Л.Н. ГУМИЛЕВТІҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ РУХАНИ ПОТЕНЦИАЛЫ НЕГІЗІНДЕ СТУДЕНТТЕРДІҢ ТАНЫМДЫҚ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ9
Л.Н.Гумилевтің күреске толы өмір жолы, шығармашылық ізденістері мәдениеттанытушы мұралары, менталдық сапалары элиталық университет студенттері үшін тарихи тағылым, мәдени-педагогикалык үлгі. Гарвард және Оксфорд сияқты элиталық университет деңгейлеріне көтерілу мақсаты маман даярлау ісімізде бізді бірқатар ізденістерге бағдарлайды. Солардың бастысы болашақ мамандарымыздың әлемдік бәсекелестікке төтеп беру қабілетін дамыту. Бұл ретте бәсекелестікке төтеп беру ұғымын студенттің білімділігімен, кәсіби құзыреттілігімен шектеуге болмайтынын да айта кетуіміз керек. Себебі қазіргі гуманитарлық парадигма бойынша тұлға кәсіби құзыреттілігімен, іскерлігімен ғана бағаланбайды. Тұлғаның білімділігі оның іскерлігімен және мәдениеттілігімен үйлесуі қажетті шарт болып отыр. Себебі білім мен ғылым иесі атанған жаңа ғасыр адамының мәдениет иесі атанатын кезі туды. Қазіргі педагогикалық үдерісті (болашақ маманды оқытып, тәрбиелеу үдерісі) әлемдік мәдени-ақпараттық процестің бір бөлігі ретінде, ал тұлғаны мәдениетті игеруші ғана емес, оны таратушы, жалғастырушы ретінде қабылдауға бет алдық. Осындай кезеңде әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке дайын болудың бір шарты білімділік десек, екінші шарты мәдениеттілік болып табылады. Бұл ретте мәдени білімімен, танымдық мәдениетімен қоғамдық ой-сананың ілгерілеуіне ықпал еткен көрнекті тұлғалардың бірегейі Л.Н. Гумилевтің өмір жолы мен шығармашылығының тағылымы ерекше. Ұлы ойшылдың өнегесін жастар бойына сініруді өз тәжірибемізде мынадай үш бағытта атқарып келдік: 1. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарында. 2. Бастауыш мектеп педагогикасы және оқыту әдістемесі мамандығының студенттеріне оқылатын таңдаулы курстар арқылы. 3. Студенттермен өткізілетін мәдени шаралар негізінде. Жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан түрлі мәдени шараларымызда Л.Н. Гумилевтің жеке бас қасиеттері мен шығармашылығын мынадай мазмұнда қамтып келеміз: 1. Тектілігі. 2. Болмысы. 3. Рухани потенциалы. 4. Планетарлық ойлау қабілеті. 5. Ғылыми диапазоны. 6. Танымдық мәдениеті, құндылықтары.
Бірінші бағытымызды жүзеге асыруымыз студенттер арасындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына жауапты міндетімізбен байланысты болды. 2004 жылдың оқу жылынан бастап (қазан айынан) студенттердің ғылыми-шығармашылық лабораториясын құрып, оны қазақ және орыс тілдерінде жүргізіп отырдық (бізде қазақ тобында оқитындар саны өте аз). Арнайы құрылған жоспар бойынша жылына 3 рет студенттер арасында семинар өткізілді. Семинарлар барысында атқарылған ізденістер біздің «Педагогикалық мәдениеттану» саласы бойынша ғылыми зерттеуіміздің ғылыми эксперимент жүргізу мақсатымен де байланысты болды. Сонымен қатар университет әкімшілігі тарапынан белгіленген «Менеджмент сапасының жүйесі» бағытындағы «Студенттердің ғылыми-зерттеу процесінің картасы» бойынша белгіленген бағыттар да жүзеге асырылып отырды. Лаборатория мүшелері жыл сайын курс студенттерімен жаңарып, толығып келді. Семинардың басты мақсаты студенттердің, ғылыми-зерттеу қабілетін қалыптастыру ғана емес, сонымен қатар танымдық мәдениетінің, мәдениеттілігінің деңгейін анықтау, құндылықтарын білу болды. Әрбір семинарға арнайы тапсырма бойынша дайындықпен келген студенттер өздерінің рефераттарымен шығып сөз алды. Ол рефераттардың тақырыптары мен мазмұны Л.Н. Гумилевтің балалық, жастық-студенттік шағынан бастап, оның текті әулеті туралы биографиялық материалдарды қамтып отырды. Семинарды үнемі арнайы жабдықталған Гумилев кабинетінде өткізіп, Гумилев туралы видеофильмнен үзінділерді пайдалану жағымды әсер қалдыратындықтан, көбіне сол кабинетті пайдалануға тырыстық. Тіпті сырттай оқитын студенттерге оқылатын таңдаулы курсымызды да Гумилев кабинетінде өткізіп тұрдық. Алғашқы семинарымыз Гумилевтің текті әулетіне арналып, оның анасы Анна Ахматова мен Николай Гумилевтің шығармашылығын талдадық. А. Ахматова мен Н.Г. Гумилев өлеңдерінің мағынасын ұғынып, жаттау және мәнерлеп оқу студенттердің сезімін тербеді, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған отбасылардың қилы тағдырын түсінуге, ондай ортаның бала Левтің мінез-құлқына ықпалын білуге мүмкіндік берді. Лев Гумилевтің студенттік кезеңдерін зерттеп, реферат жазған студентіміз осындай қуғын-сүргіннің келешек ғалымның жан дүниесіне, сана-сезіміне, түлға ретінде қалыптасуына арнайы тоқталып, педагогикалык талдау берді. Ұлы ойшылдың азамат, ғалым әрі әулеттің мәдени дәстүрін жалғастырушы ретіндегі даму кезеңдерін ашып көрсетті. Әрбір семинардан соң лаборатория мүшелері келесі отырысқа арнайы тапсырма алып отырды. Мысалы, осы семинарда оқылған рефератын кеңейтіп, курстық жұмыс деңгейіне көтеру тапсырмасы студенттің педагогикалық зерттеу әдістерін жетік меңгеруі мақсатында берілді. Яғни, лаборатория жоспары бойынша берілген тапсырмалар үнемі күрделеніп, талаптар күшейтіліп отырды.
Семинарлар барысында рефератпен келген әрбір студенттің зерттеушілік қабілетін анықтау мүмкіндігі де туып отырды. Бізді мынадай факторлар қайран қалдырды. Мысалы, жақсы үлгірім беретін студенттердің кейбірі ғылыми-зерттеушілік жұмыстарына ынтасыз ғана емес, қабілетсіз екендігі көрінді. Ал керісінше, орташа үлгіріммен оқып жүргендер жаңалыққа жаны құмар, ізденімпаз болып келетіні байқалды. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, студенттердің барлығы бірдей мұғалімдік мамандықты қалап келгендер емес. Сондығынан семинарымызға ылғи ғылыми ізденіске бейім студенттер келе бермейтінін де жасырмаймыз. Олардың кейбірі өз пікірі жоқ, көзқарасы әлсіз, проблеманы талдауды немесе жоспар құруды игермегендер болып шықты. Алайда оларды шамасына қарай жеңілдетілген тапсырмалармен өз қатарымызда ұстап қалу жағын да ойластырдық. Ғылыми бағытта тереңдеуге бейімі жоқ студенттерге мәдени шараларды міндеттеу де ұйымдастыру тәсіліміздің бірі. Шығармашылық бастауы танымдық қызығушылықтан басталатын болғандықтан, негізгі тәсілдерімізді студенттің сезіміне әсер етіп, қызықтыра түсуді жолға қойдық. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда студенттер ғылыми, мәдени шараларға өз ынтасымен келуге емес, әкімшілік жолмен келуге әдеттенген. Сондығынан ба, біздің семинарымызға қатысушылар қатары біраз уақытқа дейін тұрақталмады, кейде саны аз болды. Тіпті кедергі жасап, кері кетірушілер де болды. Сондықтан да ұйымдастыру барысында тәсілдер қолданып, жағымсыз көзқарасты ептеп өзгерттік деуге болады. 2005 жылғы күздегі Л.Н.Гумилевтің туылған күніне арналған бас косуымыз ұлы ойшылдың ғалымдық қырына арналды. Мәдени шарамыз Л.Н. Гумилев идеялары мен шығармалары, көзқарастары төңірегінде өзара сұхбат, викторина сұрақтарына жауап, мәдениет, мәдениеттілік, Л.Н. Гумилевтің мәдени танымы төңірегінде сауалнама түрінде өтті. 2006 оқу жылының 12 мамырындағы студенттердің ғылыми семинары «Гумилев және біздің университет» тақырыбында өтіп, университетіміздің 10 жылдығына арналды.
Алдын ала тапсырма алған студенттер Жандарова Г., Сейтенова Г., «Л.Н. Гумилев және біздің университет», Уалиева Н. «Жизнедеятельность Л.Н. Гумилева как источник в работе над созданием имиджа успешного студента элитного вуза» тақырыптарында ғылыми-танымдық баяндама жасады. Бұл мәдени шараның ерекшелігі оның ғалым, ойшыл Л.Н. Гумилевтің ақындық және аудармашылық қырына арналуы. Студенттер Гумилевтің түркі тілдес бірқатар халықтардың тілін білгендігінен, өз өлеңдерін орыс тілінде жазумен қатар, шығыс ақындарының өлеңдерін орыс тіліне аударғандығынан хабардар болды. Университетіміздің мерейтойына арналған семинарда Л.Н. Гумилевтің «Огонь и воздух», «Знанье», «Путь личности», «Путь на землю», т.б. философиялық миниатюраларын (бұл оның өз өлеңдері) студенттер Терехович С., Майная И., Задорожная Ю., т.б. орыс тілінде жатқа мәнерлеп оқыды. Студенттер Гумилевтің ірі ғалым ғана емес, ақын, әрі аудармашы екенін таныды. Мысалы, Гумилевтің аудармасындағы Насир Хосровты өлеңдерінің парсы тілінен аудармасы, Омар Хайям өлеңдері мен араб, өзбек поэзиясынан аудармалары студенттер Езова Е., Субботина М., Е.Бунтовскихтің жатқа мәнерлеп оқуларында шынайы да әсерлі шықты.
Семинардың бір бағыты «Гумилевтану сабақтары» арқылы элиталық оқу орнына лайық студенттің имиджін қалыптастыру болды. Гумилевтің жеке бас қасиеттерінің үлгісі бойынша студенттердің өзін-өзі дамыту, өзін-өзі презентациялау, ұжымда гумандылығымен, төзімділігімен, тілдік және қарым-қатынас мәдениетімен ерекшелену жағдайлары ғылыми тұрғыда арнайы қарастырылды. Гумилевтің өмірбаяны мен еңбектерін тану мәдениетті тану деп білгендіктен, оның өз ақыл-ойын, білімін дамытуға, әлемді қабылдау және тану мүмкіндіктерін тереңдету арқылы тұлға, ғалым ретінде қалыптасуына ықпал еткен эрудициясы мен сыртқы факторлар, ойшыл ретінде мәдениет сферасында алған орны семинар мүшелерінің назарынан тыс қалған жоқ. Осы проблемаларды қамтуға байланысты пікірталастар, сұхбаттар, сауалнамалар мынадай тақырыптарда жүргізілді:
1. Гумилевті қалыптастырған мәдени ортаның ықпалы.
2. Л.Н. Гумилевтің тұлға, ойшыл ретінде қалыптасуына ықпал еткен құндылықтар.
3. Л.Н. Гумилевтің білімділігі мен мәдениеттілігі (ол ұғымдардың оның парасаттылық, интеллектуалдылық ұғымдарымен ара-қатынасы).
4. Гумилевтің өзін-өзі дамыту мен қалыптастыру мүмкіндіктері мен әдістері т.б. Осы тектес сауалнамаларға қатысқан күндізгі және сырттай бөлім студенттерін қосқанда 48 студент (респондент) қатысса, оның 39-ы өзін-өзі қалыптастырудың критерийлерін өз дәрежесінде білмейтіндігі анықталды. 28 респонденттің білімділік пен мәдениеттілік ұғымдарының мағынасын шатастыратыны байқалды. Сондай-ақ, 35 респондент білімділік, интеллектуалдық, парасаттылық, элиталық, зиялылық ұғымдарын бір-бірінен ажырата алмады.
Гумилевтану сабақтарынан сырттай бөлім студенттері де тыс қалған емес. Педагогикалық жүктеме бойынша міндеттелген таңдаулы курсымызды (арнайы авторлық) міндетті түрде Л.Н.Гумилев кабинетінде өткізу, үйреншікті дәрісханадағы жалықтыратын жағдайларды түрлендіру арқылы сырттай бөлім студенттерінің қызығушылығын арттыратынына көзіміз жетті. Видеофильмдерді көру барысында студенттердің ұлы тұлганың еңбектерімен таныс емес екендігі, жеке бас қасиеттерін барлық қырынан біле бермейтіні байқалып қалады.
Гумилев шығармашылығын таныту бастауыш мектеп және оқыту әдістемесіне мамандығына арналған арнайы авторлық курсымыз «Гумилевтану сабақтары» деп аталса, екіншісі «Жоғары оқу орындары студенттерінің еуразиялық мәдениетін қалыптастыру» деп аталады. Оның біріншісі ғылыми семинарда жүзеге асса, екіншісі жоғарғы курс студенттеріне (күндізгі және сырттай бөлімде) таңдаулы курс ретінде оқытылып келеді.
Л.Н. Гумилевтің ғылыми диапазонының кеңдігімен, ғылыми және рухани потенциалының молдығымен, ғылыми ойлауындағы синкреттілік және интегралдық ерекшеліктерімен таныс болу студенттердің әлемді тұтас қабылдау мүмкіндігін арттырып, ғылыми көзқарасын калыптастырады, халықаралық кеңістіктегі тарихи-мәдени процестерді танытады, талдау және синтездеу қабілетін, мәдени білімін арттырады. Әлемдік бәсекелестікке қажетті батыстық және шығыстық ойлау тәсілдерін ұштастыру мүмкіндігіне ие болады. Халықаралық талаптарға сай элиталық оқу орнына лайық студенттің имиджін қалыптастырады. Л.Н. Гумилев үлгісі негізінде студенттер өзін-өзі дамытуға, өзін-өзі презентациялай білуге бейімделеді. Келешек мұғалім маман үшін Гумилевті тану дегеніміз – еуразия кіндігін мекендеген халықтардың мәдениетімен танысу, қазақ халқының мәдениетін еуразиялық деңгейге көтеріп, әлем халықтарына танытуға, әлемдік деңгейдегі мәдениеттер сұхбатына, жаһандану процесінің жағымды және жағымсыз жақтарын санамен сараптап, талғаммен қабылдауға дайын болу деп түсінеміз. Аталған бағыттар және белгіленген тақырып бойынша ғылыми фактілер жинақталды. Л.Н. Гумилевтің кітаптарын түгел оқи алмасақ та қозғалған проблемалармен, тарихи кезеңдердегі саяси, әлеуметтік, мәдени кұбылыстармен таныстық. Түрлі архив құжаттарымен танысып, Гумилевтің балалық және жастық, студенттік кезеңдері туралы ақпарат алып, жаңа білімді сезіндік, ғылыми көзқарасымызды кеңейттік. Жаңа біліммен қарулану студентке оқу процесіндегі психологиялық, әдістемелік қиындықтарды және білуге, кәсіби шектеуліліктен шығуға үйретеді, танымдық мәдениетін қалыптастырады.
Жанар Медеубаева,
педагогика ғылымдарының кандидаты,
доцент
Л.Н. ГУМИЛЕВ ИДЕЯЛАРЫ ЖӘНЕ ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЯСАТТАҒЫ РӨЛІ10
Л.Н. Гумилевтің жеке адамның тарихтағы рөлі туралы ойлары қазіргі заманда жаңаша мәнге ие болып отыр. Кеңестік тарихи ойда танылмаған, қудалауға ұшыраған жеке адамның жасампаз ерік-жігері, күш-қайраты ұлы тарихшының, ойшылдың еңбектерінде терең пайымдалып, мүлде жаңа өріс алды. Бүтіндей бір этностардың тарихын жасайтын, алдыға жылжытатын адам факторы, жеке адамның санасы мен жүрегін жаулап алған идея, оның мұқалмас ерік-жігері, мыңдарды, миллиондарды соңынан ертер, болашаққа бастар қасиеттері.
Жеке ұлттардың, мемлекеттердің болмысы мен тағдыры нақты тұлғалардың атымен байланысты. Адамзат баласына отты сыйлаған Прометейдей олар өз халқының, ұлтының жолына жарығын түсіріп тұрады. Маңдайына осындай жарық жұлдыз бітпеген адамдардың бірлестігі даму жолына түсіп, тарихтан өз орнын ала алмайды.
Л.Н. Гумилевтің пассионарлық теориясының негізінде объективтілік пен субъективтілікті қатар тану жатыр. Тарихшы тұлғалардьң тарихтағы жасампаз рөлінің олардың туа біткен болмысы, жеке басының қасиеттерімен байланыстылығын, яғни, субъективті негіздерін басып көрсетумен бірге адам
санасынан тыс объективті шарттарына ерекше мән береді. Осы тұста Л.Н. Гумилев өзінің тарихи-философиялық ойларының ерекше кеңдігін, өз заманынан озғандығын көрсетеді. Қазіргі кезде әлемдік ғылыми ойда жеке тұлға факторын саралауда сыртқы табиғи күштердің әсерімен қатар адам жаратылысының ерекшеліктерін барынша ескеру беталысы орныққан. Яғни, бүгінде Гумилевтің тұлға теориясының ғылыми-қолданбалылық мәні жаңғырып, жаңаша пайымдалуы керектігі сөзсіз.
Жаһандану заманында дамудың дәстүрлі заңдары өзгеріске ұшырап, объективизм субъективизмге, заңдылық кездейсоқтыққа орын беріп отыр. Тарихи және халықаралық үрдістер қалыптасып қалған сызындылармен жүрмей, дәстүлі қалыптарға сыймай, табан астынан шыға келетін жынның мінезі, бағыт-бағдары белгісіз құйынның соғуы сияқты болып кетті. Халықаралық қатынастар туралы ғылымның көрнекті ойшылы Дж. Розенау қазіргі заманғы халықаралық қатынастардың сипатын "турбулентті", яғни, құйтырқы деп анықтайды. Осы басы мен аяғы, себебі мен салдары жоқ, кездейсоқтықтардың жиынтығынан тұратын әлемде субъективті фактор, яғни, жеке адам факторының рөлі ерекше айшықталып отыр.
Қазіргі заманда халықаралық қатынастар теориясында түйінді болып отырған мәселелердің бірі – саяси шешімдердің қабылдануы, яғни, белгілі бір мәселе бойынша қандай саясат жүргізілетіндігінің анықталуы. Халықаралық оқиғалардың шығуының, өрбуінің адамнан, оның санасынан тыс объективті себептері бар екендігі мәлім. Мысалы, соғыс қарсаңында оған алып келуі мүмкін жағдай қалыптасады. Бірақ оған қарамастан соғыстың басталмауы да мүмкін. Қауіпті жағдай уақыт өтісімен өзінен-өзі сейіліп те кетеді. Дегенмен бұл жерде соңғы сөз жеке адамдардың, әсіресе, ел басшыларының, аса беделді тұлғалардың еншісінде екендігін мойындау керек. Соңғы кездегі оқиғалар бүкіл әлемнің, үлкенді-кішілі мемлекеттердің, бүтіндей аймақтардың тағдыры жеке тұлғалардың қолында болып, олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып жатқанын дәлелдейді. Әрине, қай кезде болмасын би-патшалардың, хандармен қолбасшылардың, әкімдер мен сатраптардың тарихи-саяси үрдістегі рөлі үлкен болғаны белгілі. Бірақ өткен ғасырдың ортасынан бастап, ғылыми-техникалық төңкерістің арқасында саяси тұлғалардың әкімшілік, басқару ресурстары, яғни көпшілік пен халықаралық қауымдастыққа әсер ету мүмкіндіктері еселеп өсті. Менің ойымша, жаһандану үрдісі бұл құбылысты одан ары тереңдете береді.
Ғылыми тұрғыдан алғанда "мемлекеттің сыртқы саясаты" деген көп қатарлы, сан қырлы күрделі құбылыстың маңдайшасы ғана. Сыртқы саясат немесе саяси шешім жасау таза субъективті үрдіс, өйткені, сыртқы саясатты жасаушылар – жеке адамдар, жетекші тұлғалар. Олар – президенттер, үкімет басшылары, монархтар, маңызды министрліктер мен ұжымдардың басшылары, беделді шенеуніктер, саяси партиялардың, ұйымдардың жетекшілері және т.б. Ағылшын тілінде олардың бәрін ұтымды түрде біріктіретін –роliсеmакеs деген сөз бар. Саясатты жасаушылар деген бұл сөз ішкі және сыртқы саясатты жасаушылардың барлығына қатысты. Аталған тұлғалар сыртқы саясатты калай жасайды? Сыртқы саяси шешім қабылдау үрдісіне тікелей және жанама түрде қатысу арқылы. Өйткені жеке мемлекеттің саяси шешім қабылдау үрдісі мен оның нәтижесі сол жеке тұлғалардың шешім қабылдау үрдістерінің араласып, біте-қайнасып барып, қорытылуы болып табылады [1].
Әрбір тұлға шешім қабылдау үрдісіне өзінің жеке шешім қабылдау үрдісінің ерекшеліктерімен келеді. Жеке, тұлғаның шешім қабылдау ерекшелігі оның дүниетанымының, психологиялық, мінез-құлықтық қасиеттерінен құралады. Сондықтан қазіргі кезде ғылымда шешім қабылдаушылардың жеке басының қасиеттеріне сараптама жасауға көп мән беріліп отыр. Сараптамалық тәсілдердің ішінде дәстүрлі болып қалғаны – психотарих. Ол З. Фрейдтің «психоанализіне» негізделген. Бұл тәсіл бойынша жеке тұлғаның өмірлік тәжірибесіне үлкен мән беріледі. Өскен ортасы, балалық шағы, білім алған орындары, дос-жарандары адамның, бірегей тұлға ретінде қалыптасуына шешуші әсер етеді. Балалық шағында көргені оның санасы мен психологиясында, мінез-құлқында тайға таңба басқандай із қалдырады. Бала кезінде қолы жетпеген, сусыны қанбаған дүниелер адамның ересек кезіндегі ұмтылыстарының, іс-әрекетінің қайнар көздері болады. Қарапайым мысал, егер адам бала кезінде жоқшылық көрсе, есейгенде соның орнын толтыру үшін ашкөздік, дүниеқұмарлық танытады деп күтуге болады [2].
Өкінішке орай, жеке тұлғаны жіктеуде саяси психологтар көбіне «өлшем» үрдісіне келгенде қиындыққа тап болады. Өйткені, президенттер секілді субъектілерді клиникалық зерттеуге мүмкіндік жоқ. Ал бұл тұлғаға берілген бағаның кең ауқымда түсінілуіне жол ашады.
Президенттердің жеке басын зерттеудегі жаңа тәсіл екі мәліметтік негізге сүйенеді, олар: тарихи мәліметтерді сараптау – case study және президенттердің сөйлеген сөздері, афоризмдері т.б. сақталған архивтік материалдар талдау. Біріншісі зерттеліп отырған субъектінің мінезі-құлқын біршама ашады, алайда бұл зерттеу толығымен объективті бола алмайды. Өйткені ол зерттеушінің субъективті таңдауымен ұласады. Екіншісі егер архивтік құжаттарды кім жазғандығы күмәнді болса, оларды тым қатал сараптауға жол беріледі [3].
Жетекші жеке тұлғаға берілетін баға оның атқарып отырған қызметімен байланысты болғанда ғана пайдалы. А. Гринстайнның ойы бойынша, саяси тұлғаны зерттегенде қоршаған ортаға, айналасында қалыптасқан жағдайға көп көңіл бөлу керек. Саяси тұлғаларды сараптаудың ұтымды тәсілін америкалық ғалым Р. Саймонт ұсынды. Ол "Gough Adjective Сһесk List"-ті пайдаланып, 39 америкалық президенттерді, 14 мінездік түрге бөлген М.Ерманн тұлғаның бірегейлігін сипаттайтын екі ауыспалыны (переменные) тапты, олар: «қоршаған ортаға сезімталдығы» мен «сыртқы саясатқа құмарлық» – бұл саяси жетекшілердің сыртқы саяси әрекеттерімен тікелей байланысты. Осының негізінде «сезімтал» және «құмар» тұлғалардың өзінің сыртқы саясатын жүргізуде көбінесе одақтастарды іздеп, қолпаштауды керек ететін икемді саясатты ұстануы түсіндіріледі. Керісінше, сезімталдық пен кұмарлыққа тым әуес еместері әдетте «жаугер, өркөкірек және икемсіз» сыртқы саяси мінез-құлыққа ие. Сонымен қатар, тұлғадағы билік мотивациясының жоғарғы көрсеткішінің бар болуы оның мемлекетаралық шиеленістерге, қақтығыстарға қатысуына түрткі болады.
Жоғарыда сөз болған зерттеушінің жіктемесіне сүйене отырып, кіші Дж. Бушты сезімталдық пен құмарлыққа тым әуес емес тұлғалар қатарына жатқызып, оның жүргізіліп отырған сыртқы саясатын өркөкірек және икемсіз деп бағалауға болады [4].
Айтылғандардың барлығы мемлекет ішкі және сыртқы саясатты жасап, іске асыруда адам факторының осындай қырларын ескеруі керектігіне көз жеткізеді. Бұл жалпы әлемдік даму үрдісінде адам ресурстары мен факторының рөлінің артып отыруымен өзекті бола түседі.
Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы тарихында жеке тұлға факторы ерекше айшықталып отыр. Еліміздің тәуелсіздігін алып, қазіргі заманғы даму көшіне ілесіп, өзгемен терезесі тең мемлекетке айналу үрдісінде Президент Н. Назарбаевтың рөлі шешуші екені белгілі. Бұл ел басын «қолпаштау», оған жағымсу емес, көпшілік таныған, ғылыми дәлелденген жәйт.
Н. Назарбаев туралы жазылған ғылыми-көпшілік дүниелерде, жеке тұлғалардың пікірлерінде Президенттің бірегей қасиеттері ерекше аталып, оның М. Вебердің тілімен айтқанда "харизмалық" жетекші екендігіне көз жеткізіледі.
Бүгінде оның адамды өзіне тартып, сендіре алатын, алған бетінен қайтпайтын, болашаққа көз жібере алатын қасиеттері танылып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы адам психологиясының қыр-сырын жақсы білетін, адам тани алатын, олардың іс-қимылының бет алысын аңғарып, оларды керек жағына бағыттап, басқара алатын стратег. Президент сыртқы саясатта «идеалист те», «реалист те» болып, саяси көрегендік пен икемділіктің тамаша үлгісін көрсетті. Елімізге құныға көз тіккен сыртқы күштермен қатынастың амалын тауып, олардың қысымын мүмкіндігінше азайтты деуге болады. Ел басы сыртқы саясаттың шешуші мәселелерін қарастыруда Қазақстанның ұлттық мүдделерінің барынша ескерілуі, елдің үлесінің өзгеге карағанда ортаңғы болып қалмау жолында табандылық көрсетіп, халықаралық аренадағы сыйлы жетекшіге айналды. Соның нәтижесінде әлемнің ұлы мемлекеттерінің барлығы дерлік Қазақстанмен санасып, оны өзі қатарлы мемлекеттердің арасынан ерекше бөліп қарайтын болды.
Л.Н. Гумилевтың тұлға теориясының тұрғысынан алып қарағанда Президент Н. Назарбаев қазақ ұлтына, Қазақстан мемлекетіне тағдырдың өзі сыйлаған біртуар тұлға, пассионарлық жетекші. Ол Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан халқы тарихи таңдау алдында абдырап тұрып қалған кезде өз ұлтын тәуелсіздік пен даму жолына бастай алды. Қазіргі кезде ғылыми ойда даму үрдісі бір ғана түзудің бойымен жүрмейді, оның баламалары, қосымша соқпақтары көп және тосыннан шыға келетін кездейсоқтықтары аз емес деп қарастырылады және даму жолын таңдаудың тығырығына келіп тірелгенде шешуші рольді атқаратын, яғни өз мойнына орасан зор жауапкершілікті алатын жеке тұлғалар болып саналады. Олай болса, Н. Назарбаев Қазақстан халқын осындай аса жауапты кезеңнен мүдірмей өтіп, қазіргі заманғы даму жолына тусуіне зор үлес қосқан тарихи тұлға.
Саяси жетекшілер, ел басшыларының таңдап алған басқару үлгісі мен жүргізіп отырған саясатының халыққа қаншама жағымды, мемлекетке қаншалықты тиімді екенін бедерлі айқындайтын еларалық салыстырмалы саралау болып табылады. Белгілі бір аймақта орналасқан елдердің саяси жүйесі, әлеуметтік құрамы, экономикалық дамуында ұқсастықтар, ортақ қасиеттердің болуының алғышарты олардың бір географиялық өңірде орналасуы екендігі дәстүрлі болып қалған түсінік. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңде Орта Азияның бес елінің даму деңгейлері бір-бірінен алыстап кетпеген еді. Бұл дегеніміз олар тәуелсіздікке біркелкі жағдайда қадам басты. Ал тәуелсіздік алғаннан бері өткен он бес жылдан кейінгі көрініс мүлде басқа.
Аймақтың елдері, атап айтқанда, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан бір-біріне ұқсаса, кедейшілік, жұмыссыздық пен басқа да әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілмеуі жағынан ұқсайды. Осы елдердің төмен жағдайы Орта Азияны тек аймақтық қана емес, сонымен қатар, халықаралық мәні бар қатерлердің ошағына айналдырып отыр. Осындай контексте Қазақстанның күйі, даму деңгейі бедерлі көрінеді. Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көршілеріне қарағанда тезірек өсуінде мұнай немесе энергоресурс факторының үлесі шешуші деуі мүмкін. Онда Түркіменстанның газы неге елді жарылқап тастаған жоқ? Өзбекстанды алар болсақ, неліктен 25 миллион халқы, аймақта ең күшті болып келген әскери, қорғаныс және аз емес экономикалық потенциалы бар елдің еңбекке жарамды азаматтарының жартысына жуығы Отанынан тыс жерлерде күнкөріс қамын жасап жүр? Қырғызстан мен Тәжікстан да табиғи ресурстардан құр алақан емес. Екінші жағынан, Қазақстанның мұнайы оның халқын жарылқап жатыр деу ағаттық. Елімізде мұнай өндіру және экспорттау саласы мемлекеттің толық қарамағында емес, осы бір стратегиялық мәні бар шикізат ең алдымен жеке мүдделерге қызмет етіп, іскерлердің небір категорияларын байытып отыр.
Мұнай сатудан түскен ақша мемлекет қазынасына толығымен құйылып жатқан жоқ, ең алдымен ол әртүрлі қорлар мен есеп-шоттарға түсуде. Мұнай долларлары экономиканы "қыздырып", дағдарыс пен гиперинфляцияға әкеледі деген қорқыныш жауапты шенеуніктердің мазасын қашыруда. Сондықтан да Қазақстанның жетістіктерін көмірсутегілерді сатудан іздеу және жалпы кез келген елдің дамуын оның табиғи байлықтарының бар-жоғымен байланыстыру ғылыми негізді емес.
Бұл жерде мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты, оның пәрменділігі мен тиімділігі есепке алынып, терең пайымдалынуы, саралануы қажет.
Ал ішкі және сыртқы өрістегі билік қатынастарындағы шешуші роль атқаратын құбылыс – саяси шешімнің қабылдануы – деген ғылыми тұжырымға оралар болсақ, онда саясаттағы субъективті фактор, яғни, жеке тұлғаның бірегей орнына тағы да сілтеме жасауымыз керек.
Әдебиеттер
1. Ведение в теорию международных отношений и анализ внешней политики / Ломагин Н.А., Кузнецов В.Е., Лисовский А.Ю. Учебное пособие. - Санкт-Петербург, 2001.-С.102.
2. Вендт А. Четыре социологии международной политики // Международные отношения: социологические подходы / Под ред. Цыганкова П.А. - М., 1998. - С.73.
3. Николсон М. Влияние индивида на международную систему. Размышления о структурах // М. Жирар. Индивиды в международной политике. / Пер. с фр. - М, 1996 - С. 114.
4. Косолапов Н.А. Внешнеполитическое сознание: категория и реальность. Богатуров А.Д., Косолапов Н.А., Хрусталев М.А. Очерки теории и методологии политического анализа международных отношений.- М., 2002. -С.159.
Құралай Сарсембина,
тарих ғылымдарының кандидаты
Достарыңызбен бөлісу: |