Хожахмет пен Құлахмет Қожықовтар
20 жылдардың аяғы мен 30 жылдардың басында көркем-өнер сахнасына ағалы-інілі Хожахмет пен Құлахмет Қожықовтар шығады.
Хожахметтің (1910-1954) колхоз ауылының еңбектегі өміріне арналған бірнеше тақырыптық туындылары акварельде орындалған. «Егін бастырған кез» (1937), «Газет оқу үстінде» (1937) және т.б. секілді суреттерінде суретші колхозшылардың ұжымдық еңбегін бейнеледі. Әр пара-ғында ол 30 жылдардағы қайта дүниеге келген жас ауылдың қалыптасу сәтінің атмосферасын барынша дәл жеткізуге тырысады.
Құлахмет Қожықов көркем фильмдерге арналған киім костюмдерінің эсиздерімен, декорациялармен көп жүмыс жасады, сондай-ақ суретші кітап көркемдеуге көп көңіл бөлді. Ксилография техникасында ол Абай Құнанбаев пен Тарас Шевченконың шығармаларын иллюстрациялады.
Суретші қондырғылы туындыларында қазақ ауылының тұрмысын, дәстүрін және тарихын бейнелеуге тырысады. Құлахметтің жұмыстарынан өз халқының жағдайына терең күйзелуі, оның бақытсыздығы мен даладағы көшпенді өмірінің қуанышын түсінуі байқалады.
Г.Брылов
Қазақ графикасының дамуында жарқын із қалдырған келесі суретшілердің бірі суретші-график Г.Брылов болды. Брылов Революция Суретшілері академиясының Суретшілер одағының Ленинградтағы бөлімінің графика факультетін бітірген. 30 жылдары Алматыға келгесін Брылов графикада жемісті еңбек ете бастайды.
Суретші-графиктің үлкен кәсіби шеберлігін иелене отырып Г.Брылов өз күшін жан-жаққа шашпай, оны натураны көркемдеп жеткізудің міндеттеріне тоғыстырады. Брылов үнемі материалда жұмыс жасады. Ол офорт техникасында көптеген жұмыстарын, сондай-ақ суреттер мен акварельдердің үлкен бөлігін дүниеге әкелді. Пейзаж, натюрморт және портреттер оның шығармашылығында үлкен орынға ие. Кішкене көлемдегі пейзаждары өздерінің камералығымен, жеке-даралығымен, ондағы тыныштық жағдайының нәзік жеткізілуімен оның шығармашылығына тән. Суретші оларды қоршаған іс-әрекетте қабылдайды. Бұл оның шығармашылығында өзіндік қолтаңбасын қалдырады. Кішігірім, бірақ дәл нәзік параллельдегі, тек кейде ғана бір-бірімен байланысатын, акварельмен боялған офорттың сызықтары мен штрихтары арқылы суретші табиғаттағы жарық-көлеңкелі реңдердің байлығын жеткізеді: «Сарқырама» (1940), «Натюрморт» (1939), және т.б. көптеген жұмыстарында. «Гүлдеген өрік» (1940) атты офорты қуаныштың жайдары көңіл-күйімен ерекшеленеді. Мұның барлығы тыныштық сезімімен өріліп, үнсіз әрі ұлы табиғаттың ғажайыбымен толықтырылған.
«К.Байсейітованың портреті» (1939), «Ер адамның портреті» (1942) және т.б. секілді портреттік шығармаларында Г.Брылов образдың сыртқы ұқсастығына көп мән бере отырып, образдың кейбір жеке-даралық белгілерін жеткізуге тырысады. Алайда, ол портреті салынушының тереңдегі психологиялық жағдайын жеткізе алмайды.
Осы жылдары жұмыс істеген өзге шептегі суретшілердің бірі, майданда қаза тапқан, ерекше дарынды Л.Гербоновский (1918-1943) болды. Бұл бәрінен бұрын суретті нәзік салудың шеберлігін игерген суретші болатын. Оның шығармалары динамикалы, барынша ықшамды болып, сызықтарының ырғақтылығымен және сұлулығымен ерекшеленеді. Өзі бейнелеген нәрсенің барлығын ол тек бір ғана нәзік, жеңіл сызықтың қимылы арқылы әрекетке келтіріп отырды. Қазақтың мемлекеттік көркемсурет галереясында оның ғажап шеберлігінен туындаған бірнеше суреттері орналасқан - «Қыз портреті» (1937), «Барлауда» (1938), «Шабандоз» (1937) және т.б.
1941 жылдың мамырында Қазақстанның Суретшілер одағы бірінші рет республикамыздың газет-жорнал баспаларында жұмыс жасайтын графиктердің шығармашылық жиналысын өткізді. Сол кездері Қазақстандағы Суретшілер одағының төрағасы болған Г.Брылов баяндама оқыды. Ол кейбір суретшілердің шығармашылығына сыни көзқарасын білдірді, бірнеше әлсіз шығармаларды талдады, олардың ішіндегі А.Заковряжиннің, В.Нестерованың жекелеген жұмыстары да кірді. Баяндамашы суретшілердің жорналдар мен газеттерге арнап аз көлемде сурет салатынын ескертті, оның үстіне олар суреттерінің астына көбінде өздерінің аты-жөндерін жазбайтынын және бұл олардың өз жұмыстарына деген жауапкершіліктерінен бас тартатынын айтты.
1941 жылы Қазақстанның Суретшілер одағының графика секциясында суретші С.Калмыков шығармашылық есеп берді, онда тақырып пен ойдың жан-жақтылығымен ерекшеленген оның суреттері, акварельдері мен офорттары қойылып, Оринбург келбеті бейнеленген қарындашпен салынған нобайлары экспозицияланды.
Соғысқа дейінгі жылдардағы Қазақстан графикасының дамуын қорытындылай келе бұны суретшілердің, әсіресе графиктердің шығармашылық ұйымы қалыптасуының бастапқы кезеңі деп айтуға болады.
Көптеген суретшілер әлі де болса шығармашылық әдістерін аяғына дейін анықтамаған еді. Суретшілердің көбі көрмелерге әрі кескіндемеші, әрі график ретінде біруақытта қатысып жүрді. Осы тұрғыда мақсатты түрде графика саласында тек Г.Брылов, Л.Гербановский және И.Савельев қана жұмыс істеді.
Қондырғылы графиканың ең негізгі түрлері қарындашты сурет, акварель және тущь болды. Жиірек олар кескіндемелік туындылар жасау үшін қосымша материал ретінде жүрді. Г.Брылов осы жылдары офорт шеберлігін меңгерген жалғыз суретші болатын.
Аталған жылдарда акварельде ең жоғарғы шеберлікке Ә.Қастеев, А.Бортников, Н.Крутильников және Қожахмет Қожықов жетті. Олардың туындылары мазмұнының көпқырлылығымен ерекшеленіп, жиірек сол кездегі кескіндемеге қарағанда өмірді толығырақ бейнелеп отырды.
Достарыңызбен бөлісу: |