Байғабылов нұрлан оралбайұлы атамекеніне оралған қазақтардың мемлекет құрушы ұлт талаптарына әлеуметтік сәйкестенуі


Қазақстан Республикасындағы этносаралық қатынастардың әлеуметтік антропологиялық аспектілері



бет4/11
Дата23.02.2016
өлшемі11.38 Mb.
#7137
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

1.3 Қазақстан Республикасындағы этносаралық қатынастардың әлеуметтік антропологиялық аспектілері

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін қазақ этносының және оның әртүрлі кезеңде халық пен этнос ретінде қалыптасу саясатымен байланысты өткен тарихын зерттеу мүмкіндігі туды. Демек, Қазақстан этнологиясы үшін төл этностың шығу тегі мәселелерін жан-жақты оқудан маңызды міндет жоқ.

Жеке ғалымдардың пікірі бойынша, этнос ортақ тарихи тағдыры, өзіндік санасы, тіл, мәдениетінің ортақтығымен біріккен адамдардың үлкен қоғамдастығы этнология - бұл, этностарды немесе халықтарды зерттейтін ғылым [129]

Ұлт пен этнос ұғымдарын бір-біріне жақын, қос ұғымды алмастыра пайдалану обьективті шындықты бұрмалау болмайды, әлеуметтік шындықтан алыстатпайды.

Этнос деп ортақ тілі, қалыптасқан мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрі мен ділі бар адамдардың әлеуметтік қауымдастығын атайды. Сонымен бірге көптеген этностардың ортақ аймағы, ортақ экономикасы, сол этнос өкілдерін біріктіретін мемлекеті болады. Этнос қалыптасуында адамдар бірлігінің бастауы болатын ортақ этногенетикалық тегі де маңызды рөл атқарады. Осындай талаптар тұрғысынан қарастырғанда, ұлт және этнос ұғымдары бір-біріне өте жақын; екіншісінен біріншісі туып, қалыптасады. Этнос этникалық қасиеттердің және сапалардың толысқан, піскен кезеңі деп бағалауға болады. Этностар этникалық белгілерге қоса, саяси, экономикалық және әлеуметтік белгілерге ие болады.

Әлемдік философиялық және саяси-әлеуметтік ойда «ұлт», «этнос» категориялары туралы бір арнаға тоғысқан түсінік осы күнге дейін жоқ. Сондықтан ұлт, этнос ұғымдарын дұрыс түсінудің ғылыми ғана емес, саяси-практикалық маңызы да өте өзекті. Бұл ұғымдар әлемде болып жатқан этникалық қайшылықтарды, қақтығыстар мен соғыстар мәселесін шешуде дұрыс жолды таңдауға көмектеседі. Себебі, этникалық қайшылықтар қазіргі әлемдік қатынастардағы ең күрделі қайшылықтар қатарында қалып отыр. Этникалық үрдістер өте күрделі, құпия құбылыстар мен ланттеті субъективті факторларға тікелей қатысты. Жаһандану заманында этностық өмірді сақтау, жандандыру үшін күрес бір сәт толастамай отыр. Көптеген халықтар мен этностар тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылыс жасауда. Этностық өмірді күйретіп, біріккен жаңа ортақ этнос жасауға ұмтылған Кеңес Одағы сияқты мемлекеттер этностық өмірдің табиғи жандануына қарсы күресте дәрменсіздік көрсетіп күйреді [130-131].

Ұлт дегеніміз-тарихи ұзақ кезең барысында тайпалар, рулар мен тайпалық одақтардың, нәсілдердің бірігуі мен араласуының нәтижесінде тарихи қалыптасып, әлеуметтік-этникалық бірлік, экономика, территория, тіл, діл, мемлекет сияқты белгілермен тығыз өрілген қандық-тектік (генетикалық) тұтастығы бір және антропологиялық бірегейлікпен байланысқан адамдар жиынтығы. Ал қазақ ұлтын қалыптастырушы, этнос жасаушы белгілеріне келетін болсақ, шешуші негіз ретінде – ортақ территория, мемлекет, тіл, салт-дәстүрлер мен діл, дін, психологиялық ерекшелік және бір этногенетикалық тектің болуын айтуымызға болады.

Қазақ халқына қатысты «этнос» және «ұлт» деген ұғымдарды қолдануға болады. Бұл деңгейлердің ерекшелігі – этногенетикалық тегінің, дәстүр – салты мен рухани мәдениетінің ортақтығы жағынан қазақ халқы этнос, ал, ортақ территориясы, ортақ шаруашылығы, өзіндік мемлекеттілігі болуы қазақ этносын ұлт деңгейіне көтереді. Оның мәнісі былай: «этнос» - «халық, тайпа» деген түсінікті білдіретін сөзі. «Этнос» терминін екі мағынада түсінген абзал: біріншіден, этникос; екіншіден, этноәлеуметтік организм ретінде. Бір этникосқа өз елінің ауқымынан тыс жерлерде тіршілік етуші сол этностың барлық топтары жатады. Мысалы, Түркиядағы, Қытайдағы, Германиядағы және әлемдегі басқа да елдердегі шашырап жатқан қазақтар біртұтас этникос құрайды. Ал, этноәлеуметтік организм міндетті түрде ұлттық мемлекеттілікпен үзілмес бірлікте. Мысалы, қазақы этноәлеуметтік организмге міндетті түрде тек Қазақстан Республикасында тұратын қазақтар ғана жатады. Сондықтан. Қазақстанның тарихи иесі – қазақ халқы, ол титулды, яғни төл этнос. Ал басқа ұлттар мен ұлыстардың кірме өкілдері Қазақстанды Отаным деп есептейтін, оның тең құқықты азаматтары, қазақ этносымен тыныс-тіршілігі тағдырлас республика тұрғындары. Бұлардың барлығы да ұлттық процестердегі өзара қатынасқа түсуші субьектілер болып табылады. Бұл қатынас ұлтаралық және этникааралық сипатта жүреді: ұлтаралық қатынастар – жеке мемлекет шеңберінен шығып, мемлекетаралық қатынастарға араласып, жекелеген ұлттардың әлемнің басқа ұлттарымен ара-қатынасын көрсететін ауқымы кең деңгей. Ал этникаарлық қатынастың ауқымы тар-ол көпұлтты мемлекет шеңберіндегі түрлі этникалық топтардың қарым-қатынасын көрсетеді [132].

Қазіргі ғылыми әдебиеттерде этнос мәселесін, этностық қатынастар мен этностық қозғалыстарды зерделейтін әлеуметтану, философиялық, саясаттану, мәденеиеттану, тарихи-этнологиялық және психологиялық зерттеулер басым. Бұл туралы К.Марданов, Ә.Нысанбаев, Б.Аяғанов, Ш.Құрманбаева, М.Әшімбаев, А.Бижанов, Е.Ертісбаев, С.Жүсіпова, Р.Қадыржанов, А.Нұрмағанбетов, Е.Қарин, С.Көшкембаев, Г.Насимова, Р.Нұртаза, Г.Нұрымбетова, А.Рахимова, Д.Сатпаев, Б.Сұлтанов, А.Шоманов және тағы басқа қазақстандықтардың еңбектерінде кездеседі.

Қазақстан әлемдегі көп ұлттар қоныстанған мемлекеттердің бірі. Онда тегі, тілі, мәдениеті әр түрлі, бірак тарихи тағдыры ортақ 130 ұлт пен ұлыстың өкілі (этностар) тұрады. Оларды әлеуметтік-тарихи және әлеуметтік-мәдени және био-антропологиялық тұрғыда үш топқа жіктеуге болады:

1) еліміздің негізгі халқы қазақтар;

2) бұрынғы КСРО республикаларында тұратын ұлттар тобы

(орыстар, украиндар, белорустар мен молдавандар);

3) алыс шет елдерде тұратын ұлттар тобы (немістер, поляктар, еврейлер, кәрістер, гректер).

Қазақтар-елдің байырғы тұрғындары және мемлекетті қалыптастырушы этнос, ал қалған халықтардың өкілдері Қазақстанға әр түрлі себептермен және белгілі бір тарихи кезеңдерде көшіп келгендер. Осыған байланысты, республика халқының көп ұлтты (полиэтностық) құрамы – әртүрлі мақсатты себептермен: патшалық Ресей кезіндегі қоныстандыру, КСРО кезіндегі индустрияландыру, тың көтеру және 1941-1945 жылғы соғыс жылдарындағы депортациялық қоныс аудару яғни жаппай көші-қонның нәтижесі деп тұжырымдауға болады.

Қазақстан Республикасының статистика агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылғы халық санағының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы халқының саны 16009,6 мың адамды құрады.

Санақ аралық кезең ішінде республика халқының саны 1028,3 мың адамға өсті, өткен 1999 жылғы санақпен салыстырғанда халық санының өсімі 63,9 % құрады.

Қазақтар саны өткен санақпен салыстырғанда 26,0 %-ға өсті және 10096,8 мың адамды құрады. Елімізде өзбектер саны 23,3 %-ға өсіп, 457,0 мың адамды, ұйғырлар–6,8 %-ға өсіп, 224,7 мың адамды құрады. Орыстар саны 15,3 %-ға азайып, 3793,8 мың адамды құрады, немістер-49,5 %-ға азайып, 178,4 мың адамды, украиндар–39,1 %-ға азайып, 333,0 мың адамды, татарлар–18,0 %-ға азайып, 204,2 мың адамды, басқа этностар - 4,8 %-ға азайып, 721,7 мың адамды құрады.

Ел халқының жалпы санындағы қазақтардың үлесі 63,9 %-ды, орыстар-23,7 %-ды, өзбектер-2,9 %-ды, украиндар–2,1 %-ды, ұйғырлар – 1,4 %-ды, татарлар-1,3 %-ды, немістер-1,1 %-ды және басқа этностар-4,5 %-ды құрады [133]. Еуропалық ұлт өкілдері елімізде кеміп, өзбек ұлты өсімділігің байқатып отыр. Қазақтар бүгінде өз атамекенінде негізгі басымдылық танытып, моноұлттық мәртебеге ие болып отырғаны әлеуметтік шындық.

Көп ұлттардың атамекеніне айналған Қазақстан Республикасында ұлтаралық қатынас ерекше көңіл аударуды қажет ететін мәселелер қатарына жатады. Қазақстан жерін мекендейтін халықтардың достық, туысқандық қарым-қатынасы, оларды біртұтас мақсатқа жетелейтін жетекші ұлттық мүдде болуы қазіргі саясаттың маңызды бөлігіне айналды. Ұлттық мүдде дегеніміз сол ұлттың рухани, әлеуметтік, қоғамдық дамуында шешуші роль атқаратын оның басты белгілері. Біздің пайымдауымызша бүгінгі күні қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретінде оның басты мүдделері – тәуелсіздігіміздің нығаюы, жеріміздің тұтастығы, тіліміздің дамуы, дініміздің сақталуы, салт-дәстүріміздің өркендеуі және атамекенімізде қоныстанған өзге ұлт өкілдеріне ұлттық құндылықтарының сақталуына мүмкіндігінше жағдай жасау.

Бүгінгі күні Қазақстан тұрақты мемлекет . Этносаралық қатынастың оң дамуының себептерінің бірі Қазақстанның құқықтық мемлекет болуында. Республика территоиясында тұратын барлық халықтарға этносына, діни сеніміне, саяси көқарасына қарамастан тең құқық пен бостандық берілген. Әрбір Қазақстан азаматының мәдени, рухани дамуы қамтамасыз етілген , ана тілінде сөйлеп түсінісуге, этносытық мұраларын, дәстүрлері мен рухани бағдарларын сақтап көбейтуге құқығы бар. Қазақстанның негізгі заңы Конституця нәсілдік белгілері, этностық тілге, дінге қатысы бойынша қандай-да бір кемсітуге тыйым салады, ана тілінде сөйлеуге, мәдениетін қолдауға және басқа да көптеген бостандықтар мен құқықтарға кепілдік береді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Конституциясының «этносаралық келісімді бұзуға қабілетті кез-келген әрекет конституцияға қарсы деп танылады» деген 38 бабының 2 тармағында, бұл өте маңызды [134].

Қазақстан көп ұлт өкілдері шоғырланған республика болғандықтан, әрбір ұлт өкілдерінің ол үлкен, яғни сан жағынан көп не аз болғанына қарамастан олардыың өзіне тән ұлттық ерекшеліктеріне сыйласымдылықпен қарайды. Себебі, олардың ұлттық мәдени, тіл, әдет-ғұрып, дәстүр, шаруашылық, психологиялық ерекшеліктерін ескермеу, талап тілектеріне немқұрайлық таныту, тікелей не жанамалай түрде болсын ұлттық мүдеге шек қою ұлт өкілдері арасында араздық, алауыздық туғызатыны белгілі және әлеуметтік мемлекет құндылықтарына қайшы.

Этносаралық қатынас дегеніміз этностар, этникалық топтар арасындағы ішкі өзара әлеуметтік қарым-қатынастар. Бүгінгі күні этникааралық қатынастар саласында келісім мен бейбітшіліктің осалдығын мойындау қажет, өйткені олар адамдар арасындағы қатынастардың өте нәзік саласы болып табылады. Этносаралық қатынастарды реттеу мәселесінің тарихи тамыры тереңде жатыр. Бұл мәселелер әлемнің көптеген елдерінде кездеседі. Қазақстанда одан тыс қалған жоқ.

Елдегі этноәлеуметтік-саяси жағдайды талдай келе Н.Ә.Назарбаев этностық-этникалық сұрақтарды шешудің үш тәсілің атап көрсетті. «Бірінші – кейбір елдер басып-жаншу саясатын жүргізеді» бұл көп этносты тұрғыны бар, қоныс аударғандарды бауырындай құшақ жая қарсы алған Қазақстан халқына тән емес. Екінші-өз-өзімен шешіледі деп сеніп, этностық сұрақтарға ешқандайда мән бермеу. Бірақ бұл тығырықтан шығармайды. Тек үшінші жол көлемді еңбек етіп, тер төгуді қажет ететін біз таңдаған жалғыз дұрыс жол. Бұл жанасу нүктесін іздеу, халықтар арасындағы келісім мен сенім аясын кеңейту [135].

Өткен ғасырдың басында теориялық тұрғыда негізделген бұл қағидаға Кеңес үкіметі назар аудармады, ал ғалымдар ұлт мәселесін көтеруге «ұлтшыл» деп айыпталудан қауіптеніп, бұл маңызды мәселенің өткір тұстарын айналып өтті. Осы жағдай бұрынғы Кеңес Одағында ұлттық проблемаларыдың шешілмеуінен, олардың шамадан тыс жинақталуын туғызды. Нәтижесінде қоғамның этномәдени өмірі бұзылды, этностар өздеріне тән этникалық ерекшеліктерің жоғалта бастады. Таулы Карабах оқиғаларың алмағанда, тек Қазақстанның өзінде 1979 жылғы Ерейментау оқиғасы, 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары осы құбылыстың нәтижесі. Ақиқатына келсек, сан жағынан аз ұлттардың белгілі бір тарихи кеңістік пен уақытта жойылуына, жоғалуына әкелді. Ұлттық мемлекеті бар қазақ халқы да ұлттық дағдарысқа душар болды. Әр ұлт үшін басты құндылық ана тілі, сол кезеңде қазақ тілі күнделікті тұрмыстық қатынас тіліне ғана айналды, мемлекеттік қарым қатынас ресми құжаттар және ғылым тілінен біртіндеп ығыстырылып шығарылды. Мемлекеттік саясат 1930 жылдан бастап тіл мәселесін ескермеді, соңғы 40-50 жыл бойы Қазақстанның қоғамдық өмірінің барлық саласынан қазақ тілі ығыстырылды және қазіргі дейін орны толмай отыр. Себебі, қазақ тілі әлеуметтік қажеттілік жоқ салдарынан қызметтік мәні төмендеп, қазақ тұрғындарының кейбір бөлігінің ана тілің білмеуі мен меңгермеуіне әкелді. Сонымен, елдегі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында болған мемлекеттіліктің жаңғыруының күрделі үрдісі этностық сана мен қазақ тілі мәртебесінің жаңғыруымен тығыз байланысты.

Кеңес Одағы ыдырар алдында елде бұрын байқалмаған толқулар күшейді. Н.Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» кітабында: «Ең қауіптісі-олар таза ұлттық cипат ала бастады. Ұлт мәселесінің соншалық асқындауы әуелі теориялық дәрменсіздіктен етек алды», - деп жазды [136]. Ал XX ғасырдың соңында тек Кеңестер елінде ғана емес, бүкіл әлемде ауқымды ұлттық оянудың үдере бас көтеруі басталған болатын. Бүгінде Қазақстан жаңа дәуірге бейімделген өзіндік жолын таңдап алды. Ел Президенті өзгерген жағдайға сәйкес жаңа мемлекет құра отырып, қоғамда жаңа қатынастар жүйесін қалыптастыру мен жетілдіру бағыты қажеттілігін күн тәртібіне қойды. Қазақстандық ғалымдар әлемдік ұлт мәселесіне қатысты тәжірибені зерттеп, өзіне тән ұлттық, діни ерекшеліктері бар Қазақстан жағдайында мәселені шешу жолдарын іздеді.

«Қазақстан – 2030» стратегиялық даму бағдарламасында ұзақ мерзімді басым мақсаттар мен оларды іске асыру стратегиялардың аясында ұзақ мерзімді жеті басымдықтың екіншісі ретінде ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы атап көрестіледі [108]. Ішкі саяси тұрақтылық және қоғамды біріктіру ұлтаралық қатынастар саясатында, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауда басты бағдарлама болатыны айқын.

Қазақстандықтар үшін әлеуметтік саладағы негізгі құндылық:- ұлтаралық таулықты сақтау, көп ұлттардың өкілдері бар Қазақстан жағдайында бірін бірі түсіну, сену мен құрметтеу және азаматтық келісімді орнықтыру. Ұлтаралық татулық сақталмайынша, азаматтық келісім болмайынша экономикалық даму, саяси тұрақтылық, халықтың әл-ауқатын көтеру мүмкін емес. Ұлтаралық тұрақсыздықтан, шиеленістен ешбір ұлт өкілдерінің ұтысқа шығуы мүмкін емес.

Осы орайда Павлодарлық «Логос» қоғамдық бірлестігінің, 2011 жылы 24 наурыз бен 4-ші сәуірі аралығында Қазақстандық қоғамның саяси-әлеуметтік көңіл күйіне қатысты сандық әдіспен жүргізілген сауалнама нәтижелеріне мән берсек [137]. Қоғамдық өмірдегі этносаралық және басқа да дау-жанжалдарды бағалау мақсатында респонденттерге еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін негіздер мен құрылымдарды атау ұсынылған. Респонденттердің пікірі бойынша, ұлтаралық қатынасқа сәйкес келетін анықтамалар «араларында өзара тығыз қатынас байқалмаса да, барлық халық пен этнос өкілдері бейбіт өмір сүруде» - 87 %, «әртүрлі этнос өкілдер арасындағы қатынастар бір-біріне деген тұрақтылық пен төзімділік өзара сыйластықтан көрінеді» деп санайтындар респонденттердің – 7%, сұралғандардың 3 % қоғамда «толық өзара түсіністік пен ынтымақтастық орын алады» деп санайды. Алынған нәтижелер қоғамдағы этносаралық қатынастарды тұрақты және оң деп санауға мүмкіндік береді [138].

Біздің елімізде ұлтаралық қатынастар мәселесі, ұлт мәселесін шеше алмаған және ыдырауына себеп болған Кеңес Одағынан қалды. Кеңестік жүйе тұсында тоталитарлық-саяси әдістермен біріккен қауым, оның мәдени негізі идеологияландырылған кеңес мәдениетінен алшақтап, ұлт саясатындағы бір ұлтты жоғары қою арқылы, екіншілерін төмендету, империялық көңіл күйден парасаттылық деңгейіңдегі әрекеттерге ұмтылды. Парасаттылықтың астарында әрбір қазақстандықтың өзін, ең алдымен, қазақстандық екендігін, сонан кейін өз ұлтының перзенті екендігін сезінгенде ғана ұлтаралық қарым-қатынастың жоғары мәдениеті қалыптасады. Сонда ғана шынайы ұлттық келісім мен шынайы саяси және қоғамдық тұрақтылыққа қол жеткізуге болады. Ол қазақстандық патриотизмге негізделуі қажет. Көптеген ұлттары бар Қазақстан үшін аталмыш патриотизмнің және ұлтаралық келісім маңыздылығы зор. Ұлтаралық, этностық топтар арасындағы келісім - барша азаматтың нәсіліне, ұлтына, діни сеніміне қарамастан қашанда бір-біріне көмекке келуге әзірлігі, психологиялық тұрғыдан дайындығы, достық қарым-қатынасын бейнелейді.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін этноәлеуметтік реттеудің және тоталитарлық режімнің салдарын жоюдың жаңа тұжырымдамасы жасалынып, Конституция мен заң актілері қабылданып, оларға өзгертулер енгізілді. Оларда бәрінен де бұрын орыс және орыс тілді аз санды этникалық қауымдармен қарым-қатынасты жақсарту қарастырылған [139].

Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқыны» кітабында этностық бірлестікке қуатты импулсті бәрінен де бұрын өзінің тарихи тамырын тануы, қазақстандық өзіндік санасының қалыптасуы бере алады деп атап өтті [140].

Қазақстанның гүлденуі негізінен барлық қоғамның бірігуінен, біріншіден барлық этностар мен халықтар өкілдерінің қосқан үлесіне байланысты.

Жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауында Президенттің көршілермен татулықты, халықтар достығын бірінші дәрежелі маңызды деп бағалауы тегін болмаса керек. Алайда, егер елді ішкі қарама-қайшылық жайласа, онда ол шешусіз қалады.

Одақтан кейінгі кеңістіктегі этносаралық қатынастардың қарама -қайшылығының жиілеуі Республика Үкіметінен барлық халықтың мүддесі мен жалпы қазақстандық қоғамды біріктіру идеясының маңызды құрамдас бөлігі этностық саясатты жаңарту үшін негіз болатын әрекеттің тұтас бағдарламасын жасауды талап етті.

Транзиттік кезеңдегі тұжырымдамаларда өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, олардың этностық талаптарын іске асыруға мүмкіндік беретін, этностар мен халықтардың заңды құқықтарын толық көлемде қалпына келтіру қарастырылды.

Этностық сұрақтарды шешуде негізгі рөлді Республика Президентінің Жарлығымен 1995 жылы құрылған үкіметтік емес құрылым – Қазақстан халықтарының Ассамблеясы атқарады, оған бірлік пен келісімді қамтамасыз ету мақсатында теңестіруші буынның рөлі берілген.

Кеңес Одағында «бір қазанда қайнату тәжірибесі» арқылы жаңа қауым «кеңес халқын» қалыптастыру деп аталатын ескі тұжырымдама Қазақстан үшін тиімсіз еді. Бұл ұлтаралық қайшылықты шиеленістіруі мүмкін еді. Осындай жағдайда Қазақстан басшылығы басқа елдер тәжірибесін есепке ала отырып, тыңнан жол іздеді. Қазақстан халықтарының Ассамблеясы осындай ізденістен туды.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы» Жарлығымен елдегі қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында 1995 жылы наурыздың 1 құрылған. Қазақстан Халықтары Ассамблеясы (ҚХА)-Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңесші орган. ҚХА-ның мақсаты - республикалық оқиғаларға баға беру және саяси жағдайларға болжам жасау негізінде қоғамдағы ынтымақты қамтамасыз ететін іс-тәжірибелік ұсыныстарды ойластыру, ҚР Президентінің республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілі ретіндегі қызметіне атсалысу. Ассамблея: мәдени-ағартушылық - тілдер мен ұлттық мәдениеттерді, салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту және насихаттау; тәрбиелік–қазақстандық және ұлттық отан сүйгіштікті қалыптастыру; ұлтаралық қатынастарды қадағалау негізінде ұлтаралық татулық пен келісімді нығайту; Қазақстанды мекен еткен ұлт өкілдері арасында достық қарым-қатынастардың дамуына негіз болатын мемлекеттік саясат жүргізу жөнінде ұсыныстар дайындау ісімен айналысады.

2011 жылы 18 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХҮІІ сессиясындағы баяндамасында, Н.Ә.Назарбаев: «Біз, еліміздің басты жетістігі - ұлтаралық қатынас келісімі, біздің ортақ үйіміздегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнауы болып саналады деп айтқанымызда, бұл тек жай ғана ақиқат емес. Бұл тұрақсыз дүниедегі елеулі табысымыз. Мұнда Қазақстан халықтары Ассамблеясының ролі мен еңбегі өте жоғары»,- деп бағалады. «Біздің жалпы ұлттық бірлігімізді нығайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруымыз қажет. Осы жұмыстардың ортасында Қазақстан халқы Ассамблеясы болуға тиіс» деді [141]. Этностық сұрақтарды шешуде негізгі рөлді, елдегі бірлік пен келісімді қамтамасыз ету мақсатында теңестіруші рөл аталмыш ұйымға беріліп отыр.

Еліміздегі ұлтаралық бірлік пен берекені баянды ету жолындағы жүйелі еңбек әлемдік этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастырып отыр. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде қазақ жеріне әр кездері қоныс тепкен 100-ден астам этнос өкілдерінің емін-еркін өмір сүруіне жан-жақты жағдай жасалып, сан алуан мәдени ұйым- бірлестіктер аясында қоғамға пайдалы еңбек етуіне мол мүмкіндік берілді.

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қатынастады үйлестіретін мәртебелі қоғамдық инстиут ретінде танылады.

Қазақстанда бүгінде 471 өңірлік ұлттық мәдени орталықтар жұмыс жасайды. Мемлекет 19 республикалық пен аймақтық этностық газет, радио мен телебағдарламаларды, 6 этностық театрдың қызметің қолдауда. Республикада әр этностардың мәдениет күндері, діни мейрамдарымен қатар балалардың шығармашылық фестивальдеріде назардан тыс қалмайды [142].

Этникааралық қатынастарды конструктивті шешуде Қазақстанның тәжірибесі мол. Ұлтаралық қатынастарды жетілдіру, үйлесімділікті қалыптастыру Қазақстанның жетістігі ғана емес, басқа көршілес елдер үшін де жаңа даму үлгісі ретінде қабылданып, бағаланды.

Тәуелсізідік алған жылдардан бергі қоғамдағы жаңарулар, реформалар мен өзгерістер Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік-саяси мәселелерді тыңғылықты зерттеу қажеттігін көрсетеді. Қазақстандықтар тәуелсіздіктің өткен 18 жылы ішінде қоғамдық тұрақтылық, ұлтаралық келісім мен жалпы қазақстандық патриотизм, ұлттық сәйкестілікті қамтамасыз етудің өзіндік үлгісін жасады. Президент айтып өткендей: «-бұл қазақстандықтардың өзіндік жаңалығы, біз оны мақтан тұтып, қорғай білуіміз қажет». Әлемде кез келген Қазақстан секілді көп ұлтты мемлекеттің өзінің тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтаудың негігі шарттарының бірі – оның азаматтарының ұлтқа бөлінбей, бір қауымға, тұтас халық дәрежесіне біріктіру мәселесі алынады [142].

Экономикалық дағдарысты бастан өткізген жас қоғамның қиыншылықтарына қарамастан Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар мен саясаты тұрақты қарқынмен дамуда. Әрбір ұлт, әрбір этнос қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін осындай сәттерден таныта алады.

Әлемдегі қазіргі кездегі демократиялық көп ұлтты мемлекеттердің дамуына зер салып қарасақ, онда олардың барлығының қоғамдағы ұлты әр түрлі адамдардың бірлесіп өмірдің әр түрлі салаларындағы демократиялық тетіктерді нығайту мен полиэтникалылықтығ сақталуының және ұдайы өндірілуінің арасындағы қарама-қайшылықтарды үнемі шешіп отырудың қиын жолдарынан өткендігін байқаймыз. Дүниежүзінің тарихи тәжірибесі көрсетіп отырғандай ұлт саясатының қандай кезеңде, қандай жағдайда болмасын мемлекет пен қоғам алдындағы маңызды проблемаларының бірі болып қала беруде. Сондықтан елімізде іске асырылып отырған ұлт саясаты ұлттық өмірде бейбіт жолмен реттеудің және дамытудың маңызды факторы болып табылады. Бұл бағыттағы Қазақстанның тәжірибесі, атқарып жатқан іс-шаралары әлемнің көптеген елдерінде болып өткен конференцияларда халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағалауға ие болып отыр.

Біздің еліміздегі ұлт саясаты төмендегідей принциптерге сүйенеді: адам құқықтары мен ұлт құқықтарының парасатты түрде үйлесім табуы; ұлттар, ұлыстар мен халықтар арасындағы ізгілік, ұлтаралық келісім мен ынтымақтастық қатынастары, өзара көмек пен бірін-бірі қолдау; қоғамның тұрақтылдығы мен тұтастығы; ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтардың үйлестірілуі; конструктивті ұлттық ерекшелікті мүдделердің жүзеге асырылуы; елдегі барлық ұлттар мен ұлыстардың әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуының теңдігі мен теңестірілуі. Барлық этностар мен халықтарды бір жерде тоғыстырған ортақ тарихи тағдыр олардың ортақ мұраттар мен құндылықтардың қалыптасуына себепші болуда.

Біздің елімізде жүргізіліп отырған ұлт саясаты өзінің бағыт-бағдары бойынша демократиялық және келісімшілдік, прогрессивті және жасампаздық сипатымен ерекшеленіп келеді. Сондықтан, еліміздегі ұлтаралық келісім мен бірлік қазіргі кезеңде орын алып отырған қоғам өміріндегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді еңсеруде де маңызды рөл атқарған басты факторлардың бірі бола алады. Өркениетті экономика, өркенді саяси-рухани құрылым және дамыған инфрақұрылым қалыптастыру үшін қазір ең керегі-ұлттық ынтымақтастық пен бірлік. Дүниежүзілік озық технология мен интеллектіге сүйенген саяси-экономикалық және әлеуметтік құрылыс қазақ халқымен біргі барлық қазақстандық халықты өркениетті өмірге әкелетіндігі сөзссіз [143].

Ел Президенті 2011 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «...біздің ең басты құндылығымыз - берекелі бірлігіміз», -деп атап көрсетті [144].

Қазақстанның даму, өсу, өркендеу жолындағы басым бағыттарының бірі - ұлттық келісім, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің жоғары деңгейі. Қазақстан Республикасындағы ұлт саясатының бағдарламасы саяси тұрақтылықтың кепілі болып қала бермек. Күллі қазақстандықтардың теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттік принципі негізінде ұлтаралық татулық санасын қалыптастыру маңызды. Осыған орай еліміздегі қазақ ұлты мен басқа этникалық топтардың әлеуметтік-саяси мәдениетін, жан-жақты дамуын қамтамасыз етудің маңызы зор.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет