2.3.1 Метафоралық тіркестер коннотациясы
Метафораның қызметі арқылы тілдің лексикалық және фразеологиялық қабаты, жалпы сөздік құрамы, бір ұғым аясы кеңи түседі. Сөздің метафоралануы арқылы сөз саны өспегенімен, мағына аясы көбейеді. Метафора – көптеген тіл қабаттарының шығу көзі. Фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер метафораға негізделіп жасалады.
Мәшһүр Жүсіп поэзиясындағы тіл кестесін суретті жеткізетін сөз өрнектерінің қалың тобы образды фразеологизмдер болса, олардың көбі метафоралы тіркестер екенін байқаймыз. Сегіз ұжмақ есігі бұған ашық; Шапағаттың билігі махшар күні; Бұл дүние ақыреттің егіні екен. Мәшһүр Жүсіптің авторлық метафоралық тіркестерінен діни коннотация байқалады. Ақын өлеңдерінің қай-қайсысын алсақ та, имандылық, Алланың ақ жолын уағыздайды.
Ұшыратын ләззаттың дауылы соғып. Ақын «ләззаттың дауылы» тіркесі арқылы нәпсіқұмарлықтың зиянын сөз етеді. Ол осы дүниеде Алланы ғана сүй деген уағыз айтады.
Айнасынан көңілдің кетір шаңды. Ақын «көңілдің айнасы» тіркесі арқылы имандылықтың адамның ішкі жан дүниесінен мәңгілік орын алуы керектігін түсіндіреді. Осы орайда Мәшһүр Жүсіп пен Абайдың үндестігіне тағы бір шолып кетуге болады. Абай қолданысында «жүректің айнасы» деген тіркес бар екені белгілі. Ол қырық үшінші қара сөзінде: «Жүректі мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық – бұл төрт нәрсе бірлән кірлетпей таза сақтаса, сонда сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық раушан болып түседі», - дейді. Абай жан қуаты дегенге түсініктеме бере келіп, жан жүрек айнасы таза болғанда ғана қуаттанатын түсіндіреді. Ақын бүгінгі психологияның қағидаларын қарапайым мысалдармен дәлелдейді. Айтпағымыз, екі ақында да адамның жан дүниесі сөз болады, әлем бейнесін қабылдауында да үндестік бары байқалады.
Ақында идеялық-эстетикалықты, бейнелілік және стильдік ерекшелікті, ой айқындығы мен мазмұн тереңдігін сияқты прагматикалық ерекшеліктерді аңғарту үшін қолданылатын метафоралық тіркестер төмендегідей болып келеді: жалғанның өмір бойы уын іштім, имандының шырағы әр кез өшпес, басылған Құдірет мөрі таңдайына, ашылып жүрек көзі, көрген адам, махаббаттың нұрынан мөрді басты, таусылмас қияметтің мәселесі, ішіндегі пейіштің көркіне енді, неше түрлі құлпырып нұрдың назы, қысы кетіп замана шықты жазы, бұ заманның құрылып бау-бақшасы және т.б. Осындай метафоралық тіркестердің шығармаларында мол кездесуі Мәшһүр Жүсіптің авторлық даралығын, яғни шығармашылық контексін көрсететін белгі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |