Ай мен маусым аттарының қалыптасу ерекшеліктері. Көшпелі өмір салтында жыл маусымдарының уақыт пен кеңістікке қатысты барша қасиет - құбылыстарын егжейлі - тегжейлі білмей тұрып ойдағыдай тіршілік құру мүмкін емес.
Осы ретте, жыл маусымдарының қасиет - құбылыстарына қатысты қазақ тілінде орныққан тұрақты сөз тіркестері назар аударады. Мысалы, көктем туды, жаз шықты, күз түсті, қыс келді. Жалпы жыл маусымдары туралы осынау тұрақты сөз тіркестерінің астарында танымдық мән-мағына бар. Көктем туады-мұнысы дүниенің жаңғыруын, қайта түлейтінін, біреудің екеу болатынын әйгілеп тұр. Жаз шығады - жер астында қалған тамыр жоқ, табиғат толысады деген сөз. Күз түседі - яғни, көктемде туып, жазда толысқан табиғат енді жемісін түсіріп, жапырағын төгеді. Ал, қыс келеді - шынында да қарлы- борандатып, жаяу сырмалатып жететінін дәл беріп тұр. Ойдың желісін жыл маусымдарына қатысты сабақтай түсуге болады. Бір жылдың ішінде төрт маусымдық меже жалпы адамзаттық таным – тәжірибеде әр өңірде әр түрлі тарихи кез - кезеңдерде орныққан. Әртүрлі әлеуметтік дамудын сатысына қатысты әртүрлі шаруашылық - мәдени сүлеге (типке) байланысты күнтізбелік таным – түсінік қалыптасады. Шаруашылық – мәдени сүлесі егіншілікке, терімшілікке, бақташылыққа, қыстаумен жайлау малшылығына бейімделген ортада бір жылдын алғашқы жартысында белсенді еңбек етіп, келесі жартысында сол еңбектің игілігін көретін болғандықтан, жылдық циклді екіге бөліп межелеу қалыптасқан. әлеуметтік дамудын мұндай сүлелері үшін бір жылды төрт маусымға бөліп межелеудің, дәлірек айтқанда, шаруашылғын төрт маусымға бейімдеп жүргізудін қажеті болмаған. Көшпелі қазақтар үшін бойлық бойынша мәнгілік тербеле көшіп қонып жүру, яғни еңбек әрекетін бір сәт тоқтатпау, сөйтіп бір жылда төрт маусымның болатын тап басып межелеу, сол төрт маусымға бүкіл шаруашылық – мәдени болмысын бейімдеу, жай ғана бейімдеп қоймай, төрт маусым туралы мейлінше терең таным түсінік қалыптастыру және білік – тәжірибе жинақтау өмірлік қажеттілік болған. Сондықтан да, көшпелік қазақ үшін «көктеу», «жайлау», «күзеу», «қыстау» ұғымдары әрі жыл маусымдарын, әрі малшаруашылығын бейімдейтін мекен тұрақты білдіреді. Былайша айтқанда, көктеу – көктем маусымының, жайлау – жаз маусымының, күзеу – күз маусымының, қыстау – қыс маусымының мекен – тұрағы. Көшпелі қазақ үшін толассыз еңбек үрдісі жыл маусымдарынын бәрімен санасып, бәріне бейімделуді қажет етеді. Уақыт пен кеңістікке барша әрекет тіршілігін бейімдеу көшпелі қазақтын өмір сүруінің кепілі. Көшпелі өмір салтының барша болмысы уақыт пен кеңістікке толассыз кіріптар болғандықтан, уақытты да, кеңістікті де шаруашылық ыңғайына қарай бөліп межелейтің дәстүр қалыптасқан. Күні бүгінге дейін қазақ жыл маусымдарынын әрқайсын өз ішінде үшке бөліп қарайды. Мәселен, күз маусымынын – қоныр күз, сары ала күз, қара күз деп бөлсе, қыс маусымын – қыстың басы, қыстың ортасы, қыстың аяғы деп таратып отырады. Сол сияқты, көктем маусымы – ерте көктем, орта көктем, аяқ көктем(көктемнің аяғы), жаз маусымы – жаздың басы, жаздың ортасы, жаздын аяғы (жаздың соңы) деп сараланады.
Осынау төрт маусымның әрқайсысын үшке бөліп қарастыру және соған қарай шаруашылық жайын бейімдеу арқылы көшпелілер жыл бойынан он екі бөлікті, яғни он екі айды саралап шығара білген. Уақыт айрымы туралы он екі айлық жүйені алғаш танып тұтынушылардын Орталық Азия көшпелілері болғаны қәзіргі ғылыми ортада мойындалған. Яғни жыл бойында табиғи ерекшеліктері бөлек-бөлек төрт маусым бар. Рас, төрт маусымды айырып тану үшін міндетті түрде отырықшы болу немесе көшпелі болу шарт емес. Бұл өзі жыл сайын қайталанып отыратын, барша құбылыс - әсері айқын белгілері мен танып отыратын табиғаттын айнымас қасиеті. Демек, жыл маусымдарын айырып білу адам баласынын бәріне ортақ табиғи таным болса керек.
Ал, енді жыл бойындағы сол төрт маусымнын әр қайсысын үшке бөліп қарастыру үшін, жай ғана үшке бөліп қоймай, сол бөліктерге барша өмір салтын бағындырып, шаруашылық ырғағын үйлестіру үшін алдымен көшпелілікті өмір сүру негізі ету қажет. Жыл маусымдарының әр қайсысын өз ішінде үшке бөліп, он екі айлық жүйені орнықтыру үшін және сол жүйені тіршіліктің негізі ету үшін табиғаты қуаң (аридті), ауа райы континентальды ортада тек қана бойлық бағытта көктемді қуалап дерелей (горизонтальды) көшу немесе таулы өңірлерге көтеріліп – түсіп тікелей (вертикальды) көшуді өмір салтқа айналдыру қажет.
Түріктер ерте замандардан бері мал баққан халық. Даладағы малшылар (қойшылар) шопан делінген. Олардың өмір тіршілігі өз тарихтарына кірмесе де, тіршілік жөніндегі тәжірибелері болашаққа жалғасып отырған. Ең болмағанда уақытты: күнге, айға, жылға бөліп аттарын қойған. Сөз төркінін бүтін қалпында сақтаған қазақтарда түрікше ай аттары бар. Түрікше ай аттары: аз, от жақпас, көкек, шілде, сарша, қыркүйек, мизам, қараша, қазан, қаңтар, ақпан, наурыз.
Түріктерде «аз» сөзі көктем дегенді білдіріп, наурыз айына сәйкестендірілген. Наурыз айы қазақтарда жыл басы болып есептеледі. Онда 21 наурызда көктемгі күн мен түн теңелуі болады, кейін күн ұзарып, түн қысқарады.
Сәуір туған соң, күн жылынып, үйге от жағылмайды. Сол себепті бұл ай, отжақпас делінген. Көкек айын көкек құсының келуімен байланыстырады, бірақта бұл шындығына сәйкес келмейді. Өйткені көкек құсы мамырда келеді. Көкек айы атауының шығуын көптеген ғалымдар «көктің айы» яғни көктің шығуымен аталған деп есептейді. Көкті әлі суық жібермей тұрған шақ, қара суықтың кезі болғандықтан оны отамалы деп те атайды. Көкке мал аузы жаңа іліге бастаған осы мезгілді «қара өзек» деп те атаған.
Мамыр – молшылықты білдіреді. Жер беті бәйшешекке бөленіп мамырланған кез. Қысқы айлардан кейін мал тойынып, мамырдың басында көшпелілер малды жайлауға айдаған.
Маусым – ыстық аса көтерілген уақыт. Көктем маусымы мен жаз маусымы алты ай бір табиғатта болады. Арабша белгілі, айрықша мезгіл деген мағына береді. Осы айда екі маусымның ортасы болады.
Шілде – бұл жаз шілдесіне сәйкес келеді, 40 күн болуы тиіс. Қатты ыстықтар болады. Бұл айда жасыл желекті өңір құбақан тарта бастайды. Шөптің буыны қатайып, сарғая бастайды. Сол себепті бұл айда «сарша» деп те атайды.
Тамыз – далада жидек, тауда қарақат пісіп, тамылжыған шақ. Парсыша өте ыстық деген мағына береді, кейде «саратан» деп те аталады. Апшыны қураған ыстықтың беті қайтып, адам өтіп бара жатқан жазды қимай, тыраулай ұшқан тырналар көшіне елегізи қарайтын шақ.
Қыркүйек – бұл айда қой, ешкілер күйлей бастайды. Осы кезде қошқармен текеге күйек байлайды. Ол қошқардың қойды қашыруына бөгет болады. Қошқарға қырда қойдың ортасында жүргенде күйек байлап қойғандықтан бұл айды қыркүйек дейді. Күн мен түннің теңескендіктен «мизам» дегенде атауы бар.
Қазан – шаруаның егінін орып, қыстың, қара қазанның қамын ойлайтын шақ. Бұл кезде күн суытып қатты желдер болады. (Қазанның қара дауылындай). «Қазан» араб тілінде жапырақтардың сарғайғанын, әрбір өсімдіктің уақытша тіршілігін тоқтатуға дайындық жасап жатқандығын білдіреді. Кейде осы айдың мезгілін «бозқырау», «боқырау» деп атайды. Бұл сірә, алғашқы қырау мен суықтың түсуіне байланысты айтылса керек.
Қараша – атының өзі айтып тұрғандай, жер әлі қараша, яғни тұна бастаған аппақ қар жоқ. «Қарашада қар қалса жұт болады» деген. Бұл ай тұғанда қараша қаздар қайтып бірнеше тәуліктер бойы күні – түні демей жылы жақтарға ұшып кетеді. Соған байланысты бұл айды «қараша» деп қойған деген тұжырым бар.
Желтоқсан – қарашаның қара жері көрінбейді, аппақ ұлпа басқан желтоқсан ұғымы қыс маусымын білдірген, яғни бұл айдан қыс маусымы басталады. Бұл айда ең қысқа күндер болады. 22 желтоқсанда қысқы күн тоқырауы болады. «Тоқсанда күн торғай адымындай ұзарады» делінген.
Қаңтар – қар әбден бекіп ұсақ мал қаңтарылып (өз бетімен жайыла алмай), қолға қараған шақ. Бұл айда қатты аяздар болады. «Қаңтарда күн қарға адымындай ұзарады» делінген.
Ақпан – бұл айда қатты қарлы борандар болады. «Ақпанда күн ат адымындай ұзарады», яғни бұл кезде ұзара бастайды. Бұл айдың тағы бір көне аты – «үт». Бұл айда терезеден түскен сәуле ерекше бір ақшыл реңге боялады да, сол тап – таза үйдің өзінде ұп – ұсақ зәредей тозаң жүреді. Міне осы көріністі қазақтар «үт» деп атаған. Осы кезде дала иттері ұйығады, үтпен бірге қарлы боран, сақылдаған сары аяз қосарлана келеді.
Қазақтардың аспан әлемі туралы түсініктері. Көшпелі жұрттың аспан әлемі туралы ілімге қосқан үлесі де ерекше. Көшпелі тұрмыс әр айдың ерекшелігіне, онда туатын жұлдыздарға байланысты ауа райының құбылуына айрықша мән беріп, аспан шырақтарына көшпелі ел өміріне байланысты ат таққан. Ұлан – байтақ кең далада мал бағып, күндерін кең табиғат құшағында мал өрісінде, түндерін жұлдызды аспан астындағы мал күзетінде өткізген қалың қазақ, табиғат құбылыстарын бақылаудан туған халықтың көп жылдық тәжірибелерін қорытып, жұлдызды аспан туралы астрономиялық түсініктер мен ілімдер жинаған.
Табиғат құбылыстарының айналып келіп отыруын, күн мен түннің, жыл мен маусымдардың, ай жаңалануының айналып келіп отыруын мұқият бақылап, есептеп ұғынудың қазақ халқының шаруашылық өмірі үшін орасан зор тіршілік тұрмыстық маңызы болды. Қазақтар осы есеп арқылы жайлауға қай уақытта көшу, күзеу мен қыстауға қай уақытта келу, қойды қай уақытта қырқу, қашан күйек салу, қай мезгілде көктеуге барып мал төлдету, соғымды қашан сою, егінді қай мезгілден бастап салу, шөпті қашан шабу сияқты шаруашылық мезгілдерін белгілеп отырды. Бұл есептен жаңылу оларды ауыр шығынға ұшыратты.
Табиғат құбылыстары: айналаны, жұлдызды, аспанды бақылаудан туған, халықтың көп жылдық тәжірибесінде жинақталған астрономиялық түсініктер мен білімдер негізінде байырғы қазақ күнтізбесі жарыққа шықты. Шексіз – шетсіз кең далада мал бағу, үдере көшу, жолаушы жүру, жоқ қарау және аң аулау, төрт жағын анық айыруды, қараңғы түндерде жұлдызды аспанға қарап бағыт – бағдарды белгілеп, өткел, суат, қоныс, құдықтарды дәл табуға үйретті.
Қазақтардың жұлдыздарға қойған аттары да көшпелі шаруашылыққа байланысты қойылған. Түңгі ашық аспанға зейін қойып қарағанда кез – келген адам – Сүмбіле (Үлкен төбет шоқжұлдызы), Таразы – Шідер – Үшарқар (Орион), Үркер (Торпақ шоқжұлдызы), Персей, Андромеда, Аққу, Бүркіт, Жылан, Мерген және Бүйі шоқжұлдыздарының бойымен қоса қабаттаса ұзыннан – ұзақ түйенің ақ шудасындай созылып жатқан тұмандықты байқар еді. Бұл ақ тұмандықты халқымыз ежелден Құс жолы деп атаған. Себебі, көктемде жыл құстары осы ақ тұмандық бойымен жерімізге ұшып келіп, күзде осы жолмен кері қайтады. Ал ақиқатында бұл ақ тұмандық шоғырланған сан миллиард жұлдыздардың алыстан көрінген өте әлсіз сұлбасы болып табылады. Құс жолы аталып кеткен бұл тұмандық (еуропалықтар «сүт жолы» деп атайды)
Темірқазық шоқжұлдызы және Жеті қарақшы.
Солтүстік аспан жарты шарының кіндігінде орналасқан шөміш іспеттес кіші 7 шоқжұлдызды және оған жақын орналасқан бірнеше шожұлдыздарды жылдың қай мезгілінде болмасын, әрдайым көріп отыруға болады. Жеті жұлдыздың ұшындағы жарық жұлдызды халқымыз – Темірқазық деп атап, «шөміш» түріндегі екі жарық жұлдызды Ақ боз ат және Көк боз ат деп атаған. Егер бір сәт Темірқазық жұлдызынан төмен қарай түзу сызық жүргізсең, ол «үлкен шөміш» сияқты Жетіқарақшының түбіндегі екі жарық жұлдызды қиып өтеді. Жетіқарақшы шоқжұлдызының Темірқазықты айнала қозғалып жүруі аспан әлемінің сағат тіліне қарсы айналуының ең қарапайым белгісі болып табылады. Яғни, ғылыми тілде қазіргі уақытта аспанның солтүстік нүктесі Темірқазық жұлдызына өте дәл келеді. Темірқазық – қазақтардың түнде жол жүргенде бет алысын бағдарлайтын астрономиялық компасы. Жетіқарақшы оларға сағат қызметін атқарған. Оның қозғалысын, қосымша А-да көрсетілгендей, сағат тілінің қозғалысы ретінде пайдаланған. Түн ортасында Жетіқарақшы қайда, таң ата қайда болатынын білген, күзге таман түндер ұзарады, қой күзетушілер Жетіқарақшының орналасуына байланысты ауысып отырған.
Шідер немесе Таразы (Орион) шоқжұлдызы.
Қазақстан жерінде тамыз айынан мамыр айына дейін әлем жарты шарының солтүстік – шығыс жағында «X» сияқты немесе «ромба» түрінде 5 жұлдыз үнемі көрініп тұрады. Оны халқымыз Шідер немесе Таразы шоқжұлдызы деп атаған. Бұл шоқжұлдыз төрт түліктің жайымен жиі көшіп – қонып отырған халқымыздың белгілі бір жыл маусымдарын дәл анықтауына және соған қарай қам – қаракет жасауына игі ықпал еткен. Яғни, бұл шоқжұлдыз басқа шоқжұлдыздармен салыстырғанда Қазақстан жерінде едәуір көп көрініп тұрады. «X» немесе «ромба» тәрізді шоқжұлдыздың дәл ортасында үш жұлдыз қатар көрінеді. Мұны халқымыз «үш арқар» деп атаған.
Сүмбіле жұлдызы.
Сүмбіле (латынша – Сириус) жұлдызы - Үлкен төбет шоқжұлдызының құрамындағы ең жарық, ақшыл түсті алып жұлдыз. Қазақстан жерінде Сүмбіле жұлдызы күзді күні туады. Солтүстік аспан жарты шарынан Сүмбіле жұлдызын табу үшін Таразы шоқжұлдызынан көкжиекке қарай ойша түзу сызық жүргізсек жетіп жатыр. Мамыр айында Қазақстан жеріне көрінбей кеткенде, Сүмбіле жұлдызы аспанның оңтүстік жарты шарына ауысады.
Шолпан жұлдызы.
Көшпелілердің өмірінде – Шолпан жұлдызының ролі аз болған жоқ. Шолпан күн шықпай немесе күн батқан соң көрінеді. Әрбір жайлауға және жайлаудан көшу уақыты Шолпанның туына байланысты болған. Шолпан жұлдызы кешкі күн батарда батыста көрінсе, оны «Тұл қатын» деп атаған. Бұл атау Шолпанға, қыста күн батарда батыста көруіне байланысты қойылған. Өйткені, қыста кешке қарай аяз күшейеді. Шолпан (Зуһра, Керуен, Өмірзая) Күнді 0,61521 жылда немесе 224 тәулік 18 сағат 17 минутта айналып шығады.
Кіші Шолпан жұлдызы (Меркурий).
Шолпан жұлдызының таңмен бірге туатыны белгілі болса, Кіші Шолпан күн шығардан бұрын шығады және Шолпаннан кіші болғандықтан солай аталады. Меркурий жұлдызы күнді 0,24085 жылда немесе 87 тәулік 53 сағат 7 минутта айналып шығады. Кейде оны Болпан деп те атайды.
Қазақтар Юпитер жұлдызын Есекқырған деп атаған. Юпитер – Күнді 11,86223 жылда немесе 11 жыл 314 тәулік 22 сағат 4 минутта айналып шығады. Он екі жылды хайуанаттар мүшелдерінің пайда болуын осы Есекқыррған нысанының Күнді айналып шығу уақытымен байланыстырады.
Марсты қазақтар Қызыл жұлдыз деп атайды. Кейде Аңырақай деген ат та кездеседі. Марс – Күнді 1,880089 жылда немесе 686 тәулік 23 сағат 13 минутта айналып шығады.
Қазақ қауымы аспан әлемін бақылау арқылы метеорларды – аққан жұлдыз деп, кометаларды құйрықты жұлдыз деп атаған.
Үркер жұлдыз шоғыры.
Үркерді білмейтін қазақ жоқ десе болады. Ол Торпақ шоқжұлдызыны құрамындағы жыпырлақ, бір – біріне жақын орналасқан ерекше жұлдыз шоғыры. Әсіресе, қысты күндері түнге қарай тас төбеде көзге шағылысып жалт – жұлт етіп тұрады. Адамдардың көпшілігі Үркердің 6 жұлдызын, көзі қарақтылары 7 - 8 жұлдызын көре алады. Телескоппен қарағанда Үркердің алқабынан 180 - 200 жұлдызды көруге болады. Б.з.д. 4000 – 3000 жылдары көктемгі күн мен түн теңелу нүктесі жуық түрде Үркер жұлдыз шоғырына сәйкес келген. Қазіргі уақытта көктемгі күн мен түн теңелу нүктесі прецессия құбылыс салдарынан Торпақ шоқжұлдызынан Тоқты, одан соң Балықтар шоқжұлдызна ауысып кеткенімен, ерте замандарда халқымыз тоғыс есебі деп аталатын күнтізбе жүйесін осы Үркер мен Айдың әрбір 27 - 28 күнде бір рет «тоғысуына» негіздеп жасаған. Яғни жыл басын қазіргідей қыс ортасы қаңтардан емес, күн мен теңелген көктемнен бастауға дағдыланған халқымыз үшін Үркер жұлдыз шоғыры өте қолайлы болған. Жер бетіндегі ең кәрі күнтізбелеріне жататын тоғыс есебінің негізіне Үркер мен Айдың Күндік жыл ішінде 13 рет «тоғысатын» күн алынған.
Табиғат сыры біздің ата – бабаларымызға да жақсы таныс. Ата – бабаларымыз келесі жылдың ауа – райын қалай болатындығын немесе жыл айларының қалай басталып, қалай аяқталатыны туралы сол мезгілдегі таңнын атуы, күннің батуы, жұлдыздардың жарқырауы, Құс жолының орналасуы, Шолпанның тууына қарап болжап біліп отырған. Сондай – ақ төрт түлік малдың күй алуы, өрістен қайтуы, дыбыс шығаруы (мөңіреуі, маңырауы, кісінеуі, боздауы) да алдағы күннің райын білуге көмектескен. Мысалы, қыс қатты жылдары малдар өте күшті қоңдылық ала бермейді және сиыр, қой малы аяғын көсіліп ыңыранып күйіс көп қайтаратын болған. Ал малдар өріске беттемей мазасыздана бастаса ауа – райы онша қолайлы бола қоймайды деген сөз. Халқымыз аң – құстардың да тілін түсініп, олардың өміріндегі өзгешіліктерінен алдағы күннің қалай болатындығын жобалап, соған орай қам қылған. Атап айтсақ, қыс қатты болатын жылдары құстар улап – шулап топтасып жылы жақтарға ерте қайта бастайды. Су құстарының мезгілінен бұрын келуі – ерте көктемнің хабаршысы көрінеді. Ал керісінше қарақұс, сауысқан секілділер ерте келсе, көктем кешігіп мал шығыны өте көп болатынын білдіреді. Ата – бабаларымыз жұлдыздардың жарқырауынан да сол жылдағы қыстың аязды және қардың аз жауатынын болжаған. Күн қызарып шықса және шығыстан ақсары шапақ сәуле аспанға көтерілсе жуық арада күн суытатынын анықтайды, яғни шығыстан суық ауа массасы келеді. Керісінше қыс, көктем айларында күн батарында қызарып батса, онда ертеңгі күн және бірнеше күнгі ауа – райы өте жақсы қалыпты жағдайда болады.
Халқымыздың «Ай қорланса – аяғынды сайла, Күн құлақтанса - күрегіңді сайла» - деп уағыздауында үлкен ғылыми болжам жатыр. «Ай қорланса аяғыңды сайла» дегені – Ай Жер шарының мәңгілік серігі және Жерді үнемі айналып тұрады. Қазіргі география, астрономия ғылымында Жер мен Айдың параллель келу градусы тепе – тең 90°- қа келгенде Солтүстіктен және Оңтүстіктен суық ауа шұғыласы шағылыспайды да, сол кезде Жерге Ай қорлана көрінеді. Осы кезде Орта Азияда құрғақтау, жылы ауа массасы тұрақтанады. Шаруашылықта ілгері басқандық, малда амандық, төл көп ереді деген мағына береді. Жалпы ауа – райы жақсы болады. Ал «Күн құлақтанса – күрегіңді сайла» дегені – Күн құлақтанғанда, Жер шарында, әсіресе Орта Азияда күн суытып, солтүстіктен циркуляция, яғни суық ауа массасы желмен қар алып келеді. Бұл кез шаруашылыққа өте қолайсыз осыны ерте кезден білген ата – бабаларымыз табиғаттың дүлей күшіне дайын болу керек деп ескертеді. Қорыта айтсақ, табиғат заңдылықтарын зерттеудегі халықтық қағидалардың орны ерекше.
Табиғат құбылыстары және аспан денелеріне байланысты ауа райын болжау түрлері. Қазақ халқының ата – бабалары ерте заманнан бері, сонау Ғұн, Көк түркілер дәуірінен бері қарай табиғатқа етене жақын өсіп, табиғаттағы болып жататын құбылыстарға назар аударып, өмір – тіршілік шаруашылығын соған сәйкестендіріп жүргізіп келген. Қазақ халқы ауа райына тәуелділік, одан сақтану салт – дәстүрі ұрпақтан – ұрпаққа жалғасты. Бүгінгі күні бұл әдістердің белгілі бір жердегі ауылдардың тыныс – тіршілігінде маңызы зор болмақ.
Қазақ халқы жыл мезгілдері арқылы да ауа райының алдын – ала болжамын біліп, біріне – бірін сәйкестіре анықтап келген. Оған жылдың төрт мезгілі өлшем болған. Қыс арқылы көктемді, көктем бойынша жазды, жазбен күзді, күзбен қысты айналдыра айқындап, ауа райын анықтаған. Қыста қар көп жауса, қыс қарлы болса, жазда да жауын көп жауатынының сыңайы дейді. Қыс жылы болса, жазы салқын, керісінше жаз жайсыз болса, қыс жайдарлы келеді. Жазда күні жылы, түні салқын болса, қуаңшылық сыңайы болмақ. Қыста қар бірінен кейін бірі жалғасып жауа берсе, аспан шаңыттап сәулеленсе, жұт болудың белгісі.
Көктемде, күн күркіремей – ақ найзағай жарқылдаса, жазы құрғақ, жауынсыз, құрғақшылық болатынының сыңайы. Көктемде күн суытса, келер жазда, жауын – шашын көп болады. Көктемде өзен, көл, бұлақ, көлшік сулары қосылмаса, жазда құрғақшылық болады. Наурызда қар жаумаса, мамыр айында қарлы, жауынды болады. Жазда өте жылы, күн шыжып кетсе, кешікпей жауын жауады. Жазда таңертең ерте жылы болғанымен шық тұрмаса, түске таяу жауын жауады. Жазда бұлт қызырып күн батса, ертеңгісі жауынды, күннің қызыл сәулесіне тау боянса, келер күндері ауа райы өзгереді. Жазда күн алыстан күркіресе, жауын жауатынының белгісі болмақ. Көктем ұзаққа созылып жұт болса, жазда көк шықпай, күн салқындайды. Жаз салқын болса, күз уақыты созылады. Күзде суытса, қыс қатты болады. Кейде керісінше келуі мүмкін. Қыста мұз үстіне қызыл су қаптаса, аяз күшейеді. Көктемде қызыл су көбейсе, күн жылынудың сыңайы болмақ. Алғашқы қар түскен жерде қыс жайдарлы болады. Қар үлкендеп жапалақтап жауса, күн жылынудың белгісі. Жазда тұман түссе, күн ашылардың, қыста түссе, жылы күндер боларының белгісі. Түнде қойнау, сай салада суық, биік жерлерде салқын болса, ертеңгісі күн жылы болады. Күндіз күн тымық тұмшалау болса,батар күн тұман, бұлт астында батса, ертеңгісі күн жақсаруының сыңайы. Қыстың басында қар көп жауса, келер жаздың басында күшті жауын жауды. Жаздағы жауын кезінде, күн арт жағынан батыстан сарыла ашылып, аспан көгеріп ашылса, жауын тоқтамақ. Жылдың әрбір мезгілінде болған құбылыс келесінде қайталанады, жазда жылы жел соқса, қыста үскірік суық желмен болады.
Қазақ халқы аспанда болатын құбылыстар арқылы да ауа райын бақылап болжайды. Оған күн күркіреу, кемпірқосақ түсу сияқты құбылыстар жатады. Егер күзде қыркүйек айында аспанда күн күркіресе, күн ұзаққа жалғасады, жылы болып, сол жылы қыста қар көп жауады дейді. Алайда, қазан айында күн күркіресе, сол жылғы қыста қар аз жауатын болады. Күн қатты күркіресе, артынша өткінші жауын жауып, селдетіп найзағай жарқылдап, жай түседі. Күн баяу күркіресе, жауын ұзаққа созылатынның белгісі. Күзгі белгі біліне жауын жауар алдында күн күркіресе, егінге, егін жинауға зияны келеді. Жауыннан кейін күн күркіреу дауысы ақырын естілсе келер күндері де жауын жауып, ауа райы өзгеруі мүмкін.
Кемпірқосақтың көк өңі басқа өңдерінен ашық көп болса, бұл ауа райының өзгеріп, нашарлауының белгісі, егер жасыл өңі басым болса, күшті жауын жауатынының сыңайы, ал қызыл түсі молырақ көрінсе, аспан ашылып жел соғатынының белгісі болмақ. Таңертең кемпірқосақ түсті көрінсе, жауын жауатынның ишарасы, кешке кемпірқосақ түссе, аспан ашық ауа райы қалыптасады. Егер жел соққан жаққа қарай кемпірқосақ түссе, жауын жауардың сыңайы. Кемпірқосақ өте айқын, ашық аласа болып түссе, ауа райы бұзылады. Сол жақтан кемпірқосақ үлкейе келе, оң жаққа жағалай түссе, ауа райы жақсарып, аспан ашылады. Жауын жауғаннан кейін кемпірқосақ тез жоғалса, аспан ашылады. Кемпірқосақ ұзақ тұрып, көрінсе, ауа райы өзгереді, бұзылады. Жауын жауып тұрған кезде сап – сары кемпірқосақ көрінсе, жауын саябырлап себезгілейді. Кемпірқосақ жауын кезінде сол жақтан көрінсе, кешікпей жауын басталатынының белгісі, солтүстіктен кемпірқосақ түссе, жауын жалғасып жауатынының белгісі болады.
Егер күн батар кезде бұлттар қызарып көрінсе, ертеңгісі күн жылы, аспан ашық болатынның белгісі. Таң ағарып атар кезде бұлттар қызғылт тартса, сол күні жауын – шашынды болады. Кешкі бұлттар сұрланып көрінсе, келер күні ауа райы бұзылады. Жаз айында батыстағы бұлттардың бас жағы қызарса, шаңыттап, «қылаулатып» суытуың белгісі болмақ. Бұлттар батыстан шығысқа қарай жедел көшіп жатса, кешікпей күшті жел соғады. Жазда аспанға қара бұлт пайда болса, кешікпей «өткінші жауын» жауады. Қыста аспанда «ақ шаңқан» бұлт торласа, қар жауатынның сыңайы болмақ. Егер бұлт желге «қарсы көшсе», онда жауын жауатынның белгісі. Қыста бұлттың көлеңкесі анық болса, қыс жайлы болады. Бұлт жазда, қыста төмендесе, жауын, қар жауады, егер бұлт аспандаса ауа райы жақсы болады. Бұлт қоюланып «құйындатып», аспанда алай – дүлей күйге түссе, өткінші «құйма жауын» жауады, күшті дауыл жел соғады. Тесік ашық жер көрінсе, кешікпей құрғақшылық болады. Бұлттар «қарама – қарсы» көшсе, ауа райы тұрақсыздыққа түседі. Егер бұлттар «жолақты» болса, «созылып жатса» жаз жауынды, қыс жылы болады. Жазда күн шыққан соң, ақша бұлттар бөлек – бөлек болып, жауынның тұтас бұлтына қосылса, бұршақ жауатынның белгісі. Қабат – қабат әртүрлі бұлттар аспанды торлайтын болса, жазда жауынды, қыста қарлы болуының алдын ала белгілері болмақ. Біртұтас бұлттың шеті қарайса жауын жауады, ал біртіндеп ағарса жауын сейіледі. Таңертең аспан ашық болып, кенет кей жерлерден ақ бұлттар пайда болып түс ауа тараса, келер бір – екі күн жақсы болады. Таң ата бұлттар қаптаса, «күн бұзылады». Аспанда әртүрлі бұлттар қаптаса, күн суытып ауа райы бұзылудың белгісі. Қар, жауын жауып тұрғанда бұлт желге қарай көшсе, жауын кешікпей тоқтаудың белгісі. Таңертеңгі тұман «көкке көшпей, жер бауырлай жата берсе», кешікпей күн ашылады. Күн ашылып көкке «көшсе», бұлтқа айналып, жерге қайта жауын болып жауады. Ал жел соқса, «тұманды айдап кетеді». Көктем, жаз, күзде түстен кейін аспанда «селдір бұлттар» пайда болып, кешке таман айықса, келер күндері жауынсыз, ашық тымық болады. Қойнау, тау басындағы тұмандар айықса, күн жылы, жайдарлы болады. Қыста бұлт желге қарсы көшсе, қар жауады. Бұлт ортасынан ыдыраса күн суытады.
Ауа райының құбылыстарының бірі - боран. Боран – дауылдан әлсіз, желден күшті. Бораның түрі көп. Оның қарлы боран, аязды боран, боран деген сияқты түрлері бар. Боран көбінде далалы жерлерде жауын, қар жауардың алдында соғады. Көбіне таза соқпай, қоспалы соғады. Бұл оның желге қарағанда қуатты екендігіне байланысты келсе керек. Жауынды, бұршақты борандар уақытша соғатын борандар. Алайда бұл борандардың зияны көп. Жанды боран аң – құс, жануарлар денесін сулап, ызғарлата соққандықтан бұған төзбеген «жандылар» суыққа ұрынып өліп, қырылады. Бұршақты бораның бүлдіргіш күші көп. Үлкен бұршақтарды борандата ұрғанда үй – терезелер, егістіктегі егіндер, адам, мал, жан – жануар денлері зақымдалады. Боран жел үнемі соғатындықтан елді, жерді тоздырады. Боранның соғысына қарай ауа райын алдын ала болжауға болады.
Ауа райына қатысты табиғи құбылыстардың бірі – қарлы боран. Қазақ халқының дәстүрлі тіршілігінде қарлы боранның әсері күшті. Қарлы боран мал, егін, аңшылық шаруашылықтарына кері әсер етеді. Содан да қазақ халқы қарлы борандарды жақтырмайды, одан алдын ала сақтанады. Оны әр түрмен атайды, қарлы боран, ақ жорға, ақ дауыл деген сияқты атаулармен. Қарлы борандар қар жатқан өлкелерде соғады. Көбінде қыста болатын құбылыс. Соққан дауылды күшті жел қарды ұшырып айдайды. Күшті соқса – қарлы боран, ал баяу соқса қарды жер бетімен үрлей ақ жорға желге айналдырады. Сондықтан қарлы өлкелердегі ел, қарлы боран соғатынын алдын ала болжап білуге ұмтылған. Қарлы боранды қазақ жұрты табиғаттың қауіпті құбылыстарына жатқызып, одан күні бұрын сақтанып, ауа райын алдын ала болжап, малды ықтасынға жайып сақтанады. Қарлы боранның жағдайымен сол жылғы қыс мезгілі, тағы басқа уақыттардағы ауа райын да күні бұрын болжайды.
Қазақ халқы ауа райының өзгерісіне қарай соғатын құйындарға да мән беріп келген. Оның себебі құйын қазақтың көшпелі тіршілігіне өзіндік жақсылығынан зиянын көп тигізетін құбылыс. Құйынды қазақ халқы жақтырмайды. Құйынды суық ауа мен жылы ауаның қосылуынан үйірілген ауа жел деп те есептейді. Алайда сан ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ салт – дәстүрінде құйынды құйтұрқы құбылыс деп көреді. Құйында ауа райын болжауға септігін тигізеді. Жаз құйынды болса, қыс қатал болады. Қазақта далаға адамды ұйықтатпайды, құйын соғып кетеді деп ескертетін әдет –ғұрып бар.
Қазақтың көшпелі тіршілігінде, табиғаттағы әртүрлі құбылыстарға тап болады. Солардың бірі жел түрлері. Оған қызыл, жалын, ызғар, суық желдер жатады. Бұл жел табының басты ерекшілігі қар, құм, шаң, жауын, бұршақсыз таза суықты айдау желдері. Мұны қазақ дәстүрінде қызыл жалын, қызыл шұнақ деп атайды. Суық, ызғарлы жел көбінде әлемдік ауа ауысатын күз, жазғытұрым, яғни көктемде ауыспалы мезгілдерде болады. Бұл уақытта үздіксіз соққан суық желдер, қызыл – жалынға, ызғарлы желдерге ұласып дәстүрлі шаруашылыққа көптеген нұсқан келтіреді. Қызыл – жалын, қызыл – шұнақ деп аталуы бұл желге ұрынғандардың беті құлағы қызарып, кейде үсіп кетеді. Жалын ұрып тұрғандай дене дызылдап, беті – қолы, құлағы қызғылт тартады. Мұндай жел малдың өңменінен өтіп тез жұтатады, кейде қырып жібереді. Соққан қызыл жалын, ызғарлы суық жел арқылы халық сол жылғы мезгіл, айлық, күндік ауа райының алдын ала болжайды. Ұзақ уақыт оңтүстіктен соққан жел бағытын өзгертіп, шығыстан соғатын болса, ауа райы оңалады. Егер ұзақ уақыт оңтүстіктен соққан жел бағытын өзгертіп, батыстан соқса, ауа райы бүлінеді. Онда жаз болса аңызақ жел соғып, қыста ызғырық соғады. Жаздың желді болуы, қыстың боранына сай келеді.
Қазақ халқы ауа райы өзгерісі арқылы болатын сутектес құбылыстар арқылы да ауа райын болжайды. Оған қырау, қылау, шық, шаңыттау құбылыстары жатады. Қырау көбейсе, кешікпей қар жауады деп көріледі. Қылаулай жауған қар ұзаққа созылады. Содан да қазақта «қарды қылау өсіреді» деген мәтел қалған. «Қардың белгісі – қылау» деген де сөз бар. Күн қыраулап, қылауласа кешікпей қар жауса, кейде күн ашылады. Қардан кейін қырау, қылау көбейіп, күн шаңыттаса күн ашық болып жылынады. Түнде дымқыл тартып, шықтатса, ертеңгісі күн жылы болады. Жазда ерте шық түссе, күз болғанның белгісі. Шық тұруды халық күн суытудың сыңай дел біледі. Түн суық болғанымен шық тұрмаса, ертеңгі ауа райы жақсы болады, жалпы қырау, қылау, шық, шаңыттау көріністері жауын – шашын, қардың белгісі, солар іспеттес құбылыс делінеді, халықтың дәстүрлі ауа райын болжау салтында. Түнде қырауланса, күндіз жауын жаумайтынының белгісі. Жерге үрпиген қырау түссе, күн жылынады. Шық қалың түссе, шөп қалың шығады.
Қазақ халқының аспан, ғарыш денелері арқылы ауа райын болжау дәстүрлерінің бірі Ай мен Үркердің бір – біріне жақындауы және алыстауы. Бұлардың өзара жақын, алыс болуын халық тоғыс, тоғысу деп атаған. Соған сәйкес халық ауа райын болжап, шаруашылығын, тіршілігін солармен сәйкестендіре жүргізіп келген.
Қазақ халқы ауа райының өзгеруін аспандағы күн арқылы күні бұрын болжап келген. Егер ертеңгісі ертеде аспан ашық, күн ақшылтым түсті болса, сәулесі өте өткірленсе, сол күні ауа райы бұзылмайды, жақсы күн болатынның сыңайы болмақ. Таңертеңгі күн күндегісінен үлкендей көрінсе және қызыл күрең өңге боялса, тура жоғары қарай сәулелері шашырап тұрса, сол жылы жазда жауын көп, қыс қарлы болатынын белгісі. Күн шыққанда, батқанда екі жағынан өңді тік сәулеленіп көрінсе, кешікпей күн суытатын болады. Күн батар кезде әр жерден шоғырланған сәулелер көрінсе, шарбы бұлт тәріздес сәулеленсе, күн райы бұзылып, күн күлгіндеп батса, күшті жел соғудың белгісі. Күн егер шығар кезінде бұлыңғырт болса, күндіз ашық аспанды тұмша ыстық болмақ. Кешке күн батарда күлгін, алтын түсті болып, соңын ала жасыл күлгінге айналып батса, ертеңгісі жауын – шашынсыз, түнде салқын болғанымен күн жайлы болады. Күн құлақтанса, күн суытады. Күн батарда, аспан бұлтты болғанымен, аспанның оң жағы бұлтсыз болса, күн ашық болады. Күн қызарып, күйіп батса ертеңгісін жылы, аспан ашық жайлы күн болады. Егер күн батарда, бұлттың ар жағына қызарып батса, жазда жауын жауып, қыста боран соғатынының белгісі деп есептелінеді. Күн батарда, бұлттар тарап, бытыраса, түнде жауын жауатының белгісі. Күн қорланып, үш күн көрінсе, жел күшейіп, аспан түнеріп жауын – шашып болып суытады. Мезгілінде қыс болса, қар жауады. Қорланған сәуле шеңбері азайса, жауын кешікпей жауады. Ал үлкейсе, жауын жауу кешеуілдеп, сейіледі. Күн құлақтанып шықса, боранды немесе аязды күндер болмақ. Кешке күн құлақтанып батса, ауа райы жақсарады. Күн қорланса, қар қалың түседі. Күн көзін бұлт шалса, қыс қарлы, жаз жаңбырлы болады. Күн батарда көкжиек ашық болып, қызыл шапақ шашса, ауа райы жылынады. Күн көзі мұнартып шықса, ыстық көтеріледі. Күн қызыл шапаққа оранып батса, ертеңгісінде ыстық болады.
Мұсылман дінді қазақтар Айды киелі деп табынатын дәстүр болған. Ай арқылы қазақ жұрты ауа райын алдын – ала болжап білген. Ай шалқайып туса, онда сол айда күн жайсыз, суық болады, ал Ай еңкіш, еңкейіп туса, онда сол айда күн жылы, жайлы болады дейді. Айдың үш жаңасында ай толығырақ, өңі ақ, екі ұшы доғалдау, тік көтерілсе, сол айда жауын – шашын, жел борасын аз болады деп есептейді. Егер Айдың екі ұшы сүйір, өңі ашық, шалқақ туса, онда сол ай жауын – шашынды, желді, борасынды болады. Ай туғанда, бұрынғысынан үлкендей көрінсе, сәулесі қызғылт болса, жауын жауатының белгісі. Толған ай ашық туса, күн жылы, жақсы болады. Ай қызыл түспен қорланып, әлгі шеңбер кеңейіп барып жоғалса, келесі күн ашық болады. Егер Ай бұлыңғыр болса – жаңбырға қарсы, ал ашық түсті Ай ауа райының ашық болатындығын білдіреді. Жұлдыз шақшиып тұрса, күн аязды болады.Күзде Шолпан таңертең көрінсе, қыс жұмсақ болады. Егер Шолпан күзде кешке таман көрінсе, қыс қатты болады.
Достарыңызбен бөлісу: |