4.7. Палуандардың салмақ дәрежелері.
Күресте салмақ зор рөл атқарады. Палуан жарыс кезінде өзіне тән салмаққа үйренеді. Алайда жаттығу кезінде палуандар әр қилы салмақтағы жігіттермен жиі күресетіні абзал. Бұл аса пайдалы тәсіл. Ал жаттықтырушы көбнесе, өзінің шәкірттерінің салмақ дәрежелерін жарыс алдында, яғни жаттығу кезінде хабардар етеді.
Жарысқа қатысушылар ерекшеліктері бойынша төмендегідей топтарға бөлінеді.
жеткіншектер (12-13 жас)
жас өспірімдер (14-17 жас)
жастар (18-19 жас)
ересектер (20 жастан жоғары)
Келісілген осы топтар бойынша салмақ дәрежелері көрсетіледі. Біз төменде қазақша күресте кездесіп салмақ дәрежелерін келтіріп отырмыз.
Жекіншектер тобы
26 кг.
29 кг.
32 кг .
36 кг.
42кг.
46 кг.
51кг.
57 кг.
64 кг.
73 кг.
+73 кг..
Жасөспірімдер тобы
1. 32 кг .
2. 36 кг.
3. 42 кг.
4. 46 кг.
5. 51кг.
6. 57 кг.
7. 64 кг.
73 кг.
81 кг.
+81 кг.
Жастар тобы
1.54 кг .
2. 60 кг.
3. 66 кг.
4. 74 кг.
5. 82 кг.
6. 90 кг.
7. +90 кг.
Ересектер тобы
1.54 кг .
2. 60 кг.
3. 66 кг.
4. 74 кг.
5. 82 кг.
6. 90 кг.
7. +90 кг.
8. Түйе палуан
Жарыс басталғанда бір салмақ дәрежесінде бәсекеге түскен палуан жарыс аяқталғанша осы салмақ дәрежесі бойынша белдесулер өткізуі керек. Жарысқа қатысушы палуандардың салмағы келесі күні күрестің салмақ дәрежесінен асып кетсе, палуан жарыстан шығып қалады және де жекелік, командалық орын есептелінбейді.
Сонымен қатар қазақша күресте палуанның палуаны болады. Халқымыз мұндай палуандарды «Түйе палуан» деп атайды. Бұл құрметті атақты жеңіп алу, жарыстың соңғы күні өткізіледі.
Жарыстарға қатысу тактикасы. Жарыстардағы тактика ең жақсы нәтижеге жету үшін палуанның (команданың) барлық мүмкіндіктерін шебер пайдалануға саяды.
Жарыс қарсаңында әрбір кездесудің мақсатын, жан-жақты дайындықты, күрестің техникалық және тактикалық құралдарын барынша тиімді пайдалану жолдарын анықтайды. Сонымен қатар сол жарыстың ерекшеліктерін (масштабын, сипатын, өткізу жағдайын) және нақты жағдайды ескереді.
Тіпті сипаты жағынан бірдей жарыстардың өзінде де палуанның тактикасы әр түрлі болады, өйткені ол түрліше жағдайға қарай жасалады. Сонымен бірге палуанның тактикалық әрекеттерінде бірдей жағдайлар да болады.
Турнир басталғанға дейін палуан жаттықтырушымен бірге айқастардағы мақсаты мен жарыстардағы міндеттерін анықтап алады. Салмағын өлшеп, жеребе тартып болғаннан кейін спортшы жарысқа қатысушылардың саны және турнир таблицасында кімнің нөмірі қандай екендігі жайында мағлұматтар алады. Алты айып ұпай алғаннан кейін шығып қалатын етіп ұйымдастырылған жарыстарда бұл мағлұматтар турнирде белгілі бір орын алу үшін палуанның шамамен неше айналымнан өтуі тиіс екендігін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол алғашқы екі жекпе-жекте кіммен кездесетінін, бір-екі айқаста өзінің қарсыласы кім болатынын біле алады.
Палуанның жарыста алға қойған мақсаты әрбір жеке айқастарда көрініс табуы тиіс. Сондықтан алдын-ала жасалған жоспарында, жарысқа қатысудың тұтас мүддесіне орай, ол қандай айқасты таза жеңіспен немесе артықшылықпен аяқтайтынын белгілейді немесе ұпаймен жеңу міндетін алдына қояды.
Әрбір салмақ категориясындағы жарысқа қатысушы спортшылар саны көп (шамамен 25 адам және одан да артық) жарыстарда палуанға финалға шығу үшін (алты айып ұпай алғаннан кейін турнирден шығып қалатын жағдайда) әдетте, кілемге ең кемі алты рет шығуға тура келеді. Мұндай жағдайда қарсыластарына техника жағынан едәуір басым түсуге болады, бірақ белдесулерде тек қана ұпай бойынша жеңіске жетсе, бірінші орын ала алмай қалады. Сондықтан палуан ең кемі бір белдесуде басым түсіп, таза жеңіске жету үшін барлық мүмкіндігін пайдалануы тиіс. Егер палуан алдағы жекпе-жекке дейін бір немесе бірнеше кездесу өткізіп, айып ұпай алып қалған болса, емді осы белдесуде жарысты әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік беретін нәтижеге жетуді жоспарлауы тиіс. Мысалы, 4 айып ұпайы болса (алты ұтылыс ұпайын алғаннан кейін шығып қалатын жарыстарда), палуан бұл жолы ең кемі ұпай санымен жеңіске жетем деп жоспарламаса болады. Бес айып ұпайы болса, палуан тек қана таза жеңіске жетуге ұмтылады. Бірақ бұл екі жағдайда да ерекшелік болуы мүмкін. Мысалы, егер бәсеке финалға шығу үшін немесе турнир кестесіндегі жақсы орын үшін өткізілетін болса, палуанды жоғарыда айтылғандағыдан төмен нәтиже де қанағаттандыра алады.
Өзінің бәсекелестері кездесу өткізгеннен кейін кілемге шығатын палуанға айғағы жекпе-жектің мақсатын анықтау оңайға түседі. ндаіл артыңшылыңтың финалға шығу алдындағы үлкен бәсеке үстіндегі, сондай-әң тікелей финал кезіндегі пайдасы мол.
Турнир кезінде үлкен салмақ түсетінін ескеріп, палуан басы артық күш жұмсаудан, сондай-ақ жүйкесін шаршатудан аулақ болғаны жөн. Бұл үшін әрбір айқас кезінде күшін дұрыс жұмсаудың, жарыс кезінде палуанның өзін-өзі ұстауының және жұмсаған энергиясын қалпына келтірудің ролі зор. Егер палуан жарыс кезінде өзін-өзі дұрыс ұстамаса, атап айтқанда, режимді сақтамаса, айқас арасындағы үзілістерде демалмаса, оның жақсы нәтижеге жетуі қиын.
Матчтың, жеке біріншілік және команданың жарыстарда палуан жеңілетін жағдайда болса (оның балл бойынша қандай айырмашылықпен жеңілетінінін маңызы жоқ, тек қана жеңіске жетуі керек болғанда), ол барынша батыл және тайсалмастан шабуылға шығуы өзіне қауіп төнетін қимылдарды да жасауы, жеңіске жетудің қандай мүмкіндігін болса да пайдалануы тиіс.
Сыр білдірмеу. Сыр білдірмеу дегеніміз палуанның қарсыласынан өзінің пиғылын жасыру үшін оның барлау жүргізуіне кедергі келтіріп, сөйтіп өзінің даярлығы жөнінде жаңылыста болуын қамтамасыз ететін тактикалық әрекеті.
Палуан өзінен әлсіздеу қарсыласымен кездескенде (егер ол күшті бәсекелесімен кездесуге дейін өтетін болса) аса қажет болмаса күшті қарсыласын жеңу үшін қолданам деп жүрген техникалық мүмкіндіктерін көрсетпеуі тиіс.
Сондай-ақ, қарсыласының алдында ол соны пайдалынып кетпеуі үшін, өзінің қандай күйде екенін білдірмеуі керек. Жағдайлық және айқастағы тактикалық ойдың өзгеруіне байланысты өзінің шаршағанын сездірмей, күші әлі де мол екенін білдіретін дең сергектік көрсетуі немесе кез келген сәтте шабуылға шығатынын сездірмеу үшін сылбырлық танытып тез шаршайтын болып көрінуі қажет болады.
Қарсыласына білдірмей сырын жасыру көбінесе палуанның тапқырлығына, байқағыштығына және тәжірибесіне байланысты. Сыр жасырудың бір амалы мен әдісін ұдайы қолдана берсе, оның ойын қарсыласы оңай тауып алады. Сондықтан палуан сыр жасыру өнеріне үлкен мән беріп, оны үнемі жетілдіре бергені дұрыс.
Барлау. Жарысқа жақсы даярланып, табыспен күресудің негізгі шарттарының бірі сол жарыстың ерекшеліктерін, сонымен қатар болашақ қарсыластарының шеберліктерін жақсы білу болып табылады.
Қарсыластары және жарыс жайлы деректерді палуан алдын-ала және тікелей айқас кезінде жүргізетін барлаудың нәтижесінде алады.
Жарыстың ерекшеліктері туралы мәліметтер. Алдағы жарыс туралы ережелермен алдын-ала танысып, палуан оның мақсатын, масштабын, сипатын (турнирлік немесе матчтық), өткізу жағдайын (2 рет жеңілгеннен кейін шығып қалу немесе айналым жүйесі), есеп жүргізу ерекшелігін, жарыс уақытын және өтетін жерін біледі.
Осы деректерді білген соң палуан жарысқа мұқият даярлану жоспарын жасай алады. Мысалы, жарыс масштабын (ерікті спорт қоғамының біріншілігі, қалалық, республикалық, т.с.с. біріншілік), өткізу әдісін және оған кімдердің қатысуына рұқсат берілетінін білсе, жарысқа қатынасатындардың саны мен сапалық құрамын анықтап, ең қауіпті бәсекелестерінің ішінде кімдер болатынын болжауға болады.
Қарсыласы туралы мәліметтер. Осылар қарсылас болады-ау деген спортшылар жайында палуанға неғұрлым көбірек белгілі болса, жарысқа ол соғұрлым жақсырақ дайындала алады. Қарсыласы «жөніндегі тіпті аз мәліметтің өзі де оның шеберлігі жайлы хабардар болуға мүмкіндік береді.
Қарсыласы жөніндегі мәліметті спортшы күні бұрын және тікелей жасау арқылы алады. Алдын-ала барлау жасау үшін баспасөзді оқиды, спортшымен кілемде кездесіп немесе бақылап, білетін адамдармен әңгімелеседі.
Болашақ қарсыластарының техникасы мен тактикасын алдын-ала зерттеудің маңызды құралдарына ойын, қатынасқан жарыстары кезінде түсіріп алынған кино және фотоматериалдар жатады.
Кілемнің шетінде күресу тактикасы. Көпшілік жағдайда тактикалық жағынан алғанда белдесуді палуанның қарсыласы кілем шетіне жақын және оған арқасымен тұратындай етіп жүргізген дұрыс болады. Оның себебі мынада. Кілем шетіне арқасын беріп тұрған қарсыласы бірқатар дәрежеде сенімсіздеу болады, оған әдіс-айла қолдану, жалтарып кету қиынырақ соғады. Оны былай қойғанда ондай спортшының тәсіл қолдану әрекеті зая кетуі мүмкін, өйткені спортшының екеуі де кілемнен шығып кетеді.
Сонымен қатар палуанның қарсыласы кілем шетінде тұрса, оның қолайлы орын алуға, сөйтіп еңкейіп, арқадан асырып лақтырған кезде кілемнен шығып кетпеуге тырысып жұмсаған күшін өз пайдасына жаратуға мүмкіндік туады.
Қарсыласын кілемнің қолайсыз жеріне тұрғызып, өзі ондай жағдайдан аулақ болуы үшін жақсы жалтарып, тез бұрылып кете алатын болуы керек. Бұл үшін тәжірибелі спортшылар жиі қолданатын мынадай әрекетті ұсынуға болады.
Қарсыласынан қашық тұрған күйінде 1 спортшы шеңбер бойымен жылжығандай қысқа адымдап, кілемнің ортасына бара 1 береді, бұл кезде ол қарсыласына қарсы қарайды.
Күрес тактикасын зерттеу және жетілдіре түсу. Палуанның тактикалық жағынан даярлануы техникалық әрекеттерді, айқастарды жүргізудегі, сондай-ақ жарыстарға қатынасқандағы білімдарлығына, шеберлігіне және дағды алуына саяды.
Спортшы күрес тактикасын спорттық жаттығу принципіне сай ұдайы зерттеп, жүйелі және дәйекті түрде жетілдіріп отыруы тиіс.
Тактиканы игеріп, жетілдіру жолында жұмыс істегенде жаттығушылардың сол материалдың мәніне қаншалықты терең бойлағандығының маңызы үлкен. Сондықтан тактикаға үйреткенде жаттығушылардың творчестволық белсенділігі мен инициативасын ұдайы арттыру, өзінің әрекеттерін сын көзбен және бүге-шігесіне дейін талдау, тактикалық тәжірибесін тұжырымдау қабілетін дамыту қажет. Егер палуан тапсырманы ойланбай орындай салатын болса, белсенділік және инициатива көрсетпесе, бұрын жинақтаған тәжірибесін пайдаланбаса, ондай спортшыдан ештеңе шықпайтындығында сөз жоқ. Мұндай палуан тапқырлық көрсете алмайды, күрделі тактикалық міндеттерді өз бетінше шешуге оның қабілеті жетпейді.
Өзі жоспарлаған әрекеттерінен қандай болса да ауытқыса (ал мұның өзі жарыста жиі болады), спортшы саса бастайды, қиын жағдайдан амал тауып шыға алмайды, сөйтіп жеңіліп қалу қаупіне ұшырайды.
Инициативасы мол, творчестволық оймен қимылдайтын палуан тез арада тактикалық тәжірибе жинақтап, оны ұдайы байыта береді.
Егер жаттықтырушы палуанды оның өресі жетеді деген барлық жағдайда да өз бетінше шешім қабылдай алатындай етіп үйретсе, егер оны айқаста және жарыстарда кездесетін қиын жағдайлардан өз бетінше жол тауып шығуға баулыса, ондай спортшының творчестволық белсенділігі артып, шеберлігі шыңдала түседі. Осы мақсатпен спортшының өз бетінше жұмыс істеу формасын (әдебиеттерді оқу, үйде әр түрлі тапсырмаларды орындау) кеңінен қолданған жөн.
Сонымен қатар жаттығуы, жарыстарға қатысқандығы жайлы күнделігіне жазып жүруге үйретіп, дағдыландыру керек.
Егер сабақ кезінде оқулық фильмдер, сондай-ақ жеке жарыстар хроникасы, кинограмма, т.с.с. пайдаланылатын болса, тактиканы игеру және жетілдіре түсу едәуір оңай болады. Сондай-ақ жарыстарға көрермен ретінде қатысу, аса күшті шеберлердің жаттығуын көру де едәуір пайда береді. Осының барлығы палуанға әр түрлі техникалық және тактикалық әрекеттерді тереңірек талдауға, сөйтіп оны бүге-шігесіне дейін білуге, ол жөніндегі өзінің түсінігін кеңейте түсуге мүмкіндік береді.
Тактикалық даярлықтың әр түрлі әдістері мен құралдарын жаттығып жүргендердің жеке басының ерекшеліктерін ескере отырып пайдаланғанда ғана палуандардың қажетті қабілеттерін дамытуда жетістікке жетуге болады. Жаттықтырушының палуанға қоятын талабы оның мүмкіндіктерімен ұштастырылуы тиіс. Бірдей тапсырманы бір спортшының орындауға күші жетуі, ал екінші спортшы оны орындай алмауы мүмкін, Қандай тапсырма болса да жеткілікті дәрежеде қиын болуы керек, бірақ оны спортшы орындай алатындай болуы тиіс.
Әрекеттерді жеңіл жағдайда орындап жүріп, асығыстық жасап, бірден ауыр жағдайға көшіп кетсе (әсіресе, палуан әлі жеткілікті үйренбеген болса, әрі жарысқа түсіп дағдыланбаса), спортшының материалды игеруіне елеулі нұқсан келеді. Сондықтан сабақтарда тактикалық міндеттердің оңайынан бастап бірте-бірте қиындата беру ережесін сақтауға жәна әр палуанның жеке басының ерекшеліктерін ескеруге көңіл бөлу қажет.
Оқу-жаттығу кезінде алған білімін, шеберлігін және дағдысын жақсы игеріп кетуіне ұдайы көңіл аударып отыру керек. Бұл үшін палуан игерген материалды әр түрлі жағдайда сан рет қайталауы тиіс.
Сабақтарды ұйымдастыру формасы. Күрес тактикасын палуан практикалық және теориялы сабақтарда оқып үйренеді.
Практикалық сабақтарға мыналар кіреді: оқу-жаттығу, күрестен жаттығу және бақылау сабақтары, таңертең бой жазу, сондай-ақ жарыстарға қатынасу. Бұл сабақтардың әрқайсысының өзінің тактикалық бағыты болуы ықтимал.
Оқу-жаттығу сабақтары ең алдымен күрес тактикасынан жаңадан білім алып, шеберлікке үйреніп, дағдылануға бағытталады. Бүгін сондай-ақ, бұдан бұрын игерген тактикалық әрекеттерді жетілдіре түсу, оны орындаудағы кемшіліктерді түзету де жатады. Мұндай сабақ бақылау үшін жүргізілген немесе жарыстарда өткізілген айқастарды практикалық жағынан түгелдей немесе ішінара жалдауға арналуы мүмкін.
Жаттығу сабақтарының негізгі мақсаты — жарыс жағдайына жақын жағдайда палуанның тактикалық шеберлігін жетілдіре түсу. Арнайы жаттығу және айқас арқылы спортшылар өздері жақсы көретін тактикалық амалдарды қайталап, жарысқа тән әр түрлі жағдайда әр түрлі қарсыластармен кездесуде болуы мүмкін күрес тактикасын шыңдай түседі.
Бақылау сабақтары палуанның жарыстарға даярлық дәрежесін анықтау, оның тактикалық даярлығындағы жақсы жақтары мен кемшіліктерін білу мақсатында өткізіледі. Ондай сабақтар жарыс жағдайына барынша жақындатылған жағдайда өткізілуі тиіс. Сондықтан оны басқа коллективтердің палуандарымен бірлесіп өткізген пайдалы.
Жарыстарға қатысуды практикалық сабақтардың аса маңызды түрлерінің бірі деп есептеу қажет. Тек сол жерде, күрделі жауынгерлік жағдайда ғана палуанның оқу-жаттығу, жаттығу сабақтары кезінде күрес тактикасынан алған білімі, шеберлігі, дағдысы одан әрі шыңдала түседі. Масштабы, сипаты әр түрлі жарыстарға қатыса отырып, палуан тактикалық тәжірибесін толықтырып байытады, сондай-ақ өзінің қарсыластарын іс жүзінде біледі.
Сондықтан кейбір жарыстарда палуанның эксперимент жүргізіп, өзіне қолайлы деген тактикасын үйренуін де көздеу қажет.
Ертеңгілік бой жазу да (ертеңгі жаттығу) палуанның тактикалық даярлығы ұшталуына көмектеседі. Бұл үшін мұндай даярлықтың екінші бөлімінде әр түрлі тактикалық амалдарды игеріп, одан әрі жетілдіре түсуге арналған арнайы жаттығулар жасап, оны екінші палуанмен қосыла орындаған дұрыс.
Теориялық сабақтарға мыналар жатады: күрес тактикасы жөніндегі әңгімелер, лекциялар; жарыстар және жаттығулар жайлы көрнекі үгітті (плакаттарды, кинограммаларды, оқулық кинофильмдерді, т.б.), қарап талдау; болашақ қарсыластың шеберлігін талдау, арнайы әдебиетті өз бетінше оқу; негізгі бәсекелестерге спорттық мінездеме жасау жөнінде үйге берілген тапсырмаларды орындау, сондай-ақ белгілі қарсыласпен айқасудың тактикалық жоспарын жасау, т.с.с.
Теориялық сабақтың беретін пайдасы мол. Сол арқылы спортшылар тактикалық әрекеттердің маңызын терең түсінеді, тактикалық ойлау қабілеті артады.
Теориялық сабақтар мазмұнды әрі қызықты болуы тиіс. Түсіндіріліп жатқан материал практикадан алынған сенімді, әсерлі мысалдармен, сондай-ақ көрнекі үгітпен көрсетіліп отыруы тиіс. Жеке жағдайларды практика жүзінде көрсету де керек. Оны жаттықтырушы немесе сол әдісті жетік білетін палуан орындап бере алады.
Палуанның шеберлігінің арта түсуі және олардың жарыстарда жеңіске жетуі қарсылас болуы мүмкін палуандардың шеберлігін талдауға арналған теориялық сабақтардың, жарыстарды талдауға арналған тағы басқа сабақтардың сапасына байланысты.
Тапсырма беру әдісі-дегеніміз палуанның қандай да болмасын тактикалық тапсырманы орындап тұруы. Соның арқасында ол белгілі бір тактикалық әрекеттерді игеріп кету жолында, тек сол мақсатта жатпай-тұрмай жаттығу жасайды. Бұл әдіс жаттығу кезінде де, жарыстарда да қолданылуы мүмкін.
Оқу-жаттығу процесінде тапсырма беру әдісі жаттығушы палуан үшін де, онымен бірге жаттығушы спортшы үшін де пайдаланылуы мүмкін. Әсіресе, осы жағдай үшін жаттығушы қарсылас табу қиын болған кезде осы әдісті пайдаланған жөн. Сонда жаттығушы қарсыласқа тиісті тапсырма беріп, кемшіліктің орнын толтыруға болады. Мысалы, палуанның айқастың басында шешуші әрекеттер жасап, содан соң қорғанысқа көшетін қарсыласпен күресу үшін керекті тактиканы игеріп, жетілдіруі керек болса, ал мұндай ерекшелігі бар палуан табылмаса, онда жаттығушы қарсыласқан тап осындай тапсырма беріледі.
Тактикалық тапсырмаларды жаттығушы қарсылас қандай тапсырма алғандығы тек бір палуанға немесе барлық палуанға белгілі болған жағдайда да немесе жаттығушы қарсыластық қандай тапсырма алғаны ешбір палуанға белгісіз болған жағдайда да орындай беруге болады.
Тактикалық тапсырманы тек жаттықтырушының өзі беріп отыруы шарт емес. Палуанның өзі де алдына қандай мақсат болса да қойып, оны айқас кезінде орындау үшін жаттыға алады.
Ерекше көңіл белгілеу амалы дегеніміз тактикалық әрекеттерді орындағанда жаттығушының сол әрекеттің жеке бөлігін атқаруға ерекше көңіл бөлуі. Егер палуан бір мезгілде бір емес бірнеше әрекетті жетілдіретін болса, онда ол оның жеке бөліктеріне емес, қандай да болмасын бір тұтас әрекетке ерекше көңіл аударуы мүмкін.
Тоқтату амалы — жаттығушының орындап жатқан әдісін бақылап тұрған жаттықтырушы шартты белгі (алақан соғу, ысқыру немесе «тоқта» деп дауыстау) арқылы палуанның және онымен жаттығу өткізіп жатқан қарсыласының қимылын тоқтатады. Жаттығушы мен оның қарсыласы белгі берілген кездегі дене қимылын тоқтатқаннан кейін жаттықтырушы осы нақты жағдайды талдап, жіберілген кемшіліктерді көрсетіп, мұндай жағдай жарыс кезінде бола қалса, не істеу керектігін түсіндіреді.
Тоқтату әдісі жаттығып жатқан палуанға қатесіне іс жүзінде көз жеткізуге, бұл әрекеттің тұтас алғанда қалай орындалатындығын анық түсінуге мүмкіндік береді. Бұл методикалың әдіс палуан тактиканы жаттығулар арқылы, жаттығушы қарсыласымен бірге немесе оқу-жаттығу айқастары кезінде үйренгенде қолданылуы мүмкін.
Ұмыттыру әдісі. Бұл әдісті қолданғанда палуанға оның жіберетін қатесін түзеттіру үшін әрекетті әдейі ережедегіден өзгеше орындау жөнінде тапсырма беріледі. Мысалы, палуан қолынан тартып түсіру әдісінен аяқпен қағып түсіру әрекетіне ерте кірісіп кететін болса және бірнеше рет көрсеткеннен кейін сол қатесін қайталай берсе, оған бұл әрекетті орындауға қажет болған кезден гөрі кешірек кірісу жөнінде тапсырма берген пайдалы. Техникалық әрекеттерді жүзеге асыру жөніндегі тактиканы оқып үйрену және жетілдіре түсу ісі техниканы игеру және жетілдіре түсу ісімен тығыз байланысты жүргізіледі.
Егер палуан жаңа әдіс үйренетін болса, онда оны орындау тактикасы мынадай ретпен игеріледі:
үйренетін әдісті орындаудың тактикалық алғы шарттарымен танысу;
күрес жағдайына барынша сай келетін қолайлы кезде әдісті орындау;
тактикалық даярлықтың қолайлы жағдайларының амалдарын игеру;
әдісті оның техникалық құрылымының кейбір детальдарын тактикалық тұрғыдан өзгертуді талап ететін жағдайда орындау. Осы әдісті орындаудың тактикалық шеберлігін одан әрі игеріп, жетілдіре түсу процесінде жоғарыда келтірілген орындау ретін сақтау міндетті емес.
Сабақтың негізгі бөлігінде қандай да болмасын техникалық әрекеттерді үйренуге кіріскенде оқытушы оның күрес жағдайында калай орындалатынын да, сондай-ақ жайлап орындап та көрсетеді, жаттығушыларды оны орындаудың тактикалық алғы шарттарымен таныстырады. Сонымен қатар ұстаз бұл әдісті (жеке басының ерекшеліктері) қандай қарсыласпен күрескенде орындау оңай екенін айтып, оның қандай тактикалық мақсатқа арналатынын және оны орындау үшін айқасу кезінде көбінесе қандай жағдай қолайлы болатындығын түсіндіреді.
Бұдан соң оқытушы қолайлы жауынгерлік (айқас кезіндегі) жағдайда ол әдістің қалай орындалатынын көрсетіп, соңынан оны баяу орындап үйретеді. Бұл әдісті өте жақсы меңгерген кілем шеберлерінің есімін де атап кетеді.
Егер жаттығушылар ең жақсы палуан орындаған осы үйреніп отырған әдіс түсірілген фотосуреттерді, кинопрограммаларды көретін болса, тіпті жақсы.
Түсіндіріп және көрсетіп болғаннан кейін, оқытушы жаттығушыларды шамамен салмақтары сай келетіндей етіп екі-екіден бөліп, кезекпен үйренетін әдісті бірнеше рет орындатқызады. Бұл кезде қарсы жақ ешқандай амал қолданбай тек тұрады. Ал жаттықтырушының өзі бұл кезде палуандардың қимылын қадағалап, олардың жіберген қателіктерін қалай жөндеу жайында ескертулер жасайды. Мұндайда ол тоқтату немесе ерекше көңіл бөлгізу сияқты методикалық әдістерді кеңінен пайдаланады.
Жаттығып жатқан барлық топқа тән бір-екі қатені байқағаннан кейін жаттықтырушы оларды тоқтатып, әдісті қалай дұрыс орындауға болатындығын қайтадан көрсетеді. Әрине, ол сонымен қатар өзінің қимылын сөзбен де түсіндіріп тұрады.
Бұдан соң жаттығушылар жаңағы әдісті қайталап орындайды, ал жаттықтырушы оларды бақылай жүріп, ескерту жасап, түзетіп, тапсырманы дұрыс орындап шығуларына көмектеседі.
Бір орында және қарсыласпай тұрған спортшымен бұл әдісті орындауды игеріп алған соң жаттықтырушы тағы қайталап түсіндіріп, көрсеткеннен кейін палуандар оны қолайлы жағдайда қозғалыс кезінде орындауды үйрене бастайды.
Әуелгі кезде палуанның жаттығудағы қарсыласы спортшы әдісті бір орында тұрғанда да, қозғалғанда да әбден көріп алып, содан соң асықпай орындай алатындай жағдай туғызады, яғни әдісті ол ұзақ уақыт бойы орындайды. Содан соң палуанның игеруіне қарай оның жаттығудағы қарсыласының оған қолайлы сәт туғызу уақыты азайтыла береді. Ең соңында жаттығушы қолайлы сәтті тез аңғарып, әдісті дер кезінде қолданып үлгеретіндей халге жетеді.
Жаттығудағы қарсыласымен бір орында да, қимылдап жүрген кезде де осы тәсілді қолайлы сәтін тауып қолданатындай болғанда палуан оны оқулық айқаста да орындауды үйреніп, жетілдіре түседі. Бұдан әрі оқу-жаттығу, жаттығу және жарыс кезіндегі айқастарда жоғарыда айтылған әдіс жетілдіріле түседі.
Оқу-жаттығу бәсекелесінде қолайлы жағдайда әдісті қолдануды игеріп алғаннан кейін палуан қарсыласына тікелей күш жұмсап, оны осы әдісті өзінің қолдануына ыңғайлы күйге түсірудің ең оңай тәсілін үйренуге кіріседі. Ондай тәсілді үйреніп болған соң қарсыласы қимылмен жауап беретін болған күннің өзінде де әдісін қолдануға мүмкіндік алуына қолайлы жағдай туғызудың тактикасына даярланады.
Тактикалық даярлықтың бұл әдістерін игеру және жетілдіру методикасының өзінің ерекшеліктері бар. Бірақ ұсынылып отырған кітаптың көлемі ол әдістердің әрқайсысының ерекшеліктерін жеке-жеке қарастыруға мүмкіндік бермейтін болғандықтан, біз тек жалпы, көпшілік әдіске тән сәттерге ғана тоқталып өтеміз.
Тактикалық даярлықтың барлық әдістерін игеруге бірсыпыра оңай және қиын деп екі топқа бөлуге болады. Қолайлы сәтте қарсыластың қимылының алдын алу немесе күрделі әрекеттер жасап барып ойға алған әдісті қолдану керек болса, мұндай әдістер ең қиынына жатады. Бұған қарсыласты кейде әрекет етуге ұмтылдыру және оған қауіп төндіру сияқты әдістерді де жатқызуға болады.
Тактикалық даярлықтың бірдей әдістерін жүзеге асырудың қиындық дәрежесі әр түрлі варианттары болуы да мүмкін. Міне осының барлығын әуелгі қарапайым әдістерді қолданудан күрделі әрі қиын әдістерді қолдануға көшу сияқты методикалық принципі жүзеге асырылғанда ескеріп отыру қажет.
Тактикалық даярлық әдістерінің бірін үйренгенде сол нақты жағдайда орындалуы оңай әдістен (варианттан) бастаған дұрыс. Мұндай әдіс көбінесе қарсыласты «тепе-теңдіктен шығару» болып табылады.
Тактикалық даярлықтың осы «тепе-теңдіктен шығарып, аяқтан ілуге жағдай жасау» әдісін мысалмен көрсете кетейік. Жаттықтырушы осы әдісті әуелі түсіндіріп, соңынан әуелгі жайлап, содан кейін күресу кезінде қалай орындалатын болса, солай орындап көрсетеді. Сонымен қатар ол қарсыластың аяғынан қалай ілу керек екендігін де көрсетіп береді. Жаттықтырушы әдісті көрсете тұрып та оны спортшыға түсіндіреді: орындалып жатқан қандай тактикалық әрекет екенін (шабуылшы қарсыласын иығы мен мойнынан ұстап өзіне қарай жұлқа тартып жалған қимыл жасайды), ол не беретінін (шабуылға ұшыраған палуан құлап қалмай тепе-теңдігін сақтау үшін күш салып бойын тіктейді, бұл үшін ол кеудесін кейін қарай тартады, соның нәтижесінде оның көңілі бір сәт бөлінеді де аяқтары ашық қалады), қарсыластың реакциясын қалай пайдалану керектігін (шабуылшы қарсыласы кеудесін тіктеп кейін тартып қалған сәтін аңғарысымен-ақ, өзінің игерген әдісімен оның аяғынан іле кетеді) айтады.
Тактикалық даярлықтың күрделі әдістерін бөліп-бөліп үйренеді. Оның бірінші және екінші бөлігін үйреніп болғаннан кейін палуан ол әдісті түгел орындауды үйрене бастайды.
Тактикалық даярлықтың әдістерін әуелі спортшының жаттығушы қарсыласымен жаттықтырып үйретеді. Бұл кезде ол қарсыласы палуанға мынадай жолмен қарсы қимыл жасайды: оның жалған әрекетіне тиісінше қорғанып (шабуылдап немесе қарсы шабуылдап), толық күш жұмсайды, ал оның шын әрекетіне онша күш жұмсап қарсыласа қоймайды. Жаттығушы қарсыласы палуанның жалған әрекетіне неғұрлым каттырақ қимылдап жауап беретін болса, оның техникалық әрекетті орындап шығуы соғұрлым оңайға түседі.
Алғашқы әзірде тактикалық әрекетті игеру оңайға түседі, өйткені қарсыласы ол әрекетті орындайтын қолайлы жағдайда ұзағырақ (күрес кезіндегіге қарағанда) болады. Мысалы, жаттығушының қарсыласы оның жалған қимылынан қорғанатын күйінде бірсыпыра уақыт қалады. Мұның өзі жаттығушы палуанның ойына алған шын техникалық әрекетін асықпай орындауға мүмкіндік береді.
Күрес кезінде тактикалық даярлық арқылы қарсыласын қолайлы жағдайға түсіргенде тактикалық әрекеттен техникалық әрекетке шапшаң ауысып қана сол жағдайды пайдалануға болады. Өзінің тактикалық ойын палуанның орындап кетуі оның ең қолайлы сәтте жалған кимылдап шын әрекетке көшу шапшаңдығына байланысты. Сондықтан жаттығу кезінде палуанның тактикалық даярлық амалынан ойға алған әдісін орындауға көшудің дәлдігі мен жылдамдығы артқан сайын жаттығушы қарсыласының реакииясы арта түсуі, яғни жағдай нағыз күресу кезеңіндегі жағдайға жақындай түсуі тиіс.
Бұл арада мынаны есте ұстаған жөн: жалған қимылдан шын әдіске көшу шапшаңдығы осы көшудің басында палуанның өзін-өзі еркін ұстай білуіне байланысты. Сондықтан палуанның бойына осы қасиетті дарытуға ұдайы көңіл бөлу керек.
Техникалық әрекеттерді әдіс құрылымын тиімді түрде өзгертіп орындау қажет болған жағдайда палуан мен жаттықтырушы ондай өзгерістің шынында да тиімді және қажет екендігін бақылап отырулары тиіс. Ондай өзгеріс және орын алған нақты жағдайға сай келуі керек. Әдіс құрылымын өзгерту керек деген желеумен оны орындаудағы кемшіліктер мен қателіктерден тайқуға болмайды.
Әдіске әбден дағдылану үшін жаттығушылар алдына әуелі оңай міндет қойылады. Онымен қоса жаттығушы қарсылас палуан әдіс қолданғанда баяу қимылдайды және көп күш жұмсайды. Палуан бұл әдісті игеріп алғаннан кейін оны жетілдіру жоғарыда жазылғандағыдай жағдайда және сол ретпен өтеді.
Үш және одан көп әрекеттен тұратын комбинациялар тактикалық даярлықтың күрделі әдістерін үйреткендей жолмен үйретіледі. Әр түрлі комбинацияларды игеріп жетілдіруге палуан және жаттықтырушы барынша көңіл белулері тиіс. Өйткені комбинациялар қандай қарсыласпен күрескенде де жеңіске апаратын тиімді амал болып табылады.
Тактиканы үйреніп, жетілдірген кезде қатені дер кезінде түзетіп отырудың маңызы зор. Бұл үшін ең алдымен ол қателер мен кемшіліктердің себептерін білу қажет. Тек содан кейін ғана оларды жоюдың жолдары мен амалдарын дұрыс белгілеуге болады.
Егер жаттықтырушы әрекеттің тұтастай қалайша орындалып жатқанын ғана бақылап, оның жеке элементтеріне көңіл аудармайтын болса, қатені байқап, оның себебін анықтауы қиынға соғады.
Әрекетті орындауда кеткен барлық кемшіліктерді бірден жоюға тырысудың қажеті жоқ. Олай еткен жағдайда палуанның ойы бөлініп кетеді, ал қатені түзету үшін оның барынша жинақы болып, тек соған ғана көңіл аударғаны дұрыс. Мұндай жұмысты бірте-бірте орындаған жөн: ол үшін ең әуелі басты кемшілікті анықтап, оны жоюға күш салу керек, тек содан кейін ғана кемшілікті түзетуге кірісу қажет.
Палуан орындаған кезде қате жіберетін элементті бөліп алса, оны тезірек түзетуге болады. Осы элементті жеке орындап жаттыға жүріп, оны алдыңғы және соңғы элементтермен қоса орындау керек, сондай-ақ ауық-ауық әрекетті тұтастай қайталаған дұрыс.
Бөліп алу әдісінен басқа жағдайды қайталау, баса көңіл бөлу, тоқтату, ұмыттыру т.б. әдістерді де табыспен пайдалануға болады.
Тактикалық қатені түзету үшін әдісті (әдіс амалдарын) таңдап алғанда қатенің сипатын, оның себептерін және палуанның өзіне тән ерекшеліктерін ескеру қажет.
Үйренген кездегі сияқты жетілдіру процесінің барысында да жаттығушы қарсыласты дұрыс таңдап алудың зор маңызы бар. Ондай қарсыластар бір-біріне көмектесулері, бір-бірінің кемшіліктерін байқап, оны қалай түзету керек екендігін айтып отырулары тиіс.
Палуанның алғаш үйренгендерін, шеберлігі мен дағдысын үнемі кеңейтіп, толықтырып отыру қажет.
Барынша игеріп, әбден жетілдіру қажет деп тапқан тактикалық әрекеттерді таңдап аларда мынадай негізгі ережелерді басшылыққа алған жөн: көптеген тактикалық әрекеттердің ішінен палуанның жеке басының ерекшеліктеріне, жан-жақты дайындығының жетілу дәрежесіне, техниканы игеруіне, қалыптасқан психикасына және икемділігіне әбден сай келетін әрекеттерді ғана алып үйрену;
жарыстың қазіргі қолданылып жүрген ережелері кезінде ең тиімді болып табылатын әрекеттерді үйрену;
техникалық, тактикалық, физикалық, психологиялық даярлығы жан-жақты қарсыластармен, ең алдымен негізгі бәсекелестермен күрескен кезде палуанға өзінің жақсы білетін тәсілдерін қолдануға мүмкіндік беретін әрекеттерді үйрену керек. Бұл арада мынаны есте ұстаған дұрыс:
палуан өзінің жақсы көретін тәсілін тұтас орындаудың да, жеке бөлімдерін орындаудың да тактикалық даярлық амалдарын жақсы игеруі қажет. Өйткені жағдайға (қарсыласының нақты жағдайдағы ерекшеліктеріне) байланысты кейде тәсілдің алғашқы (шап беріп ұстау), ал кейде екінші (лақтыру) бөлімін орындау қиындық келтіруі мүмкін.
Палуанның орын алған жағдайды тез әрі дұрыс бағалап, тиісінше әрекет етіп жауап беру қабілеті көбінесе оның спорттық шеберлігіне байланысты.
Өзінің шеберлігін жетілдіру жолына түскен спортшы әр түрлі қолайлы жағдайларда қозғалыс үстінде өзінің жақсы білетін тәсілдерін ұдайы қайталап тұруы қажет. Тактикалық даярлықтың өзі таңдап алған әдістерін жиі-жиі пайдаланып, әрекеттерді дәлме-дәл әрі барынша тез орындап шығуға ұмтылуы тиіс. Осындай мақсатпен жаттығушының әр түрлі қарсыластармен арнайы жаттығулар және сипаты түрліше айқастар орындаумен қатар тренажер қондырғыларын да пайдалануына болады. Ол қондырғылар палуанның тактикалық ойын дамытуға, сонымен қатар оның осы қабілетінің нақты күресу жағдайында дамуына объективті бақылау жасауға көмектеседі. Мұндай тренажер қондырғысына кинографпен бірге жұмыс істейтін динамографиялық платформа жатады. Платформа алдына қойылған экранда (кинокольцовканың көмегімен) қарсыластың күресу кезіне тән болып келетін әрекеттер көрсетіледі. Сонда оның денесі әр түрлі жағдайда болады да палуанның жақсы көретін тәсілдерін орындауына қолайлы сәттер туады. Жаттығушы динамографиялық платформада өзіне күресу кезінде қалай тұру ыңғайлы болса, сондай күйде тұрып, қарсыласының экранда көрсетіліп жатқан әрекеттерін мұқият қадағалайды, сөйтіп, оған тиісінше жауап беріп, әдісін қолдануды үйренеді. Осылайша әр түрлі құралдарды пайдаланып, ұдайы әрі сан рет қайталанғаннан кейін ғана палуан жақсы дағды алады, әрекеттерді орындағанда бұрынғыдай асып-саспайды, оны мүлтіксіз атқаруды үйренеді. Бірақ қандай тактикалық әрекетті де оны палуан жақсы орындай алған күннің өзінде де әрі қарай үйрене беру керек. Әйтпесе ол мұны орындау шеберлігінен айырылып қалады.
Палуан белдесуді жүргізу тактикасы мен жарыстарға қатынасу тактикасы жөніндегі білімін, шеберлігін және дағдысын ұдайы кеңейтіп отыруы тиіс. Әрбір айқаста және жарыста спортшы тактикалық жағынан неғұрлым терең және дұрыс ой толғап, әр түрлі жағдайдан тез және дал қимылдап жол тауып шығып, өзінің тактикалық ойын жүзеге асыра, алатын болса, оның жетістіктері соғұрлым жоғары болмақ.
Тактикалық білім, шеберлік, дағды тек бірте-бірте оқу-жаттығу жұмыстары арқылы және жарыс кезінде ұдайы жүзеге асырылып отыратын бірсыпыра шаралардың арқасында ғана толыса түседі. Белдесу және жарыстарға қатысу тактикасын үйреніп, жетілдіре түскен кезде мынадай негізгі әдістер пайдаланылады: жағдайды қайталау, жағдайды өзгертіп отыру, сөзбен жеткізу, көрсету, бақылау, тапсырма беру және ерекше көңіл белгілеу.
Күрес тактикасын жетілдіруде, әсіресе, тапсырма беру әдісін пайдалану аса тиімді болып табылады.
Төменде палуанның тактикалық шеберлігін жан-жақты жетілдіруге бағытталған шамамен алынған бірнеше тапсырма келтіріп отырмыз.
Күрес кезінде: әдісті кілемнің шетінде немесе қарсыласпен жақын тұрып орындау; қарсыластың шабуылының (қарсы шабуылының) алдын алу; жауап ретінде карсы шабуылға шығу; тактикалық даярлықтың белгілі бір әдістерін (қауіп төндіру, қайталап шабуылдау, амал қолдануға мәжбүр ету, т.с.с.) пайдалану; қарсыластың жіберген кемшіліктерін пайдалану; күші, төзімділігі т.б. арқылы басым түсу.
Қарсыласының екпінін басып, оның әрекеттерін шектеп, еркін қимылдатпай, кілемнен шықпай, оның ортасына арқасын беріп жүру.
Инициативаны өз қолына алып, белсенділік көрсету.
Белдесуді жоғары қарқынмен жүргізіп, қарсыласын кілемнен шығып кететіндей етіп «қатты ұстау», оны кілем шетінен әрі жібермеу.
Қарсыласының мықты қорғанысын бұзып, 2 (3 немесе одан да көп) ұтыс балын алу.
Палуанға шартты түрде бір немесе екі балл ұтылып жатырсың деп хабарлап, жоғалтқан балдарын қайталауға немесе басымдыққа жетуге тапсырма беру.
Палуанға шартты түрде айқаста жеңіп жатырсың деп хабарлап, оған осы басымдылығын сақтауға немесе одан әрі басымырақ түсуге тапсырма беру.
Айқын басымдықпен жеңіске жету.
Белдесу кезінде палуанға айқын басымдықпен жеңіске жетуге оған бір немесе екі ұпай жетпейді деп хабарлап, айқасты айқын басымдықпен аяқтау жөнінде тапсырма беру.
Айқастың алғашқы бөлімінде 3—4 балл басым түсу, ал екінші кезеңде қарсыласын жеңу үшін барлық мүмкіндікті пайдалану.
Күрес кезеңінде ұдайы шабуылдап, қарсы шабуылдап, жақсы қорғанып өткізу; жоғары, орташа, баяу қарқында өткізу; қарсыласына оң жағымен, сол жағымен қарап, орташа қашықтықта, алыс немесе жақын тұру.
Бәсекені бірнеше минуттан соң екінші рет негізгі бәсекелеспен күресетіндей күйде өткізу; толық бой жаза алмай қалғандай болып өткізу, т.с.с.
Тактикалық жоспар жасау шеберлігін жетілдіре түсу үшін палуандарға таныс қарсыласпен де, сондай-ақ таныс емес (бұрын онымен күреспеген) қарсыласпен де күресу жоспарын жасау жөнінде тапсырма берген пайдалы. Мұндай тапсырма жаттығушыларға үйге берілуі мүмкін.
Сондай-ақ, палуандарға сол өздері жасаған жоспарлары бойынша айқастар өткізуге мүмкіндік берген де дұрыс болады. Бұл оларға жасаған жоспарларының артықшылықтары мен кемшіліктерін тереңдете білуге ықпалын тигізеді. Палуандардың жасаған жоспарларын жаттықтырушы олардың өздерін қатыстыра отырып, терең талдаудан өткізуі тиіс. Бұл кезде спортшылардың түгел қатынасып, белсенділік көрсеткендері пайдалы. Мұндай талдау өткізу үшін кейбір жаттықтырушылар сабақты былай ұйымдастырады: әр палуан өзі жоспарлаған айқасын өткізер алдында топ спортшы алдына шығып түсіндіреді (бұл кезде оған қарсылас болатын спортшы қатыспайды). Ол белгіленген тактикалық әрекеттері жайлы айтып қана қоймай, неге ондай әрекеттерге тоқталғанын да түсіндіруге тиіс.
Әрбір бәсекеден кейін немесе сабақтың соңында жаттықтырушы палуан жоспарын қалай орындап шыққанын талдайды. Тактика жөніндегі мұндай жаттығулар жақсы нәтиже береді.
Күресу және жарыстарға қатынасу тактикаларын игеріп, жетілдірген кезде тапсырманы бірте-бірте қиындата беру принципі қатаң сақталады. Мысалы, ең әуелі бірсыпыра қарапайым тактикалық сабақтар таңдап алынады. Онымен бір мезгілде жаттығушы қарсыласқа да тиісті нұсқаулар берілуі мүмкін, бұл палуанға тапсырмаларын орындауды оңайлатады. Осыдан бастап бірте-бірте тактикалық сабақ дәрежесі қиындатыла түседі.
Күрес тактикасын игеріп және жетілдіру үшін қолданылатын жаттығуларды өткізу үшін жаттығушы қарсыласты мұқият таңдап алу керек. Оның тактикалық жан-жақты дайындықтың және техникалық мүмкіндіктері палуан алдына қойылған тапсырмалардың жақсы орындалуына ықпалын тигізетіндей болуын қадағалау қажет.
Бұл шарттарды, әсіресе, жарысқа даярланған кезде сақтаудың маңызы зор. Тек сонда ғана палуан күресу мәнері мен әдісі түрліше қарсыластарымен айқасуға дайын болады. Сондай-ақ, ол белгілі бәсекелестерімен белдесудің тактикалық жоспарын мұқият орындап, дайындала алады. Осы мақсатта палуанның жаттығушы қарсыластары жеке басының ерекшеліктері жағынан түрліше әрі бәсеке кезінде алдағы жарыстағы қарсыластарындай әдістер қолданатын болулары тиіс.
Палуан масштабы және сипаты әр түрлі жарыстарға қатысып, соңынан нәтижелерін талдап отыратын болса, мұның өзі де оның тактикалық тәжірибесін байыта түседі. Сонымен қатар спортшы, әсіресе, белгілі палуандардың қатысуымен өтетін жарыстарды сырттан бақылау мүмкіндігін қалт жібермегені дұрыс. Белдесуді жүргізу және жарыстарға қатынасу тактикасын шыңдай түсуге палуанның теориялық даярлығының да үлкен маңызы зор. Палуан тактикалық даярлығын ұштағанда жаттықтырушының оны орынсыз қамқорлыққа алып, әрбір ұсақ-түйек сайын қазбалап үйрете беруі дұрыс емес. Егер палуан белсенділік, инициатива көрсетпесе, бұрын жинақтаған тәжірибесін пайдаланбай тек жаттықтырушының айтқандарын орындай беретін болса, одан пайда шамалы болары сөзсіз. Мұндай спортшы күрделі тактикалық міндеттерді шеше алмайды. Өзі жоспарлаған жағдай (сәл өзгерсе болды (ал мұндай жай жарыстарда жиі ұшырасады), ондай спортшы асып-сасып, тез жол тауып шыға алмай, жеңіліп қалу қаупіне ұшырайды.
Инициативалы, ойлы палуан қажетті тактикалық тәжірибені тез жинақтайды да, оны ұдайы толықтырып отырады.
Палуанның тактикалық шеберлігі, әсіресе, жаттығу кезінде ұйымдастырылған жарыстарда, негізінен алғанда даярлық кезінде арта түседі.
Белдесу тактикасы. Белдесуді жүргізу дегеніміз нақты қарсыластың ерекшеліктерін және күрес кезіндегі жағдайды ескере отырып, палуанның өзінің тактикалық, техникалық, физикалық және ерік күші мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалануы.
Әр түрлі қарсыластармен күрескенде жеңіске апаратын сенімді жол табу үшін үлкен өнер көрсетіп, айқастың тактикалық жоспарын жасағанда да, сондай-ақ оны жүзеге асырғанда да, творчестволықпен қарап, әрдайым қарсыласын өзінің еркіне бағындыруға, инициативаны қолына алып, өзінің тактикасын орындатуға ұмтылуы тиіс.
Тактиканың түрлері. Палуанның айқаста көрсететін әрекеттеріне байланысты тактиканың мынадай негізгі түрлерін ажыратуға болады: шабуылдау, қарсы шабуылдау және қорғану.
Шабуылдау тактикасы палуанның үлкен белсенділік көрсетуіне саяды. Мұндай тактикаға тік еркін тұру, еркін жүріп күресу, әр түрлі тактикалық әдіс-айладан тұратын комбинациялық әрекеттер (ол әдіс-айла палуанның өзінің жақсы көретін амалдары мен қарсы амалдарын нақты орындаумен ұштасып жатуы тиіс) жасау тән болып кетеді.
Шабуылдау тактикасы спортшының физикалық және психологиялық даярлығының жақсы болуын, оның техникалық және тактикалық әртүрлі тәсілдер қолдануын талап етеді. Бұл тактикаға үздіксіз шабуылдау және ауық-ауық шабуылдау (спорт тілінде спурт деп аталады) тактикасы болып екіге бөлінеді.
Үздіксіз шабуылдау тактикасы палуанның инициативаны өз қолына алып, күресті жоғары қарқынмен жүргізіп, айқасты шиеленістіре түсуімен сипатталады. Мұндайда спортшы бірсыпыра қауіпке де барып, қарсыласына ұдайы шабуылдап, жалған әрекеттерді шын қимылдармен шебер ұштастыра жүріп, өзінің жақсы көретін тәсілін сәтін тауып орындауға тырысады.
Ұдайы шабуылдау дегеніміз қарсыласын орынсыз тысқыра беруге ұмтылу емес. Оның ойсыз күйбеңмен, қарсыласын кілемнен тыңсырып шығару сияқты теріс әрекеттермен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Мұндай сырттан қарағанда шабуыл жасағандай болып көрінуге тырысатын жалған әдістің нағыз спортшыға абырой әпермейтіні сөзсіз. Егер ұдайы шабуылдау тактикасын қолданатын болса, палуан қарсыласының соңына түсіп, айқасты әр түрлі комбинациялармен жүргізу үшін барлық мүкіндіктерін толық пайдалануы тиіс. Бұл кезде және бір түрлі әдіспен ұзақ ұстатпау керек. Олай болған күнде палуан күрестің қарқынын баяулатып алуы мүмкін, ал мұның өзі қарсыластың өзіне-өзі келіп, күш алып кетуіне ықпал етеді.
Бұл аталған тактика жекпе-жектің алғашқы минутынан-ақ басым түсіп, физикалық жағынан қарсыласын қалжыратып, еркінен айырып, сонан кейін жеңіске жету мақсатында қолданылуы мүмкін.
Ұдайы шабуылдау тактикасын пайдаланғанда қарсыласына көз аштырмай, оны үнемі қысымға алып, шаршатып, инициатива бермеу қажет. Мұндай тактиканы әсіресе қарсыласын тоқтатып, оның еркін қимылдауына бөгет жасай алмайтын, әрі ұзақ айқасқа шыдай алмайтын спортшыға қолданған аса тиімді.
Ауық-ауық шабуылдау тактикасы дегеніміз палуанның араға бірсыпыра уақыт салып шабуылдауы. Шабуылдау арасында ол қарсыласының қимылын аңдып, айла-тәсілін қолданып, қандай да болмасын жалған амалдар жасайды, кейде тіпті белсенді белдесуден әдейі бас тартқандай сыңай танытады. Ондай кезде спортшы қарсыласының көңілін бөліп, оны қапыда қалдыратын тактикалық әрекеттерді орындайды да, содан соң қолайлы сәті түскенде кенеттен шабуылға шығады.
Күреске көңіл аударғанда палуан іштей ширығып, шапшаңдығы артып, барынша күш жұмсауға әзір тұратыны белгілі. Сөйтіп мұндай тактика шабуылға шығатын қолайлы жағдайды дайындауға ғана мүмкіндік беріп қоймайды. Әр түрлі тактикалық әрекеттерді пайдалану арқылы физикалық қабілетін барынша жұмсай отырып, әрбір келесі шабуылды жаңа күшпен жүргізуге болады. Мұндай тактика осындай кенет басталған шабуылды тойтаруға даярлығы аз, айқастың тез өзгеретін жағдайында жол тауып шыға алмай қалатын палуандар үшін өте қауіпті.
Белдесуді баяу, орташа жылдамдықпен немесе шапшаң жүргізген кезде де ауық-ауық шабуылдау тәсілін пайдалануға болады. Егер осы тактика айқас баяу немесе орташа жылдамдықпен жүргенде қолданылатын болса, спортшыға күшін үнемдеп жұмсауға мүмкіндік береді, өйткені шабуылдау арасында ол бірсыпыра дәрежеде тыңайып қалады.
Бірақ күрес қарқыны баяу немесе орташа болғанда ауық-ауық шабуылға шығу тактикасының кемшілігі де бар. Оның мәнісі екі шабуыл арасында палуан ғана емес, оның қарсыласының да тыңайып қалатындығында. Сонда ол жағдайды таразылап, түсініп, инициатива алып кетуі мүмкін.
Ал күрес қарқыны жоғары болған жағдайда ауық-ауық шабуылдау тактикасын қолдану бұдан анағұрлым күрделірек. Оны басқа да қасиеттерімен қоса күресті жоғары қарқынмен жүргізгенде шаршамайтын спортшы ғана орындай алады.
Күресті жоғары қарқынмен жүргізгенде ауық-ауық шабуылдау тактикасын пайдаланудың тиімділігі мынада: қарсылас барған сайын шаршай түсетін болғандықтан, әрбір шабуыл сайын оның қарсылығы бәсеңдей береді. Айтылған тактиканы пайдаланушы палуанның осы жағдайды ескеріп, екінші немесе үшінші шабуыл кезінде жеңіске жетуді жоспарлауына болады.
Бірақ тактиканың ауық-ауық шабуылдау түрін жарысқа жеткілікті дәрежеде даярлана алмаған, ұзақ күресуге төзе алмайтын, икемі жоқ палуанға қарсы қолданғанда ғана тиімді болады.
Мұндай тактика кезіндегі шабуылдау саны бірқатар факторларға, ең алдымен палуанның даярлық дәрежесіне, сондай-ақ осы белдесуде оның алдында тұрған міндеттерге байланысты оны жүргізудің тактикалық жоспарын дұрыс құрып, күшін есеппен пайдалану үшін палуанның бір шабуылды (спуртты) қаншаға созғанда өзі әрекеттерді дәл орындау қабілетін сақтайтындығын, күрес кезінде қанша толық спуртты (ауық-ауық шабуылдауды) арасына қанша үзіліс жасап орындап шыға алатындығын шамамен болса да білуге тиіс.
Қарсы шабуылдау тактикасы дегеніміз қарсыласы белсенді қимылға көшкенде орын алатын қолайлы сәттерді пайдалана отырып, палуанның қарсы шабуылдауы және қарсыласының шабуылына жауап ретінде шабуылдауы болып табылады. Бұл тактиканы шапшаңдығы жағынан палуанның қалың, ұдайы немесе ауық-ауық шабуылдау әдісін қолданатын қарсыласқа қолданған тиімді.
Қарсы шабуылға шығуға кез-келген спортшы қолайлы жағдай туғыза бермейтін болғандықтан оларды мұндай әрекет жасауға мәжбүр етіп отырған дұрыс. Ол үшін қарсыласты белсенді қимыл жасауға және әр түрлі амалдар қолдануға ұмтылдырып, содан соң сәтін тауып, кенеттен қарсы шабуылға шығу қажет. Егер палуан бұл спортшымен алғаш рет кездесіп отырған болса, онда белдесудің басында қарсыласын өзінен басымдаумын-ау деген әсерге қалдыру керек. Сонда ол жеңіске тез жетуге тырысып, шабуылға беріліп кетеді де қарсы шабуыл жасауға қолайлы жағдай туады.
Қарсыласын шабуылдауға мәжбүр ету әдісін әбден игермеген спортшы өзі оның жетегінде кетіп, оған толық тәуелді болып қалады. Әдетте, ондай спортшы қарсыласының шабуыл жасауын күтіп, ұзақ уақыт жалтарып жүреді де, сөйтіп қарсыласының өзіне қарсы шабуыл жасауына қолайлы жағдай туғызады, яғни әдісін алдырады.
Қарсы шабуыл жасау тактикасын қолданатын палуанның реакциясы мен әрекет жасау шапшаңдығы өте жоғары, өзі аса икемді, техникасы жетік, батыл, қайтпайтын және дәл қимыл жасай алатын болғаны жөн. Тез өзгеріп отыратын жағдайда жақсы жол тауып шыға алатын және күрескерлік ойға тез болуы керек. Мұндайда қимыл жасауға кешігіп қалса болғаны қарсы амал жасап жеңіске жете алмайтынын былай қойғанда өзі жеңіліске ұшырайтын жағдайға тап болуы ықтимал.
Қарсы шабуыл жасау тактикасын пайдаланатын палуанның өзінің қарсы амалдарын қолдануына алғы шарт жасайтындай қорғаныс тәсілдерін қолданғаны дұрыс.
Қорғану (күту) тактикасы палуанның белдесуде белсенділік көрсетпей көңілін түгелдей қорғануға аударып, тек қарсыласы қателескен жағдайда ғана шабуылға көшуімен сипатталады. Мұндай тактика палуанды қарсыласының әрекеттеріне толық тәуелді етеді де спортшының жеңіс үшін күресуіне мүлде мүмкіндік бермейді. Мұны былай қойғанда егер бүкіл айқас бойы осы тактиканы ұстанатын болса, ондай спортшы әдетте жеңіліп қалады. Өйткені ең мұқият қорғанудың өзінде айқас бойы батыл әрі қоймастан шабуылдап жүрген қарсыласының оның қорғанысынан осалдық тауып, әдіс қолданатыны сөзсіз. Бұған қоса сылбыр болып, белсенді шабуылдамағаны үшін палуанға айып салынады.
Аз уақыт қорғануға көшкенде өзінің әдістері мен қарсы әдістерін орындау үшін қарсыласының қатесін қалт жібермеу үшін палуан аса сақ болуы керек.
Қорғану тактикасын жүзеге асыратын жағдайда қорғанудың жақсы амалдарымен және қарсыласының қимылын шектейтін ұстау әдістерімен қатар шебер маневр жасап, жалған айлалар, жұлқу, итеру тәсілдерін қолдану қажет. Сөйтіп, қарсы палуан шабуылға шығу үшін ес жиғызбау керек.
Достарыңызбен бөлісу: |