ДӘрістердің комплексі fis 1203


Кері байланыс (афферентация) жолдары



бет4/14
Дата24.02.2016
өлшемі1.42 Mb.
#16040
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Кері байланыс (афферентация) жолдары.

Рефлекс тоқтаған соң оның нәтижесі көптеген қабылдағыштарды тітіркендіреді. Олардан шыққан хабар ми қыртысы орталықтарындағы акцепторға (салыстырушы) жеткізіледі. Акцепторда рефлекс нәтижесінің бағдарламаға сәйкес не сәйкес еместігі анықталады. Егер рефлекстік әрекет көңілдегідей болса, рефлекс тоқталады. Әйтпесе рефлекс мақсатқа жеткенше бірнеше рет қайталанылады. Керісінше байланыс организмде кездесетін үрдістерді, әрекеттерді өздігінен реттеуді қамтамасыз етеді.



Соңғы жалпы жол құбылысы конвергенцияға (түйістіріліске) негізделген. Орталық жүйке жүйесінде конвергенция құбылысы кеңінен кездесетіні белгілі. Жұлында сезгіш нейрондардың саны мотонейрондарға қарағанда 5 есе көп. Демек, олар аз санды мотонейрондарға серпіністер жеткізеді. Жұлын мотонейронына көптеген сезгіш және аралық нейрондардан, бас миының әр бөлімдерінен серпіністер жиналады. Сондықтан жұлын мотонейроны түрлі рефлекстерге қатысады, яғни мотонейрон көптеген рефлекстердің соңғы жалпы жолы болып саналады. Жан-жақтан жиналған серпіністер мотонейронға таласады. Мұндай жағдайда дәл сол сәтте тіршілік үшін маңызды және күшті серпіністер жеңеді, олар мотонейронға ие болады. "Талас" нәтижесіне мотонейронның әрекеттік жағдайы (қозу қасиеті, қажуы) әсер етеді. Сонымен бұл құбылыс та рефлекстердің келісімді болуын қамтамасыз етеді.
Илюстрациялы материал Д-МІ-2

Әдебиет:

Қазақ тілінде

Негізгі:

  1. Адам физиологиясы. Х.К. Сәтбаева, А.А.Өтепбергенов, Ж.Б. Нілдібаева, Алматы, 2005, 663 б.

  2. Адам анатомиясы. А.Р. Рахишев, Алматы, 2005, 598 б.

  3. Қалыпты физиологиядан тәжірибелік сабақтарға жетекшілік нұсқаулар.

  4. Сайдахметова А.С., Рахыжанова С.О. Семей, 2006 г. - 174 бет.

  5. Қанқожа М.Қ. Қозғыш ұлпалар физиологиясы. – Алматы, 2004ж. 78 бет.

Қосымша:

  1. Рахишев А.Р. Русско-казахский толковый словарь медицинских терминов. (каз., русс.), А-Ата, 2002, 550 б.

  2. Ибраева С.С. Организмнің шартты-рефлекторлық әрекеті және оның нейрофизиологиялық тегершіктері. Жоғарғы жүйке іс-әрекетінің типтері. Астана, 2006, 52 б.

Орыс тілінде:

Негізгі:

1. Руководство по общей и клинической физиологии. В.И.Филимонов,МИА, 2002, 957 с.

2.Физиология человека, В.М. Покровский, Г.Ф. Коротько, М., 2004.

3. М.Р.Сапин, Г.Л.Билич Анатомия человека: Учеб. для студ. биол. спец. вузов. -М., Высшая школа, 1989. - 544 с.

4. Руководство к практическим занятиям по нормальной физиологии. К.В.Судаков, А.В.Котова, М., 2002.«Физиология с основами анатомии человека». А.В.Логинов, 1983 .

Қосымша:


  1. 1.«Основы физиология человека», 1 и 2 том, Б.И.Ткаченко, С.-Петербург, 1994г.

  2. 2.«Руководство к практическим занятиям по физиологии человека с основами анатомии» М.Ф. Румянцева и др., Москва, «Медицина», 1986 .

  3. Атлас по нормальной физиологии А.В.Коробков, С.А.Чеснокова, Москва, Высшая школа, 1987 .

  4. Нормальная физиология, под ред. К.В.Судакова, М., 2000.

  5. Ситуационные задачи по физиологии с основами анатомии для самостоятельной работы студентов. Под ред. А.А. Утепбергенова, Д.А. Адильбековой, Шымкент, 2006, 66 с.

  6. Справочник физиологических и лабораторных показателей здорового человека. А. А. Утепбергенов, 1995 .

  7. Физиология человека. Под ред. М.Покровского, Г.Ф.Коротько, в двух томах, М., 2001, 368 с.

  8. В.Я. Липченко, Р.П.Самусев Атлас нормальной анатомии человека: Учебное пособие.-2 изд., перераб. и дополн.-М.Медицина, 1988. 320 с.

  9. Агаджанян Н.А., Тель Л.З., Циркин В.И., Чеснакова С.А. Физиология человека. Санкт-Петербург, Sotis, 2000 г., 528 с.


Бақылау сұрақтары (кері байланыс):

  1. Нерв орталықтарының негізгі құрылысын атаңыз

  2. Нервтік пул дегеніміз не?

  3. Дивергенция мен конвергенцияның айырмашылығы не?

  4. Постсинапстық потенцияның механизмі

  5. Нерв орталықтарының тонусы дегеніміз не?


«АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ» АҚ
Қалыпты физиология кафедрасы
3 Дәріс.

Дәріс тақырыбы: ОЖЖ-жеке физиологиясы.

Мақсаты: ОЖЖ негізгі құрылымдары туралы білім беру,ОЖЖ негізгі бұзылу симптомдарын айыра білу,ОЖЖ рефлекторлық қызметін зерттеу мен рефлекторлық доғаны сараптауды үйрету.

Дәріс тезисі:

Жүйке жүйесі орталық және ішкі бөлімдерден тұрады. Омыртқалы жануарларда алғашқысының қатарына жұлын мен ми, ал екіншісінің қатарына - жұлын түйіндеріндегі және ағзалар ішіндегі (интрамуральдық) нейрондар жатады. Ағзалар ішіндегі жүйке вегетативтік жүйесінің нейрондары, ал жұлын түйіндері тұлғалық жүйке жүйесінің сезгіш жасушаларынан тұрады. Орталықтағы нейрондардың денесі мида немесе жұлында орналасқанмен, олардың ұзын талшықтары жұлыннан, мидан шығып шеткі ағзаларға барып таралады. Мұндай жүйке өскінділерін орталықтағыдан айыру үшін шеткі талшықтар деп те атайды.



Жұлын

Бұл омыртқа бағанының каналында орналасқан жуан арқан тәрізді орталық жүйке жүйесінің бір бөлігі. Жұлын ақ және сұр құрылымды заттан тұрады. Ақ зат жүйке талшықтарынан ал сұр зат нейрондар денесінен тұрады. Сұр зат жұлынның қақ ортасында ми түтігінің айналасында орналасқан. Жұлынды көлденең кескенде сұр заттың бейнесі көбелектің қос қанатына немесе "Н" әріпіне ұқсайды. Сұр заттың денесінен созылған алдыңғы, артқы, бүйір (жұп) ашалары бола­ды. Ақ зат сұр затты айнала қоршайды. Сұр заттың алдыңғы және артқы ашасы ақ затты төрт бағанға (алдыңғы, артқы және екі бүйір) бөледі. Сұр зат рефлекстік қызмет атқарады, ал ақ зат қозуды өткізеді. Жұлынның сезгіш нейрондарына афференттік жүйкелер тері, ет, сіңір, ішкі ағзалар қабылдағыштарынан (экстеро-, проприо-, интероқабылдағыштардан) серпіністер әкеледі. Қозғалтқыш нейрондардың жүйкелері қозуды шеткі ағзаларға, қаңқа еттіріне жеткізеді. Сезгіш және козғалтқыш нейрондар, аралық нейрондар арқылы немесе бір-бірімен тікелей байланысып рефлекстік доға құрады. Сондықтан жұлын мидың қатысынсыз-ақ өзінің жұлын рефлекстерін атқара алады. Дегенмен біртұтас организмде жұлынның қызметі ми қызметіне бағынышты. Орталық жүйке жүйесінде, оның төменгі бөлімдерінің қызметін жоғары бөлімдері реттеп отырады (субординация).

Жұлынның афференттік және аралық нейрондарының аксоны мен бұтақтары қабылдағыштағы қозуды миға жеткізетін жұлынның жоғарыға қарай өрлейтін жолын құрайды. Бұл жолдардың көбі жұлын ақ затының артқы және бүйір бағандарында өтеді. Қозуды ми нейрондарынан жұлынға жеткізетін эфференттік талшықтар жұлынның төмен түсетін жолын құрады. Бұлар жұлынның алдыңғы және бүйірдегі бағандарында өтеді.

Жұлын 31 сегментке бөлінген. Әрбір сегмент алдыңғы және артқы жұлын түбірлері арқылы дененің оған сәйкес және көршілес сегментімен байланысады. Сондықтан жұлынның бір түбірі бұзылса, не кесілсе оған сәйкес дене сегментінде сезім және қозғалыс функциялары толығынан жойылмайды. Оның қызметін көршілес сегменттің нейрондары орындайды. Белла-Мажанди заңы бойынша жұлынның артқы түбірлері афференттік жүйкелерден, алдыңғы түбірлері эфференттік талшықтардан тұрады.

Жұлын нейрондары. Адамның жұлынында 13,5 млн-дай нейрондар болады. Олардың 97%-і сезгіш және аралық, 3%-і қозғалтқыш нейрондар. Қозғалтқыш нейрондардың альфа және гамма екі түрі сұр заттың алдыңғы ашасында орналасады.

α-мотонейрон ең үлкен жасуша. Бұл нейронның аксоны адамның бет еттерінен басқа барлық қаңқа еттерімен байланысқан. Тұтас бір бұлшықеттің барлық миоциттерімен байланысатын нейрондар тобын нейрондық пул деп атайды. Бұлар түтас қозбауы мүмкін. Осыған орай жиырылатын ет талшықтарының саны оған байланысты етті жиыру әртүрлі болмақ. ү-мотонейрон а-мотонейронның тонусын тежейді (реттейді). Мотонейрон қозғанда ет ішіндегі қабылдағыш - ет үршығы (интрафузалық ет) жиырылады. Одан ү-мотонейронға барған серпіністер экстрафузальдық етті жиырылатын немесе босататын әсерлерге сезімталдығын күшейтеді. Сөйтіп, а-мотонейронның әсерін үдетеді.

Аралық нейрондар басқа нейрондармен қоздыратын не тежейтін түйіспелер құрады. Демек, олар қозу мен тежелу үрдістерінің тууын реттейді және белгілі бір сегменттің ішіндегі көршілес сегменттер арасындағы байланыстарды іске асырады. Бұл нейрондар сұр заттың денесінде, артқы ашаның шылбыр (fimiculus) бөлімінде орналасады. Шылбыр жасушалардың аксондары жұлынның жоғары қарай өрлейтін жолын құрады. Аралық нейрондар қатарына мотонейронның айналасындағы оны тежеуші Реншоу жасушалары жатады. Аралық жасушалар арқылы ми бағанының торлы құрылымдары жұлында пайда болатын қозу, тежелу үрдістерін реттейді.

Сезгіш нейрондар жұлын ганглийлерінде топталған. Бұл жасушаның бір талшығы болады. Ол ганглийден шыға берісте екіге бөлінеді.

Оның бірі қабылдағыштарда туған қозуды сезгіш нейронның денесіне жеткізеді, ал екінші талшығы сезгіш нейронның серпіністерін жұлын мен ми қыртысы нейрондарина апарады. Вегетативтік жүйке жүйесінің ганглийге дейінгі симпатикалық нейрондары жұлынның кеуде, бел сегменттерінің бүйір ашасында, ал парасимпатикалық нейрондары сегізкөз бөлімінде орналасады. Олардың көбі эфференттік нейрондар көптеген ағзалық (висцералды) рефлекстердің орталығы. Жұлынның сұр затында (еттерді бүгетін, жазатын), еттің ұзаққа созылатын қатаюын (тонустық) және фазалық (кездік) жиырылуын тудыратын рефлекстер орталығы болады. Мұнымен катар вегетативтік әрекеттерді реттейтін орталықтар бар. Қан тамырларын кеңейтіп тарылтатын, жүрек соғуын, ас қорыту бездерінің сөл бөлінуін, ас қорыту жолының қимылын, несеп, нәжіс, жыныс жүйелері қызметін реттейтін орталықтар жұлынның бүйір ашасында орналасқан. Бұлар арқылы жұлын көптеген висцеральдық рефлекстерге қатысады. Жұлынның аталған күрделі қызметтерін ми қадағалап реттеп отырады. Мидың әсерін шеткі ағзаларға және кері қарай олардың қабылдағыштарынан қозуды (хабарды) миға жұлын ақ затындағы жоғары, төмен кететін жолдары арқылы жеткізеді. Ең негізгі жолдардың қызметі туралы қысқаша мәліметтерді Г.И. Косицкий оқулығынан алынған кесте көрсетеді.



Ми, оның бөлімдері

Ми әрқайсысы жарты шарға ұқсас қос ми сыңарынан, мишық пен ми бағанынан тұрады. Құрылымдық айырмашылықтарына, даму ерекшеліктері мен қызметіне қарай нейрофизиологиялық және клиникалық талдау жұмысын жеңілдету үшін ми артқы ми, мишық, ортаңғы ми, аралық ми, алдыңғы ми деп аталатын бес бөлікке бөлінеді. Артқы ми құрамына сопақша ми мен варолий көпірі, ортаңғы ми құрамына қызыл ядро, қара зат, төрт төмпешікті дене, торлы құрылым, аралық миға - көру төмпешігі (thalamus) көру төмпешігі астындағы құрылым (hypothalamus), алдыңғы ми құрамына ми сыңарлары қыртысы мен қыртысасты түпкі (базальдық) ядролар кіреді. Сопақша ми мен көпір, ортаңғы ми мен аралық ми ми бағанынын құрады.



Сопақша ми

Үлкен мидың бір бөлігі жұлынның жалғасы сұр және ақ заттардан тұрады. Алайда ондағы сұр зат, жұлындағыдай бірақ жерге топтаспаған, ақ зат аралықтарында жеке-жеке шоғырлар құрып, көптеген ядроларға, қызметі әртүрлі орталықтарға айналған. Ақ зат жүйке талшықтарынан тұрады. Бұл талшықтар қозуды жоғары және темен қарай өткізетін жұлын жоддарының жалғасы және жұлынды мидың басқа бөлімдерімен сопақша мимен байланыстырып тұрады. Сопақша ми арқылы өтетін кейбір жұлын жолдары осы мида бір-бірімен қиылысып оң жақтан келген талшықтар сол жаққа, сол жақтан келген талшықтар оң жаққа шығады.



Мишық

Әр біреуі үлкен ми сыңарларының артқы жағында, сопақша мидың үстінде орналасқан қос жарты шардан және ортаңғы бөліктен тұрады. Бұл жарты шарда қалындығы 1-2,5 мм жұқа қыртыс қабығы, ақ заттың ішінде теңбілденіп сұр заттар - ядролар бар. Мишық орталық жүйке жүйесінің басқа бөлімдерімен төменгі, ортаңғы, жоғарғы аяқшалары арқылы жалғасқан. Осы аяқшалар арқылы, жұлыннан, кіре-беріс (вестибула) ядролардан, торлы құрылымнан келіп түсетін серпіністер мишыққа тоғысады. Мишықтан шыққан эфференттік талшықтар одан әрі ми қыртысына, қыртыс астындағы ядроларға, ми бағанының торлы құрылымына, көру төмпешігіне, қызыл ядроға, сопақша миға, жұлынға жеткізіп тұрады. Ми қыртысының және мишықтың қозғалтқыш аймақтары өзара тығыз байланыста болады. Сонымен жоғарыда айтылғандай мишық мидың барлық бөлімдерімен қызметтес мүше.

Мишықтың ең бас қызметі - адамның өз еркімен атқарылатын не оған бағынбайтын қимыл-әрекеттерді үйлестіріп отыру. Қандай да болсын қимыл-әрекеттің дәлме-дәл орындалуы, тепе-теңдікті сақтау мишыққа байланысты. Алайда мишық қызметі толық бұзылса да, тіршілік тоқтамайды, ал мишық біртіндеп көп жылдар бойы бұзылатын болса, мишықтың қызметін мидың басқа бөлімдері, әсіресе ми қыртысы өзіне алып қимыл әрекеттерін түзете алады.

Ортаңғы ми

Ортаңғы ми воролий көпірі және сопақша мимен бірге ми бағанының негізін құрады. Оның сырт жағында ми қақпағы, іш жағында ми аяқшалары орналасқан. Ортаңғы мидың сұрғылт заты құрамына төрт төмпешік, қара зат, қызыл ядро, III және IV жұп ми жүйкелерінің ядролары мен торлы құрылым кіреді. Ортаңғы ми арқылы жоғары қарай көру төмпешігіне (таламусқа), мишыққа баратын жолдар, ми қыртысынан, жолақ денеден, гипоталамустан төмен қарай бағытталған ортаңғы миға, сопақша миға, жұлынға баратын жолдар етеді.

Төрт темпешік пен көз алмасын қозғайтын жүйке (ІІІ-жұп) ядрола­ры ортаңғы мидың сырт жағында, ал ішкі жағында қара зат, қызыл ядро және IV жұп шығыршықтық жүйке нейрондары орналасқан.

Көз алмасын қозғайтын III жұп аралас жүйке тармақтары арасында көздің қиғаш еттерінен басқа еттерді жиырылтатын қозғалтқыш талшықтармен қатар көз еттерінен орталыққа тебетін сезімтал жүйке талшықтары бар. Мұнымен қатар бұл жүйкенің арасында ортаңғы мида орналасқан парасимпатикальцқ ядроның преганглийлік талшықтары бар. Бұл жүйке серпіністерін кірпіктік түйіннен екінші нейронға жеткізеді. Бұл түйіннен басталған постганглийлік талшықтар көздің қарашығын тарылтатын етті жиыратын эфференттік жүйке. Ми жүйкелерінің ІV жұбы да - аралас жүйке. Талшықтар арасында көздің жоғарғы қиғаш етін жиырылтатын қозғалтқыш талшықтармен қатар еттің өз қабылдағышынан шыққан серпіністерді орталыққа жеткізетін сезімтал талшықтар да бар.

Торлы құрылым

Торлы құрылым (ретикулярлық формация) пішіні әртүрлі, үлкенді-кішілі, көптеген қысқа тармақты (дендритті) жасушалар тобы. Олардың дендриттері көп бұтақты. Олардың арасында көптеген түйіспелер құрылады. Мәселен екі нейрон дендриттері ара­сында 30000-ға жақын түйіспелер болуы мүмкін. Сондықтан торлы құрылымның гистологиялық препаратын жай микроскоппен қарағанда ол тор тәрізді болып көрінеді. Осыдан 150 жылдай бұрын торлы құрылымға бірінші сипаттама берген Дейтерс болатын. Торлы құрылым ми бағанында орналасқан. Оның нобайы ортаңғы мида, біразы көпірде, үлкен нейрондылары сопақша мида топтасқан, шеткей орналасқан ағзалармен тікелей байланыспаған. Ағзалардағы қабылдағыштардан ақпараттық мағлүматтар торлы құрылымға жұлынның жоғары ми сыңарлары қыртысына карай өрлеуші жолдарынан коллатераль (жалғама) байланыстар арқылы келеді. Оған серпіністер көлденең бұтақшалар арқылы тіпті көру, дыбыс жүйкелерінен де келіп түседі. Торлы құрылым кейде бейарнамалы жүйке жүйесі деп те аталады. Өйткені ол орталық жүйке жүйесінің барлық бөлімдерінің (ми қыртысынан бастап жұлынға дейін) қызметін белсендіреді. Жалпы алғанда торлы құрылым ми бөлімдерімен қарама-қарсы екі бағытта байланысқан.



Ми бағанының тонустық рефлекстері

Ми бағаны, әсіресе артқы және ортаңғы ми түрлі жағдайларда бастың, дененің кеңістікте алған орнына (қалпына) байланысты еттердің тонусын өзгертіп, дене тепе-тендігін сақтайды. Бұл тонустық рефлекстер. Бұлар қабылдағыштың орналасқан орнына қарай мойын, кіреберіс, лабиринт рефлекстері деп бөлінеді. Мойын рефлекстерінің қабылдағыштары мойын ет сіңірлерінде орналасқан - проприорецепторлар, ал кіреберіс рефлекстерінің қабылдағыштары - отолит аппараты, лабиринт – жарты иірімді арналардың кеңейген ұшында орналасқан түкті жасушалардан құралған шашақ тәрізді қабылдағыштар. Аталған қабылдағыштардың бәрі де басты қисайтқанда, бұрғанда тітіркенеді де жануарлардың сирақтарын жазатын, бүгетін еттерінің және көзді қимылдататын еттердің тонусын өзгертеді.



Тонустық рефлекстер статикалық (қозғалыссыз) және статокинетикалық (қозғалыс-қимылдық) деп екіге бөлінеді.

Статикалық рефлекстерге кеңістікте дене кейпін сақтайтын және түрлі жағдайға байланысты дене кейпін өзгертсе, оны қайта орнына келтіретін рефлекстер жатады.

Статокинетикалық рефлекстерге дененің ілгері-алға қарай немесе тіке жоғарыдан төмен не төменнен жоғары қарай не шыр айналу қимылдары барысында және қимыл шапшандығының өзгеруінен пайда болатын, сөйтіп кеңістікте дене қалпын және тепе-теңдікті сақтайтын тонустық рефлекстер жатады.

Статокинетикалық рефлекстер шыр айналу және лифт рефлексі деп екіге бөлінеді.



Шыр айналу рефлексі адамды әдейі жасалған креслоорындықта, не центрифугада айналдырғанда пайда болады. Адамның басы біртіндеп қимыл бағытына қарама-қарсы жаққа қарай бұрылып тез қайта орнына келеді, ал көз алмасы бастың бұрылған жағынан кейін қарай қозғалып, ол да тез қалыпты орнына келеді. Бұл қимылды нис­тагм - ыргақты қимыл дейді.

Лифт рефлексі - дененің тез жоғары көтерілуінен не төмен түсуінен пайда болады. Жануарды тез жоғары көтерсе оның сирақтары тізе буындарынан бүгіледі, басын ішіне тартады, ал тез төмен түсірсе, сирақтары буындарынан жазылады, мойны созылып ұзарады.

Аралық ми

Аралық миға көру төмпешігі (таламус), төмпешікасты (гипоталамус), төмпешікүсті (эпиталамус) құрылымдары жатады. Аталған құрылымдар III ми қарыншасын жан-жағынан қоршап, оның қабырғасын құрады. Сондықтан бұл құрылымдардың қызметіне, әсіресе гипоталамусқа қарыншаны толтырған сұйықтық, қанда еріген заттар, гормондар тікелей әсер ете алады. Эпиталамус күмбез денесінің (аркус) сүйелді денеасты жасушалар мен ішкі сөлініс безі - эпифизден тұрады.

Таламус көп ядролы көлемі және қызметі жағынан ең көрнектісі. Ол арқылы ми қыртысына әртүрлі сезім серпіністерін өткізетін жүйке талшықтары өтеді.

Гипоталамус ішкі ағзалар қызметін жүйке және қан арқылы реттейтін көп ядролы құрылым.



Таламус. 40 шақты ядролардан тұрады. Бұлар қызметінің маңызына қарай арнамалы, бейарнамалы, ұластырушы (ассоциативтік), қозғалтқыш деп бөлінеді.

Ассоциативтік (ұластырушы) ядроларға түрлі серпіністер таламустың арнамалы жолдарынан келіп түседі. Бұл ядролар қызметі ми қыртысындағы осындай аймақтар қызметімен тығыз байланысты. Бұлар жоғары анализдік, синтездік үрдістеріне, ми қыртысының бірлестіруші (интегративтік) қызметіне қатысады.



Қозғалтқыш ядроларға мишықтан және қыртысасты базальдық яд­ролардан серпіністер келіп түседі және ми қыртысының қозғалтқыш зонасына проекциялық серпіністер жеткізеді. Сондықтан бұл ядролар қимылды реттейтін жүйе қатарына кіреді.

Гипоталамус көру төмпешігі астында орналасқан көп ядролы құрылым. Бұл ядролар жатқан орнына қарай преоптикалық, алдыңғы, ортаңғы, бүйірдегі және артқы деп бес топқа бөлінеді.

Гипоталамус ми сыңарлары қыртысы, лимбиялық жүйе, торлы құрылыммен, сопақша мидың парасимпатикалық және симпатикалық ядроларымен, жұлынның бүйір ашасындағы вегетативтік ядроларымен қатар таламус, гипофизбен эфференттік байланыста. Мұнымен бірге оған түпкі ядролардан, мишықтан афференттік жүйкелер, ішкі ағзалардан кезеген жүйке арқылы хабарлар келіп тұрады. Гипоталамусқа ішкі ортадан да көптеген ақпараттар келеді. Оның әрбір нейроны 2-3 капиллярмен түйіскен (капиллярлар өте қалың). Капиллярлардың қабырғасы үлкен молекулалы заттарға өтімді. Сондықтан гормондар мен басқа да химиялық белсенді заттар қаннан гипоталамусқа қарай өтіп, оған тікелей әсер етеді. Гипоталамустың кейбір ядролары мидың үшінші қарыншасының қабырғасын құрады. Мұндағы сұйықтықтан да заттар гипотамусқа өте алады. Гипоталамус орталық жүйке жүйесінің құрылымдары мен бірге шеттегі ағзалар, тіндермен екі жақты (афференттік және эфференттік) байланысының арқасында организмнің көптеген әрекеттерін реттей алады.



Мидың түпкі (базалдық) түйіндері

Ми сыңарларының маңдай бөлімінде, оның түп жағына жақын ақ заттар ішінде екі бөліктен тұратын сұр түйін - жолақты дене (corpus striatus), солғын шар (globus pallidium) орналасқан. Бұлар таламус астындағы ядро (люкс денесі) және ортаңғы мидың дофаминэргиялық қара затымен қосылып, біртұтас стриопаллидарлық (жолақты жамы-лғы) жүйе құрады.



Жолақты дене ұсақ нейрондардан құралған құйрықты ядро (n.caudatus) мен қабықтан (қауыз - putamen) тұрады. Бұл құрылымдарға ми қыртысының сезім-қимыл, көру, дыбыс есту аландарынан, таламустың бейарнамалы ядроларынан, қара заттың дофамин бөлетін құрылымдарынан афференттік серпіністер келеді. Ал солғын шар үлкен нейрондардан тұрады. Бұлардың талшықтары аралық ортанғы мидың, әсіресе қызыл ядро арқылы стриопаллидарлық жүйенің эфференттік жұлынға баратын жолын құрады. Мұнымен қатар солғын шардың ішкі ядроларынан эфференттік серпіністер таламустың превентральдық және вентролатеральдық ядролары арқылы ми қыртысының қозғалыс алаңына барады. Сонымен жолақты дене мен солғын шар арқылы ми қыртысының сезім, қозғалыс алаңдары таламуспен ілмек тәрізді көптеген тура және кері байланыстар жасайды. Осылардың арқасында түпкі түйіндер ми қыртысының сезім және қимыл алаңдарымен қосылып мидың қимыл рефлекстерін үйлестіру (координациялау) қызметіне және ерікті, еріксіз әрекеттеріне қатысып, оларды бірлестіреді (интеграциялайды).

Лимбиялық жүйе

Бұл жүйенің аты латынның limbus - жиек деген сөзінен алынған. Өйткені бұл жүйеге жаңа ми қыртысының түп жағында ми бағанын айнала қоршаған құрылымдар жатады. Олардың көбі ми сыңарларының ішкі бетінде сүйелді дененің жан-жағында орналасқан: белдеуші қатпар (gyruscinguli) теңіз жылқысы қатпары (gyrus hippocampi), мин­даль (бадамша) тәрізді кешен (комплекс), күмбез (fornix), гиппокамп, мамиллярлық дене. Бұл құрылымдарды 1878 ж. лимбиялық қыртыс деп атаған. Ол қызмет жағынан таламустың алдыңғы ядролары мен гипоталамус және ортаңғы мидың торлы Құрылымымен тығыз байланысты. Осы аталған құрылымдардың қызмет бірлігін, оның аса күрделілігін көрсету үшін 1952 ж. П.Д.Мак-Лин (америка ғалымы) оларды бір лимбиялық жүйеге біріктіреді.



Ежелгі және ескі қыртыс

Ми сыңарлары қыртысы алдыңғы мидың құрамына кіреді. Алдыңғы ми сұр және ақ құрылымдардан құралған екі үлкен жарты шардан тұрады. Бұлардың нейрондары (сұр құрылым) шардың сыртына (бет жағына) жиналып қалындығы 1,5-3 мм қыртыс қабатын құрады. Ал шардың ішін ақ құрылым - ми қыртысы нейрондарының талшықтары және ми қыртысы мен мидың басқа бөлімдерін, жұлынды байланыстыратын талшықтар толтырады. Бұлар атқаратын қызметтеріне байланысты ассоциативтік (үластырушы), комиссуралдық (байланыстырушы), проекциялық (жобаланыс) болып үш топқа бөлінеді.



Ми сыңарларының қыртысы

Ми сыңарлары қыртысы тарихи дамуына байланысты ескі (көне) (архикортекс), ежелгі (палеокортекс) және жаңа қыртыс (неокортекс) болыл үш бөлімге бөлінеді. Ежелгі қыртыс құрамына иіс төмпешігі (tuberculum olfactorius), бадам тәрізді дененің сыртындағы аудан және латералдық иіс қатпары кіретін болса, ескі қыртысқа үлкен шардың ішкі бетіндегі құрылымдар: белдеу қатпар (gyrus cinguli), гиппокамп, тісті қатпар (girus dentus) және ішкерленіс иіс пен иінді қатпар жатады.

Ежелгі қыртыс иісті қабылдаумен қатар оған байланысты сақтық иіс-әрекетін қамтамасыз етеді.

Ескі қыртыс вегетативтік әрекеттерді реттейді және тағамдық, жыныстық, қорғаныс инстинктердің орындалуын іске асырады. Эмоцияны қалыптастыруға және мидың еске сақтау қызметіне де қатысады.

Ежелгі және ескі қыртыс гипоталамус, торлы құрылым бірігіп лимбиялық жүйе құрайды. Ол жүйе гомеостазды, жануарлар түрін, өзін-өзі сақтау қызметін де орындайды.

Жаңа қыртыс. Ондағы әрекеттік аймақтар мен орталықтар

Адамның екі жарты шары қыртысының 96%-ы жаңа қыртыс. Жоғарыда көрсетілген 6-шы қабат құратын нейрондық құрылым жаңа қыртысқа тән.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет