Санжар Асфендияров – 1889 жылы Ташкент қаласында орыс әскерінің генерал–майор отбасында дүниеге келген. Ол атақты Әбілхайыр ханның ұрпағы. Әкесі Жаппар Түркістан генерал губернатры кеңсесінде аудармашы қызметін атқарған. Ташкент реалды училищесін бітіргеннен кейін Петербург әскери–медицина академиясына түседі. Оны бітіргеннен соң 1912 жылы 23 жастағы жас офицер Кронштадқа әскери қызметке жолдама алады.
Академияда оқып жүрген кезде Санжар Смольныйдағы «Бестужев курсында оқып жүрген алты қазақ қыздарының ішіндеі ең көрікті Рабиға есімді қызбен көңіл қосады. Рабиға архитектура, түркология және заң ғылымдарымен айналысты. Оның әкесі де сол замандағы оқыған қазақтың бірі еді, Москва қаласында өзінің заңгерлік конторасы болып 1916 жылғы ұлт–азаттық қозғалысқа қатынасып, істі болған қазақтарды қорғаумен айналысқан.
Әскер қатарында жүріп ол бірінші дүнежүзілік соғысқа қатынасады. 1915 жылы Польша жерінде немістерге тұтқынға түседі, одан тек 1917 жылы ғана босайды. Полковник шеніне дейін өскен С.Асфендияров революциядан кейін Қызыл әскерлер қатарына қосылады. Ақпан революциясынан кейін ол Термездегі Бұхарада Кеңес қызметтеріне араласады. Ташкент обылыстық, округтік жұмысшы және солдат депутатарының кеңесі мүшесі болып сайланады. Ташкентте Бірінші мұсылман жұмысшыларының Кеңесін ұйымдастыруға ат салысты.
1917 ж. Бұхара, Ташкент Кеңесінің құрамында болған. 1919–1920 жж. Түркістан КСР Халықтық ДС комиссары, 1920 ж. Түркістан жер–су шаруашылығы комиссары, 1921–1924 жж. Түркістан Орталық Комитетінің мүшесі, 1923–1924 жж. Түркістан Орталық Комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарған.
Санжар Жапарұлы өз халқының мүддесін көздеген нағыз патриот еді. Партия–кеңес аппаратына мұндай адамдарды ұстау қауіпті екендігін түсінген Орталық басшылары оны шеттете бастайды. Сөйтіп ол ғылым және ағарту саласына ауысуына мәжбүр болады. 1927–1928 жылдары ол Н. Нариманов атындағы Шығыстану институтының басшысы, 1928–1931 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, 1930 жылы Қазақ АКСР Өлкетану бюро орталығының төрағасы, 1931–1933 жылдары Қазақ медициналық университетінің ректоры, 1933–1937 жылдары Қазақ ғылыми–зерттеу институтының Тарих секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
С.Ж Асфендияровтың білім және ғылым саласына қосқан үлесі орасан зор. Бүгінгі еліміздің жоғарғы қара шаңырағы санатындағы Абай атындағы ҚазҰПУ–нің 1928 жылы есігін айқара ашты. Оқу орнының ашылуында С.Ж. Асфендияровтың ұйымдастырушылық қызметі айрықша болғанын ұмытпағанымыз абзал. 1930 жылы Қазақ мемлекеттік медициналық университетінің ұйымдастырушысы, оның ректоры міндетін қоса атқарды.
С.Ж. Асфендияров кең ауқымды білімі мен тарихи–әдістемелік зерттеулерін ұштастыра отырып келесі еңбектерін жазды: ”История Казахстана с древнейших времен”. ”Прошлое Казахстана в источниках и материалах”, «Национально–освободительное восстание 1916 года в Казахстане» монография. 1935–1936 жылдары ол профессор П.А. Кунтемен бірлесіп «Прошлое Казахстана» атты екі томдық деректер жинағын жарыққа шығарды. Орта мектепке арналған «Қазақстан тарихының очерктері» жарық көрді.
Өз шығармаларында Қазақ жеріне орыс отаршыларының жасаған зорлық–зомбылығына кеңінен тоқталады. «Сауда капиталы Қазақстанға патша үкіметіне бағынудан бұрын кіре бастады. Бұл Орта Азия капиталы еді» деп атап көрсеткен болатын. Сол сияқты ол батыс және солтүстік Қазақстанда татар сауда капиталының ролінің зор болғандығын, кейінірек Ресей капиталы өзбек, татар капиталдарын бағындырып, оларды өзінің агенті етіп алды деген тұжырым жасады.
Қазақстанда сауда қатынастарының дамуына байланысты тұжырымдар жасап, өзінің пікірін көптеген архивтік деректер арқылы дәлелдейді. ХІХ ғасырдағы сауда қатынастарының ерекшелігі ретінде С.Ж. Асфендияров «Қырдағы сауда капиталының агенттері қазақтың шала феодалдық байлары бола бастады. Онан соң оларға делдал (алыпсатар С.А.) сияқты ұсақ саудагерлер келіп қосылды. Қазақ бұқарасы сауда капиталына кіріптар болды. Отарлау жолымен шикізаттарды елден сығып алу қазақ еңбекшілерін қанауға салды» деп жазған болатын.
Профессор Ресей қазаққа тонау мен қанаудан басқа ештеңе берген жоқ. Сондықтан орыс отарлауын прогрессивті құбылыс деп санауға болмайды деп ойын түйіндеді. Орыс отарлауының негізгі сипаты оның Қазақстанға қара шекпенді шаруларды тоғытуы. Ғалымның негізгі концепцисы Қазақстан Ресейге өз еркімен бағынған жоқ, оны олар жаулап алды. Сөйтіп ол қазақ тарихын тәуелсіз және тәуелді деп екі кезеңге бөледі.
Оның география саласына қосқан үлесі де зор. Ұлы географияық ашылулар кезінде басқа әлеммен байлыныссыз болған Орта Азия жерлерінің Атлант мұхитына шығатын құрлық жолдарының ашылуына өз үлесін қосты. Географиялық зерттеулерді оқып біле отырып көшпенділер отырықшылыққа көшпейінше, басқа мемлекеттерге тәуелді болатындығын айтып кеткен болатын.
1937 жылдың 27 қыркүйегінде Алматы қалалық партия комитетінің бюросы оны «ұлтшыл контрреволюционер» деп тауып партия қатарынан шығарды. Кеше ғана ұстазының еңбектерін іздеп жүріп оқитын шәкірттері М.Ақынжанов, С.Әбішев, К.Әбдірахманов, И.Сариев, З.Бұлақбаев, М.Мұхаметжановтар 1937 жылғы 29 қыркүйекте «Казахстанкая правда» газетіне «Японский шпион в роли историка» деген мақала жазады. Бұл мақалада олар профессор С.Асфендияровты қаралайды. Онда оны ұлтшыл, пантюркист деп кіналайды. Тіпті мақалада "фашистский наймит Асфендияров свою контрреволюционную пачкотню черпает из фашистских источников" деген сөздер де бар. 1937 жылы С.Ж Асфендияров атылып кетті.
1989 жылы Қазақ ССР министрлер кеңесі С.Ж Асфендияровтың мемлекеттің, қоғамның, педогогика және денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесін ескере отырып оның ақталып шығуына атсалысып, өзі негізін қалаған Алматы мемлекеттік медицина университетіне атын беруді ұйғарды. Сонымен қатар, ұлы қоғам қайраткерінің құрметіне ескерткіш тас қойылды.
Қазақ тарихының кейбір күрделі мәселерін зерттеуге сол кездегі билік басында жүрген қазақ зиялылары да ат салысты. Мысалы Ғаббас Тоғжановтоқталады. Қазақ феодализміндегі рулық қатынастарды талдай келіп ол патша үкіметінің орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныс аудару саясатының кері әсерін әшкерелейді.
Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, мемлекеттік қайраткер Бақытжан Қаратаев «Обзор материалов из истории колонизации казахского края в 1869 году и в начале 1870–х годах» деп аталатын еңбегінде Батыс Қазақстанда ХІХ ғасырдың 60–70 жылдарындағы оқиғаларға терең талдау жасайды. Б.Қаратаев архив материалдары негізінде және «Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы Ережеге» сүйене отырып, Батыс Қазақстандағы осы кезеңде қалыптасқан аграрлық, өндірістік, сауда қатынастары мен қазақтардың саяси құрылысын олық суреттейді. Б.Қаратаев Н.А.Середа және Юрко сияқты авторлардың пікірін салыстыра отырып, патша үкіметінің саясатын әшкерелеп, Уақытша Ереженің отарлық мәнін ашып көрсетеді. Б.Қаратаев осы еңбегінде қазақ даласында сауданың даму деңгейі өте төмен болды деген тұжырым жасай отырып, қазақтардың алғашқыда орыс жерінде ашылған жәрмеңкелерде өз малдарын және мал өнімдерін орыс, хиуа, бұхар товарларына алмастырып, көрші елдердің саудагерлерінің қатаң қанауына душар болғанын, қазақтардың ақша жинау, өсімқорлықпен айналысу туралы түсінігінің болмағанына назар аударады. Сөйтіп автор орыс капиталының отаршылық сипатын дәлелдеген болатын.
Ішкі Бөкей Ордасында сауда ісінің даму мәселесін 1917 жылғы Қазан революциясынан кейін алғашқылардың бірі болып Сейітқали Меңдешев өзінің «Бөкей қазақтарының 1916 жылғы көтерілісі» деген көлемді мақаласында көтерген болатын. Осы мақалада Бөкей және Жәңгір хандар тұсында Ішкі Бөкей Ордасында сауда қатынастарының дамуына өз ықпалын тигізген жағдайларға тоқталып, Хан ордасы, Жаңа қала, Талөкпе, Азғыр сияқты поселкелердің Ресейге жақын болғандығы Ішкі Бөкей Ордасында сауда қатынастарының дамуына зор әсерін тигізді деген тұжырым жасайды. Қазақтардың алғаш сауда ісімен айналысуы туралы мәліметтер бере отырып, С.Меңдешев қазақтар әуелі орыс пен татар саудагерлеріне тері–терсек, жүн–жұрқа жинап беруші, солардың саудасын елге таратушы агент болып істегендіктерін атап көрсеткен болатын. Қазақтардың ішінде жаңа әлеуметтік топтың пайда болуына байланысты автор: «Қазақтар одан соң сауданы өз ақшасымен жасай бастады. Бұлардың ісі көбіне араға жүру (делдал) болды. Байлар да сауда істеді, үлкен алушыларға көп–көптен мал және мал шаруашылығының өнімдерін жеткізіп тұрды», – деп жазды. (Мендешев С. Бөкей қазақтарының 1916 жылғы көтерілісі. // Екпінді құрылыс. 15 маусым. 1936 ж. 50).
Қазақ тарихын зерттеуге ат салысқан халқымыздың зиялы тұлғаларының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858–1931). Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық–саяси және әлеуметтік сыр–сипатын зерделеуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді көрсетуде, ол Абай бағытын ұстанды. Жасында ауыл молдасынан білім алды. Шәкәрімнің негізгі шығармалары «Үш анық»,«Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі». Осы еңбектері оны философ, тарихшы, ойшыл ретінде елге танылуына себепкер болды. Олардың жазылуына Абайдың ықпалы аз болмаған. Шәкәрімге ол қазақтың шежіресін жинауды тапсырады. Шәкәрім ел ішіндегі түрлі әңгіме – аңыздарды жинаумен қатар, Батыс пен Шығыстың әйгілі ғалымдары Әбілғазының, Жүсіп Баласағұнның, Радловтың, Березиннің, Аристовтың, Левшиннің, басқада қытай, араб, парсы зерттеушілерінің еңбектерімен танысады. Оларда айтылатын тұрлі топшылаулар мен тұжырымдарды сараптай отырып, шежіре еңбек жазып шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |