Ж.С.Абдукаримова
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ ҚҰҚЫҒЫ
(жалпы бөлім)
Дәрістердің қысқаша тезистері
АҚТАУ 2017
1 лекция. Тақырыбы: Азаматтық құқықтың түсінігі.
Жоспары
Азаматтық құқықтың түсінігі мен пәні
Азаматтық құқықтың әдісі
Азаматтық құқықтың принциптері
Азаматтық құқықтың жүйесі
Құқық өзіне тән бірнеше құқық салалары негізінде біртұтас жүйені құрайды. Ал сол құқық салаларын бірін бірінен тиісті құқықтың реттеу пәні мен әдісі арқылы ажыратамыз. Бұл құқықтың пәні мен әдісі олардың айырмашылығын айқындаумен қатар ол құқық салаларының ерекшелігін де жан-жақты көрсетіп береді. Яғни қандай да бір құқық саласы болсын, ол өзінің құқықтық реттеу пәні мен әдісі арқылы айқындалады.
“Азаматтық құқық” термині ежелден белгілі, яғни рим заңгерлері Рим азаматтарының құқығы ретінде түсіндірді. Римде құқық екі салаға жария және жеке болып бөлінді. Қазақстан Республикасында құқық жүйесі мұндай болып бөлінбейді. Ал азаматтық құқық тек қана өзіне тән институттардан тұрады.
Азаматтық құқық-азаматтардың, заңды ұйымдардың сонымен бірге мемлекеттік күнделікті өмірі және қызметімен тығыз байланысты болатын жалпы құқықтың бір саласы. Біз бұл құқықтың түсінігін терең ашуымыз үшін оның пәнінің анықтамасын айқындауымыз керек. Ал азаматтық құқықпен реттелетін қоғамдық қатынастардың ауқымдылығына және сан қырлылығына байланысты азаматтық құқық пәнін анықтау күрделі.
Бізге белгілі болғандай құқықтық жүйе үлкен құқық салаларына бөлінеді. Ол құқық салаларын бір-бірінен ажырату үшін әдетте негізгі белгі ретінде /критери/ құқықтық реттеудің пәні мен әдісі негізге алынады. Құқықтық реттеудің пәні мен әдісі арқылы құқық салаларын бөліп қана қоймай олардың ерекшелігі де анықталады. Қазақстан Республикасының азаматтық құқығының пәнін тауар - ақша және қатысушылардың теңдігіне негізделген мүліктік қатынастар, сонымен бірге мүлікпен байланысты немесе мүлікпен байланысы жоқ жеке мүліктік емес қатынастар құрайды (АК-тің 1-бабы, 1-тармағы). Азаматтық құқықпен реттелетін қоғамдық, қатынастардың негізгі түрі мүліктік қатынастар болып табылады.
Қорыта келгенде азаматтық заңдармен реттелетін қоғамдық қатынастар (азаматтық құқықтың пәні) басқа пәндерден төмендегі екі негізгі белгілер арқылы ажыратылады.
а) оның қандай да бір мүлікті иелену, пайдалану немесе билік етуге байланысты және келтірілген мүліктік зиянды өтеуге байланысты мүліктік мазмұны болады.
б) бұл қатынасқа қатысушылар заң құжаттарында көзделген реттерді қоспағанда, бір тараптың екіншісіне әкімшілік немесе өзге де билік жағынан тәуелді бағыныштылықта болмайды.
2. Егер азаматтық құқықтың пәнінің түсінігі қандай қоғамдық қатынастардың азаматтық құқық нормаларымен реттелетіндігімен байланысты болса, ал азаматтық құқықтың әдісі сол қатынастар азаматтық құқық нормаларымен қалай реттелетіндігін білдіреді. Азаматтық құқықтың пәні мен әдісі өте тығыз байланысты ұғымдар.
Әрбір құқ саласына өзіндік ерекшелігі бар реттеу әдісі тән.
Олар:
Азаматтық құқықтық қатынастарға қатысушылардың заңдық теңдігі яғни жеке заңды тұлғалар азаматтық айналымда мүліктік басқа да жағдайларға қарамастан тең құқықты. Бұл дегеніміз ешқандай бір тарап екінші тарапқа бір жақты негізде міндеттер жүктей алмайды.
Азаматтық құқықтық қатынасқа қатысу барысындағы еріктілік, әрбір жеке және заңды тұлғалар өздерінің азаматтық құқықтарын өз еркімен өз мүддесі үшін иемденеді және жүзеге асырады.
Азаматтық құқықтық қатынасқа қатысушы тараптар құқықтарын қорғауда тең құқыққа ие және қорғау мүмкіндігін иеленуде еркін болады. Азаматтық құқықтарды қорғау соттр арқылы жүзеге асады.
Азаматтық құқықтық жауапкершіліктің ерекшелігі. Оның мүліктік және өтемді болуы /компенсация/ келтірілген залалды толық өтеу құқығы.
3. “Принцип” деген термин латын сөзінен шыққан ол негіз, бастама деген мазмұнды білдіреді. Азаматтық құқықтың принциптері яғни ол қоғамдық қатынастарды азаматтық құқықтық реттеудің нормативтик құқықтық мазмұны бар негізгі басшылыққа алынатын бастамалар.
Принцип біріншіден тікелей қолданылатын норма, екіншіден заң актілерін (заң асты) жасау өзгерту барысында басшылыққа алынады, үшіншіден заң ұқсастығы барысында басшылық алынады, төртіншіден заңдарды түсіндіру барысында ескерілуді болжайды және заңдар қайшылығы барысында басшылыққа алынады.
Азаматтық құқықтық принциптеріне мыналар жатады (АК-тің 2-ші бабы, 1-ші тармағы):
Азаматтық құқықтық қатынасқа қатысушылардың теңдігі;
Мүліктік және басқа да мүліктік емес құқықтарға қол суғылмаушылық;
Келісім-шарттың еркіндігі;
Жеке іске бөгде біреудің араласуына жол бермеу;
Азаматтық құқықтардың кедергісіз іске асуы;
Бұзылған құқықтық қалпына келтіруді қамтамасыз ету;
Азаматтық құқықтарды сот арқылы қорғау;
4. Азаматтық құқық жүйесі.
Құқық жүйе ретінде келесі белгілермен сипатталады. Біріншіден, құқық - кездейсоқ құқық нормаларының жиынтығы емес, бұл органикалық бүтін бір құқықтық құбылыс, сонымен бірге ол объективтілігімен сипатталады. Құқық жүйесіне оны құрушы нормалардың бірлігі және олардың өзара байланысы тән.
Екіншіден, құқық жүйесі өзінің мазмұны және құрылымдық элементтерінің көлемі бойынша біртектес емес, көпжақты құқықтық құбылыс. Құқық жүйесі сонымен бірге құқық нормасына, құқық институтына және құқық саласына бөлінеді.
Құқық жүйесі –бұл құқықтың жекелеген бөліктерге бөлінуіне қатысты сонымен бірге құқық нормаларының бірлігі мен келісімділігін білдіретін оның ішкі құрылымы.
Құқық жүйесі мен заң жүйесінің байланысына, арақатынасына айырмашылығына байланысты заңгер ғалымдар бір нақты тұжырымға келген жоқ. Бірақ жалпы алғанда олардың тұжырымы бойынша құқық жүйесі мен заң жүйесі бір феноменнің көрінісі. Бұған қосымша тағы да құқық - норма жүйесі, және заң да норма жүйесі деген көзқарастар да бар.
2 лекция. Тақырыбы: Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары, дерекнамалары
Жоспары
Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарының түсінігі
Азаматтық заңдардың түрлері.
Азаматтық заңдардың күші және оларды қолдану.
Азаматтық заңдарға АК-тің 1-ші бабында көрсетілген қатынастарды реттейтін заңдар жатады. Бұл жерде 1-ші баптың 3-ші тармағында көрсетілгендей тараптар арасындағы қатынастар мүліктік және мүліктік емес сипатта болғанымен, отбасылық, еңбек қатынастары мен табиғи ресурстарды пайдалану және айналадағы ортаны қорғау жөніндегі қатынастарды арнайы салалық заңдар реттейді. Ал азаматтық заңдар тек сол арнайы заңдармен реттелмеген жағдайларда ғана сол қатынастарға қолданылады. Сонымен бірге билік жағынан бағыныштағы тараптар арасындағы мүліктік және салық жөніндегі мен бюджеттік қатынастарға заң құжаттарында тікелей көрсетілмесе азаматтық заңдар қолданылмайды.
Азаматтық құқық пен азаматтық заң терминдері өзара байланысты болғанымен де өзіндік үлкен айырмашылығы бар. Азаматтық құқық азаматтық құқықтық қатынастарды реттейтін нормалардың жиынтығын білдірсе, азаматтық заңнама – сол нормалар корсетілген құқықтық актілердің жиынтығы болып табылады.
Азаматтық құқықтың дерекнамалары заңдар, басқа да нормативтік құқықтық актілер және әдет-ғұрып нормалары деп аталатын екі түрге бөлінеді. Сонымен бірге халықаралық шарттар (конвенция) да азаматтық құқықтың бастауларына жатады (АК-тің 3-бабының 8-тармағы). Бұларға келесі сұрақта жеке тоқталамыз.
Барлық азаматтық заңдар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында барлық субъектілерге бірдей қолданылады. Қандай да бір министрліктер, басқа да орталық атқарушы органдар мен жергілікті атқарушы органдар өз бастамасымен азаматтық құқықтық қатынастарды реттейтін актілер шығаруға құқы жоқ. Бұл органдар тек заңдарға бағынышты туынды актілер шығара алады.
Азамттық құқықтың нормалары диспозитивті және императивті болып бөлінеді. Императивті нормаға мазмұны нақты қатаң нұсқаулық сипаттағы және тараптардың ұйғаруымен өзгертуге жатпайтын нормалар жатады. Егер қатысушы тараптар өзара келісіп басқа шарттар жасаса, ол шарттар жарамсыз болып табылады.
Диспозитивтік нормаға тараптардың тиісті мәселе бойынша келісімдері болмаған ретте, оның орның толтыру үшін қолданылатын нормалар жатады. (шартта көзделген ретте) Яғни диспозитивтік норманың мазмұны тараптардың шарт еркіндігі принципіне негізделген болып табылады.
2. Азаматтық құқықтың дерекнамалары заңдар, басқа да нормативтік құқықтық актілер және әдет-ғұрып нормалары деп аталатын екі түрге бөлінетіні жоғарыда айтылды.
Алдымен заңдарды қарастырайық.
Қазақстан Республикасының аумағындағы азаматтық құқықтық қатынастар төмендегі заңдармен реттеледі. Солардың ішінде Азаматтық Кодекстің орны бөлек. ҚР АК-тің жалпы бөлімі 1994 жылы 27 желтоқсанда қабылданып, оған бірнеше өзгертулер енді. Сонымен азаматтық құқықтың нормалары заңда және басқа да заң актілерінде орын алады.
Қазақстан Республикасының “Нормативтік актілер туралы” заңында барлық нормативтік құқықтық актілер заңдық күштері бойынша айқындалған. Нормативтік құқықтық актілердің ішінде Конституцияның ең жоғарғы күші бар. Оның нормалары тікелей қолданылады. Конституцияда азаматтық құқықтық қатынастарды да реттейтін нормалар бар. Мәселен оның 6-шы бабында Қазақстанда жеке және мемлекеттік меншік тең негізде танылатындығы және қорғалатындығы айтылған.
Конституцияның 26-шы бабында азаматтардың жеке меншігі туралы мәселелер жан жақты көрсетілген. Сонымен бірге Конституцияда азаматтардың телефонмен сөйлесу, хат-хабар алысу, құпиялықпен, ар-намыс пен абыройы, оның бостандығы мен оған ешкімнің тиіспеуі құқығы сияқты мүліктік емес құқықтары көрсетілген.
Конституциядан кейін, 1994 жылы қабылданып, 1995 жылы 1-ші наурызда күшіне енген азаматтық кодекстің (жалпы бөлімі) заңдық күші бойынша күші бар. Оның ерекшелігі сонда, нарықтық экономика жағдайындағы азаматтық айналымының нормативтік қоры қалыпта)сқан. Қазақстан Республикасының “Нормативтік құқықтық актілер туралы” заңы бойынша заң актілеріне мыналар жатады: Конституциялық заң, ҚР Президентінің конституциялық заң күші бар жарлығы, кодекс, заң, ҚР Президентінің заң күші бар жарлығы, ҚР Парламентінің қаулысы, Сенат пен мәжіліс қаулысы. Күші бойынша нормативтік актілер жүйесінде заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілері заң актілерінен кейін тұрады.
Президенттің заң күші бар жарлығы мен қатар жай жарлықтары да бар. Оларда азаматтық құқықтың нормалары болып табылады. Сонымен қатар Үкімет қаулылары да заңға тәуелді нормативтік актілеріне де жатады. Олардың көпшілігі азаматтық құқықтың нормалары болып табылады. Сонымен бірге азаматтық құқықтық нормаларына министрліктің, мемлекеттік ведомствалары мен комитеттердің жалпы орталық атқарушы органдардың нормативтік актілері де жатады.
“Нормативтік құқықтық актілер туралы” заңда орны корсетілмесе де Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы сот Пленумының азаматтық заңдарды талдау мен түсіндіруге байланысты нормативтік қаулылары азаматтық құқықтың бастауларына жатады. Бұл құқықтық құжаттардың жалпыға бірдей заңдық күші бар.
Азаматтық кодекстің 3-ші бабының 4-ші тармағында азаматтық қатынастар заңдарға қайшы келмейтін әдет нормаларымен, соның ішінде іскерлік қызмет өрісіндегі әдет нормаларымен де реттелетіндігі айтылған. Іскерлік қызмет өрісіндегі әдетті қолдану мүмкіндігі АК-тің 272-ші бабында да көрсетілген. Бұл кәсіпкерлік қызмет барысындағы қалыптастырылған ереже. Іскерлік қызмет өрісіндегі әдет ережелерінің маңыздылары Халықаралық сауда палатасының ұсынысымен жинақталған. Әдет нормалары заңға қайшы келмеуі тиіс, сондықтан ол диспозитивтік мазмұнда болады.
3. ҚР-ның Конституциясынла 4-ші бабында көрсетілгендей барлық заңдар, халықаралық шарттар мерзімді басылымдарда басылады. ҚР “Нормативтік актілері туралы” заңының 31-ші бабында көрсетілгендей ҚР-ның заң актілері Парламент жаршысынднда, Егеменді Қазақстан, Казахстанская правдада, Заң журналарында және Юридическая газета басылымдарында ресми түрде жариялатындығы көрсетілген. Конституцияның 62-ші бабында Парламенттің заңдар қабылдайтындығы, оның қаулыларының ҚР-ның аумағында қолданылатындығы көрсетілген. Бірақ оны шығарған орган оның күшін кейбір аймақтар бойынша шектеуі мүмкін. Азаматтық заңдардың күші сонымен бірге оның қолданылу топтары бойынша да анықталады.
Арнайы заңда көрсетілгендей нормативтік құқықтық актілер төмендегідей сатылардан тұрады. Ең басында Қазақстан Республикасының Конституциясы, одан кейін: конституциялық заңдар; кодекстер; заңдар және Президенттің заң күші бар Жарлықтары; Президенттің нормативтік жарлықтары; Парламенттің нормативтік қаулылары; Үкіметтің нормативтік қаулылары; орталық атқарушы органдардың нормативтік қаулылары (Заңның 4-ші бабы).
Нормативтік құқықтық актілер туралы заңның 6-шы бабына сәйкес күші жағынан әртүрлі актілердің нормалары бір-бірімен қайшы болса, онда күші басым актінің нормалары қолданылады. Егер күші бірдей актілердік арасында қайшылық болса онда күшіне кейін енген акті қолданылады.
Қазақстан таныған халықаралық құқық нормалары, қатысушысы Қазақстан Республикасы болып табылатын барлық халықаралық шарттар (конвенциялар) отандық заңдардың алдында басымдыққа ие. Бұл жағдайда тек қана Конституцияның 3-ші бабының 4-ші тармағына сәйкес мемлекетаралық келісім шарттар ратификацияланған жағдайда ғана басымдыққа ие болады.
Азаматтық заң нормаларын дұрыс түсіну үшін, оны дұрыс қолдану үшін оның негізгі мазмұның ашу қажет. Яғни норманың нағыз мән мазмұны айқын ашу заңдық термині бойынша түсіндіру деп аталады. Заңдарды түсіндіру мәселесімен сол құқықты қолдануға қатысы бар мемлекеттік мекемелер, соттар және азаматтар да айналысады. Түсіндіру ресми және бейресми түрде болады.
Құқықтық актілердегі құқықтық нормалар іске асырылғанда, соның ішінде соларды қолданғанда, оларды ресми түсіндірудің міндетті сипаты болады Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Конституция нормаларына ресми түсіндірме береді, ал заңға тәуелді актілердің ресми түсіндірмесін оларды қабылдаған (шығарған) органдар мен лауазымды адамдар береді.
Заңды түсіндірудің мақсаты - тиісті норманы пайдалану барысында оны дұрыс қолдануға, іске асырылу барысында кемшіліктерге ұрындырмау болып табылады.
3 лекция. Тақырыбы Азаматтық құқықтық қатынас
Жоспары
1.Азаматтық құқықтық қатынастың түсінігі.
2.Азаматтық құқықтық қатынастың элементтері.
3.Азаматтық құқықтар мен міндеттердің пайда болу негіздері
4.Азаматтық құқықтарды саралау және қорғау
1. Азаматтық құқықты түсіну үшін азаматтық құқықтық қатынас категориясының маңызы зор. Азаматтық құқықтық қатынас дегеніміз- азаматтық құқықпен реттелетін мүліктік, сонымен бірге жеке мүліктік емес қатынастар жатады (қатысушылары субьективті азаматтық құқықтары мен міндеттері арқылы бір-бірімен байланысты).
Демек, азаматтық құқықтың пәні болып табылатын мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастардың реттелуін, қатысушылардың мінез-құлқының тиісті бағытта болуын азаматтық құқықтық нормалары анықтайды.
Азаматтық құқықтық қатынастың ерекшеліктері мынандай:
1. Азаматтық құқықтық қатынастың субьектілері бір-біріне тәуелсіз, заңдық жағынан тең.
2. Азаматтық құқықтық қатынастар заңда көрснтілген (ҚР-ң АК 7бап) және заңда көрсетілмеген негіздер арқылы пайда болады.
3. Азаматтық құқықтық қатынастың мазмұны мен шарттары қалыптасуы барысында тараптардың келісімі басым болады.
Азаматтық құқықтар бұзылған реттерде оны қорғау тәртібі мен қорғаудың ерекшілігі.
Сонымен қорыта айтқанда, қоғамдағы әрбір болып жатқан немесе болатын азаматтық заңдарға негізделген қатынастар азаматтық құқықтық қатынастар, өйткені ол азаматтық заң нормаларымен реттеледі, соның талаптарына бағынып, азаматтық құқықтық сипат алады. Демек, азаматтық құқық нормаларының талаптарына сәйкес туындайтын және ұл нормаларға тәуелді болатын тараптар арасындағы қатынастар – азаматтық құқықтық қатынастар деп аталады.
2. Азаматтық құқықтық қатынастың өзіне тән тиісті белгілері бар. Яғни ол белгілер азаматтық құқықтық қатынастың элементтері деп аталады. Ол элементтер: субъектілер (қатысушылар), мазмұны (құқықтар мен міндеттер), және объектілер (құқықтар мен міндеттердің қатысы бар мүліктік және мүліктік емес игіліктер).
Барлық құқықтық қатынастарда қатысушылар бір-бірімен құқықтық байланыста болады, яғни олар субъективтік құқықтар мен міндеттерді иеленеді. Сондықтан азаматтық құқықтық қатынастың мазмұнын субьективтік құқықтар мен міндеттер құрайды.
Субьективтік құқық дегеніміз - құқықты иеленетін тұлғаның мүмкін болатын мінез-құлқы. Субьективтік азаматтық құқық мазмұны бойынша әр түрлі. Субьективтік құқықтың мазмұнын тиісті субьектіге заң бойынша берілген мүмкіндіктер құрайды. Ол қандай мүмкіндіктер. Мәселен, меншік құқығы мынандай мүмкіндіктерден тұрады: а) меншік иесінің иелігіндегі мүлікті иемденуге, пайдалануға және оған билік ету мүмкіндігі; б) кез-келген басқа тараптардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыру барысында олардың кедергі келтірмеуін талап етуі; в) меншік құқығы бұзылған ретте оны жою үшін құқық қорғау шараларын пайдалануға.
Азаматтық құқықтағы міндет болып тиісті тұлғаның міндеті болып табылатын мінез-құлық болып табылады. Азаматтық құқықтағы міндеттер әр түрлі. Азаматтық құқықтың көптеген нормалары диспозитивтік мазмұнда. Сонымен бірге тыйым салатын нормалар да бар. Тыйым салатын нормалар тиісті азаматтық құқықтық қатынастағы міндеттерді анықтайды. Әрбір азаматтық құқықтық қатынаста екі жақ, құқық иеленетін және міндет жүктелетін тараптар болады. Екі жақта да тиісті тараптар бір немесе бірнеше болуы мүмкін. Сонымен бірге азаматтық құқықтық қатынастағы бір тарап құқық иеленетін және міндет арқалайтын да тарап болуы мүмкін. (Мысалы сату-сатып алу шарты)
Азаматтық құқықтық қатынасқа қатысушы тараптардың басым көпшілігі азаматтар болып табылады. Конституцияның 10-шы бабына сәйкес ҚР-ның азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан бірыңғай және тең болып табылады.
Азаматтық құқықтық қатынастағы азаматтармен бірге шетел азаматтары және азаматтығы жоқ азаматтар да қатыса алады. Шет ел азаматтарының құқықтық жағдайы ҚР-ның Президентінің “ҚР-ның шет ел азаматтарының жағдайы туралы” заң күші бар жарлығымен анықталады. (1995 ж 19 маусым) Жарлықта көрсетілгендей Қазақстандағы шет ел азаматы болып ҚР-ның азаматы болып табылмайтын, өзінің шет мемлекеттің азаматы екендігін растайтын дәлелі бар тұлға табылады. Азаматтығы жоқ тұлға болып ҚР-ның азаматы болып табылмайтын және басқа мемлекеттің азаматы екендігін растайтын дәлелі жоқ тұлға табылады. (33 бап)
Жалпы құқықтық қатынастың обьектісі болып тиісті құқықтық қатынас бағытталған, және белгілі бір әсер ететін қоғамдық қатынастар табылады. Адамдар арасындағы қоғамдық қатынас ретінде азаматтық құқықтық қатынас адамның мінез құлқына ғана әсер ете алады. Сондықтан азаматтық құқықтық қатынастар обьектісі болып материалдық және материалдық емес құндылықтарға бағытталған субьектілер мінез-құлқы табылады. (115 бап)
Азаматтық құқықтық қатынаста құқықтар мен міндеттер не нәрсеге (мүліктік және мүліктік емес игіліктер) бағытталған болса, сол нәрсе оның объектісі деп аталады. Мүліктік игіліктердің көпшілігі заттар. Азаматтық құқықта заттар өзіндік ерекшеліктеріне сай бірнеше түрлерге жіктеледі. Олар: азаматтық айналымнан шығарылған және азаматтық айналымнан шығарылмаған, бөлінетін және бөлінбейтін, қозғалмалы және қозғалмайтын, қосалқы зат және басты зат.
3. Азаматтық құқықтар мен міндеттер заңдарда көзделген негіздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңда тұлғалардың әрекеттерінен пайда болады, өйткені ол әрекеттер азаматтық заңдарда көрсетілмегенімен, олардың мәніне байланысты азаматтық құқықтар мен міндеттер туғызады.
Азаматтық заңдардағы нормалар өздігінен азаматтық құқықтық қатынастарды өзгертпейді, тоқтатпайды немесе пайда болдырмайды. Азаматтық құқықтық қатынастың пайда болуы, тоқтатылуы немесе өзгеруі үшін құқықтық нормаларда көрсетілген тиісті жағдайдың болуы яғни заңдық фактінің болуы тиіс. Сондықтан заңдық фактілер құқық нормасы мен азаматтық құқық қатынастың арасындағы байланыс болып табылады. Заңдық факті болмаса бірде бір азматтық құқықтық қатынас пайда болмайды, өзгермейді және тоқтатылмайды. Яғни азаматтық құқықтық қатынастың пайда болуына негіз болатын жағдайлар заңдық факті болып табылады.
АК-тің 7 бабында азаматтық құқықтық қатынастың пайда болуының негіздері көрсетілген. Олар:
заңдарда көзделген шарттар мен өзге де мәмілелерден, сондай-ақ заңдарда көзделмегенімен, оларға қайшы келмейтін мәмілелерден;
заңдарға сәйкес азаматтық-құқықтық жағдайларды туғызатын әкімшілік құжаттардан;
азаматтық құқықтар мен міндеттер белгілеген шешімінен;
заң құжаттарында тыйым салынбаған негіздер бойыншамүлікті жасау немесе иемдену нәтижесінде;
өнертабыстар, өнеркәсіптік үлгілер, ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын және интеллектуалдық қызметтің өзге де нәтижелерін жасау нәтижесінде;
басқа жаққа зиян келтіру салдарына, сол сияқты басқа жақ есебінен мүлікті негізсіз сатып алу немесе жинау салдарынан;
азаматтар мен заңды тұлғалардың өзге де әрекеттері салдарынан;
заңдар азаматтық-құқықтық жағдайлар басталуын байланыстыратын оқиғалар салдарынан пайда болады.
Заңдық фактілер тиісті азаматтық құқықтық қатынастың мазмұнына байланысты жәй және күрделі болады. Заңдарда көрсетілген заңдық фактілермен қатар негізгі азаматтық құқық мазмұнына қайшы келмейтін басқа да бірнеше заңдық фактілер болуы мүмкін. Азаматтық құқықта заңдық фактілер өздерінің тиісті ерекшеліктеріне сай бір бірінен ажыратуға, тиісті азаматтық құқықтық қатынаста дұрыс қолдануына мүмкіндік беретіндей саралауға жатады.
Азаматтық құқықта заңдық фактілер бағытының мазмұнына байланысты уақиға мен әрекетке бөлінеді. Уақиға адам еркінен тыс болатын жағдайлар жатады. Мысалы табиғи апат, адам өлімі, бала туылуы т.б. Ал әрекет адам еркі арқылы болады. Мысалы келісім шарт түзу, міндеттемені орындау, мұра қабылдау т.б.
Әрекет мазмұнына байланысты заңды және заңсыз әрекет болып бөлінеді.
Жалпы уақиға мен әрекет бір-бірінен олардың пайда болуы, басталуына тиісті субьектінің еркіне байланысты ажыратылады.
4. Азаматтық құқықтарды саралау және қорғау
Азаматтық құқықтар мазмұнына байланысты бірнеше түрлерге бөлінеді. Олар; а) мүліктік және мүліктік емес, б) абсалюттік және салыстырмалы в) заттық және міндеттемелік.
Мұндай бөлініс азаматтық құқықтың нормаларының қандай қоғамдық қатынастарды реттеуіне байланысты жүргізіледі.
Мүліктік құқықтық қатынас қандай да бір экономикалық мазмұнда болады. Азаматтық құқықтың қатынастың белгілі бөлігі мүліктік қатынастар. Азаматтардың мүліктік құқықтары құқық қабылдаушыға өтсе, ол мүліктік емес құқықтық қатынасты құқық қабылдаушылық болмайды. Мүліктік құқықтық қатынастар азаматтық заңның нормаларымен реттелетін мүліктік құндылық қатынастары негізінде пайда болады.
Барлық азаматтық құқықтық қатынастар субьектілер арасындағы қатынастың құрылымына байланысты абсолютті және салыстырмалы болады. Салыстырмалы құқықтық қатынаста құқық иеленетін тұлғаға қарсы міндет иеленетін нақты белгілі тұлға немесе тұлғалар тұрады. Мәселен, үлестік меншіктегі қатысушылар арасындағы қатынас – салыстырмалы құқықтық қатынас. Өйткені бұл құқықтық қатынастың субъективтік құрамы нақты белгілі. Абсолюттік құқықтық қатынаста құқық иеленетін тұлғаға қарсы жақ белгісіз бір қатысушы тұлғалар болуы мүмкін. Мәселен, кез келген авторлық құқықтың бұзылуына байланысты қатынас абсолюттік құқықтық қатынас. Өйткені құқық бұзушылардың қатары алдын ала белгісіз тұлғалар болады.
Тиісті құқық иеленетін тұлғаның мүддесін қанағаттандыру тәсіліне байланысты азаматтық құқық қатынастар заттық және міндеттемелік болады. Заттық құқық қатынаста құқық иеленетін тұлғаның мүддесі затпен тікелей қатынаста бола отырып оның пайдалы қасиеті арқылы қанағаттандырылады. Ал міндеттемелік азаматтық құқықтық қатынаста тиісті құқық иеленетін тұлғаның мүддесі оның алдындағы міндетті тараптың белгілі бір материалдың құндылықты беру әрекеті арқылы қанағаттандырылады. (Мыс мүлікті беру, құн төлеу, жұмыс орындау.)
Азаматтар мен заңды тұлғалар өздеріне берілген азаматтық құқықтарды өз қалауынша пайдаланады. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру басқа құқық субъектілерінің құқықтарын және заңдармен қорғалатын мүдделерін бұзбауға, айналадағы ортаға зиян келтірмеуге тиіс. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру – бұл құқық иеленушінің өз қалауынша берілген мүмкіндіктерді пайдалануы. Ол мүмкіндіктерді пайдалануды да пайдаланбауды да өзі шешеді.
Азаматтық заң құқық иеленушілердің өз азаматтық құқықтарын еркін жүзеге асыруына мүмкіндік берумен қатар, олардың құқықтарын қорғауды да қамтамасыз етеді. Оның негіздері АК-тің 9-шы бабында наты көрсетілген. Жалпы саралайтын болсақ, азаматтық құқықтар құқық иеленушінің тиісті қатынастағы жоғары тұрған органға, сотқа жүгіну және өзін-өзі қорғау арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органға жүгінуде мемлекеттік баж салығы төленбейді, сонымен қатар шағымды шешу жолы мен уақыты жылдам болады. Мемлекеттік органдарға жүгіну азаматтың сотқа жүгіну құқығынан айырмайды. Әрбір азамат құқығы бұзылғанда немесе дауға түссе ол сотқа жүгіне алады. Сот құқықты тану, құқықты бұзатын немесе бұзылу қаупін туғызатын әрекеттерге тыйым салу, залалды өтеу, міндетті заттай орындатуға ұйғарым шығару және моральдық залалды өтеу тәсілдері арқылы құқықтарды қорғауды жүзеге асырады.
Өзін-өзі қорғау тәсілі әрбір құқық иеленушінің өзінің белсенділігі арқылы өз құқығының бұзылмауын немесе қалпына келтіруін қамтамасыз етуі. Бұл жағдайда зардап шегуші құқық бұзушыға бұзылған құқықты қалпына келтіруді талап ету арқылы жасаған әрекетінің негізінде болады.
Достарыңызбен бөлісу: |