Аллаберген тарих және баспасөЗ (Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан) Екінші кітап



бет4/15
Дата25.02.2016
өлшемі1.13 Mb.
#20331
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Оқулықтарды кімдер жазып жүр?
«Студенттерге, оның ішінде болашақ журналистерге оқулықтарды кім және қалай жазады?» деген сауалға жауап іздегенде кеңестік кезең еріксіз еске түседі. Ол кездері журналист кадрлары бір-ақ жоғары оқу орнында-ҚазМУ-де (бүгінгі ҚазҰУ) даярланатын. Оқулықтардың бір бөлігі орталықтан ортақ бағдарлама бойынша шықса, екінші бөлігі республика баспаларынан арнайы тапсырыс бойынша шығарылатын. Ол оқулықтарды сол сала бойынша ғылыми атақ-дәрежелері бар зерттеушілер жазатын. Мысалы, Б.Кенжебаев, Қ.Бекхожин, Т.Қожакеев, Т.Амандосов, М.Барманқұлов, С.Қозыбаев, Ү.Сұбханбердина, Ж.Елеукенов, Н.Омашев, Қ.Алдабергенов, Ф.Оразаев, Ж.Нұсқабаев, С.Байменшин, Б.Жақып және т.б. Еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жоғарыда айтылған себептерге байланысты бұл жүйе жойылды. Журналист кадрларын бір емес, 22 жоғары оқу орнында даярлау қолға алынып, оның сапасына емес, санына көңіл бөлініп, дәстүрлі байланыстар үзіліп қалды. Біраз ғалымдар бұл дүниеден озса, екінші біреулері құрметті демалыста, ал үшіншілері қарақан басымен әуре болып, жан-жаққа тарыдай шашылып кеткен. Оқулық шығаратын баспалар да аз тиражды ғылыми зерттеулер мен оқулықтар шығарудан бас тартып, авторларға бұрынғыдай аз да болса қаламақы төлеудің орнына, олардың өздерінен қаражат талап ете бастады. Ал еңбекақысы өз ішіп-жемінен аспайтын авторлар қанша тыраштанғанымен, көз майын тауысып жазған еңбектерінен бас тартуына тура келді. Олардың орнын көлденең көк аттылар басты. Бұл саладан хабары шамалы, бірақ қаражаты барлар монография, оқулықтар шығаруға құмартып алды. Сөйтіп, жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған қалың-қалың сапасыз оқулықтар кітап сөрелерінен орын алды. Әсіресе облыс орталықтарындағы жоғары оқу орындарында. Ең өкініштісі, сол сапасыз оқулықтар мен монографиялардың көпшілігі – көшірілген, яғни, әр автордан жырымдалып алынып, құрастырылған «плагиат» дүниелер. Жуырда мен де сондай бір келеңсіз жайдың куәсі болдым.

Айына бір рет болса да, облыс орталығындағы кітап дүкендеріне бас сұғып, жаңадан шыққан әдебиеттерді қарастыратын әдетіммен «Эврика» дүкеніне келдім. Қазақ тіліндегі кітаптар қойылатын жұтаң сөрелерге жақындай бергенімде Павлодар Инновациялық жекеменшік университетінен шыққан Шолпан Байғалының «Қазақ журналистикасы тарихы пәнінен лекция курсы» деген, бағасы 840 теңге тұратын қалың көк кітап көзіме оттай басылды. «Япырмай, 1996 жылдан бұл пән бойынша ешкімнің тісі батып мұндай оқулық шығара алмай жүр еді, әйтеуір, Павлодардан біреу шыққан екен» деп кітапты қолға алдым. Алғашқы титулдық бетін ашып қалғанымда назарыма «пікір білдіргендер: Кертаева Ғ.М. – С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінің психология және педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор; Зейнулина А.Ф. – С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі; филология ғылымдарының кандидаты, профессор» деген сөздер ілікті.

Амалсыздан ойланып қалдым. Бұл екі кісімен де бір университетте, тіпті бір факультетте кафедра меңгерушілері боп біраз жылдан бері қызмет істейміз. Бірақ ол әріптестерімді журналистика тарихының майын шағып ішетіндей мұнша мықты зерттеушілер екенін бұрын-соңды білмеппін, өйткені, олардың бірінің мамандығы-физика, екіншісінікі-қазақ тілі болатын. Сөйтіп, ойым сан-саққа жүгірген мен кітаптың аннотациясын оқыдым.

«Бұл лекция курсында төл баспасөзіміздің бастау көзіндегі ілкі үлгілерінен бастап (тек баспасөзіміздің ғана емес, оның тарихынан да), XIX ғасырдың екінші жартысындағы сапалық түрлері, кеңестік дәуір мен 1991 жылдан басталатын тәуелсіздік жылдарынан бүгінгі таңға дейінгі аралықта қамтитын қазақ баспасөзінің тарихы баяндалады....».

Мынау кімнің стилі, тіптің кімнің жазғаны? Бір жерден кездестірген сияқтымын. «Осындай бір оқулықты (дәрістер курсын емес) әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жұмыс істеп жүргенде мен де ғылым докторы Ф.Оразай, зерттеуші, жазушы, баспагер Ж.Нұсқабаевпен бірігіп жазып едім ғой» деген оймен кітапты сатып алдым да, үйге келген соң асықпай танысып шықтым.

Алғысөзі біздікі емес. Бірақ, кіріспесі біздікі. Біраз қысқартып, 1996 жылы «Рауан» баспасынан шыққан «Қазақ журналистикасының тарихының» мәтіндерін үзіп-жұлып беріпті. Мысалы, «...Шынында да, тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін ғана қазақ журналистикасының өткен тарихының «ақтаңдақ» тұстары қайта ашылып, кезінде «ұлтшыл» деген жаламен жабылып қалған «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Ұран», «Бірлік туы», «Жас азамат» сияқты газет-журналдарда жарық көрген А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, Х.Досмұхамедұлы, М.Тынышбайұлы, А.Мәметұлы, Х.Ғаббасұлы, Ә.Ермекұлы, Ж.Жәнібекұлы, Е.Омарұлы, Ж.Тлеулин, М.Саматұлы, У.Омарұлы, Н.Төреқұлұлы, С.Қожанұлы, М.Жолдыбайұлы, Т.Шонанұлы сынды қазақ халқының бір топ зиялы қауымының ұлттық мүдде тұрғысында жазған публицистикалық мақалалары ғылыми айналымға түсіп тиісті бағаларын алып та үлгерді...».

Одан кейін автор «Негізгі бөлім» деп ежелгі түрік бітіктастарындағы (руналық ескерткіштер) бұқаралық ақпаратқа түсіп кетеді. Бұл белгілі ғалымдардың зерттеулерінше қазақ журналистикасының емес, публицистикасының пайда болып, қалыптасуына жататын кезеңдер болып саналады (Б.Кенжебаев, Б.Жақып, М.Шыңдалиева және т.б.). Ал «Қазақ журналистикасының пайда болуының тарихи алғышарттарында» зерттеуші бұл процесті орта ғасырдан, қазақ хандығы құрылған кезеңнен және «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуынан» бастап, кеңес өкіметіне әкеп бір-ақ тірейді.
Сөзбе – сөз көшірілген кітап
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, нағыз «плагиат» лекция курсының «XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы мерзімді баспасөз» атты бірінші бөлімнен басталады екен. Автор «Тәржіман» газеті деп айдар таққан алғашқы тақырыпшасын оқығанда менің есіме ҚазМУ-дің журналистика факультетінде осы пәннен дәріс оқып жүрген ғалым досым Аманқос Мектептегі түсті. Себебі, шашы иығына түскен әдебиетші, журналист, зерттеуші ғалымның студенттер алдында «Тәржіманнан» дәріс оқып, осы мәтінді сан қайталап, майын ағызғанының куәсі болғам. Ал одан кейінгі «Түркістан уалаятының газеті» және «Дала уалаятының газеті» тақырыпшалары 1996 жылы «Рауан» баспасынан шыққан «Қазақ журналистикасының тарихы» кітабынан жолма-жол көшіріліп берілген деп айтуға болады.

Одан кейінгі «Қазақ публицистикасының көшбасшылары» деген атаумен берілген Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев тақырыптары да Қ.Алдабергенов, Ж.Нұсқабаевтардың Алматыдан 1994 жылы шыққан «Алты алаштың ардақтылары» монографияларының негізінде жазылған. Әрине, мәтінге кейбір өзгерістер енгізіліп, Абайдың қосымша бірнеше қара сөздерінің мәтіндері берілген. Лекция курсының екінші бөлімі «Буржуазиялық-демократиялық революция дәуіріндегі қазақ баспасөзі» деп аталады. Бір қызығы, кітаптағы бөлім, тарау, тақырыпшалардың атаулары «Қазақ журналистикасының тарихындағы» атаулармен дәлме-дәл келіп, қайталанып отыруында. Мұндағы «Торғай газеті», «Қазақ газеті», «Серке газеті», «Дала газеті», Большевиктік «Орал» газеті де жоғарыда аталған біздің еңбегімізден алынып берілген.

Осы бөлімнің «Қазақ баспасөзі революциялық жаңа өрлеу және дүниежүзілік импералистік соғыс жылдарында» деген тарауының алғашқы тақырыпшасы Большевиктік «Правда» газеті деп аталынады. Енді бұл марқұм Қ.Бекхожиннің «Қазақ баспасөзі тарихының очерктері» (Алматы, 1981 жыл) оқулығынан алынған. Екіншіден, бұл тақырып – қазақ емес, «Орыс журналистикасының тарихына» кіретін мәселе. Ал екінші тараудағы 1910-1914 жылдардағы қазақтың мерзімді баспасөзіндегі «Қазақстан» газеті, «Айқап» журналы тақырыпшалары – «Қазақ журналистикасының тарихы» және «Әлем баспасөзі тарихынан» (Алматы, «Санат» баспасынан 1998 жылы шыққан, авторлары С.Қозыбаев, А.Рамазанова, Қ.Алдабергенов) алынып, қысқартылып берілген нұсқасы.

Үшінші тарау «Дүниежүзілік импералистік соғыс жылдарындағы қазақ баспасөзі» деп аталады да, оған «Қолжазба «Садақ» журналы» және «Ешім даласы», «Алаш» газеті, «Қазақ» газеттері тақырыпшалары енгізілген. Ондағы мәтінді «Қазақ журналистикасының тарихы» мәтінімен жолма-жол салыстырып оқуға болады.

Төртінші тарау «Қазақтың жалпы ұлттық бағыттағы демократиялық басылымдары» деп аталады. Ондағы «Сарыарқа» газеті, «Бірлік туы» газеті тақырыпшалары да жоғарыда аталған оқулықтардан мейлінше қысқартылып, анықтама түрінде ғана берілген.

Лекция курсының үшінші бөлімі «XX ғасырдағы қазақ журналистикасы» деп аталады да, іштей бірнеше ұсақ тақырыпшаларға бөлініп беріледі. Оның «Қазақстандағы алғашқы кеңес басылымдары» деген тарауына «Тіршілік» газеті мен «Қазақ мұңы» газеті енгізілген. Осы арада автор енді Т.Қожакеев марқұмның «Жыл құстары» монографиясына ауыз салған. Ал «1917-1918 жылдардағы ұлттық басылымдар» тарауында «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Абай» журналдары мен «Еңбек туы» газеті қамтылған.

«Қазақ жастар баспасөзінің тууы, дамуы» деген тарауда «Жас азамат» газеті, «Лениншіл жас» журналы туралы сөз болады. Мұнда Қ.Алдабергенов, Қ.Бекхожин, Т.Қожакеев, К.Бейсенбаевтардың еңбектерінен осы аталған басылымдар туралы қысқаша анықтамалар берілген. Бір таң қаларлығы, осы кітаптың бірде-бір бетінде ешқандай сілтеме берілмейді. Барлығы да Ш.Байғалының өз еңбегі ретінде көрсетіледі.

Неге екені белгісіз, «1921-1925 жылдары аралығындағы баспасөз» тарауына «Қызыл Қазақстан» журналы деген бір-ақ тақырыпша енгізілген. Ол да Т.Қожакеевтің «Жыл құстарынан» алынған.

Келесі төртінші бөлім «Қазақстанда мерзімді баспасөздің жүйеленуі» деп аталады. Оған «Қазақстанның әртүрлі өңіріндегі баспасөздің қалыптасуы» деген тақырыппен «Ұшқын», «Еңбекшіл қазақ» газеттері енгізілген. Екеуі де профессор Т.Қожакеевтің «Жыл құстары» монографиясынан алынған. Ол кітап қазір менің сөремде сақтаулы. Себебі, бірге қызмет атқарып жүрген кезімізде ол кісі өз еңбегінің мұқабасына «Кешегі шәкірт, бүгінгі ұстаз, қабілетті ғалым! Құрметті Қырықбайға ризашылық көңілден. Т.Қожакеев.5.05.92 жыл» деп қолын қойып, сыйлап еді.

Осы төртінші бөлімнің «Тоталитарлық жүйенің қалыптасуы» деген екінші тарауынан «Ауыл тілі» мен «Жұмысшы» газеттері туралы мәліметтерді кездестіруге болады. Бұл да «Жыл құстары» кітабынан. Нақты мысал: «Ауыл тілі» газеті халық әдебиетіне көп орын берді. Күлдіргі әңгімелерді, өлең-жыр, тақпақ, жұмбақ, аңыздарды жиі жариялады. Бірінші нөмірінде Нарманбет ақынның жырлары, екінші нөмірінде 1916 жылғы көтеріліс туралы ұзақ дастан берілді...» Т.Қожакеев. «Жыл құстары». Алматы «Қазақстан», 1991, 240-б.» (36-б) Осы үзінді «Лекция курсында»: «Ауыл тілі» газеті халық әдебиетіне көп орын береді. Күлдіргі әңгімелерді, өлең – жыр, тақпақ, жұмбақ, аңыздарды жиі жариялады. Бірінші нөмірінде Нарманбет ақынның жырлары, екінші нөмірінде 1916 жылғы көтеріліс туралы ұзақ дастан берілді...», - деп жолма – жол қайталап беріліп отырады. Бірақ қайдан, кімнің еңбегінен алынғаны туралы ешқандай мәлімет, сілтеме берілмейді.

Одан кейінгі «Қазақ баспасөзіндегі оқу – ағарту, денсаулық әйелдер мәселесінің жарық көруі» деген тақырыпта да осы әдіс қолданылады. Яғни, «Мұғалім» журналы, «Жаңа өріс» газеті, «Азат әйел» газеті, «Теңдік» газеті, «Әйел теңдігі» журналы, «Жаңа мектеп» журналы, «Жаңа әдебиет» журналы тақырыпшалары да түгелдей «Жыл құстарынан» көшіріліп алынған.

Сондай-ақ «1933-1937 жылдары аралығындағы баспасөз», «Облыстық баспасөздердің қалыптасуы» тараулары толықтай Т.Қожакеевтің «Жыл құстары» монографиясынан, «Соғыс жылдарындағы Қазақстан баспасөзі» тарауы толықтай Қ.Бекхожиннің «Қазақ баспасөзі тарихының очерктерінен», «Қайта құру жылдарындағы қазақ баспасөзі» деп аталатын жетінші бөлімі де Қ.Алдабергенов, Ж.Нұсқабаев, Ф.Оразаевтардың «Қазақ журналистикасының тарихынан» толықтай көшіріліп берілген.



Мұны оқыған студент кім боп шығады?
Сонда дейміз-ау, «Қазақ журналистикасы тарихы пәнінен лекция курсын» жазған автор, Павлодар қаласындағы жеке меншік Инновациялық Еуразия университеті журналистика бөлімінің аға оқытушысы Шолпан Байғалы «Дәрістер курсының» жазылу ережесін білмегені ғой. Әйтпесе кез келген пәннен жазылатын дәрістер курсы ең алдымен авторлық еңбек болуы керек. Онда кітап бөлімдері мен тараулар және тақырыпшаларға бөлінбей, тек дәріс тақырыптары қойылып, әр тақырыпқа атаулар беріліп, қаралатын мәселелер жоспарланып, әдебиеттер көрсетіліп, сілтемелер беріліп отырылуы керек. Және еңбек толықтай көшірілген «плагиат» емес, кітап авторының өзінікі болуы шарт. Егер кітап құрастырылса, әр бөлім, тарау, тақырыпшалардың авторлары көрсетілуі міндетті. Ал кітаптың сыртына құрастырған адамның аты көрсетілмей, тек титулдық бетте ғана құрастырушының аты-жөні «Құрастырған Бәленбай» деп жазылуына ғана құқы бар.

Бұл дәрістер курсының ең басты кемшілігі - кітап авторының өзі көтеріп отырған мәселеден алшақ болуы. Әйтпесе кітапта қазақ журналистикасын кезеңдерге бөлуден, бүгінгі көзқараспен талдау жүргізіп, пікір айтудан көптеген әттеген-айлар кеткен. Автор әр кезеңнің авторларының еңбектерін таразыдан өткізбей, сол күйінде бере салғандықтан, ескі кеңестік көзқарасты насихаттап, студенттерді адасушылыққа ұшыратады. Мысалы, «Правда» және басқа да кеңестік басылымдарды дәріптеп, сол кезеңнің идеологиясын тәуелсіздік төріне алып шыққысы келеді. Оның үстіне, қазақ мерзімді баспасөзі мен публицистикасының арасындағы ара жікті ажырата алмауына байланысты журналистика тарихын орта ғасырлардан бастап, оның қалыптасып, дамуы «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуына байланысты» жүзеге асырылды деген қарама-қайшы пікірлерге жол береді. Сондай-ақ ресми, бейресми, жалпыұлттық демократиялық бағыттағы басылымдарды шатастырып, оларға бүгінгі күн тұрғысынан баға беруде де шалағайлық танытады. Ал осындай сапасыз «Лекциялар курсынан» дәріс алған студенттер қалай білімді болмақ?

Ең бастысы, өткен ғасырдың 60-90 жылдар аралығында жазылып, жеке монография, оқулық болып шыққан еңбектерді олардың авторларының келісімінсіз, еш өзгеріссіз өз атынан жеке кітап етіп шығарып, саудаға салу ешбір ақылға сыйымсыз, адамгершілік, заңдық тұрғыдан алғанның өзінде жазалануға тиісті қылық емес пе? Біздің естуімізше, ешқандай ғылыми атақ-дәрежесі жоқ бұл оқытушы сол оқу орнындағы журналистика бөлімінде бір өзі барлық пәндер бойынша дәріс жүргізетін көрінеді. Сонда дейміз-ау, ертең оның тек қана «Қазақ журналистикасының тарихынан лекция курстары» емес, басқа да журналистиканың теориясы мен практикасынан, радио мен телевизиядан, маркетинг пен менеджменттен, жарнамадан, тіл мен стильден және тағы да басқа негізгі пәндерден жоғарыдағыдай «плагиат» зерттеу монография, оқулықтары, лекция курстары топырлап шығып жатса, оған еш тосқауыл болмайтынына көзі анық жететін сияқты. Себебі, оған бұл кітапты шығаруға рұқсат берген университет басшылары, кітап рецензенттері, министрліктегі жоғары лауазымды шенеунік мырзалар кепілдік беріп, жол ашып отыр ғой.
11. Қоғам айнасы

(Павлодар облыстық "Сарыарқа самалы" газетіне 80 жыл)
Кез келген мерзімді баспасөзді осылай атауға болады. Оған толық негіз бар. Егер халқымыз бен оның баспасөзінің жүріп өткен жолына көз салып, зерттеу жүргізсеңіз осындай ұйғарымға келетініңіз сөзсіз. Сөз қадірін халықтан артық ешкім бөлмейді. Қазір өз тіліне мұрын шүйіре қарайтын шенеуніктер де, түрі қазақ болса да екі ауыз сөздің басын қоса алмай шүлдіреп жүретін қыз-жігіттер де ол есепте жоқ. Ана тіліне жастай шөліркеп, оның қадір-қасиетіне табынып өспеген баладан келешекте елім деп еңіреп тұратын адамгершілігі биік азамат өспейді. Міне, осының барлығын жүзеге асыру үшін баспасөз қажет. Баспасөз болғанда да қоғаммен қоянба-қолтық араласып, оның мүшелерінің жанашыры дәрежесіне көтерілген баспасөз қажет.

Баспасөз қашан да қоғам айнасы болған және бола да береді. Оған мысалды алыстан іздеп керегі жоқ. Биылғы жылы 80 жасқа толып, мерейі үстем болып отырған Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті де сондай халықпен бірге жасасып, өмірдің ыстығы мен суығына бірдей төзіп келе жатқан басылым. XX ғасырдың сонау жиырмасыншы жылдарының қиын-қыстау кезеңінде өмірге келіп, алаштың ұлы арысы А.Байтұрсынов айтқандай «Халықтың көзі мен құлағы және тіліне» айналған жарияланым талай ұрпақтың тәрбие мектебіне айналып, қиналғанда тіреніші, қуанғанда мақтанышы болғандығына күмандануға болмайды.

«Қызыл ту» біздердің де, жетпісінші жылдардың жастарының да қамқоршы, тәрбиешісі әрі сырласы болды десек артық айтпағанымыз. Әсіресе, әдебиет пен мәдениетке бейім, қолдарына қалам ұстаған жастардың. Мен қолыма қаламды шамамен 12-13 жасымда алдым. Алдымен мектепте қабырға газеттеріне ұсақ-түйек хабар-ошар жазып жүрдім де кейін екі-үш шумақ өлең де құрастыра алатын дәрежеге жеттім. Бірте-бірте жазғандарым аудандық, одан соң облыстық газеттерге жариялана бастады. Онжылдықты бітірген соң бірден Армияға алындым да екі жыл бойы Орта Азия әскери округының «Боевое знамия» газетінде әскери тілші қызметін атқардым. Онда жүріп те облыстық «Қызыл ту» газетіне жерлес жауынгерлер туралы материалдар жіберіп тұрғаным есімде. Айтпақшы мен 1967 жылы 7- кластан соң Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері «Артекке» барған сәтімнен де көрген-білгенімді «Қызыл туға» жібергенім есімде. Ол кезде «Қызыл тудың» редакторы Шошанов ағай, оның орынбасарлары Әбдіқадыров, Дәуренбеков ағайлар болатын. Сондай-ақ, редакцияда Т. Қоңыров, М. Айтпаев, А. Бәделханов, С. Әйтенов, Т. Ибадуллин, Б. Баймұратов сынды бірінен-бірі өткен журналистер жұмыс істейтін. Қазір солардың көпшілігі құрметті демалыста. Бірі ақын, бірі жазушы, бірі публицист-көсемсөзші.

Ол кезде де «Қызыл ту» негінен облыстың тынысы, өнеркәсіп, өндіріс, ауылшаруашылығы, мәдениеті мен әдебиеті туралы жазатын. Онға жуық бөлімдері, сандаған қызықты, тартымды айдарлары болатын. Үзбей әдебиет беті беріліп тұрушы еді. Сын материалдар да көп жарияланатын. Бас мақалалары өте тартымды жазылатын. Арнаулы оқырмандар беті де берілетін. Онда облыстың әр ауданынан көкейкесті мәселелер көтерілетін. Газеттің штаттан тыс, жергілікті авторлары көп болатын. Әр ауданда өзінің меншікті тілшілерін де ұстаушы еді.

Мен «Қызыл Ту» газетімен ҚазМУ-де оқып жүргенде де жиі араластым. 3-ші курстан соң өндірістік тәжірибеде де болғаным бар. Ол кезде газетте жанр алуандығы да мол болатын. Хабар, талдамалы, көркем жанрлардың заметкадан бастап, фельетонға дейін аралықтағы барлық түрлері кездесетін. Тиражы да көп болатын. Оны екі адамның бірі жаздырып алатын. Яғни, басылымның негізгі принциптерінің бірі – пәрменділігі зор еді.

Рас, одан кейін мен газет пен екі арадағы байланысымды біраз жыл жоғалтып алдым. Кейін ҚазМУ-де оқытушы болып жүргенде облыс басылымдарының тарихын зерттеген кезім болды. Сол кезде мен зерттеуші ретінде өзімнің туып-өскен аймағымның айнасы – «Қызыл Ту» яғни қазіргі «Сарыарқа самалы» газетінің тарихына да біраз қанықтым. Әсіресе, онда кезінде бүкіл елімізге белгілі Б. Кенжебаев, Қ. Бекхожин, М. Әлімбаев, Т. Ақшолақов, Ә. Нұршайықов, О. Құдышев сияқты ақын, жазушы, қоғам қайраткерлерінің қызмет істеуі газеттің мазмұны мен сапасына айтарлықтай әсер еткендігі белгілі.

Кейін елге келген соң 2000 жылдың басынан мен өзімнің сүйікті газетім «Сарыарқа самалы» газетінің жұмысына қайта араласа бастадым. Әсіресе, алғашқы жылдары ғылыми және публицистикалық бағыттағы материалдарды көп жарияладым. Тіпті, 2004 жылы оның үздік авторы да атандым.

Жоғарыда айтқанымдай мен Павлодар облыстық газетінің тарихын зерттегенімде оның алғашқы редакторларының бірі Бейсенбай Кенжебаев туралы өзімнің Алматыдағы «Рауан» баспасынан 1997 жылы шыққан «Көне басылымдар. Құнды деректер. Аяулы есімдер» деген монографиямда Б. Кенжебаев 1921-25 жылдары Москвада-Шығыс еңбекшілері Коммунистік Университетінде, одан кейін 1938-40 жылдары М. Горкий атындағы әдебиет институтында оқып, білім алады. 1939-42 жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы Мемлекеттік Ұлттық университеті журналистика факультетінде оқиды.

Ал, 1925-28 жылдары «Жас қайрат» газеті мен «Лениншіл жас» журналы редакторының орынбасары болады. Содан кейін қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарады. Сондай-ақ ол «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Павлодар облыстық «Кеңес туы» газеті мен Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерін ұйымдастырушы әрі тұңғыш редакторы. 1941-44 жылдары Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы. Содан 1944 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне педагогтік қызметке келеді. Аға мұғалімі, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, кафедра меңгерушісі, профессор, кеңесші профессор атағына ие болады,-деп жазыппын.

Сондай-ақ, биыл 95 жасқа толған жерлес педагог, ғалым, жазушы Төлеутай Ақшолақов пен марқұм, адуынды ақын Қалижан Бекхожин де өз еңбек жолдарын осы «Сарыарқа самалы» газетінен бастаған. Ол туралы Төлеутай Ақшолақов бір кездескенімізде маған: «Жастық шағымыз аумалы-төкпелі кезде өтті. Қалижан екеуміз 1932 жылы Алматыдағы малдәрігерлік институтына оқуға түстік. Бірақ, дәл осы жылы елде аштық басталып, студент аталғанымызға төрт ай болар-болмастан ауылға қайтуымызға тура келді. Міне, менің еңбек жолым осыдан кейін басталды. Басталғанда да журналистік қызметтен басталды. Сөйтіп, жазу-сызуға жастайымнан құмар болған мен жасымда Павлодар облысының, Павлодар ауданында «Колхоз» газетінің жауапты хатшысы болдым да, Қалижан әдеби қызметкерлікке қабылданды...»,-деп әңгіме айтқан еді.

Ал, Қайыржан Бекхожиннің «Сарыарқа самалы» газетіне қатысы туралы, тағы да біздің бір атақты жерлесіміз Ү. Сұбханбердина өзінің «Айқап» атты кітабында: «Қ.Бекхожин өзінің журналистік қызметін 1929 жылы Павлодар округтік «Кеңес туы», «Колхоз» газеттеріне хат-хабар жазудан бастады. 1935-39 жылдары Семей облысы «Екпінді» газетінде істеді. 1942 жылы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетін бітірді. 1942-48 жылдары Қостанай облысы «Большевиктік жол» газетінің редакторы. 1945-47 жылдары өзі оқыған университеттің журналистика факультетінде аға оқытушы, деканы болды. 1948 жылдан журналистика кафедрасының меңгерушісі. Ол «Айқап» журналын зерттеуде де көп еңбек сіңірген ғалым. Бекхожин 60-тан астам ғылыми мақала мен «Қазақ баспасөзінің даму тарихы» атты монографиялық кітаптың авторы»,-деп жазған болатын.

Әрине, бұл жерде О. Құдышев, Б. Асанов, Ә. Нұршайықов және т.б. Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің қалыптасып, дамуына қосқан айтарлықтай еңбектеріне де жан-жақты тоқталуға болар еді. Әйтсе де олар туралы бұл кітаптың өн бойында олардың өз естеліктері болғандықтан да, және олар туралы басқа да авторлардың ой-толғаныстары барлығын ескере отырып, әңгімемізді осы арадан тоқтатуды жөн көрдік.

Міне, көріп отырсыздар бір ғана аймақтың, өңірдің 80 жылдық тарихы бар «Сарыарқа самалы» газетінің қалыптасып, даму жолының өзі кез-келген адамды бей-жай қалдырмай, өзінің қоғамға қосқан үлесімен, өмірден ойып алғандай мазмұнымен ерекшеленеді десек еш қателеспегеніміз. Себебі, оның беттерінде бүтіндей бір аймақтың, оның тұрғындарының 80 жылдық тарихы, өмір-тынысы, қуанышы мен күйініші, жеңісі мен жеңілісі, әдебиеті мен мәдениетінде, рухани өмірінде болған оң өзгерістер мен кері көріністері де болашақ ұрпаққа жөн-жоба көрсетіп, жол сілтеп, құс жолындай сайрап жатыр.

12. Аймақтық жоғарғы оқу орындарында журналист кадрларын даярлау проблемалары

Құрметті әріптестер! Құрметті конференция қонақтары! Барлықтарыңызды бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қара шаңырақтарының бірі журналистика факультетінің қабырғасында өтіп жатқан маңызы өте бір зор игі шарамен құттықтай отырып, жалпы республикамыз, оның ішінде аймақтық жоғары оқу орындарында журналист кадрларын даярлауға байланысты соңғы жиырма шақты жыл аралығында қордаланып қалған біраз мәселелерге тоқталып өткім келеді.

Сіздер бұрынғы Кеңестер Одағында, оның ішінде біздің республикамызда да журналист кадрларының қалай даярланғандығын жақсы біледі деп ойлаймын. Ол кезде БАҚ қызыметкерлерін даярлауға мемлекет, үкімет үлкен көңіл бөлетін. Журналистика факультеттеріне қазақша айтқанда «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар» ғана түсетін. Жан-жақты іріктеулер болатын. Баспасөз беттерінде материалдары жарияланбаған талапкерлер есіктен де сығалай алмайтын. Студенттерге факультет қабырғасында талапқа сай білім берілетін. Университет қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер аудандық газеттен республикалық басылымдарға дейін сұранысқа ие болып, тіпті Одақ көлеміндегі БАҚ-тарда да қызмет істеп жататын. Оларға өңкей бір ғылыми атақтары бар, өз мамандығының шеберлері дәріс оқып, журналистиканың қыры мен сырын игеруге баулитын. Үздік студенттер 2-3-ші курстан соң Ломоносов атындағы МГУ-дің журналистика факультетіне барып, оқуларын жалғастырушы еді.

Оған мысалды алыстан іздеп керегі жоқ. Кезінде Қазақстанда журналист кадрларын даярлаудың басы-қасында аттары алты алашқа мәлім болған Б. Кенжебаев, Қ. Бекхожин, Т. Амандосов, Т. Қожакеев, Ю. Крикунов, Ә. Ыдырысов, М. Барманқұлов сияқты біртуар азаматтардың тұруы, ал қазір олардың игі істерін Н. Омашев, С. Қозыбаев, Ә. Мархабаев, К. Қамзин, Б. Жақып, Т. Бекниязов, Ш. Нұрғожина, Ғ. Ибраева, Қ. Сақ, Л. Ахметовалардың одан әрі жалғастырып отырғандарын айтсақ та жеткілікті.

Ал ол кездің студенттері туралы айтсақ, бүгінгі таңда еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі болып отырған Мұхтар Құлмұхамед пен осы министрліктің вице министрі Дархан Мыңбайды еске алсақ та жеткілікті. Сондай-ақ, бүгінгі таңда Қазақстандағы жалғыз журналистика факультетін басқарып отырған да бұрынғы журфактың түлегі, бүгінгі арқалы ақын, белгілі ғалым филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып екендігін мақтанышпен атап өтуге болады.

Мен өзім де кезінде осы қара шаңырақты аяқтап, одан соң 15 жыл ассистенттіктен докторлық жолға дейін өткендіктен және қазір де осы салада қызмет істеп жүргендіктен бұл проблеманы бір кісідей-ақ білемін деп санаймын. Біздерде «тас түскен жеріне ауыр» немесе «ауруын жасырған өледі» дейді. Осыған орай бүгінгі таңда елімізде 17 жоғары оқу орындарында журналист кадрларын даярлайды екен. Бұл оқу орындарының Алматы мен Астанадан басқасының барлықтары облыс орталықтарында.

Кезінде нарықтық экономика талаптарына сай ашылып, әлікүнге дейін жұмыстарын жалғастырып келе жатқан осындай бөлімшелер мен кафедралардың бүгінгідей жаһандану талаптарына сай ма, жыл сайын олардың қабырғаларынан шығып жатқан ондаған, жүздеген журналист кадрлары сұранымға ие ме, олардың алған білімдері қоғамды қанағаттандыра ала ма деген заңды сұрақтар туындайды. Мұндай сауалдарға біздер көбіне аймақтық БАҚ-тың сұранымын қанағаттандырып жатырмыз деген жалпылама жауаптармен құтыламыз.

Осымыз дұрыс па? Әрине дұрыс емес. Аймақтық жоғары оқу орындарында ең алдымен техникалық құрал-жабдықтармен телерадио студиялар жетіспейді. Тіпті, жоқтың қасы деуге болады. Бұдан да зоры кадрлардың тапшылығы. Болашақ журналистерге теориядан дәрісті негізінен филологтар оқиды. Олар студенттерге әдебиетті жақсы білсеңдер болды, таланттарың болса өздерің-ақ жазып кетесіңдер деп журналистикаға басқа мамандықтан келген адамдарды мысалға келтіретін көрінеді. Сонда олар төрт жыл оқып, журналистиканың жанрларын ажырата алмайтындардан қандай маман шығады деп ойлайды екен.

Қазір елімізде 2500-дай басылымдар шығады екен. Оның 2000-ы орысша, қалған 500-і қазақша. Осы 500-дің 300-і Шымкенттен шығатын сары басылымдар. Сонда қалған 200 жарияланым қазір саны 8 миллионға жеткен жергілікті тұрғындардың қай жеріне жамау болмақ. Оның үстіне бұлар безендірілуі, мазмұндық сапалығы жағынан сын көтермейді. Бір кездері кейбірі облыстық газеттерден де озып кететін аудандық газеттер қазір әбден азып-тозып біткен деуге болады. Облыстық газеттердің өздері де ресми ақпараттардан асып кете алмай жүр. Халықтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани жайлары аз қозғалады. Сын материалдарды мүлде кездестірмейміз. Газет басшылығында әлікүнге дейін бұрынғы кеңес идеолоиясында басшы қызметтерде болған ақсақалдар мен қарасақалдар отыр.

Меніңше осының барлығы да журналист кадрларын даярлауда жіберіліп отырылған кемшіліктер. Қазақта «ештен кеш жақсы» дейді. Енді кезінде жіберіп алған ағаттықтарды түзетіп, республикамызда журналист кадрларын даярлауды дұрыс жолға қоятын кез жеткен сияқты. Ол үшін әсіресе, аймақтық жоғары оқу орындарында журналист кадрларын даярлау мәселесіне Білім және ғылым және Мәдениет пен ақпарат министрліктері тарапынан бүгінгі күн тұрғысынан талаптар қойып, қол ұшын созу керек. Жоғары оқу орындарының ректорларына лабороториялар мен студиялар ашу және білікті маман оқытушылармен жабдықтау тапсырылып, егер ол шарттар орындалмаса лицензияларын қайтару алу қаралса, сапасыз мамандар даярлау доғарылар еді. Оның үстіне осы журналистер кадрларын даярлайтын 17 жоғары оқу орындарына бір ортадан басшылық жасап, бағыт-бағдар беріп отыратын Кеңес ашылса. Ол Кеңес ауық-ауық аймақтық жоғары оқу орындарында журналист кадрларын даярлаудың сапасын тексеріп, оларға маман кадрлар даярлауға көмектесіп, шетелдік басқа жоғары оқу орындарымен байланыс жасаудың аракөпірі болып, оқытушылар мен студенттердің алмасуына жағдай жасап, ең құрмады тоқсанына бір рет түрлі ғылыми-тәжірибелік, оқу-әдістемелік тұрғыдағы бас қосулар өткізіп тұрса нұр үстіне нұр болар еді.

Сондай-ақ, диссертациялық Кеңесте кезек ретімен жылына біреуден болса да әр аймақтан кандидаттық диссертациялар қорғатып, ҚазМУ «Хабаршысында» мақалаларын жариялап, келісім шарт бойынша магистрлер даярлап беріп отырса деген ұсыныстарымыз бар.

Сөз соңында өзім жетекшілік ететін С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің журналистика кафедрасы туралы бір ауыз мәлімет бере кеткім келеді. Бізде журналист кадрларын даярлау 2001 жылдан жүзеге асырылып келеді. Содан бері жоғарыда айтқанымыздай жүзден астам журналист кадрлары даярланыпты. Қазір олардың көпшілігі аймақтық БАҚ-тарда қызмет атқаруда. Бүгінгі таңда біздің кафедраның орыс және қазақ бөлімдерінде жүзден астам студенттер оқиды. Былтыр қазақ бөліміне 12 студент (5-і грант), орыс бөліміне 8 студент (3-і грант) оқуға түсті. Биыл университет қабырғасынан 20 түлегіміз бітіріп шықпақ. Қазірдің өзінде олардың 70 пайызы жұмыспен қамтылып отыр. Биыл жаңа оқу жылынан радио және телестудия пайдалануға берілмек. Оқытушылардың 70 пайызы журналистер. Студенттердің күшімен университеттің «Білік» және қалалық «SMS» жастар газеті шығарылып, облыстық телевизия арқылы «Өртең» жастар бағдарламасы ай сайын шығарылып тұрады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет