Географиялық шығармалардағы қазақ даласы. Әлемді жаулап алуды армандаған арабтар географиялық білімнің жинақталуына аса зор мән берді. Мемлекет саяхатшылардың ұмтылысына дем беріп, оларды әрқашанда қолдап отырды. Сондықтан да дәл осы дәуірде арабтың географиялық тақырыптарында жарық көрген бір топ авторларының еңбектері қазақ даласын зерттеуде таптырмайтын деректерге айналды.
Қазақ даласын мекендеген ру–тайпалар жөніндегі тарихи ой–пікір ІХ ғасырдағы географиялық шығармаларда кездеседі. Бізге дейін жеткен ең алғашқы шығарма «Китаб алмасалик ва–л–мамалик» (Жолдар мен мемлекет туралы кітап). Авторы пошта қызметкері Ибн Хордадбех. Ол «Жібек жолының» маршруты жөнінде мәліметтер береді. Ол жол Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өткендіктен, сол жерлерді мекендейтін токуз–гуз, огуз, карлұк, қимақ, қыпшақ, азгиши, түргеш сияқты тайпалардың, қалалар мен елді–мекендердің тізімін береді.
Ибн Хордадбехтың еңбегі халифаттың пошта қызыметінің мұрағат құжаттарына сүйеніп жазылған. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша автордың мәліметтері ҮІІІ ғасырға жатуы мүмкін.
Аль–Якуби (897немесе 905 жылы қайтыс болған) – араб тарихшысы, географ әрі жиһанкез. Толық аты– Ахмад ибн Абу Якуб ибн Джафар ибн Вадих аль–Катиб аль–Аббаси аль–Якуби. Бағдатта мемлекеттік қызметкер отбасында туған. Туған жылы белгісіз. Жасында Арменияда, кейін Хоросанда, өмірінің соңында Мысырда тұрады.
Хоросанда екі томдық «Тарих» атты кітабын жазды. Бұл араб тарих әдебиетінде әлем тарихына арналып жазылған алғашқы кітап еді. Алғашқы томы христиан тарихына арналады. Христос және оның апостолдары, кейбір патшалар Ассирия, Грекия, Мысыр елдерінің тарихы, Пайдалы қазба байлықтары, әкімшілік бөліктері, халқы және олардың әдет–ғұрыптары туралы жөнінде мәліметтер келтіріледі.
Кітаптың екінші бөлімі мұсылман елдері тарихына арналған. Еңбекте басқа авторларда кездеспейтін құнды мәліметтер бар. Әсіресе оның Китаб аль–булдан («Елдер туралы кітап») деп аталатын шығармасында қазіргі Қазақстан жерін мекендеген ру–тайпалар жөнінде құнды пікірлер айтылады. Якуби, басқа да араб ойшылдары сияқты географияға қатты қызықты. 891 жылы ол өзінің жоғарыда көрсетілген еңбегін аяқтады. Бұл еңбек бүгінгі күнге дейін толық жеткен жоқ. Сипатына қарай еңбек әкімшілік–географиялық анықтаманы еске түсіреді. Басқа араб авторлары сиқты ол аңыз–ертегілерден алған деректерді пайдаланбаған. Сондықтан да ол құнды. Мұнда жол маршруттары, бір өлке мен екінші өлке арасындағы қашықтық, пайдалы қазба байлықтар, оларды өндіру сияқты тақырыптарға тоқталады. Якубидің екі кітабындағы мәліметтер қайталанбайды, керісінше бірін–бірі толықтыра түседі. Якуби шығармалары Кембридж қолжазбасы бойынша XIX ғасырдың соңында жарық көрді.
Достарыңызбен бөлісу: |