Щерба́тов Михаи́л Миха́йлович (1733–1790) – орыс тарихшысы публицист, философ. Санкт–Петербург ғылым Академиясының құрметті мүшесі, Ресей академиясының мүшесі (1783). Өте ауқатты отбасыдан шыққан. Жасында жақсы білім алып, әскери қызметте болды. Отставкаға шыққаннан кейін әртүрлі мемлекеттік қызметте істейді.
Орыс тарихымен айналысты. Дворян тарихнамасының өкілі өзінің тарихи еңбектерінде дворян тобының мүддесін қорғайды. Көзқарасы жағынан – рационализмді және прагматизмді ұстанады. Провиденцилизмге қарсы. Щерба́тов М.М. археографиялық жұмыстармен айналысты. Ол көптеген деректерді пайдаланды. «Царственная книга», «Летопись о многих мятежах», «Журнал Петра Великого»сияқты деректерді іздеп тауып, оларды жарыққа шығарды. Орыс тарихына қатысты деректерді жинап, оларды бастыруға күш салды.
Дворян тарихшысы ретінде, соған сәйкес орыс тарихының схемасын жасайды. Оның пікірінше патшалық самодержавие Ресей үшін ең тиімді, ең ыңғайлы өзіне ғана тән мемлекеттік құрылым. Дворяндар боярлардың заңды жалғасы, орыс қоғамының іргетасы. Еңбектерінде дворяндар мен шаруалардың және патшаның бірлігі насихатталады. Щербатов орыс тарихын кезеңдерге бөлмейді, бірақ оның еңбегінің әрбір томы белгілі бір оқиғалармен басталып белгілі бір оқиғалармен бітеді. Оның жазған «История российская от древнейших времен» атты кітабы орыс тарихнамасының бір белесі.
Петр Иванович Рычков (1712–1777) Орыстың белгігілі тарихшысы, эканомисі, мемлекет қайраткері. Арғы тегі шетелдік, әкесі ХҮІІІ ғасырдың басында Ресейге кәсіп іздеп келген.
Жас кезінде неміс, голланд тілдерін, есеп–қисап мамандығын игереді. Соның арқасында Қазақ даласына аттанатын әскери–ғылыми экспедицияға бухгалтер қызыметіне орналасады. Алдымен И.К. Кириловпен, кейін В.Н. Татищевпен қызметтес болады. Бұл екеуі де қазақ даласының географиясы және тарихымен белсенді айналысқан тұлғалар. Осылардың тапсырмаларын орындай жүріп П.И.Рычков өзі де жаңа әрі ғылымға беймәлім өлкенің тарихына қызығады. Өз өмірінің 43 жылын осы жерде өткізген ғалым бірнеше еңбектің авторы болды, ұзын саны 50–ден асады.
Оның негізгі шығармалары «История Оренбургская» және «Топография Оренбургская» деп аталады. Өте бай деректер негізінде жазылған шығармаларда Орал тауының оңтүстік етегін, Қазақстанның солтүстік батысын мекендеген халықтардың тарихы, этнографиясы, шаруашылығы туралы мол мәліметтер бар. Әлбетте, ол өзі мүше болған Орынбор экспедициясы жөнінде толық ақпарат береді. П.И.Рычков кітаптарында жаңа өлкені отарлау процесін бүге–шігесіне дейін қалдырмай баяндайды.
Қамалдардың салынуы, орыстардың қоныс аударуы, егіншіліктің дамуы, келімсектермен жергілікті халықтардың қарым–қатынасы туралы жазғандары, Жайық орыс–казактарының пайда болуы, Жайық қалашығының салынуы сияқты мәселелер осы күнгі оқырмандарды да қызықтырары сөзсіз.
1741 жылы Рычков Орынбор шекара комиссиясынң жанындағы География департаментінің директоры болып тағайындалды. 1752 оның мұрындық болуының арқасында геодезистер тобы құрылды. Олар 1755 жылы Орынбор губерниясының Бас картасын және оған қосымша 10 карта жасады.
Осы карталарға қосымша түсіндірме ретінде «Топография Оренбургская» (бірінші бөлім – 1755, екінші бөлім – 1760). 1762 жылы еңбек Санкт–Петербургте академиялық журналда басылып шықты. Орыс география ғылымы үшін бұл еңбектің маңызы өте жоғары еді. Сол кездегі ең беделді М.В.Ломоносов, Г.Ф. Миллер сияқты ғалымдар жоғарғы бағасын берді.
Осымен қатар П.И. Рычков жаңа аймақты эканомикалық жағынан тиімді пайдалану үшін бірнеше мақалалар жазды. «О сбережении и размножении лесов», «О способе к умножению земледелия в Оренбургской губернии», «Описание урожая хлеба в Оренбургской губернии», «О содержании пчел», «О медных рудах и минералах, находящихся в Оренбургской губернии» тағы да басқа осы сияқты шығармалары Ресей журналдарына жарияланды.
П.И. Рычков бірнеше рет Ресей Академисына мүшелікке ұсынылады. Алдымен В.Н Татищев әрекетінен түк шықпады. 1758 жылғы Г.Ф. Миллердің талпынысы да сәтсіз аяқталды. Тек 1759 жылы М.В. Ломоносов араласып, сол жылдың 29–ыншы қаңтарында ол Ресей Академиясының мүше–корреспонденті болып сайланды. Оның шығармалары, әсіресе Қазақстан тарихы үшін, таптырмайтын дерек ретінде құнды.
ХҮІІІ ғасырдың екінші жартсында өмір сүрген белгілі тарихшы, дворян тарихнамасының өкілі Иван Никитич Болтин (1735–1792). Ғылымға кеш келді. Жас уақытында әртүрлі мемлекеттік қызметтер атқарып, өмірлік тәжрибе жинақтайды. Батыс Европа елдерінің тарихи–философиялық шығармаларымен танысты. Өзін В.Н. Татищевтің оқушысымын деп есептеді.
Тарихи процесстерге рационалдық, психологиялық прагматизм тұрғысынан қарады. Оның себеп–салдарлық негіздерін іздейді. Мұның өзі оны тарихи заңдылықтардың бар екендігін мойындауға мәжбүр етті.
Осы жылдары француз тарихшысы Леклерктің орыс тарихына арналған еңбегі жарық көрді. Леклерк Николай Гавриил (1726–1798) 1759 жылы император Елизаветаның шақыруымен Ресейге келген. Ол орыс тарихы бойынша материал жинап: "Histoire de la Russie ancienne et moderne" (1783–94) деп аталатын кітап жазған.
Осыған сын ретінде И.Н. Болтин «Примечанияна историю древния и нынешния России господина Леклерка» ( т.1–11,1788) деген екі томдық кітап жазды. Осыдан кейін ол М. Щербатов еңбегіне пікір ретінде «Критические примечания генерал–мойора Болтина на первый» том «Истории» князя Щербатова. (СПб., 1793) деп аталатын кітабын жариялады. Екі кітаптан да біз И.Болтиннің тарихи көзқарасын анық көреміз. Ол тарихи құбылыстарға философиялық қорытындылар жасау, сыни интерпретация мәселелеріне көңіл бөледі. Ол тарих ғылымының мақсаты мен бағдарын анықтайды. Ғылыми–зерттеу жұмыстарына қатаң талап қоя білді. Бріншіден, жұмысты жазбас бұрын оған мұқият дайындалу қажет. Деректер корпусының толықтығы және оларды пайдалану әдістерін меңгеру. Екіншіден, тарих ғылымының арнаулы салалары болып есептелетін тарихи география және этнография ғылымдарының зерттелуін жолға қою. Үшіншіден, тарихи деректерді дұрыс ғылыми синтездеу ғылыми шығарманың жай ғана баяндау немесе көркем әдебиеттен айырмашылығын көрсетеді. Сонымен орыс тарихнамасында Болтин алғаш рет деректерді талдау мәселесін көтерді.
И.Н. Болтин барлық халықтардың даму заңдылықтарының бір екендігі туралы прогрессивті идеяны қолдады. Сөтіп ол ғылымда тарихи–салыстырмалы әдісті пайдалануды ұсынады. Оның тарихи көзқарасының прогрессивтілігі сол кездегі Европа ғылымын толық игеруінде еді.
XҮІІІ ғасырың екінші жартысында қоғамдық өмірде діннің рөлі төмендей бастады. Европа ойшылдарының алдыңғы қатарлы ой–пікірлері, өндірістік қатынастағы өзгерістер, Европа тарихнамасындағы жетістіктер Ресейде жаңа тарихи туындылардың пайда болуына әсерін тигізді.