ДӘрістердің комплексі fis 1203



бет1/14
Дата24.02.2016
өлшемі1.42 Mb.
#16040
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14



«Астана медицина университеті» АҚ

Форма№ ОБ-07.1.13


Шығарылған күні: 31.08.2007



Қалыпты физиология кафедрасы

Тексеріс күні: 31.08.2012


Тексеріс #:


бет


ДӘРІСТЕРДІҢ КОМПЛЕКСІ
Fis 1203 Физиология пәні бойынша
(пәннің атауы және коды)
051101 «Мейірбике ісі» мамандығына арналған

Дәріс 15 (сағат)

Курс 1-ші

Семестр 2-ші

Дайындаған: доцент, м.ғ.к. Ибраева С.С.

Астана, 2012ж.


«АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ» АҚ
Қалыпты физиология кафедрасы
1 Дәріс.

Дәріс тақырыбы: Қалыпты физиология курсына кіріспе. Қозғыш құрылымдардың қызметтік ерекшеліктері.

Мақсаты: физиологияның негізгі даму кезеңдері туралы түсінік қалыптастыру; физиология ғылымының дамуына үлес қосқан ғалымдардың, жүйкелік, бұлшықеттік, бездік және басқа да ағза тінінің қызметтік ерекшеліктері жайында білім беру, тін мен ағза жасушасының механизмдері туралы түсінік қалыптастыру.

Дәріс тезисі:

Физиология (грекше physis - табиғат, logos - ілім) тірі организм мен оның жеке жүйелері, ағзалары, тіндері және жасушаларының әрекеттерін, тірліктерін зерттейтін биологиялық ғылым. Физиология орга­низм жүйелері мен ағзаларының бір-біріне әсерін, өзара байланысын және сыртқы ортамен қарым-қатынасын тексереді. Сонымен қатар ол әрекеттерді жас кезеңдеріне байланысты онтогенез және эволюциялық даму барысында бақылайды.



Физиология жедел дамып келе жатқан ғылым. Ол дербес ғылым ретінде, анатомия мен гистологиядан бөлінгеннен бастап, организмнің тіршілік әрекеті туралы физика, химия ғылымдарының әдістерін қолданып, көптеген нақтылы деректер жинады. Қазіргі кезде физиологиядан жеке ғылым ретінде биохимия, биофизика, нейрофизиология, эндокринология, радиобиология бөлініп шықты. Физиология -тірліктану ғылымы. Ол тіршіліктік үрдістерді, олардың реттелу тетіктерін және іс-әрекеттерді қалыпты жағдайда анықтайды.

Тірлік (функция) - жүйелер мен ағзалардың және жасушалардың арнамалы іс-әрекеті.

Үрдіс - белгілі бір нәтижені орындауға бағытталған әрекеттердің құбылыстары мен күйлерінің дәйекті түрде алмасуы.

Жүйе - жалпы тірлігі бірдей ағзалар мен тіндердің жиынтығы (ты­нысалу, асқорыту, қанайналымы, қорғаныс, реттеліс, сөйлеу, өрбу т.б.).

Физиологиялық қалып (норма) - бұл тірі жүйенің оңтайлы тірлігінің шегі. Ол белгілі тетіктері арқылы үйлесімді және нәтижелі деңгейде сақталады немесе жағдайға сәйкес жеткілікті мөлшерде өзгереді.

Тетік - тірлікті немесе үрдістерді реттеу тәсілі.

Реттеліс - ағзалар мен жүйелердің іс-әрекетін қамтамасыз ету үшін оның ауытқуларын шектеу немесе қалпына келтіру. Оның жергілікті, гуморалды (humor - сүйықтық) және жүйкелік тетіктері болады. Физиологияның зерттейтін нысаны дені сау тірі организм.

Физиологияның негізгі бөлімдері. Физиология өзінің ғылыми бағытына қарай жалпы, жеке және қолданбалы болып жіктеледі.

Жалпы физиология көптеген түрлер организмінің жасушалары мен тіндеріне, ағзаларына бірдей тән негізгі тіршілік үрдістерінің жаратылысын, тірліктерін, жалпы көрсеткіштерін, қасиеттерін зерттейді. Олардың сыртқы және ішкі ортаның әртүрлі әсерлеріне жалпы жауабын, тітіркену, козу, тежелу, зат және қуат алмасу құбылыстары туралы мәселелерін қарайды. Жалпы физиология салыстырмалы және эволюциялық физиология болып бөлінеді.

Салыстырмалы физиология - жануарлар әлемінің әртүрлі өкілдерінің тірліктік негізін, үқсастығы мен айырмашылығын ажыратады.

Эволюциялық физиология - адам мен жануарлардың онтогенез (жеке даму) және филогенез (тарихи даму) кезінде физиологиялық әрекеттерінің біліну, даму, қалыптасуының жалпы тіршіліктік заңдылықтары мен тетіктерін қарастырады.

Жеке физиология - кейбір тіндердің (ет, жүйке т.б.), ағзалардың (ми, жүрек, бауыр, бүйрек т.с.с.) қасиеттерін, олардың жүйелерге (қанайналымы, тынысалу, асқорыту т.с.с) бірлесіп ұйымдастырылу және реттелу негіздерін тексереді.

Қолданбалы физиология - адамның әлеуметтік жағдайлары мен мақсатты іс-әрекетіне байланысты зандылықтарды анықтайды. Оның қатарына бірнеше физиология саласы жатады.

Авиация физиологиясы - ұшқыштар организмінің ұшу кезіндегі жағымсыз әсерленісін анықтап, оларды болдырмау тәсілдері мен амалдарын табады.

Әлеуметтік физиология - адам организміне қоғамдық ортаның, өндіріс, тұрмыс жағдайларының әсерін анықтайды.

Әскери физиология - оқу - жауынгерлік даярлану кезінде және соғыс жағдайларында физиологиялық әрекеттердің реттелісін зерттейтін әскери медицина саласы.

Ғарыштық физиология - космостық түрткілердің (салмақсыздық, гиподинамия) ғарышкерлер организміне жарамсыз ықпалын тексеріп, оларға қарсы сақтану амалдарын жасайды.

Еңбек физиологиясы - адам организмінің еңбектену кезіндегі қалыпты жағдайын, жұмыскерлігін, оған өндірістік әсерлерді тексеріп тиімді жұмыс істеу шараларын жүзеге асырады.

Жас физиологиясы - адам организмі мен ағзалары және жүйелері қызметінің туылған сәттен жеке дамуының ақырына дейінгі қалыптасу және жойылу ерекшеліктерін тексереді.

Спорт физиологиясы - дене шынықтыру, машықтану тәсілдерін ғылыми тұрғыдан ұйымдастырады.

Суасты жузу физиологиясы - теңізшілер мен сүңгушілер организміне сүңгуір қайықтардың үзақ уақыт жұмыс кезіндегі әсерін анықтайды.

Тамақтану физиологиясы - адамдардың жасына сәйкес әртүрлі кәсіби топтар үшін арнайы, ұтымды тамақтану шартгарын қарастырады.

Психофизиология - адам психологиясы мен физиологиясы саласынан қалыптасқан. Ол әртүрлі психикалық үрдістер (түйсік, есте сақтау, сезім, ойлау, сөйлеу т.б.) кезінде ақиқат байқалатын физиологиялық өзгерістерді зерттейді.

Экологиялық физиология - адам организміне табиғаттың әр алуан төтенше түрткілері мен орасан жүктемелерінің әсерін тексереді.

Физиологияның аса маңызды саласының бірі - ауылшаруашылық жануарлар физиологиясы, оның негізгі мақсаты мал мен құс шаруашылық өнімдерін ғылыми жетілдіру.

Физиология басқа мақсаттарына, зерттейтін нысандары мен әдістеріне байланысты қалыпты, патологиялық және клиникалық болып бөлінеді.

Қалыпты физиология - дені сау адам организмінің қалыпты жағдайы, салауатты тұрмыс салтын, әртүрлі әсерлерге бейімделу әрекетін тексеріп, оларды жақсарту амалдарын анықтайды. Қалыпты физиологияның басты мұраты - адамның денсаулығын сақтау. Мұны қазіргі кезде денсаулық туралы ғылым валеология (vale - сау болу, logos - ілім) зерттейді.

Денсаулық дегеніміз - адам организмінің барынша ұзақ өмір сүру барысында биологиялық және психикалық әрекеттері мен тиімді жұмыскерлігінің, әлеуметтік белсенділігінің, сондай-ақ ерекшеліктеріне сәйкес дені сау ұрпақ жалғастыру қабілетінің сақталуы мен дамуы. Дара кісінің (индивидуум) денсаулығы туралы мағлұматтар физиологиялық қалыпты көрсеткіштермен немесе нормалармен сипатталады. Патологиялық физиология - ауру организмдегі ауытқуларды, олардың ағымдарын, барысын, дерттену тетіктерін анықтайды. Сонымен қатар ол науқастардың бейімделу әрекетін, сауығу және айықтыру үрдістерін зерттейді.



Клиникалық физиология - ауру организмдегі физиологиялық көрсеткіштердің (хирургиялық емдеуден, протездер қондырғаннан кейінгі) жаңа стационарлық деңгейін тексереді.

Физиология ғылымы медицина мен гигиенада өте маңызды орын алады. Расында, организмнің қалыпты қызметін, денсаулыққа тән көрсеткіштерін жете білмей, ауруды емдеуге болмайды. Сондықтан қалыпты фи­зиология барлық медициналық ғылымдардың теориялық негізі деп есептеледі. Демек, физиология, организмнің қалыпты жағдайдағы әсерінен ауытқу мөлшерін білуде, медициналық және гигиеналық білім алу бары­сында профилактикалық жұмыстарды, еңбек және тынығу режимдерін ұйымдастырғанда, ауруды емдегенде өте қажет ғылым.

Физиологияның жас ерекшеліктері туралы саласы педагогика, пси­хология, валеология және дене тәрбиесі ғылымдары үшін өте қажет.

Балалардың денсаулығын сақтауды, олардың өсуі мен дамуы оңтайлы жағдайларды қамтамасыз етуді, мұғалімдердің жас ерекшелік физиологиясы мен гигиенасы жөнінде, тиісті білім қоры болған кезде ғана жүзеге асыруға болады. Мұның өзі мұғалімнің өскелең үрпаққа адамгершілік, әсемдік, еңбек, ақыл-ой және дене тәрбиесін беруін ойдағыдай жүзеге асыруына жәрдемдеседі.



Физиологияның мақсаттары. 1. Организмнің және оның әрбір құрылымының қызметін ұғыну арқылы болашақ мамандардың әрекеттік және клиникалық ойлау қабілеттерін жетілдіру. 2. Физиологиялық зерттеу әдістерін үйрету арқылы әрекеттік диагностика дағдыларын қалыптастыру. 3. Физиология ғылымының қағидаларымен таныстыру арқылы адам денсаулығын тиімді ұйымдастыруды үйрету. 4. Әрбір адамға денсаулық деңгейін анықтау мен бағалау және нығайту тәсілдерін үйрету.

Физиологияның зерттеу әдістері. Физиологиялық үрдістер өте үдемелі өзгеріп отыратын құбылыстар. Оларды анықтау тәсілдері физиологияның даму кезендеріне және шектес ғылымдардың жетістіктеріне сәйкес қалыптасты. Сондықтан мүның бірнеше бағытын талдауға болады:

1) Бақылау әдістері - физиологиялық құбылыстарды қалыпты жағдайда және әр түрлі әсерлерден кейін қадағалауға мүмкіндік береді. Тірліктік әрекеттер жылжымалы болғандықтан, бұл әдетте, 2-3 үрдісті қамти алады.

2) Тіркеу әдістері - физиологиялық құбылыстарды механикалық және электрлік тәсілдермен жазып алады.

3) Тітіркендіру әдістері - тірі құрылымдардың, ағзалар мен тіндердің күйін өзгерту мақсатымен механикалық (кесу, түйреу), биологиялық (егу, уландыру), химиялық (тұздар, қышқылдар, дәрілер), физикалық (дыбыс, сәуле, электр ағыны, температура т.б.) түрткілердің әсерін қолданады.

4) Электрофизиологиялық әдістер - қозғыш тіндер мен ағзалардың электрлік құбылыстарын және әртүрлі электрлік емес көрсеткіштерді (ультрадыбыс, электромагнит толқындары т.б.) тіркегіштер мен күшейткіштер қолданып осы амалмен тіркейді.

5) Өткір тәжірибе әдістері - жануарларға вивисекция (тәнтілу), олардың мүшелерін, ағзаларын, тіндерін оқшаулау тәсілдерін жасайды.

6) Созылмалы тәжірибе әдістері - жануарларға тірідей операция жасап, олар жазылғаннан кейін ұзақ уақыт бақылайды. Бұл әдісті физиологияға алғашқы енгізген И.П. Павлов болатын, сөйтіп ол организмді бөлшектеп қараудың (анализ) орнына, біртұтас жүйе ретінде (синтетездік) тексеруге мүмкіндік жасады.

7) Аспаптық әдістер - физиологиялық зерттеулер нәтижесінде медицинаға әртүрлі үрдістерді тексеру, ауруларды анықтау (диагноз) және емдеу (терапия) үшін арнайы аспаптар ұсынады.

Қазіргі кездегі физиология, басқа да ғылымдардың жетістіктерін кеңінен пайдаланып, медицина салаларының дамуына ықпалын тигізуде.

Осы кездегі физиологиялық зерттеу жұмыстарында ғылым мен тех­ника жетістіктерін, кибернетика, информатика, радиоэлектроника жаңалықтарын, есептеуші машиналарды, телеметрияны т.б. кеңінен қолданады.

Физиология мен техника ғылымдарының тығыз байланысынан био­ника, физиологиялық кибернетика және кванттық медицина дамыды. Мұндай жетістіктер медицина ғылымының басқа да жаңа салаларын қалыптастырды.

Оған қоса қазіргі физиология ғылыми зерттеулерді кешенді түрде жүргізеді, шектес ғылымдардың табыстарын, мәліметтерін мол пайдаланады. Соңғы кезде осының негізінде маңызды ғылыми нәтижелер алынып отыр.

Мұнымен бірге физиологиялық зерттеулер жүйелі түрде жүргізіледі. Организмнің қызметін жүйелі түрде зерттеу ондағы көптеген физиологиялық жағдайларды түсінуді жеңілдетеді. Сондықтан тірі организмді әрекеттік жүйелер теориясының түрғысынан зерттеу басталды. Әрекеттік жүйелер теориясы және оның әржақты қағидалары ме­дицина, педагогика, психология, социология, техника т.б. ғылым салаларында кеңінен қолданыс тапты.

Адам денесіндегі бірнеше жүздеген триллион жасушалардың әр қайсысының құрылысы мен қызметі, өзін-өзі реттеу мүмкіншіліктері біркелкі болмайды. Олардың өзара қарым-қатынасы, әрекеттік жүйелердегі ағзалар мен тіндердің байланысы, бір-біріне көрсететін көпжақты әсерлері де әртүрлі. Сондықтан белгілі бір қысқа мерзім милисекунд, минут арасында жасушалар мен тіндерде, жүйелерде сансыз, түрлі-түрлі күрделі үрдістер өтеді. Олардың бір-бірімен қосылуы, жалғасуы және керекті бағытта өтуі организмде ақпараттардың пайда болып таралуына байланысты. Ақпарат жасушаның өзінде немесе сыртқы және ішкі ортаның әсерінен туады. Бұлардың көбі орталық жүйке жүйесіне жеткізіледі және қайта қаралады, өңделеді және жауап ретінде әрекет серпіністері түзіледі. Олар жүйкелер арқылы кері қарай жасушалармен ағзаларға жеткізіледі. Әр жүйенің элементтері мен жасушалары арасында ақпараттар алмасуы үзілмейді.

Ақпарат үш түрлі жолмен таралады. Біріншіден, бір жасушадан екінші жасушаға олардың түйіскен жерінен тікелей өтеді. Екіншіден, хабарларды қан мен лимфада және жасушааралық сұйықтықта еріген заттар жеткізеді. Үшіншіден, ақпараттың ең тез таралу жолы - электрлік сигнал түрінде яғни жүйке серпіністері (импульстері) арқылы керекті хабарларды бұлжытпай шеткі ағзалардан орталық жүйке жүйесіне одан қайта шеттегі ағзаларға жеткізу. Ақпараттың электрлік сигнал түрінде таралуының басқа да қатысу жолдарынан тағы бір артықшылығы сигналды белгілеуге (кодтауға) болатыны. Көп жасушалы организмде кодталған ақпараттарды қабылдау, талдау, сақтау, беру және керегінде еске түсіруді қамтамасыз ететін арнайы жүйе өріс алды. Ол жүйеге әсіресе адам баласының даму жолында ең жоғары сатыға жеткен жүйке жүйесі жатады.

Қозғыш тіндердің жалпы қасиеттері

Тірі организмде тіндерді "қозғыш", "қозбайтын" деп екі топқа бөлу­ге болады. Қозғыш тіндерге жүйке, бұлшықеттер, сөл бөлетін бездер, ал "қозбайтын" тіндер қатарына дәнекер тін, шеміршек, терінің беткей тіңдер эпителийлері жатады.

Қозғыш тін тітіркендірілсе, оған жауап ретінде қозу үрдісі пайда бо­лады, яғни тін тыныштық қалпынан қызмет жағдайына көшеді, оның белсеңділігі жоғарылайды. Тіннің тітіркендіргіш әсеріне жауап беру қабілеті, оның қозғыштық қасиеті болып саналады. Қозғыштық қозатын тіндердің физиологиялық қасиетінің ең көрнектісі. Қозғыш тіңдердің екінші физиологиялық қасиеті қозу үрдісін өткізу. Ет тіндері үшін үшінші қасиет - жиырылу, ал без тіндері қозу салдарынан сөл бөледі.

Қозғыш тіндердің физиологиялық қасиеттерін зерттеу үшін көбіне жүйке-ет препараты қолданылады. Ол бақаның шонданай жүйкесімен байланысқан балтыр етінен тұрады.



Қозу мен қозғыштық

Тітіркендіру әсерінен қозғыш тінде қозу үрдісі туады. Ол өте күрделі құбылыс. Ол көптеген физиологиялық, биохимиялық және морфологиялық құрылымдық өзгерістермен сипатталады. Тін қозғанда, оның физиологиялық қасиеті - қозғыштығы өзгереді, жасушалардың мембраналық шамасы әрекет потенциалына айналады. Әрекет потенциалы қозудың ең көрнекті белгісі, яғни қозу үрдісінің туғанын әрекет потенциалының пайда болуынан білуге болады. Тін қозған сәтте заттар алмасуы әдеттегіден әлде қандай күшейеді. Осыған орай жылу шығару деңгейі артады, қимыл әрекеттері туады. Мысалы, ет тіні қозу салдарынан ширығып жиырылады. Сондай-ақ қозған жасушаның протоплазмасы золь қалпынан гельге айналады, оның тұтқырлығы өседі, миофибрилдердегі актин протофибрилдері миозин протофибрилдерінің арасынан өтіп, ет талшықтары қысқарады, оның көлденең жолақтығы жоғалады. Қозған тін өзіне тән қызметін атқара бастайды: ет жиырылады, ширығады, жүйке қозу өткізеді, бездер сөл шығарады. Сонымен қозатын тіннің тітіркендіруге жауап беру қабілеті - қозғыштық, ал оның жауабы қозу үрдісі.

Қозатын тіндердің қозғыштығы бірдей емес. Жүйке басқа тіндерге қарағанда қозғыш келеді. Қозғыштық қасиетін салыстырса, қаңқа етінің жүрек етіне қарағанда қозғыштығы жоғарырақ, ал бірыңғай салалы бұлшықеттің қозғыштығы олардан темен болады. Тіннің қозғыштығы қозу үрдісі кезінде, не қажығанда өзгереді.Тіннің қозғыштық дәрежесі тітіркендіру арқылы анықталады. Физиологияда қолданылатын тітіркендіргіштер адекватты (барабар) және адекватсыз (инадекватты немесе бейбарабар) - болып екі топқа бөлінеді. Барабар тітіркендіргіштерді қабылдайтын организмде арнайы қабылдағыштар болады. Бейбарабар тітіркендіргіштерді қабылдайтын арнайы қабылдағыштары болмайды. Мысалы, көздің торлы қабығындағы көру қабылдағыштары сәулені қабылдайды, яғни сәуленің әсеріне қозады, оның нәтижесінен жарық сезу түйсігі пайда болады. Көру қабылдағыштары үшін сәуле адекватты тітіркендіргіш. Бұл қабылдағыштар бейбарабар тітіркендіргіштерге де қозады. Бірақ одан пайда болған қозу үрдісі тұрпайы келеді, ал сезімнің сапасы темен болады. Адекватты әсерлерге арнайы қабылдағыштар қозғыш болады.

Тітіркендіргіштер өзінің табиғатына байланысты механикалық, химиялық, температуралық, электрлік болып та бөлінеді. Физиологиялық тәжірибелерде көбінесе электрлік тітіркендіргіштер қолданылады.



Қозғыштықтың кезеңдері

Тіннің қозғыштығы оны тітіркендіргеннен бастап-ақ өзгереді. Алдымен қозғыштық төмендейді, одан кейін біртіндеп әдеттегі қалпына келеді де, жоғарылап барып, қайта төмендеп, қозу үрдісі аяқталарда бұрыңғы тыныштық кезіндегі қалпына келеді.

Қозу үрдісі басталысымен тіннің қозғыштық қасиеті құлдырап төмендеп, қаншама әсерлі болса да, біразға дейін келесі тітіркендіргіш күшке жауап бермей қояды. Бұл мезгіл абсолюттік рефрактерлік кезең (нағыз қасарысу) деп аталады.

Абсолюттік рефрактерлік кезеңнің ұзақтығы жүйке талшығында -1-2 мс болса, ет талшықтарында 4-5 мс, ал ет-жүйке байланысында (түйіспеде) 8-10 мс. Қозғыш құрылымның абсолюттік рефрактерлік кезеңі қысқа болады. Бұл кезең аяқталысымен қозғыштық қасиет қайта пайда болып біртіндеп әдеттегі қалпына келеді. Былайша айтқанда тін қозғыштығы біраз уақыт әдеттегі (қозбай тұрғандығы) қалпынан төмен болады. Осы қозғыштықтың төмен уақыты салыстырмалы рефрактерлік (шамалы қасарысу) кезең деп аталады. Бұл кезеңде тітіркендірудің ең аз мөлшері қозу табалдырығына жауап бере алмайды. Жа­уап әсерленісі туу үшін тітіркендіргіштің күші табалдырық күшінен жоғары болуы тиіс. Бұл кезең аяқталарда қозғыштық қасиет жоғарылап, біраз уақыт әдеттегіден басымырақ болады. Қозу қасиетінің осы күшею сәтін супернормалды кезең дейді. Мұнда тітіркендіру қозу табалдырығынан төмен болса да тін оған жауап бере алады. Бұл кезең өткен соң қозғыштық қайтадан төмендеп барып қозу үрдісі тоқталарда әдеттегі қалпына келеді. Қозғыштықтың осылайша қалыптан төмендейтін кезі субнормальды кезең деп аталады. Сонымен әрбір қозу үрдісі мезгілінде қозғыштық қасиеті бұлшықеттің аталған кезендері бірінен соң бірі қайталанып отырады. Қозғыштықтың аталған кезеңдерін қисық сызықпен көрсетуге болады . Қозғыштық кезеңдерінің ұзақтығы әр тінде әртүрлі.



Қозғыштықтың өлшемдері

Қозғыштық дәрежесін анықтау үшін бірнеше өлшем (параметр) қолданылады: қозу табалдырығы, әсердің пайдалы уақыты, хронаксия, лабилдік, аккомодация жылдамдығы. Көбінесе қолданылатын өлшем - қозу табалдырығы.



Қозу табалдырығы (реобаза) деп қозу үрдісін тудыратын тітіркендіргіш күшінің ең аз өлшемін айтады. Тін неғұрлым қозғыш болса, оның қозу табалдырығы соғұрлым темен болады. Тітіркендіргіш ретінде электр тогы қолданылса, табалдырығын рео­база дейді.

Әсердің пайдалы уақыты. Тітіркендіргіштің әсері, оның күшіне ғана байланысты емес, әсердің ұзақтығына да байланысты болады.

Тітіркендіргіш күші мен әсердің ұзақтығы арасындағы байланыс­ты Дж. Гооверг (1892) пен М. Вейсс (1901) қисық сызық арқылы көрсетті. Ол "күш пен уақыт" сызығы деп аталады. Көлденең сызықпен (абцисса) уақытты мс есебімен, ал тік сызықпен (ординат) электр тітіркендіргіштің күші - реобаза көрсетіледі. Бір реобазаға тең күш ОА - жұмсап, тінді қоздыру үшін оның әсері ОС мс-ке созылуы қажет. Бұл күштің әсерін одан әрі қарай соза түссе, ол жауапты күшейтпейді, яғни пайдасыз жұмсалады. Қисық сызық абцисса білігіне жарыса (параллель) орналасады. Сондықтан да ОС мс әсердің пайдалы уақыты болып есептеледі. Ал тітіркендіргіш күші екі есе (2 реобазаға дейін) жоғарылатылса, пайдалы уақыты тым қысқарып кетеді (ОҒ мс). Тітіркендіргіш күші одан әрі жоғарылатылса, әсердің пайда­лы уақытын көрсететін сызық ординат осімен жарыса (парал­лель) орналасады. Сонымен, әсердің пайдалы уақыты деп белгілі бір тінді қоздыратын бір реобазаға тең күш әсерінің ең қысқа уақытын (ОС) айтады.

Ол мин, мсек есебімен белгіленеді. Тін неғұрлым қозғыш болса, әсердің пайдалы уақыты соғұрлым қысқа болады. Әсердің пайдалы уақыты кейбір тіндерде өте ұзақ болуы мүмкін. Сондықтан "күш пен уақыт" заңдылығын пайдалана отырып, француз ғалымы Л. Лапик (1908) хронаксия (грек. - chronos - уақыт, ахіа - сан) атты көрсеткішті ұсынды.



Хронаксия. Хронаксия деп тінді қоздыратын екі реобазаға тең күш әсерінің ең қысқа уақытын (ОҒ) айтады. Қозғыш тіннің хронаксиясы қысқа болады. Оның мөлшері хронаксиметр аспабымен өлшенеді, мс. есебімен (сигмамен) белгіленеді. Хронаксиметр аспабымен адам тіндерінің әрбір морфологиялық элементтерінің қозу дәрежесін өлшеуге болады. Бұл медицинада жиі қолданылады. Мысалы, көздің тор қабатындағы фотоқабылдағыштардың, ішкі құлақта орналасқан есту қабылдағышы - Корти мүшесінің хронаксиясын өлшеп білуге бола­ды. Ұзақ жылдар бойы қорғасын өнеркәсібінде істейтін адамдарға уақытында сақтық шаралар қолдану үшін олардың жүйке хронаксия­сы тексеріліп отырады. Қорғасынға улана бастаған адам жүйкесінің хронаксиясы жоғарылай бастайды.

Аккомодация жылдамдығы. Аккомодация лат. - accomodatio -бейімделу. Белгілі бір тінді, ағзаны қоздыратын токтың әсері оның күшіне, әсер еткен уақытына ғана байланысты емес, токтың үдеу жылдамдығына да байланысты. Егер әсер ететін тоқтың күшін біртіндеп жәй күшейтсе, ол көп жоғарылатылса да тін қозбауы мүмкін. Тоқ күшінің үдеуіне тін бейімделіп үлгереді. Қозғыш тін ток күшінің үдеуіне бейімделгіш келеді. Демек, аккомодация жылдамдығы тіннің қозғыш дәрежесін сипаттай алады.

Тітіркендіргіштің күшін біртіндеп күшейтіп табалдырық мөлшеріне, мысалы 50 мВ 25 мс арасында жеткізсе тін әсерге жауап береді. Ал тітіркендіргіштің үдеу жылдамдығын одан әрі баяулатса (30 мс-ке жеткізсе) тіннің жауабы тоқтайды, яғни осы уақытта ол әсердің күшіне бейімделіп үлгереді. Бұл жағдайда аккомодация жылдамдығы 50 мВ 25 мс есебімен белгіленеді.

Сонымен аккомодация жылдамдығы тінді қоздыратын тітіркендіргіштің үдеу қарқынының ең аз (минимум) уақытымен өлшенеді. Аккомодация кезінде тіннің қозу қасиеті төмендейді.

Лабилдік. Лабилдік (лат. - labilis - құнақылық, тұрақсыздық) -белгілі тіннің қозғыштық дәрежесін көрсететін өлшемдердің бірі. Лабилдік деп тітіркендіру жиілігіне сәйкес 1 секунд ішінде пайда болатын қозудың ең жоғарғы (максималды) әрекеттік ширақтығын айта­ды. Ол герц өлшемімен белгіленеді. Мәселен, жүйкенің лабилдігі 1000 гц демек, онда жүйке секундына 1200 рет тітіркендірілсе де бұдан пайда болатын қозу саны 1000-нан аспайды. Тін неғұрлым қозғыш болса, оның лабилдігі соғұрлым жоғары болады.

Лабилдік - қозу үрдісінің - ең қарапайым физиологиялық әсерленістің қаншалықты ұзақ екенін көрсетеді. Қозу үрдісі қысқарса, белгілі уақыт ішінде (сек, мин) пайда болатын қозу саны көбейеді де тін лабилдігі арта түседі. Әдетте, 1 секундта пайда болатын қозу саны тітіркендіру санына немесе күшіне сәйкес болады.

Лабилдік тіннің абсолюттік рефрактерлік кезеңіне байланысты. Абсолюттік кезең ұзақ болса, тін лабилдігі төмен болады, өйткені абсолюттік рефрактерлік кезеңде тін қандай күшпен тітіркендірілсе де жауап бермей қояды. Сондықтан тітіркендіру аралығы абсолюттік рефрактерлік кезеңінен ұзағырақ болуы керек, сонда ғана тін келесі импульске сәйкес қоза алады. Жеке тіннің өзіне ғана тән қозу қабілеті (қозғыштығы), рефрактерлік мерзімі болады. Демек, тіндер лабилдігі де бірдей емес.

Жүйке талшығының абсолюттік рефрактерлік кезеңі 1-2 мс, ал лабилдігі 500-1000 гц, қаңқа еті талшығының қабілеті жүйкенікінен төмен, бірақ абсолюттік рефрактерлік мерзімі ұзақ 3-4 мс, лабилдігі 250-330 гц. Жүйке-ет (мионевральдық) байланыстық түйіспенің рефрактерлік мерзімі 8-10 мс. Оған сәйкес лабилдігі 100-125 гц, түйіспенің қозғыштығы ет талшығынікінен көп төмен.

Лабилдік, оған сәйкес келетін қозғыштық қасиет айналадағы түрткілердің әсерінен өзгеріп отыруы мүмкін. Қолайсыз әсер салдарынан лабилдік дәрежесі төмендейді. Жүйкеге мұз басып тікелей салқындатса, оның рефрактерлік кезеңі ұзарып, лабилдігі төмендейді. Бұл есірткі заттардың (наркотик) әсерінен, оттегі жетіспеуінен де (гипоксиядан) төмендейді.

Белгілі бір тінге ұзақ уақыт әсер етуші серпіністің саны лабилдік дәрежесінен тым жоғары болса, ол ондай ырғақтарды игеріп алады (А.А. Ухтомский). Мұның нәтижесінде лабилдіктің дәрежесі жоғарылайды, оны А.А. Ухтомский "ырғақтарды игеру" деп атады. Мысалы, спортпен шұғылданушылар жаттығу жасаған кезде, жарысқа түсерде бой жазған сәтте, олардың тін лабилдігі жоғарылайды, соның арқасында олар көптеген жетістіктерге жетеді. Қысқасы, лабилдік дәрежесі біресе жоғарылап, біресе төмендеп отыруы мүмкін. Демек, тіннің қозғыштық қасиеті де тұрақты емес, өзгеріп тұрады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет