Қазақстан Республикасының Бюджет кодексi


-тарау. БIРЫҢҒАЙ БЮДЖЕТТIК СЫНЫПТАМА



бет3/17
Дата01.07.2016
өлшемі1.05 Mb.
#169862
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

6-тарау. БIРЫҢҒАЙ БЮДЖЕТТIК СЫНЫПТАМА

      26-бап. Бiрыңғай бюджеттiк сыныптаманың анықтамасы

      1. Бiрыңғай бюджеттiк сыныптама объектiлерге топтамалық кодтар бере отырып, бюджет түсiмдерi мен шығыстарын функционалдық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалар бойынша топтастыру болып табылады.
      2. Бюджет процесi бiрыңғай бюджеттiк сыныптама негiзiнде жүзеге асырылады.
      3. Бiрыңғай бюджеттiк сыныптама бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган белгiлейтiн тәртiппен Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары негiзiнде жасалады.
      4. Бiрыңғай бюджеттiк сыныптаманы бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әзiрлейдi және бекiтедi.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      27-бап. Бiрыңғай бюджеттiк сыныптаманың құрамы

      Бiрыңғай бюджеттiк сыныптама:
      1) бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасын;
      2) бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасын;
      3) бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын қамтиды.

      28-бап. Бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы

      1. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына негiзделген белгiлi бiр сипаттамалар бойынша барлық деңгейдегi бюджеттер түсiмдерiнiң топтамасы бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы болып табылады.
      2. Бюджет түсiмдерi сыныптамасының топтамасы санаттан, сыныптан, кiшi сыныптан және өзiндiк ерекшелiктен тұрады.
      Санаттар түсiмдердi экономикалық белгiлер бойынша топтастыруды көрсетедi.
      Сыныптар мен кiшi сыныптарда түсiмдер олардың көздерi мен түрлерi бойынша топтастырылады.
      Өзiндiк ерекшелiк бюджетке төлем немесе түсiм түрiн айқындайды.

      29-бап. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы

      1. Функционалдық және ведомстволық белгiлер бойынша бюджеттiк қаражаттың жұмсалу бағыттарын айқындайтын, мемлекет функцияларының орындалуын, Қазақстан Республиканың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын, мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларын iске асыруды көрсететiн барлық деңгейлердегi бюджеттер шығыстарының топтамасы бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы болып табылады.
      2. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының топтамасы мынадай деңгейлерден тұрады:
      функционалдық топтар;
      функционалдық кiшi топтар;
      бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi;
      бюджеттiк бағдарламалар (кiшi бағдарламалар).
      3. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы негiзiнде бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiн және бюджеттiк бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) топтастыру арқылы жасалатын бюджет шығыстарының ведомстволық сыныптамасы қалыптастырылуы мүмкiн.
      Ескерту. 29-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      30-бап. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы

      1. Бюджеттiк бағдарламаларды iске асыру үшiн мемлекеттiк мекемелер жүзеге асыратын операцияларды көрсететiн экономикалық сипаттамалар бойынша бюджет шығыстарын топтастыру бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы болып табылады.
      2. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын топтастыру санаттан, сыныптан, кiшi сыныптан және өзiндiк ерекшелiктен тұрады.
      Санат шығыстарды экономикалық белгiлерi бойынша топтастырады. Сынып және кiшi сынып шығыстарды мемлекеттiк мекемелер жүргiзетiн операциялардың негiзгi түрлерi бойынша топтастырады. Өзiндiк ерекшелiк бюджеттiк бағдарламаны iске асыру үшiн мемлекеттiк мекеме жүргiзетiн операцияның түрiн айқындайды.
      3. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшелiктерiнiң құрылымын бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әзiрлейдi және бекiтедi.
      Ескерту. 30-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      31-бап. Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi

      1. Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi бюджеттiк бағдарламаларды жоспарлауға, негiздеуге, iске асыруға және нәтижелерге қол жеткiзуге жауапты мемлекеттiк орган болып табылады.
      Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi өзiне жүктелген функциялар мен өкiлеттiктерге сәйкес айқындалады.
      Бюджеттiк бағдарламалардың бiр әкiмшiсiнiң құзыретiне жатқызуға болмайтын, экономиканың әртүрлi салаларындағы жобаларды iске асыруды көздейтiн, ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдингтiң жарғылық капиталына мемлекеттiң қатысуы арқылы бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыру жоспарланған бюджеттiк бағдарламалар бойынша мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әкiмшi болады.
      2. Егер бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi бiр мезгiлде бюджеттiк бағдарламаның әкiмшiсi және мемлекеттiк мекеме болып табылса, ол бюджет қаражатын дербес пайдаланады.
      3. Облыстық бюджеттiк бағдарламалардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттiк бағдарламаларының әкiмшiлерi болып табылатын, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың iшкi iстер органдарын қоспағанда, мемлекеттiк органдардың құрылымдық және аумақтық бөлiмшелерi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi бола алмайды.
      4. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдар республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi болып табылады.
      5. Жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың үлгiлiк құрылымы негiзге алына отырып айқындалады.
      6. Әкiмдердiң және облыстық мәслихаттардың, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихаттарының аппараттары, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкiмдiктерi уәкiлеттiк берген атқарушы органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың iшкi iстер органдары облыстық бюджеттiк бағдарламалардың, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттiк бағдарламаларының әкiмшiлерi болып табылады.
      7. Аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмiнiң және мәслихатының аппараттары, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмдiгi уәкiлеттiк берген атқарушы органдар аудандық (қалалық) бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi болып табылады.
      8. Қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң бюджеттiк бағдарламаларының әкiмшiлерi осы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер әкiмдерiнiң аппараттары болып табылады.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      32-бап. Бюджеттiк бағдарламалар



      1. Бюджеттiк бағдарлама нәтиже көрсеткiштерi және бюджет шығыстарын қаржыландыру көлемi бар мемлекеттiк органның стратегиялық жоспарында айқындалған стратегиялық бағыттармен, мақсаттармен, мiндеттермен, нәтижелер көрсеткiштерiмен өзара байланысқан бюджет шығыстарының бағытын айқындайды.
      2. Бюджеттiк бағдарламаларды бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi әзiрлейдi және олар мемлекеттiк органның стратегиялық жоспарының құрамында бекiтiледi.
       Стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi жоспарлы кезеңге арналған жоспарланатын бюджет қаражатының көлемдерi, нәтижелiлiк және тиiмдiлiк көрсеткiштерi бар бюджеттiк бағдарламаларды бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен әзiрлейдi.
      Стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттiк бағдарламаларын бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң бiрiншi басшысы бекiтедi.
      Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссияларының бюджеттiк бағдарламаларын тиiстi тексеру комиссиясының төрағасы бекiтедi.
      Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнен қаржыландырылатын, стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттiк бағдарламаларын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиiстi жергiлiктi атқарушы органдары бекiтедi.
      3. Бюджеттiк бағдарламалар стратегиялық жоспарда тұжырымдалған мақсаттар мен мiндеттердi шешу үшiн қажеттiлiк пен жеткiлiктiлiк принциптерiне негiзделе отырып әзiрленедi.
      Бюджеттiк бағдарламалар өзiнiң мазмұны бойынша мемлекеттiк функциялармен, өкiлеттiктермен және мемлекеттiк қызметтер көрсетумен немесе бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi қызметiнiң бағыттарымен бiртектi топталуға тиiс.
      4. Бюджеттiк бағдарламада оны iске асыруды бағалау үшiн тiкелей және түпкiлiктi нәтижелердiң көрсеткiштерi болуы тиiс, сондай-ақ бюджеттiк бағдарламада сапа мен тиiмдiлiк көрсеткiштерiнiң болуы мүмкiн.
      Сапа көрсеткiштерi көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң оны алушылардың талабына және мемлекеттiк қызметтер көрсету стандартына сәйкестiгiнiң деңгейiн көрсетедi.
      Тиiмдiлiк көрсеткiштерi бюджет қаражатының бекiтiлген көлемiн пайдалана отырып, ең үздiк тiкелей нәтижеге қол жеткiзудi немесе бюджет қаражатының аз көлемiн пайдалана отырып, тiкелей нәтижеге кол жеткiзудi көрсетедi.
      5. Бюджеттiк бағдарлама бюджеттiк кiшi бағдарламалар үшiн де бюджеттiк бағдарламаларға арналған нәтиже көрсеткiштерiн қолдану шартымен бюджет қаражатын жұмсаудың бағыттары нақтыланған кiшi бағдарламаларға бөлiнуi мүмкiн.
      6. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бюджеттiк бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) әзiрлеу тәртiбiн және олардың мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайды.
      Ескерту. 32-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      33-бап. Бюджеттiк бағдарламалардың түрлерi

      1. Мазмұнына байланысты бюджеттiк бағдарламалар:
      мемлекеттiк функцияларды, өкiлеттiктердi және олардан туындайтын мемлекеттiк қызметтер көрсетудi жүзеге асыруға;
      трансферттер мен бюджеттiк субсидиялар беруге;
      бюджеттiк кредиттер беруге;
      бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыруға;
      күрделi шығыстарды жүзеге асыруға;
      мемлекеттiң мiндеттемелерiн орындауға;
      нысаналы салым салуға бағытталған бағдарламалар болып бөлiнедi.
      2. Мемлекеттiк басқару деңгейiне байланысты бюджеттiк бағдарламалар:
      1) республикалық бюджеттiң құрамында бекiтiлетiн республикалық бағдарламаларға;
      2) облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнiң құрамында бекiтiлетiн облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана бағдарламаларына;
      3) аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң құрамында бекiтiлетiн аудандық (қалалық) бағдарламаларға;
      4) республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнiң, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң құрамында бекiтiлетiн, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң бюджеттiк бағдарламаларына бөлiнедi.
      Облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана, аудандық (қалалық) бюджеттiк бағдарламалар, сондай-ақ қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң бюджеттiк бағдарламалары жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалар болып табылады.
      3. Бюджеттiк бағдарламалар iске асыру тәсiлiне байланысты:
      1) бiр әкiмшi iске асыратын дара бюджеттiк бағдарламаларға;
      2) белгiлi бiр бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң бюджеттiк бағдарламаларының құрамында бекiтiлетiн және бюджеттiк бағдарламалардың әртүрлi әкiмшiлерi арасында ағымдағы қаржы жылы iшiнде бөлiнуге жататын, бөлiнетiн бюджеттiк бағдарламаларға бөлiнедi.
      Мұндай бюджеттiк бағдарламаларды бөлу Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен жүзеге асырылады.
      4. Бюджеттiк бағдарламалар бiртұтас бюджеттiк сыныптаманың құрамында тиiстi белгi (код) берiле отырып, ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға және дамудың бюджеттiк бағдарламаларына бөлiнедi.
      Дамудың бюджеттiк бағдарламаларына бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бюджет шығыстары жатады. Бюджеттiң қалған шығыстары ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға жатады.
      Ескерту. 33-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      34-бап. Мемлекеттiк функцияларды, өкiлеттiктердi жүзеге


               асыруға және олардан туындайтын мемлекеттiк
               қызметтер көрсетуге бағытталған бюджеттiк
               бағдарламалар

      1. Мемлекеттiк қызмет көрсету деп орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың, олардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдары мен өзге де жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдардың жекелеген функцияларын iске асыру нысандарының бiрi болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жеке және заңды тұлғалардың (орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдарды қоспағанда) қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға бағытталған, жеке-дара сипаттағы әрi жеке және (немесе) заңды тұлғалардың (орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдарды қоспағанда) өтiнiшi бойынша жүзеге асырылатын қызметi танылады.


      Мемлекеттiк қызмет көрсету мемлекеттiк қызметтер көрсету стандарттары мен регламенттерi шеңберiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақылы немесе тегiн негiзде көрсетiледi.
      2. Мемлекеттiк қызмет көрсету стандарты мемлекеттiк қызметтер көрсету процесiнiң, нысанының, мазмұнының және нәтижесiнiң сипаттамаларын қамтитын мемлекеттiк қызметтер көрсетуге қойылатын талаптарды белгiлейтiн нормативтiк құқықтық акт болып табылады.
      Қазақстан Республикасының Президентiне бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк орган әзiрлейтiн мемлекеттiк қызмет көрсету стандартын Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң келiсiмiмен Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрылымына кiретiн мемлекеттiк органдар әзiрлейтiн мемлекеттiк қызмет көрсету стандартын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      3. Мемлекеттiк қызметтер көрсету тiзiлiмiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Мемлекеттiк қызметтер көрсету тiзiлiмi деп мемлекеттiк қызметтердi алушылар, оларды көрсетудi қамтамасыз ететiн орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдар және басқа да сипаттамалары көрсетiле отырып, республикалық және жергiлiктi деңгейлерде көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң үнемi жаңартылып отыратын тiзбесiн қамтитын нормативтiк құқықтық акт түсiнiледi.
      4. Мемлекеттiк функцияларды, өкiлеттiктердi және олардан туындайтын мемлекеттiк қызметтер көрсетудi жүзеге асыруға бағытталған бюджеттiк бағдарламаның құнына олармен байланысты барлық ағымдағы шығыстар кiредi.
      Мемлекеттiк қызметтер көрсетуге бағытталған бюджеттiк бағдарламаның құнын айқындау кезiнде мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң бекiтiлген стандарттары пайдаланылады.
      5. Бюджеттiк бағдарламалардың атауларында жүзеге асырылатын мемлекеттiк функциялардың, өкiлеттiктердiң және олардан туындайтын мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң мазмұны көрiнiс табуға тиiс.
      6. Үкiметтiк емес ұйымдардың мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты орындауы мемлекеттiк қызметтер көрсетуге бағытталған бюджеттiк бағдарламалар бойынша қаржыландырылады.
      Ескерту. 34-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      35-бап. Трансферттер мен бюджеттiк субсидиялар беруге


               бағытталған бюджеттiк бағдарламалар

      1. Трансферттер мен бюджеттiк субсидиялар беруге бағытталған бюджеттiк бағдарламаларға:


      1) бюджеттер деңгейлерi арасындағы трансферттер;
      2) мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерiне арналған ақшалай төлемдерден басқа, жеке тұлғаларға арналған трансферттер;
      3) жеке және заңды тұлғаларға арналған бюджеттiк субсидиялар жатады.
      2. Бюджеттер деңгейлерi арасындағы трансферттер, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджеттiң бiр деңгейiнен басқасына өтеусiз және қайтарымсыз төлемдер болып табылады.
      3. Мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiне арналған ақшалай төлемдерден басқа, жеке тұлғаларға арналған трансферттер, бұл жеке тұлғаларға олардың иелiгiндегi табыстарын өсiруге не Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген шығындардың немесе нұқсандардың белгiлi бiр түрлерiн толық немесе iшiнара өтеуге арналған ақшалай төлемдер.
      4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларда, мемлекеттiк функцияларды орындаудың және республиканың немесе өңiрдiң дамуының әлеуметтiк-экономикалық мiндеттерiн iске асырудың басқа да тәсiлi болмаған кезде ғана жеке және заңды тұлғаларға, соның iшiнде шаруа немесе фермер қожалықтарына берiлетiн бюджеттен қайтарымсыз төлемдер бюджеттiк субсидиялар болып табылады.
      5. Бюджеттен субсидиялар төлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

      36-бап. Бюджеттiк кредиттер беруге бағытталған бюджеттiк


               бағдарламалар

      Бюджеттiк кредиттер:


      1) бюджеттiк инвестициялық жобаларды iске асыруға;
      2) мемлекеттiң сыртқы экономикалық қызметiн жүзеге асыруға;
      3) қаржы агенттiктерiнiң мемлекеттiк инвестициялық саясатты iске асыруына;
      4) төмен тұрған бюджеттердiң қолма-қол ақша тапшылығын жабуға;
      5) мемлекеттiң әлеуметтiк саясатының мiндеттерiн шешуге бағытталады.
      Ескерту. 36-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      37-бап. Бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыруға


               бағытталған бюджеттiк бағдарламалар

      Бюджеттiк инвестициялар бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен, сондай-ақ заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу арқылы бюджеттiк инвестициялық жобаларды, концессиялық жобаларды iске асыру арқылы жүзеге асырылады.

      38-бап. Күрделi шығыстарды жүзеге асыруға бағытталған
               бюджеттiк бағдарламалар

      Күрделi шығыстарға, бюджеттiк инвестициялардан басқа, шығыстардың экономикалық сыныптамасына сәйкес материалдық-техникалық базаны қалыптастыруға не нығайтуға, күрделi жөндеудi (қалпына келтiрудi) жүргiзуге және өзге де күрделi шығыстарға бағытталған шығыстар жатады.


      Ескерту. 38-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      39-бап. Мемлекеттiң мiндеттемелерiн орындауға бағытталған


               бюджеттiк бағдарламалар

      Мемлекеттiң мiндеттемелерiн орындауға бағытталған бюджеттiк бағдарламаларға:


      қарыз алу шарттарынан туындайтын, уақыттың белгiлi бiр кезеңiнде сыйақының, комиссиялық алымдардың, айыппұлдардың және өзге де төлемдердiң жиынтық төлемдерi, хеджирлеу мәмiлелерi бойынша төлемдер;
      қарыз алушының қарыз шартында белгiленген тәртiппен алған қарыз сомасын қайтаруы, мемлекеттiң қарыз шартынан туындайтын басқа да мiндеттемелердi орындауы;
      халықаралық ұйымдарға үлестiк жарналар;
      мемлекеттiк кепiлдiктер мен кепiлгерлiктер бойынша мiндеттемелердi орындау;
      мемлекеттiң Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнен немесе соттардың шешiмдерiнен туындайтын басқа да мiндеттемелерi жатады.

      39-1-бап. Нысаналы салым салуға бағытталған бюджеттiк


                 бағдарламалар

      1. Дербес бiлiм беру ұйымдарының қызметiне және (немесе) қордың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйымға тек қана дербес бiлiм беру ұйымдары мен олардың ұйымдарының қызметiн қаржыландыруды қамтамасыз ету үшiн бюджеттен төленетiн өтеусiз және қайтарымсыз төлемдер нысаналы салым болып табылады.


      2. Нысаналы салым Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде айқындалған мақсаттарға бағытталады.
      3. Нысаналы салым салу бюджеттiк бағдарламалардың тиiстi әкiмшiлерi арқылы жүзеге асырылады.
      4. Дербес бiлiм беру ұйымдарының қызметiне нысаналы салым нәтижелiлiгiнiң көрсеткiштерi бюджеттiк бағдарламалардың тиiстi әкiмшiлерiнiң стратегиялық жоспарларында немесе бюджеттiк бағдарламаларында айқындалады.
      Дербес бiлiм беру ұйымдары бюджеттiк бағдарламалардың тиiстi әкiмшiлерiнiң стратегиялық жоспарларында немесе бюджеттiк бағдарламаларында айқындалған, өздерiнiң қызметiне нысаналы салым нәтижелiлiгiнiң көрсеткiштерiне қол жеткiзу үшiн жауапты болады.
      5. Нысаналы салым салуға бағытталған бюджеттiк бағдарламалар бойынша шығыстарды жоспарлау бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiпке сәйкес бюджеттiк өтiнiм жасау арқылы жүзеге асырылады.
      6. Нысаналы салым салуға бағытталған бюджеттiк бағдарламаларды қаржыландыру Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiпке сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. Кодекс 39-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      40-бап. Барлау және қарсы барлау қызметiн жүзеге асыратын,


               сондай-ақ қорғалатын тұлғалардың және
               объектiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн
               органдардың мемлекеттiк органдар мен олардың
               мекемелерiнiң шығыстарын сыныптау

      Барлау және қарсы барлау қызметiн жүзеге асыратын, сондай-ақ қорғалатын тұлғалардың және объектiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдар мен олардың мекемелерiнiң шығыстары мынадай бюджеттiк бағдарламалар:


      мемлекеттiк функциялар мен өкiлеттiктердi орындауға, трансферттер беруге және күрделi шығыстарды жүзеге асыруға бағытталған бiр бюджеттiк бағдарлама;
      бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бiр бюджеттiк бағдарлама бойынша шығыстардың экономикалық сыныптамасының бiр өзiндiк ерекшелiгi бойынша көрсетiле отырып, бiр функционалдық топ бойынша жiктеледi.

      41-бап. Мемлекеттiк тапсырма

      1. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға, Ұлттық әл-ауқат қоры тобына кiретiн ұйымдарға, дербес бiлiм беру ұйымдарына және олардың ұйымдарына жекелеген мемлекеттiк қызметтер көрсетуiне, бюджеттiк инвестициялық жобаларды iске асыруына және мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мiндеттердi орындауына арналған, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тапсырыс мемлекеттiк тапсырма болып табылады.
      Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға, Ұлттық әл-ауқат қоры тобына кiретiн ұйымдарға, мемлекеттiк тапсырманы орындауға бюджет қаражатын бөлу осы заңды тұлғалардың жарғылық капиталы ұлғайтылмай жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттiк тапсырманы жоспарлау бюджеттi әзiрлеу кезiнде осы Кодексте белгiленген талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
      3. Мемлекеттiк тапсырманы орындау бекiтiлген республикалық бюджеттiк бағдарламаларды республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсi мен мемлекеттiк тапсырманы орындаушы арасында азаматтық-құқықтық мәмiле жасау арқылы iске асыру шеңберiнде, онда нәтижелер көрсеткiштерi көрсетiле отырып, жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiк тапсырманы орындау Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасында көзделген конкурстық рәсiмдер сақталмай жүзеге асырылады.
      4. Мемлекеттiк тапсырмалардың, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң және мемлекеттiк тапсырмаларды орындауға жауапты заңды тұлғалардың тiзбесiн жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      5. Мемлекеттiк тапсырманы әзiрлеу және орындау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      Ескерту. 41-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.01.19 N 395-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.01 N 551-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет