Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасы


Мақсаты Мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қол жетімділігін арттыру Міндеттері



бет7/7
Дата17.07.2016
өлшемі1.06 Mb.
#206232
1   2   3   4   5   6   7

Мақсаты

Мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қол жетімділігін арттыру



Міндеттері

1. Халыққа мемлекеттік қызмет көрсетулердің регламенттері мен стандарттарын кезең-кезеңімен енгізу.

2. Мемлекеттік қызметшілер мен ұйымдар қызметкерлерінің жоғары сапалы мемлекеттік қызмет көрсетулерге бағдарланған уәждемесі жүйесін жасау.

3. Мемлекеттік қызмет көрсетулер кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен қолдану.



Шешу жолдары

«Мемлекеттік қызмет көрсету» ұғымы заңнамамен бекітіледі және мемлекеттік қызмет көрсетудің үлгі регламенті бекітіледі. Мемлекеттік қызмет көрсетулердің тізілімі, сондай-ақ оларды ұсыну стандарттары әзірленетін болады.

Мемлекеттік органдар мен халыққа мемлекеттік қызметтер көрсететін ұйымдар мемлекеттік қызметтер көрсетудің үлгі регламенті негізінде регламенттер әзірлейді және енгізеді.

Халыққа «жалғыз терезе» принциптеріне негізделген мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесін дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

Үкімет мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау мен оның аудиті элементтерінің бірі ретінде халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын ішкі және тәуелсіз сыртқы бағалауды енгізуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау жөнінде халыққа әлеуметтанушылық жүйелі сауал қою енгізілетін болады. Бағалау нәтижелері жалпыға бірдей қолжетімді бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға жатады.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және мемлекеттік қызметшілерді оқытудың өңірлік орталықтарында халыққа мемлекеттік қызметтер ұсыну мәселелері бойынша оқу модульдері мен бағдарламалары іске асырылатын болады. Мұнымен қатар мемлекеттік органдар мен халыққа мемлекеттік қызметтер көрсететін ұйымдардың жауапкершілігі күшейтілетін болады.

2007 жыл «электрондық үкіметті» дамытудағы интерактивтік кезең басталатын жыл болып табылады, оның шеңберінде е-үкімет инфрақұрылымының өзегі пайдалануға енгізіледі және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың интерактивтік қызметтер көрсетуіне көшуді нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету жетілдіріледі.

Халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету үшін «Жеке тұлғалар», «Заңды тұлғалар», «Мекенжай тіркелімі», «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» бірыңғай дерекқорын кең ауқымда пайдалану енгізіледі және оны пайдаланушылардың тізбесі кеңейтіледі.



Нәтижелері

Мемлекеттік органдар мен ұйымдар ұсынатын қызметтердің сапасы артады, халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетудің ашықтығы, қолжетімділігі, мемлекеттік қызметтер туралы қажетті ақпаратты халыққа уақтылы жеткізу, сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету қамтамасыз етіледі, әкімшілік кедергілер жойылады, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі артады.


4.10.3. Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру

Мақсаты

Халықтың мемлекеттік билік органдарына деген сенімін арттыру



Міндеттері

1. Мемлекеттік қызметшілерді патриотизмге және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке, Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексін қатаң әрі мүлтіксіз сақтауға тәрбиелеу.

2. Көпшілік санасында кәсібилік, адалдық, ашықтық, сыпайылық және құзыреттілік ұғымдарына негізделетін мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру.

Шешу жолдары

Неғұрлым білікті үміткерлерді іріктеу мақсатында әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары мен мемлекеттік қызметке кіруге арналған тестілеу жүйесі жетілдірілетін болады.

Мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді түсіндіру-насихаттау жұмысы жүргізілетін болады. «Электрондық үкімет» порталын мемлекеттік органдардың қызметі және үздік мемлекеттік қызметшілер туралы материалдарды жариялау бөлігінде жүйелі түрде жаңарту қамтамасыз етілетін болады.

Мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғам институттарының қызметін үйлестірудің тиімділігін арттыру жөніндегі практикалық шаралар қабылданып, құқық қорғау органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы жұмысының нәтижелілігі күшейтілетін болады. Атап айтқанда, азаматтық қоғам институттарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысқа тарту, бұқаралық ақпарат құралдарының халықтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыруға қатысуы және мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті жандандыру қамтамасыз етілетін болады.



Нәтижелері

Мемлекеттік қызметтің ашықтығы, қолжетімділігі қамтамасыз етіліп, патриотизмге тәрбиелеу жөніндегі жұмыс жүргізілетін болады, мемлекеттік қызметтің қоғамдағы тартымдылығы артады, мемлекеттік қызметшілерді, әсіресе жастарды қоғамға және мемлекетке қызмет етудің, мемлекеттік қызметті жоғары кәсібилік, патриоттық, адал атқарудың үздік үлгілерінде тәрбиелеу жөнінде шаралар қабылданатын болады.


5. Үкімет Бағдарламасын іске асыруды құқықтық қамтамасыз ету

Үкімет Бағдарламасының белгіленген мақсаттарына қол жеткізу және басым бағыттарын іске асыру мақсатында оларды тиімді құқықтық қамтамасыз ету жүзеге асырылатын болады.

Үкіметтің құқықтық саясаты, ең алдымен, Мемлекет басшысы белгілеген Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясын іске асыру үшін тиісті заңнамалық база құруға бағытталатын болады.

Осы ауқымды әрі күрделі міндетті дәйекті орындауды нақтылау Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының тиісті кезеңдерге арналған жоспарларында көрініс табады.

Ұлттық заңнаманы, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау, атаулы әлеуметтік көмек, банкроттық, тұрғын үй-коммуналдық сала, жеке кәсіпкерлік, монополияға қарсы реттеу, лицензиялау, бағалау қызметі, міндетті сақтандыру, техникалық реттеу, зияткерлік меншік, бюджет және салық салалары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметіне, ДСҰ-ға кіруге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске байланысты қоғамдық қатынастар мәселелері бойынша, сондай-ақ қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, азаматтық, әкімшілік заңнамалары және сот-құқықтық жүйесі мәселелері бойынша жетілдіру жүзеге асырылатын болады.

Тиісті заң жобаларын және басқа да нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу арқылы әкімшілік реформа жүргізуді заңнамалық қамтамасыз етуді және жергілікті өзін-өзі басқаруды құқықтық регламенттеуді ұйымдастыру қажет.

Норма түзушілік қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында қолданыстағы заңнаманы жүйелеу, оны ескі және қайталанатын нормалардан босату, қоғамдық қатынастардың кейбір салаларын құқықтық реттеудегі олқылықтардың орнын толтыру, салалар бөлінісінде заңнаманы одан әрі топтастыру, заңдардағы сілтеме ережелерді барынша азайту және тікелей қолданылатын заңнамалық актілерді қабылдау практикасын кеңейту арқылы заңға тәуелді норма түзуді қысқарту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

Нормативтік құқықтық актілерді қолдану практикасын тұрақты талдауға негізделетін заң жобалау қызметін жоспарлау кезінде олардың кемшіліктерін анықтауға мүмкіндік беретін болжамды-талдамалық аспектіге ерекше назар аударылатын болады. Заңдар мониторингін, оның ішінде ғалымдармен бірлесіп, жүзеге асыру туралы мәселе қаралатын болады, бұл құқық қолдану практикасына ғылыми талдау жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік органдардың ведомстволық норма түзудегі, заңнаманың олардың құзыретіне жатқызылған тиісті құқықтық қатынастар саласындағы мониторингін жүргізудегі және оны жетілдірудегі рөлі мен жауапкершілігі артады.

Заң шығару жаңа қоғамдық қатынастарды толыққанды әрі сапалы нормативтік реттеу, шектеулі ведомстволық норма түзуді болдырмау және тиімді жұмыс істейтін құқықтық база құру мақсатында іргелі жалпымемлекеттік көзқарасты ұстанатын болады.

Құқықтық жүйе тұрақтылығын және заңдылықты нығайтуды қамтамасыз ететін жүйелі шаралар қабылданатын болады.

Маңызды қоғамдық қатынастарды қозғайтын, Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған негіз қалаушы принциптер мен нормаларды белгілейтін заң жобаларын ғана әзірлеу жоспарлануда. Осы шаралар заң шығару процесіндегі сыбайлас жемқорлық бастамаларына пәрменді тосқауыл жасауға мүмкіндік береді.

Көрсетілген жұмысқа заңнамалық бастама субъектілері ғана емес, жұртшылық өкілдері де, үкіметтік емес ұйымдар және жеке кәсіпкерлік субъектілері де тартылатын болады.

Заң шығару қызметін тиісті заң жобасын әзірлеудің орындылығы туралы шешім қабылдау сатысынан бастап ғылыми пысықтау жөніндегі шаралар күшейтіледі, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы аспектілерге ерекше назар аударылатын болады.

ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден одағын және еркін сауда аймағын қалыптастыру жөніндегі халықаралық міндеттемелерге сәйкес, сондай-ақ Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне дайындыққа байланысты ұлттық заңнаманы біріздендіру және үйлестіру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

Алдағы норма түзу қызметінің кешенділігі мен жүйелілігі мемлекеттік даму, оның ішінде корпоративтік басқару, нәтижелілік, айқындық және есептілік принциптерінде мемлекеттік басқарудың сапалы жаңа моделін құру стратегиясы аясында құқықтық іргетасты жаңғыртуға бағытталған.

Тұтас алғанда, Үкіметтің басымдықтарын іске асыруды құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі жоғарыда көрсетілген іс-шаралар Қазақстанның бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіруі жөніндегі стратегиялық міндетті шешу үшін қажетті құқықтық базаны орнықты дамыту және қалыптастыру принциптерінің негізінде елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады.
6. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін негізгі әлеуметтік-экономикалық нәтижелер

Таяу арадағы үш жылда Үкімет Бағдарламаны орындаудың мынадай негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізу міндетін алға қояды.

2007 – 2009 жылдары Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің нақты орташа жылдық өсімі 8 – 9 %-ті құрайды, бұл 2000 жылға қарағанда 2008 жылы
ЖІӨ-ні екі есеге арттыру жөніндегі стратегиялық міндетті шешуге мүмкіндік береді. Бұл ретте 2009 жылға қарай халықтың жан басына шаққандағы
ЖІӨ 8900 АҚШ долларына дейін ұлғаяды, бұл 2006 жылғы деңгейден 1,8 есе асып түседі.

Орташа жылдық инфляция деңгейі 2007 – 2009 жылдары 5 – 7 % шамасында ұсталатын болады.

Жүргізілетін фискалдық саясат шеңберінде мемлекеттік бюджет тапшылығын 2009 жылға қарай ЖІӨ-ге 0,5 %-ке дейін, мұнайға қатысты емес тапшылықты ЖІӨ-ге 2,5 %-ке дейін төмендету болжанады. Мемлекеттік бюджет шығыстары өсімінің орташа жылдық номиналды қарқыны ЖІӨ-нің номиналдық өсімі 119 % болған кезде 115, 6 % деңгейінде қалыптасады.

Өнеркәсіп өнімі өндірісінің жыл сайынғы өсу қарқыны


2007 – 2009 жылдары орта есеппен 7 – 8 % деңгейінде болжанып отыр.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өсімі жоспарланып отырған кезеңде орта есеппен 3 %-ті, ал құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі жылына 20 %-ті құрайды.

2007 – 2009 жылдары сауда, көлік, байланыс салаларының одан әрі өсімі күтіліп отыр. Көлік қызметтері жылына орта есеппен 6 – 7 %-ке, ал көрсетілетін байланыс қызметтерінің көлемі жылына 20 %-ке өседі.

Негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемінің өсу қарқыны жоспарланып отырған кезеңде орта есеппен 14 – 15 % -ті құрайды.

2007 – 2009 жылдары нақты жалақы өсімінің орташа жылдық қарқыны шамамен 9 – 10 %-ті, ал зейнетақы 6,5 – 7,0 %-ті құрайды.

Көрсетілген кезеңде Қазақстан халқының жалпы саны 2006 жылмен салыстырғанда бағалау бойынша 2,9 %-ке өседі және 15,8 млн. адамнан асады.








Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет