Ұмытхан – тағдыр тәлкегіне мойымай, өзіндік бақытын іздеу жолын ұстанған жігерлі әйел жынысы өкілдерінің көркем жинақталған тұлғасы. Теңіз ортасында Барсакелмеске барғаны да, ондағы адамдар үшін дәрігерлік қызмет жасауды жолға қойғаны, жігерлі әйел-күрескердің табиғи бітім-болмысын көрсетеді:
«Ұмытханның Барсакелмеске келуі аралдағы тіршілікті түбірімен өзгертіп жіберген-ді. Екі бөлмелі тоқал тамның екі жағынан екі есік шығарттырып алды. Бірі – жатар орын, екіншісі – емхана. Алдымен үйме-үй кіріп, қорықшылардың тұрмыс-жағдайларымен танысты. Отбасы мүшелерін тізімге алды. Дәрігер қызға жалаңаш тәнін көрсеткісі келмейтіндер талай сылтауды үйіп төкті-ай келіп. Үйлеріне түнемей, қорықшының қамыс қосында қонып қалатындарды қатаң тәртіпке шақырды. Монша жаққызды. Қорықшылардың қарақошқыл өңдеріне қан жүгіре бастады. Баяғы жаға жайлауға кететін, алқам-салқам жүріс аяғын таратты» [153, 135 б]. Бұл – мамандығы бойынша адамдардың тұрмысына қолынан келгенше жақсылық жасауға ұмтылатын іскер адамдар қызметі ықпалының көрінісі.
Жеке басының отбасылық-тұрмыстық сәтсіздігінен күйреп, қирап қалмай, өзіндік еңбек құлшынысымен тіршілік әлеміне жақсылық жасауды зор бақыт санайтын адамдар да мол. Бала тумағаны үшін өзін ұрып-соға бастаған сезімсіз Тұрсынбайдан, бедеу келіннен құтылуды айтып бебеулеген безбүйрек енеден өзі кетіп құтылған Ұмытхан арудың ешкім барғысы келмейтін Барсакелмес қорығына дәрігер болып барғаны, адамдарды емделуге, тазалықпен жүріп-тұруға үйретуі, өзінің сол қызметіне мейлінше ықыласты пейілімен кірісуі – бәрі де Жаратушы Алла сыйлаған ұлы тіршілікті адамгершілік-имандылық көзқараспен бағалаудың үлгісі.
Ұмытханның поэтикалық бейнесін даралауда мынадай қасиеттері саралана байқалады: біріншісі – сәтсіздіктен мойымайтын, қарапайым қызметімен әлеуметтік ортаға өзіндік үлесін, жақсылығын жасай алатын күрескерлігі, қайсарлығы; екіншісі – кескін-келбетімен, сүйкімді жүріс-тұрысымен адам назарын аударатын сұлулығының сақталғаны.
Роман кейіпкерлері Ұмытхан мен Баймырза тағдырларының сабақтасатын жері – олардың Барсакелмес қорығындағы дастарқан үстіндегі алғашқы жүздесіп отырған сәті. Республика су шаруашылығы министрінің орынбасары Баймырзаның министрліктің, аудан басшыларының Арал теңізіндегі Барсакелмес қорығында аунап-қунап жатып екі-үш күн аң аулайды [153, 137 б] деген ұйғарымымен келген сапары Ұмытхан екеуінің бір-біріне көңілдері ауғанына, оның арты Ұмытханның екі қабат болуы, Қабыл есімді перзентті болғанына ұласты. Ұмытханның Баймырза назарына ілінген сәті де өмір шындығына сәйкес қалпынша суреттелген:
«Ал мына керемет Баймырзаның үш ұйықтаса түсіне кірер ме? Жан-жағын телегей-теңіз қоршаған аралда адам айтса нанғысыз айдай сұлу шынашағын майыстырып, қарсы алдында шай құйып отыр. Жебе кірпіктерін әнтек қағысының өзі неге тұрады! Дала желі армансыз сүйген бейкүнә бетінде бір сызық әжім жоқ. Опа-далаптан ада. Бәрі табиғи, орынды-орынсыз сызыла қалатын қазақы ибалықтың илеуіне көніп, соған біржола құлаған да емес, танымайтын өзге жұрттың алдында именбей кісіге тіктеліп қарайтын әдемі жанар үн-түнсіз өз иіріміне батырып барады» [153, 139 б].
Ұмытханның өз сезімін ардақтаудағы қасиетін де шығармадағы баяндаулардан түсінеміз. Күйеуінен ажырасқалы ешкімге назарын да салмаған Ұмытхан Баймырзаның өзіне көңілі ауғанын, өзінің де соған ықыласты екенін сезінеді. «Басы бос, етегіне оралып жатқан баласы жоқ, сыбай-салтаң» Ұмытханның өзіне көзін тіккендерді де, сөзін салғындарды да қайтарып тастап, абыройын, арын асқақ ұстап келген еді.
Роман кейіпкерінің осындай берік жан дүниесінің Баймырзамен кездескеннен кейінгі психологиялық хал-ахуалын жазушы табиғи қалпымен елестетеді:
«Ал мына Баймырзаның бір пәлесі бар, арбап алатын бір сиқыры бар. Оның екі күннен соң Баракелместен мүлдем жоғалатынын, келісті кескін-келбетін енді қайтып көре алмайтындығын, жолдарының жуық маңда қайта тоғыспайтындығын білсе де, белгісіз бір тылсым кұштің әсерімен Баймырзаны ойлайды. Көзі ілінісіп кетсе де соны көреді» [153, 143 б].
Ұмытхан мен Баймырза көңілдері тоғысуының екі күндік қауышуы нәтижесін автор «Құрсақ көтермегендігі үшін күйеуінен ажыраған Ұмытхан бойына бала бітіп қалғанын екі айдан соң барып бір-ақ аңғарды» [153, 143 б] деп түйіндейді.
Ұмытхан – өз бақытын аялау, сақтау жолында қайсарлығын, батылдығын ешқашан жоғалтпайтын әйел-аналардың жинақталған тұлғасы.
Екі күндік төсектегі қауышудан кейін өмір бойы жүздеспесе де Баймырзаның амандығын, абыройын ойлаумен жүреді.
«Сол Баймырза қонақ болып кеткеннен тура тоғыз ай, тоғыз күн өткенде ... бұл тағдырдың шеберлігіне не берерсің, Ұмытхан босанды ғой» [153, 204 б]. Қабылы құндақтауға жараған кезде Баймырзадан сүйінші сұрауға Ұмытхан қалаға келеді, телефон соғып, сүйінші сұрайды. Шошып кеткен Баймырза өзінің үкімет адамы екенін, Қабылды баласы деп білгісі келмейтінін мәлімдегені, сол азар да безер қалпынан айнымай өткені – роман композициясында бастан-аяқ өрілген. Ал, Ұмытхан өз ісін мойындауға ерлігі жетпеген мүсәпір Баймырзаны сүйген көңіл отын өшірмей, оған зияны тимеуін ойлап оған ауырып жатқанда да келмейді.
Ұмытхан – өзіне кездейсоқ бақыт-перзент сыйлаған Жаратушы Аллаға дән риза әйел. Баласы Қабылдың жастайынан ең асыл, жақсы қасиеттермен қалыптасып өскеніне аналық махаббатымен жүрегі елжірей қуанады, шүкіршілік етеді. Әсіресе, қорықтың аң-құстарын атуға келгендерге қарсы тұрып, мылтықтарын тартып алып, өздеріне қарата тек қорқытып атып қуып жіберген баласының қайсарлығына, әрі оларды өлтірмеген ұстамдылығына сүйсінеді:
«Біреулерге шектен тыс қызу қандылау боп көрінгенімен тормозы мықты ғой Қабылжанның! Аңғарымпаз. Жан-жағын телегей-теңіз қоршаған аралда тел өскендігінің белгісі шығар, бәлкім, әрбір істің шешімін тез таба қояды. Тіл-көзден сақтасын, басы мәшине секілді бейнебір. Алдағы күндердің де шаруасын тез шешеді. Ашуын ақылға жеңдіре біледі. Сол түбің түскірлердің тұқымын тұздай құртар еді ғой басқа біреу болғанда! Қолында алтыатар. Неден қорықсын, қоғадай жапырар. Ал Қабылдың сол ұстамдылығын ескерді ме әлгі қорқаулардың біреуі» [153, 200 б].
Бұл – тас емшегін жібіткен, тар құрсағын кеңіткен перзентіне арналған бүкіл Ананың мәңгілік көзқарасының үні. Перзентінің бойындағы жақсы қасиеттеріне қуаттана, шабыттана өмір сүретін ана атаулының жүректері фәниден бақидан өткендерінше тек ғана перзенті үшін соғады. Ұмытхан баласы Қабылының аң-құстарды қыруға келген браконьерлерге қарсы тұрғанына қуанады, бірақ сол келген әкім-қаралар балаларының өздеріне қарсы шығып айбат шеккен Қабылдың қылығын керісінше бағалатып, түрмеге тықтырған әділетсіздікке күйінеді. Озбыр өзімшілдердің қорлығына еріксіз бас иіп, Қабылдың соларда кешірім сұрауын да өтінеді, тіпті өзі-ақ жалынып кешірім сұрағысы келеді. Бірақ, өзінің де, шешесінің де озбырлардан кешірім сұрауына Қабыл көнбейді.
Ұмытхан тіпті сол сәтте Баймырзаның Қабылдың әкесі екендігін мақтаныш етіп, мынау қорлықтан, жазықсыз жазалаудан соның құтқаруынан да үміттенеді. Өзі шын жақсы көрген адамның табиғи бітім – болмысынан әлдеқайда зор, биік қалпын ойымен, қиялымен жасап алатын адам санасы көркемдік ойлауының құдіреті – қалыптасқан жағдай. Романда Ұмытхан мен Қабыл хал-ахуалының осындай шиеленісті сәтінде Баймырзаның Аралға іссапармен келіп, кенет сырқаттанып ауруханаға түсіп қалуы да Жаратушы Алла құдіретінің қисыны тұрғысында баяндалған.
Достарыңызбен бөлісу: |