Т. Сапаров Қазақ шығысының Өзен – КӨл атаулары


Аймақ топожүйесінің зерттелу тарихы



бет2/19
Дата25.02.2016
өлшемі12.31 Mb.
#19338
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

1.2 Аймақ топожүйесінің зерттелу тарихы

Шығыс Қазақстанның жері әлемге Алтай тауының атымен танымал болған. Сонау Геродот жазбаларында, қытайдың жылнамаларында, көне түркі жазба ескерткіштерінде, Марко Поло, Плано Карпини сияқты шетелдік саяхатшылардың жазбаларында Алтынтағ (Алтын йыш, Әктаг, Төлес, Алтай), Мұзтағ (Мұзтау), Ертіс атаулары көрініс береді. Көне топонимдердің барлығы дерлік түркі тілдерінен жасалғандықтан, Алтайдан бастап, Каспийге дейінгі жерлер, яғни қазақстан аумағы тұтасымен ежелден түркі халықтарының жері болғаны дау тудырмаса керек. Шығыс Қазақстандағы Алтай, Бұқтырма, Күршім, Марқакөл, Ертіс сияқты макротопонимдердің негізінде түркілік мағына жатуының өзі осыған дәлеле бола алады. Ал монғол, орыс тілді атаулар, сөз жоқ, кірме атаулар екендігін тарихты оқыған кез келген адам біледі.

Патшалы Ресей бұл өлкеге ерекше назар аударды. Өйткені оларды Алтайдың алтыны мен күмісі қызықтырған еді. Сондықтан 18-19 ғасырларда патшалық Ресейдің ғалым-саяхатшылары Алтайды түбегейлі зерттей бастады. Атап айтқанда, Н. М. Пржевальский, Г. М. Потанин, В. А. Обручев, К. Лебедур, Ф. А. Геблер, Н. М. Ядринцев, Д. А. Клеменц, В. В. Сапожников, А. Н. Седельников т.б. бірнеше дүркін саяхат жасады. Олардың әрқайсысының өзінің зерттеу нысаналары болғанымен, топонимдерді (жер-су аттарын) жанама түрде қарастырып отырған. Мәселен, 1863 жылдың жазында өлкемізді аралап, «Путешествие на озеро Зайсан и в речную область Черного Иртыша до озера Марка- кул» атты саяхатнама жазған Карл Струве мен Григорий Потанин мынадай жер - су аттарын келтіреді: Борлытөбе, Шағыл, Жалаңаштүбек, Ақтүбек, Борқыт, Қарабөрік, Шөңгелді, Төрткөл, Үшқара, Сарытау, Майшілік, Ойшілік, Қызылшілік, Балақшілік, Тулақшілік, Бесбуын, Бала Қалжыр, Үлкен Қалжыр т.б. Мұндағы Борлытөбені «бөрі» мағынасымен шатастырып алмау үшін, «Гипсовые сопки» деп атап көрсетсе, қазақтар Керіш деп атайтын жерлердің түрлі-түсті топырағы ман жаратылысын таңырқай жазады. Бұл атаулардың көпшілігін қазіргі карталардан таба алмаймыз, өйткені арадағы уақыт, саяси-әлеуметтік өзгерістер оларды жадымыздан өшірген немесе өзгертіп жіберген.

Дәл осы кезде, 1863 жылдары, тағы бір Ресей Саяхатшысы А.Принтца өзінің «Каменщики» атты зерттеу еңбегінде орыс қонысаударушыларының қалай келгенін баяндайды. Діни көзқарастарына байланысты қуғынға ұшыраған орыс босқындары алғаш 1761 жылдары Тұрғысын өзенін бойлай келгендерін, одан соң, Осочиха, Быкова, Сенная, Коробиха Верхняя Бухтарма, Мало Нарымская, Язовая, Белое, Фыкалка, Берел хуторларын салғанын жазады.

Орыстың атақты саяхатшыларының бірі, қазақ Алтайын дүркін аралаған В. В. Сапожников қазақ атауларын барынша дәл беруге тырысқан. Отарлау саясатының ықпалынан шыға алмаған кейбір ғалым- саяхатшылар алғашқы карталарға көптеген атауларды орыс тіліне бұрмалап түсіруге мәжбүр болса (Мұзтау/Белуха), ол оған көне бермеген. Қобда қаласының маңындағы қазақ атауларын монғолдардың өз тілдеріне қолма-қол аударып жатқанын жазады. Мысалы, Қызылкеңді – Уландаба, Ақсуды – Цагангол т.б. Атақты саяхатшылар Геблер мен Ядринцев Яшпага, Проездная деп атай салған Ителген асуын өзгертпей береді. Бұдан біз жер - су аттарын саясатпен тығыз байланысты екенін айқан көреміз. Кезіндегі монғол басқыншылары да олардың мұрагерлері жоңғарлар да, орыс отарлаушылары да жерді иемдену үшін, ең алдымен атауларды ауыстыру керек екенін жақсы түсінген. Тіпті бертіндегі фашистік Германия ауыстырып жіберген атауларын Польша мен Чехия күні бүгінге дейін қалпына келтіру үстінде. Кеңестік саясатқа қарсы шыққан Балтық елдері де өз елінің қамын ойлап топонимикасын реттеп алды.

В. В.Сапожников Сарымсақты мен Күршім өзендерінің бір мұздықтан басталып, бірінің теріскейге, екіншісінің күнгейге ағатыны алғаш бағамдап жазған. 1905 - 1909 жылдары жазған сапарнамасында Қу Ертіс, Бала Ертіс, Қара Ертіс өзендерінің ағынды емес екенін айта келіп, көптеген топонимдерді тізіп жазады. Мысалы, Аққаба, Чиндагаты, Ащыбұлақ, Қарақаба, Төсқайың, Балықтыбұлақ, Жетікезең, Тарбағатай, Бұрхат асуы (2150 м), Байбөрді асуы т.б. Бұл атаулар Қатонқарағай мен Марқакөлдің арасында орналасқан. Қазір Шанағаты болып жүрген елді-мекен мен өзен аты өткен ғасырдың басында ғана Шандағаты деп аталғаны оның этимологиясын ашуға көмектеседі. Шандағаты- монғол тілінен аударғанда «Қоянды» болып шығады. Ал, Шанағаты түрінде келсе, «шөмішті» мағынасын береді де, топонимге сәйкес келмейді. Осы маңда Сарқамыр тауы бар екенін саяхатшы жазғанымен, ресми карталардан оны кездестірмейміз.

1910 жылдары Шығыс Қазақстанды аралап, «Озеро Зайсан» атты кітап жазған А. И. Седельниковтың деректері бойынша Зайсан, Аблакетка атауларынаң тарихи оқиғалар барысында туған таулар екенін ұқсақ, А. А. Силантьевтің «Исследование мараловодства на Алтае» (1900) атты еңбегінде мағынасы дау туғызып жүрген Қатонқарағайдың - Котонъ-Карагай екендігі тайға таңба басқандай етіп жазылғанын көреміз. Мұндағы Зайсан гидронимі алғашқы карталарға Зайсан-нор, Нор-Зайсан қалпында түсіп кеткені болмаса, қазақтар ол көлді Теңіз (Бейне Теңіз) деп атайтыны ескертеді. Ал Қатонқарағайдың - Қатонқарағай, яғни «Топқарағай» екенін мойындайтын да кез жетті.

1792 жылы жазылған И. Сиверстің «Письма из Сибири» атты кітабында Шығыс Қазақстан аумағы да қамтылған. Онда Тарбағатай тау жотасы, Үржар өзені, Ұланбалық өзені, Сарыесік, Қараесік өзендері, Құсмұрын тауы, Қызылтас сияқты топонимдер бар.

И. Сиверс басқа саяхатшылардай атауды жай ғана атап өтпейді, оны сипаттап жазып отырады. Бұл атаудың мағынасын ашуға көп көмектеседі. Мәселен, Жайтөбе - «жеке тұрған тақыр төбе», Күршім - Ақтөбе - «ортасында ақ жолағы бар тазды тау», Қалмақтолағай - «биік домалақ, тасты таулар тізбегі» дейді. Соңғы атаудағы толағай географиялық термині монғол тіліндегі «бас» сөзін білдіріп, үнемі домалақ тасты тауларға қойылады деген пікірді дәлелдеп тұр.

Осы арада Қоңқай оронимін (тау атын) әлдебір Қоңқа деген қалмақ батырының атымен байланыстыратын аңызды атаудың этимологиясы деп түсіндіретін пікірлер бар екенін, ол пікірдің «халықтық» (жалған) этимология екенін ескерте кету керек. Қоңқай көне түркі, монғол тілдерінде «жеке», «бөлектенген» деген мағынада келіп, үнемі жалпы тау жүйесінен бөлініп қалған тауларға ғана беріледі. Қазіргі тілдегі Жалғызтау, Шолақтау атауларымен сәйкес.

1770 жылы «Описание всех национальностей России» атты кітап жазған И. Фальк жоңғардың атақты ханы Галдан Цереннің Зайсанға жақын Шульдет Тау деген жерде отырғанын атап өтеді. Ол тау атаудың орысша дұрыс жазылмауы себепті анықталмай отыр. Орыс, әсіресе қытай жазбаларының түркі атауларын дәл бере алмайтындығынан көптеген атаулар даулы мәселеге туғызып жататыны белгілі. Шығыс Қазақстан жерін геологиялық мақсатта зерттеген еңбектердің өзі бір төбе. Оларды түсті металл қоры бар деп табылған өзен атауларының маңына топтап айып өтуге болады. Мысалы, Ұлан, Қанай, Егіндібұлақ, Тоқпақбұлақ, Ағынықатты, Құндызқатын, Бүлкілдек, Сібе, Сынтас, Балажал, Ақжал, Үлкен Бөкен, Құлыжұн, т.б.

Аталған авторлардың еңбегіндегі атаулардың дені қазақ тілінде, ішінара монғол тілінде кездесетіндіктен, орыс атауларының ол кезде дендеп ене қоймағаны байқалады. Оның үстіне атаулар табиғи нысананы дәл сипаттап тұрады. Бұл көшпелі қазақтардың байқампаздығын білдіреді және ой-қиялының ұшқыр, санасының таза болғанын көрсетеді.

Бұлардан басқа кезінде Семейден шығып тұрған «Записки Семского Подотдела Императорского Русского географического общества» журналының сандарында, «Вопросы колонизации» журналының сандарында, 1925–1926 жылғы халық санағында, колхоз, совхоздардың шаруашылық жерін түсірген карталарда т.б. құжаттарда көптеген географиялық атаулар мен елді-мекендер аттары кездеседі. Ол атаулардың көпшілігі, өкінішке орай, біздің заманға дейін қолданыста болмады, бірақ сол құжаттарда сақталып қалды.

Тілдердің таралу аймағы (ареалы) болатыны сияқты, тілдің диалект, топонимика секілді құрамдас бөліктерінің де таралу аймақтары болады. Қазақстан көлеміндегі диалектілер аймақ-аймаққа бөлініп, картасы түзілген болса, топонимдердің таралу аймағын анықтап, картографиясын жасау әлі қолға алынған жоқ. Сол себепті қазіргі Шығыс Қазақстан облысы көлемінде кездесетін жер-су аттарын сұрыптап, ареалын айқындау мәселесі толық зерттелмеген деуге болады.

Шығыс Қазақстан – талай халықтың қоныс аударуын бастан кешкен тарихи өлке. Алайда жербедерін белгілеу барысында түркі, монғол және славян (орыс) тілдік қабаттары ғана сақталып қалған. Оларды стратиграфиялық бағанаға орналастырып көрсек, әр қабаттың көнелігі, көлемі айқын байқалады.

Мұндағы ең көне (төменгі) қабатқа жататын атаулар біздің эрамыздан бұрын, немесе дәуірдің басында қалыптасқандықтан, қазіргі тілдер тұрғысынан этимологиясын аша қоймайды. Олардың мағынасын тек ғылыми жорамал ретінде ғана ұсына аламыз. Мәселен, Ертіс, Күршім, Қаба, Үлбі сияқты гидронимдердің семантикасы әлі күнге дейін дау туғызып келеді. Бұдан біздің ең көне атаулар гидронимдер деген ғылыми пікірдің дұрыс екенін көреміз.

Көне атаулардың көлемі аз және көпшілігінің мағынасы айқындалған соң, белгілі бір кезеңге жатқызылып отыр. Мысалы: Алтай оронимін монғолдардың 13-ғасырларда түркінің Алтынтағ (Алтынтау, Алтынды) атауынан өз тілдеріне аударып алғанын қытай жылнамаларына қарап білеміз.

Өз жазбаларын б.з. – дан бұрын жүргізіп келген Солтүстік Қытай империялары Алтайды Цзиньшань деп атаған. Бұл түркінің Алтынтағ атауының тікелей өзгерген түрі болатын: қыт, цзинь «алтын» - шань «тау».

Көне қабаттан кейін іле-шала шығып, танып-білуге келетін атаулар түркі тіліндегі топонимдер. Соған қарағанда Алтай, Ертіс өңірін мекендеген сақ, ғұн, түркі, қимақ, қыпшақ, қырғыз, теле сияқты көне тайпалар әуел бастан бір ғана тілде, түркі тілінде сөйлеген деп батыл болжам айтуға болады. Өйткені көне қабат пен түркі қабаты аралығында енетін басқа атаулар жоқ. Сонымен бірге, қазақ (түркі) тіліндегі атаулар облыс топонимдерінің 74,8 %-ын құрайды. Мысалы, Азутау, Арда, Барлық, Бұқтырма, Қайырты, Қоснарты т.б.

Екінші, монғол тілді атаулар қабаты, кейбір ғалымдар айтып жүргендей, алтай тіл бірлестігі заманынан бері келе жатпағанын аңғарамыз. Бұл кірме атаулар Алтай тауларының өзіне, одан соң Қыпшақтың Ұлы даласына тек 13-ғасырдан бастап тарай бастаған. Қазақстанда кездесетін монғол атауларының көне монғол тілінен емес, қазіргі монғол тілінен ашылатыны бұған дәлел бола алады. Облыс көлемінде монғол тіліндегі топонимдердің көлемі 10 %–ды құрайды. Алтай, Борғұстай, Бақанас, Қандығатай, Доланқара, Зайсан, Ұлан, Өрел, Сайқан, Ұласты, Үйдене, Шаған, Шорға, Шабарты, Толағай т.б.



1.2.1 Ертіс атауының этимологиясы

Көне түркi тiлiнiң тасқа жазылған ескерткiштерiнiң табылу М.Қашқари сөздiгiнiң сақталуы бұл дәуiрдiң тiлдiк жүйесiнен мол хабар берiп, көне атауларды талдауда жол көрсетiп тұрады. Кейбiр көне атаулардан (мұзтағ, хантағ, байтақ) тақ терминiнiң тағ формасының болғанын бiлемiз де дәлел ретiнде көне түркi жазба ескерткiштерiне жүгiнемiз. М. Қашқарида: иайлағ-жайлағ-жайлау, қышлағ-қыстағ-қыстау, тұрұг “тұрақ жай” т.б. көптеген географиялық нысандар кездеседi. Облыс аумағын екiге бөлiп жатқан Ертiс өзенiнiң атауы, осы формада VIII-ғасырда қойған Күлтегiн мен Төныкөк ескерткiштерiнде кездеседi және онда: "…түркiлер Алтай тауынан көтерiлiп, Ертiс арқылы өтiп, түргеш тайпасын жеңгендерi баяндалады". М. Қашқари сөздiгiндегi Иртыш (Эртишмақ) “Кiм тез өтедi” түсiнiгi ғылыми этимологияға жетелейтiн бiрден-бiр дерек. “Ертiштi – бәсекелесiп өтiстi; бәстесiп өтiстi… Ертүшiр – ер түшмек – Бәске өтiсер – бәске өтiспек. Ерттi: өттi, кештi. Өдзлек ерттi – Заман өттi… “Ертер-ертмек, өтер-өтпек”. Ертiс өзенi ежелгi руна жазбаларында (Артис), 1546 жылы жарық көрген С. Герберштейннiң, тiптi 1716–1733 жылдары құрастырылған швед Ренаттың “Жоңғария картасында”, Шмидтiң сөздiгiнде Ирцыш - Erzich, Ф. А.Брокгауз бен И. А. Ефронның энциклопедиялық сөздiгiнде Эрчис/Ирцис, моңғолша Ирцис, қытайша Эрцзис түрлерiнде кездеседi. Ертiс өзенi этимологиясы туралы В. П. Семенов, А. П. Дульзон, Э. М. Мурзаев, В. Н. Попова т.б. ғалымдар өз пiкiрлерiн жазды. Белгiлi саяхатшы-географ В.П. Семенов “Иртыш/Ир-“жер”, тыш-“қазу” мағынасында түсiнiк берген. Сiбiр топонимдерiнiң этимологиясын зерттеген А.П.Дульзон көптеген түркi атауларын кет тiлiнен шығарады. Ир-сес>(өзен)>Ирчис>Ирцис сөзiнен өзгерген дейдi. “Ирцис – моңғолша Иртыш – кет тiлiндегi “цис” “өзен” аппелятивi деп Г. Рамстедтке сiлтеме бередi.

Оның пiкiрiн В. Н. Попова қолдайтынын бiлдiредi. Ертiс гидрониминiң этимологиясы жөнiнде В. Н. Попова арнайы мақала жазды. “Ир” ежелгi үндi тiлiнде “ар” – ағынды, ағып шығу, “тыш” кет тiлiнiң “сес”, шеш (өзен) деген сөзiнен түрiкше өзгерген варианты деген мағынада қарастырып, А. П. Дульзон мен Э. М. Мурзаевтың пiкiрiн қолдайды. Біздің пікірімізше А.П.Дульзонның жорамалына екi дерек жетпей тұрғаны байқалады:

1) Кет тайпасы қазiргi Қазақстан жерiнде тұрды ма?

2) Атаудың ер/ир түрiндегi бiрiншi сыңары кет тiлiнде ненi бiлдiредi?

Бұл мәселелерді анықтап алмай, үзілді кесілді кет тіліне жатқызу дұрыс болмайды. Ә.Т. Қайдаровтың пайымдауынша ир/иир түркi сөзi: мағынасы орысша “извилистый” дегенге келедi. Бұл гидроним екi компоненттен құралған Иир//Иiр>Ер (түркiше извилистый) сес//шеш>тес//тыш (кетше “өзен, су”)>Ертiс//Иртыш, “иiр өзен,”, иiр су дегенге келедi. Әрине орографиялық ерекшелiктерiне байланысты Ертiс өзенiндегi ирелеңдiк айрықша көрiнiс тапқанымен “сес” компонентi Ертiс өзенiнiң нақты этимологисынын ашып бере алмайды. М. Қашқаридiң сөздiгiндегi ертөту”, кешу мағынасында тұрған “өт” сөзi “өткел” мағынасын бередi десек онда Ерт+сiз “өткелсiз” (өзен) болып шығады. Көне түркi жазбаларында -сыз –сiз жұрнағы жиi қолданылған: тонсыз, иолсыз, бiлiгсiз, iдiсiз т.б.

Ертiс өзенiнiң ағысы, жылдамдығы әркелкi болғанымен, мыңдаған жылдар аралығында жағалаулары шайылып, беткейлерінде әртүрлi пiшiндер қалыптасқан деуге болады. Ертiс өзенiнiң орта ағысында оң жағалауы шайылып, арнаның оң жаққа қарай жылжып бара жатқанын аңғаруға болады.Бұл ерекшелік Ертістің басқа бөліктерінде де жиі кездеседі. Ертіс – көне орал-алтай тіл бірлестігі кезіндегі «ен өзен» немесе «арынды өзен», ағысы қатты мағынасын беретін атау ретінде де қарастыруға болады. Көрнекті ғалым Б.Аспандияров Қара Ертіс өзен атауын қар, қыр, қара сөздерінен Қар Ертіс, Қыр Ертіс және Қара Ертіс атаулары пайда болған деп қарастырады. «Ертіс» деген ұғым күрделі сөз екі ұғымнан тұрады: біріншісі, «ер» – ат ерттейтін ер немесе «ор» – тау, таулы деген мағынаға ие. Екінші бөлігі, «тіс» - татар сөзі, «тыс» болса қазақи сөз. Сыртқы, «сырт», «бөлек» дегенді білдіреді. Ертіс негізінен «Өртыс» болуы да мүмкін. Демек, Ертіс сөзі алғашқыда шекарамен қанаттас немесе шекараның арғы жағындағы таулардың атауы болған. Ертіс өзенінің атауын қазақтар «сыртқы таулар» деп атайтын қытай тауларынан алынған деп топшылайды.

Ертіс – Батыс Сібірдегі өзен. Көшпелі халықтың тарихи өміріндегі маңызы орасан. Атау татар тілінен шыққан, орыстар Иртыш дейді. Ауызекі тілде басқа да атаулар көптеп ұшырасады; Өртіс, Өртұс, Артуш т.б. Айтылуы мен жазылуының түрліше болуына қарап та, бір өзенді әртүрлі атаған ертедегі халықта жазу ғұрпы болмағанын аңғару оңай. Оның үстіне, атаулардың көптігі «Иртыш» немесе «Ертіс» сөздерінің этимологиясын анықтауды қиындататыны тағы бар. Егер қазақ тілінде солардың барлығы да түсінікті болса, онда атаулардың қай-қайсысын да бір тілде сөйлейтін түрік нәсілділер-азын-аулақ морфологиялық өзгешеліктермен ойлап тапқан деуге негіз бар.

Жалпы өзендердің атауы айнала төңіректегі жер, су, жоғарыдан төмен қарай көлбеу жазықтықпен құлдилай ағатын таулардан тамыр тартады.Көне дәуірлердегі географиялық атаулар, әдетте, белгілі бір аймақтың табиғи ерекшеліктерін айшықтайды. «Ертіс» сөзі де өзен бастау алатын жердің өзіндік ерекшелігіне орай шыққаны даусыз. Ауыздан ауызға ауыса жүріп, сан рет қайталаудың нәтижесінде айтушыға да, естушіге де сіңісті боп, көз-құлақ үйренген соң, біржола өзен атауы боп қала берген. Ендеше, оның қандай ерекшелік екенін табу үшін зерттеу лазым.

Ертіс Алтай тауларының Қытай аумағындағы оңтүстік-батыс баурайларынан бастау алады. Зайсан көліне құятын тұсқа дейін «Қара Ертіс» деп аталады. Бұл аралықта жазық алқапты жарып ағатын өзеннің екпіні біршама бәсең, жайбарақат.Көлдің солтүстігіне таяғанда екі жағынан қоршаған Алтай тауының дөңбек тастары арасымен көбік шашып,бауырқана жөңкиді, жылдамдығы еселеп артады. Бұл - әрине, аса ірі гидроэнергетикалық құрылыс үшін таптырмайтын жағдай.

Ертістің сол жағасы жазық дала да, оң жағасы опырылуға бейім борпылдақ, лайсаң топырақты биік жартас. Өзен ағысының орта шенінде табалдырықты таяз жерлер баршылық,ал төменгі ағыста кездеспейді.Төменгі ағыста Ертіске баратын ұзын Есіл және мол сулы Тобыл өзендерінің тармақтары қосылып, өзен арнасы кеңейеді, қарым – қуаты арта арта түседі, бірақ өте жай ағады. Ертіс Обь өзеніне құяды. Ұзындығы төрт мың шақырымнан, алабтың көлемі бір жарым миллион шаршы шақырымнан астам.

Осынау қысқаша түсінікте Ертіс өзенінің жоғарғы сағасы «Қара Ертіс»деп аталатыны бірден көзге ұрады. Мұнда қателіктің көкесі жатыр.Табиғи ерекшелігі жағынан алғанда, «Ертістің» «қара» болуы әсте де мүмкін. Мәселен, Қытай аумағындағы Алтай тауларының мұздықтары мен қар суларынан бастау алатындықтан оны «қарлы» немесе «таулы» өзен деп атаған анағұрлым сыйымдылау.Анығырақ айтқанда, қар,қыр және қара сөздерінен Қар Ертіс, Қыр Ертіс және Қара Ертіс атаулары пайда болған деп қарауға болады. Немесе әлде бір аудармашының «Қыр Ертіс» не «Қар Ертіс» деудің орнына, «Қара Ертіс» деп бұрмалауынан да теріс атау өмірге келуі ғажап емес. Сондықтан Ертіс өзенінің жоғарғы ағысын «Таулы Ертіс» әлде «Қарлы Ертіс» деген атаулар көкейге қонымдырақ боларма еді.

«Ертіс» деген күрделі сөз екі ұғымнан тұрады: біріншісі, «ер» - ат ерттейтін ер немесе «ор» - тау,таулы деген мәнге ие. Екінші бөлігі, «тіс» - татар сөзі, «тыс» болса, қазақы сөз. «Сыртқы», «сырт», «бөлек» дегенді білдіреді. Түптеп келгенде, «ер» мен «тыс». «Сыртқы»деген мәнге ие «Ертіс» пен «тау», «сыртқы» дегенді білдіретін «Өртыш» бір-бірімен үйлеспейді, яғни, орысшаға аударғанда «Жыраққа орналасқан тау» дегенге саяды. «Ертіс» те, «Иртыш» та емес, «Өртыш» немесе «Өртыс» болған деп жорамалдауға негіз бар. Демек «Ертіс» (Иртыш) сөзі алғашында шекарамен қанаттас немесе шекараның арғы жағындағы таулардың атауы болған. Ал ол таулар-жоғарыдағы қысқаша сипаттамадан байқалатындай, Иртыш немесе Ертіс бастау алатын Қытай жерінің аумағында орналасқан. Осылайша Ертіс өзенінің атауы қазақтар «сыртқы таулар» деп атайтын қытай тауларынан шықса керек деп шамалауға болады. Бұл осы мәселеге қатысты бірінші қисын. «Иртыш» немесе «Ертіс» сөздерінің этимологиясын айқындап ашатын басқа қисын да болуы мүмкін.

Жоғарыдағы қысқаша танудан белгілі болғандай, жазықтан құлдырағанда Ертіс өзенінің екі жағын орасан үлкен қойтастар қоршап жатады. Орысша - «Каменистые громады». Қазақша мағынасы «Өртасқа» шамалас, яғни, «тау-тас». «Өртас» пен «Өртіс» өзара үндес,сондықтан «Ертіс» атауы «Өртастан» шыққан деп те пайымдаса болғандай. Міне, сөйтіп, «Ертіс» сөзінің этимологиясын анықтауда екі бірдей қисын бар. Бірі - «Өртыс», бірі - «Өртас». Алайда екі қисынның қайсысы дұрыс әзірге нақты жауап бере алмаймыз. Ол үшін зерттеуді әрі қарай жалғастыру қажет.

«Ертіс» сөзі «Өртас» сөзінен емес, «Өртыс» сөзінен шыққан. Оған дәлел, біріншіден, біз «тас» емес, «тыс» сөзінің баламасы «сырт» деген сөзді таптық. «Иртыш» сөзінің екінші буыны да «тас» емес, «тыс» боп тұр. Екіншіден, алтайлық Ертіс өзені бастау алатын қытайлық таулар ескілері,елден тысқары аймақтағы Орал таулары да «Сыртқы таулар» ретінде қаралған. Біз «Ертіс» немесе «Өртіс» сөзінен шыққанын айқындадық (Б. Аспандияров).

Сондай - ақ осылайша Орал тауларының, дәлірек айтқанда, Орал тауы бөліктерінің ежелгі тауы «Өртыш» немесе «Өртыс» болғанын да шүбәсіз анықтадық. Ертіс деп аталатын оралдық өзендердің (Жайық,Ембі,Самара)бәрі Орал тауларының көне атауын иеленген. Және де былай қарағанда, бұл Ертіс («таулар» мағынасында) деген бір сөзден ескі ұғымның орнына жаңа ұғым («өзен» мағынасында) беретін жаңа сөз пайда болды дегенді байқатады. Дыбыстық формасы бұрынғыша қалса да, бәрібір жаңа мәнге ие.

Көне дәуірде Орал таулары мен осы кездегі Жайық, Ембі және Самара өзендерінің жалпылама атауы болған «Ертіс» (дұрысы «Өртыс» және «Өртыш») сөзінің кейіннен тарихи дереккөздерде ғана ізі қалып, біржола құрып кетуінің сыры неде? Мұны осы аймақтарды мекендеген адамдардың тарихи даму үдерісінен іздеген жөн сияқты. «Ертіс» сөзі оның пайда болуына қажет шарттардың толғағы жетіп, атап айтқанда, қазіргі Орал таулары «сыртқы» шекаралық шепке айналған шақта тарихи құбылыс ретінде пайда болды. Бұл кезеңнің адамдары оны белгілі бір дыбыстық комплекс ретінде бағалап,мәнді сөзге айналдырды. Бірақ сол атаумен аталған нысан үшін қажет болған мезгілге дейін ғана сақталды. Алайда тарихи үдеріс барысында «сыртқы - жұрт» ретінде мойындалмай, қолданыстан шыққан «Өртыс» сөзі «ішкі жұртқа» айналып, көнерген ұғым ретінде ізім - қайым жоғалса да, бұрынғы дыбыстық ерекшелігін сақтаған күйде басқа формадағы ауызекі мағынаға (өзендер) ауысты.

Алғашқыда «Өртыс» сөзінің сол жақтағы адамдардың ұғымынша Орал таулары – бөктеріндегі барша жер-суының, яғни, лексикон жұтаңдығынан жеке – дара аталуы қиын тау, ойпат, орман, тоғай, өзен, көл, т.б. жалқы есім түріндегі ортақ атауы болғаны күмәнсіз. Тұтас аймақты бір атау ғана біріктірді.Уақыт өте келе,жалпы атау дербес элементтерге жіктеліп, әрқайсысы жеке - дара аталатын кез жеткенде,аталмыш аймақта бөлшектену жолымен бірінен соң бірі көптеген жаңа топонимикалық атаулар пайда болды.

Қимақтар мекен еткен аймақта Джуни деген елді қоныс бар екенін оқимыз. «Джуни» - бұрмаланған сөз, дұрысы – Жон, не Жөн. Қазақ жон, жон арқа деп ойпаң жерлерден биік көлбеу, еңкіш жазықтық, қырат, үстірт, тау қырқаларын айтады. Жалпы Сырт аймағында Самара өзені кесіп ағатын қырат бары рас, мәтінде ол «Артұш», яғни «Ертіс» деп аталады.

Сондай-ақ Жайық пен Ембі өзендері «Ертіс» делінеді,себебі белгілі, олар ертеде «Өртыс» (сыртқы таулар) деп аталған таулардан бастау алады.

«Ақ Ертіс» деп аталатын «Жайық» өзені қазіргі Миас қаласының оңтүстік жағындағы «Иремель» (дұрысы Өр мен, яғни, таулы емен) шыңынан ағып шығады. Бұл - Тобыл өзеніне құятын Үй тармағы мен Волга өзеніне құятын Ақ тармағы да ағып шығатын бастау. «Яик» - башқұрт сөзі, қазақтар емін-еркін кең байтақ даланы білдіретін, атына заты сай «Жайық» дейді. «Ақ» дейтін эпитет қосып, «Ақ Жайық» деп те айтады. Шамасы, «ақ» дегенді қосқанда, Жайық өзенінің ақ қарлы таудан бастау алатынын да ескерген болуы ғажап емес. Ақ Жайық эпостық жыр, дастан, әндерде жиі аталады. Халық арасында «Ақ Жайық, жағалай біткен бидайық» деген қанатты сөзі де кең тараған. Ақ Жайық бойында ржанка (ақ бидай мен қара бидайды будандастырудан пайда болған астық) дақылы мол өседі.

Біздің пайымдауымызша, Ертіс «ер, ерт, Ертіс» деген етістіктен шығуы мүмкін. Өйткені, ол Обь өзенімен қатар біраз жерге ағып (еріп) барып соған құяды. Есіл (есіліп ағып) болса, Ертіске еріп барып, сол өзенге құятыны бізге мәлім. Сонымен Ертіс Обьқа ереді, Есілді өзіне ертеді. Осы жағдайды ескере отырып халық бұл өзенге Ертіс деп ат қоюы орынды деп С.Абдрахмановтың түсіндірген формасын дұрыс деп санаймыз.

Сонымен, «Ертіс» сөзі мен «Ертіс» сөзіне байланысты басқа да топонимикалық атаулардың этимологиясы талданып, түпкі мән-мағынасы айқындалды.
1.3 Аумақ топонимдері жөнінде тарихи – географиялық мәліметтер

Қазақстан топонимдерінің шығуын тарихи дәуірлерге байланыстыруда тек бір ғана ғасырды бөліп алмай, ертедегі дәуірден сөз ету керек. Қазақтар ХV – XVI ғасырларда халық болып қалыптасудан бұрында Қазақстан жерінде қазақ рулары, тайпалары өмір сүрген. Олардың тілі басқа да түрік тайпаларының тілі сияқты бір негіздегі тұстас тілдер болған. Ендеше ХV–XVI ғасырларға дейінгі топонимдер жөнінде сөз еткенде, топонимдік жасаулардың бүкіл түрік тілдеріне ортақ жақтарын байланыстыра отырып, топонимдердің түрік семьясы тілдерінің топонимдеріне қатысы барлығын атау керек. Олай болса қазақ топонимдерінің жасалуы тарихи жағынан қазақ халқының тілі тарихымен тыңыз байланысты. Сондықтан топонимдік атауларды зерттегенде оның мағынасына жете түсінік, қандай шындықтың ұғымы екенін білу қажет.

Шығыс Қазақстанды мекендеген біздің ата – тегіміз ерте заманнан – ақ түрік тектес халықтары екені тарихи деректермен дәлелденген. Бұл жөнінде Оңтүстік Сібір мен Орта Азияны мұқият зерттеген кеңес ғалымы Р.И.Руденко өзінің «Таулы Алтай тайпалары және скифтері» деген еңбегінде біздің зерттеген мәліметтеріміз бойынша таулық Алтайлық ұлыстар мен Орта азиялық сақ – массагеттер бірінен – бірі аулақ өмір сүрмеген. Мәдениеті жағынан алып қарағанда олардың жақын туыс екендігі айқын. Олай болса Шығыс Қазақстанды мекендеген түрік тектес қазақ ұлыстары ғалым С. С. Черников айтқандай: «Бұл мәліметтерге қарағанда, Шығыс Қазақстанда адам мұздық кезеңінің аяғынан бастап тіршілік ете бастағаны көрінеді...».

Археологиялық мәліметтерге қарағанда, андрондық үлгінің соңғы кезінде, – дейді М. Ақынжанов, – Шығыс Қазақстанда, Солтүстік және Батыс Қазақстанда, Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия, Жетісуда 150–160 ұлыстар қырылған.

Олардың бәрінің тілі скиф – сақ тілі еді, бұл тіл алғашында түрік тілі деп аталған жоқ. Тек біздің жыл санауымыздан бергі VІІ ғасырлардан 1500 жылдан соң, түріктер басқаларды басып алып, құранды мемлекет құрғаннан кейін скиф – сақ тілі түрік тілі болып аталып кетті. Түрік тілімен жер – су аттары бұдан соң солтүстікке қарай бет алады.

Зайсан көлін алғаш зерттеген орыс ғалымы Г. Н. Потанин болды. Ол 1863–1864 жылдың қысында келіп, балық аулау жұмысымен танысады және көлдің жалпы географиялық құбылыстарына шолу жасап, оның ұзындығын 110 км, енін 28 км, тереңдігін 6 метр деп белгілеген. Бұдан кейін Зайсан көлін зерттеген Е. Михаэлис, В. Сапожников, А.Сидельников, Б. Герасимовтар болды, олар өздерінің зерттеу материалдарын Семейдегі патшалық орыс география қоғамының бөлімшесінің әр жылдардағы номірлерінде жарияланды. Сол зерттеушілердің айтуы бойынша, XVI ғасырда монғолдардың күшті одағы (ойрат, торғауыт, жоңғарлар) Зайсан ойпатындағы түрік халықтарын ығыстырып, ол жерді өздері мекен еткен. 1650 жылы монғол одағында аштық болу салдарынан Зайсан көлінің балығын азық ретінде пайдаланған, сол себепті көлді «Нор - Зайсан» яғни, «мейірімді көл» деп атап кеткен.

Орыс патшасы география қозғалысының тағы бір деректеріне қарағанда Зайсан көлі 1925 жылы Лакинфтің жасаған картасында қытай деректері бойынша ертеде «Хон – Хоту – Нор» болып аталған көрінеді.

Қазір көл атауы «Нор-Зайсан» емес, өазаө тілінің өзіндік ерекшелігіне қарай «Зайсан» көлі болып аталып жүр.

Майқапшағай Зайсан ауданы мен Қытай Халық Республикасының шекарасында орналасқан өзен.

Жеменей Зайсан қаласын екіге бөліп тұрған өзен. Бұл өзеннің Жеменей аталуының мәні ертеде осы өзеннің бойына қалмақтың Жеменей деген байы көшіп – қонып жүретіндіктен аталған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет