Майқы би мен Алаша хан
Ормамет би өліп, қырық сан қырым, отыз сан үрім, он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт, он сан ноғай бөлінетінде, бүкіл ноғайлының елі жау келіп қалған екен деп, бір үріккен ала тайдан бүлніпті. «Алатайдай бүлінді» делінген сөз сонан қалыпты.
Сол замандары Қотан, Қоғам, Қондыкер, Қобан деген кісілермен Майқы деген би болыпты.
Майқы тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі дейді. Бұқарадағы он бес азаншы азан айтатұғын мұнраны сол қырық ханны бірі жасатқан екен деседі. Қызыларыстанның бәйбішесінен ұл болмаған. «Қызыл аяқ» деген бір елді шауып, ат сауырына салып келген бір қызға аяқ салып, сонан сауысқанның аласындай бір бала ала туады. Бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туған балаға іштарлық қылып, қызғанышпен:
-
Бұл балаңды балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр. Мынау өскенде жұртыңды ала қылып ұстайды, еліңді ала тайдай бүлдіреді, дейді.
Хан бәйбішесінің сөзімен қырық жігітке: «Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп қоя беріңдер. Өлсе өлсін, өлмесе өз бетімен қаңғып күн көрсін» деп бұйрық беріпті. Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабынан аң аулап күнелтіпті.
Бала өз асын өзі тауып ішерлік болған соң, ешкіммен ісі болмайды, оны қырық жігіт далаға тастап кетеді.
Бала он екі жасында Майқы бидің баласы Үйсінге кез болыпты, бірақ оған бір ауыз тіл қатпайды, үн-түн жоқ қала береді. Үйсін үйіне барған соң Майқы биге: «Бір ағаштың көлеңкесінде отырған жас баланы көрдім, ай десе аузы бар күн десе көзі бар, көрген кісі қызығып, бір қасық сумен жұтып жіберерлік. Жалғыз айыбы тілі жоқ екен» депті.
Майқы би асқақ болғадықтан, өмір бойы арбамен жүреді екен және арбасына кісіжегеді екен.
-
Мені балаға алып барыңдар, оны мен көрейін, депті Майқы. Бала Майқы көргеннен-ақ орнынан ұшып тұрып:
-
Ассалаумағалейкум хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы, деп сәлем беріпті.
-
Уағалейкуміссәлем, әмісе аман балам! Болайын деп тұрған ұл екенсің. Кел, балам, қасыма отыр, деп арбасына міңгізіп, үйіне алып келеді. Төрткүл ошақ қаздырып, төбел бие сойдырып, жоғарғы елді шақырады. Ала бие сойдырып, аймақ елді шақырып той қылады. Тойдан кейін: «Ердің ері, егеудің сынығы» деп қасына баласы Үйсінді бас қылып, жүз жігіт қосып беріп, аттандырады.
-
Қаратаудан арман қарай асыңдар, Ұлытау, Кішітау деген таулар бар, Қаракеңір, Жезікеңір, Құдайберді деген жерге барып ірге тебіңдер. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар. Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар. «Хан әділ болса, қараша табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді»деп, батасын беріп жөнелтеді.
Жүз жігіт Шу мен Сарысудан көктей өтіп, Ақтау, Ортауды айналып, Майқы бидің айтқан жеріне келеді. Ұйқы бұзып жылқы алды, күйме бұзып қыз алды. Көшкен елді көш-жөнекей алды, ерулі елді отырған жерінде алды. Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлібаранды бола бастады. Сатусыз дүние, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене?! Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыларыстан хан естиді. Қотан, Қоғам, Қондыкер, Қобан, Майқы билерге елші жіберіп: «Менің баламды жігіт желең ертіп желіктіріп жібергені неқылғаны? Баламды өзіме әкеп берсін, сөйтіп менен қалағанын алсын» дейді. Сонан соң бұлар: «Сендер барып, шақырып келіңдер» деп, Қотанұлы Болатты жүз жігітпен жібереді. Бұлар барға соң бұрыңғы барғанда, өздерің де қайтпаңдар, «қайт» деген сөзді бізге айтпаңдар, дейді. Шақыра барған кісі де қайтпай қалып қояды.
Қызыларыстан хан қайта-қайта кісі жібере берген соң Майқы би Қоғамұлы Алшынды бас қылып, тағы жүз кісі жібереді және «есеп-саны үш жүз он үшке жетсе, дүние жүзі жиылса да олардың күшіне шыдамайды» деп, оларға он үш ақсақал қосады. Бұлар да қайтпай қалып қояды.
«Үндемесе де, үйден шықпаса да еңбек» дегендей, Майқы би үйде жатып-ақ жұмыс тындырып жатады. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген кісі осы екен.
Сонмен бұл үш жүз кісі: «Енді ел болғанымызды, жұрт көзіне түсірейік» деп баяғы ала баланы, алашаға отырғызып, Ұлытаудың басына көтеріп шығарып, хан сайлайды. Оған «Алашахан» деген ат қояды. Бастапқы бірге келген жүз жігітті бастығының аты Үйсін болғандықтан «Ұлы жүз Үйсін» деп атайды. «Оларды Салықшы, жауға шапқанда бұлар шаппасын, тас-түйін болып тұрсын!»деседі.
Ортада келген жүз жігітті Болатқожа болғандықтан «Орта жүз Ақжон» (Болатқожаның лақап аты Б.А.) деп атайды. «Бұлар тосқауылшы, ортада» деседі.
Соңғы келген жүз жігітті (бастығы Алшын болғандықтан) «Кіші жүз Алшын» деп атайды, бұлар алда жүрсін, жауға алдымен шабатын болсын дейді.
Байдалы мен Айғаным
Ел аузындағы аңызға қарағанда, Байдалы шешен бай бола алмапты. Дүние құрастырып, дәулет жинауға, сірә, ол кісінің қолы тимесе керек. Бірақ бай болмағанымен, кедейлікке бас иіп, құл да болмапты. Ол ақылын азық, асыл сөзін сусын етіп, дүниеден өткен ададардың бірі екен.
Байдалының ағайындары құнанын құдайыңдай, тайын тәңіріндей көретін сараң болыпты. Жұртта қалған жұрынды олжа көретін, ауысқанын алмай қоймайтын дау санаған дамдар екен. Байдалының дәуірлеп тұрған кезінде олар: «Ер-тұрманымызды ұрлағандардан айып әпередің, жесірімізді алғандарды ойсыратып жеңіп бермедің» деп өкпелейді екен.
«Жығылғанға жұдырық» дегедей, кедейлікке кәрілік қосылады. Кәрілік тұсау, кедейлік бұғау болыпты. қарт шешен қанатсыз қыранша отырып қалыпты. Алайда ағайындарының емежарқы көмегіне сүйенген ол аштан өліп, көштен қалмапты.
Бірақ алмақтың да салмағы бар. Ағасы міне тұруға берген аттың, інісі берген кәрі саулықтың бодауын қайтара алмапты. Қарымжысы қайтпаған соң, аға мен інінің ағайыншылығы да қожырай бастапты. Баласы да болжыр болса керек, баяғыда еншісін алып, бөлек шыққаннан кейін, әйелінен асып, әкесіне көмек көрсете алмапты.
Байдалы: «Көмек көрсет, мынауыңды маған бер» деп ешкімге көзін сүзбейді, «барға қанағат, жоққа салауат» деп отыра береді.
Бір жылы құрбан айты келіпті. Байдалы айқа құрбан шалмапты. Шалуға қолайлы малы да болмайды. Сондықтан еш нәрсен білмеген тәрізді болып отыра береді. Байдалының бұл «айыбын» бетіне басқысы келген Таумұрын молда:
-
Ауқатты ағаң, бай блаң бар, інің де отқа қарап отырған жоқ, солардан неге сұрамайсың, құдайда қорықсаңқайтеді? депті.
Құрбан шалуын айыпқа санамағанымен, жұрт алдында орынды сөзді айтпай қалуды кемдік көретін Байдалы шешен молдаға:
-
Cөйлемесе сөздің атасы өледі. Айтпаса білмейтін саңырау бар, ашпаса көмейтін соқыр бар. Ағайындағы мал –даладағы мал. Сұраған адам, ұрлаған адам –қарақшы. Ұятсыз адамнан алып борышты болғанымша, алмай құдайың өзіне-ақ борышты болайын деп, құрбан шалмағаным рас, депті.
Отырған ақсақалдардың ішінен Қонқабай деген:
-
«Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар, баласы бардың панасы бар» деген мақал бар емес пе, бұрыңғылардың сөзін ұмытқаның ба? депті Байдалыға. Сонда Байдалы:
-
Е, Қонақпайым, сен жігіт кезіңде жалтаң едің, қартайғанда қалтаң болайын деген екенсің. Мақалдап сөйлегің келеді, мақалда да мін бар. Молда айтқанның бәрі шариғат емес, бұрыңғылар айтқанның бәрі қағида емес, дейді.
Осы арада шешенді сөзінен ұстап, бір сүріндіріп қалмақшы болған молда:
-
Мақалда мін бар дейсің бе? Онда әлгі мақалдың мінін тапшы, данышпан болсаң, өзің түзеп айтшы, деп шап ете түседі.
Хан-қара, би-төренің алдында сөзден сүрінбеген шешен Таумұрын молдадан тайсалсын ба?
-
Ол мақалды түзеп айтсам мен былай дер едім, дейді Байдалы:
-
Ағасы бардың, жақсы болса жағасы бар,
Жаман болса, інісіне жабар жаласы бар.
Інісі бардың, жақсы болса тынысы бар,
Жаман болса, ағасына берер жұмысы бар.
Баласы бардың, жақсы болса панасы бар,
Жаман болса, құдайдың берген пәлесі бар.
Осыны естінгенде, Таумұрын молда лажсыз тоқтапты. Ақсақалдар аузын ашып қалыпты. Тек бәйбішелері ғана «рас, рас, қарияның сөзі рас» деп, бас изейді.
Байдлының бұл сөзін естіген ағайындары қатты ашуланады. Олар: «Алжыған шал, біз болмасақ әлдеқашан аштан өліп қалатын еді, енді қурап отырсын өзі» десіп, содан былай қарайласуды мүлде тоқтатады.
Кедейлік кімнің қолын байламаған. Сол күннен бастап Байдалы шешен құрбысына қонақасы бере алмайды, жолаушыға «үйге түс» дей алмайды. Бірақ байлықты мұрат көрмеген шешен, жоқтықты ұят та көрмейді. Құла биенің күшін көлік, сүтін сусын, құлынын соғым етіп отыра береді.
Сол кездерде әйгілі оқымысты Шоқанның атасы Уәлихан қайтыс болыпты. Ата-тоны болмағандықтан Байдалы шешен жаназаға бара алмапты. «Әне барамын, міне барамын» деп жүренде «қырқы» да өтіп кетеді.
«Қадірлес қария еді, келмегені несі, келіп көңіл айтпағаны несі» деп Уәлиханның ханымы Айғаным ішінен өкпелеп жүреді. Бір күндері Байдалы келіп, өзінің келгендігін сыртта тұрып білдіреді. Бірақ өкпелі ханым шешенді аттан түсіріп алуға тысқа шыға қоймайды. Сонда шешен атының басын кейін бұрып, тұра қалып:
Қайғырып жатқан, Айғаным.
Қара жамылып,
Ай-күні батқан, Айғаным.
Ханға сүйеніп,
Қоқай көрмеген, Айғаным.
Қамқаға оранып,
Шоқай кимеге, Айғаным.
Мен бір сө айтайын, тыңдашы,
депті.
Қара жамылып, жоқтау айтуға Айғаным құлағын тіге қалыпты. Сонда Байдалы шешен мынаны айтқан екен:
Екеуледі, ей ханым.
Қатын жалқау, ұл ынжық,
Төртеуледі, ей ханым.
Келін қатал кер болды,
Ағайын жат ел болды,
Алтаулады, ей ханым.
Кәрілік пен кедейлік,
Егіз келді, ей ханым.
Мұның бәрін сансаң,
Сегіз болды, ей ханым.
Қаусаған жақ, иек бар,
Саудыраған сүйек бар,
Ауыл алыс жер болды,
Тоқсан темір тор болды,
Оннан асты, ей ханым.
Шығар жолды осыдан
Өзің тапшы,ей ханым.
Құла бие құлындап,
Келе алмадым, ей ханым.
Келдім, енді кетемін,
Ықылассыз ордаға
Ене алмадым, ей ханым!
деп жүре беріпті. Айғаным үйден жүгіре шығып, шешеннің шаужайына оралады. Құрметтеп аттан түсіріп, үйге кіргізеді. Төрге отырған соң, Айғанымның жоқтау айтып, жылауға ыңғайланғанын байқған шешен:
-
Айғаным, сен жоқтау айтқалы отырсың, мен тоқтау айтқалы отырмын. Жоқтауды қоя тұрып, тоқтауды тыңдасаң қалай болады, депті.
Айғаным аңырып қалады. Сонда Байдалы:
Қайғыға тізгін бермейтін.
Қайғы деген жылан бар,
Өзекті шағып өртейтін.
Үміт, сенім, тілек бар,
Қуантып қуат алдырар.
Жылау деген азап бар,
Қуартып отқа жандырар.
Мен қайғыңды қозғағалы келгем жоқ,
Қайратыңды қолдағалы келдім,
депті.
Әдетте мұндай қадірлі адам келгенде, ханым қара жамылып, жоқтау айтар, жоқтау артынан Таумұрын молда құранын күңірентеді екен де, қаралы ханым қайғылы қалпын сақтап, орнынан қозғалмай ұзақ отырып қалады екен.
Бұ жолы мұның бірі де болмайды. Шешеннің келуі қайғылы ордаға қалыпты тіршілік орнатқандай болды. Айғаным өзі жүріп шай қойғызады, қой сойдырады. Ат қағып шөлдеп келген шешенге өз қолымен сусын береді. Ханым жадыраңқы болған соң, шешен де жайғасып, шешіле сөйлейді. Мал-жан, ауыл-аймақтың амандығынан басталып, әңгіме ағыла береді. Шешеннің өзі Айғанымға әр түрлі ой салып, көңілін жадырата түскенде болады. Айғаным өкпе-назын айта бастайды.
-
Ханмен қадірлес, халықпен сырлас қария едіңіз. Хан артында қара тұман қалды, қара тұман ортасында мен қалдым. Көзсіз көбелектей болып қалғанымда, осы уақытқа дейін ат ізін салмағаныңызға, несін жасырайын өкпелеп жүр едім. Мен сізді келер, келер де жылатар, жылатарда жұбатар, содан кейін ханға арап бір жақсы құран шығартар деп ойлаған едім, мұның бірін де істемедіңіз. Бірақ бір түрлі көтеріліп, сергіп қалдым. Мұның мәнісі қалай? деп сұрапты Айғаным шешеннен.
-
Келген жерден білместігіңді бетіңе айттым. Ол жылатаным емеспе? Қайғырып жатқан жеріңнен тұрғызып, ас-суыңды өзіңе басқарттым. Бұл жұбатқаным емеспе? Ал, ханымның қайғысы жылаудан жеңілденбейді, ханның күнәсі құранмен жуылмайды. Сондықтан жылаулатпай, құрандапай келгенім рас. Мүмкін менің сөзім сенің қайғыңды емес, қайратыңды қолдаған болар, дейді шешен.
Айғаным «рас, рас» деп басын изейді. Бағанадан бері шарта жүгініп алып, мүлгіп отырған Таумұрын молда осы кезде көзін ашып:
-
Күнәкәр болдыңыз, шешен, күнәкәр, күнәкәр! деп бажыраң-бажыраң етеді.
-
Молдеке, сабыр етіңіз. Осыншама кесіп айтатын сіздің алдыңызға жүгініске келіп отырған жоқпын ғой, қалтаңызға саудыратып салып алып жүрген сауабыңыз болмаса, менен басқаларға үлстіре беріңіз. Құр қалдым деп өкпелмей-ақ қояйын. Атасы басқа молда түгіл, мен өз ағайындарымнан да еш нәрсені дәметпейтін адаммын. Ал,ханның күнәсі құранмен жуылмайтындығы, ханымның қайғысы жылаумен бітпейтіндігі туралы қай бидің алдына барсаң да, сенікі теріс, менікі дұрыс, депті шешен.
Шешен сөзінің салмағына шыдамаған Таумұрын молда «дәрет алуды» сылтау етіп, қақырана-түкірене далаға шығып кетеді. Молда кеткен соң, еркіндей түскен Айғаным шешеннің қасына жақынырақ отырып, ойындағысын іркілмей айта бастайды.
-
Ханның қайғысы оңай болды дейсіз бе маған. Өзім әлсіреп отырғанда, әлгібір молда құран оқыса, осы орда дөңгелене жөнелендей болады. «Құлап кетемін бе» деп керегенің көгінен ұстап, бүйірімді таянамын. Әңгіме айтса әзірейлі, жәбірейлі, мүңкір-нәңкір деген біреулерін айтады да мүлде зәремді алады...
Осы араға келгенде Байдалы шыдамаса керек, Айғанымның сөзін бөліп:
-
Ай, Айғаным-ай, баяғыдан бері байқамап па едің? Бұл Таумұрын молда аузын ашса, оның көмейінен көр өрнетін еді ғой. Несіне зәрең ұшады. Өмір тұрғанда, өлімді сөйлегеннен без, төрінде отырып көрге сүйрегеннен без, деп шешен тері айналады.
Шешен алдында өзінің айыбын жеңілеткісі келген Айғаным:
-
Өзіңіз білесіз, ата-бабамыз молда ұстап көрген жоқ еді, оның сырын қайдан білейік. Хан қайтыс болған соң, бір тәуір молда табайық десті. Ол үшін әлгі керуен басы болып жүретін Тоқтарбайы Ташкенге де жібермекші болды. Тоқтарбайды шақырып алып сөйлескенде, ол «Ташкенге барып, өрік сатып отырған біреуді түйеге мінгізіп жеткізгенше, ханның сүйегі қурап қалады. Одан да осы Таумұрынның өзін ұстай тұру керек. Менің байқауымша, осының да бірдеме айтуға жарайтыны бар» деп болмай отырып алғаны. Сол молдамыздың сиқы әлгі ғой! деді.
Айғаным Байдалы шешенді сол сапарда үш күн мейман етеді. Шешеннің бұлай ұзақ жатуы Таумұры молдаға ұнамайды. Ол Байдалы шешенге ерекше құрмет көрсеткен Айғанымға да ішінен қатты нараы болады.
Бір күні шай үстінде отырғанда, ауыл адамдарының бірі молдадан әйел туралы шариғат сұрайды. Осы арада Байдалыдай «күнәкәр» адамды құрметтеп отырған ханымға да бір қатты соққы беруді ойлаған молда кідірмй-ақ:
-
Қатын билеген шаңырақ қараң қалады. Әйелдің айтқанын еш уақытта тыңдауға болмайды, деп айтып салады.
Мұны естіген Байдалы ойланып қалады. Бұдан кейін бірер күн өтеді, шешен ауылына қайтуға ыңғайланады. Ауыл адамдары шешенге қош айытсып қалуға жиналады. «Қызыл көзді бөледен енді құтылатын шығармын» деп Таумұрын да ішінен қуанады.
Хан қайтыс болған соң, онан қалған мал-мүліктің біразы «хан талау» ретінде жаназаға жиналғандарға үлестіріліп, киімдері де денесін жуғандарға берілген екен. Ханға тән киімдердің ішінен бір айтулы қамқа тонды, жаназға байланған малдың ішінен Көксырғанақ деген жорғаны Айғаным адамға бермей, әдейі алып қалған екен. Мына аулына қайқалы отырған шешенге соы жетектетеді, «ханның көзіндей көріңіз» деп қамқа тонды оның иығына жабады.
Осы арада: «Ілсем іліп қалайын, ілмесем Байдалының дүние жандылығын бетіне басып, күліп қалайын» деп ойлаған Таумұрын:
-
Биеке, сауға олжаңыздың үстіне кездесіп отырмын. Өле алғанша, бөле алайық, деп жабыса кетеді.
-
Қалағаныңыз сіздікі болсын! Тіпті екеуін де алыңыз. Оның үстіне құла биенің де құлынын беріп кетуге де ойым бар еді. Кемпірім осылай қарай аттанарда: «Асарыңды асадың, жасарыңды жасадың. Молдаға бара жатырсың, мына құла биенің құлынын беріп, батасын алып қайт. Өлгенше дұғасынан тастамас» деп тапсырып қалып еді. Өзім де жол бойы олай етейін деп келіп едім. Кешегібі шариғатыңызда: «Қатын билеген шаңырақ қараң қалады» деген соң, қараң қалады екенмін деп қорқып қалдым. Екінші жағынан, сіздің қайыр-дұғаңыздан бос қаламын ба деп қысылып та отырмын. Шариғат бойынша осының төрелігін беріңізші, молдеке, дейді шешен.
«Бұл пақырдың ықыласы сонша ауғаны әзелде аллатағаланың өзі құла биенің биылғы құлынын бізге нәсіп еткен болар» деп ойлаған Таумұрын молда:
-
Биеке, сіз қапа болмаңыз. Шариғатқа симайтын нәрсе жоқ. Бағзы-бағзы уақыттарда әйелдің де сөзін тыңдауға болады. Кемпіріңіздің ниеті жақсы екен, қабыл болсын, қабыл болсын! деп сақалын сипапты.
Шешен біраз ойланып отырады да, басын шайқап:
-
Бағзы-бағзы ниеттер қабыл болмаса да болады ғой деймін. Мысалы, менің кемпірімнің құла биені суалтып, құлынды сізге берем деген ниеті қабыл болмаса, осыдан келер-кетері бар ма? депті.
Таумұрын молда үндей алмай, қып-қызыл болып төмен қарайды.
-
Молдеке, сіз де қапа болмаңыз, іліп қалмасаңыз, жүдеп қаларсыз. Ат пен тонның бірін алыңыз, дейді Байдалы жер шұқып отырған молдаға.
Төмен қараған қалпы Таумұрын едәуір ойланады. Сонда оның ойлағаны: «Өзі ал деп отырғанда, алғанның несі айып? «Алтын көргенде періште де жолдан тайыпты» деген. Батамды беріп, қамқа тонды алсам, қарам бола қоймас» деп ойын орытады да, «иллаһи» деп екі қолын жоғары көтере бергенде, Айғаным:
-
Молдеке, «бүреуге бұйырғанды біреу жемес болар» деп өзіңіздің айтқаныңыз бар-ды. Қарияның несібесіне қол сұқпаңыз. Сіздің сыбағаңыз бөлек, дейді.
Бір жайылып қалған қолын қайта түсіре алмаған молда Айғанымға, біресе Байалыға жаутаң-жаутаң арай беріпті. Сонда Байдлы:
Тек шатақ үшін таралған.
Алуан-алуан молда бар,
Тек алу үшін жаралған.
Олар «ал» дегенді өлтіріп,
«Бер» дегенді ғана қалдырған.
Сұрауменен сұрамсақ күн көреді,
Ұрлықпенен сұғанақ күн көреді.
Үзіп-жұлып күн көрмесе,
Бұл пақыр аштан өледі,
дейді.
Қашан бірдеме ілінгенше қармағын судан алмай, жаман үйреген Таумұрын назаланған пішінмен жаюлы қолын жимайды. Осы жолы оның алақаны «бересің бе, болмаса тағы бірің өлесің бе» деп тұрған тәрізді.
«Оңай олжа тауып үйренген адам арсыз келеді, арсыздардың адамдықты жеңетін де жері болады, бұл тілеуі құрғырдан не беріп, не өліп құтылмасаң, құтыла алмайсың» − деп Байдалы тонды иығынан сыпырып, молданың алдына тастайды. Шешенге арналған сыбағаны арашалап ойлаған біреу: «қаз тойғанға емес, орғанға семіреді, молдеке, сауға-сауға» депті. Сонда Таумұрын:
-
Е, менің де дос-дұшпаным бар. Кемпіріме көркейіп барайын, деп тонды өзіне қарай тарта түседі.
-
Қамқа тон қарияға барып та болған жоқ, қария оны алып та болған жоқ. Алатын болсаңыз, үйіне барып алмайсыз ба? Ордамның ішінде отырып аң аулағаныңыз шариғатыңызға шақ келе ме? Ханның көзіндей көрсін деп мен бұл тонды қарияға бердім. Қария, мен берген тонды киіңіз мен берген жорғаны мініңіз, сізді мен шығарғалы отырмын, деп Айғаным орнынан тұрып, киіне бастайды.
Шешенді аттандырып жіберуге айғаныммен бірге жұрттың бәрі үйден шыққанда, орнынан тұра алмай, отырып қалған Таумұрын:
-
Япырай-ә, келіп тұрған нәрсенің кетіп қалғанын қарашы. «Қатын билеген шаңырақ қаран қалады» деген осы-ау! Ой, тобай, ой, тобай! деп басын шайқап қала береді.
Айғаным Көксырғақтың шылбырын өзі ұстап, шешенді өз қолымен аттандырады да, кермеде тұрған боз жорғаны ер-тұрманын жарқ-жұрқ еткізіп өзі мінеді. Соңынан қарағандарға қос жорға жер баспай, әншейін сырғанап бара жатқан сияқты көрінеді. Құлынды бие жетелеп, қос жорға мінген шешен мен ханым ел маңынан аулаққа ұзай береді.
Бір мезгілде Айғаным, көк майсалы далаға бір қарап күрсініп алады да, сөйлей жөнеледі:
-
Ақыл алтау, ой жетеу болып тұр, қария. Хансыз қаңырап тақ қалды. Қалың дәулет бақ қалды. Ханды қарытып, биді арытқан қария едіңіз, айтар ақылыңыз бар ма?дейді.
Байдалы үндемейді, қалың ойға батып, кәрі көзін сығырайтып, әлдеқайда алысқа қарайды. Арқасынан аяз өткен адамша қайта-қайта тітіркеніп қояды. Қамшы ұстаған қолы төмен түсіп, тежеулі тізгін де босап кетеді. Жай ғана жайылып келе жатқан Көксырғанақ әуелі аяңға, одан кейін ілбуге түседі. Ақырында Көксырғанақ тоқтайды. Сонда Айғаным:
-
Неге кідірдіңіз, Көксырғанақ болдырды ма, неге тітіркендіңіз, қамқа тон тоңдырды ма? дейді.
-
Ат болдырып та тұрған жоқ, тон тоңдырып та тұрған жоқ, бірақ осы ат пен тон оңдырып та тұрған жоқ. Көптің көзінше сыйладың, оңаша шығарып алып қинадың. Қаусаған шалды қыран шалмас қияға салғаның неткенің? Таққа отырғың келеді екен, оның несін менен сұрайсың. Қай хан хъалықтан сұрап таққа отырып еді, деп шешен Айғанымның бетіне қарады.
Айғаным «ойымдағыны таптың» деген пішінмен жымиып қана басын изейді. Сонда қарт шешен:
-
Мені қинап тұрған бұл емес. Таққа ие болухалыққа ие болу! Абылай да өзінше жақсы хан болғысы келді. Еліме емшекті қабат емгізсем дегенді ойлады. Бірақ ол Абылайдан сыңар емшекке қарап ел де қалды, елмен бірге құла биенің сүтіне қарап қыстан таяқ жемесе, ел ерні кезермесе, менің де ернім кезермес еді. Жазғы шөл, қысқы жұттан елді құтқаратын қамқоршының қайда екенін білмеймін. Жер емшегі мен мал емшегін елдің қашан қабат еметінінде айта алмаймын. Бағанадан бері мені қинап келе жатқан ой осы еді, депті.
Осыны айтып Байдалы би ілгері жүріп кетіпті. «Көріскенше, қош болыңыз» деп Айғаным ойланып, орнында тұрып қалыпты.
Жидебай мен Қараменде
Әлтеке Жидебай батыр әрі шешен болған екен. Жидебай көп жасап, көпті көріпті. 95 жасқа дейін өмір сүріп, нәсілі өсіп, немерелі-шөберелі болыпты.
Бертін қартайған кезінде жастық шағының жолдасы Қараменде би есіне түсіп, өткен жастық уағындағы істерін, қартайып-қажығандағы өзгерістерін айтып, пікір алыспақшы болуды ойлайды. Бірақ өзі бара алмайды да, сөз мәнісін білетін бір жас жігітті шақыртып:
-
Шырағым, Тобықтыда Қараменде деген досым бар еді. Көрмегелі көп жылдар болды, сағындым. Өзім іздеп баруға шамам жоқ, о да қартайды, іздеп келе алмайды. Соған айтатын бір сәлемдерім бар еді, соны жеткізіп келші, дейді.
Жігіт жүрмекші болған соң Жидебайдың айтқаны: «Бес ауыз бір сөзім бар, алты ауыз бір сөзім бар. Осыларды бірімен бірін шатыстырмай ұғып ал» деп тапсырады.
Жидебайдың айтқан сөзін жігіт жаттап алады.
Бес ауыз бір сөзім:
Төрт нәрседе үміт бар,
Бір нәрседе үміт жоқ,
Осыны айт дейді.
Алты ауыз бір сөзім:
Мұсылман жаудың қолында қалдым,
Бес атаның малын іздеп әуре болдым,
Алпыс ат үйір бермеді,
Жетпіс торғай шырылдайды,
Сексен балапан ұя басып,
Тоқсан жұмыртқаның қашан жырлары белгісіз.
Жаздың күні, жайлауға қонған қалың елді аралай бірнеше күн жүріп, бағанағы жігіт, Қараменде биді іздеп табады.
Біраз күн жатып тынығып, ел жайлы, ер амандығына қанысқасын жігіт қайтпақшы болады. Сонда Қараменде: «Жидекем тірі болса, маған басқа сәлем айтпады ма?» деп сұрапты.
Сонда жігіт батырдың сәлемін айтыпты. Қараменде шарта жүгініп отырып, көп толғанып-ойланады. Біраздан кейін:
-
«Төрт нәрседе үміт бар» дегені, адам баласы төрт үмітпен жүріп өтеді екен-ау:
Жас өсемін деп үмітті,
Жалғыз көбейем деп үмітті.
Жарлы байимын деп үмітті,
Ауру жазыламын деп үмітті.
-
«Бір нәрседен үміт жоқ» дегені шіркін, көктемі мен жазы өтіп жапырағы қураған ағаштай, ұрты солып, жағы суалған кәріліктен ғана үміт жоқ екен, дейді.
-
«Мұсылман жаудың қолында қалдым» дегені: бірге жасасып, тәтті өмір сүріскен, бір-біріне иістері сіңіскен жастық шақтың жолдасы жұбайы қайтып, жесір болып, келін баласының қолына қарап қалған екен ғой. Екі елі аузына төрт елі қақпақ қойсын, балаға сонда ғана сыйымды болады, депті.
-
«Бес атаның малын іздеп әуре болдым» дегені: Қайран батыр қартайып, көзі көр болған екен ғой. Жастан серік болған бес жолдасы: Мұсуақ, тәспіқ, орамал, бәкі, қамшы болар. Осылардың басын құрап жинау үшін жан-жағын сипалап іздеп тапқанша, түске дейінгі уақыты өтеді екен ғой. Жанына жан қалта, төсіне төс қалта салдырып алсын, депті. Ол уақыттағы қазақтың киімдеріне қалта салынбайды екен.
-
«Алпыс ат үйір бермеді» дегені, алпыс жас ағайынды жауға беріспейтін қайрат-күштің қайтпайтын кезі екен ғой.
-
«Жетпіс торғай шырылдайды» дегені жетпісте торғайдай ғана қуатым қалды дегені екен ғой.
-
«Сексен балапан ұя басып» дегені сексенде ұяда жатқан балапандай төсек тартып жаттым дегені екен ғой.
-
«Тоқсан жұмыртқаның қашан жырларын білмеймін» дегені тоқсаннан асқан жасым бар, бір аяғыммен қабірдемін, ажал қашан жетеді деп күтудемін дегені екен ғой, депті.
Достарыңызбен бөлісу: |