Білім беру бағдарламасы 5В011900 «Шетел тілі: екі шетел тілі»


Дәріс № 9-10. Когнитивтік лингвистика



Pdf көрінісі
бет10/65
Дата28.08.2022
өлшемі0.97 Mb.
#460061
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   65
Силлабус Қазіргі лингвистиканың негізгі бағыттары (1)

Дәріс № 9-10. Когнитивтік лингвистика. 
1. Когнитивтік лингвистиканың анықтамасы. 
Когнитивтік лингвистика адамзат тілінің әр түрлі бағыттағы өзіндік ерекшеліктерін 
қоғамдық, әлеуметтік тұрғыдан қамти отырып, тіл мен таным сабақтастығын, ал тілдің өзі 
дүниені танудың құралы және сол танымды сақтаушы негіз болатындығын басты назарда 
ұстайды. 
Тарихи танымға сүйенген зерттеулер белгілі бір тілде сөйлеуші халықтың, ұлттың 
танымдық сырын ашып, әрдайым тілдік санасының қалыптасуын барлайды. Сөйтіп, тіл 
қызметі арқылы рухани, әрі дүнияуи мұрасы ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи 
жадында сақталатыны, тілдің кумулятивтік қызметі нәтижесінде ұзақ замандар бойы 
танылатындығына куә боламыз. Осы орайда, «таным», «тілдік сана», «тілдік тұлға» деген 
ұғымдар жаңғырады. Сондықтан, тіл мен таным процестерінің ара қатынасын зерттеудің 
когнитивтік лингвистикаға сүйенуі де заңды құбылыс. Кейінгі ғылыми ізденістер 
нәтижесінде таным мен тілдің ара қатысы адам проблемасымен бір тұтастықтағы күрделі 
құрылым деп қарастырыла бастады [31, 9 б.]. Таным әлемі мен тіл әлемін салғастыра 
қарағанда ғана ұлттың да, тілдің де өзіндік шынайы табиғаты айқындалмақ. 
Когнитивтік лингвистика – ХХ ғасырдың соңғы ширегінде Р. Шенк, Дж. Лакофф, 
Ч. Филлмор, В. Раскин, М. Минский, Р. Джэкендофф, Е. Бартлинский, Ф. Джонсон-Лэрд, 
А.П. Бабушкин, Н.Н. Болдырев, Е.С. Кубрякова, Ю.С. Степанова, В.Н. Телия, т.б. 


зерттеушілердің еңбектері арқылы өзіндік дербес теориялық негіздемеге ие болған жаңа 
ғылым саласы. 
«Когнитивтік лингвистика – тілді когнитивтік механизм және ақпаратты қайта 
жасақтап, трансформациялаушы таңбалар жүйесі болып табылатын когнитивтік аспап 
ретінде өзінің басты назарында ұстайтын лингвистикалық бағыт» 
Когнитивтік лингвистиканың негізгі мәселесі – тілдік коммуникацияның 
когнитивтік моделін білім алмасудың негізі ретінде қарастыру. 
Ғылымның дамуы, ғылыми зерттеу парадигмалар өзгерісінің өзі тілді әлеуметтік 
тарихтан тыс, бейне бір дерексіз құбылыс ретінде зерттеудің мәнсіз екендігін көрсетті. 
Ақпаратты өңдеу, жалпы білім қоры, когнитивтік модель (концепт, образ), 
концептуалдық жүйе (фрейм, скрипт, схема, т.б.), концептосфера, т.с.с. базалық 
ұғымдарға сүйенетін тілтанымның когнитивтік теориясы (Р. Шенк, Р. Абелсон, Р. 
Джэкендофф, В. Раскин, Т. Гивон, Ж. Пиаже, В. Демьянков, М. Минский, Дж. Лакофф, Ч. 
Филлмор, Ф. Джонсон-Лэрд, Е.С. Кубрякова, т.б.) бүгінгі тіл білімінің (ХХ ғ. 70-
жылдарынан бастап) басты проблемасы болып отыр. Әрине, тілді зерттеудің жаңа әдістері 
басқа да бағыттар шеңберінде қол жеткен нәтижелерді әсте жоққа шығармайды. Бұл 
тілдің мәнін адам санасының айнасы ретінде танып, оған тереңірек үңілуді көздейтін – 
лингвистикадағы антропологиялық позицияның белгісі болмақ. 
Тіл таңбаларының «таңбалаушылық» қабілеті олардың сыртқы болмыспен тікелей 
қарым-қатынасы нәтижесіндегі фактілер негізінде емес, адами тәжірибелер негізінде 
жүзеге асады. Кез келген жаңа ақпаратты игермек болған индивид оны өз танымы 
тұрғысынан игереді. 
Ағылшын тілді лингвистикада «когнитивтік грамматикаға» көп көңіл бөлінсе, 
Ресейдегі тіл туралы ғылымның басты назары «когнитивтік семантикаға» бағытталған. 
Алғашқысында «грамматика» термині кең мағынасында алынса, соңғысында семантика 
аталмыш зерттеу бағытының негізгі аспектісі болып танылады. Ал отандық 
когнитивистикаға аталған екі сипат та тән деуге болады. 
Когнитивтік лингвистиканың түбегейлі мақсаты тіл туралы ғылымдар жүйесіндегі 
жаңа пәннің пайда болуымен шектелмейді, ол сондай-ақ, танымдық механизмнің 
(эвристика) әдіснамалық өзгерісімен де байланысты болады. Мұндай іргелі өзгерістерге 
себеп болған – Н. Хомскийдің генеративтік лингвистикасы, ерекше дамыған 
лингвистикалық семантика мен мәтін теориясы, сондай-ақ, шынайы дискурстағы тілдік 
бірліктердің құбылу заңдылығына қызығушылықтың пайда болуы. Осы аталған бағыттар 
бойынша: біріншіден, тілдік фактілерді тілдік емес құбылыстар арқылы тану мақсат болса, 
екіншіден, тілдік фактілер арқылы адамзаттың тілдік қабілетіне қатысты тылсым 
заңдылықтардың сырын ашуға ұмтылу әрекетін көреміз. Мәселен, прагматикалық 
лингвистика үшін мұндай фактілер негізінде әлеуметтік контекстегі адам әрекетінің 
принциптері болса (мұндағы тірек ұғымдар мақсат, ниет, әрекет шарттары, т.б.), 
когнитивтік лингвистикада бағыт нұсқаушы негіздер қатарына когнитивтік құрылымдар 
мен адам танымындағы процестер енеді. Олар: алғаш рет М. Минский ұсынып, кейіннен 
Ч. Филлмордың лингвистикаға икемдеуінен пайда болған фрейм ұғымы (Л.П. Крысиннің 
шетел сөздерінің түсіндірме сөздігіндегі анықтамасы бойынша: фрейм [<ағыл. frame 
құрылым, шеңбер> ақп. Адамның болмыс туралы танымын білдіретін немесе белгілі бір 
стандарттық жағдайдың ерекшелігі туралы мәліметтер құрылымы), Дж. Лакофф ұсынған 
идеалды когнитивтік модель, Р. Джэкендофтың 2S өлшеміндегі жобасы, зейіннің 
жіктелуісемантика-грамматикалық суперкатегориялар, т.б., Ч. Филлмор мен П. Кэйдің 
«конструкциялық 
грамматикасында» 
келтірілген 
көпқырлы 
кешенді 
тілдік 
конструкциялар; концептуалдық түйін типіндегі когнитивтік операциялар (Р. Шенк, Ч. 
Ригер). 
Когнитивтік лингвистикаға бет алған алғашқы қадамдар 1970 жылдардың басында 
жасалды. Американдық лингвист У. Чейфтің ағылшын тіліндегі сөйлем ішіндегі сөздердің 
орын тәртібі мен интонациялық заңдылығына қатысты түсініктемелері берілген сериялық 
еңбектері жарық көрді. Онда тілші ғалым сөз тіркестерінің грамматикалық сипатына орай 


белгілі/белгісіздік категориялары мен базис/қондырма формаларын адамның ойлау жүйесі 
мен санадағы ақпараттың активациясы арқылы түсіндірген. Яғни, ағылшын тіліндегі 
белгілі бір мәлімет жөнінде ақпар беру мақсатында айтылатын хабарлы сөйлемнің 
интонациясы мен сөйлем ішіндегі мезгіл пысықтауыштың орын тәртібі, У.Чейфтың 
айтуынша, «хабарланатын оқиға туралы мәлімет сөйлеуші жадының қай қабатынан 
шығатындығына сәйкес, сол мәліметті жеткізуде қаншалықты когнитивтік энергия 
жұмсалғандығы жекелеген ақпараттардың активациялану энергиясымен пара-пар 
болады». 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   65




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет