Кәріпжанова айнұр оралқызы фразеологиялық коннотацияның прагмастилистикасы



бет6/28
Дата05.12.2022
өлшемі275 Kb.
#466512
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28
ainur09

1. Номинативтік тіркестер. Дарханына Құдіреттің қол қусырды; Және де қолы ашық, намазы көп; Молайып төрт түлігі санға жетсе; Тура жол түзу бастар оңған жаққа; Сұм дүние әуре қылған жұрттың көбін; Аударып ақ пейілін бұзықтыққа.
2. Фразеологиялық бірліктер. Нәрсені мойнына алды жетпес күші; Қандырады о дағы құлақ құрышын; Құр алақан жалғаннан өттің босқа; Бой тоқтатып, өз аузын баға алмайды.
3. Мақал. Дүниенің ең аяғы бір тиын ғой; Еңбексіз халал емес ішкен ас; табанды айтқан жолдан біз тайдырсақ, түбінде жібермес деп тұз бен наны; Жаманнан бөз қалады, жақсыдан сөз, Дүниенің келуі оңай, кетуі тез; Бір татқанға қанағат қылған жандар Тәңір алдына көркейіп мәз боп барған; Ай – кірсіз, Құдай – мінсіз демеді ме.
4. Мәтел. Шара не басқа түссе, пенде көнбей; Болат мәтін қанжармен – тесілген тас, «Тесік тас, - деген сөз бар, - жерде қалмас»; Алтынның шыққан жерін белден қаз; Бірдей боп бұ базарда атлас пен бөз; Жаяудан шаң шықпайды, жалғыздан – үн; Болсын да сөзім сырға құлақтыға.
5. Қанатты сөздер (Афоризмдер). Жақсының өзі өлсе де, өлмейді аты; Тойған тоқтық бұзады адамзатты; Бұл дүние жиған жанға - жылан, Көрмеген ешкім опа мұнан; Есті адам – қанағатты, Қанағатты адам тиянақты, Тиянақты адам көнтерлі, Көнтерлі адам қайғысыз, Қайғысыз адам бақытты, Ендеше есті адам бақытты болады; Не нәрсе парыз болса – ғылым парыз, Ғылым білсең, өтелер қанша қарыз.
Мәшһүр Жүсіптің шығармаларынан алынған жоғарыдағы тіркестерді құрылым мен құрылысы тиянақтылығына, сыңарларының біртұтас мағына беретініне және даяр қалпында қолданылуы белгілеріне қарап, фразеологизмдер деп атауды дұрыс деп есептедік. Бұлай атауымызға қазақ тіл білімінде бұрыннан қалыптасқан ғылыми тұжырымдар арқау болды (І.Кеңесбаев, С.Исаев, Н.Уәли, Г.Смағұлова, Г.Қосымова).
1.2 Фразеологиялық коннотацияның прагматикасы тараушасында фразеологизмдердің семантикалық құрылымындағы коннотация туралы ғылыми тұжырымдар, ұғымдар жүйеленеді. Коннотация мәселелеріне арналған ғылыми еңбектерді қарастыру барысында коннотацияның тіл бірлігіне эмоциялық, стилистикалық рең үстейтіні, кең мағынада коннотация тіл бірлігінің грамматикалық және заттық-ұғымдық мағынасы – денотатты толықтырып, оған экспрессивті рең беретін түрі, ал тар мағынада коннотация – тіл бірлігі мағынасының бір бөлігі, сол мағынаның ассоциативті-бейнелік ішкі тұлғасын түсінуден туындайтын қосымша мағына екендігі анықталды. Сондай-ақ коннотацияның прагматиканың бір мүшесі болып, мағынаға үстеме түрде әсер ете алатындығы, тілдегі экспрессиялық нұсқаны жүзеге асырушы құрал болып табылатындығы және эмоционалдылық, экспрессивтілік, бағалауыштық және образдылық категориялары коннотаттық мағынаның компоненттері болып табылатындығы айқындалды. Коннотация құбылысы адамның психологиялық және тілдік қызметінің көрінісі болуымен қатар аталған тіл білімі теориясымен және психологиямен байланысқа түсе алады және сонда түсіндіріледі. Оған эмоция, экспрессия, бағалау және стилистикалық мән енетіні белгілі.
Фразеологизмдер коннотациясы және оның прагматикасы бір-бірімен өте тығыз байланысты. Прагматиканың басты мақсаттарының бірі – сөздің қолданылу ерекшеліктерін түсіндіру және қалай түсіндірілетінін анықтау. Прагматикалық зерттеу пәні, шекаралары, оның басқа ғылымдармен байланысы, ғылыми бағыт ретінде анықталуы тіл білімінде де үнемі талқыланып келеді. Бұған қатысты мәселелер Г.В.Колшанский, И.Н.Сусов, Ю.С.Степанов, Н.Д.Арутюнова еңбектерінде қарастырылды. Фразеологизмдердің қазіргі зерттелу бағытына байланысты олардың дүниенің тілдік суреті ұғымы арқылы, яғни танымдық тәсілдерді қолдана отырып, олардың тереңде жатқан құрылымдарын зерттеу, сондай-ақ, тілдің барлық деңгейлеріне енген коммуникативтік-прагматикалық қатынас фразеологизмдердің де қызметі, уәжі және қолданылу мақсатын ашуға негізделгені дәйектеледі.
Тіл біліміндегі прагматика ұғымы туралы тұжырымдардың барлығы әсер ету нәтижелерін талдауға негізделген. Онда адамның, яғни автордың қажетті тілдік бірліктерді таңдаудағы және мақсатқа жету барысында ақпаратты беру қабілетіне ерекше назар аударылады. Прагматика тілдің сөйлесім тәжірибесін халық өмірімен байланыстырып, адамның әлемді қабылдау ерекшеліктерінің когнитивтік базасын, ұлттық-мәдени дәстүрлерін, танымын тануды үйретеді.
Демек, фразеологиялық коннотация прагматикасы – бұл фразеологизмдердегі эмоционалдық, экспрессивтік, бағалағыштық, стилистикалық, ассоциативті-бейнелі компоненттердің ықпал ету, әсер ету қасиеті.
Біз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қолданысындағы фразеологизмдер коннотациясын прагматикалық аспектіде қарастырғанда, ақынның коммуникативтік іс-әрекетінде өзінің ниет, пиғылын, аялық білімімен қоса белгілі прагматикалық мақсатқа құрылған ойлау стилі арқылы тілдік таңбаларды таңдай отырып, өз туындысының мағыналық-ақпараттық және эстетикалық мән-мазмұнын ашып бере алатындығына көз жеткіздік. Фразеологизмдер ақынның объективті шындық болмысты қабылдауындағы сезімдік және танымдық іс-әрекетінен туындай келіп, өмір тіршілігінің барлық саласымен ұштасып жататыны анықталды. Осындай фразеологизмдерінен ақынның өмірлік тәжірибесі, танымдық деңгейдегі қорытынды пайымдары байқалады. Мысалы, Дүниеде болсаң жақсы, ат қалады, Ұстадан – тат, молдадан хат қалады («Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» мақалымен мағыналас фразеологизмінің ішкі формасынан ақынның өмірінен түйген қорытындысы байқалады); Түлкінің құйрығындай бұлаңдатып, Құйрығымен сәлденің тапты малды (Фразеологизм коннотациясынан адамдардың бейнесін ашудағы экспрессивтік, бағалауыштық қасиет байқалады, яғни жиіркену, жақтырмау мағынасы көрінеді); Дүние үшін жанның бәрі қайғы жеген немесе Дүние – бір бұлаңдаған қызыл түлкі (Ақынның эмоционалды күйі фразеологизм мағынасына бойлай еніп, оқырманын да сондай күйге түсуге уәждейді, адамдарда болатын дүниеқоңыздық сияқты қасиетке баға береді. Дүние үшін қайғыру өмірдегі негізгі ұстаным емес екендігін түсіндіреді, дүние – қолдың кірі, бірде бар, бірде жоқ болатынын бұлаң-бұлаң еткен түлкі жүрісіне балап, халық танымына түсінікті, образды түрде жеткізеді.); Қызыл жүз қурай болып келді күзге (Мәтел іспетті бейнелі тіркесінен экспрессивтілік, эмоционалдық байқалады.); Екі дүние – нұры ғылым, Амалдап ұстамасаң, жойылмағы (Аталған фразеологиялық оралымнан эмотивтік сема мен бағалауыштық семаның тығыз байланысты екені байқалады. Мұндағы «нұр» лексемасында әрі эмоция, әрі бағалау мәні бар.); Жатқанмен алтын жерде кір болмайды, Жай тас пен дүрдің құны бір болмайды (Фразеологизмнен астарлы ой байқалады. «Алтын» сөзінен жағымды бағалағыштық коннотация көрінеді және ол «Жай тасқа» жағымсыз бағалағыштық қарама-қарсы мәнде алынып, адамға қатыстырыла айтылғаны айқын.). Осы фразеологизмдерден бағалауыштықты, экспрессивтілікті, эмоционалдықты, ассоциацияны анық байқаймыз. Олар коннотацияның компоненттері екені белгілі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет