінің «Ана тілі» газетінің 1993 жылғы 14-нөмірінде жарияланған «Алашқа тыныс болған «Жас азамат» деген мақаласында «Қазақтың ұлттық баспасөз тарихында елеулі орны бар «Қазақ» газетінің бағытын жалпы жұртқа мәшһүр етуге жәрдемдескен, азаматтық ой-сананы ілгерлетуге септігі тиген газет-журналдардың ішінде «Жас азамат» атты басылымды ерекше атаған жөн. «Жас азамат» ұлт тәуелсіздігін жоқтап, отаршылдық егізге қарсы тұрған қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси газеті», - деп жазған болатын.

Иә, кезінде Қазақстанның Солтүстік аймақтарындағы жастардың ірі ұйымдарының бірі болып саналған «Жас азамат» ұйымының органы ретінде Қызылжар қаласында 1918 жылдың 30-шілдесінен 1919 жылдың 3-ақпанына дейін 22-нөмірі жарық көрген «Жас азамат» газетінің шығарушысы – Қошке Кемеңгеров болған.

Бұл саяси-қоғамдық, экономикалық басылымның 1918 жылдың 30-шілдесінде шыққан алғашқы нөмірінде «Жас тілек» атты бас мақала жарияланып, онда «Жас азаматтың» мақсат-мүддесі: «Өмір тәжірибесінің, білім аздығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай «Жас азамат» тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданға шықты. Келешектің қараңғылығы, саяси һауананың күн сайын құбылуы, қалың өрттей, кеселді дерттей апаты күшті күндердің тууы, дүниеде болу-болмауы, әлінің майданға қойылуы ұлттың өмірлі құқықтары аяқ астына тапталып, зорлықтың қан соруы «Жас азаматтың» үстіне ауыр жүк салып отыр. Қоғамдасып, қолтықтасып, күш беріп, ауыр жүкті тиісті орнына жеткізу – жастардың бас міндеті, үлкен борышы. «Жас азаматтың» алтын идеалы, әулие мақсұты, негізгі жолы ұлт бостандығы, ұлт теңдігі», - деп көрсетілді.

Өздерінің осындай ұйым құрып, газет шығару сырын оқырмандарына жолдаған 11-нөміріндегі «Ашық хатында» осы ұйымның кіндік комитеті: «Ел көп топырдың ортасында аяқасты бас қосайық деген пікір туып еді. Бұл пікірді туғызған – көкті қаптаған қара бұлт большевик дауылы еді. Бұл дауылдан қырғыз – қазақ елін шамамыз келгенше қорғасақ тарих алдында кінәсіз болармыз, өлсек бір шұқырда, тірі болсақ бір төбеде деген мақсұт еді», - деп түсіндіреді.

Шындығында да бұл дауылдан «Жас азамат» ұйымы да оның үні «Жас азамат» газеті де құрбандықсыз құтылған жоқ. Бұл туралы кезінде Сәкен Сейфуллин: «Жалғыз –ақ, аз болсын қолынан келгенше қайрат (қазірше белсенділік) көрсетіп жатқан Алашорданың жастары екендігі газеттерінен көрінеді. Алашорданың жастар ұйымы барлық Қазақстанның ұлтшыл жастарына нұсқа беріп, Қызылжарда «Жас азамат» газетін шығарып жатыр», -деп өзінің әйгілі «Тар жол, тайғақ кешуінде» жазса, Ж.Аймауытов «Сарыарқа» газетінің 1919 жылғы 70-нөмірінде жарияланған «Газет-жорнал оқушыларға» деген мақаласында орыс тіліндегі бір басылымның жазған оқушылары болмағандықтан қазақтың бір газеті мен бір журналы жабылып қалыпты деген жалған хабарына қарсы: «Бұл хабар бекер: «Жас азамат» күні бүгінге шейін шығып отыр. Қаржы жағынан кемдік көріп, тоқтай ма деген кірбің болып еді. Енді тоқталмас дейміз. Өйткені Омбы жастары әдебиет кешінен мың сом, Семей жастары 5000 сомдай көмек жіберіп отыр. Тағы сондай көтерушілер табылатын көрінеді», - деп тойтарыс берген.

Осы қазақ жастар баспасөзінің төлбасының қазіргі жағдайы туралы зерттеуші Дихан Қамзабекұлы жоғарыда аталған мақаласында: «Кеңес дәуірінде жазылған тарихтан хабардар адам осы басылым тұсында, әрине, аталған газет пен шынайы тарих кінәлі емес, жұртты сергелдеңге түсірген қоғам кінәлі. Ақиқатқа дес берсек, «Жас азамат» газетін ескермегендей сыңай таныту немесе ол жөнінде қазақтануға шөліркеген қалың жұртқа ештеңе айтпау – ұлттың өткеніне де, бүгінгісіне де, келешегіне де немқұрайды қараумен бір есеп», - дейді.

Онысы рас. Өйткені, тоталитарлық билік кезінде көптеген шындықтың беті бүркемеленіп, айтылмай келді. Мәселен, бұл тұрғыда жан-жақты зерттеудің нәтижесінде белгілі ғалым Сағымбай Қозыбаев «Ленинская смена» - қазіргі «Экспресс-К» - ның шығуын 5 айға артқа жылжытты. Сондай-ақ қазақ жастар баспасөзінің тарихы да қазіргі айтып жүргендей 1921 жылдың наурыз айынан емес, 1918 жылдың шілдесінен басталады. Оған жоғарыда жазылған жайлар дәлел. Ал, «Жас Алаш» газеті болса, Кеңес үкіметі орнап, нығая бастаған тұста Түркістан Републикасында қазақ жастарына арналып, жаңа бағытта шыға бастаған алғашқы басылым. Яғни, «Жас азамат» газетінің ізбасары.

Ал, бүгінгі таңда 88-ге келсе де мәңгілік жастық рухын жоғалтпай отырған «Жас Алаш» газетінің алғашқы нөмірі 1921 жылдың 22-наурызында Ташкент қаласында шыққан. Тұңғыш редакторы – Ғани Мұратбаев. Бірақ көп ұзамай қағаз тапшылығынан және қаржы жоқтығынан бұл басылым жабылып қалады да, ені оның орнына 1922 жылдың 1-қыркүйегінен бастап Орта Азия бюросының һәм Түркістан Ортақшыл Жастар Ұйымы комитетінің он күндік газеті «Жас қайрат» шығарыла бастады. Редакторы болып Е. Алдоңғаров бекітілді.

«Жас қайрат» газеті 30 шақты нөмірінен кейін 1924 жылдың қаңтар айынан бастап журналға айналады. Бұл Түркістан мен Қазақстандағы жастар басылымы тарихының алғашқы кезеңі болатын. Ал, республикадағы жастардың басылымы – «Өртең» газеті 1922 жылы Орынборда жарық көрді. Оның шығарушылары – С.Садуақасов, А.Байтұрсынов, Ә.Байдаралин, Е. Алдоңғаровтар еді. Өкінішке орай, «Өртеңнің» де екі ай ішінде 6-ақ нөмірі шығып, саяси ұстамсыздағы үшін деген желеумен жабылып қалған. Енді Қазақстанның аймақтық жастар комитеті «Өртең» газетінің орнына 1923 жылдың қазан айынан бастап «Жас қазақ» журналын шығара бастайды.

1924жылдың 8-ақпанынан бастап «Еңбекші қазақ» газеті өзінің бір бетін «Лениншіл жас» атты жастар бетіне айналдырды. Ол 1925 жылы дербес «Жас қайрат» газеті болып шықты. Ал, 1927 жылдың 22-қыркүйегінен бастап 1991 жылдың 27-тамызына дейін үзбей «Лениншіл жас» деген атпен шығып тұрды. Одан соң еліміздің Тәуелсіздік алуына байланысты өзінің бұрынғы азан шақырып қойған ескі аты «Жас Алашқа» ие болды.

Алғашқы онжылдықтар ішінде жастар басылымдарының беттерінде Ғ. Мұратбаевтың «Жетісу мәселесі-һәм қазақ-қырғыз мәселесі», Н. Надымжановтың «Шаруаны үйрену керек», Ж. Сақтаевтың «Жастар жылап жүр», С.Садуақасовтың «Қазаққа не керек?» атты материалдары жарияланса, ал отызыншы жылдары А. Лекеровтың «Мыңбұлақ совхозының комсомолдары мал бағуды қамқорлығына алды», Ә.Тәжібаевтың «Көшпенділіктен ауқаттылыққа», Х. Бөлекбаевтың «Отан үшін қалай күрестік?» Рахымовтың «Халық жауларының искусстводағы зиянкестік зардабын түгел жояйық», Р. Жанұзақовтың «Жазушылар одағындағы буржуазиялық ұлтшылдардың сыбайластары туралы» Кенжеғараевтың «Халық жауларының бірін қалдырмай жоямыз», Е. Смайыловтың «Жүргенов пен оның құйыршықтары» деген түрлі бағыттағы мақалалары жарық көрді. Бұл жерде бір тоқтала кететін өкінішті жағдай стахановшылар, жас малшылар, комсомолдық қамқорлық тақырыбымен қоса, жоғарыда айтқанымыздай білікті, зиялы азаматтарды халық жауы ретінде айыптауға арналған материалдар да жарияланып жатты. 1941 жылы Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты басқа да салалық басылымдар сияқты жастар баспасөзі де шығуын уақыттша тоқтатты.

Соғыстан кейінгі елуінші жылдары тың көтеру дәуірі басталды. Ол жылдары Б.Мәдиевтің «Жайқалған егінге барайық достар, тың жерге» С.Бердіқұловтың «Жомарт жүректілер», Ә.Бөлдекбаевтың, Ш.Мұртазаевтың «Алтын жүрек соғып тұр», Т.Иманбаевтың «Өмірде өз орны бар», Х.Тілемісовтің «Тың тынысы» атты көптеген дүниелері жарияланды.

Бұдан соң ғарыш әлеміне ұмтылған алпысыншы жылдар келді. Аспанға тұңғыш ғарышкер Ю.Гагарин ұшты. Осы сәт «Лениншіл жастың» бетінен ақын Ә.Дүйсенбиев «Советтік ақыл бүгін биіктеді» деп жар салса, журналист Ә.Ибрагимов «Дүние тебіреніп тұрды» деп толғанды. Сол жылдары Қ.Найманбаевтың «Жүректің жылуы», Т.Айбергеновтың «Мұнаралары», Ф.Оңғарсынованың «Отты жырлары», А.Жанавтың «Өмір, мен саған ғашықпын», М. Шахановтың «Танакөзі», тағы басқа да қаламгерлердің очерктерімен поэмалары іркес-тіркес оқырман жүрегіне жол тауып жатты.

Ал, жетпісінші жылдар ішінде «Лениншіл жас» газетінің бетінде жарияланған М.Мақатаевтың «Моцарт жаназасы», О.Әбілдаевтың «Сом алтынның сынығы», Ә.Көпішевтың «Ол жалғыз келе жатыр», Е.Сағынтаевтың «Көмір мен жалын», Ж.Солтиеваның «Замандас, саған айтам!» сияқты туындылары оқырмандарын ойлантып-толғантты.

Сондай-ақ, «Лениншіл жастың» беттерінде сексенінші жылдардың басында жарияланған алуан түрлі тақырыптағы мақалалар, очерктер мен өлең-әңгімелер оқырмандар есінен әлі де болса шыға қойған жоқ. Мәселен, қазақ журналистикасына 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасынан соң үлкен міндет жүктелді. Себебі, СОКП Орталық Комитетінің қазақ халқы туралы белгілі қаулысы шыққаннан кейін «Қазақ ұлтшылдығы» дегенді желеу етіп, орталық басылымдарда, республиканың орыс тілінде шығатын газет-журналдарында жастарға жала жауып, күйе жаққан қиянатшыл материалдар көбейіп кетті. Әрбір басылымға нақты тапсырмалар беріліп, тіпті арнайы дайындалған материалдар да ұсынылды. Осындай қиын-қыстау кезеңде де «Лениншіл жас» өз қызметкерлеріне, оқырмандарына сенді. Мысалы ол жоғарғы орыннан алдын-ала дайындалып, қол қойылмай келген «Тот» атты материалды жариялаудан бас тартты. Себебі, онда қазақтың белгілі сатиригі, қазақ тілінің қамқоршысы марқұм Шона Смаханұлы мен жазушы Ақселеу Сейдімбеков ұлтшыл деп көрсетілген.

Ал, тоқсаныншы жылдары газет тәуелсіздік пен жариялылық лебін пайдаланып, ақтаңдық жылдар зілзаласын өз оқырмандарына жеткізе білді. Мәселен, профессор Т.Кәкішевтің «Сәкен мен Серебрякова», Қ.Ботбаев пен Т.Данияровтың «Ату жазасына кесілген», Н.Жүнісбаевтың «Ережесіз белдесу», Б.Момышұлының «Жетімнің қайта оралуы», Б.Исабаевтың «Видеосалон тұтқындары», С.Тойкенованың «Жарғанат жігіттер», К.Әзімхановтың «Кім жазықты?» циклды материалдары оқырман жүрегіне жылы жол тапты.

Егер тәуелсіздіктен соң, нарық заманында жоғарыда айтқанымыздай басқа басылымдар құрдымға кетіп жатқанда, жастар баспасөзінің өрге басып, оқырмандарының сүйікті басылымына айналуы жасыратыны жоқ сол кездегі газет редакторы Нұртөре Жүсіптің тәжірбиелігінің, іскерлігінің, шеберлігінің арқасы. Оған газет редакторының 1998 жылы Президент сыйлығына, 2000 жылы «Алтын адам» сыйлығына ұсынылып лауреат атануы куә.

Сөз соңында сексеннің сеңгіріне келсе де мәңгі жастық рухын жоғалтпай тәуелсіздігімізбен бірге қайта түлеп отырған «Жас Алашқа» және оны шығарып отырған редакция құрамына, әрбір жасалаштықтарға сарқылмас шабыт, мәңгілік қуат, өмірлік бақыт тілейміз!

4. Өткен ғасырдағы қазақ арулары
Өткен ғасырда орыс ғалымдары қазақ даласын көп аралап, құнды деректер жинаған. Олардың сахара өмірінен жазылған мақалалары қазіргі уақытта да өз құнын жойған жоқ. «Отечественные записки» журналының 1825 жылғы № 59 санындағы Г.Броневскийдің мақаласын оқи отырып мынадай жолдарды кездестіресіз: «Қазақ әйелдерінің көпшілігі қыр мұрынды, ат жақты, кең иықты, ұзын бойлы болып келеді. Оларды біздің орыс сұлуларының қатарына ұялмай-ақ қосуға болар еді. Бірақ, осындай қасиеттеріне қарамастан, көбінесе олар кәрі шалдарға қалың малға сатылып кете барады». Мұндай оқиғалар совет өкіметі орнаған кезге дейін көптеп кездесетін еді. Мұны сендер көркем шығармалардан да оқыған боларсыңдар. Бірақ, өткен ғасырдағы зиялы қауым қазақ әйелдерінің ақылдылығы мен тапқырлығына тәнті болып, бастарын иген. Егер осы сөзімізге дәлел ретінде «Отечественные записки» журналының 1853 жылғы № 12 санындағы П. Небольсиннің мақаласын мысалға келтірмесек, кейбір жандардың сенбеуі де мүмкін.

«Нұралы ханның қызы Нұрмұхамед қажының әйелі Тайқара 1805, әлде 1806 жылдары қайтыс болған. Ол ақылды, сұлу, әрі инабаттылығымен көптің көңілінен шыға білген. Әсіресе, «И» деген барон қазақ әйелінің осындай қасиеттеріне өмір бойы бас иіп, тәнті болып өткен. Сондай-ақ, Екатерина патша Тайқараға көзінің тірісінде хас шебердің қолынан шыққан пәуеске сыйлап, жері шұрайлы орыстың бір губерниясынан үй-жай салып, бау-бақша өсіретін жер бөліп берген. Тайқараны барлық қазақтардың сыйлағаны соншалық, тіпті, оның туған ағалары мен белгілі сұлтандар да бетіне қарсы келмей, ақыл-кеңес сұрап отырған. Тайқара біраз жыл Петербургте тұрып, тек 1797 жылы ғана Орынборға оралған».

Осының жалғасы іспеттес екінші мақаласында автор әйел бостандығын сөз етеді. «Мен куәсі болған бір жай. Орынборға қазақ даласынан қашып шыққан екі әйел: бірі жас қыз да, екіншісі жесір келіншек бас сауғалап келді. Олар жергілікті басшылардан төрелік сұрап, өздерін заңсыздықтан қорғап қалуларын өтінді. Сөйтсек, екеуін де ауылдастары мен туған-туысқандары өздері сүймеген адамдарға күштеп таңғылары келген екен».

Сол сияқты, көне басылым беттерінен кездескен мынадай бір тарихи деректі де айта кеткен орынды секілді. «1825 жылдың көктемінде орыс патшасы Орынбор қаласына төрт күндік сапармен келеді. Сол жолы қазақ хандары: Кіші орданың ханы - Шерғазы Айшуақов, Бөкей ордасының Астрахань губерниясында көшіп жүрген Ж.Бөкеев, Кіші орданың басқарушы сұлтандары Жұма Құдаймендиев, Темір Ералиевтермен кездеседі. Осы сапарында орыс патшасы Шерғазы ханның әйелімен де танысады. Оның ұлттық киіміне ерекше назар аударады. Әсіресе, «Киелі бас» деп аталатын бас киіміне қызығады. Әңгіме барысында патша хан әйелінен: - Сіздің көңіліңізге Орынбор қаласы ма, әлде, дала, ауыл жақын ба? – деп сұрайды. Сонда қазақ әйелі патшаға іркілместен: - Мәртебелім, қала да жақсы екен, дала да жақсы екен. Бірақ, өзің туып - өскен кең далаңа не жетсін! – деп жауап қайтарыпты».

Міне, өткен ғасырдағы қазақ әйелдерінің бейнесі осындай. Оларды қалай мақтасақ та орынды секілді. Әрдайым осылай болса екен деп тілейміз.



5. Қазақтай малдың жайын кім біледі...

(Орыс баспасөзіндегі қазақ тақырыбы)
Қазақ атамыз ежелден бастап-ақ мал бағуды кәсіп еткен. Жер бетінде малдың жай-күйін қазақтан артық білетін жан кемде-кем шығар. Міне, балалар, бұл ретте сендердің мақтануларыңа болады. Өйткені ата-бабамыз табын-табын малдарды ашық аспан астында баққан. Қазіргідей жем-шөп, жылы қора дегендерің ол кезде тіпті де жоқ еді. Бірақ, сол кездің адамдары ақылды, әрі батыл болған. Олар тұзақ (арқан), құрықты шебер пайдалану арқылы ең тағы, асау деген жылқыны қас-қағым сәтте бағындыра білген. Мұның өзі ер жігіт үшін нағыз сын.

Енді мына қызықты қараңдар: егер мал иесі таныс бір сөзді айтса болғаны,төрт түлік сол сәтте оның маңына жинала бастаған. Демек, адамды тыңдайтын мал тек цирктерде ғана емес,қазақ өмірінде де болған екен. Әлі де кездестіруге болады.

Сендер кітаптардан өткен ғасырдағы адамдардың мыңғырған малы болғандығын жиі оқисыңдар. Осы үйір-үйір жылқылар мен табын-табын сиыр, отарлаған қой-ешкілер қысы-жазы далада жайылған. Өткен ғасырда мал қорасы болмағаны белгілі. Сонда олар қойды қай жерге қамады екен?

...Күзгі қара суық сықырлап сүйегіңнен өтеді. Мұндай кезде ит-құс дегенін малға өш келеді. Сол үшін киіз үйлердің сыртына қойларды айналдыра жатқызатын болған. Мұндай әдістен соң олар суыққа бой алдыра қоймаған. Кейде малшылар түйелерді қос-қостан айналдыра шөктіріп, жатқызады екен. Себебі түйе ұзақ таңды тырп етпестен атыратын момын жануар. Ал, күндіздің өзінде өз көлеңкесінен өзі үркіп, тұра жөнелетін қой, осы әдістен соң қанша мазасызданғанымен түйелердің биік өркешінен асып ешқайда кете алмаған.

Қазақтардың мал-шаруашылығы жайында орыс ғалымы Г.Броневский: «Қырғыздардың (қазақтардың-А.Қ.) бар байлығын сан мыңдаған жылқы табындары, түйе, ірі қара мал, қой-ешкі отарлары құрайды. Олардың жылқылары ірі, әрі жүйрік келеді. Түйелерінің барлығы да қос өркешті, он екі- жиырма пұт жүк көтеретін, шөлге щыдамды жануарлар. Орыс саудагерлері олардың ақбас сиырын көптеп сатып алып, Екатеринбургке, тіпті Москваға дейін әкеледі. Қойлары ірі, салмағы сексен-жүз килограмға жетеді »- деп, «Отечественские записки» журналының бетінен таңырқай отырып, жазған болатын. Міне, сол кездегі ата-бабалараымыз шет жұртшылықтарды осылай таңдандыра білген. Қазақ даласында орыстар шөл кемесі деп атап кеткен түйелер өте көп болған. Олар қос өркешті (нар түйе) және жалғыз өркешті (айрық түйе) деп бөлінеді. Қазақ жерінде нар түйелер саны басым болғанымен, жалғыз өркешті айрық түйелер әлдеқайда денелі, күшті әрі төзімді деп саналған. Түйе шөлге өте шыдамды жануар. Оны жазда тәулігіне бір-ақ рет, ал күзде және қыста жақын маңда суат болмаса, екі-үш тәулікте бір-ақ теи суарады. Бұл жануар су таңдамайды. Су таза ма, немесе тұрып қалған ба, кермек пе әлде ащы ма, немесе мүлдем бүлініп кеткен бе оған бәрібір.

Міне, түйе жайында «Отечественские запискиде» жарияланған жазбалардан біздің алған әсеріміз осындай.

Қазақ ауылдарына күзгі қара суықтан соң ұзамай қыс түсетін болған. Міне, нағыз қыс деп сол кезді айту керек. Сай-сала мен тау-тасты омбы қар басып қалатын. Қазақтар мұндай кезде тек шанамен ғана жүреді. Қыс айында қансонар дегенің өз алдына бір қызық. Рас, сендер мұны біле білмеулерің мүмкін. Білсеңдер кинофильмдерден ғана көріп жүрсіндер. Қазір қыс уақытысында қар жаумайтын кездер де бар. Осының бәрі табиғат тепе-теңдігінің бұзылуынан.

Қатал қыс айы қазақтарға көп қиындықтар туғызған. Оны мына мысалдардан көруге болады. «Қатты аяз бен қалың қар егер ұзақ уақытқа созылса, малға да, қырғыздардың өздеріне де жұт болып жабысады. Олардың малдары қалың қар астындағы шөпті аршып жеуге дәрменсіз келеді. Сондықтан, кейде апта бойы нәр татпаған малдар әлсіреп, аштан өледі. Немесе суыққа тоңып,боранға ұшырайды. Жылдың осы уақыты далаға жайылатын мал үшін өте қауіпті. Түйе, жылқы, сиыр, қойлар жейтін шөп таба алмайды. Суықтан қалтырап,қарды тұяқтарымен аршуға шамалары жетпей,ілініп-салынып әзер жүреді. Бораннан паналайтын жер болмағандықтан, ашыққан малға жылу қайдан келсін. Көпшілігі көктемге дейін жете алмайды. (« Отечественные записки », 1883, № 12 )

Қандай қиын болған десеңдерші! Бірақ, осындай қиындықтарды да жеңе білген. Сол себепті де қазақ халқы жасап келеді.

6. АЙҚЫН КӨРСЕТІП ОТЫРДЫ
(XIX ғасырдағы қазақ жеріндегі сауда, айырбас, жәрмеңке мәселелері туралы «Отечественные записки» қалай жазды)
«Отечественные записки» журналының бетінде (1818-1884 ж.ж.) жиі жазылып, өз шешімін тауып отырған басты мәселенің бірі – сауда, айырбас, жәрмеңке проблемалары еді. Қазақ жерінде айырбас орталығы XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында көптеп салына бастаған. Соның бірі Орынбордағы қазақтар арасында «Ақ базар» атанып кеткен айырбас орталығы. Ол туралы А.Крюков өзінің «Орынбор айырбас ауласы» («Отечественные записки» 1826, № 2.) атты мақаласында былай деп жазады:

«Әдетте, ақ базар жәрмеңкесі шілде айының орта шенінде басталып, қазан айының соңында аяқталады. Қырғыздар жәрмеңкеге отар – отар қой, үйір – үйір жылқы, аң терілерін әкеліп, орыстардан астық, ыдыс – аяқ, киім – кешек, оқ дәрі алып қайтады. Жыл сайын орта есеппен алғанда орыстар қазақтардан 450 мың сомның малы мен заттарын алып, оларға 490 мың сомның заттарын беріп отырған». Автор бұл жерде «Ақ базар» деп сол кезде қазақ жерлеріне салынған мерзімдік жәрмеңкелерді айтып отыр. Ондай мерзімдік жәрмеңкелер Қазақстанда өте көп болған.

Жалпы айырбас орталығының орыстар мен қазақтар арасындағы сауда саттықтың одан әрі дамуына тигізген әсері ерекше. Себебі сол кездегі Орынбор қамалының соғыс губернаторы И.И.Неплюевтің өзі бұл айырбас орталығын орыс мемлекетінің Орта Азия халықтарымен сауда қарым-қатынасын орнатып, көшпелі қазақтарды отырықшылдыққа көндіріп, бағындыруға арналған саяси істің бастамасы болды деп ашық мойындаған және патшаға Орынбор сауда орталығының хал – жайы туралы төмендегідей мәлімет беріп тұрған:

«Ұлы мәртебелі император ханым! Биылғы айырбас науқаны қырғыз – қайсақ халқының Нұралы ханға айырбас келісім бермеуі және Айшуақ сұлтанның қазан татарларына айырбастың мүлде тоқтатылатыны туралы хабарына қарамастан, біздің жүргізген түсіндіру жұмысымыздың арқасында өз нәтижесін бере бастады. Тіпті соңғы күндері айырбасқа келген қырғыздардың саны 14 мыңға жетті. Сөйтіп, базарға түскен малдың саны өткен жылмен тең түсіп отыр. Айырбас әлі жүріп жатқандықтан, мал санының былтырғыдан да әлдеқайда асып түсетіндігіне күмән жоқ». (АВПР, ф,122, 1785 г.,д.ғ.л. и об.)

Сөйтіп, Қазақстанның орыс астығы мен өнеркәсіп товарларын өткізетін рынок ретіндегі және мал шаруашылығы шикізатының негізгі көзі ретіндегі маңызы уақыт өткен сайын арта берген. Сауда орталықтары ол кезде негізінен маусымдық жәрмеңкелерден тұрған. Мысалы, 1832 жылы Бөкей хандығында ұйымдастырылған осындай маусымдық жәрмеңкенің сауда айналымы 2 миллион сомнан асып түскен. Нақ осындай – ақ Шортанды, Семей, Қоянды (Ботовск) жәрмеңкелерінен де айтарлықтай пайда түсіп отырған.

«Отечественные запискидің» алғашқы санынан бастап, соңғы санына дейінгі аралықта сауда, айырбас, жәрмеңке туралы жариялаған материалдарын саралай отырып, төмендегідей ұйғарым жасауға болады.

Біріншіден, қазақтар айырбасқа әртүрлі мал түрлерін, аң терілерін, сырмақ, алаша, арқан, киіз, торсық, т.б.ұсынған.

Екіншіден, қазақтардың қажетті заттары болып түрлі мақта – мата, тері, кілем, қант, шай, ине, айна, тарақ, шөген, темір, ағаш ыдыстар, ұн, тары, күріш, т.б. саналған.

Үшіншіден, осы заттарды олар орыс көпестерінен немесе приказчиктерден, линиядағы башқұрттардан, хиуа саудагерлерінен немесе бекініс тұрғындарынан айырбастап алған.

П.Неболсин өзінің «Отечественные запискиде» (1853, № 12) жарияланған «Қырғыздар» атты мақаласында: «Қырғыздармен екі арадағы сауда линиялық және далалық деп екіге бөлінеді. Линиялық сауданың далалық саудадан түпкі айырмашылығы оның өндірісінің ұсақталуында. Кез келген тұрақ, елді мекендерде товарлардың азғандай болса да өз қоймалары бар. Енді қырғыздар бұрынғыдай керек – жарақтарын іздеп жүз-екі жүз шақырым жерге босқа сандалмайды. Сондықтан да басты сауда орталықтары оларды қатты қызықтырмайды

Капиталистер өз заттарын линияда көптеп сата алмағандықтан, қырғыздарды линияда күтпей, олардың ауылдарына барып сауда жасауды күшейтті бай ауылдармен қарым – қатынасқа еніп, өз керуендерін даланың шет аймақтарына аттандырған. Сөйтіп, сауданың бұл түрі енді көлемі жағынан линиялық саудадан әлдеқайда артып кетіп отыр», - деп жазды.

Сондай – ақ Г. Броневскийдің «Орта орданың қырғыз – қайсақтары туралы жазбаларында» да («Отечественные записки». 1830 № 121.) қазақ жеріндегі сауда, айырбас, жәрмеңке туралы бірқатар мәліметтер бар.

Мәселен, қазақ даласына сауда жасауға баратындар көбіне көпестердің өздері емес, олардың қызметкерлері болған. Олар қожаларының байлықтарын қалай болса солай жұмсап, шығынға ұшыратып отырған. Содан кейін өздерінің осы арам пиғылдарын жасыру үшін «қазақтар тонап кетті» деп жалған лақап таратудан танбаған. Осыдан барып қазақтардың үстінен іс қозғалып, ел ағаларынан аманат алынып, екі халық арасында түсініспеушілік, өшпенділік оты тұтанған.

Екіншіден, қазақтардың өз балаларын оқытуға құлықтары болмағандықтан әрі орысша білмеулеріне байланысты саудада және көптеген даулы мәселелерді шешуде олар аудармашылардың өтірігіне сеніп, алданып, сонысынан көп зиян шеккен.

П.Неболсин жоғарыда аталған мақаласында, ішкі Бөкей ордасының сауда айналымы туралы: «Капиталистер мұнда шамамен екі миллион сомның саудасын жасайды. Әр жәрмеңкеде 100 мың қой, 6 мың ірі қара, 2 мыңдай жылқы айырбасқа түседі. Сондай – ақ, жылқы, ірі қара, қой ешкі терілері, ешкінің түбіті, түйе мен қой жүні, аттың қылы, киіз, аң терілері сатылады. Жәрмеңке көктем және күз айларында өткізіледі. Әсіресе, Саратов уезінің Тертайлы жәрмеңкесі көпке белгілі. Мұнда жылына 300 мың қой, 20 мың жылқы саудаға түседі. Бұл ішкі Орда мал шаруашылығының бай қуатын көрсетеді» деп жазды.

Журналда қазақтардың жер шаруашылығымен айналысып, одан аз да болса кіріс алып отырғандықтары көрсетілген. Мысалы, оңтүстік аудандардағы қазақтардың жоңышқа егіп, оның әр бауын жазда 1 – 2 тиыннан, қыста 8 – 10 тиыннан сатып, әр танаптан жылына 10 сомнан 100 сомға дейін таза пайда табатындығы айтылған.

Сауда, айырбас, жәрмеңке мәселесіне байланысты «Отечественные запискидің» 1876 жылғы № 12 санында «Нужды и условия жизни рабочего населения Сибири» атты мақала жарияланды. Онда Н.Ядринцев бұл өлкеде сауда мен көпестердің ісі алға басқан сайын бірте – бірте халықтың кедейленуі байқалып отыр. Шаруаларға Алтайға қоныс аударуға тыйым салынған, жат жерліктер территория бірлігін бұзбауға тиіс делінген, ал көпестерге жол ашық. Олардың мұндағы сауда орталықтарын өрмекші торындай, шырмап тастаған.

Алтайда оншақты жыл бұрын өмір сүру дәрежесінің өте жоғары болғандығын, меншігінде 50 – 100 жылқысы бар алтайлықтардың өздерін кедейлер қатарына есептегендіктерін айта келіп, бұл өлке халқының соңғы жылдары тез кедейленуінің себебі, сауданың шет жерліктерге қолданылып отырған осы бір зиянды формаларында жатқандығын көрсетті.

Сауданың осы бір монополиясы мен қулық сұмдыққа толы әдістері Турухан, Березов өлкелерінде, Н арын және қазақ далаларында да кеңінен орын алған. Қу құлқынның аранын екінші бір адамның (халықтың) есебінен толтыруға болмайды.

Біздің көпестер аузын енді ғана шығысқа сала бастады. Олар түрлі тарихи жағдайларға байланысты артта қалған, даму жағынан шектелген елді асқан бір жыртқыштық пиғылмен сора бастады. Тарихтың тілімен айтсақ, алдымен жаулап алды, содан соң бас идірді, соңынан ойларына келгендерін жасай бастады. Мұндай отарлау саясатының бір ұшы саудаға да әсерін тигізбей қалған жоқ.

Сібір өмірінің бір ерекшелігі шығыстағы орыс тұрғындарының арасында шет жерліктердің көп болуы. Олардың саны 5 миллионға жетіп отыр. Осынау адамдардың аңғал, әрі мәдениеттерінің төмен, өз беттерімен тығыршықтан шығуға талпынуынан, баукеспе, ұры-қара, алаяқтардың қолына түсіп, тек қана қанаудың обьектісіне айналу қаупі бар. Олар орыс заңдарын білмегендіктен, қараңғылықтарынан өздерін - өздері қорғай алмайды» деп ашына жазды.

Шет жерліктердің есебінен күн көру, баю сипатын мынадай дәрежеден де айқын көруге болады. Орыс саудагерлері бағаны өз ұйғарымдары бойынша тағайындап, сатып алушыны шамадан тыс күйзеліске ұшыратып, заңнан тыс өрескелдіктерге жол берген. Мәселен, Енисейдің төменгі аңғарындағы өндіріс иелері әлі күнге дейін шет жерліктерден бір пұт отын үшін 12 сом, бір пұт черкес темекі жапырағы үшін 80 тиын ақы сұрайды. Ал қазақ даласындағы капитал көбіне қарызға берілетіндіктен бір жылдан соң ол төрт есе өсіммен қайтарылған. Бұдан даладағы сауданың қалай жүргізілгенін байқау қиын емес. Мысалы, орыс саудагері, бес тиын тұратын әрбір құмыраны 30 тиынға, сапасыз теріден тігілген киім – кешекті жарты қойға, ағаштан жасалған ыдыс, бұйымдарды бір қойға, яғни 1 сомға сатып отырған.

Орыс саудагерлерінің қанауға бейімделген іс - әрекеті мынадан да көрінеді. Олар товарларын шет жерліктерге ақшадан гөрі, қарызға беруге көп тырысқан. Осыдан барып сатып алушыны тұйыққа тірейтін, әбігерленушілікке салатын, шашетектен қарызға батыратын жалғыз – ақ жол қалады. Қарызға беру формасы Турухан өлкесінде, қазақ даласында ерекше етек алды. Мұнда көбіне шет жерліктердің қарызға алған астықтары үшін орыс саудагерлеріне 5 – 6 есе айып төлеп, әзер құтылатын фактілері де кездескен.

Осы орайда тек орыс көпестері ғана емес, егіншілікпен мүлде айналыспайтын. Сібір казактары да қазақ даласын еркін жайлап, қанаушылық іс - әрекеттерін жүргізді. Олар көпестерден алған товарларын қазақтарға таратып отырған. Маталарды кем өлшеп, таразыдан тартып жеп, астықтын мол пайда тапқан. Арнайы тапсырмамен қазақтардың тұрмыс – тіршілігін зерттеуге жіберілген Г. Красовский деген азамат: «казактар ұсақ – түйек алып – сатарлықпен айналысқанымен одан мол пайдаға кенелген. Казак саудагерлері қазақтардың мұқтаждықтарын пайдалана отырып, оларға астықты адам аузы бармайтын бағаға қарызға өткізіп тұрған.

Қазақтар астықтың қат болуына байланысты жарты пұт ұнға мал терісін айырбастау үшін саудагер көпеске жылына бірнеше рет оралып отырған. Әрине, қырғыздың басқа амалы жоқтығын сезген казак жұрты пұт ұнды екі теріге сатқан. Ал жарты пұт ұнның бағасы 15 – 20 тиын болса, екі терінің құны 6 сом тұрған» деп жазады.

Красовский сауда, айырбас, жәрмеңке туралы ойын қорытындылай келіп, казактар қырғыздардың ауыр тұрмыстарын пайдалана отырып өтірік айтып, алдауға, тіпті ұрлық – қарлық жасауға дейін барып, олардан түскен олжаны астыққа айырбастап, қайтадан қырғыздардан пайда табуға аттанады» деп жазды.

Сонымен қатар мақалада қазақтардың саудаға түсетін малдарының саны, бағасы көрсетілген.

Бұдан басқа қазақ жерінде керуен саудасы, теңіз, өзен қатынастары арқылы әкелініп жүргізілетін сауда түрлері де болған. Оның жақсы жақтарымен қатар қазақ халқы үшін зиянды әсері болғандығын «Отечественные записки» журналы айқын көрсетіп отырды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет