Қазақ сөзінің этнонимі Қазақ сөзінің шығуына қатысты түрлі пікір бар. Бірі "қаз" бен "ақ" сөзінен шыққан десе, енді бірі "қай+сақ", "қас+сақ" секілді сөздердің қосындысынан шыққан дейді. Ал ғалымдардың арасында "қазақ" сөзінің мәнін іздеудің де қажеті жоқ деген пікір бар. ы.
"Қазақ" сөзінің шығуына қатысты алғашқы ой-пікірлер Ресейде 18 ғасырдың ортасынан бері жазылды. Сол уақыттан бері қазірге дейін ғалымдар тарапынан түрлі пікір айтылып келеді, делінген "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша шыққан "Қазақстан тарихы – этникалық зерттеулер" еңбегінде. Қазақ" сөзінің шығуына қатысты алғаш пікір айтқандар қатарына Герхард Фридрих Миллер, Петр Рычков, Василий Татищев, Иоганн Георги, Иван Андреев, Николай Карамзин жатады. Бұл ғалымдардың еңбектері 18 ғасырдың 50 жылдарынан 19 ғасырдың 30 жылдарына дейінгі аралықта жарық көрген. Петр Рычков қазақтарды "қырғыз-қайсақ" ұғынып, "қырғыз" және "қайсақ" сөздерінің мәнін түсіндірген. Ол қырғыз – далада жүретін, үйсіз адам, ал казак – бөлінген, келіп қалған деген мағынаны береді деп жазады. Ал қазақ халқының шығуына қатысты "олардың Алатау қырғыздарынан шыққанына еш дау жоқ" дейді. Василий Татищев "қазақ" сөзін "қашқындар" деп түсіндіреді. Тарихшы Иоганн Фишер қазақтарды қырғыздармен түбі бір халық деп есептеп, қырғыздарды – бурут қырғыздары, ал қазақтарды – қырғыз козактары деп атайды, козак – халықтың атауы емес, татар тілінде отбасы жоқ немесе тұрақты баспанасы жоқ адамды білдірген деген тұжырымға келеді. Иоганн Георги "қазақтарды ноғайлардан шығарып, "қазақ" сөзі олардың ру басының есімі" деп түсіндіреді. Иван Андреев қырғыз деген атаумен үш халық белгілі деп, оларға Енисей қырғыздарын, бурут немесе қара қырғыздарды және қайсақ немесе хазактарды жатқызады. Оларды "қырғыз-қайсақтар" деп атайды. Одан ары қырғыз сөзін "қыр" – дала, "ғыз" – кісі, яғни "қыр адамы, кісісі" деген мағына береді деген қорытынды жасайды. Ал "қайсақ" сөзін де осындай әдіспен "қай" – кім, "сақ" – абай, абайла сөзінен шыққан деп, "қырғыз-қайсақты" – абайлап, сақтанып жүретін дала адамы" деп түйіндейді. Ал Карамзиннің тұжырымы бойынша, "казак" сөзі еркіндік, батылдық, ержігіт деген мағына береді, кейбіреудің айтып жүргеніндей ол сөз теріс мағынадағы "қарақшылар" дегенді білдірмейді. Ержүрек батырлар еркіндік үшін, Отан үшін, сенім үшін жаумен алысып, өлерінде өзін осылай атаған", деп жазған. Одан кейінгі кезеңдегі Алексей Левшиннің дерегінде "қазақ" сөзінің "қайсақ", "қасақ" түрінде айтылуы қате деп, "қазақ" атауын қолдануды ұсынған. Шежіреші Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да өз еңбектерінде "қазақ" атауына тоқталған. Көпейұлының дерегінше, "қазақ" деген кеше мен бүгін қойылған ат емес, заман-заманнан айтылып келе жатқан ат. Араб тілінде "ұғызақ" деп жазылған, шағатай түркісінде "хазағ" деп жазылған, өзіміздің жуан тілде "қазақ" деп жазылған. Мұхамеджан Тынышбаев "қазақ" сөзі мен қазақ халқының шығуы, пайда болған кезеңі туралы өзіне дейінгі кейбір авторды сынап, енді кейбірін қолдап мынандай түйін жасаған: 15 ғасырда "қазақ" атауы Сібір мен Түркістан көшпенділері арасында тараған; "қазақ" сөзінің мағынасына қатысты айтылатын "қарақшы", "кезбе", "еркін" және басқа да пікірлердің қисыны жоқ дей келе, "қазақ" сөзінің мағынасын іздеу ешқандай нәтиже бермейді. Өйткені "орыс", "араб", "француз", "ағылшын" сөздерінің мағынасы да ешқандай нәтиже бермеген.
|