Логика ғылым ретінде



бет1/21
Дата18.10.2023
өлшемі1.1 Mb.
#481013
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
лекция Логика ғылым ретінде


Логика ғылым ретінде

Логиканы оқымаған кез келген адамда логиканың не екенін білемін деген белгілі бір сенім болады. Бізге радио немесе теледидар арқылы оқиғалар, деректер логикасы туралы айтса, біз дерек пен оқиғаның белгілі бір түрде өзара байланысты екенін түсінеміз; бір-бірімізбен пікірталаста бір ойдың екінші бір ойдан туындайтыны қисынды емес пе деп ойлаймыз.


Алайда қазіргі жағдайда бізді логиканың басқа түсінігі, яғни оның қандай ғылым екендігі толғандырады. Ең алдымен, ол - адам ойлауын өзінің нысаны ретінде қарастыратын ғылым. Оны философия, психология, әлеуметтану, кибернетика, жоғары жүйке қызметінің физиологиясы және басқа ғылымдар да қарастырады. Логиканың ғылым ретінде адамзат әрекетінің осы түріне өзіндік амалы қаңдай, өзге ғылымдар арасындағы алатын орны қандай дәрежеде?
Философия өз пәні ретінде тұтастай ойлау мазмұнын қамтиды; адамдардың әлемге деген көзқарасын және әлемде алатын орнын, олардың таным қабілеттерін және т.б. зерттейді. Адамның жоғары жүйке физиологиясы адам ағзасында өтетін физиологиялық үдерістердің механизмі мен заңдылықтарын қарастырады. Психология адамның алуан түрлі топтарының ойлау ерекшеліктерін, өзара әрекетін айқындайды, олардың жас ерекшелігіне, дене және психикалық дамуына және т.б. байланысты басқа түрлерін де қатар зерттейді, сонымен қатар ойлауды психикалық үдеріс ретінде қарастырады.
Кибернетика адам ойлауының ақпараттарды тез және тиімді өңдеумен байланысты аспектілерін, оның басқару қызметін жан-жақты зерттеумен шұғылданады.
Ал логика ойлауды оның функциялары мен құрылымы, оны құрайтын элементтері, яғни түрлі формалары, сондай-ақ, олардың арасындағы байланыстар мен қатынастар тұрғысынан қарастырады. Сондықтан, бұл логиканы диалектикалық логикадан өзгеше формальды деп атайды.
Ендеше, логика – дұрыс ойлау заңдары мен формалары туралы философиялық ғылым екен.
Логика нысаны болып табылатын ойлау формалары дегенде, ең алдымен нені түсіну қажеттігін қарастырамыз.
Ойлау формасы немесе логикалық форма дегеніміз — бұл ой құрылымы мен оның элементтері байланысының амалы.
Адамдар қай тілде сөйлемесін, олар барлық жерде бір формада әрі бірдей ойлайды. Тіпті бір тілде: «Барлық адамдар заң алдында тең» және «Қазақстандық тауасарлар Эверест шыңының ұшар басына алғаш рет 1981 жылы шықты» деген сөйлемдерде мазмұнының мүлдем әртүрлілігіне қарамастан, ортақ бір нәрсе бар — бұл олардың құрылымы мен ойлау формасының бірдей болып келуі.
Ойлаудың негізгі формалары: ұғым, пайымдау және ой тұжырымы.
Ойлаудың неғұрлым қарапайым формасы — сөз және сөз тіркестері арқылы берілетін ұғым. Онда жалпы және мәнді белгілері бар нәрселер тобы жайлы ой туады: «студент», «бейсбол добы», «1999 жылғы Күн жүйесі планеталарының шеруі» т.с.с.
Біздің ойымызды білдіруіміздің неғұрлым күрделі формасы — «Жақында Түрік елі сұмдық жер сілкінісін басынан өткізді» немесе «Судьялар мен халық заседательдері тәуелсіз және тек заңға ғана бағынады» деген сияқты пайымдау түріндегі пікіріміз.
Біздің ойлау қызметіміздің ең күрделі түрі — ой тұжырымы деп аталатын жаңа білім алу формасы. Мысалы, егер судья жәбірленуші болғандықтан істі қарауға қатыса алмайтынын және азамат Әлиевтің судья екенін білгендіктен, сіз азамат Әлиевтің істі қарауға қатыса алмайтыны жөнінде сенімді тұжырым жасайсыз.
Ойлаудың бұл формасы біз үшін ғылымда, сот тәжірибесінде немесе күнделікті өмірде ақиқат жағдайларды дәлелдеу немесе жалған пікірлерді жоққа шығару құралы ретінде қызмет етеді. Ойлау өз функциясын жүзеге асыру кезінде белгілі бір заңдылықтарды табады және ол әртүрлі ережелерге бағынады. Сондай-ақ, кез келген шындық аясында олардың өзіндік заңдары болады, сол сияқты логикада да негізгі формальды-логикалық: тепе-теңдік, қайшылық емес, үшіншісі жоқ, жеткілікті негізгі заңдары және негізгі емес: екі есе терістеу зандары және т.б. бар.
Күнделікті өмірде біз ақиқаттық және дұрыстық ұғымдарын теңмәнді ұғымдар ретінде қолданамыз, біз көбінесе айтылған пайымдау мазмұнының ақиқаттығы туралы «Иә, дұрыс!» дейміз. Бірақ та, логикалық тұрғыдан қарасақ, бұл ұғымдар біздің ойымыздың әр алуан түрлеріне жатады, сондықтан олар өзара тепе-тең емес. Ақиқаттық — бұл біздің айтқандарымыздың шындыққа дәл келуі, яғни ол мазмұнға, ал дұрыстық — формаға жатады. Сондықтан дұрыс құрылған пайымдау жалған болуы да ғажап емес (мысалы, «Барлық металдар суға батады»), сол сияқты пікірдегі ереженің бұзылуы нәтижесінде ақиқат пайымдаудан жалған тұжырым шығаруға болады (мысалы, «Жаңбыр жоқ, яғни жер су емес». Ал ол суғарылған шығар немесе қар еріген болар және т.б.).
Дұрыс ойлау анықтылығымен, бірізділігімен, дәлелділігімен ерекшеленеді, мұндай дәл ерекшеліктер логика сияқты ғылымды үйренгенде ғана қалыптасады. Зандар мен ережелерді тұжырымдауда бұл — олардың бұзылу жағдайларын, яғни ақиқатқа жету жолында кедергі болатын логикалық қателіктерді де ескереді.
Логиканың екі жарым мың жылдан астам даму тарихы бар. Грекия, Үндістан, Қытайдың ежелгі қоғамында философия аясында туып, кейін өз пәні, өз әдісі, өз зандылығы бар жеке ғылым ретінде қалыптасады.
Ежелгі грек философы Аристотель (384—322 жж. б.э.д.) логиканың негізін салушы, оның атасы болып саналады. Дегенмен логика мәселелері одан көп уақыт бұрын туындаған. Мұнда философияны баяндауда дәлелдеудің қарсы жору әдісін алғаш пайдаланған ежелгі грек философы Элеядан шыққан Парменидті және өзінің әңгіме-сұқбаттарында ұғымдарды анықтаудың логикалық операцияларын тамаша пайдаланған атақты Сократты атап өту керек. Оның замандасы Демокрит логикалық мәселелерді кең және жүйелі түрде мазмұндау жолдарын керсетті. Оның «Логика немесе Канондар туралы» (яғни ережелер, ұйғарымдар) еңбегінің мәні зор болды. Мұнда тек таным мәні, оның негізгі формалары мен ақиқаттық өлшемі ғана емес, танымдағы логикалық пікірдің зор рөлі, пайымдаулар жіктемесі жан-жақты сөз болған, сонымен бірге ол осы шығармасында дедуктивтік ой тұжырымының кейбір түрлерін батыл сынап, индуктивтік логика құруға ұмтылыстар жасаған. Сократтың ең талантты шәкірті Платон таным теориясы мен логика мәселелеріне, атап айтсақ, ұғымдарды бөлу мен пайымдаулар теориясына зор көңіл бөлген. Ақиқатқа қол жеткізуді мақсат еткен логиканың ғылым ретінде пайда болуына сөзді шебер меңгерген софистердің әсері де жоғары дәрежеде болды. Олар қарсыласын әдейі қайшылыққа, адасуға және т.б. әкелетін субъективті диалектиканы дамытты.
Алайда, ең алғаш логиканың жүйелі баяндалуын Аристотель ғана жүзеге асырды, сондықтан дәстүрлі формальды логиканы Аристотельдік деп жиі атайды. Аристотель шығармаларының ішіндегі ең құндысы - одан кейін өмір сүрген ойшылдар біріктіріп, құрастырған, алты логикалық еңбектен тұратын «Органон» (құрал) деген жинақ, өйткені ол әрбір адамның ойлануы үшін логиканы ең қажет құрал деп санаған. Оның басты философиялық шығармасы «Метафизикада» да логиканың неғұрлым маңызды мәселелері баяндалған. Логиканың ұғым, пайымдау, ой тұжырымы (дедукция, индукция, аналогия) сияқты негізгі бөлімдері мен дәйектеу (аргументтеу), болжау теорияларының логикалық негізін Аристотель жасады. Ол формальды логиканың алғашқы негізгі үш заңын тұжырымдады. Оның еңбектерінде сөйлемді есептеу мен математикалық логиканың элементтері кездеседі.
Логиканың ортағасырлық даму дәуірі батысеуропалық схоластикамен және араб тілді философтар Ибн-Сина, әл-Фараби және Ибн Рушд есімдерімен байланысты. Жаңа уақыт дәуірінде ағылшын философы Френсис Бэкон логиканың дамуына зор үлес қосты. Ол өзінің логикасын Аристотельдік логикаға қарсы қойып, басты туындысын «Жаңа органон» деп атады. Оның басты еңбегі өз дәуірінің талаптарына мейлінше нақты жауап беретін индуктивтік логиканы жасауымен құнды болып табылады.
Индуктивті логиканы кейінірек Джон Стюарт Милль жүйелеп, дамытты және ол ғылыми танымның дамуына елеулі ықпал етті.
Логикалық зерттеулерде соны төңкеріс жасаған қадам - XIX ғасырдың екінші жартысында математикалық немесе символикалық логиканың дүниеге келуі болды.
Оның алғашқы нышаны Аристотель мен оның ізбасарларының еңбегінде-ақ байқалған. Ал логика мәселелерінің осылайша жүйелі қарастырылуы кейінгі кезеңдерге жатады.
Математикалық логика құру идеясын неміс философ - математигі Г.В. Лейбниц алғаш рет XVII ғасырда көтеріп, шын мәнінде оның бастаушысы болған. Математикалык логика тек XIX—XX ғасырда Д. Буль, Э. Шредер, С. Джевонс, П.С. Порецкий, Г. Фреге, Б. Рассел және т.б. еңбектерінде аса қарқынды дамыды.
Осылайша, логикалық зерттеулер дамуының жаңа кезеңі ашылды, оның басқалардан неғұрлым айрықша ерекшелігі — дәстүрлі логикалық мәселелерді шешудің жаңа әдістерін жасау мен пайдалану жолдарын көрсету болып табылады. Ең алдымен оған формальданған тілді — символдар тілін жасау мен қолдану жатады, сондықтан оны көбінесе символикалық деп те атайды. Қазіргі логика тәжірибе сұранысына жауап беретін және қоршаған ортаның күрделілігі мен алуан түрлілігін бейнелейтін дербес «логикалар» жиынын қамтитын күрделі, жоғары дамыған білімдер жүйесін көрсетеді.
Символикалық логика тек математикада ғана емес, физика, кибернетика, экономика және тағы басқа көптеген түрлі ғылымдарда кеңінен қолданылады. Қазіргі логиканың жетістіктері құқық саласында да пайдаланылады. Атап айтсақ, криминалистикада зерттеудің әр кезеңінде жиналған ақпаратқа логикалық-математикалық өңдеу жүргізіледі.
Сонымен, логикадағы негізгі мәселелерге жасалған қысқаша шолудан, оның даму тарихынан ойланатын тіршілік иесі ретінде логика ғылымының білімі кез келген адамға аса қажет деген тұжырым жасауға болады. Алайда адамзат қызметінде логикалық білімді аса қажет ететін салалар мен мамандықтар да бар. Оған заңгерлер қызметі жатады.
Қазіргі заң тәжірибесінде мәніне қарай логикалық құралдың барлық бай арсеналы кеңінен пайдаланылады. Ал пайдалану үшін оны терең және толғана ойланып үйрену керек: бәрінен бұрын белгілі бір білімдер жиынын меңгеру қажет, дегенмен ең бастысы — практикалық дағдылар мен іскерлікті қалыптастыру білігі болып саналады.
Нағыз, жақсы заңгер болу үшін тек жоғары құқықтық қана емес, сонымен қатар жоғары логикалық мәдениетке де ие болу керек, ал бұл дегеніміз — анық және айқын ойлау, барлық игерген білімді жоғары тиімділікпен пайдалана білу, сондай-ақ, жаңа білімдер қабылдау үшін, қорытқан ойды басқаға дәл, түсінікті етіп жеткізе білу шарт деген сөз.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет