Ал, енді достым, Киелі кітапта тарих пен археологиядан белгілі жайттарға қайшы айтылған сөздер жоқ па?
Киелі кітапта айтылған кейбір нәрселер басқа тарихи құжаттарда айтылмағандықтан, бір кезде тарихшылар Киелі кітаптың, өзің айтқандай, тарихи сенімділігіне күмән келтіріп жүрді. Алайда соңғы жүз елу жылдың ішінде жасалған археологиялық жаңалықтардың арқасында олар өздерінің қателескендіктеріне көз жеткізді. Мысалы, бұрынырақ кейбір тарихшылар Жаратылыс- тың басталуында айтылған Содом мен Ғомора қалалары ешқашан болмаған дел ойлайтын еді. Бірақ XX ғасырдың 70-ші жылдарында Сириядағы Телл-Мардих деген жерде Ебла деген ежелгі қала жер астынан аршылды. Онда Ебланың үкіметінің мұрағаты — 15000-нан астам саз тақташалар да табылды. Солардың кейбіреулерінде «Содом» мен «Ғомора» деп аталатын қалалармен қарым- қатынастары туралы да жазылған болып шықты.
Киелі кітапты құрметтемейтін бірқатар тарихшылар ғасырлар бойы соның ішінде аты бірнеше рет аталған хет (яки хетт) деген халық болмаған деп келді. Себебі осы тарихшылар ежелгі құжаттардан хет халқы туралы айтылған ештеңе таппаған болатын. Бірақ XIX ғасырда хет елі туралы алғашқы археологиялық жаңалықтар жасалып, содан бері бүкіл Таяу Шығыс бойынша олар туралы айтылған көптеген ежелгі құжаттар табылды.
Осы сияқты, Киелі кітаптың тарихи шындығын дәлелдеген көптеген археологиялық жаңалықтарды тізіп айта беруге болар еді, бірақ мына сөзбен тоқ етерін айтайын: осыған дейін жасалған мыңдаған археологиялық жаңалықтар Киелі кітапты растап қана жүрген. Олардың ешқайсысы Құдай сөзінің бірде-бір жерін дұрыс емес деп көрсеткен де емес.
Киелі кітаптың жазбалары жазылған уақыттан бері өзгерістерге ұшыраған жоқ па? Егер өзгерістерге ұшыраса, онда бұл Киелі кітапқа сенуге болмайды дегенді білдірмей ме?
Мұрат, осы салада да ежелгі заман әдебиетінің үлгілерінің арасында Киелі кітап ерекше орын алады. Өзге ежелгі әдебиет үлгілері бізге бірнеше ғана нұсқалар арқылы жетіп, ол нұсқалардың өзі ежелгі шығарма жазылғаннан бірнеше ғасырдан кейін ғана жазылған болса, Киелі кітап бізге мыңдаған қолжазба нұсқалар арқылы жеткен, олардың кейбіреулері түпнұсқа жазылғаннан кейін қырық-елу жыл өтпей жатып жасалған.
Осы мыңдаған қолжазбалардың арасында кейде болар-болмас айырмашылықтар бар. Бірақ бұл айырмашылықтардың басым көпшілігі тек сөздердің емлесіне немесе сөз тәртібіне байланысты, сондықтан мағынаға әсер етпейді. Тек бірен-саран айырмашылықтар ғана сөйлемнің мағынасына біраз өзгеріс енгізеді. Бірақ бұл өзгерістер мәтіннің жалпы мазмұнына және сенімнің ешбір басты қағидасына әсер етпейді.
Бұның өзі өте ерекше жайт екенін көрсету үшін, оны басқа ежелгі шығармалармен салыстырайық. Алдымен назарды Інжіл шарифке аударайық.
Бүгін Інжіл шарифті толықтай немесе бөліктерін қамтып, оның түпнұсқа тілі — ежелгі грек тілінде жазылған шамамен 5500 қолжазба ғалымдарға белгілі. Солардың арасындағы ең ежелгі қолжазба — Жохан жазган Ізгі хабардың бір кішкентай бөлігі, ол шамамен біздің заманымыздың 120 жылына жатқызылады. Демек, ол Ізгі хабардың жазылғанына 30-50 жыл болмай тұрып көшіріліп жазылған. Қазір Ватиканда сақталған танымал кодекс (мұнда кодекс кітап қалпында түптелген қолжазбаны білдіреді) шамамен б.з. 325 жылы, ал Синай түбегінен табылған кодекс б.з. 350 жылы көшірілген. Осы екеуі Інжіл шарифтегі жазбалардың түпнұсқаларының пайда болуынан тек 250 жыл ғана өткеннен кейін жасалған. Ал жоғарыда аталып өткен Жохан жазған Ізгі хабардың қолжазбасының бөлігі мен осы екі кодекстің арасында жасалған көптеген басқа да көшірмелер қолымызға жеткен.
Сол жағдаймен мынаны салыстырайық: Юлий Цезарьдың «Ғаллдықтармен соғыс туралы» деген еңбегінің қазір тек он-ақ қолжазба көшірмесі белгілі. Солардың ішіндегі ең көнесі Юлий Цезарьдың өзінен 1000 жыл кейін жасалған. Ал атақты жыршы Гомердің «Илиадасының» бізге жеткен ең көне толық көшірмесі оның өзінен 2200 жыл кейін жасалған. Бірақ әдебиет тарихшылары осы екі шығарманың көшірмелерінің түпнұсқаларына сәйкес келетіндеріне әжептеуір сенімді.
Інжіл шарифтен кейін ең көп көшірме арқылы жеткен ежелгі шығарма — осы «Илиада». Оның 643 қолжазбасы бар (Інжіл шарифтің қолжазбаларымен салыстырғанда 4900-ге аз). Інжілдің қолжазбаларының арасындағы айырмашылықтар мәтіннің 40 жолының мағынасын екіұшты қылса (бұл толық Інжілдің 0,2 пайызы ғана), «Илиаданың» көшірмелерінің өзара айырмашы- лықтарының салдарынан оның 764 жолының (толық «Илиаданың» 5 пайызы) мағынасы екі ұшты болып тұр. Ал үнділердің қасиетті жазбасы «Махабхарата» болса, оның көлемінің 10 пайызы өзгеріске ұшырап, мағынасына күмән келтіреді. Ежелгі заманнан жеткен басқа әдебиеттер де «Илиада» немесе «Махабхаратамен» салыстырарлықтай не одан да көп өзгерістерге ұшырап қолымызға жеткен. Олардың ешқайсысы да өзгеріссіз сақталуы жағынан Інжіл шарифке тең келмейді.
Ал Таурат, Забур және Пайғамбарлар жазбаларының (яғни Көне келісімнің) бізге дұрыс жеткенін мына жайттарға қарап аңғаруға болады. Адамдар сол қасиетті жазбаларды Құдайдың сөзі деп білгендіктен, оларды көшірген кезде өте мұқият істейтін. Сонымен айналысқан мамандарға тұтас сөйлем не сөздерді көшіруге рұқсат берілмей, олар әріппе-әріп көшіруге тиіс болған: түпнұсқадан бір-бір әріптен оқып, көшіретін. Егер қате жіберсе, сол параққа арнайы белгі қойылып, арнайы жерге апарып қоятын. Көшірмелерді тексеретіндер бүкіл Көне келісімнің жазбаларындағы сөздерді санап шыққан еді. Оның жаңа бір көшірмесі дайын болғанда, олар өздеріне белгілі жерлері бойынша бастан-аяқ тексеріп шығатын. Мысалы, пәленінші бет пәлен деген сөзбен аяқталуы керек және беттегі сөздердің саны бұрын есептеліп, белгіленіп қойылған шамаға дәл келуге тиісті еді. Ежелгі заманда жазылған ешбір шығарма осындай мұқияттылықпен көшірілмейтін. Сонымен Таурат, Забур және Пайғамбарлар жазбаларының қолжазбаларында ұшырасып отыратын ұсақ-түйек айырмашылықтар да олардың мазмұнына әрі сенімнің ешбір қағидасына әсерін тигізбейді.
Қысқаша айтқанда, басқа ежелгі шығармалардың бәріне қарағанда, Киелі кітаптың сенімділігінің айғақтары әлдеқайда көбірек.
ИСАНЫҢ АТЫМЕН АТАЛҒАНДАРДЫҢ ЖАМАН ҚЫЛЫҚТАРЫ ЖОҚ ПА?
Ал Иса Мәсіхтің атымен аталғандардың тарихта істеген барлық жамандықтарын қайда қоямыз? Крест жорықтары, отаршылдық әрі сол кездері болған әр түрлі жамандықтар ше? Бұның бәрі үшін мәсіхшілікті айыптаған жөн емес пе?
Мұрат, өкінішке орай, Иса Мәсіхтің атымен аталғандардың тарихы мүлтіксіз емес. Сенушілер көп қате жіберіп, кейде тіпті дұрыс емес нәрселерді біле тұра жасаған. Сен екеуіміз де кейде солай етпейміз бе? Бірақ Исаның тәлімін Оның атымен аталғандардың тарихта істеген немесе қазір істеп жүрген жаман істеріне қарап бағалауға болмайды. Исаның тәлімі және оны ұстанамыз деп жүргендердің істеген жамандықтары бірдей емес. Бір тәлімнің шындығын оны дәлелдейтін қисын бар-жоқтығына қарап анықтаймыз. Ал Исаның атымен аталғандардың бірқатарының сол шынайы тәлімге сай жүріп-тұрмағандары біздің сенуімізге кедергі болмауы керек.
Басқаша айтқанда, біз шындықты оны айтып отырған адамның мінез-құлқымен шатастырмауымыз керек. Саған аты шулы ұры «екі жерде екі төрт» десе, соны айтқанның ұры болғаны үшін ғана сонымен келіспей қоясың ба?
Әрине, жоқ.
Дәл сол сияқты, Исаның тәлімінің шындығы туралы сұрақ қойылғанда, басты назар Исаның Өзінде болады. Оның жолымен жүреміз дегендер қаншама көп қате жіберсе де, Исаның Өзі ешқашан не қате, не жамандық жасаған емес. Оның өмірі пәк таза, мүлтіксіз кемелді болды. Тіпті қас жаулары да Исаға тағатын кінә таба алмай, бір жалған куәгерлерді тауып барып қана айыптады. Мен саған Исаның ізбасарларын емес, Оның Өзін қабылдауды ұсынып отырмын.
Түсінікті, бірақ бұрынырақ Иса адамдарға өз өмірлерінде күнәны жеңетін күш беру үшін келді деген едің ғой. Солай болса, онда неге соншама көп сенуші әлі де жамандықтар істейді?
Алдымен, біз баға бергенде абай болуымыз керек. Бүгін дұрыс еместігі бізге айқын кейбір істер тарихтың басқа кезеңдерінде олай қарастырыла бермеген. Тарихтағы ұзақ кезеңдер бойы адамдар кейбір істердің зиянды кесірін немесе сол істердің өздері ұстанатын қағидаларға қайшы келетінін түсінбей жүрді. Әрине, бұл бүгін біз жаман деп санайтын істер сол замандарда жақсы болған дегенді білдірмейді. Менің айтайын дегенім — біз қазіргі заманда соларды істеген адамдарға түсіністікпен қарауымыз керек. Себебі біз қазір олардың істерінің жаман-жақсысын оңай ажырата аламыз, бірақ сол тарихи жағдайларда істерінің дұрыс еместігіне көз жеткізу оларға оңай болған жоқ. Болатын істен гөрі болған іске сын айту әлдеқайда оңай.
Ал енді, бұл мәселеге басқа жағынан да қарайық. Иса Өзі туралы әділдерді емес, күнәкарларды құтқаруға келдім деген. Сондықтан Оған сенетіндердің қауымы Құдайдың кешіріміне ие болған күнәкарларға пана болғаны жөн. Киелі кітапта: «Егер күнәсызбыз десек, онда өзімізді алдап, бізде шындықтың болмағаны» делінген (Жохан. 1-хаты 1:8). Ал Исаға үміт артқан әркім Оның кіршіксіз таза болғанындай, өзі де күнәдан арылып, тазарғаны орынды (Жохан. 1-хаты 3:2-3). Қауымдарда күнәкарлар өздерінің Иса арқылы Құдайдың кешіріміне ие болғанына бірге қуануға, бір-бірін Оған толығырақ қызмет етуге жігерлендіруге жиналады. Құдай қауымды рухани ауру адамдарға арналған «аурухана» болсын десе, онда сондай адамдардың болғанына біз қалай таңғаламыз?
Қайтадан айтайын, сен өміріңді сенушілерге емес, Құтқарушы Исаның Өзіне бағыштағаның жөн. Және Иса сені де Оның «ауруханасына» мұқтаж «рухани ауру» адамдардың бірісің дейді.
Ал сенушілер бүкіл тарих бойында осыншама көп күнә жасаған соң Исаның тәлімі дүниеге қалайша үміт ұсына алады?
Исаның тәлімін ұстанушылар барлық адамдардың қазір түгелдей мінсіз емес екенін, әрі осы өмірде ешқашан мінсіз болмайтынын біледі. Сондықтан адамзат ақыр соңында барлық мәселелерін өздігінен шеше алады демейді. Бұл жағынан алып қарайтын болсақ, Исаның тәлімі басқа діни ілімдер мен саяси ағымдарға қарағанда әлдеқайда парасатты, өйткені олардың кейбіреулері жерде жұмақ орнатамыз деп адамдарға уәде беріп алады да, ақыры мақсатына жетпей, күйреп тынады.
Ал Исаның ұсынатын үміті — Құдайдың барлық нәрселерді өз жоспарына сай игілікпен тындыруы. Ол Исаны біздің күнәларымыздың құнын өтесін деп жіберді. Иса біздің ең үлкен жауымыз — өлімді жеңген соң біз Иса арқылы Құдаймен тығыз қарым-қатынасқа түсе аламыз.
Өлім — әр адам баласының ең үлкен жауы, соны Иса жеңіп шықты. Исаға сенбейтін ойшылдар өлімді жеңуге ешқандай үміт бермейді. Мысалы, грек ойшылы Есхил былай деп жазған: «Өлген адамға қайта тірілу жоқ», ал Теокрит деген тағы бір грек ақыны: «Тірілерде ғана үміт бар, ал өлгендерге ешқандай үміт жоқ» деген. Рим ақыны Катулл болса: «Біздің қысқа ғана күніміз батқанда, біз мәңгі ұйықтауға тиісті, ешқашан бітпейтін түн басталады» деп жазды.
Ал Исаның тәлімі барлық адамдарға зор үміт сыйлайды. Иса былай деген: «Қайта тірілу мен шынайы өмір — Менмін. Маған сенетін адам өлсе де, шынайы өмір сүретін болады. Осылай өмір сүріп, Маған сенген әрбір адам ешқашан да рухани өлмейді» (Жохан 11:25-26). Өзіне Құтқарушым және Ием деп сенетіндердің бәріне Иса Құдайдың қасындағы мәңгілік өмірді сыйлайды. Өзіне мойынсұнғандарға Ол жер бетінде де игілікті өмір сыйлайды: «Мен адамдар шынайы өмірге ие болсын және өмірі рухани игілікке толы ағыл-тегіл мол болсын деп келдім» (Жохан 10:10).
ІІауыл елшінің өмірге деген жарқын көзқарасын білдіретін мына бір сөздерді жоғарыда аталған грек ойшылдарының көңілсіз көзқарасымен салыстырып көріңіз: «... бұ дүниеден аттанатын кезім таяу қалды. Мен «игі жарысқа» қатысып, мәреге жеттім, сенімімді сақтап қалдым. Енді мені «жеңімпаздың жүлдесі» — «әділдіктің тәжі» күтіп түр, оны маған сол күні әділ Төреші — Иеміз бермек; тек маған емес, Оның қайта оралып, анық көрінуін сүйіспеншілікпен күткендердің бәріне де сыйлайды» (Тімоте. 2-хат 4:6-8).
Өлім мәселесі қиял емес. Алайда Құтқарушы Исаның қайта тірілуі арқылы бұл мәселе шешілді. Пауыл бұл туралы былай деген: «Сендерге мына құпияны айтайын: бәріміз бірдей өлмейміз, бірақ бәріміз түгелдей өзгереміз. Бұл кенеттен, қас қағым сәтте, соңғы керней тартылған шақта іске асады. Сонда керней үні естіліп, өлгендеріміз қайта тіріліп, біз де түгелдей өзгереміз. Өйткені қазіргі құрып шіритін тәндеріміз ешқашан жойылмайтын денелермен алмасуға тиіс. Бұл жүзеге асып, құритын нәрселер мәңгілік нәрселермен алмасқан шақта Киелі жазбалардағы осы уәделер орындалады: «Өлім жеңіліп, жоқ болды». «Өлім, қайда сенің жеңі- сің? Өлім, қайда сенің улы тісің»? Ал өлім тудыратын «улы тіс» — күнә, ал күнә өз күшін заңнан алады. Бізге Иеміз Иса Мәсіх арқылы жеңісті сыйлайтын Құдайга мәңгі шүкірлік етілсін!» (Қорынт. 1-хат 15:51-57)
Осылайша, Мәсіхке деген сенім адамға бұ дүниеде де, о дүниеде де үміт бере алады. Сонымен қатар, мәңгі тірі Иса сенушіні тура жол мен жетелеп, оны барған сайын Өзіне ұқсатып, сүйіспеншілікті, қуанышты, тыныш, шыдамды, қайырымды, кең пейілді, сенімді, ілтипатты, ұстамды етеді. Бұл қасиеттерді Пауыл елші «Киелі Рухтың игілікті жемістері» деп атайды (Ғалат. хат 5:22-23).
Мақұл. Бірақ Исаның тәлімі кедейшілік, соғыс сияқты мәселелерге қандай шешім ұсына алады?
Құтқарушы Исаның тәлімі барлық адамдарды көзін тауып, ерінбей еңбек етіп, тамақ, киім-кешек, үй-жай және адамның өмірін жеңілдететін тағы басқа нәрселерді жасап шығаруға жігерлендіреді. Сондай-ақ, ол мұқтаждық көріп жатқандарға жақсылық істеп, жомарттық жасауға да үйретеді.
Исаға сенушілердің еңбексүйгішгік, үнемшілдік, жұмысты көзін таба істеу, алдын ала жоспарлау, басқалармен бөлісу және экономикалық істерде ортақтасуға көп көңіл болу сияқты ұстанған құндылықтарының арқасында сан миллион адам кедейшіліктен құтылды. Бұның бәрі басқа көзқарастардың ықпалымен салыстырсақ, айқындала түседі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ең кедей елдерде анимизм, спиритизм, буддизм және индуизм кең, ал Исаның тәлімі әлі де аз тараған. Ал ең бай әрі өркениетті елдерде көп адамдар Исаның тәлімін қабылдап, Киелі кітаптың қағидаларына сәйкес өмір сүреді.
Және Исаның тәлімі кең тараған осы ең дәулетті елдер кедейлерге басқаларға қарағанда көбірек көмек бсрсді. Опар көрсеткен көмектің нақты көлемі бойынша ғана емес, елдің жалпы кірісінің қаншама пайызын бөлгені бойынша да алдыңғы орында.
Ал соғыс туралы сұрағыңа тоқталсақ, осында да Исаның тәлімі қол жеткізбес қиялды қумайды. Адам баласы күнәкар күйі қала бергенше соғыстар немесе соғыс қаупі болмай қоймайды. Дегенмен Иса адамдарды бір-бірімен түсінісуге, өзгелердің жамандықтарын кешіруге, барлық адамдарға іс жүзінде жақсылық істеуге және біреудің шабуылына ұшыраған жазықсыз жандарды қорғауға шақырады. Біз, сенушілер, нақты қашан жүзеге асатынын білмесек ге, ақыр соңында Құдай адамдардың істеріне тікелей араласып, соғыс атаулыны тоқтатады деп Киелі кітапта алдын ала айтылған.
Бұнда да іс жеке адамдарға келіп тіреледі. Бүкіл дүниенің өзгеруі адамның өз жүрегіндегі өзгеріспен басталады. Иса осы өзгерісті жасаймын деп уәде берді. Бұл жерде де: «Исаның шақыруына қалай жауап бересің? Оған сенім артасың ба?» деген сұрақ пайда болады.
Достарыңызбен бөлісу: |