Тарих – адамзат дамуының жүйелі жолы. Қазақ тарихы – ұлттық қалыптасу, даму кезеңдерінің ата-бабалардан сақталып жеткен тағылымды саласы. ХV–XVIII ғғ. Қазақ хандығы дәуірінен бастап, қазіргі ХХІ ғасыр басына дейінгі аралықтағы аса елеулі оқиғалар мен көрнекті тұлғалар туралы эпикалық шығармалар жазу үрдісі – осы тәуелсіздік жылдарында кең орын алды. XVIII ғасырдан қазақ-жоңғар соғыстары, Абылай хан, Кенесары хан басқарған ұлттық-мемлекеттік құрылымды сақтау, қалпына келтіру жолындағы оқиғалар қамтылуда, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Ресей империясы қарауындағы бодандық кезең шындығы да романдар нысанына алынды.
Абылай хан мен Кенесары хан және олардың төңірегіндегі батырлардың әдеби көркем бейне тұғырымен бейнеленуінде олардың прототиптік түпкі болмыстары негіз болғаны анық. Бұл орайда, қаламгерлер аталған кезеңдер тұлғаларын бейнелеген халық әдебиеті шығармаларына көбірек сүйенеді. Әсіресе, дәстүрлі ақындық поэзиядағы лирикалық және эпикалық шығармалардың бейнелеу, суреттеу бөліктері дерекнамалық көмекшілік жасайды.
Көрнекті тарихи қайраткерлердің сөйлеген сөздері, әр түрлі оқиғалар кезіндегі іс-әрекеттері, кескін-келбеттерінің, киіну-үлгілері, т.б. деректік мәні бар мәтіндер жазушылардың тарихи тұлғаларды көркем бейнеге айналдыруына негіз болған. Бейнелеу, мүсін өнері туындылары арқылы сақталмаған тарихи тұлғалардың мінез-құлық психологиясы да халық әдебиеті үлгілері мен кейбір құжаттар арқылы жинақталады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы тарихи оқиғалар мен тұлғаларды романдарда сомдауда да осы үрдіске көбірек сүйенуге тура келеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезін қамтыған шығармаларда Құнанбай қажының, хакім Абайдың, Шоқан Уәлихановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың және т.б. бейнеленуінде ресми жазылған құжаттардың көп көмегі тигені ақиқат. Ресей империясының саясатына арналған мемлекеттік құжаттарды жазушылар, әрине, көркемдік шешіммен пайдаланған. Әрине, аталған тарихи тұлғалардың прототиптік негізділігін дәйектейтін олардың әдеби-тарихи шығармалары, фотосуреттері, сонымен бірге олар туралы жазылған көптеген авторлардың (тарихшылардың, әдебиетшілердің, журналистердің, т.б.) еңбектері де зор көмегін тигізеді.
ХХ ғасырдың 50–90-жылдары мен ХХІ ғасырдың бас кезіндегі тарихи кезеңдер шындығы да романдардың тақырыптық нысанына алынды. Бұл орайда, Ілияс Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық», Бекежан Тілегеновтің «1986 жыл», «Тұйық өмірдің құпиясы», Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы», Талаптан Ахметжанның «Ақиқат жолы», т.б. қаламгерлердің туындылары бар. Қазақстанның кеңестік кезеңдегі оқиғалары мен тұлғаларын өмір шындығы бойынша суреттеуге мән берілген туындыларда қаламгерлер тарихи-дерекнамалық сипаттың сақталуын қатаң қадағалайды. Себебі, ұлттың шынайы тарихының әуелгі негізделуі ғасырлар бойы сөз өнері шығармаларында жазылып келді. Бұның жарқын мысалы ретінде, Орхон жәдігерліктерін («Тоныкөк», «Күлтегін», т.б.), Алтын Орда, Қазақ хандығы дәуірлері шығармаларын және кейінгі кезеңдер мұраларын дәйекті түрде айта аламыз. Ал, тарихи-деректі романдары арқылы қазақ тарихының ғасырларын да, тұлғаларын да дәйектеп, дәлелдеп берген І. Есенберлиннің «Көшпенділер» («Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар»), «Алтын Орда» трилогияларын, Ә. Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы», «Жаушы», «Махамбеттің жебесі», С. Сматаевтың «Елім-ай», М. Мағауиннің «Аласапыран», Ә. Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң», т.б. шығармалар шоғырын назарға аламыз.
Бұл үрдіс – ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бері жаңаша қарқын алды.
Жазушы І. Есенберлиннің бұрын-ертеректе жазылған, бірақ кеңестік кезең қыспағынан жарық көрмеген «Мұхиттан өткен қайық» романында ХХ ғасырдың 60–80-жылдарының шындығы көркемдік жинақтаумен жазылған. Басты кейіпкердің прототипі – Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев. Жазушының 1980 жылғы мамырдың 7-сінде жазған күнделігінде былай жазылыпты:
«Мұхиттан өткен қайық» кітабын жазу үстінде мен өз заманым мен өз замандастарымның тарихын шынайы суреттеуге ұмтылдым. Мен Дінмұхамед Қонаев сынды мемлекеттік қайраткердің дүниетанымын халқы таныса деп ойладым. Егер оның жасап жатқан істері жақсы болса, сонда мәселе неде? Менің әдеби кейіпкерлерімнің мемлекет қайраткерлері болғандығы үшін ғана кітапты шығармау топастық емес пе? Одан не шығады? Осыған ғана кінә қоюға бола ма? Егер мен қара басымның ғана қамын ойласам әңгіме өзге. Ондай нәрсе кітапта жоқ қой» [162, 3-4 бб].
Әрине, прототиптік негізгі тарихи бір ғана тұлғаға негізделген десек те, бұл туындыдағы басты кейіпкердің тұлғалануында бұрынғы-соңғы тектес тағдырлар тоғысуы да байқалады. Сонымен бірге, уақыт пен кеңістіктегі ұқсас мінез-құлық психологиясы үндестіктері де көркемдік жинақтаулармен бейнеленеді.
Романда тарихи тұлға Д. А. Қонаевтың жеке басының адамгершілік қасиеттері, ата-тегіне, отбасылық жағдайына, оған жақын жүретін адамдармен және қызметтегі қарауындағы адамдармен қарым-қатынастары кеңінен қамтылған.
Он үш тараудан туратын романда Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстанның ХХ ғасырдың 50–70-жылдарындағы тарихы негізге алынған Қазақстанның материалдық және рухани мәдениет салаларындағы жетістіктері көркем шындықпен суреттелген. Қазақстанның Кеңес Одағы кеңістігіндегі Одақтас република болып, өзіндік географиялық орналасу кеңістігі, ауыл шаруашылығы, өндіріс орындары, оқу-ағарту, ғылым, т.б. салалардағы жетістіктері кейіпкерлер іс-әрекеттерімен сабақтас өріле баяндалған.
Романда ХХ ғасырдың 30-жылдарында ұлт мәдениеті тарихынан еріксіз өшірілген тұлғаларға (Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, т.б.) байланысты әртүрлі тартыстарға да орын беріліп, романның басты кейіпкерлері (жазушы Айбол, республика басшысы Ақылбек, саясибасшы А. И. Светлов, т.б.) уақыт шындығына сәйкес сомдалған.
Романның бас кейіпкері Ақылбектің прототипі – Д. А. Қонаев [163]. Қазақ тарихының көрнекті қайраткерін әдеби бейне тұлғасында сомдау үшін жазушы заманының қайшылықтарын да, әділетсіздіктерін де, сонымен бірге талантты, дарынды адамдардың қоғамдағы лайықты орындарын алуға ұмтыла алатындығын да дәлелдеген.
Роман – 80-жылдардағы қазақ әдебиетіндегі өмірлік шындықты жазудың қаламгерлік батылдық, ерлік жолын ашты. Қазақ тарихындағы ұлты үшін еңбек еткен алдыңғы толқын мен кейінгі буын өкілдері қызметтерін тарихи шындықпен бейнелеудің шынайы көркемдік, шешімді жолын І. Есенберлин және оның дәстүріндегі отаншыл қаламгерлер қалыптастырды, жалғастырды.
, өмір сүрген тұлғалар арқау болады. Тарихтың, халық өмірінің шынайы болмысын елестету арқылы өткеннің сипаты танылады. Алайда, әдеби шығармадағы тарихи шындық - көркемдік бейнелеу тәсілімен берілетін өмір шындығы, яғни көркемдік шындық” ( З. Ахметов, Т. Шаңбаев, 1996 ).
XX ғасырдың 90-жылдары мен XXI ғасырдың бас кезіндегі қазақ прозасындағы көптеген романдар ұлттық тарихымыздағы бұрын айтылмай келген көптеген мәселелерді тарихи шындықпен бейнелеудің поэтикалық заңдылықтарын игеруімен ерекшеленді. Қазақтың көркем прозасында өзіндік суреткерлік қолтаңбаларымен танылып қалыптасқан көрнекті қаламгерлердің жаңа романдары ұлттық және әлемдік әдебиеттің классикалық үрдістерін байыта, тереңдете түсті. 3. Шүкіровтің “Сыр бойы»”, Д. Досжановтың “Алыптың азабы”, “Ақ Орда”, Р. Тоқтаровтың “Абайдың жұмбағы”, М. Мағауинның “Мен”, Б. Тілегеновтің “Тұйық өмірдің құпиясы”, С. Елубаевтың “Ақ боз үй”, Қ. Шабданұлының “Қылмыс” атты романдары қазіргі қазақ романистикасындағы реализм көркемдік әдісінің шынайы үлгілері ретінде оқырмандарына ұсынылды. Аталған романдардағы тарихи тұлғалар (Кенесары, Жанқожа, Құнанбай, хакім Абай, Д. А. Қонаев, Н. Ә. Назарбаев, т.б.) және олардың заманы, уақыт пен кеңістік аясындағы қарама-қайшылықтар қазақтың ұлттық тарихына көркемдік уақыт, көркемдік шындық, поэтикалық жинақтау, авторлық шешім және т.б. шығармашылық ерекшеліктер тұрғысында қамтуымен байқалады. Аталған романдардың тақырыптық, идеялық-композициялық желісіне алынған кезеңдер қазіргі тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихының қайта қарастырылып, жаңаша бағаланып жатқан мемлекеттік бағдарымен толық үндеседі.
Бұл орайда, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың “Тарих толқынында” атты кітабындағы пікірі де қаламгерлердің ұлттық тарихты жаңаша жазуға арналған туындыларының маңыздылығын айқындай түседі:
“Бүгінгі қазақ гуманизмі үшін ұлттық біртектестік пен уақыттың тегеурінді талабы шендескен аралықтағы мейлінше күрделі өрістен жол тауып шығудан артық мәнді мәселе жоқ. Бұл саяси ғана емес, сонымен бірге ғылыми да проблема” ( Н.Назарбаев, 1999) .
XX ғ. 90-жылдары - Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланған, әлемдік өркениетке планета картасындағы өзіндік мемлекеттік тұлғасымен танылу оқиғалары үздіксіз өрістеген аса маңызды тарихи кезең. Қазақ елінің әлемге тез танылып, өзіндік мемлекеттік келбеті даралана айқындалуы үшін ұлттық тарихымыздағы бұрынғы-соңғы аса көрнекті тұлғаларымыздың мерейтойлары БҰҰ-ның шешімімен халықаралық деңгейде аталуы жүзеге асырылды. Хакім Абайдың, Жамбылдың, Мұхамед Хайдар Дулатидың, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұкановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Әлкей Марғұланның халықаралық мерейтойлар дәрежесінде аталып өтілуі ұлттық сөз өнері мұралары арқылы қазақ тарихының ғасырлар бойы әлем өркениеті деңгейінде дамып келе жатқандығын дәлелдеді.
Бұл - қазақ өркениеті атты жалпыадамзаттық дамуды құрайтын мәңгілік қозғалыстағы дамудың сипаты. Қазақ әдебиетінің соңғы онжылдықтарда жарық көріп жатқан көрнекті көркем туындылары - ұлттық санамыздағы көркем ойлаудың көрсеткіштері. Әдеби шығармалар мен ғылыми зерттеулердің мыңжылдықтар белестерінде қалыптасқан қазақ өркениетін танытатын тарихи-мәдени құндылықтардың барлығын да шынайы болмысымен толық қамту аясында жазылып жатқандығын байқаймыз. Бұл орайда, Қазақ өркениеті атты жаңа ғылыми-методологиялық бағытты калыптастырушы көрнекті ғалым Е. С. Омаровтың тұжырымы назар аударарлық: “Қазақ өркениеті - қазақ халкының және олардың ертедегі бабалары қассақтардан (касситтерден), шумер, арий, скиф, сақ, ғұндардан, одан бері хорезм, қазар, түрік, қыпшақтардан көздің қарашығындай сақталып келе жатқан, өзіне тән ұлттык генотипі, ерекшелігі шектелген үлкен кеңістігі бар, әлемде өзінің нық орнын алған мемлекеттігі бар, тұрмысының, мәдениетінің даму тарихының нәтижесі”(Е.Омаров,2005). Қазақстан Республикасы атты мемлекеттің мыңжылдықтар белестерінен өткен Қазақ өркениетінің заңды жалғасы екендігін көркем әдебиет шығармалары, оның ішінде аталған қазіргі романдар шоғыры көркемдік-эстетикалык бағдар ретінде ұстанады. Себебі, сөз арқауындағы романдардың идеялық-композициялық желісіне арқау болған басты кейіпкерлердің әдеби прототиптері - тарихи тұлғалар.
Қаламгерлер романдарының мазмұны мен пішіні жүйесіндегі эпикалық көлемде тарихи тұлғалардың өмір сүрген кезең келбетін, қоғамдық-әлеуметтік оқиғаларды, қазақтың ұлттық-этнографиялық дәстүрлі болмысын, тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастар мәдениетін, жақсылық пен жамандық жағаласқан қарама-қайшылықтар әлемін – бәрін де тарихи шындықпен бейнеледі. Мысалы, қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі Құнанбай қажы Өскенбайұлы (1804-1885) әдеби тұлғасының жазушы Р. Тоқтаровтың “Абайдың жұмбағы” атты роман-хамсасында жаңаша көркемдік шешіммен сомдалғанын көреміз.
Жазушы Р. Тоқтаровтың “Абайдың жұмбағы” роман-хамсасының төрт кітабында (бірінші кітап “Толғақ”, екінші кітап “Жұлдыз құрбандық”, үшінші кітап “Қызғаныш”, төртінші кітап “Хақиқат мекені”).
«Абайдың жұмбағы» роман-хамсасындағы аталған кітаптарда Құнанбайдың тарихи шындықпен бейнеленуі мынадай поэтикалық жинақтаулармен берілген: біріншісі - Құнанбайдың әулетін, туған ауылын, аймағын ауызына қаратқан ақылдылығымен, шешендігімен, қамқоршы басшылығымен даралануы; екіншісі - Ресей империясының басқару жүйесінің әкімшілік тұтқасын (аға сұлтандығын) иеленуі, қазақ қауымын өзіндік көзкарастары ырқында басқару мақсатында күрделі қайшылықтарға толы қызметтерімен әрекет етуі.
Жазушы романда Құнанбайдың өмір жолын қырық бір жасында ұлы Абайдың дүниеге келген кезінен бастап, сексен екіде бақиға аттанған сәтіне дейінгі аралық кезеңінің тарихи деректі оқиғаларын қамтыған. Романда Құнанбайдың бұрын қалың жұртшылыққа беймәлім болып келген іс-әрекеттері, басынан өткерген қиыншылық оқиғалары тарихи шындык заңдылығымен өрілген.
Ең бастысы - Құнанбайдың қазақ елінің тағдыры, ұлттық-азаттығы үшін күрескен Кенесары ханға, оның ізіне ергендерге тілеулес болғандығы. Кенесарыны Ұлытауда ақ киізге көтеріп хан сайлағандардың ішінде қазақтың белді билерімен үзеңгі қағыстыра жүріп өз әкесі Өскенбай да болды, бірақ түгел соңына ермеді”(Р.Тоқтаров, 1999) деген әрекет жалғастығын Құнанбайдан да көреміз. Кенесары ханның ставкасын орыстың жазалаушы отряды қоршап алғанда, олардың намаз оқып отырғанын желеу етіп, “Кенесарыны оқтан қорғап қалған” (Р.Тоқтаров, 1999) әрекетін автор кейіпкердің шынайы көзқарасымен сабақтастыра баяндап түйіндейді:
“Құнанбай аз жылдар ішінде бар Тобықтыны билеп, тастүйін ғып ұстап отыр. Оның Кенесарыны патша отрядымен бірге қуысып жүргені де - сырты. Іші, жүрегі - қанша қырыс жыртып жүрсе де сол тентек төре жағында” (Р.Тоқтаров, 1999). Кенесарының батыр әпкесі Бопай ханшаны да, хан әскеріндегі онбасы Саракөк батырды да құрметтеп қарсы алады. Алатаудағы қырғызға аттанып, бүкіл дін-мұсылман қауымын Ресейге қарсы ұлы ғазауат жорығына ұйымдастыруды ойлап аттанған Кенесары ханның сәлемін де, аманатқа тастаған «Көріскенше күн жақсы, қашан шешілгенше бой тұмардай сақтасын» деп жіберген түріктің туын, үш жерінен түйіншектелген жылқының ту құйрығын да қабылдайды. Құнанбайдың дараланған шынайы жандүние болмысы оның өзінің отбасына деген қарым-қатынастары арқылы да айқын берілген:
“... алдынан сүйінші сұрап, тай-кұнандарын мініп, шапқылап шықкан ауылдың балаларына омырауынан алып уыс-уыс күміс теңгеліктер шашып...”, - “Бұл көштің бетін түзеген пайғамбар есімі. Әнет баба түрінде Қыдырғалейіссалам аян берді ...” деп, баланың есімін Ібраһим деп койып, молда-ишанға азан шақыртып жариялайды. Құнанбай шешесі Зеренің тәрбиесінде өсіп, біресе Ібіш, тағы бірде Әбіш, Әбен болып өзгеріп, ақыры кәрі әжесінің бесік тербетіп отырып:
Әлди-әлди, Абайым,
Атқа тоқым жабайын.
Достарыңызбен бөлісу: |