Құрбанғали Халид–оғлы Аягози (1846 – 1913) – қазақ халқының тарихын, әдет–ғұрпын, ауыз әдебиеті мен мәдениетін зерттеуші. Әкесі Халид Ташкентте, Аягөзде, Қытай жерінде тұрған. Халиди жас кезінде Абдулхақ деген кісінің медресесінде оқып, тарих, география пәндерінен дәріс алады. Шәуешекке көшіп барған соң өзі де медресе ашып, татар, араб тілдерінен дәріс берген.1885 жылы Турфан қаласында ұйғырлардың өмірі туралы «Тарих и жарида–и жадида» деген кітап жазды. 1897 жылы Меккеге бара жатқанда Еуропаның көптеген қалаларында, араб мемлекеттерінде болған.
Құрбанғалидың тарихи еңбектерінің ішінен бізге белгілері 1889 жарияланған «Тарих–и джарида–йи джадида» (Жаңа тарихи жазбалар) және «Таварих–и хамсе–йи шархи» (Шығыстың бес елінің тарихы). Соңғысы 1910 жылы Қазандағы «Өрнек» баспасында жарық көрді. Бұл кітап 1992 жылы қазақ тіліне аударылды. Кітапта ұйғырлар, өзбектер, қазақтар, монғолдар, тағы да басқа халықтардың өмірі туралы жазады. Басым бөлігі қазақ халқының тарихы, этнографиясы, мәдениеті мен әдебиетіне арналған.
Кітапта қазақ тарихы көне, ортағасыр, жаңа дәуірлерге бөлініп қарастырылды. Көне және ерте ортағасырлар тарихын ол, жер бетінде адамзаттың пайда болуынан бастап тайпалар одағының қалыптасуына әкеледі. Деректердің әртүрлі топтарын пайдалана отырып Құрбанғали жер бетіндегі ұлыстардың шығуын, олардың жалпы белгілерін және ерекшеліктеріне тоқталады.
Ерте ортағасырлар тарихы «Тауарих хамсада» VІ–VІІІ ғғ. Аралығымен шектеліп, алғашқы түрік хандарының тарихына тоқталады. Кітапта этникалық этнонимдерге үлкен көңіл аударылған, «Монғол», «Татар», «Түрік», «Оғыз» атауларын түсінуге ұмтылыс жасалған.
Орта ғасырлар тарихы Алтын Орда мемлекетінің құрылуы, өркендеуі және ыдырауы процестеріне арналған. Бұл уақытты автор он төрт кезеңге бөліп қарастырған. Он төртінші кезең қазақ хандығының құрылуымен аяқталып, жаңа заман тарихы қазақ хандығынан басталады. Алтын Орда және оның ыдырауы нәтижесінде пайда болған мемлекеттер жөнінде толық баяндалады. Бұл дәуір туралы құнды деректер келтірілген. Әсіресе, Қазан, Астрахан, Сібір және т.б. хандықтар туралы бізге бұрын белгісіз мәліметтер бар.
Қазақ–қалмақ қатынастары, екі арада болған қарулы қақтығыстар мен бейбіт–келісім шарттары деректер негізінде баяндалады. Кітапта Абылай хан туралы да деректер бар. Оның ел билеудегі ерекшеліктері, оның айналасындағы тұлғалар, арғын руымен болған келеңсіз жағдайлар, оның қайтыс болуы, Түркістанда жерленуі, патша үкіметінің хандық билікті жоюға әрекет жасауы, Ғұбайдолла төңірегіндгі мәселелері сөз болады.
Құрбанғали Халидт қазақ тарихының отаршылдық заманы туралы шындыққа сәйкес материалдар береді. Өйткені ол өзі сол уақиғалардың куәгері болды. Орыс бекіністерінің салынуы,қазақ жеріне басқа ұлттар мен ұлыстардың қоныс аударуы, осыған байланысты туындаған жерге орналастыру мәселесі автор тарапынан дұрыс бағаланған. Мысалы ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстан жеріне Еділ бойы түркілері көптеп қоныс аудара бастайды. Осыған байланысты шала қазақ субэтносы пайда болады. Автордың пікірінше орыс әскеріне қызмет етуден бас тартқан татарлар қазақ қызына үйленіп, жұбайының тегін алуға тырысқан. Ол кезде орыс үкіметі қазақтан әскер алмайды екен. Сөйтіп олар және олардан туған балалар әскерге барудан құтылыпты.
Басқа тарихшылардан Құрбанғали Халидтың бір ерекшелігі – қазақ халқының этнографиясын, тұрмыс тіршілігін жан–жақты талдай отырып, Орталық Азияны мекендеген тайпа, рулардың көне, заманнан келе жатқан тарихына үңіледі. Оның қазақ халқына қатысы бар жерлеріне ерекше көңіл аударады. Зерттеудің басты ерекшелігі қазақ ауыз әдебиеті, рулар шежіресі, мәдени мұралар, халықпен бірге жасасып келе жатқан әдет–ғұрыптар, діни нанымдарды аса ұқыптылықпен тарихи дерек ретінде пайдаланады.
Құрбанғали Халид өз кітабында былай деп жазады: «Бұл халықтың тарихы жалпы ел аузында бар. Алайда, жекелеген жазба тарихтары мен естеліктері болмағандықтан, әркім әр түрлі пікір айтып, біреулер жаман ниет, арам оймен, енді біреулер тек мұқатуды мақсат еткен. Бағзылар тарихта анығырақ түсініктеме беруге білімдері жете тұра, оған мән бермеген. Нәтижесінде мағынасы анық ел тарихы баяндалмады. Осындай себептермен мен бар күшімді жұмсап, жиырма жылдан астам уақыт жиналған мәліметтердің қаймағын қалқып алып, осы кітапты жаздым» деп кесімді пікір білдірген.
Достарыңызбен бөлісу: |