Қазақстан Республикасын үдемелi индустриялық-инновациялық дамыту жөнiндегi 2010 2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама және Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр жарлықтарының күшi жойылды деп тану туралы


Экономикалық әлеуеттi ұтымды аумақтық ұйымдастыру негiзiнде



бет12/13
Дата17.06.2016
өлшемі0.7 Mb.
#142746
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

3. Экономикалық әлеуеттi ұтымды аумақтық ұйымдастыру негiзiнде
экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру

Негiзгi мiндет

      Өсу полюстерiн қалыптастырып, индустриялық даму үшiн бәсекелi артықшылыққа ие, елдегi экономикалық белсендiлiктi шоғырландыратын, елдiң қалған аумақтары үшiн «локомотив» рөлiн атқаратын әрi елдiң өңiрлiк және жаһандық нарықтармен кiрiгуiн қамтамасыз ететiн аумақтарда экономиканы шоғырландыруды қамтамасыз ету.



Iс-қимылдар стратегиясы

      Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi индустрияландыру саясатының аумақтық аспектiсi өзара байланысты екi бағыт бойынша iске асырылатын болады.


      Бiрiншi - олардың теңгерiмдi дамуын қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда өңiрлерде экономиканың басым секторларының өндiрiстерiн ұйымдастыру.
      Екiншi - елдiң қалыптасып жатқан мегаполистерiнiң және оларға iргелес аумақтардың негiзiнде басып оза өсу аймақтарын құру.
      Қарастырылып отырған кезеңде индустриялық жаңғырту негiзiнен экономиканың экспортқа бағдарланған дәстүрлi салаларын, сондай-ақ өндiрiс факторларын қарқындату негiзiнде осы секторлардың сұранысына бағдарланған iлеспе салаларды дамытумен айқындалатын болады.
      Қалыптасқан оқшаулау орталықтарында дәстүрлi және секторлардың iшкi сұранысына бағдарланған өндiрiстердi орналастыру шикiзат, электр энергиясы және көлiк инфрақұрылымына немесе өткiзу нарықтарына жақын көздерiне байланыста жүзеге асырылатын болады.
      Агроөнеркәсiп кешенi, жеңiл өнеркәсiп және туризм саласында экспортқа бағдарланған жаңа өндiрiстердi дамыту осы секторлардағы қызметкерлердiң бiлiктiлiгiне қойылатын талаптарды және елдiң еңбек ресурстары ұтқырлығының салыстырмалы түрде төмен болуын ескере отырып, iрi қалалардың базарларына бағдарлана отырып, осы салалар үшiн дәстүрлi өңiрлерде немесе еңбек ресурсы жоғары өңiрлерде жүзеге асырылатын болады.
      Экономиканың ұзақ мерзiмдi және сапалы өсу перспективалары жоғары технологиялы, инновациялық жаңа өндiрiстердiң қажеттi ғылыми-техникалық және бiлiм беру әлеуетiне, коммуникациялық инфрақұрылымға ие қалыптасып жатқан Астана және Алматы  агломерацияларына және оларға iргелес аумақтарға шоғарылануымен айқындалатын болады.
      Еңбек пен капиталдың ауқымынан, ұтқырлығынан үнемдеуде көрiнiс тапқан агломерациялық әсер, өндiрiс факторларынан қайтарымдылықты ұлғайту жиынтығында осы қалаларда елдiң қалған өңiрлерi үшiн жаңа мүмкiндiктердiң мультипликациясымен экономиканың баса оза өсуiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
      Бизнестiң, мемлекеттiң салалық және аумақтық органдарының iс-қимылын үйлестiруге мүмкiндiк беретiн тұрақты түрде өзектендiрiлетiн құрал өндiрiстiк қуаттарды ұтымды орналастыру схемасы елдiң өндiрiстiк әлеуетiн оңтайлы орналастырудың құралына айналады.
      Бұл ретте Өндiрiстiк қуаттарды ұтымды орналастыру схемасы Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын, сондай-ақ басқа да қала құрылысы құжаттарын (аумақтық дамудың өңiраралық схемалары, аумақтың қала құрылысын жоспарлайтын кешендi схемалар, елдi мекендердiң бас жоспарлары, егжей-тегжейлi жоспарлау жобалары) әзiрлеу үшiн негiз болып табылатын Қазақстанды аумақтық-кеңiстiктiк дамытудың болжамды схемасының құрамдас бөлiгiне айналады.

3.1 Экономиканың басым секторлары бөлiнiсiнде өндiрiстiк
әлеуеттi аумақтық ұйымдастыру

      1. «Дәстүрлi индустрия» (мұнай-газ, тау-кен металлургия, химия, атом) Қазақстан экономикасының экспортқа бағдарланған дәстүрлi салаларының жаңа өндiрiсiн орналастыру үшiн шикiзат, энергия және көлiк инфрақұрылымы көздерiне жақындығы айқындаушы фактор болып қала бередi.


      Мұнай-газ саласының негiзгi кәсiпорындары минералдық-шикiзат базасының және мұнай мен газ өндiрудiң орналасу аудандары болып табылатын батыс облыстарда және Қызылорда облысында орналасқан. Жаңа өндiрiстердi перспективалы орналастыру Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторының кен орындарын игерумен байланысты болады.
      Көмiрсутек шикiзатын (Ақтау қаласында битум, Атырау облысында кiрiктiрiлген газ-химия кешенi базасында полиэтилен және полипропилен өндiру) тереңдете өңдеуге байланысты жаңа өндiрiстердi орналастыру шикiзат көздерiне, ал үш МӨЗ-дi (Атырау, Павлодар, Шымкент) қайта жаңарту - қазiргi инфрақұрылымға және тұтыну нарықтарына бағдарланатын болады.
      Кен металлургиясы кешенiнiң кәсiпорындары алдағы уақытта да негiзiнен елдiң Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Өскемен, Жезқазған қалаларындағы салалық мамандандырылған орталықтары бар солтүстiк-шығыс, орталық және солтүстiк-батыс бөлiктерiнде шикiзат және арзан электр энергиясы көздерiне, қолда бар өндiрiстiк қуаттарға, инфрақұрылымға және бiлiктi еңбек ресурстарына жақын орналастырылатын болады.
      Металлургиядағы және металл өңдеудегi неғұрлым жоғары бөлiнiстi өндiрiстiң жаңаларын орналастыру және жұмыс iстеп тұрғандарын жаңғырту мыналарға байланысты болады:
      бастапқы бөлiнiстi жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындарға - болат (Қарағанды облысы), титан құймаларын (Шығыс Қазақстан облысы), феррохром (Ақтөбе облысы) өндiру, рельстер мен прокат (Павлодар облысы), ферросиликомарганец (Жамбыл облысы) өндiру, арнайы болат (Қарағанды және Қостанай облыстары) өндiру;
      арзан электр энергиясы көздерiне - алюминий (Павлодар облысы), катодты мыс (Шығыс Қазақстан облысы) өндiру.
      Шикiзат көздерiне байланыстыра отырып, бастапқы бөлiнiстi химия өнеркәсiбi кәсiпорындарын орналастыру (Жамбыл, Ақтөбе, Атырау және Оңтүстiк Қазақстан облыстары - азот, фосфор, калий, кешендiк минералды тыңайтқыштар), неғұрлым жоғары бөлiнiстер қазiргi өндiрiстiк қуаттарға, қажеттi бiлiктiлiгi бар еңбек ресурстарына, ғылыми-техникалық базаға және тұрғындар, өнеркәсiп кәсiпорындары (арнайы химикаттар мен тұтыну химиясы - Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы; каустикалық сода - Павлодар қаласы, күкiрт қышқылын өндiру - Ақмола, Қызылорда және Жамбыл облыстары) тарапынан сұранысқа байланысты, резеңке-техникалық бұйымдар өндiру - Қарағанды облысы.
      Салалық мамандану орталықтары: Тараз, Шымкент, Ақтөбе, Алматы.
      Атом өнеркәсiбi кәсiпорындарын орналастыруға бұрынғыдай шикiзат көздерiнiң, өндiрiстiк-техникалық және ғылыми базаның болуы, сондай-ақ саланың тарихи қалыптасқан аумақтық оқшаулануы сияқты факторлар әсер ететiн болады.
      Атом салысының ерекшелiгiн ескере отырып, оны дамыту уран шикiзатын өңдеудiң дәстүрлi өңiрлерiнде - Оңтүстiк Қазақстанда, Ақмола облысында, өңдеу - Ақмола (Степногор тау-кен химия комбинаты) және Шығыс Қазақстан (Үлбi металлургия зауыты) облыстарында жалғасады.
      Салалық мамандану орталықтары: Өскемен, Степногор.
      Жалпы, экономиканың шикiзат секторларының босатылатын артық еңбек ресурстары өндiрiстiң қарқын алуына байланысты шикiзатты тереңдете өңдеуге бағдарланған, жоғары технологиялы жаңа кәсiпорындарға қайта бөлiнетiн болады.
      2. Iшкi сұраныс базасындағы салалар (машина жасау, фармацевтика, қорғаныс өнеркәсiбi, құрылыс индустриясы)
      Iшкi сұранысқа негiзделетiн салаларды дамыту үшiн сұраныстың, тұрып қалған, бiрақ жүргiзiлген инженерлiк-көлiк инфрақұрылымы бар қалалардың өнеркәсiп аймақтарын қалпына келтiрудi қажетсiнетiндердi қоса алғанда, өндiрiстiк-инфрақұрылымдық және технологиялық базасының болуы, өнiмдi, құрамдауыштарды және жабдықтарды жеткiзуде көлiк шығындарының төмен болуы басым фактор болады.
      Салалардың осы тобының жаңа өндiрiстерiн орналастыру дәстүрлi секторлардың кәсiпорындарымен қатар Алматы, Астана қалаларында да жүргiзiлетiн болады.
      Машина жасаудың жаңа кәсiпорындары бейiнiне сәйкес орналастырылатын болады:
      ауыл шаруашылығы машинасын жасау - ауыл шаруашылығы қызметi қомақты өңiрлерде - солтүстiк және шығыс өңiрлер (Қостанай қаласында ауыл шаруашылығы техникасын жасау жобасы, Семей қаласында «Беларусь» маркалы тракторлар жасау);
      мұнай-газ машинасын жасау - мұнай-газ өндiру және қайта өңдеу кәсiпорындарының мамандандырылған жабдықтарға, шығыс материалдарына және олардың құрамдауыштарына сұранысына бағдарлана отырып, қарқынды дамып келе жатқан мұнай-газ өндiрудi технологиялық қамтамасыз ету мақсатында батыс өңiрде (Атырау және Орал қалаларында мұнай-газ машинасын жасау жобалары) және қазiргi өндiрiстiк қуаттар - Алматы қаласында, Солтүстiк Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында;
      тау-кен машинасын жасау - тау-кен металлургия кешенiнiң iрi кәсiпорындарының сұранысына бағдарлана отырып, орталық және шығыс өңiрлерде (Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарындағы жобалар);
      электр-техникалық машина жасау - қолда бар өндiрiстiк базаға бағдарлана отырып, оңтүстiк және орталық өңiрлерде (Оңтүстiк Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарындағы жобалар);
      көлiктiк машина жасау - бiлiктi еңбек ресурстарының, аралас саладағы құрамдауыштар мен қосалқы бөлшектер өндiрiсiнiң болуына бағдарлана отырып, солтүстiк, орталық және шығыс өңiрлерде (Қостанай қаласында жол-құрылыс техникасын және автобустар жасау, Астана қаласында локомотив құрастыру зауыты, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында жеңiл автомобильдер, Ақмола облысы Атбасар қаласында электровоздар, Солтүстiк Қазақстан облысы Петропавл қаласында және Павлодар облысы Екiбастұз қаласында жүк вагондарын жасау);
      қорғаныстық машина жасау мемлекеттiк тапсырыс тетiгi арқылы машина жасау кәсiпорындарының қазiргi қуаттарына негiзделетiн болады.
      Салалық мамандану орталықтары: Астана, Алматы, Қостанай, Семей, Орал, Өскемен, Петропавл.
      Фармацевтика өнеркәсiбi кәсiпорындары бұрын құрылған ғылыми-өндiрiстiк (Оңтүстiк Қазақстан облысы және Алматы қаласы) базаға, сондай-ақ бiлiм беру инфрақұрылымының, бiлiктiлiгi жоғары еңбек ресурстарының (Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары  және Алматы мен Астана қалалары) болуына байланысты орналастырылатын болады. Олардың iшiндегi ең iрiсi - «Астана қаласында фармацевтикалық фабрика салу».
      Салалық мамандану орталықтары: Алматы, Шымкент, Астана, Қарағанды.
      Құрылыс материалдары өнеркәсiбiнiң жаңа өндiрiстерiн орналастыру жергiлiктi шикiзат көздерiне, өткiзудiң жергiлiктi нарықтарының болуына, құрылған өндiрiстiк-технологиялық базаға байланысты болады.
      Цемент зауыттарын салу және жаңғырту, сондай-ақ керамика, шыны, гипс блоктарын, жеңiлдетiлген құрылыс панельдерiн, құрғақ құрылыс қоспаларын өндiру жөнiндегi инвестициялық жобаларды iске асыру шикiзат базасы мен өткiзу нарықтарына (Ақмола, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстары) бағдарланатын болады.
      Индустриялық құрылыс комбинаттары өткiзу нарықтарына (Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалалары) бағдарланатын болады.
      Салалық мамандану орталықтары: Алматы, Астана, Шымкент, Өскемен, Атырау.
      3. Экспорттық әлеуетi бар салалар (АӨК, жеңiл өнеркәсiп, туризм)
      Аграрлық индустрия елдiң орталығында, солтүстiгiнде, оңтүстiгi мен шығысында дамитын болады.
      Агроөнеркәсiп кешенi мен балық шаруашылығының өңдеу кәсiпорындарын орналастыру шикiзат көздерiне де, iрi қалалардың өткiзу нарықтарына да бағдарланатын болады.
      Астана мен Алматы қалаларының айналасында азық-түлiк белдеулерiн қалыптастыру басымдыққа ие болады.
      Агроөнеркәсiп кешенiнiң астық пен еттi тереңдете өңдеуге бағытталған негiзгi өндiрiстерi негiзiнен солтүстiк өңiрлерде орналастырылатын болады.
      Салалық мамандану орталықтары: Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Шымкент, Тараз, Талдықорған, Алматы, Қызылорда, Атырау.
      Жеңiл өнеркәсiп кәсiпорындары құрылған өндiрiстiк-технологиялық базаға, шикiзат және еңбек ресурстарының болуына, сондай-ақ ұсынылатын және перспективалы iшкi және әлемдiк сұранысқа байланысты Алматы, Шымкент, Семей қалаларында орналастырылатын болады.
      Салалық мамандану орталықтары: Шымкент, Талдықорған, Семей.
      Туристiк қызмет негiзгi рекреациялық аймақтардың, республиканың көлiктiк-коммуникациялық инфрақұрылымы дамыған мәдени-тарихи және iскерлiк орталықтарының маңында қалыптастырылатын болады.
      4. «Болашақ экономикасының секторлары» (ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, биотехнология, балама энергетика, ғарыш қызметi)
      «Болашақ экономикасының секторларының» ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстерiн орналастыру және инновациялық жүйелердiң орталықтарын қалыптастыру бiлiм беру-инновациялық және бизнес-технологиялық әлеуетi, бiлiктiлiгi жоғары мамандары мен мамандандырылған қызметтi жеткiзушiлерi бар Астана және Алматы қалаларында жүргiзiлетiн болады.
      Ақпараттық технологиялар саласында iшкi және сыртқы нарықтарға бағдарланған, шетелдiк жетекшi компаниялардың процессингтiк орталықтарының әлеуетiн ықпалдастыратын өндiрiстердi дамыту үшiн «Алатау» ақпараттық технологиялар паркi» АЭА база болады. Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенi Астана қаласында орналастырылатын болады.
      Биотехнологиялар саласындағы инновация Астана мен Алматы қалаларында бұрын құрылған ғылыми енгiзу базасы және медициналық кластер негiзiнде, баламалы энергия көздерi және жаңа материалдар саласындағы инновация - Астана қаласындағы Nazarbayev university, Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетi және Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ негiзiнде дамитын болады.
      Инфрақұрылым объектiлерiн орналастыру
      Энергия өндiретiн кәсiпорындарды орналастыру және магистральдық электр желiлерiн салу электр энергиясына деген перспективалы сұраныспен және индустрияландырудың қажеттiлiктерi, сондай-ақ шикiзат көздерiне жақындығы ескерiле отырып әзiрленген электр энергиясының 2020 жылға дейiнгi болжамды теңгерiмiмен айқындалатын болады.
      Батыс Қазақстандағы энергия тапшылығы мәселесiн жою үшiн Орал ГЖЭС-iн iске қосу және Атырау ЖЭО-ны кеңейту, елдiң оңтүстiк өңiрлерiнде - 2011 жылы Мойнақ ГЭС-iн, Ақшабұлақ ГЖЭС-iн, 2013 жылға Балқаш ЖЭС-iнiң екi энергия блогын тұрғызу және осы объектiлердiң қуаттарын Алма 500 кВ төмендету станциясы арқылы беру ұйғарылып отыр.
      Солтүстiк энергетикалық аймағында қосымша қажеттiлiк пен Екiбастұз бассейнiнде арзан көмiрдiң бар екенiн ескере отырып, Екiбастұз және Ақсу ГРЭС-i жаңғыртылатын болады, ал электр энергиясының артық көлемi энергия тапшылығы бар Оңтүстiк және Шығыс энергетикалық аймақтарына қайта бөлiнетiн болады.
      Көлiк-коммуникация инфрақұрылымын қалыптастыру және орналастыру сыртқы нарықтарға шығаруды және iшкi нарықпен байланыстыруды қамтамасыз ету мiндеттерiн шешуге бағытталатын болады.
      Бұл ретте, оның тапшылығы байқалып отырған елдiң батысы мен оңтүстiгiнде дамыған көлiктiк-коммуникация инфрақұрылымын қалыптастыру стратегиялық маңызды болады.
      Осылайша, көлiк және энергетика инфрақұрылымын дамыту жөнiндегi жобаларды iске асыру кеңiстiктi дамуға неғұрлым серпiндi сипат бередi және энергиямен қамтамасыз етуге байланысты тәуекелдердi төмендетедi.

3.2 Экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру

      Әлемдiк тәжiрибеге сәйкес сараланған iрi қалалар агломерация әсерi негiзiнде мультипликативтiк ауқымда бәсекелi артықшылықтарды реттей отырып, экономикалық өсу орталықтарына айналады.


      Қазақстанда негiзгi сауда-саттық жолдарында орналасқан Астана және Алматы қалалары осындай әлеуетке ие. Олар сауда, қаржы, технология және мәдени алмасулардың еуразиялық жүйесiндегi аса маңызды орталықтарға айналуы тиiс.
      Осы мақсаттарда Астана және Алматы қалалары мен оларға iргелес Алматы, Ақмола облыстарының аумағында мынадай жартылай функционалдық аймақтар қалыптастыру ынталандырылатын болады:
      технологиялар трансфертiне бағдарланған жоғары технологиялы өндiрiстер, озық шетелдiк компаниялардың процессингтiк орталықтары (БК, филиалдар);
      инновациялық даму (Алматы қаласындағы «Алатау» АТП, Астана қаласындағы Nazarbayev university);
      жалпыұлттық және перспективада орталықазиялық дистрибуция (сауда және қызметтер);
      перспективада Орталық Азиядағы аса iрi сауда-логистикалық орталықтар (Сингапур, Гонконг үлгiсiнде), авиатранзит орталықтарын («хабтар») қалыптастыра отырып, көлiктiк-логистика және логистика-процессингтiк қызметтер;
      туристiк-рекреациялық мамандану - Алматы және Ақмола облысының аумақтарына iргелес рекреациялық ресурстардың iрi шоғырларының, сондай-ақ ойын-сауық индустриясының негiзiнде (мысалы, Қапшағай қаласында, Щучинск - Бурабай аймағында ойын бизнесi орталықтарын құру);
      спорттық мамандану (Алматы қаласын қысқы спорт түрлерiнiң халықаралық орталығына айналдыру);
      медициналық және бiлiм беруде мамандану (Алматы және Астана қалаларында ұлттық, кейiннен өңiрлiк деңгейдегi орталықтар қалыптастыру);
      бизнестi ұйымдастыру және жүргiзу (Алматы және Астана қалаларына халықаралық ұйымдардың өкiлдiктерi мен кеңселерiн, аса iрi трансұлттық компаниялардың филиалдарын көшiрудi ынталандыру);
      азық-түлiктiк мамандану (мегаполистердiң азық-түлiк белдеуi).
      Перспективада Алматы агломерациясы өсу орталығы ретiнде өзiне Қапшағай бағытындағы серiктес қалаларды қамтитын болады.
      Астана қаласын өсу полюсi ретiнде дамыту даму дәлiздерiн қалыптастыру  және перспективада кейiннен оған Қарағанды агломерацияларының қалаларын және Щучинск - Бурабай курорттық аймағының тарту негiзiнде өсудiң желiлiк аймақтарын қалыптастыруға айналуы тиiс.
      Негiзiнен сервистiк функциялардың шоғырланыумен қамтамасыз етiлген Астана және Алматы қалаларын жеделдете дамыту iшкi сұранысқа бағдарланған секторлар үшiн мультипликативтiк әсер етедi.
      Экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру мақсатында Астана және Алматы қалаларын дамытуды қолдау экономикалық белсендiлiктi және инвестициялық тартымдылықты ынталандырудың түрлi тетiктерi арқылы, оның iшiнде қамтамасыз ететiн инфрақұрылымды дамытуға мемлекеттiк инвестициялар тарту есебiнен жүзеге асырылатын болады.

4. Экономиканың басым секторларын дамытуда мемлекет пен
бизнестiң өзара тиiмдi iс-қимылын қамтамасыз ету

      Бағдарламаны iске асыру шеңберiнде мемлекеттiң рөлi экономиканың басым секторларын қолдау институттарының, құралдарының, тетiктерiнiң және бизнеспен тиiмдi өзара iс-қимыл жасаудың жүйесiн қалыптастыру болып табылады.


      Бағдарламаның республикалық деңгейде iске асырылуын үйлестiрудi Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы (бұдан әрi - Мемлекеттiк комиссия) және Премьер-Министр басшылық ететiн Республикалық үдемелi индустриялық-инновациялық даму жөнiндегi басқару орталығы - жалпы үйлестiрудi; Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Шетелдiк инвесторлар кеңесi (бұдан әрi - ШИК) — шетелдiк инвесторлармен өзара iс-қимыл жасауды; Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы кәсiпкерлер кеңесi - отандық инвесторлармен өзара iс-қимыл жасауды; Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Үдемелi индустриялық даму  жөнiндегi үйлестiру кеңесi (бұдан әрi - Үйлестiру кеңесi) және оның жанынан құрылған экономиканың басым салаларын дамыту жөнiндегi салалық жұмыс топтары (бұдан әрi - салалық жұмыс топтары) - индустриялық саясатты тiкелей iске асыру мәселелерiн, Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнiң жанындағы экспорттаушылар кеңесi (бұдан әрi Экспорттаушылар кеңесi) - отандық экспорттаушылармен өзара iс-қимыл жасауды жүзеге асыратын болады.
      Бағдарламаның iске асырылуын өңiрлiк деңгейде үйлестiрудi тиiстi өңiрлердiң әкiмдерi басшылық ететiн өңiрлiк Үйлестiру кеңестерi және Үдемелi индустриялық-инновациялық даму жөнiндегi өңiрлiк басқару орталықтары жүзеге асыратын болады.
      Бизнестiң мүддесiн республикалық деңгейде де және өңiрлiк деңгейде де ескерудi бизнес-ұйымдардың, кәсiпкерлiк құрылымдардың өкiлдiктерi және аталған консультативтiк-кеңесшi органдардың құрамындағы тәуелсiз сарапшылар жүзеге асыратын болады.
      Индустрия және жаңа технологиялар, Экономикалық даму және сауда министрлiктерi орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi өзара iс-қимылын қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдар болады.
      Бағдарламаны iске асыру үшiн басым салаларды (кiшi салалар, сегменттер) қолдаудың секторлық жүйелi және селекторлық шаралары нақтыланатын салалық бағдарламалар мен мастер-жоспарлар, ал аумақтарды дамыту бағдарламасын (бұдан әрi - өңiрлiк бағдарламалар) әзiрлеу шеңберiнде - өңiрлiк қолдау шаралары әзiрленетiн болады.
      Салалық және өңiрлiк бағдарламаларды iске асыруды көздейтiн нақты жобаларды қолдау тұрақты жаңартылып отыратын индустрияландыру картасын iске асыру шеңберiнде қаржылық және қаржылық емес қолдаудың селективтi шараларының бiрiктiрiлген пакетiн ұсыну арқылы жүзеге асырылатын болады.
      Қазақстанды индустрияландырудың 2010 - 2014 жылдарға арналған жиынтық картасы белгiленген қаржыландыру көздерiмен, кестелерiмен және оларды iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарларымен индустрияландырудың республикалық және өңiрлiк карталарынан тұратын болады.
      Инфрақұрылымдық қолдау шаралары жобалардың инфрақұрылымдық және ресурстық қамтамасыз етiлуiн, минералдық-шикiзат және еңбек ресурстарын, өткiзу нарықтарын ұтымды болу мәселелерiн шешудiң тұрақты түрде өзектiлендiрiлетiн құралы болып табылатын Өндiрiстiк қуаттарды ұтымды орналастырудың схемасы арқылы iске асырылатын болады.
      «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингi» АҚ, өңiрлiк деңгейде - әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялар, сондай-ақ мамандандырылған сервистiк ұйымдар Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi операторлары болады.

4.1 Бағдарламаны республикалық деңгейде iске асырудың схемасы
мен құралдары

4.1.1 Жүйе құраушы iрi жеке компаниялардың және
квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң Бағдарламаны iске
асырудағы рөлi

      «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, экономиканың отын-энергетика және металлургия салаларындағы iрi жүйе құраушы компаниялар, сондай-ақ стратегиялық шетелдiк инвесторлар iрi жобаларды iлгерiлетудiң бастамашылары болады, шағын және орта кәсiпкерлiк үшiн жаңа бизнес мүмкiндiктердi мультипликациялаудағы олардың рөлi күшейедi.


      Бағдарлама шеңберiнде iрi жүйе құраушы жеке меншiк компаниялар және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ мыналарды көздейдi:
      жекелеген салалық саясаттарды iске асыру жөнiндегi «операторлар» рөлiн Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның орындауы;
      iрi инвестициялық жобаларды iске асыру;
      тауарларды және қызметтердi мемлекеттiк сатып алуда қазақстандық қамтуды ұлғайту;
      қазақстандық қамтуды дамыту шеңберiнде шағын және орта бизнестiң инвестициялық жобаларына қатысу;
      шағын және орта бизнес кәсiпорындарының жоғары бөлiнiстi өндiрiстердi ұйымдастыруы мақсатында өнiмдердiң бiр бөлiгiн iшкi нарыққа жеткiзу;
      жаңадан құрылып жатқан iрi өндiрiстер төңiрегiнде шағын және орта бизнестiң кластерлiк-желiлiк құрылымдарын қалыптастыру;
      шағын және орта бизнеске негiзгi емес бизнес-функциялардың бiр бөлiгiн беру;
      бейiндi емес активтердi шығару жөнiндегi саясатты ынталандыру.
      «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен оның еншiлес ұйымдарының рөлiне  сәйкес индустрияландыру саясатын iске асыруда оның активтерi өздерiнiң салалық тиiстiлiгi мен функционалдық сипаттамаларына сәйкес қайта топтастырылады және шоғырландырылатын болады:
      Өнеркәсiптiк топ:
      Қазақстан экономикасының кен өндiрiсi секторын қолдау әрi дамыту және өңдеудi дамыту мен өңдеушi iлеспе секторды ынталандыра отырып, шикiзаттық өндiрiстердiң жоғары бөлiнiске өтуi.
      Инфрақұрылымдық топ:
      Индустрияландыру процесiн қамтамасыз ететiн стратегиялық көлiк, коммуникация және энергетика инфрақұрылымын дамыту.
      Қаржы тобы:
      Экономиканың басым салаларында инвестициялық жобаларды қаржыландыруды және iске асыруды қамтамасыз ету. Экономикаға iшкi көздерден және шетелдiк инвестициялардан жеке меншiк инвестицияларды тартуға жәрдемдесу.
      «Қазақстанның Даму банкi» АҚ қаржыландыру жеңiлдiктерiн ұсынуы, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның және оның еншiлес ұйымдарының жобаларға үлестiк қатысуы iрi инвестициялық жобаларды қолдаудың негiзгi құралы болып табылады.
      «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның рөлi қаржылық және қаржылық емес қолдау құралдарын кеңейту жолымен агроөнеркәсiп кешенiн дамытуға сайып келедi.
      «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ үшiн экономикаға инвестиция тарту жөнiндегi нысаналы көрсеткiштер айқындалады.
      Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң және ұлттық компаниялардың инвестициялық саясаты, олардың қаржы ресурстарын тартуы және бөлуi индустрияландыру саясатымен үйлестiрiлетiн болады.
      Осы мақсатта тиiстi кезеңге арналған әлеуметтiк-экономикалық даму болжамы мен бюджет өлшемдерiн ескере отырып, ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық холдингтердiң және мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың даму жоспарларының жобалары мен бюджеттерiнiң болжамды өлшемдерiн Республикалық бюджет комиссиясының қарауы және мақұлдауы көзделiп отыр.
      Бұл ретте квазимемлекеттiк секторда тәуекелдердiң шоғырлануын және борыш жүктемелерiнен «қызып кетуiн», оның iшiнде олардың қарыз алу деңгейлерiн шектеу жолымен болдырмау үшiн ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар берешектерiнiң ашық есептiлiгi енгiзiледi.
      Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың сатып алуында қазақстандық қамтудың өтiнiм берiлген көрсеткiштерiнiң сақталуын бақылаудың тиiмдiлiгiн жақсарту, сондай-ақ осы көрсеткiштердi жоғарылатуды ынталандыру үшiн ай сайынғы негiзде сатып алудағы қазақстандық қамту үлесiнiң есептерiн тексеру жүзеге асырылады.
      Мұндай тексерiстердiң негiзiнде ұлттық басқарушы холдингтердiң,  ұлттық холдингтердiң және ұлттық компаниялардың жыл қорытындысы бойынша сатып алудағы қазақстандық қамтудың жоспарлы көрсеткiштерiне қол жеткiзуi жөнiндегi тиiмдiлiктiң маңызды көрсеткiштерi (КРI) шығарылады.
      Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң және ұлттық компаниялардың iс-қимылы мыналарға шоғырландырылады:
      бизнес-белсендiктi ықпалдастыру, кооперацияны қолдау және экспортты iлгерiлету;
      технологиялар трансфертi, инновацияларды қолдау, консалтинг, инжиниринг, кадрларды оқыту және бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi қызметтердi қоса алғанда, кәсiпорындарды сервистiк қолдау.
      Кәсiпкерлiктi қолдаудың кешендi инфрақұрылымының қайталануын және қалыптасуын болдырмау мақсатында бизнестiң қажеттiлiгiне назар аудара отырып, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ның, «Инжиниринг және технологиялар трансфертi» АҚ-ның, «Экспортты дамыту және қолдау корпорациясы» АҚ-ның, «ДАМУ КДҚ» АҚ-ның, «Экспорттық кредиттердi және инвестицияларды сақтандыру жөнiндегi мемлекеттiк сақтандыру корпорациясы» АҚ-ның, «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның, «Қазақстан келiсiм - шарт корпорациясы» АҚ-ның, «Қазагромаркетинг» АҚ-ның, «Қазагроинновация» АҚ-ның, «Қазагроинновация» АҚ жанындағы «Технологиялар трансфертi және коммерцияландыру орталығы» АҚ-ның мамандандырылған сервистiк ұйымдарының қызметтерi құрылымданатын болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет