Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет22/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

ЖИЫРМАСЫНШЫ ТАРАУ
Науфал мен Мәжіннің әкесінің арасындағы достық қарым-
қатынастың беки түскені, Мәжіннің далаға қалай қашқаны 
және онда Ләйлінің тайпасының қойшысын қалай кезіктіргені,
 Мәжіннің қалай есі ауысып, қойға немесе «Құрбан» айтта 
 Құрбандыққа шалатын хотан елінің елігіне ұқсап жабайы 
болып кеткені хақында. 
Әндетіп өлең-жырдан түйе мінген,
Пендені жан-тәніммен сүйемін мен:
Оралып есалаң ұл келгенде елге, 
Бір жылап, бір қуанды көргендер де.
Қуанып аспанға атты әке бөркін,
Жайнатып шыға келді шеше көркін.
Баласын шыттай жаңа киіндірді,
Көргенді, естігенді сүйіндірді.
Айтысты құтты болсын келген-кеткен,
Бұл хабар Науфалға да жылдам жеткен.
Қайғыдан қақ жарылып көкірегі,
Науфал да алаң болып отыр еді.
Жеткенде мына хабар қуанышты,
Асығып көруге оны құрақ ұшты.
Әмірдің тайпасына тез аттанды,
Қайғы мен ұмытылып азап қалды.
Қарсы алды қолбасшыны құлдық ұрып,
Алдында күтушілер мың бүгіліп.


135
Тайпаның көңілі толып төресіне,
Науфалдың көкке жетті төбесі де.
Елжіреп ықыласты сезімменен,
Көрісті құшақтасып Мәжінменен.
Кездесу көп нәрсені ойға салды,
Науфалдың құрметіне той жасалды.
Науфалды таң қалдырып той табағы,
Мәжінді мұңға батқан байқамады.
Батар күн көкжиекпен қолтықтасып,
Шаттанып Науфал тұрды шалқып-тасып.
Ойланып көк аспанға көз жіберді,
Келешек бұлдыр қағып белгі берді.
Ақ жүрек, Науфал батыр ер көңілді,
Дүрмекпен аттың басын елге бұрды.
Өмірден қажып Мәжін күнде айныған,
Жамылды қалың көрпе мұң-қайғыдан. 
Әкесі аттандырып қонақтарын,
Толғанды төңірегінің орап бәрін:
«Науфалмен атақ-даңқы жерді жарған,
Дос болам ғұмырымда енді қалған.
Көтерді төбесіне мына мені,
Бекерге келген жоқ-ау, сірә – деді?»
Науфал мен Мәжін таныс бұрыннан да,
Ойына түсті ұлына бұрылғанда:
Саларда сойқан соғыс ұлы сында,
Тастаған Мәжін үшін қылышын да.
Жақсының ғанибет қой жүзін көрмек,
Мәжінге ойы бар ма қызын бермек?
Әй, бірақ Қайысқа қыз береді ме?
Көз жетпес келуінің себебіне.


136
Ат ізін бұған дейін салмап еді,
Келді ме сынағалы әлде мені?
Ілтипат көрсетпесе асыл ерге,
Тірідей кіргені ғой басы көрге.
Барғанда айқара ашар маған есік,
Қайтармыз құда түсіп уәделесіп.
Әлсіз бен күшті сірә теңесе ме?
Ығына жығыламыз не десе де.
Осы оймен ақылға сап құрды кеңес,
Өткізген мәслихаты бұл бір емес. 
Шешті олар: «Ұят болар құдамыздан,
Қалсын, – деп, – Қайыс үйде!» бірауыздан.
Жайнаған түнгі аспанда шамын жағып,
Жұлдыздай жиналды жұрт шоғырланып.
Уақытты өткізбесе әңгімемен,
Қысқартар жолаушылар жолды немен?
Қалың топ шаттық туын желбіретіп,
Науфалдың ауылына келді жетіп.
Көрсетпей қисық мінез құбылмалы,
Науфал да өз жолынан жығылмады. 
Әр істі ақылменен ойластырды,
Құрметпен қонақтарын жайғастырды.
Сонан соң той-думанға берді кезек,
Шалқитын, шаттанатын келді мезет!
Қонақтар орын алып биік төрден,
Көкейге сөзін айтты түйіп келген.
Науфалдың майдай жақты құлағына,
Айтқан сөз көптен күткен құда мына!


137
Деді ол: «Құп аламын сөзіңді жөн,
Талайдан білемін ғой Мәжінді мен.
Байламын айтқан едім былтыр-дағы,
Қояйық қайталамай бұл туралы.
Мәжінді мен қалайша сыртқа тебем?
Төбеме өз ұлымдай тік көтерем!
Ал, сіздер қайтыңыздар уайымдамай,
Мен білем өткізуді тойын қалай.
Мәжінді қызымнан мен кем көрмеймін,
Жалғанда ешкімді оған теңгермеймін!»
Осылай келтесінен ойлады да,
Кірісті апыл-ғұпыл той қамына.
Мәз қылды құдаларды той хабары,
Ал, бірақ, түбін олар ойламады.
Таба алмай маңайынан жанашырды,
Үйінде Мәжін жалғыз аласұрды.
Кенеттен махаббаттың оты лаулап,
Құмартты күн көруге кетіп аулақ.
Ғашықтық өртемесе жындана ма?
Қайтадан қашып кетті құм далаға.
Киімсіз жарымеске жан қарамас,
Зу етіп зытып берді жап-жалаңаш.
Беті ауған жаққа кетті қаңғыды да,
Разы осынау бір тағдырына.
Далада есіл дерті, зыр жүгірді,
Түнеріп күтіп алған түнге үңілді.
Жұлдыздар жамырады көк аспанда,
Жол сілтеп қара түнде адасқанға.


138
Сүттей боп көкжиектен таң көрінді,
Жалықпай жырға қосып мәңгі өмірді.
Күн шықты шұғыла шашып күлшедей боп,
Дегендей тарттың неге мұнша бейнет?
Құлағы бір дыбысты шалды кенет,
Қойшы екен, сәлем берді әлгіге кеп.
Көргенде өңін бірден шырамытты,
Жан екен жүзі жылы туа бітті.
Сүйеніп әрең тұрған аяғына,
Мәжінді қойшы қатты аяды да,
Сұрады бейшараның хал-жағдайын,
Неліктен мұнда қашып келген жайын.
Деді оған: « Осы сені көрдім қайдан,
Кездеспеп едің бұрын бұл маңайдан?»
«Мен сені, – деді, қойшы, – танып тұрмын,
Жығылмай аяғыңа неғып тұрмын?
Жасымнан жаяу жүріп қой бағамын,
Күндіз-түн малдың қамы – ойлағаным.
Жүргенің сенің азып қайғынікі,
Ал, менің баққан қойым – Ләйлінікі.
Мен сені білемін ғой бала жастан,
Қайғылы күндеріңді сан адасқан.
Ашиды көптен жаным менің саған,
Дертіңнің керек болса емін табам!»
Қойшының құшты аяғын жалбарынып,
Жылтырап көрінгендей алдан үміт.
«Қансырап, қалжыраған әбден жүдеп,
Сөзіңнен қуат алды солған жүрек.


139
Қайырып жүргеніңмен өрген малды,
Исадай
11
тірілтесің өлген жанды.
Мұсадай
12 
сенің дұғаң жұртқа мәлім,
Ұшырап көрген емес жұтқа малың.
Аронның
13
таяғындай заманда өткен,
Таяғың айдаһардай қаһар төккен.
Жоқ жерден Қызыр
14
болып кезіктің сен,
Жолықтым жанды суға сезіп-білсем.
Сен артық сәуле төктің жарық күннен,
Ұшынған махаббаттан ғаріппін мен!»
Қойшы айтты: «Жансың маған қымбат сонша,
Қасымда аялдашы күн батқанша.
Алдыңнан күтер әлі көп сыбағаң,
Дертіңнен айыққаның жақсы маған».
Ал, Мәжін кешті күтті құмда жатып,
Ұзарып, бермей қойды күн де батып.
Түн басты қас қарайып айналаны,
Қойшы да қорасына қой қамады.
Мәжінге қой терісін беріп тұрып,
Былай деп тілге келді жөн ұқтырып:
«Киіп ап қой терісін қойға қосыл,
Табылмас енді мұндай айла-тәсіл.
Таң атса нұр шашады күннің жүзі,
Ләйлі де сондай жарық түн жұлдызы.
Алғайсың мына сөзді ойға сақтап,
Бесінде қой сауамыз қой қосақтап.
11
Иса – Исус пайғамбар
12
Мұса – Мұса пайғамбар 
13
Арон – Мұсаның ағасы 
14
Қызыр пайғамбар


140
Топ қызбен Ләйлі келер серуендеп,
Сол кезде сәт туады сені көрмек.
Қасыңа жақын келіп қарағанда,
Көзіңді салып үлгер сен оған да!»
Қойшының ақылының иі қанды,
Үстіне қой терісін киіп алды.
Теріге бүтін сойған сүңгігенде,
Қойға ұқсап төрт аяқты тұрды демде.
Серуенге құрбылармен Ләйлі келді,
Аралап үйездеген қойды көрді.
Құйындап кетті кенет жасыл аймақ,
Ләйлінің жанарында жасын ойнап.
Қозғайды қасіретін бір түптегі,
Қаралы қайғы жұтқан кірпіктері.
Өртесе сұлулығы ақылдыны,
Өртейді ақымақты жасын нұры.
Мұндай жан енді қайтіп жаралмайды,
Көргеннің көкірегіне салар қайғы.
Ажарын жарқыратқан түз даланы,
Пенде емес, періште де қызғанады.
Ләйліні анадайдан көзі шалып,
Сылқ етіп Мәжін демде қалды талып. 
Сыртынан айдай толып көрінгенмен,
Жүрегі сағынышқа орын берген.
Езіліп тұрғанменен өксіп іші,
Қызарған жасырады беттің ұшы.
Жүрегін ауыртады үзілдіріп,
Ыстық жас жапырақтай жүзін жуып. 


141
Ыңыранды жатқан Мәжін құлап әлгі,
Сілтідей жер мен аспан тына қалды.
Шаң қауып, орнағандай ақырзаман,
Отардың қалды астында топырлаған.
Жылады көмейіне өксік толып,
Дүр етіп қойлар үрікті быт-шыт болып.
Жан-жаққа бытырады андыз-андыз,
Орнында Мәжін аунап қалды жалғыз.
Өмірде шым-шытырық не болмайды,
Шошына жалт қарады оған Ләйлі.
Көрінбей бұрқыраған шаңнан үсті,
Бұлқынған ғашығына көзі түсті.
Көргенде не болғанын білмей қалды,
Бір сәтте күйіп-жанып күлге айналды.
Қарайып қара шаштай алма жүзі,
Өңінде қуаныштың қалмады ізі.
Есінен қас-қағымда жаңылғандай,
Қан жұтып, қалжырады сең ұрғандай.
Бере ме сұрағанмен Құдай жоқты,
Бас салып, сүйген жарын құлай кетті.
Төккендей қызып тұрған шоқты күлге,
Талықсып Мәжінменен жатты бірге.
Жан болса пәк махаббат дәмін татар,
Ғашығын түсінде де көріп жатар.
Көргенде құрбылары болған істі,
Шошына шеттерінен таң қалысты.
Бәйек боп күтушілер жылмаң қаққан,
Ләйліні алып кетті талып жатқан.


142
Жасырып не болғанын ата-анадан,
Келгендер тайып тұрды босағадан...
Қайыстың қалған әке орнын сипап,
Кеткендей күңіренді дұшпан ұйпап.
Көзінен ыстық жас қып төкті мұңын,
Ізіне қайта түсіп кетті ұлының.
Мәжіннің мекен-жайын кеп тығылған,
Ақыры сұрай-сұрай тапты құмнан.
Мәжінді құм астынан суырып ап,
Қайғырды қайран әке туы құлап.
Тым-тырыс, тына қалған дала төсі,
Ес жиса, көз алдында тұр әкесі.
Не болып, не қойғаны жоқ есінде,
Ұмытқан қой мен қойшы елесін де...
Айманның даласында сені көргем,
Сен – қойшы, мен – итіңмін соңыңа ерген!
Жырлаудан сені үзбейді жаным күдер,
Кәнеки, қылдан нәзік қолыңды бер!


143


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет