Дәріс 2. «Құндылық», «Ұлттық құндылық», ұғымдарының мәні мен сипаты Дәріс жоспары
1. «Құндылық», «Ұлттық құндылық», «тәрбиелеу» ұғымдарының мәні мен сипаты
2. Тәрбие жұмыстарының заңдылықтары
Дәрістің қысқаша мазмұны:
Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практиканың негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға, кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдай жасау», - деп көрсетілген. Бұл білім беру жүйесінің бағытының жас ұрпақ бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда өлкетану материалын пайдалануды қажет етеді.
Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының тұжырымдамасында: «...еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін, саяси және экономикалық дамуының тірегі болатын ұлттық құндылықтар мен ұлттық мұраттарды бойына сіңірген патриоттық рухтағы білімді жаңа ұрпақ тәрбиелеу, ғылымды жан-жақты дамыту. Ол үшін білім жүйесі жас азаматтардың қазақ тарихы мен мәдениетіне, мемлекеттік тіліне деген құрметін арттыруға Қазақстан Республикасына, оның мемлекеттік рәміздеріне, құндылықтарына деген сүйіспеншілік сезімдер мен отансүйгіштік қасиеттерді өсіруге бағыттау керек,- деп көрсетілген. Бұл өз кезегінде ұлтымыздың болашағы бүгінгі жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықты қалыптастыру қажеттігін көрсетеді, ал оны бастауыш сыныптан өлкетану материалы негізінде бастау керектігі білім берудің бастауыш деңгейінің басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Аристотель: Игіліктің кейбір түрлерін қарастыра отырып, алғаш рет «құндылау» терминін енгізді. Ол құндылықтарға (жан-дүние, ақыл-ой) және жақсылық үшін де жамандық үшін де қолданылатын игіліктерді (билік, байлық, күш, әдемілік) атап көрсетеді.
Философиялық сөздікте: «Құндылық» ұғымының ғылыми негізделген бірнеше анықтамаларына талдау жасалған. Адам құндылығының өзегін құрайтын және оны зерттейтін саланы аксиология деп атайды. Аксиология дегеніміз – құндылықтар табиғаты туралы, оның шынайы өмірдегі орны мен құндылықтар әлемінің құрылымы туралы, яғни, тұлға құрылымы мен әлеуметтік және мәдени факторлармен түрлі құндылықтардың өзара байланысы болып табылады. Еліміздің келешек ұрпағының өлкетану материалдары негізінде ұлттық құндылықты қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бүгінгі таңда білім беру саласының басты міндеті - өскелең ұрпақтың ұлттық құндылығын шыңдауға қызмет ететін білім беру жүйесін жетілдіру қажеттігін туындатады
Сондай-ақ құндылық негіздері шығыс ғұламалары еңбектерінен бастау алып, құндылықтардың қалыптасуы адамның дүниеге деген көзқарасынан пайда болады деп ой тұжырымдаған болатын. Дүниеге деген көзқарас адам туылған сәттен басталып қалыптасып, адам өмірінің соңына дейін жалғасатын процесс.
әл-Фараби: «Тәрбие дегеніміз – халықтар мен қалаларға теориялық ізгіліктерді дарыту деген сөз. Тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктермен өнерлерді дарыту деген сөз. Тәлім тек сөзбен іске асырылады, ал тәрбиелеу кезінде халықтар мен қалалықтарға білімге негізделген қасиеттермен туатын іс-әрекеттер жасау дағдысы сіңіріледі, олар осындай іс-әрекетке жігерлендіреді, осы әрекетті жасау тілегі қоздырылады, сөйтіп, осы қасиеттер және бұлармен байланысты әрекеттер адамдардың жан дүниесін баурап алатындай және адамдарды осыған жан тәнімен құштар ететіндей болуы көзделеді. Ал, бірдеңе жасау тілегі кейде сөз арқылы, кейде іс-әрекет арқылы қоздырылады», - деп көрсеткен. Философтың пікірін тұжырымдайтын болсақ, педагогика ғылымының негізгі категорияларының бірі тәрбие мен тәрбие жұмысына берілген анықтамалары мен оны іске асыру жолдарын бүгінгі күні бастауыш сынып оқушыларының құндылық бағдарын қалыптастыруда басшылыққа алынуы тиіс, - деп есептейміз.
Канттың айтуы бойынша, біздің біліміміз, біз әсер арқылы нені қабылдасақ және де біздің танымдық қабілеттілігіміз өздігінен не берсе – осылар арқылы қалыптасады деді. Бірақ Кант танымның субъективтігі қабілет ретінде субъектінің объективтік заңдарды ашпайтындығын керісінше, субъекті заңдары бойынша объектінің танылатындығын түсінеді. Таным бұған дейінгі адамдардың, олардың ұрпақтарының жасағанына сүйенеді, өйткені, олар таным үшін бастапқы жағдайларды, шарттарды жасады. Танымның ең бірінші шарты – қатынас жолдары, бұл кейінгі ұрпаққа тәжірибені берудің ең қажетті жолы ауызша айтылған аңыз-ертегілер, халықтың ырым-жорамалдарын әр түрлі бейнелермен салт-жоралар көрсетумен, мысалдармен және жүйелермен толықтырып отырады.
Бастауыш сыныптарда қаланған құндылық негіздер бала тұлғасының бұдан кейінгі жас кезеңдеріндегі қалыптасуына әсерін тигізетіндігі туралы В.В.Давыдов, В.С.Мухина сынды ғалымдар еңбектерінде жазылған. Алғашқы кезекте баланың жас ерекшелігіне сәйкес, ұғына алатын, меңгеруге мүмкіндігі жететін ұлттық құндылық таным-түсініктерінің көлемін анықтаудың маңызы зор. Ұлттық құндылықтарды тану адамның іс-әрекетін белгілі бір деңгейде бағыттап, әлеуметтік тәртібін анықтайды. Бастауыш сынып оқушыларында ұлттық құндылық бағдар қалыптастырудың теориясын қарастыра отырып, оны тәжірибелік тұрғыдан нақты және дәйекті талдау мазмұн мен мәнді сақтап, ықшамдауды қажет етеді.
Ұлттық құндылықтар – нақты бір ұлт өкілдерінің құнды деп есептейтін дүниелері мен ең маңызды, бағалы қасиеттерінің жиынтығы. Ұлттық құндылықтар - әрбір халықтың, этностың мәдениетінің өзегі, жеке тұлғаның ішкі мәдениетінің іргетасы. Ұлттық құндылықтар әрбір этникалық қауымдастықтардың өзіндік тұрмысы, табиғаты, мәдениеті негізінде түзген құндылықтарының жүйесі.
Нақтылай түссек, ұлттық құндылықтар дегеніміз – халықтың ұлттық тілі, ұлттық мінез-құлқы, салт, дәстүрлері, ерекше адамгершілік қасиеттері, ауызша-жазбаша ұлағатты тәлім-тәрбиелік мәні бар даналық өсиеттері, ділі мен діні. «Қазақы ұғымдар, өсиеттер, баталар, ұлағатты ақыл-кеңестер-тәрбие үлгілері, бабалардың ұрпағына қалдырған өнегесі. Біздің кейінгі ұрпаққа қалдырар неміз бар, ең болмаса ата-баба ұлағатын дұрыс түсінейікші ағайын»-деген ғалым М.Тілеужановтың пікірі де бабаларымыздың ұлттық құндылықтарының оқу-тәрбие өзегі екенін көрсетеді.
Ұлттық құндылық - тұлғаның ұлттық келбетін анықтайтын өзіндік санасы мен ұлттық құндылықтарға қатынасын көрсететін сенімі, көзқарасы, ұмтылыстары түріндегі ерекше тұлғалық құрылым. Ұлттық құндылықтардың әр ұлттың қоршаған табиғат ерекшеліктеріне сай өмір салты негізінде ғасырлар бойы жинақталған тұрмыстық және рухани мұрасы болумен қатар, адам болмысындағы, қарым-қатынасындағы адами құндылықтың ерекше бейнесі ретіндегі қажеттілігі артып отыр. Олай болса, құндылықтардың тұлға қалыптастырушылық әлеуетін тәрбиеде пайдалану құндылық бағдар қалыптастырудан басталуы қажет. Оқушылардың мектеп қабырғасын аттаған алғашқы күндерінен бастап ұлттық құндылықтардың мәні мен маңызын, оның қажеттілігін саналы ұғынып, сол меңгерген құндылықтарға сәйкес өз іс-әрекеттері мен мінез-құлқын реттеп отыруына көмектесу міндеті тұрады. Бұл міндетті шешудің алғышарттары кейінгі кезде дайындалған шетел және отандық ғалымдардың еңбектерінде қарастырылады. Ұлттық құндылықтарға ұлттың өзіндік ерекшелігі, ұлттық мәдениеттің өзгешелігі, ұлттық тілдің байлығы, ұлттық нақыш, ұлттық салт-дәстүрлер жатады.
2. Тәрбие жұмыстарының заңдылықтарына келесілерді жатқызамыз:
Жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысы – бұл жеке тұлғаның толық дамуына бағытталған оқытушылар мен білім алушылардың тіршілік іс-әрекетін ұйымдастыруға бағытталған мақсатты іс-әрекет болғандықтан алдымен оның заңдылықтарын айқындап алу қажет. Заңдылық дегеніміз – қоғамның мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін, заң аясынан шықпайтын құқықтық әрекеттер мен құқықтың орындалуына саналы түрде жету.
Тәрбие ісінің қоғамның әлеуметтік-экономикалық қажетін өтеуге сай келуі заңдылығы. Демократиялық принципті іске асыра отырып, адам құқығын қорғау мәселелерімен байланыстыстылығында болып табылады. Бүгінгі қоғамдық сұранысқа орай, тәрбие жұмысының мазмұнында еліміздегі әлеуметтік-экономикалық даму факторлары ескеріле отырып, жүргізілуі тиіс.
Тәрбие жұмысының мазмұнында Қазақстан халықтарының мәдени-тарихи құндылықтарын жалпыадамзаттық құндылықтармен үйлестіре жүргізілуі қамтылуы қажет. Тәрбиенің бұл заңдылығы болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауда қазіргі қоғамға қандай маман қажеттігі тұрғысынан басшылыққа алынуы тиіс. Бұл тұрғыда өз ана тілі мен бірге бірнеше тілді қатар меңгерген, бәсекеге қабілетті, толерантты, ұлттық санасы мен көзқарасы қалыптасқан, мәдени қарым-қатынасқа түсе алатын, коммуникавтивті, тәрбие технологиялары мен әдістерін жетік меңгерген маман қажет,- деп санаймыз.
Білім алушылардың жас және жеке басы ерекшеліктерінің ескеру негізіндегі тәрбиенің тұлғалық бағыттылығы заңдылығы. Жоғары оқу орнында білім алушылардың даралығын, өзіндік мінез-құлқы мен тұлғалық қасиеттерін, рухани-адамгершілік сапаларын дамытуды алға шығарады.
Қазіргі қоғамдық өзгеріске орай өзін өзі тәрбиелеу, өзін өзі жүзеге асыруда шығармашылық қабілетін, логикалық ойлауын дамыту мен педагогикалық шеберлікті меңгеруі маңызды болмақ. Жоғары оқу орнында ұйымдастырылатын тәрбие жұмыстарында өзіндік «Мен-ін» көрсетуде белсенділік таныту, лидерлік қабілетінің ашылуына мүмкіндік жасау, тәрбиелік іс-шараларды жаңаша жүргізуге тың идеялар қосу және оны іске асыруға атсалысуына мүмкіндік туғызу керек, - деп есептейміз.
Тәрбиенің екі жақты сипаты заңдылығы. Аталған заңдылықтың жоғары оқу орнындағы нысаны эдвайзер мен студенттер болып табылады. Жоғары оқу орнында эдвайзер студенттермен жүргізілетін тәрбие жұмысының жоспарын жасайды. Әрине, тәрбие жұмысының екі жақты сипаты осы жоспарды іске асыру барысында ұйымдастырылатын іс-шараларға байланысты, субъектілік қарым-қатынаста болады. Бұл жерде жоспар бойынша өткізілетін әрбір тәрбие сағаттарында ынтымақтастық пен серіктестік тұғысынан ұйымдастырылуы қажет. Сонда ған аталған тәрбиенің екі жақты сипаты заңдылығы орындалады, - деп тұжырым жасаймыз.
Тәрбиеге еріктілік пен шығармашылық көзқарас заңдылығы. Бүгінгі жастарға не қажеттігін ескерумен қатар, олардың шығармашылығын дамытуға ықпал ететіндей болуы тиіс. Сутденттердің неге қызығатынын ақылдаса отырып, зияткерлік, адамгершілік, шығармашылық тұрғысынан ұйымдастырылатын іс-шаралар мен тәрбие сағаттарын жоспарға енгізуді қарастырған жөн. Өз қалауларыменғ яғни еріктерімен таңдаған тәрбие жұмыстары оң нәтиже берері сөзсіз. Білім алушылардың тұлғалық сапаларын көрсетуге мүмкіндік туғызатын жарыстар, конкурстар, сайыстыр, әртүрлі үйірмелер және т.б. туралы толық ақпараттар беріліп, олардың шығармашылығын дамытуға жағдай жасалуы, - тиіс деген пікірді ұстанамыз.
Тәрбиенің ұжымдық бағыттылығы. Жоғары оқу орнында бұл заңдылық студенттер тобында, курстар арасында, институт және университет ішілік ұйымдастыралатын тәрбие жұмыстарымен байланысты қарастырылады. Белгілі бір тақырыптағы немесе конкурстар мен жарыстардың өтуіне командалық топпен қатысуы, бір мақсатқа жұмылдырылған ұжымдық тәрбиелік іс-шараларға қатысуынан көрінеді. Сондай-ақ қазіргі кезеңде жастар арасында кеңінен тараған тәрбиенің ұжымдық бағыттылығын көрсететін «флэш-моп», ән-би үйірмелерінің және спорттық жарыстары, дебаттар мен пікір-сайыстар, коучингтер, тренингтерге қатысу сияқты тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру барысында ұжымдық қарым-қатынастың өзара түсінушілік пен серіктестік тұрғыда ұйымдастырылуы қажет, - деп түйіндеме жасаймыз.
Жоғары оқу орнында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін тәрбие жұмысы негізінде жоғарыда талданған тәрбие заңдылықтарын басшылыққа ала отырып, тәрбие жұмысының түрлері мен мазмұнына орай, олардың әрқайсысының танымдық белсенді әрекеті, іскерлігі, лидерлігі, субъектілік қарым-қатынас белсендігі, адами мінез-құлық қасиеттері, кез келген ортаға бейімделе алатын, өзін өзі тәрбиелеу мен өзін өзі жүзеге асыруына мүмкіндік туғызатындай, қажет кезінде тәрбиеге байланысты оң шешім қабылдай алатын, өзіндік пікірі мен көзқарасын білдіре алатын тұлға қалыптастыру қажет.
Осы дәріске ағымдық, аралық, қорытынды бақылау бойынша тест тапсырмалары және сұрақтар
1. «Құндылық», «Ұлттық құндылық», ұғымдарына сипаттама беріңіз
2.Тәрбие жұмыстарының заңдылықтарын мысал келтіре өмірмен байланыстыра дәлелдеңіз.
3. «Ұлттық құндылық» туралы ғалымдар пікірлеріне салыстырмалы талдау жасаңыз.