16. Ғ.Мүсірепов ана туралы әңгімелері. «Ұлпан» романы Ананың анасы — Ғабит Мүсіреповтің 1933 жылы жазған ана құдіреті тақырыбындағы әңгімелерінің бірі. Ананың анасы әңгімесінің негізгі мазмұны - ел арасына кең тараған аңыздан алынған. Мұнда елді шауып, жазықсыз жас қызды зорлап алып бара жатқан батырды қыз анасының сөзбен тоқтатып, жеңгені, сөйтіп, оның қызын жау қолынан азат етуі баяндалған. Шығарманың мазмұны, Әйтілес ақсақалдың «етектей сақалын балуан саусақтарымен салалап тарап» қойып өткен өмір оқиғасын баяндауынан басталады. Әңгімеде намысқа шабар білегі, әділетті таныр жүрегі бар, бірақ ел әкімдерінің алдауына түскен аңғал батыр Жалпақ балуанның Бала бидің қолшоқпары болуы, жүрегін жарып шыққан қызының тағдырына шырылдап арашашы бола білген абзал ананың өжеттігі айтылады. Шығармада ананың жарық дүние сыйлаған баласына деген махаббаты, содан туындайтын ана бойындағы күш-қуат, ізгілік, адамгершілік қасиеттер бейнеленеді. Ананың құдіреті баяндалады.
Ұлпан-Шығарманың оқиғасы – ХІХ ғасырда қазақ даласында болған тарихи шындықтарға негізделген. Романдағы бас кейіпкер Есеней - қалың Керей-Уақтың билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы биі, атақты байы. Ол Шыңғыспен партиялық сайлауда таласса, тең түсетін өткір сөзді, алып денелі, қара нар іспеттес қайраткер. Жасында жауынгер, найзагер батыр да болған. Кенесарының қалың қолымен кескілескен ұрыста ерлік көрсеткен, екі жүз сарбазын тұтқындап стапқа өткізген, кейін жараланып, орыс-қазақтары дәрігерлерінің көмегімен ажалдан аман қалған.
Ол қалың жылқысын өзінің жауынгер досы, бүгінде аяқ қолы топ болып қалған Артықбай батырдың жайылымына байқамай қаптата жайып келе жатқанда оның алдынан ерекше киінген кесек тұлғалы, батырдың қызы Ұлпан қарсы шығып, Есенейді еселі сөзбен жеңіп, айып төлетеді. Есеней оны ұл бала деп ойлайды. Ол бұдан он үш жыл бұрынғы әкесі Артықбай батырдың үйінде Есеней намаз оқып отырғанда еркелеп мойнына асылып, «Мен түйеге мініп кеттім! Әке, сен үйде қалдың!» деп маза бермейтін қара қыз. Бүгінде аңшы, құсбегі, жылқышы болып ат құлағында ойнап өскен батыр қыз. Оның екі баласы бір күнде шешектен өлген, бүгінде елуден асып, ел ағасы болған еңсегей бойлы Есеней бір балаға зар болып жүріп, өзінен қырық жас кіші қара торы өткір қыз Ұлпанға ғашық болады, Ұлпанды екінші әйелдікке алады.
Айналасы он-он бес жылда Ұлпан дүйім елді билейтін ақылды ана болады. Бүкіл Торғай уезіне Есенейдің аты Ұлпанның атымен қатар жайылады. Ұлпанның шалы Есеней тоғыз жыл топ болып жатып қайтыс болады. Одан қалған жалғыз қызы Біжікенді Ұлпан Торсан деген пысық жігітке үйлендіріп, қолына күшік күйеу етіп енгізіп алады. Біжікен жүкті болып, толғатар алдында қайтыс болады.
Біжікеннің өлімінен кейін Торсан Есенейден қалған мал-мүлікті пайдаланып, ағайын-туғандарымен араздасып, Ұлпанды «отырса — опақ, тұрса — сопақ» етеді. Қорлыққа шыдай алмаған ер мінезді Ұлпан: «Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін»,—деп қарғап, бір түнде у ішіп өледі. Ел анасы болған Ұлпанның қарғысына ұшыраған Торсанның үлкен ұлы Шоқан болыс әкесінің зұлымдығына шыдай алмай өзіне-өзі пышақ салып өледі. 1920 жылы кеңес үкіметі кезінде Торсан өліп, балалары қаңғып кете барады да, Торсанның шаңырағы шайқалып ортасына түседі. . Ұлпан өлгеніне жетпіс бес жыл болған нағашы атасы Сырым батырға әнші, күйші, домбырашы, палуан, атбегі адамдарын ертіп, Сыр бойына айғыр үйір жылқы айдап барып аза тұтып, асын бергізеді. Осы астан кейін жиырма бес жыл өткенде (1906 ж. шамасында), Орынбор — Ташкент темір жолы салынған кезде, «Ұлпан ас берген көл» жағасынан өткен темір жол стансасының атын «Ұлпан» атайды (Шалқардан кейінгі стансия). Романның ерекшеліктерінің бірі - қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болуы.