4. Баспасөз тарихынан
Қазақ баспасөзінің 140 жылдық бай тарихы бар. Соңғы кезде оған үңіліп, қажетті қорытынды шығарып жүрген зерттеушілер жоқтың қасы дерлік. Тек Ү. Сұбханбердина, Т. Қожакеев сияқты бірен-саран ғалымдар болмаса. Көпшілігі одан өзіне қажетті деректі алады да негізгі мәселені ұмытып кетеді. Ал, жас ғалымдар белес тарихтың беткі қаймағын сылумен әуре. Тіпті, қайсыбірі қазақ баспасөзінің тарихын егемендік алған 1991 жылмен байланыстыра, екіншілері содан бастауға да кет әрі емес. Болашақта мұның соңы неге алып баратына белгісіз. Әйтседе, «Хабаршыда» бұл тұрғыдан алғанда көп алға жылжушылық бар. Көптеген ғалымдар қазақ мерзімді баспасөзінің 140 жылдық тарихын тереңінен қопарып, «ақтаңдақтар» бетін ашуға өзіндік үлестерін қосуда.
Мәселен, бұл тұрғыда тарих ғылымдарының докторы, профессор Қырықбай Алдабергеновтың 6, филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Сақовтың 6, А. Рожковтың 4, Л. Ахметованың 3, С. Нұрбеков, Н. Кенжегүлованың, Г. Өзбекованың, Е. Шайхұлының, С. Қозыбаевтардың бірді, екілі зерттеу мақалалары жарияланған. Соның алғашқысы Қ. Алдабергеновтың «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің публицистикалық шығармалары» деген еңбегі. Онда негізінен белгілі шежіреші, ақын, жазушының публицистикалық шығармаларына талдау жасалынады.
Бұл арада автор: «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің публицистикалық шығармалары әлі де толық зерттеле қойған жоқ. Оның публицистикасын екі түрге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі-өлең түрінде жазылған публицистикалық шығармалары. Оған 1907 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» және «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітаптарын жатқызамыз.
Бұл екі кітаптағы өлеңдердің мазмұны ұқсас. Екеуінде де XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ халқының қоғамдық-саяси, шаруашылық өмірі, Ресейдегі саяси-шаруашылық өзгерістердің қазақ өміріне әсері көрсетілген. Бірінші аталған кітаптан, екінші кітаптың өзгешелігі – мұндағы бір бөлім қара сөзбен жазылған.
«Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» кітабы 6 өлең топтамасынан тұрады. Бірінші өлең 9 бөлімнен құралған. Екінші өлеңнің тақырыбы - «Қара өлең», «Қазақтың қылып жүрген жұмысы», «3 рет сөз» (13 бөлімнен құралған), «Сәлем хат», «Жалғанда таппай бір»....».
Қазақ оқығандары үшін сол кездің басты мәселесі – отаршылдықты жою еді. Сол жолда күрескендерді Мәшһүр Жүсіп былай деп жырлайды:
Бар құдай бізге жарық таңыңды атыр,
Болар ек, атса таңың, біз де батыр.
Қазақта құлақ пен көз болған ерлер,
Тұтқында білесіз бе, неден отыр.
Бұл жерде ақынның айтып отырған ерлері кімдер еді? Патша езушілеріне қарсы үн көтерген адамдар қазақтың ақсүйектері арасында да аз болмаған. Үкімет саясатына қарсы шығып, ұлт мүддесін көздегендерді патша чиновниктері қызметтен алыстатып, қуғынға түсірген. Сталиндік репрессия, кейінгі тоқырау жылдарында да ақсүйек әулеттерінен шыққан азаматтар қуғын көріп, баспасөз бетінен орын ала алмады. Сөйтіп, олардың есімдері архивтерде шың басып жатып қалды. Сондай баста тұлғалардың бірі – Поштаевтар әулетінен шыққан азамат. Мәшһүр ол туралы «Сәлем хат» өлеңінде былай деп жазады:
Қарадан хан боп өткен бабаң Поштай,
Қолына жұрт билігін туған ұстай
Халқына бақташы боп болған қорған,
Шарықтап ағып түскен қыран құстай.
Поштаймен қатар шығып Шоң мен Шорман,
Сонда бір түзу заман болып тұрған.
Наурызбай, Кенесары толқынында,
Поштай еді көп жұртқа болған қорған.
Сөйтіп, қаламгер қазақ қоғамының жан айқайын түсіне білді, оны ашына жырлады. Қазақтар босқа даурығысып, құр мансапқа таласып жүргенде, ел мен жерді орыстар басып алып, қоныстанып жатқандығын айтты. Ол қазақтың ата қонысының қолдан кете бастағанына күйінеді. Жұрттың күйзелген қамын ұлт ынтымағы арқылы түзетуге болады деп ұғынады» 23, - деп жазады.
Шындығында біздер кезінде М.Ж. Көпеевтің осындай шығармалары үшін патша өкіметі тарапынан қуғынға ұшырап, елден шет аймақтарда жүргендігін білеміз. Екіншіден, Мәшһүр Жүсіп өзі Бұқараның Көкялташ сияқты жоғары діни оқу орнын бітірсе де көбіне қожа, молдалардың ісіне онша көңілі тола қоймаған. Әсіресе, татар моладалардың теріс пиғылдарын батыл әшкерелеген. Оның үстіне шаруашылық, отырықшылық, егіншілік, мал шаруашылығы жұмыстарына кеңінен араласып, өз ой-пікірлерін батыл айтып отырған. Ал, дін, тіл, оқу-ағарту жайы болса өз алдына бір төбе. Оның бұл мәселелерге арнап кезінде «Дала уалаятының газеті» мен «Айқап» журналдарының беттерінде жарияланған мақалаларының санының өзі 20-ға жуық. Міне, ғалым өз зерттеуінде осы жайлардың бәріне де кеңінен тоқталған.
Осы тұрғыда «Хабаршыда» жарияланып, үйлесімін тапқан келесі бір еңбек филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Сақтың «Ұлттық сана ұйтқысы» атты зерттеуі. Мұнда автор негізінен қалың қазақтың «көз бен құлақ, үніне» айналған «Қазақ» газетінің мән мен мазмұн, маңызына тоқталады.
«Қазақты» XX ғасырдың басындағы қазақ өмірінің шежіресі, дәлірек айтқанда, 1913-1918 жылдар аралығында халқымыз бастан кешкен аласапыран заманның айнасы, қазақ баспасөзінің негізін қаласқан энциклопедиялық басылым деп бағалауымызға әбден болады. Аталмыш кезеңде «Қазақтың» жеті өлшеп, бір шешер шешімінсіз, басылым басқармасының жетекшілігінсіз, яғни газеттің араласуынсыз бірде-бір уақиға болмады десек, ол соның дәлелі. Бұл сөзіміз жөн-жосықсыз, әсіре қызығушылықтан айтылып отырған жоқ. Сөзіміздің жаны бар екендігіне газет материалдарына жүгіне отырып, оқырман көзін жеткізу көп қиындық туғызбайды.
Ахаң, Жақандардың басылымды шығарудағы мақсат-мұратын, жандарын жалау ете ұстанған жолдарын газеттің аты мен маңдайындағы орда белгісінен-ақ аңғаруға болады. Бұл жөнінде алғашқы уақытта тіс жарып айту, басты жендеттің жанбалтасына қойғандай болғандықтан, ол сыр кейіннен 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін, қазақтың сөйтсек, оның мындай мәні бар екен: «Аталы жұртымыздың, ауданда ұлтымыздың әруақты аты» өшпесін әрі «киргиз» болып шатаспасын дегенді ойлаған алаш азаматтары газеттің атын «Қазақ» қойған. Ал Орданың мәнсіз «Киіз үй» - киіз туырлықты қазақ халқы. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына: түндік жарық кіретін жол, есік түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық еркін болсын, түрлі заттар кіретін жол есігі еркін болмасын....Түндік күнбатыс жағынан ашулы өнер-ғылым европа жағында күшті болған себепті қазақ ішіне Европа ғылым-өнері таралсын,- дегендік екен. Үйдің есігі «Қазақ» деген сөзден жасалған. Ондағы мағына «Қазақ» газеті жұртына әрі мәдениет есігі болсын, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын делінген еді»,-дейді басылым басқармасы атынан жарияланған «Орда гербі» атты бас мақалада. Осылай «Қазаққа деген игілік нәрсені енгізу жолында» қызмет еткен, «сырттан жамандық болса, күзетші орнында» жұмсалған газет өз заманында халықтың жолбастар серкесі, көш бастар көсемі болғандығы анықтауды қажет етпейтін ақиқат. Оған халқымен қауышуды күтіп, архивтерде сарғайған газет тігіндісінің кезкелген бетін тілге тиек ету арқылы көз жеткізуге болады. Олардың әрқайсысы тарихымыздың алтынмен жазылар бір-бір парағы болуға лайық» 24.
Ал, Қазақстанның әскери баспасөзі дегенде мынадай жайларға, көңіл бөлуге болады. Біріншіден, алғашқы әскери «Хабаршы» 1919 жылы Бөкей бөлімшесінде, Орда қаласында шыққаны белгілі. Бірақ, кейін қазақ тілінде арнайы газет-журнал шығарылмады. Тек, 1941-1943 жылдары ғана, Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ жауынгерлерінің ерлігі арқасында ұлт тілдерінде шыққан 50 майдандық газеттің 16-сы қазақ тілінде болғандығы жауынгерлік басылымның рөлін жоғары көтеріп кетті. Бірақ, өкінішке орай соғыстан соң қазақ тіліндегі әскери басылымдардың сапасы төмендеп, тіпті шықпай қалды деп айтуымызға болады. Себебі, әскери газеттер тек орыс тілінде ғана шығатын болды. Сөйтіп, Қазақстандағы әскери басылымдар ұлт тілінде тек егемендік алғаннан соң ғана, яғни 1992 жылыдң 16-шы желтоқсанынан бастап қайтадан жандана бастады. Өмірге бұрынғы орыс тіліндегі әскери газеттердің орнына «Қазақстан сарбазы» газеті дүниеге келді. Бұдан басқа шекарашылардың «Отан сақшысы» басылымы да бар. Міне, осы мәселелер туралы, филология ғылымдарының кандидаты А.В. Рожков өзінің «Қазақстанның әскери баспасөзі» деген материалында: «Социально-экономические изменения в обществе поменяли в целом систему средств массовой информации. Она стала более приближенной к интересам респондентов, а значит – более дифференцированной. Совершенствование военных СМИ обусловлено не только необходимостью более тесного коммуникационного процесса, но и более тесным взаимодействием военных структур с гражданскими. Сегодня пока косвенно, но уже встает вопрос о гражданском контроле над армией. Так что можно резюмировать, что реформирование армии и становление военной печати-процесс взаимосвязанный» 25, - деген ой айтады.
5. Электронды ақпарат құралдары
Бұқаралық ақпарт құралдары ішінде бүгінгі таңда телевизия мен радионың алатын орны ерекше. Сондықтан да болар бұл мәселеге «Хабаршыдан» да ерекше орын беріледі екен. Телевизия мен радионың қат-қабат қырларына үңіліп, оның теориялық және тәжірибелік мән-мазмұнын ашуда бұл саланың ғалымдары да көп еңбек етуде. Әсіресе, Т. Көпбаев, Г. Ибраева, Р. Бегімтаева, К. Қабылғазина, Қ. Тұрсынов сияқты авторлардың зерттеу обьектілері айтуға тұрарлықтай.
Осы орайда біздер филология ғылымдарының кандидаты Т. Көпбаевтың «Бір радиоқойылымның сыры туралы» деген еңбегін талдап көрелік. Автор – бұл мақаласында радиодраматургия жанрын терең талдап, өзіндік ой-пікірлер білдіреді. Радиодраматургияның күрделілігін, басқа жанрдан ерекшелігін санамалай келіп, «Өнердің қай саласы болмасын шынайы талант пен шығармашылықтағы асқан профессионализмді талап етеді. Радиодраматургия үшін драматургтің, режиссердің, актердің кәсіптік шеберлігі ең басты нәрсе. Бұл шеберлікті аса тиімді пайдалану үшін ең әуелі оның қайда бағытталатынын немесе қандай заңдылықтарға бағынатынын терең танып білу керек. «Өнердің қай саласы болсын, әйтеуір бір негізі бар, сол негізден туып, көрініп жатады, кино өнерінің негізі – сценарий, театр өнерінің негізі – пьеса. Бірақ сценарий экранның, пьеса сахнаның заңына бағынады. Сол сияқты радиоөнерінің негізі-радиодраматургияның салалары болмақ. Ол эфир заңына бағынады».
Эфир заңы радиодан естілетін әрбір дыбыстың, айтылатын әрбір сөздің мейлінше шынайы шындықты дәл өз қалпында жеткізетіндей болуын қатаң талап етуімен қатар, дыбыс әлемінің бүкіл мүмкіндіктерін толық әрі жарқырата пайдалануды керексінеді. Өйткені дыбыстық өнердің негізгі ерекшеліктері осыдан көрінеді. Сондықтан да микрафон алдында сөйлеушінің шыншыл болғаны дұрыс. Мұндай талап ең алдымен радиоөнерінің өзіндік табиғатынан туындайды. Мұнда көрініс жоқ. Тыңдаушының бар зейін, ықыласы дыбысты бақылауға ауады. Актердің үніндегі кез-келген жасандылық тез аңғарылып қалады. Экран мен театр сахнасындағы қойылымдармен салыстырғанда радиосахнадағы актердің образға кірін, оған берілуін, қаншалықты нанымды етіп ойнап тұрғанын тез тануға мүмкіндік мол» 26, - деп көзалдыңа нақты бір мәселені әкеледі.
Электронды ақпарат құралдары, оның ішінде қазақ радиосы туралы белгілі ғалымдармен қатар жас зерттеушілер де өз үлестерін қосуда. Мәселен, бұл тұрғыда журналистика факультетінің аспиранты Ш. Омарова «Қазақ радиохабары: ізденістер мен іркілістер» деген зерттеуінде «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының болашағы жөнінде салмақты сын пікірлер көп айтылып жүр. Бірақ қазіргі қазақ радиожурналистикасының даму дәрежесін төмен деу қиянат. Әрине, қаржының қолбайлау болуы, техниканың тозуы өз қиыншылығын тигізуде. Десек те, әуе толқынынан жаңашылдық нышандары орын алуда.
Бұрынғы «Ауыл өмірі» радиостанциясы хабарлары қоғамдық-саяси хабарлар бас редакциясынан шыға бастады. Радиохабарлар саны қысқарғанымен, сапалысы әуе толқынынан түскен жоқ. Балалар мен жастар хабарлары Бас редакциясы жүргізушілерінің ізденісі арқасында радиохабарлар жаңа мазмұнға ие болуда. Тағы бір үлкен жетістік – тікелей хабар ұйымдастыру.
Міне, осындай жақсы іс жалғасын тауып Қазақ радиосының әуе толқыны жаңа бағдарламалармен, авторлық хабарлармен толығып жатса, қазақ радиожурналистикасының мерейі үстем болар еді» 27 - деп өз ойын ортаға салады.
Осы тұрғыда филология ғылымдарының кандидаты Т. Көпбаев «Радиодраматургия, тілдік ерекшеліктер мен сөз қолданыстары» деген екінші бір мақаласында радиодраматургияның әдеби драмалық шығармалармен сабақтастығын дәлелдеп шығады. Ол бұл жайында «Радиодраматургия әдебиеттегі драмалық шығармалармен сабақтас. Драматургияның ортақ заңдылықтарына бағынады. Десек те, бұл өнердің әдебиет теориясының шеңберінен шығып кететін қасиеттері мол. Сондықтан да, радиодраматургия туралы теориялық пікірлер айтқанда біз әдебиет теориясымен қатар театр өнерінің де сан қилы ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне тоқталмай өте алмаймыз. Радиоға арналған толыққанды қойылымдар (инсценировка, пьесса, спектакль) әдебиеттің де, театр өнерінің де ең қолайлы үрдістерін түгел қамтуға тиіс. Мысалы, радиодраматургия өзінің жанрлық белгілері жағынан, атап айтқанда радиопьесалардағы өмір құбылысының, нақты фактінің сипаты жасалатын қорытындылар мен жинақтаулардың дәрежесі, көлемі, типтендіру дәрежесі және әдеби-стилистикалық тәсілдері жағынан көркем публицистикалық жанрлар тобына жатады. Мұндағы көркемдік, публицистикалық сарын ең әуелі көркем әдебиеттің, жалпы журналистиканың заңдылықтарынан туындайды» 28, - дейді.
Осындай электронды ақпарат құралдарының ерекшелігіне арналған екінші бір мақала, филология ғылымдарының кандидаты Н. Шыңғысованың «Қазақ теледидарының жастар бағдарламасы: тарихынан тағылым, болашаққа болжам» атты мақаласы. Онда автор қазақ жастар бағдарламасының тарихына кеңінен тоқталып, оның қалыптасу, даму кезеңіне лайықты бағасын береді. Әсіресе, бұл бағдарламаны жоғары дәрежеге көтеру жолында талмай, қажымай еңбек еткен С. Масғұтов, С. Әшімбаев, О. Бөкеев, Д. Исабеков, Қ. Игісінов және т.б. творчестволық еңбек жолдарына мән береді. Мәселен, 1970-1980 жылдары «Құрдастар» редакциясынан берілген С. Әшімбаевтың «Парыз бен қарыз», «Жүректен қозғайық» хабарларын көрермендердің жоғары бағалағандығын айтады. Осыған орай автор бүгінгі таңдағы басты міндет ретінде «Әр халықтың өзіне ғана тән ұлттық ерекшелігі бар. Сол халықтың қамын ойлап, болашағын қозғаған мәселенің ұлттық қаны тамшылап тұрмаса, ол нағыз халықтық дүние емес. Ал теледидар жүргізушісі ең алдымен халықтың мүддесін көздеген адам болғандықтан, діттеген мақсатына жетуі үшін ұлттық намысқа тиіп, сананы оятуы керек, яғни ұлтына деген сүйіспеншілігі ерекше жанның ұлттық сезімі болғанда ғана ұйқыдағы сана оянады десек артық айтқандық емес. Бір нәрсені баяндау, талдау бар, ар жағына көз жіберіп, шешудің жолы тағы бар. Әрбір айтылған сөздің ар жағында ой жатуы тиіс. Тележурналист хабардағы адамның психологиясын көбірек ескеріп, оның өзін ғана емес, зердесін де тани білуі үшін жалған сыпайылықты сырып тастаған шеберлік қажет. Мұның бәрі тележурналистен үнемі тәжірибе қорытып, үздіксіз ізденіп отыруды талап етеді. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген қағида, «қасаңданып» бір ізбен жүре беру теледидар табиғатына жат. Жүргізушінің жағымды үні, ұшқыр ойы, тапқырлығы, тартымдылығы, білімділігі, тіл байлығы, өзін еркін ұстай білуі – тәуір хабардың алғы шарттары» 29, - деген орынды идея ұсынады.
Әрине, «Хабаршыда» электронды ақпарат құралдарына байланысты бұдан басқа да көптеген пайдалы материалдар жарияланған. Олардың бәрін бір мақала көлеміне сидыру мүмкін емес. Әсіресе, Т. Көпбаевтың «Интернет және сөз бостандығы», Қ. Әбжановтың «Экран тілінің шұрайы кетпесін», М. Омарғалиеваның «Телеқойылым аудармасы жайында» деген еңбектері бүгінгі күннің басты мәселелерін сөз етеді. Осыдан-ақ біздер бұл тұрғыда терең ізденістер жасалып, зерттеулер жүргізіліп жатқандығын аңғарамыз.
6. Шеберлік мектебі
«Хабаршыда» бұл тақырыпқа арналып 29 зерттеу мақала жарияланыпты. Бұл тұрғыда К. Қамзиннің «Қазіргі публицистиканың жаңа нышандары», Д. Баялиеваның «Баспасөз тілінің мәселелері», Қ. Тұрсыновтың «Зерде тоғысы», Т. Бекниязовтың «Журналистің шығармашылық ізденістері хақында», Ә. Тойбаеваның «Қазіргі жолсапар очерктерінің кейбір ерекшеліктері», А. Мектеповтың «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ баспасөзінің тұңғыш теоретигі» және т.б. еңбектерді атап өтуге болады.
Енді шама-шарқымыз келгенше осы материалдардың қайсыбіріне толығырақ тоқталып көрелік. Осыған орай К. Қамзин өзінің «Қазіргі публицистиканың жаңа нышандары» деген зерттеуінде «Қоғамдық құрылыстың бүгінгі саяси серкелер саралап берген өзгеше формасына аяқ басудың, сан салалы шаруашылықты жөнге салу мен сауатты жүргізудің көшелі тәсілі – нарықтық қатынастарға өтудің қиын-қыстауын басынан кешіп келе жатқан тәуелсіз, жас мемлекетіміздің алдында меніңше, жүгі зілден де ауыр төрт міндет тұр: а) халықаралық қоғамдастыққа өзімізге ғана тән бет-ажарды таныта білу; ә) экономикалық тәуелсіздікке жету; б) ғылыми-технологиялық дербестікке ие болу; в) ақпараттық идеологиялық дәрменділікті қамтамасыз ету» 30 - дейді.
Иә, шындығында солай. Бұл істің іргетасы қаланған. Ал оны жалғастыру болашақтың ісі. Оны қазірден бастап қолға алу керек. Сонда ғана біздер қазіргі публицистиканың жаңа нышандарын өз қолымызбен қалайтын боламыз. Бұл тұрғыда филология ғылымдарының кандидаты Қ. Тұрсыновтың «Қазақ теледидарының дәстүр мен жаңашылдық нышандары» деген мақаласы да оқырмандарына айтарлықтай ой салады. Автор қазақ теледидарының дәстүрі мен жаңашылдығын ой тарапынан өткізе отырып, өзіндік болжамдар жасайды. Осы тұрғыда ол: «Қорыта келгенде, теледидар бағдарламаларындағы дәстүр мен жаңашылдық нышандарын шығармашылық ойлардың ешқашан да толастамайтындығымен, уақытпен бірге жаңа түр мен мазмұнға ие болатындығымен байланыста қарау керек. Редактордың қиялында өмірге келген - сөз, бейне, дыбыс, сөз ешқашан да таусылып бітпейді. Жекелеген хабарлардың өзінде де ол өз шектеуінде тоқтап қалмайды. Ол – шығармашылық үздік идеялар мен ойлардың, бейнелердің тууы және олардың экранда шыншыл қалпында, боямасыз көрермендеріне жақсылықпен ұсынылуы заман талабы, уақыт сұранысы осылай» 31, - дейді.
Ендігі әңгіме журналистің шығармашылық ізденістері хақында. Шын мәнінде журналист дегеніміз кім? Оның қоғамдағы орны қандай? Және басқа да көптеген сұрауларға жауап беру оңайға соқпайды. Кім болса да журналист болып тумайды. Демек, қандай мамандық иесін алсаңыз да өмірді көре келе, білім-ғылымнан сусындай отырып, тәжірибе жинақтау арқылы қажетті саланы үйренеді, меңгереді. Бұл орайда журналист туралы сөз, ой-пікір тіпті күрделі десек артық айтқандық емес. Себебі аталмыш мамандықтың оңайлықпен қолға түсе бермейтін қыр-сырлары баршылық. Соның ең бастысы әрі бірегейі – оның творчествоға қатыстылығы. Ал творчество қай заманнан-ақ адамзатты ойландырып-толғандырып келген мәселе екені белгілі. Творчество ақыл-ойға, ілім-білімге терең бойлағанда ғана пайда болатын құбылыс. Сонымен бірге осынау мамандықтың тағы бір қасиеті – ол табиғи қабылет дарынға, яғни, талапқа байланысты екендігі. Бұл ретте көп сөз айтуға болады, оның теориялық та, практикалық та мәнін ашуға болады. Өйткені осы жолда талай ғалымдар зерттеулер жасаған, ой-пікірлер қорытқан.
Біздіңше сондай ғалымдардың бірі филология ғылымдарының кандидаты, доцент Т. Бекниязов. Ол бұл мәселе туралы өзінің «Журналистің шығармашылық ізденістері хақында» деген еңбегінде былай деп ой толғайды: «Егер қазақ журналистикасының тарихына үңілсек, жалпы публицистиканың дамуына назар аударсақ көп жайды аңғаруға болады. Ал мұның бәрі өздігінен болған нәрсе емес, қайта көптеген тұлғаларымыздың басқа да елдердегі секілді, қазақ журналистикасының негізін салып кеткеніне байланысты. Өткен ғасырдағы Шоқанның «Жоңғария очерктерінен» бастап Абай мен Ыбырайдың еңбектеріндегі публицистикалық сарындар мен элементтер қазақ журналистикасының бастау бұлақтары десе де болады. Одан соң мерзімді басылым ретінде дүниеге келген «Түркістан уалаяты» мен «Дала уалаяты» газеттерінің, «Шолпан», «Сана», «Садақ» журналдарының атқарған ролі қалай айтуға да тұрарлық. Ал Мұхамеджан Сералиннің орны тіпті бөлек. XX ғасырдың басында қоғамдық өмірге белсене араласқан, журналистикаға да публицистикалық мақалаларымен үлес қосқан «ақтаңдақ» атанған тұлғаларымыз Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты, Мағжан Жұмабаевты, Жүсіпбек Аймауытовты атамай өтпейміз. Тағы бір шоғыр классиктеріміз С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров еңбектері ше? Бұлардың таза әдеби шығармаларымен бірге, толып жатқан публицистикалық материалдары өз кезіндегі журналистиканың құнды дүниелері болғанына сөз жоқ. Одан бергіде Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің ел өмірінен жазған көркем очерктері мен деректі мақалалары шыққаны аян. Сайып келгенде мұндай классиктеріміз тек қазақ әдебиетін дамытып қана қоймай, қазақ журналистикасын да, публицистикасын да параллельді түрде дамытты деп батыл айта аламыз...» 32.
Осы тақырып аясында шеберлік мектебі туралы тағы да бір сөз айтпақшымыз. Ол жекелеген тұлғалар туралы. Яғни, қазақ публицистикасының іргетасын қалап, өз еңбектерін сіңірген көсемсөз шеберлері. Бұл тұрғыда жоғарыда айтылғандай қазақ публицистикасының іргетасының қалануына бастау болған Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, Абайларды айтамыз. Одан соң осы ағартушылардың ісін ілгері дамытып қана қоймай, өзіндік жаңалықтар енгізіп байытқан М.Ж.Көпеев, Р. Дүйсенбаев, О. Әлжанов, Б. Қаратаев, С. Торайғыров, М. Сералин, Ғ. Қарашев және т.б. атауға болады. Ал, XX ғасырдың басында қазақ баспасөзінің, яғни қазақ публицистикасының ірге тасын қалап, теориясын жасаған белгілі азаматтар бар. Олар А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейхановтар дейміз. Осы орайда «Хабаршыда» филология ғылымдарының кандидаты А. Мектепов бұл мәселеге көп үлес қосып жүр. Енді осы автордың «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ баспасөзінің тұңғыш теоретигі» деген мақаласына назар аударсақ онда: «Зады, Ахаң- Ахмет Байтұрсынұлының сан-салалы ғылыми-шығармашылық, ағартушылық-ұстаздық қырларын байыптаған сайын ұлттық баспасөзімізге қосқан айрықша үлесіне тарихи әділ бағасын берудің лайықтығы өзінен-өзі солғұрлым айқындала түседі. Бұл тұрғыда Ахаңның әмбебаптығы қайран қалдырады. Ғалым еңбегі әлі де жан-жақты зерделеп, жүйелі зерттеуді қажет етеді. Сонда ғана оның өзіне тән адамгершілік, кісілік мінез-құлқы, ақыл-парасат әлемі, оқыған-тоқыған білім өресі, қаламгерлік машығы, даралық өзгешелігі мен шеберлік ерекшелігінің басқа да сыр-сипаттары ашыларына шығар күндей куә боларымыз анық. Ақылман жан не жайында жазып толғанса да аз сөзге саз мағына үстеп, оған ұлттық идеологияны сыйғызып, астары қатпар-қатпар, қат-қабат терең пәлсәпалық тұжырыммен түйіндейді. «Қазақ» газетінің тұңғыш санында Ахаң мерзімді баспасөздің басты-басты төрт түрлі функциясын атап, оған қысқа да нұсқа назар аудартып өтеді: «әуелі, газета-халықтың көзі, құлағы һәм тілі»,-дейді. Бұл мерзімді баспасөздің қоғамдық ақпараттық жан-жақты қызыметіне берілген ғылыми анықтаманың классикалық үлгісі деуге болады»,-деген жолдар бар.
Бір сөзбен айтсақ журналистің, публицистің шеберлігі туралы «Хабаршыда» осы үш жылдың ішінде аз еңбек жарияланбаған. Мұның өзі ғалымдардың бұқаралық ақпарат құралдарының бұл саласына ерекше назар аударатынын байқатады. Себебі, қайсы бір материал болмасын ең алдымен мән мазмұндылығымен, яғни жазылу шеберлігімен құнды.
ҮШІНШІ ТАРАУ
Қазақ мерзімді баспасөзінің тарихын зерттеушілер
1. Бейсенбай Кенжебаев
Бейсенбай Кенжебаев 1904 жылдың қазан айының 4-ші жұлдызында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданының Жалғызағаш деген жерінде дүниеге келген. Балалық шағы жалшылықпен өткен ол сол кездегі жастар жетекшісі Ғани Мұратбаевтың жәрдемімен Ташкенттегі жетім балалар үйіне орналасады.
1921-25 жылдары Москвада – Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде, одан кейін 1938-40 жылдары М. Горький атындағы әдебиет институтында оқып, білім алады. 1939-42 жылдары қазіргі Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқиды.
Ал, 1925-28 жылдары «Жас қайрат» газеті мен «Лениншіл жас» журналы редакторының орынбасары болады. Содан кейін қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарады. Сондай-ақ, ол «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Павлодар облыстық «Кеңес туы» газеті мен Оңтүстік Қазақстан облысының «Оңтүстік Қазақстан» газеттерін ұйымдастырушы әрі тұңғыш редакторы. 1941-44 жылдары Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы. Содан 1944 жылы Қазақ мемлкеттік университетінде педагогтік қызметке келеді. Аға мұғалім, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, кафедра меңгерушісі, профессор, кеңесші профессор атағына ие болады.
Б. Кенжебаевтың сыншылық-ғалымдық жолы сонау 1925 жылы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде оқып жүргенде «Еңбекші қазақ» газетінің 359-360 нөмірлерінде жарияланған «Абай – қазақтың ұлы ақыны» атты мақаласынан басталады. Кейіннен бұл тақырып орыс және қазақ тілдерінде М. Әуезовпен бірігіп жазған «Абай қазақ халқының реалистік әдебиетінің негізін салушы» деген сияқты күрделі еңбектерге ұласқаны белгілі. Ол 1946 жылы «Сұлтанмахмұттың ақындығы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған.
Б. Кенжебаев – қазақ әдебиеті тарихын көне дәуірлерден бастау керектігін қырқыншы, алпысыншы жылдарда әр қырынан келіп алғаш айтқан ғалым. Ол - «Асау жүрек», «Шұғылалы күндер суреті» атты деректі көркем шығармалар жазған жазушы да. Сондай-ақ, ол – аудармашы да. Мәселен, Д. Панфиловтың «Бейбітшілік үшін күрес», Б. Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз», Ф. Гладковтың «Балалық шақ», Мальцевтің «Шын жүректен» секілді шығармаларын әлем жазушыларының көптеген әңгіме, новеллаларын қазақ тіліне аударып, жоғары баға алған.
Жалпы, Б. Кенжебаев оқырманымен алғаш рет ел өмірінен жазған хабарларымен көріне бастаған. Осыған орай оның «Еңбекші қазақ» газеті редакторының орынбасары, Павлодар облыстық «Кеңес туы» газетінің редакторы міндеттерін атқарған. Міне, осы кезде «Социалистік Қазақстан» газеттерінің беттерінде ұлт тілі жайында біраз айтыс-тартыс болған. Осыған орай 1933 жылы ол өзінің «Қазақ тілі туралы» деген екі мақаласын баспасөз бетінде жариялатады.
Мәселен, оның алғашқы «Қазақ тілі туралы» деп аталатын мақаласы – Мұстафа Қайназарұлы деген автордың «Қазақ тілін өркендетуге басшылық күшейтілсін» деген полемикасына қарсы жазылған дүние. Мәселен, М. Қайназарұлы өз мақаласында «Социализм бүтін жер жүзінде жеңіп әбден орнығып, қалыптасып кеткен уақытта ұлт тілдері ақсап, бір ортақ тілге айналып кетуі сөзсіз» деген Сталин нұсқауын жүзеге асыра беру бағытын ұстауымыз керек. Шет тілдерді үйренуді күшейту керек. Әсіресе, орыс тілін үйренуге ерекше зер салу қажет, жалпы пролетариат мәдениетіне жетуде бұл тілдің көп септігі тиеді» деп жазады.
Ал, бұл мақала туралы Б. Кенжебаев «...Мұстафа жолдас мақаласында не қазақ тілін өркендету туралы, не қазақ тілін өркендетуге басшылықты күшейту туралы ешбір салалы пікір айтпаған, сара жол көрсетпеген. Оның орнына өзі сезіп-сезінбесін, бір жерде бас десе, екінші жерде құлақ деген құр сапырушылыққа салынған» - деп тойтарыс беріпті. Содан кейін әлгіндей солақай пікірлерін алға тарта отырып «Мұның мәнісі не болады. Мұстафаның бұл солшыл пікірі ұлы орысшылардың отына май құяды. Өте зиянды пікір.
Ұлы орысшылар социализм болғанда барлық ұлт бірігіп кетеді. Олардың тілдері де бір болады, жалпы тіл болады. Олай болса, ұлт айырмасын жоғалтатын мезгіл жетті, бұрынғы езілген ұлттар мәдениетінің өркендеуіне жәрдем беру саясатынан бас тартатын мезгіл жетті дейді»-деп, солақай пікірдің астарын әшкерелейді.
Б. Кенжебаев баспасөз ісінің теориясы мен тәжірибесінің өзекті мәселелерін шешуге де араласып, жергілікті халыққа баспасөздің мәнін түсіндіруге атсалысқан. Бұл тұрғыда ол қабырға газеттерінің жұмысын жандандыру мақсатымен «Ауылда қабырға газетін қалай шығару керек» деген кітап жазады.
Б. Кенжебаевтың алғашқы ғылыми-зерттеу еңбегі – «Сұлтанмахмұттың ақындығы» деп аталады. Осы тұрғыда оның Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әдеби мұрасын зерттеу жолындағы бастан кешкен қиындықтарына тоқталмай кетуге болмайды. Алдымен ол жоғарыда аталған еңбегі үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысына ілікті. Одан соң «Б. Кенжебаевтың С. Торайғыров шығармашылығын зерттеудегі қателіктері» деген арнайы мақала да жазылды. Бұл туралы ғалым өзінің күнделігінде «Мен өзімнің әлеуметтік өмірімде сынға, талқыға көп түстім. Әсіресе, қырқыншы, елунші жылдары жиырма жыл бойында дерлік үздіксіз орынды, орынсыз сыналып, айыпталып соққы көріп жүрдім» деп жазды.
Мысалы, «Социалистік Қазақстан» газеті 1952 жылы наурыз айында жарияланған «Б. Кенжебаевтың өрескел қателері» деген мақаласында былай деп жазды:
«Б. Кенжебаев өзінің бұл ұлтшылдық бағыттағы өрескел қателері талай рет қайталанып көрсетілсе де, ол баспасөз бетіндегі мұндай пікірлерге күні бүгінге дейін құлақ аспай, қателіктерін түзеуге тырыспай келеді. Тіпті қателіктерін мойындауды қажетсінбейді. Бірақ оның мұндай орынсыз «қайсарлығына» Совет жұртшылығы төзе бермейді».
Бір жылдан кейін 1953 жылы наурыз айында аудандық, қалалық партия комитеттері мені партия қатарынан шығарды. Қазақтың мемлекеттік университеті қызметтен босатты.
Осыдан мен тоғыз ай қызметсіз отырдым, жау деп ешбір мекеме қызметке алмады, ешбір газет-журнал жазғандарымды баспады. Бірқатар жолдастар маған жоламай кетті,-деп жазады.
«Социалистік Қазақстан» газетінің 1951 жылғы 17 қарашадағы санында Б. Қорқытов пен Ә. Досбаевтың «Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеудегі өрескел қателер» атты көлемді мақалалары жарияланды. Бұл материалда Қ. Бекхожиннің «Дала уалаяты» - қазақтың тұңғыш газеті» деген кандидаттық диссертациясын және Б. Кенжебаевтың «Қазақ баспасөзінің тарихынан» атты кітабын сынайды.
«Б. Кенжебаев буржуазиялық ұлтшыл бағыттағы газеттер («Қазақ», «Серке», тағы басқалары) жөнінде құлшына баяндайды, алашордашылардың 13 газетінің атын тізеді (24-25 беттер). Бұл бұл ма, автор алашордашылардың орталық органы «Сарыарқа» газетінің совет өкіметіне, оның ұлт саясатына қарсы жазған контрреволюциялық, жалақорлық мақаласынан бір құлаш цитатты келтіреді. Сөйтіп контрреволюциялық идеяға трибуна береді».
Авторлар одан әрі Б. Кенжебаевтың «Айқап» журналы төңірегінде қозғаған мәселелеріне тоқталады. Яғни, «Айқап» журналының мазмұнын, ұстаған бағытын, идеясын баяндауында, оны халықты ұйқысынан оятты, шаруашылығы мен мәдениетін дамытты. Саяси белсенділігін көтерді» (16 бет),-деп асыра баға береді, журналдың таптық бағытын марксистік тұрғыдан ашып көрсетпейді, оның керісінше, бұл журнал «қазақтың кедейлері мен жарлы-жақыбайларының» пікірін білдірді, мүддесін көздеді деп «Айқап» журналының идеялық мазмұны жөнінде жұртшылықты шатастыратын, тарихи шындыққа жатпайтын қорытынды жасайды,-деп сынады.
Алайда, осының барлығына қарамастан Б. Кенжебаевтың сол кездің өзінде-ақ «Айқап» журналы туралы өте бір білгірлікпен жазған төмендегі пікіріне күні бүгінге дейін ешкімнің таласы болмауы керек. «Айқап» 1911 жылғы 6-санындағы «Бізге не істеу керек» деген бас мақаласында ашық айтты: 1. Отырықшы болып, қала салу, жерден қол үзіп қалмау. 2. Мектеп, медресе салып, оқу, мәдениетке жетілу керек. 3. Дін жұмысын өз қолымызға алу-мүфти сайлау керек. 4. Мемлекет думасында мүддемізді айтып, сөзімізді жеткізіп отыратын депутаттарымыз болу керек. 5. Петербурда өкіліміз болу керек, ол сонда біздің ісімізді жүргізіп, өткізіп отыру керек деді.
Сондай-ақ, «Айқап» журналы қазақ арасындағы бектік-феодалдық қоғам қалдықтарына, ескі ғұрып-әдеттерге, жалқаулыққа, надандыққа, партиягершілікке қарсы күресті. Жаңаны, жақсыны дәріптеді, орыс халқының мәдениетін үлгі етті.
Бұдан соң Б. Кенжебаев «Журналист Мұхаметжан Сералин» деген еңбек жазды. Оған енді сол кездегі жас ғалым Т. Қожакеев «Журналист туралы кітапша» атты мақаласын арнайды.
Мақалада автор Б. Кенжебаевтың Мұхаметжан Сералиннің, әсіресе, қазан төңкерісінен кейінгі қызметіне, одан кейін әртүрлі жауапты қызметтер атқарғандығын, оның әдеби шығармаларына көбірек тоқталғандығын айта келіп, мынадай сыни пікір де айтады.
«Мұхаметжан Сералиннің журналистік қабілеті Қазан төңкерісінен кейін ғана жақсы қырынан көрінетіндігін, оның «Айқап» журналында небары қырық шақты ғана материал жарияланғандығын, ал «Ауыл» газетінің он бір нөмірінде он бес мақаласы басылғанын, яғни М. Сералиннің журналистік қызметіне толығырақ, молырақ тоқталу керектігін, осы кезеңнің кітапшада үстірт жазылғандығына тоқталады. Және де сол кезде жазған публицистикалық шығармаларына кеңірек талдау жасап, олардың сипатын, сыр, мазмұнын оқушыға тереңірек аңғартқаны жөн еді»-дейді. Ал келтірілген деректерге сүйенетін болсақ, одан әрі Б. Кенжебаевтың Мұхамеджанның «Ауыл» газетінде жарияланған екі-үш мақаласына пікір айтылғандығы, оның «Ұшқын», «Еңбекші қазақ» газеттеріндегі жазғандары тіпті сөз болмағанын, келешекте публицистік қызметінің осы кезеңі тереңірек зерттелу керектігін тілге тиек етеді.
М. Сералин туралы болашақта жазылатын еңбектерге айтылатын бір тілек,-дейді ол, оның журналистік қызметін «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті арасындағы күрес үстінде, тартыс, талас процесінде көрсетілсе»-деп Т. Қожакеев өз мақаласында Бейсенбай Кенжебаевтың Мұхаметжан Сералиннің сол кезде ұстаған бағытын, айтыс мақалаларын, оның айқын позициясын ашу қажеттігіне баса назар аударады.
Ал, Б. Кенжебаевтың «Жылдар жемісі» деп аталатын екінші бір кітабы болса, әр жылдары жазған сын мақалалары мен очерктері енген жинақ екі бөлімнен тұрады. «Шығарма шырайы» аталған бірінші бөлімде қазақ әдебиетінің қалыптасып, дамуында өзіндік рөл атқарған «Қалың мал», «Тар жол, тайғақ кешу» сияқты туындылар сөз болады. Ал, «Қаламдастар, замандастар» бөлімінде өзі көзі көрген, қызметтес, пікірлес болған әдебиетіміздің ірі қайраткерлері туралы естеліктер айтылады.
Әуелі Б. Кенжебаев қазақ әдебиетінің қалыптасыунда кеңірек сөз болған қазақтың тұңғыш романы деп келген Спандияр Көпеевтің «Қалың мал» романына зерттеу жүргізеді.
«Революциядан бұрын, Спандияр Көпеев «Қалың мал» романын жазған кезде қазақтардың ақындары арасында, баспасөзінде халыққа түсініксіз, жат, ескі араб, парсы, шағатай тілдерінің сарқыны бар еді. Ақын, жазушылардың бірқатары шығармаларын сол тілдегі сөздерді неғұрлым көбірек жазуға тырысушы еді, бұл өзі бір салт, сән сияқты болған» дейді автор.
Алайда, сол кезде белең алған шолақ үрдіске қарамай, С. Көпеевтің романы қазақ тілінде, яғни, халықтың сөз мәдениетін, сөзді әшекейлеу, сөздік қорды тереңірек пайдаланғанын тілге тиек етеді. Сондай-ақ, Көпеевтің қазақтың мақал-мәтелдерін шығармада орынды қолданғанын келтіреді.
«Ат сатсаң ауылыңмен», «Бәтуамен кескен бармақ ауырмайды», «Ит жегенше иесі жесін», «Сөз сөзден туады», «Бітер істің басына, жақсы келер қасына», «Орамал тонға жарамайды, жолға жарайды» деген сияқты тағы басқа нақыл сөздерге жүгінетінін айта келіп, оқушы сүйсініп оқитындығын айтады. Сонан соң, Спандияр Көпеевтің бірді-екілі мақалды дұрыс, халық аузында айтылған қалпында келтірмегендігін қынжыла баяндайды. Оны мына мысалдан көруге болады. «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» деген мақалды «Күш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» деп келтіреді. Күші қазандай қайнаса, күресуге дәрмені-күші болады ғой. Ал, мақал іші қазандай қайнап, күресуге дәрмен күші болмағанды айтады. Сонымен қатар, шығармада жергілікті кәсіптік сөздер мен сөйлемдерді біраз кірістіргендігін баяндайды. Олар «Мазақ», «Тіске сызды болғандай», «Бие бауда», «Кімді қоюдың өзі бір сүре болды», «Сенек», «Әптер-тәптер», «Кібіт» тағы басқалар. Осы сөздердің орынсыз қолданғандығын, оның оқушының жаңылыстыратындығын айтады.
Жалпы, Бейсенбай Кенжебаев бұл шығарманы зерттеуде жоғарыдағыдай бірді-еілі кемшіліктері болғанымен, «Қалың мал» романы қазақтың сол замандағы көптеген жастарына, ұлдары мен қыздарына зор әсер еткендігін, ой-санасын оятып, ескілікке, ескі ғұрып-әдетке, дәстүрге қарсы күреске (кешегі кеңес саясаты осылай жаздырушы еді ғой) құлшындыратындығын әсерлі жазған.
Бұдан біз зерттеушінің қай шығарманы болсын терең таңдап, зерделі оймен оқушы қауымға ой айтатындығын, қаламының ұшқырлығын байқаймыз.
Қазақ әдебиетін дамытуда Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінің» тарихи маңызы зор екендігін жұртшылық танығаны ақиқат. Солай бола тұрса да, бір өкінішті нәрсе, кейбір еңбектердегі жалпылама сипаттамалар болмаса «Тар жол, тайғақ кешу» туралы арнайы монография, ғылыми терең, жан-жақты зерттелген еңбек әлі жазылмаған деген пікір айтады Б. Кенжебаев жоғарыдағы «Жылдар жемісі» деп аталатын кітабында.
«Тар жол, тайғақ кешудің» дейді ол, көркем әдебиетінің қай жанрына жататынын әңгімелеуде үлкен негіз бар. Себебі, бұл туынды роман ба, әлде тарихи еңбек пе, соны осы шығарма жөніндегі әдеби зерттеулер тап басып, дәл айтпайды. Ал онсыз шығарманың тарихи орнын белгілеу қиын.
Сәкен – шығармашылығын көбірек зерттегендер – академик, жазушы Сәбит Мұқанов пен филология ғылымдарының докторы, профессор Есмағамбет Ысмайылов, профессор Тұрсынбек Кәкішев. Олардың сын зерттеу еңбектерінде Сәкен Сейфуллиннің революциялық қызметі мен шығармашылығы, оның қазақ әдебиетінің ірге тасын қалауындағы рөлі дұрыс бағаланады. Ал, «Тар жол, тайғақ кешудің» жанрын анықтауға келгенде тап баспайды,-дейді автор.
Содан кейін, Сәкен кітабында өзінің бүкіл өмірбаянын қамтымайды, тек бір дәуірде ғана басынан өткендерін баяндайды. Және ол өзі тікелей қатынаспаған оқиғаларды да суреттейді. Қазақстанда 1916-1919 жылдары болған бірсыпыра тарихи оқиғалар туралы сөз етеді, пікір-тұжырым айтады.
Сәкен өзі қатынасқан оқиғаларды болсын, өзі қатынаспаған оқиғаларды болсын жалаң мемуар, мақала стилінде суреттемей, көркем шығарма стилінде суреттейді, оның кітабының көп жері фактіні көрікті етіп баяндау болып келеді.
Сондықтан, біздіңше, - дейді Б. Кенжебаев - «Тар жол, тайғақ кешу» роман да емес, мемуар да емес, Қазақстанда сол кезде Совет өкіметін орнату жолындағы күрес туралы жазылған очерк кітабы деген дұрыс: «Тар жол, тайғақ кешу» - көркем очерктер циклі, - дегенді айтады.
Алайда, бұл мәселенің сәкентанушы ғалымдардың үлгісіне тиетіндігін ұмытпауымыз керек. Ал, Б. Кенжебаев болса, бұл тұрғыда «Тар жол, тайғақ кешу» - мемуарлық шығарма болсын, мейлі очерк болсын әдебиетіміздің алтын топшасы болып есептелетін шығарма екенін ұмытпау керектігін ескертеді.
1959 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы «Әдеби мұра және оны зерттеу» деп аталатын ғылыми теориялық конференция өткізді. Б.Кенжебаев онда екі мәселе бойынша: әдебиетіміздің көне тарихы және жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиеті жөнінде баяндама жасайды.
Қай мәселені болсын, зер сала зерттеп, топшылауын терең ойлап айтатын ғалымның сол жолғы ұсынысының бірі – қазақ әдебиетінің тарихын түркі тектес халықтарға ортақ ерте дәуірлерден, тіпті Орхон-Енисей тас жазбаларынан бастайық дегенді айтады.
Әрине, бұл пікір көпшілік қауымды ойға қалдырары анық. Десек те, бұл пікірді қолдағандар да, қолдамағандар да табылған. Сонда М. Әуезов «...Әдебиет шығармаларын кең зер салып зерттеп жүрген Бейсенбайдың ұсынған күрделі, қызықты пікірін өте орынды, дұрыс айтылған ой деп білемін» деп әділ бағалайды.
Ол жиында зерттеуші көтерген екінші мәселе – XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің жайы еді. Б. Кенжебаев осы кезеңде өмір сүрген журналист Мұхаметжан Сералин, Әріп Тәңірбергенов, Әсет Найманбаев тағы басқа қазақ жерінде баспа ісін өрістетуші ақын-жазушылар жөнінде бірнеше зерттеу еңбегін жазды. Ғалымның күрделі еңбегі «Қазақ халқының XX ғасыр басындағы демократ жазушылары» (1958) монографиясында тұңғыш рет архивтердің бұрын белгісіз болып келген қорларынан, кітапханалардың сирек газет-журнал, кітаптарды сақтайтын бөлімдерінен, жеке адамдардың қолдарында жинақталған қазыналардан алынған материалдар, қолжазбалар, тарихи деректер талданған. Сондықтан да бұл кітап – күні бүгінге дейін баспасөз тарихына байланысты әдебиетші, журналистер ғана емес, тарихшылар, философтар, педагогтар жүгінетін құнды еңбек.
Демократтық бағыттағы қаламгерлер М.Сералин, Ә.Тәңірбергенов, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, С.Көпеевтің өмірі, білім алған ортасы, шығармаларының жазылу тарихы, олардың басылуы, зерттелуі – осылар секілді мәселелерге зерттеуші ғылыми байламдар жасаған.
Сол секілді С. Торайғыров мұрасын зерттеуде Б. Кенжебаев көп еңбек етті. Ол Сұлтанмахмұт мұрасын елу жылға жуық тынбай зерттеп, қорғап шықты. Бұған куә - оның ақын өмірінен жазған «Асау жүрек» атты әңгімелер жинағы.
1966 жылы Б. Кенжебаевтың «Шындық және шеберлік» деп аталатын кітабы басылып шыққан. Еңбектің аты айтып тұрғандай-ақ мұнда негізінен сын мақалалар жинақталған. Атап айтқанда, жиырмасыншы жылдардағы әдеби сын, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өмірінен, айтулы ақын Ілияс Жансүгіров, «Абай жолы», «Ғалидың ақындығы», «Фельетон туралы», «Әдеби сын жайында» деген тақырыптарға қалам тартады.
Сонымен, қысқа қайырып айтар болсақ, ұлы Мұхтар Әуезов «Әдебиетіміздің еңбек торысы» деп есімін сүйсіне еске алатын Бейсенбай Кенжебаев айдалып кетпесе де өмір бойы дерлік кеңес идеологтарының ылғи қыспағында өмір сүріп, құлашын кеңге сермей алмай өткен ғажайып ғалым еді. Қазақ әдеби сынын ғана емес, қазақ мәдениетінің, қазақ журналистикасының тарихын да Бейсенбай Кенжебаевсыз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені, кешегі аумалы-төкпелі қысылтаяң шақтың өзінде қалпын бұзбай халқына қалтқысыз қызмет еткен аяулы есімдердің алдыңғы легінде Бейсенбай Кенжебаевтың аты да тұрары шүбәсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |