ІІ. ЕСЕНҒАЛИ РАУШАНОВ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚ
2.1. Е. Раушанов поэзиясындағы лиризм
Шығармашылықтағы еркіндік, көзқарас бостандығы, ой өрнегінің табиғилығы біршама қалыптаса бастаған алпысыншы жылдардың аяғы, жетпісінші жылдардың басындағы әдеби үрдісте поәзияның алар орны бөлек. Лиризм, ойшылдық, сезімталдық және психологизмнің ұштаса көрінуі де - осы жылдар поәзиясының еншісіне тиген жетістік. «Ойлы поэзия ғана ой мен сезімнің тартысын тудыра алады. Өйткені ол белгілі бір идеяны, әстетикалық принципті не қолдайды, не оған қарсы тұрады, осыдан келіп лирикалық кейіпкердің характері арқылы лирикадағы тартыс туады. Әрине, лирикадағы тартыс әдебиеттің басқа жанрларындағыдай сюжеттік ситуация арқылы көрінбей, лирикалық геройдың күйініш, сүйініші, ойы, сезімі арқылы көрінетіні белгілі» [24, 106 ], - деп М. Дүйсенов жазғандай, ішкі жан дүниесіне ену, оның сыры мен түйсігін қоса қабат ашу өріс алғанмен, әрине, жетпіс жылдан астам уақыт өз өктемдігін жүргізіп келген кеңестік жүйе әдебиетіміздің өсу үрдіс кері ықпалын тигізбей де қалған жоқ. Жалпы қоғам әдебиетке тоталитарлық үстемдігін жүргізсе де, қоғамдық сананы езгертуде поэзияның да үлесі ұшан-теңіз болды деп айта аламыз. Шалкиізден Махамбетке, Абайдан Мағжанға, Сәкеннен Қасымға ұштасқан лирика 60-70 жылдары өзіндік қайнар бұлағымен, өзіндік өзен-дарияларымен халық жүрегінің теңізіне құйып, өмірге деген іңкәрлікті оятты.
Қалай дегенмен де, қазақ поэзиясы 60-70 жылдары сапалық өзгерістерге қадам басты. Қайта жаңғырған дәстүр көркемдеу, бейнелеу құралдары арқылы жалғасын тапты. Ең алдымен, тақырып және мазмұн жаңалығы, одан соң форма мен түр ізденістерінің жемістілігі, образдылық, бейнелілік өзгешеліктерімен толықты. Сыншы, ғалым С. Қирабаев айтқандай: «60-70 жылдар ішіндегі қазақ лирикасының жаңаша белгілерін сөз еткенде, ол жырлайтын заман мен адам бойындағы осы өзгерістер еске түседі. Бұл дәуірді лирикалық поәзияның жаңару, сілкіну кезеңі десек те болғандай. Жаңа адам бойындағы тың саналарды аша отырып, лирика да рухани өсті, пафосын жетілдірді, өлең мәдениетін көтерді» [25, 20 ].
Ал, М. Әуезов тіпті сол кездегі жастар саналатын 60-70 жылдардағы қазақ поәзиясының өкілдерінен «жыл келгендей жаңалық» [26, 46 ] сезініп, ыстық лебізін білдірген болатын. Әрине, мұның өзі әдебиеттегі дәстүрдің үзілмеуіне, жаңашылдықтың жалғасым табуына ұлы жазушының сенімін арттырғандай еді. Өйткені, қазақ әдебиетінің ең жоғары биігіне көтеріліп, белсенділігі артқан алтын ғасырымыздың атын шығарған аяулы есімдер Абай, Шәкәрім, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мағжандар болса, одан беріде үзбей сол үлкен топтың дәстүрін жалғастырушы Қасым, Ғали, Тайыр, Сырбай, Әбділда, Әбу ақындардың соңына ілесе, қазақ поэзиясының асқар көшіне, өнеғелі қиясына өзіндік мінез, бітіммен өзгеше топ келген еді. Атап айтқанда, Қ. Мырзалиев, Т. Айбергенов, М. Мақатаев, Т. Молдағалиев, Ж. Нәжімеденов, Ф. Оңғарсынова, т.б. «...бір шоғыр таланттар жарыса жазып, жүрек нәрлерімен жыр сүйер жұртшылыққа өздерінің өзгеше бір соны жылуы мен жарығын таратты» [27,9]. Бұл буын тұсында өлең абстракциядан нақтылыққа, көлемділіктен қысқа қайырымға, ұйқас, буын ыңғайындағы мүлтіксіз өлшемге, интонациялық әуеннің басымдығына, ашық сыр мен мейлінше қарапайым да көркем ой бейнелілігіне көшті. Композициялық тұрғыда формалық ізденістердің түрлі нәтижелері мол. Әдебиеттің барлық жанрлары дерлік уақыт ілгерілеп, дәуір дамыған сайын өздерінің түбегейлі тұрпатын, негізгі сипатын елестететін ерекшеліктерін сақтап қана қоймайды, ондай қасиеттерін жаңғырта, байыта түсетіні сөзсіз. Яғни, «...заман езгерісіне байланысты әдебиеттің мазмұн, мағынасының жаңаруына орай жанр да кейбір сипаттарын жаңартып, өзгертіп отырады» [28, 7.]. Қазақ поэзиясының 60-70 жылдардағы шығармалары осындай дәуір өзгерісіне байланысты сапалық әрі мазмұн-мағынасы, формалық жағынан да жаңарып, байыды. В.Г. Белинский «өнердің ең жоғарғы тегі» деп бағалаған поәзия жанры да бұрынғы қасаңдылық, жасандылықтан айырылып, құрылыс-бітімі, идеялық мазмұны жағынан көп өзгеріске ұшырады.
Есенғали лирикасында сонау көне түркі поэзиясынан тамыр тартып, кешегі жыраулар поэзиясынан сусынын қандырып, жаңа жазба поэзиясындағы нәзік сыршылдық тумасына бас қойған, асқақтық пен тереңдікті, өрлік пен нәзіктікті шебер үйлестірген ерекше бітім, тың тыныс, өзгеше өрнек бар. Әрбір тіркес пен әрбір жолдың бөлінбес тұтастығы, шашауы шықпас жинақылығы, терең астары бай мазмұны – ақын поэзиясының табиғаты. Табиғаттың әрбір сәтін көңіл-күймен үндестіріп, сол табиғатұа жан-тәнімен сіңіп кететін ақын жанының жаратылысқа деген ынтықтығы әдемі тіркес, астарлы сөздермен, нәзік те сыршыл тұспалдаулармен өріледі.
Е.Раушанов өлеңдеріндегі дәстүрлі айқындаулардың басым көпшілігі жасалу жолы жағынан, негізінен, сын есімдер болып келеді.
С.Мәуленов теңеулерді орынсыз қолданбайды. Әр теңеу поэзиясының әсемдік әлеміне өз салтанатымен келіп өлеңге айрықша ажар, өзгеше өрнек дарытады. Ақын М.Мақатаевтың табиғатты суреттеулерінде теңеулер жүйесі - өзінше бір дүние. Онда табиғат заттары, құбылыстары, нәрселері негізінен адам немесе адамға тән зат, нәрсе, әркеттерге баланады. Ақынның пейзаждық лирикасында теңеудің бейнесі ретінде изафеттік тіркестер де жұмсалады. К.Салықовтың табиғат лирикасында дай, (-дей, -тай,-тей,) тұлғалы теңеулердің көбіне айқындаулармен қелуі де жиі кездеседі. Мұндайда автор суреттеліп отырған заттың не қүбылыстың ерекшелігін тереңдете, айқындай түседі. Ақынның табиғат лирикасында теңеулер ойды, сезімді бейнелі жеткізудің бір амалы, тәсілі ретінде ғана емес, кей ретте өлең қүрылысына да өзінше қызмет етеді. Ақын шығармасында кезекті үйқасқа қүрылған теңеулер де жиі кездеседі. Қ.Мырзалиевтің пейзажды суреттеулерінде де теңеулер мол, кең, қызықты қолданылады. Теңеу түрлері жоқтан бар емес, қайта барды барынша еркін пайдалануынан көрінеді. Ақынның табиғатты суреттеулерінде заман келбетін танытарлық сөздік қолданыстар теңеудің бейнесі ретінде де үшырасады. Ақын Қ.Мырзалиевтің пейзажды бейнелеуде қолданған теңеулері суреткер шеберлігін, өзіндік талғамы мен танымын, көзқарасын, дүниетанымын жан -жақты таныта, байқата түседі О.Асқардың табиғат лирикасындағы теңеулер жүйесі негізінен табиғат көркемдігін, зейнеттілігін ашуға бағытталса, сонымен қатар ұлттық сипатты танытатын өрнектер де кездеседі. Т.Айбергенов өлеңдерінде теңеу өзіндік өрнектер, тың тіркестер табады. Теңеудің келісті үлгілері ақын Ф.Оңғарсынованың табиғат лирикасында мол кездеседі. Ақын К.Ахметованың табиғат суреттеулерінде де теңеулер жиі кездеседі. Олар өлең көркемдігін ғана көтеріп қоймай, автордың шеберлігін, таным дүниесін аша түседі. Ұ.Есдәулетов теңеу арқылы ұлттық бітім - болмысты, дәстүрді аңғартады, оның қаламынан туған теңеулерден ұлттық өрнекті байқауға болады. Алпысыншы жылдардан кейінгі кезең алдыңғы жылдарға карағанда ерекше болғаны анық. Саясат ноқтасынан босаған ақындардың түрлі - түрлі тақырыптарға, ізденістерге барғандығы белгілі. Сондай мәнді, қызықты тақырыптардың бірі табиғат тақырыбы болды. Қоршаған ортаның келісті көріністері, ондағы аң, қүс, жануар т.б. өмірі, ерекшеліктері өлең өзегіне айналды. Оқырман сезімін баурап алатын табиғат тақырыбындағы жырлар көбейді. Олардың саны да, сапасы да өсті. Өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ақындар қаламынан сәтті жырлар туды.
Қазіргі уақытта шығармаларын өз заманына арнаған ақындар аз емес. Өз кезеңінде уақыт тынысын сезінген ақындардың бірі – Есенғали Раушанов.
Қазақ поэзиясындағы өзіндік қолтаңбасы айқын, ХХ ғасырдың 70-80–жылдарындағы лириканың жарқын келбетін жасаушы ақынның бірі – Есенғали Раушанов. Сезімді селт еткізер, жүректен шыққан жырдың балын тамызар ақын поэзиясының пернесі таза тың лиризмге лайықталған. Жанға жылы өлеңдер көбінесе лирикадан табылады.
Е.Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақ АКСР-інде туған. 1973 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Келінтөбе совхозындағы №192 орта мектепті бітірген соң, 1975–1977 жж. Кеңес әскери күштері қатарында Солтүстік Кавказ әскери округінде қызмет атқарды. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Өлеңдері 1973 жылдан бері жарияланып келеді. 1983 жылы «Бердәулет пен Жоламан» атты поэмасы Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті мен «Жалын» баспасының озық шығармаларға жариялаған бәйгесінде бірінші орын алды.
1983–1987 жж. «Жалын» және «Арай» журналдарында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, 1988–1995 жж. «Білім және еңбек» («Зерде») журналының бас редакторы қызметін атқарды. Қазір «Жазушы» баспасының директоры.
Лирикадағы уақыт мезеттерінің суреттелуінің өзі түрлі бейнелеу құралдары арқылы жүзеге асатынына арғы-бергі кезеңдегі поэзиялық туындылардан мысалдар келтіруге болады. Адам мен табиғат – күллі өнер туындысының нысаны. Әсіресе сыршыл жанр лирикада уақыттың әрбір сәті түрлі тәсілмен жырланып, өзгеше бітімді көркем бейнеге айналды. Мысал ретінде қазіргі лирикадағаы түннің бейне дәрежесіне көтеріліп, кескінделуін сөз етсек, көп қырлы көркемдік әлемнің терең сырына қанығамыз. Өнердің ең сезімтал түрі – поэзиялық туындыларда басты нысан болатын табиғат болса, табиғатқа телінеін адами әрекеттердің де түбін осы мифологиялық ойлау жүйесінен іздейміз.
Сөз етіп отырған ақынның «Түннің көз жасы» өлеңін алсақ, метаморфозалық суреттің бір көрінісі аталмыш өлеңнің алғашқы қатарынан-ақ көрініс береді.
Жапыраққа айналып кетсем мен деп,
Жасырндым күн ауа топ шеңгел кеп.
Меңсіз қара ат мінген Түн мені іздеп жүр,
Мені іздеп жүр, сай құлдап, тепсеңді өрлеп. [27,7]
Көркем әдебиеттегі кейіптеу тәсілінің ұлттық поэзиямызда тамаша үлгілері барын білеміз. Бұл өлеңдегі кейіптеудің көркемдік деңгейі сол үлгілерден төмен емес. Әдетте «қараңғы», «қаракөк», «қара» айқындауларымен түгел келетін түннің «меңсз қара ат мінген» түрде бейнеленуі ұғымға сыйымды. Ертегілерден ұшырасатын таңның ақ боз ат мінген, түннің қара ат мінген адам түрінде көрініс беруі алғашқы дәуірдің сенімінен туындаған суреттер секілді. Ал «меңсіз қара ат мінген түн» лирикалық кейіпкердің көңіл-күйі мен сезім әлемін өзіне аударып алып, жалғыз қалып құлазыған, содан аласұрып, сүйеніш іздеген, мұңға бейім, жаңа тұрпатты көркем бейне болып бой көтерген. Табиғаттың әрбір мезетіне, әрбір құбылысына телінетін адами рух ойды көркемдеп жеткізе отырып, оқырманына эстетикалық ләззат сыйлайтын көркемдік тәсілге айналғаны осы жолдардан аңғаруға болады. Суреткер ақынның әрқайсысына тән ерекшелік сипат дегенде біз, әрине, бөлек бітімді бейнелеуді назарға аламыз.
Мені іздеп жүр дарияның жағасында,
Мен тұрмын ғой, өйткені, санасында.
Қара шашын жел жайып ағады түн,
Ағады түн ағаштар арасында.
Алғашқы шумақтағы түннің лирикалық кейіпкерді іздеу әрекеті, екіші шумақта дами түседі. Енді түн «меңсіз қара ат мініп жүрген жоқ», «қара шашын жел жайып, ағаштар арасынан ағады».
Адамның нәзік жанының сезім алдындағы дәменсіздігі осы жолдар арқылы аңғартылған. Ақын Түннің кеудеге басын сүйеп жылауы арқылы адам жан дүниесіндегі қат-қабат шиеленістерді, сезім қақтығысын тұспалдайды. Біз адамның ішкі әлеміндегі қайшылықтарды текке айтып отырған жоқпыз. Өлеңнің келесі шумағында шиеленісіп поэтикалық тіркестермен берген.
Сыбырлайды,
Жылайды,
Күліп тәтті,
Сүйеді екен ол мені,
Ұмытпапты.
Жылау мен күлу – бір-біріне қарама-қарсы сезім, халі, қайшы ұғымдар. Сол қарсы ұғымдар ұатарласа, егізделе отырып, тұтастай бір болмыстың толқымалы күйін танытады. Лирикалық «меннің» түнмен табысуы- екіге жарылған ішкі әлемнің бірлік тауып, бір шешімге келуі
...Иіскей берем үн-түнсіз
Иіскей берем,
Жалбыз иісі шашына сіңіп қапты,-
деген жолдармен бейнеленген. Өлеңнің «Түннің көз жасы» деп аталуының өзінде мән жатыр. Бір-біріне ұласқан метфоралық кейіптеу, символдар берілген.
Бейнелеу құралдарының бұрынғы поэзиядағы ұлттық дәстүрге айналған белгілі тәсілдерін, жаңа өмір құбылыстарын суреттеуде қазіргімен сәйкестендіргенде ғана соны, тың образдар туындайды. Мазмұнды ұлттық дәстүрмен шебер ұштастырып, қазақ поэзиясының өмірді суреттеу мүмкіндіктерін байыта беретін жаңа формалар мен түрлер таба білгенде ғана қазақ ақындары шеберлік пен тереңдікке, жаңа мазмұнға ие болып отырады. Қай лирикалық өлеңдерде болсын шағын я көлемді жаңа өмірдің артықшылығын суреттеу өзекті тақырып етіп алынады. Әдебиет зерттеушiлерiнiң, теоретиктердiң айтуынша, ақын өзiнiң лирикалық кейiпкерiнiң iшкi әлемiн бейнелегенде психологиялық-эмоциялық жағдайларды бейнелеп танытуға талпынады, соны мақсат етедi. Осы мақсат, осы талпыныстан келiп тың поэтикалық тәсiлдер, бейнелеуiш құралдардың жаңа мүмкiндiктерi туындайды. Бейнелеуіш құралдар арқылы сипаттауы лириканың көркем шығуына көп әсерін тигізеді
Е.Раушанов поэзиясының көркемдік ерекшеліктеріне келер болсақ, ақындық шеберлiгiнiң айқын көрiнiсi – эпитет, теңеу, метафора, метонимия, синекдоха, аллитерация, символ және т.б. бейнелеу құралдары өлеңдерiнiң көркемдiк жағынан ғана емес, мазмұн, идея жағынан да ашуға көмектеседi. Ақынның қанша сөз қолдануы, теңеу, эпитет түрiнде беруi – автордың сөз қорында. Барды – бар, жоқты – жоқ деп айтудың өзiнде де тiлдiк ерекшелiгi қалыптасады, жеке авторлық қолданысы пайда болады. Поэзиядағы ең қарапайым тiркес дегеннiң өзi де ақын ой-сезiмiнiң тереңдiгiн, сөз қорының байлығын байқатады. Осы тұрғыдан З.Ахметов: «Поэзияда әдебиет шығармасында сөз, тiл жаңалығы деген жеке сөздердi қолданудағы жаңалық қана емес, ал алдымен белгiлi бiр ой – пiкiрдi, сезiмдi жеткiзудегi шеберлiк көркемдiк» дейдi [8,6].
Әдебиет энциклопедиясында поэтикаға берілген анықтама бойынша поэтика - әдеби туындылардың құрылысы және онда қолданылған көркемдеу құралдарының эстеткалық жүйесі туралы ғылым.
Ақын поэзиясының тiлi де, сөз қолдану шеберлiгi де мол дүние. Көркемдеу құралдарын өз орнымен бере отырып жаңа тiркестер жасайды, оны жасайын демейдi, жүрегiнен шыққан сөздер қаз-қатар тiзiледi. Лирикаларында теңеудiң тұрақты түрiн де, өз қолтаңбасына тән тың, жаңа түрiн де қолданады.
Қазақ тiл бiлiмiнде теңеуге толық талдау жасаған ғалым Т.Қоңыров «Қазақ теңеулерi» атты ғылыми монографиясында: «Теңеу дегенiмiз – ұқсас ортақ бегiлердiң негiзiнде бiр затты екiншi затқа салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенiң бейнелiлiк, көркемдiлiк, эмоционалды- экспрессивтiк сапасын күшейтетiн, сол нәрсенi жаңа қырынан, поэтикалық қырынан танытатын әрi стильдiк тәсiл, әрi таным құралы»[27,7].
Поэзия – сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі. Поэзия тілінің сипат-ерекшелігін сөз еткенде, оны поэзиялық туындылардың, өлең-жырлардың мазмұнынан бөлек алып қарауға болмайды. Өйткені поэзияның, өлеңнің тілі, оның негізгі өзгешеліктері көркем шығарманың идеялық мазмұнын ашу, жеткізу талабына сай қалыптасады.
Лирикада тек тіл, сөз ғана емес, ой да көркем, бейнелі болуы керек. Өлең тіліне қуат беретін де, сипат беретін әр беретін де ой-сезімнің тереңдігі, әсерлігі. Поэзия өмір шындығын асқан ойшылдықпен, сезімталдықпен ашып көрсетеді. Өлең сөз сезімге толы, барынша әсерлі, көркем, бейнелі, әсем болуы керек. Өмірді көркемдік жолмен қабылдап, сезіну керек, сонда ғана сөз өрнектермен өрілген бейнелі болып шығады. Өлең тілінің бейнелі, көркем, кестелі болып шығуы поэзиядағы ой-сезімнің әсерлі көркемдігін, бейнелілігін, сұлулығын танытады. Өлең тілінің көп ерекшеліктері поэзияның ең негізгі, басты қасиеттерінен өрбиді, яғни олар поэзияға бірден бір тән дүниені эстетикалық, ақындық сезіммен қабылдау өзгешелігіне сәйкес қалыптасады.
Поэзия әлеміне өлеңнің еңселі ақ ордасын сән-салтанатымен, қымбат жабдығы – кестелі тіл, шешен сөз, шебер өрнегімен келістіре қондырған Есенғали Раушанов сынды ұлт ақыны деуге әбден болады. Бұл сөзімізге дәлелді оның әр жырынан, әр шумағынан, әр тіркесінен келтіре аламыз. Ақынның тереңнен тамырланған қаламгерлік тұлғасын "Періштелер мен құстар” жыр кітабы айғақтай түседі.
Кезі келгенде жырауларша кесек толғайтын, сөйте тұрып қат-қабат жан әлеміндегі қалтарыс-бұлтарыстарды нәзік сезімталдықпен тұспалдай жырлайтын Есенғали – бүгінгі поэзияның дамуына өзіндік үлкен үлесін қосқан дара стильді, ерекше болмысты ақын.
Кітаптың "Бозаңға біткен боз жусан” аталатын бірінші бөлімі, яғни, жалпы жинақ "Еркек” деген өлеңмен ашылған. Бұл өлең — ақынның адамдық жолда ұстанған өмірлік қағидасындай. Ой мен сезімді бір-бірімен қабыстыра отырып жыр толғағанда айтарын еш іркіліссіз өрнекті сөзбен еркін төкпелете айтатын ақынның мінезі осы өлеңде толығымен танылған:
Батырша күліп түрегеп,
Отырдым жылап ақынша.
Жонымды тостым "міне” деп,
Жолбарыс-тағдыр атылса.
...Қасқайып өстім шыңымда
Қара да беріш қайың боп.
Ендігі қалған ғұмырда
Езілетұғын жайым жоқ. [27,60]
Өлеңге ең әуелі керегі – мінез. Міне, сол мінез. Қайсарлық пен нәзіктік қатар сіңген жан болмысы осындай тегеурінді де салмақты сөздермен жыр болып өріледі.
Ақын өлеңдерінен халық басынан кешірген тарих мол орын алған. Алмағайып заман суретін өлеңіне өзек ете отырып, адам тағдырына, оның жан-дүниесіндегі қасіретке үңілу – ақынның ұстанымы. Небары екі шумақтан ғана тұратын "1932 жыл. Қазақстан” өлеңіне қасіреті мен зары төгілген кезең шындығы тұтасымен сыйып кеткен:
"Ел қырылған деседі мына дөңде,
Не деймін мен осынау тұл әлемге?
Кәрі аспан...
Кәдімгі дөң...
Қараша айы...
Түк те жоқ көз тоқтайтын бұдан өңге.
Өлең шөп барқын қара мақпал сынды,
Мақпалды сусыма құм жапқан сынды, —
Құм басып өлген қыздың қолаң шашы
Бұрқырап сыртқа шығып жатқан сынды,
Өлең шөп, өлең шөп — Қазақстан...[27,75]
ХХ ғасыр басындағы алмағайып заманда халық басынан кешкен ауыр қайғы, сұмдық зобалаңды бұдан артық қалай бейнелеуге болады! Поэзия баяндаудан, әңгімелеуден іргесін аулақ салып, көрікті де астарлы сөзбен бейнелеуге бой ұрғанда ғана түйсікке әсер етіп, жүректі қозғайтыны хақ. Ақынның ақындық тегеуріні мен дарын қуаты екшеп шығарған өлең жолдары заман шындығын айна-қатесіз көз алдымызға әкелген. Қазаққа қоныс болған маң даланың көрмеген құқайы жоқ. Енді бірде ақын сол оқиғаларды болған қалпында жырына арқау етеді. Сөйте отырып замананың салған лаңын жайып салады. "Қазақ ауылы” сюжетті өлеңінде тарихи кезеңнің нағыз шындығы бейнеленген. Өлеңнің "Сәскеде” атты бөлімінде қазақ ауылына шапқан ақ әскердің іс-әрекеті соншалық әпербақан оспадарлығымен көрінеді.
Селеудің кімді күтіп сарғайды өңі,
Ителгі үркіп ұшты самғай бері,
Ит үрді,
Қой маңырап,
Түйе боздап,
Кепкен шал қырға қарап "Алла-ай” деді.[28]
Атының басын ауылға бұрған атаманның әскері салған лаң ауылды осылай азан-қазан етіп шулатады. Кепкен шалдың кескен теректей құлауы, сауға сұраған би ағаның бишік жеуі, бәйбішенің таяққа жығылуы, "қамысты сүйрігінен айырғандай” тағы бір үннің шығып жатуы – ақынның тілінде шынайылықпен өлең болып өрілген сурет. Басына қазан киіп, жау кеткен соң бой көрсеткен қорқақтың тірлігі де оқиғаны шынайыландыра түскен.
Бармысың, тірімісің, жарығым-ай,
Не жаздық, неден жаздық тағы Құдай.
— Болғанда ағы мұндай бұл итіңнің,
Қызылы қандай болмақ, Тәңірім-ай! [28]
Қазақ ауылы текке сескенбеген екен. Ақтардың салған ойранынан соң ауылға ат басын қызылдар бұрған. "Кешке” деп аталатын өлеңнің екінші бөлімінде сол қызыл әскердің қылығы көрсетіледі:
Селеудің кімді күтіп сарғайды өңі,
Ителгі үркіп ұшты самғай бері,
Ит үрді шабаланып.
Бұл не тағы?
Кепкен шал қырға қарап "Алла-ай” деді. [28]
Тұтастай бір шумақты қайталай отырып, ақын ақтар салған ойранның тағы қайталанатынын аңғартады. Тек үшінші жолдағы сәл өзгеріс ендігі келген әскердің аңысын аңдап, сыпайы болып, шын содырлықтарын ішке бүге келген алдамшы қалпын көрсетеді:
Жүрісі "жау емеспіз” дегенді айтып,
Көрінді қырық қаралы атты кісі.
Қонақжай қазақ ауылы бейбіт қалыппен келгендерді ақ дастарханын жайып қарсы алады. Бірақ, ақ ниетпен жайылған дастархан, қонақжайлық ізетті қызыл командир басқаша қабылдап, құм ішінде отырған қазақ ауылына күдікпен қарайды. Ақыры, өзін қонақ етіп отырған ауылды ойрандауға бұйрық береді. Қызылдардың сұмдығы ақтардың әрекетінен де асып түседі. Ақын бұл оқиғаларды тілге тиек ете отырып, замананың бет пердесін сыпырып, шынайы бет-бейнесін танытады. Өзіміз сезген, сезінген, бірақ, айта алмай пұшайман болған саясаттың сұмдық астары осы бір оқиға арқылы ашылады.
Дамудың күре тамыры – дәстүр жалғастығы екені белгілі. Ұлттық поэзиямыздағы алтын арқау үзілмей көне дәуірден бүгінге дейін жеткені, ертеңгі күнге де жол тартары ақиқат. Есенғали лирикасында сонау көне түркі поэзиясынан тамыр тартып, кешегі жыраулар поэзиясынан сусынын қандырып, жаңа жазба поэзиядағы нәзік сыршылдық тұмасына бас қойған, асқақтық пен тереңдікті, өрлік пен нәзіктікті шебер үйлестірген ерекше бітім, кең тыныс, өзгеше өрнек бар. Әрбір тіркес пен әрбір жолдың балталасаң бөлінбес тұтастығы, шашауы шықпас жинақылығы, терең астары, бай мазмұны, салмақты мәні — ақын поэзиясының табиғаты. "Біздің ауыл” топтамасында өзі тіршілік кешіп отырған бүгінгі ауылдың тыныс-тіршілігінің суретін әр қырынан көрсетеді. Бұйығы ауылда тіршілік етіп жатқан қарапайым адамдардың ой-арманы, мақсат-мүддесі, іс-әрекеті назарға алына отырып, кішкентай оқиғамен үлкен адамзаттық мәселені айта алғанына аталмыш топтамадағы "Генетика”, "Әңгіме”, "Қанағат шофер куәлігінен айрылып қалды”, "Көкем-ай”, "Той. Рейім шал. Өлең” туындылары дәлел. Туған жерге деген риясыз махаббат пен сағыныш, ата-баба салтына деген шексіз құрмет, адам атты жаратылыстың қат-қабат жан әлеміне тереңдей бойлау өлеңді нәрлендіріп, құнарлы да бай поэтикалық тілмен төрт аяғын тең басқан жорғадай төгіліп кеткен. Бір кезеңде заман зауалы қыспаққа алып, басына екі талай күн туғанда қазақ ата мекенінен амалсыз ажырап, зар шекті. Жан-жаққа босып кеткен ел күні туғанда ата мекенге, ақынша айтсақ, "Жеке боп, ауыл болып, халық болып// Хат болып, хабар болып, табыт болып” оралды. Өйткені ата мекен – ештемеге айырбасталмас киелі мекен.
Менің ата мекенім – менің жаным,
Жаныма жара түссе, көңіл жарым.
Жеткізіп бір кісідей айта алмадым
Білсем де мың кісідей оның зарын –
Халық тағдырына бей-жай қарай алмау – мазасыз жанды ақынның бір ерекшелігі. Тарихқа назар сала отырып, оны қуатты, терең мағыналы өлеңге айналдыру, көркемдік сапасы биік поэтикалық туындыны дүниеге әкелу ақыннан аз нәрсені талап етпесе керек. Шынайы шеберлік сезімталдық пен аңғарымпаздық, сыршыл суреткерлік, биік талғам мен бай тілдік қор тұтасып, үйлесім тапқанда ғана танылады. Осы талап тұрғысынан келгенде Е.Раушановтың әрбір өлеңін шеберліктің хас үлгісі деуге болады.
"Бір қайың бар – ақ қайың, нәзік қайың” өлеңіндегі тұнып тұрған сыршылдық оқырманының жүрек қылын шертіп, терең ойға шомдырады. Мұңлы қайыңның желдің жұлмалауына амалсыз көніп тұрған шарасыз халіне жан-жүрегі сыздай отырып:
Жұбатар ем, хал-жайын сұрар едім,
Тілі жұмбақ әлі күн бірақ оның.
Жапырақтар жерге емес, ерте үзілсе
Жүрегіме құлайды мына менің –
деп мұңаяды. Жапырақтың жүрекке құлауы — тосын да ғажап сәтті бейнелеу. Ақын лирикасында жапырақ қорғансыз да нәзік, сезімтал да мұңлы жан дүние бейнесі іспетті. Бір өлеңінде "Жапыраққа айналып кетсем мен деп // Жасырындым күн ауа топ шеңгел кеп” десе, тағы бір өлеңінде: "Сен қалтырамашы, жалғыз жапырақ // Менің жанымды ауыртып”, "Сен қалтырамашы, жалғыз жапырақ //...Менің де жалғыз қарындасым бар” дейді. Іңір суретін сөзбен салған, жазбен, күзбен, жұмбақ сырлы түнмен, желмен сырласындай тіл табысып, олардың әрқайсысын персонаж (бейне) дәрежесіне дейін көтерген ақын үшін уақыттың әрбір мезеті мен мезгілі, әрбір құбылысы терең сырға, үлкен мәнге ие. Табиғатты назарға ала отырып, ақын тың сипатты, поэтикалық қуаты аса жоғары кейіптеулердің тамаша үлгісін жасайды. Мысал керек пе? "Түннің көз жасы”, "Қаңтардың келуі”, "Сүйдім мен Іңір деген пері қызын”, "Еркем Тамыз”, "Ерте кетіп барасың, сары күз”, "Жаз не деп еді”, т.б. өлеңдерін оқып қараңыз. Желді, түнді, т.б. табиғат құбылыстарын бейне дәрежесіне дейін көтере отырып, адам жанының сырын шебер де шешен тілмен аңдату – Есенғалидың ақынның негізгі ұстанымы. Табиғат атты ұлы ұғым адам өмірінен бір сәтке де тыс қалмақ емес. Ақын адамды табиғат әлеміне сіңіре бейнелегенде осы фәлсафаны әсте естен шығармайды. Желдің сыршыл да мұңлы қалпы (Бақты аралап баяу ғана жүреді // Жел бүгінде суып біткен бәрінен), "қара шашты”, "меңсіз қара ат мінген” түннің таяныш, сүйеніш іздеп, шерге бөккен жан түріндегі бейнесі (Өксиді үнсіз кеудеме басын сүйеп // жұбатуға жаралғам мен о бастан) жан жүйені қозғап, терең ойға қалдырады.
Лирикалық өлеңдерінде түрлі өзекті мәселелерді, адам тағдырын көтере білген ақын соқталы дүниелері – поэмаларында да терең мәнді, тарихи-философиялық ой-толғамдарды биік те терең поэтикалық қуатпен жырлайды. "Сарыөзен”, "Ғайша-бибі” поэмалары соның айғағы. Халықтық дастан-жырлардағы қара сөзді араластыра, өлеңмен жырлау тәсілін асқан шеберлікпен жаңғырта отырып, өткен күн оқиғасының мән-маңызына үңіледі. "Сарыөзен” поэмасының орталық тұлғасы Мұхаммед-Салық Бабажанов арқылы халық тарихы мен тағдырын танытып, ақын үлкен міндетті орындаған. Поэма прологы қара сөз түрінде өріліп, белгілі бір заманда болған уақиға қара обаның түсі болып баяндалады. Сармат көсемі мен алан патшасы Батразд арасындағы әңгіме, сарматтардың қырғын табуы, Батраздтың жалғандық әрекеті, "бұлардың салтында моланы қазуға да, жаңғыртуға да болмайды” деген сөзі тарихи оқиғаның нағыз шындығын танытады (Бұл сөз поэма финалында генерал-губернатор аузынан қайталай айтылады). Сол түсті көріп жатқан қара обаның үстінен қара көз сотник – Мұхаммед-Салық мінген фаэтон өтіп бара жатыр... Бұл бейнелі желі поэманың идеялық мазмұны мен тақырыптық мәнін аңғартып өтеді. Түс көріп жатқан қара оба – тұмшаланып қалған тарих. Сондай-ақ, қазақ даласының патшалық Ресей қолындағы халі генерал-губернатор Крыжановскийдің әрекеті мен ішкі ойынан айқын танылады. Ақын баяндаудан гөрі тұспалдау мен ишаралауды негізгі тәсіл ете отырып, қазақ даласына жүргізіліп отырған саясаттың қитұрқылығын тайға таңба басқандай етіп көрсетеді.
...Қарайды маңдайшадан дала жаққа
Суреті самұрықтың түйіліп бір.
...Желкеде самұрық тұр, сәл қозғалсаң,
Жарқ ете түсетіндей жасын болып.[29]
Осы жолдардың өзі көп нәрсені аңғартады. Алдына келген Салықтың мақсаты мен тілегін білген соң генерал-губернатор оның ісін құптағандай жауап берсе, іштей:
"Да-а, сөз жоқ, батыл ұлан, батыл ұлан,
Көз жазбау керек болды заты бұдан.
...Қазақта қарғыс атқыр тағы бір ұл
Қағынып туған екен жатырынан...” —[29]
деп, сөзіне мүлде қарама-қайшы ой ойлайды. Поэмадағы табиғат суреті, адам ойы мен сезімі, орданың сән-салтанаты, кейіпкерлер характері ақындық зор қуатпен құйылып түскен, астары қалың бояу, арасына сына кірмес тіркестер, жігі білінбес ұйқастармен жырланған. Ордаға қонаққа келген генерал-губернатордың көздеген мақсаты мен мұраты шағын ғана эпизод – бір-екі шумаққа сыйып кеткен:
Шылымның түтінінен оймақ жасап,
Мырс етті губернатор – нені білді?
Сол түтін босаға емес, төрден өріп,
Тұрды да сақина боп дөңгеленіп,
Ақырын саф ауаға тарап жатты,
Гүлдердің жапырағын желмен өбіп.
Білген жоқ қырдың нәзік гүлі бүгін
Тамырға сіңетінін түбі мұның.
Гүлдің бойына сіңген шылым түтіні үстем елдің далалық азат халықты қалай бұғаулайтынының тұспалы. Мұндай ұтымды да тапқыр тұспалдар күллі поэманың құндылығын арттырған. Жылы сөйлеп, жымия күлген генерал-губернатордың сұмдығы мен аярлығы, екі жүзділігі Салыққа өз қолымен у беріп, оның өліміне аһ ұра қайғырғандай кейіп көрсету әрекетімен барынша ашылған.
Е.Раушановтың "Періштелер мен құстар” жыр кітабы — мазмұны мен тілі келіскен, қазіргі қазақ поэзиясының шырқау биікке жеткенін, өлеңнің көркемдік мүмкіндігін барынша танытқан маңызды жинақ. "Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын” келістіре алған ақынға "шырқау биікке жеткенді” деген сөзді әбден елеп-екшеп, ойланып барып-ақ айтып отырмыз. Мына қос шумаққа қараңызшы:
Шыжыған күннен қорынбақ болып,
Көлеңке іздеп жан-дене,
Шыршықты бетке ап шомылмақ болып,
Шыққанда қыздар сәндене.
Шыршық ағатын, ыршып ағатын,
Жыршы болатын бар ағын.
Шыршық ағатын, шымшып ағатын,
Ақ қайраң санын жағаның.[29]
Не деген сурет, не деген сөз саздылығы! Әр жолы әндетіп тұрған жоқ па?!
Осындай өлеңдері бар жинақтың қандай биік бағаға да лайықтылығын айтып жатудың өзі артық сияқты.
«Біздің егемендік хақында екі ауыз сөз» атты өлеңіндегі ақын Есенғали Раушановтың толғанысы мынадай:
Мен қайырылдым, сен-дағы бұрылшы, інім,
Қалай, не деп ұғамыз мұның сырын:
Аяғыма қараймын – шідерім жоқ,
Неге қақсай береді жіліншігім? ... [29].
Озбыр отаршылдықтың бұғауы үзілді, егемен ел болып, жеке түтін түтеттік, әлемдегі көптеген мемлекеттер (ең алдымен Түркия) Қазақстанның тәуелсіздігін танып, дербес өмір сүре бастадық. Бірақ, халықтың әл-ауқаты,тұрмыс-тіршілігі бірден жақсарып кеткен жоқ. Тапшылық, жетіспеушілік, кедейлік құрсауынан шыға алмай қиналған қазақтар ауылда да, қалада да сеңдей соғылысты. Бәрінен де құлдық санадан құтылу оңай болмады. Есенғалидың «Неге қақсай береді жіліншігім?! Деп шідірі жоқ шерлінің күйін кешуінде әлгіндей гәп жатыр. Өлеңнің өзегінде жатқан ащы шындықты жүрекпен қабылдап ұғыну керек. Мына секілді құпиясын ішке бүккен жырлардың дүниеге келуі қазақ өлең өнерінің биік өрісін, көркемдік деңгейін, сапалық әлеуетін көрсетпек.
Әдеби туындының көркемдік әлемі қаламгердің ой-қиялы және дүниетанымы мен сөз саптасына келіп тіреледі десек, қазақ өлеңінің кеңістігінде Абайдан үлгі алып, өлеңнің өрнегін салған суреткердің бірі – Есенғали Раушанов. Оның шығрамашылығының поэтикалық жүйесіндегі өзіне тән ерекшеліктерді былайша сипаттауға болады: Біріншіден, ақын өлеңге өнер ретінде қарап, оны өрелі ой айтудың құралына айналдырған. Сондықтан да өлең жолдарында философиялық таным мен поэзиялық көркемдіктің тұтастықта жарасым тауып, нәтижесінде қазақ поэзиясында жаңа мазмұндағы өлеңдік өрнектер мен келісті суреттеулер, тың түр мен мазмұн пайда болып ұлттың рухани әлемін жаңа бір сатыға көтерген.
Екіншіден, ақынның лирикалық кейіпкерлерді сомдаудағы өзіндік қолтаңбасы шағын лирикалық өлеңдері мен көлемді туындыларында да сабақтастық тауып, ой мен сөздің мән мағынасын, әсерін арттыра түсетін: «Артымда – тозақ тозаңы» [30,25], «Жүрегiм – мұңшыл құсым»[30,26], «Ұйқы - өлiмнiң өкiлi», «Жақсылар – алтын сандық»[30, 27], «Жамандардың кеудесi – қырық құлып» [30,40] деген метафоралық қолданыстарды түрлендіре қолдануы ұлттық поэзиямыздағы көркемдік құралдарды тыңнан түлетіп қана қоймай, ақынның қаламгерлік қолтаңбасын айқындайтын айрықша белгіге айналған. Тек бейнелілік қана емес оның терең мазмұнымен өрілген өзгеше бітімі руханиятымыздағы жаңа бір көркемдік дүниені қалыптастырды.
Саралай келе, ақын поэзиясындағы адам мәселесі өзгеше өрнекпен, бөлекше талап – тілекпен сомдалып, алдымен адам жан дүниесінің сапалы жақтарын дамыту баса көрсетіліп, адам табиғи жаратылыстың күрделі нәтижесі ғана емес рухани жан әлемі ерекше қасиетке ие болған құбылыс екендігін дәлелдеу үшін поэтикалық жүйе жасалды. Осы мәселені шешуде суреткер небір жаңа метафоралар мен ауыстыруды түрлендіре қолданды. Дәстүрлі адам мен табиғат бірлігін психологиялық тұрғыдан сипаттаудың тың үлгісін танытқан сөз шебері шынайы болмыс суретінен асып, адам мен тылсым арасындағы нәзік қарым-қатынастың сипатын танытудың жаңа жолын қалыптастырды.
Ақын поэтикасы қазақ поэзиясында бұрын соңды қолданылмаған фразеологиялық оралымдармен бейнелі суретті сөздермен дараланады. «Көгілдір әлем» [30, 20], «қасірет-кәрі дұшпан»[30, 25], «саумал самад»[30, 77] алуан сипатты адам психологиясының суреттерін ашатын сөз образдарымен халқымыздың өлең өрісінде ерекше стиль, мәнер және өлең құрау машығын алып келді. Осындай психологиялық оралымдар ақын кейіпкерінің көңіл күйімен қоса оның рухани ой- дүниесінің терең қалтарыстарын тануға да мүмкідік береді. Мұндай тың талаптарға өлең ұйқасындағы жаңа түр мен ырғақ та сәйкес келеді.
Әбдiлда Тәжiбаев: «Қазақ поэзиясын жалпы әңгiмелеу мезгiлi өттi, жеке ақындар жайлы монографиялық еңбектер жазылуымен қатар, поэзиямыздың әр алуан бай салалары туралы да ақындарымызша даралана, мамандана басталған зерттеулер керек! Онсыз әдебиет ғылымы қазақ поэзиясына көмек көрсете алмайды» [30,16] деп лириканы зерттеуiмiздiң алғышарттарын өзiнiң ғылыми еңбектерiнде жазған болатын. Және поэзиямыздың эволюциясына қалай терең бойлай алатынымызды анықтағанды. Ақын поэзиясының өзi ғана бiр дүние.
"Ауыстыру, яки, метафора (грекше- көшіру) – сөз мәнін өңдендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау;сөйтіп, суреттеліп отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту.
Гималай - көктің кіндігі,
Гималай - жердің түндігі.
(І.Жансүгіров)
Қыр төсінде мөлдір айдын - ақ сынап,
Жиегінде жасыл кірпік - жас құрақ.
(Ә.Сәрсенбаев)
Әйнегі - күн, шатыры - аспан,
Кең дала...Төсі - толқыған егін.
Көлдері көкке, күмістер шашқан,
Қазақстан - республикам менің!
Бірінші мысалдағы метафора Гималайды біресе көктің кіндігіне, біресе жердің түндігіне балап, әншейін бір жер атын қолма-қол заттандырып, тауға көл - көсір мағына берсе, екінші мысалдағы ауыстырулар (ақ сынап, жасыл кірпік) қырдағы айдын көл мен бала құраққа айрықша сұлу сымбат бітірген. Үшінші мысалдағы метафоралар ап-ашық әсірелеумен ұштастырылып, жер мен көктен, күн мен көлден тұтасқан асыңқы бейне жасаған да, ақынның туған республика деген махаббатына мақтаныш сезіміне өзгеше ажар берген.
"Қара қазан, сары бала қамы үшін ереуіл атқа ер салмай" мінген Махамбеттің отты жырларына жалын қосқан да - метафора.
Мен - тауда ойнаған қарт
Марал
Табаным тасқа тиер деп,
Сақсынып шыққан қиядан...
...Мен бір шарға ұстаған
Қара балта едім:
Шабуын таппай кетілдім,
Қайрасаң тағы жетілдім...
(Махамбет)
Ақын өзін маралға баласа, маралдың күллі қасиетін, балтаға баласа, балтаның барлық ерекшелігін еселей төкпектетіп айту арқылы өлеңге де айрықша екпін, қайсар күш, қайталанбас қасиет дарытады.
Жұматай да, Исраил да, Есенғали да - поэзия көгінде құлашын кеңге сермеген жаңашыл, ізденімпаз ақындар. Сол себепті олар метафора жасауда ең шырайлы, сай тасындай мінсіз, келісімді сөздер мен тіркестерді таңдайды.
Мәселен:
Алғыр деп досы санайтын,
Аңғалдау туған бір ұлмын.
Күн жаққа ғана қарайтын
Күнбағыс болып бұрылдым...
(Кетпеймін енді үй көрмей)[31]
Лирикалық кейіпкер өзін күн сәулесін қомағайлана жұтар күнбағыс бейнесінде беріп, жан баласына бас имес бірбеткейлігін, ар- намыс ұшқынының бойда шоқтай маздап тұрғанын аша түскісі келгендей "күнбағыс" метафорасына "күн жаққа ғана қарайтын" эпитетімен ымдастыра жұмсап , образды кеңірек ашып, нақтылай түседі. Бұл да - шеберлік.
Жұматайдың ақындығы қаншалықты күрделі болса, образ жасаудағы шеберлігі де шексіз. Ақын халық танымына таңсық емес, ұғынуға жеңіл сөздерді ұтымды пайдаланып, қонымды метафоралар жасайды.
Құда, яки, алашша айтсақ, Құдайдың
Құрметінен құр қалғанға жылаймын.
Сен әулие бұлақтайын мөлдірсің,
Қақтан таяз, шалшық түбі - лаймын.
(Ен таңбасыз екі тәулік бірге өлді) [31]
Лирик ақын, әрине, бұл метафораны өзін тым жерге ұрып, төмендету мақсатында қолданбаса керек.Мұндай суреттеуді таңдаған себебі – хас сұлуының «бұлақтай мөлдір», келісті келбеті мен кескінін даралап көрсету мақсатын көздегені анық.
Ақын метафорасына үңіліп, кейде сүйген аруының бойынан мін атаулы аулақ кетіп, бейне періштедей күнәсіз қалыпқа түсіреді, ең бағасыз дүниедей қастерлеп, қадірлейді. Мәселен:
Айқындау, яғни эпитет – заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз. Эпитетсіз тіпті айтарыңды анықтау, суреттеп отырған нәрсеңді нақтылау қиын. Әрине, бұрын-соңды сан мәртебе қолданылып, ығыр болған эпитеттерді қайталай берудің керегі жоқ.
Қолыма от сиялы қалам алдым,
Жалтақтап айналама қарамадым...
(Х.Ерғалиев)
Осындағы от сыя қандай тың, қандай әсерлі? Жаңа эпитет табу керек дегенде біз ақындарды осындай ізденулерге мегзеп отырмыз.
Қара алмас көзді, бал ерін,
Басынан құс та ұшпаған,
Бұла өскен асқақ жан едің.
Қасым Аманжолов айтқандайын, ақын өмірбаяны өлеңдерінде екені рас қой. Фариза да өзі ғұмыр кешіп жатқан уақыттың жыршысы. Ол өз замандастарының, өз заманының өмірбаянын өз өлеңдерінде өрнектеп жүр. Сол себепті де оның тағдыр жолын толғаған жырлары онымен құрбы-құрдас бір ұрпақтың да өмір сыры.
Анафора – өлеңнің үйлестік-әуезділігі мен әсерлі, әсем дыбысталуын күшейтетін стильдік тәсіл, дәлірек айтқанда өлеңдегі әр жол немесе әр тармақ ылғи бір сөзбен басталып, қайталана береді:
Сары үлек - оның әселі,
Сары үлек - қолдар аруақ. [31]
***
Қайта-қайта оқыса қайырып кеп,
He болады халымыз, әй, Ұлықбек?!
He болады халымыз жұмақтағы,
Басқа барар жер де жоқ бірақтағы. (Астамшылық)[31]
Сонымен қатар ақын өлеңдерінде дыбыстық қайталаулар да жиі ұшырасады, олар өлеңнің көркемдігін көтереді. Яғни, – біркелкі, не үндес дыбыстарды бірнеше рет қайталау арқылы сөздердің бір-бірімен үйлесімділігін арттыру тәсілі.
Аллитерация – шығармаларда бірыңғай дыбыстардың үндестігі, дәлірек айтқанда дауыссыз дыбыстардың қайталануы. Бүкіл әлем поэзиясында ертеден қалыптасып келе жатқан стилистикалық айшық. Әдеби тілді ажарлап, сөздің реңін келтіре түсетін көркемдік тәсіл:
Жылама сәулем, алаңдағанда ой,
Жаныма ем бол жаралы.
Жас төгу үшін жаралмаған ғой.
Жас арулардың жанары.
***
Сыйладым шуақ жанарларыңа,
Санасыз ойға сапы ұрдық.
Сұлулықта жоқ ғаламда мына,
Жоқ болса егер ақындық. [31]
***
Жолдар да жолдар, жолдар-ай,
Жонастан асып, жон кезіп,
Жарыса тартты жосыла.
Жаныққан көңіл сондағы-ай,
Жеткен де жерің осы ма?
Жасыл да жасыл, жасыл бел,
Жайлаған болдым қарыштап.
Ақын өлеңдерінде ең көп қолданылатын бейнелеуіш компоненттердің бірі – эпитет. «Эпитет (сипаттама) – заттың, не құбылыстың айрықша белгісін, қасиетін білдіретін бейнелі сөз. Эпитет ұғымға, нәрсеге бейнелілік, нақтылық сипат береді» [35, 76] дейтін болсақ, ақын өлеңдерін оқи отырып неше түрлі эпитеттерге кездесеміз:
Ұсынсам, қолым жетер ме?
Бұрынғы шалдар.
Айхай, менің заманым,
Айдынына толған ел,
Аймақты жұрт,
Ордалы ер.
***
Қараша үй, қарлы дала.
Ақын өлеңдерінің құрылысы туралы сөз қозғар болсақ, алдымен тілге тиек болары – жеті буынды өлеңнің көптеп кездесуі. Бұл түсінікті де, себебі «қазақтың тума, төл әдебиетінде, оның поэзиясындағы жеті буынды жырдан аяқ алып жүре алмайсыз. Ақын өлеңдерінің құрылысы өз ерекшеліктеріне қарай әртүрлі ұйқасты болып келеді.
Көріктеуіш құралдар – шығарманың өңін кіргізетін ең ұтымды тәсіл. Оның ішінде теңеулердің мәні ерекше зор. А.Байтұрсынұлы теңеуге мынадай анықтама береді: «Көріктеу нәрсені айыра көрсетіп, айқын шығаруға жарағанымен, нәрсенің бейнесін сүгіреттеп көрсетуге күші жетпейді. Ондай орында белгісіздеу сипатты белгілі сипатқа, белгісіздеу нәрсені белгілі нәрсеге теңеп, көрнектеп ашығырақ көрсетеміз. Теңеу екі түрлі: Әншейін теңеу, әдейі теңеу. Екеуінің арасындағы айырмасы сол: әншейін теңеу – әдетті теңеу болады, мәселен, удай ащы, айдай жарық, күйедей қара дегендегі «удай», «айдай», «күйедей» деген сөздер - әдейі теңеу» [31, 15.].
Метафора, ауыстыру – екі нәрсені, құбылысты салыстыру және жанастырып жақындату негізінде астарлы тың мағына беретін бейнелі сөз немесе сөз тіркесі болатын болса, поэзиялық туындыларда метафора атқаратын қызмет салмағы қаншалықты дәрежеде екені түсінікті болмақ.
Мысал келтірсек:
Амалым таусылған соң мен зарлаймын,
Заманым-қызыл түлкі, мың құбылдың.
***
Екі апам-екі үй кәдімгі,
Тербеген қыдыр бесігін.
***
Ақын жаны – нәзік гүл, жарығым-ай,
Абайласаң қайтеді, айбайласаң?!
Ақын өлеңдерінің қайсысын алсақ та ақн бойындағы ой мен сезімнің түйісуінен туған болса да, оқиға бар, қарапайым тілмен кестелей отырып, көз алдымызға болған жайтты елестетеді.
Бір тамшы су өтпей тамақтан,
Жатты
анам,
Жатты анам күбірлеп:
«Ел неге көшпейді, Жаратқан,
Сәрсенбі емес пе бүгін», - деп.
Көш бастар адамдай найқалып,
Содан соң тас-түйін бекінді.
Су қалды кеседе шайқалып
Ажалдың айдыны секілді.
Қабарып құлады
күрең күн
Тұтқышы
секілді қазанның.
Сол суды шашып кеп жібердім
Безерген бетіне ажалдың.[31]
Лирикалық өлеңдердегі басты тұлға «лирикалық қаһарман», яғни басқа сөзбен айтқанда лирикалық «мен». Гегельдің айтуынша, «лирикалық өлеңнің нақ ортасында жырдың бүкіл бітім-болмысын әйгілейтін нақты субъект ретінде ақындық «мен» жатуға тиіс. Сонымен қатар кез-келген лирикалық өлең (Өлең—сезім+ой+сюжет+композиция --ақиқат) негізінде құрылып, ақынның «көңіл жүрегінің сүзгісінен» (Гегель) таза да табиғи күйінде шыққанда ғана әрлене түседі.
( Қазақ ауылы)
Ақ қашып, қызыл қуған
заманым-ай,
Заманның таба алмадым амалын-ай...
Сол кездің өлеңі
1. Сәскеде
Ыспа кұм ысылдаған төңірегі,
Біздің ел сырт хабардан не біледі?
- Ағы кім?
- Қызылы кім?
- Ит біліп пе?
Әйтеуір, қазақ
емес көрінеді.
Кепкен шал балағаттап, өжектейді:
- Апыр-ай,
бұл
иттерге не жетпейді?
Біреумен соғыспап па ед ана жыл да,
Бірі жығып, бірі құлап кезек, - дейді.
- Дегенмен,
жаугер халық осы немең.
- Бар ма екен,
сірә,
осыңның досы деген?
- Қу соқа,
арық өгіз айдағаны,
Ай, бұлар ұрысып жүр несіменен?
Иен дала шет-шегі жоқ паң көсіліп,
Сәріден жел айқайға салды есіріп.
Көз жұмды шықпай жатып сәби күн де,
Құм жатыр есік алды мәңгі есіліп.
Селеудің кімді күтіп сарғайды өңі,
Ителгі үркіп ұшты самғай бері,
Ит үрді,
қой маңырап,
түйе боздап,
Кепкен шал қырға қарап «Алла-ай» деді.
Шыққанша «не болдылап» тұмақтылар,
Құйылып келіп қалды кіл аттылар. [31]
Поэзиядағы интеллектуалдық ойлаудың әдібін дұрыс таразылай алмаған кейбір ақындар лирикалық өлеңдеріндегі басты салмақты бұлыңғыр ойға салып, шалажансар ақиқаттың ауласынан ұзап кете алмай жүр. Соның кесірінен соңғы он шақты жылдың ішінде (Өлең—сезім+ой) негізінде ғана құрылған жерде тиянағы жоқ, абстракциялы, сырты жылтыр, іші бұлыңғыр, долбар аналогиядан тұратын, логикалық үйлесімдіктен ада, сезім қылын шерте алмайтын өлеңдер тасқынының қаптап кеткендігі соншама, тіпті, солардың бәрін жинап алып көрмеге қоярлықтай.
Ақынның лирикалық өлеңдеріндегі жырдың өне бойындағы ішкі қоңыр ырғақ, адамның жүрек түкпірінен үн тартып, сыршыл әлемінің тұңғиығына терең бойлатып, тау суындай таза да табиғи қасиетімен көңіліңді баурайды. Ақынның өлеңдерін оқып отырғанда «автордың айтпағы не?»деген сауал туындамайды. Сіздің алдыңызда бар сырын жасырмай ақын өзі сөз алады. деп өлеңнің биік те асқақ рухымен әрі ізгі жанның делебесін қоздыратын алпысыншы жылдардың басында-ақ Жұмекеннің жүрегінен жыр болып төгілген лирикалық өлеңдер қазақ поэзиясындағы шын мәнісіндегі ренессанс-тын.
Есенин өлеңдерінде сұлулықтың нышанын атып келе жатқан арайлы таңның сәулесінен іздеу басымырақ келсе, Қасым поэзиясында керісінше қоңырқай кештің мезгілін адамның өмірімен байланыстырып, көзді ашып-жұмғанша өте шығатын жалған тіршіліктің табиғатына үңілу жиірек ұшырысады:
Біздің ұлық Абайымыз айтпаған сөз қалған ба? Жасың ұлғайып, дүние сырына бұрынғыдан тереңірек үңілген сайын Абайға барып жүгінуің жиілей береді. Жаныңды қинаған сұрақтарға жауап іздейсің.
Өлсем орным - қара жер сыз болмай ма?
Өткір тіл - бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат ғадауатпен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма? - деп жазады ақын. Мұндағы Махаббат - ғаламдық көлемдегі сүйіспеншілікті бейнелесе, Ғадауат сол махаббатқа қарама-қарсы - жек көру, мейірімсіздік, қаскүнемдік, дұшпандық деген ұғымдарды бейнелейді. Бұдан басқа Абайдың талқысына түсетін Нәпсі деген сөз бар. Оның мағынасы тіпті жан-жақты: адамның ішкі жан дүниесі, құштарлығы, құлқы-пейілі болып таралып кетеді. Махаббат. Ғадауат. Нәпсі. Асылы гомо сапиенс аталатын саналы адамның өмірі осындай үш тағанға тіреліп тұратын болса керек.
Абайдың айтуынша, Алла тағала әуелде адам баласын махаббатпен жаратқан. Ендеше: "Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың парыз емес пе?". "Махаббаттың төлеуі - махаббат". "Алла тағаланың пендесін махаббат уә мархаматтан жаратқанын біліп, махаббатына махаббат пенен ғана елжіремекті Құдайға ғашық болды дейміз". (Отыз сегізінші сөзден). Жалғыз Абайда емес, Шығыстың атақты ақындары Руми, Хәйәм, Хафиз, Жәми, Сағди жырларында аспандатып дәріптелетін махаббаттың төркіні - күллі ғаламды, жан иелерін жаратушы құдіретке құлшылық етуден бастау алады. Бұл ретте жаратушы мен жаралушының арасындағы махаббат сипаттарын ақындық, философиялық тілмен жеріне жеткізіп жырлаушының бірі - біздің ұлық бабамыз Ахмет Ясауи екенін әркім білуге тиіс.
Махаббат - адам өмірінің тұғыры мен тіреуіші. Махаббат - өзіңді ғана емес, ең алдымен өзгені сүю, қарапайым тілмен айтсақ, жақсы көру, ұнату. Жаны ашу, мейірбандық, жақсылық істеу, қамқорлық көрсету осыдан шығады. Көкірегін махаббат жайлаған адам - қашанда қайырымдылықпен, әділдікпен, адалдықпен ауылдас отыруға тырысады. Ондай адамның кейде сырты байсал, суықтау көрінуі мүмкін, бірақ іші - нәзік, сезімтал, сергек келеді. Ойынан бұрын сезімі бас көтеретін де кездері бар. "Мұның арты қалай болар екен" деп ойы тартпақтай бастаса, сезімі ілгері қарай сүйрелейді. Сөйтіп, бұлдыр ойды мөлдір сезім тазалап жуып тұрады.
Дүниедегі бар жақсылық махаббатпен жасалады, махаббатпен нұрланады. Ең арғысы сәулетті үй салып, бітік егін өсірсеңіз, жер қойнауын қопарып кеніш көзін ашсаңыз кітап жазып, ою-өрнек тоқысаңыз да қаншама ой қуатын, жан мейірімін жұмсайсыз. Өйткені, шын сүйіспендіктен туған дүние ғана құнды, сұлу болмақ.
Ғаламдық биіктен қарасақ та, махаббаттың орны орасан екені көрінеді.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде бұдан басқа? - деп Абай тегін жазбаған.
Түпсіз тұңғиық ғарышта шыркөбелек айналған жұлдыздар, планеталар әлемі, ай мен күннің жарығына жылынып, біздің тұрақты Мекеніміз секундына отыз мың шақырым шапшаңдықпен зырлап бара жатса, бұл абсолюттік шындық - Құдіреттің іс-әрекетінен хабар береді. Жер бетіндегі күмі құбылыс, әлі түгесіліп-таусылып бітпеген тіршілік иірімдері, адам баласының қазандай қайнаған, арпалыс пен алысқа, жеңіс пен жеңіліске толы өмірі, Абай айтқандай, сол құдіреттің хикметіне тұнып тұр. "Құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады... Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар". (Отыз сегізінші сөзден). Хикмет сырына үңіліп, танып-білу үшін де ақыл-парасат, білім-білікпен қатар ықылас-пейіл, құлшыныс, сүйіспендік керек.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп - әділетті.
«Бүгiнгi қазақ поэзиясына келсек, өзiң айтқандай, әңгiменiң әрқилы болатыны заңды. Журналистика жауынгер жанр болатын болса, поэзия жанкештi, жасампаз. Болашақты болжағыш, барынша сезiмтал, сергек, көргек жанрыңыз да осы. Бiр ғана Абай өлеңдерi бұған қыруар мысал бола алады...» деп өзі айтқандай Абайды пір тұтатын, жалғастығын тапқан Исраил ақын махаббат тақырыбына да қаламды көп тартты.
Бұл мысалдардан табиғат пен ақынның жақындығын, табиғаттың адам кейпіне енуін, яғни жанды деп көрсетуінің өзі ақын шеберлігін, өзіндік ерекшелігін көрсетеді. Зерттеуші М.Оразханова айтқандай, табиғатпен қуана да білетін, қайғыра да білетін, айшықты суреттермен әрлеген, табиғатты еш қалыспай жырлайтын ақындардың бірі.
Табиғатты, оның көріністерін бейнелеуде теңеудің, айқындаулардың яғни бейнелуіш құралдардың орны ерекше. Айқындаулар сөзге әр беріп, ажарландырып, реңк беріп, оқырманға да ерекше сезіммен әсер етеді. Қазақ әдебиеттану ғылымында айқындауды А.Байтұрсынов көріктеу, лақаптау деп, олардың түрлерінен мысалдар келтірсе, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов т.б. да ерекше көңіл бөлген. З.Қабдолов айқындау, яғни эпитет деп «заттың, құбылыстың айрықша сипатын анықтайтын суретті сөз» [6,209] деген анықтама береді. Ал, С.Негимов айқындаулардың сын есім арқылы, тавтологиялық жолмен, тұрақты, күрделі, әсірелеу арқылы, авторлық жолмен жасалатындығыны көрсетеді [32, 43]. Р.Сыздықова айқындаулардың түрлерін тұрақты, тұрақсыз, метафоралық, синкреттік түрлерін атаса, С.Негимов айқындаулар ішкі рухани өмірге, түр сипатқа, жер-су өлкеге, есту сезімдеріне байланысты болып келеді деген болатын.
Эпитеттер туралы орыс әдебиетінде жеке қараған, және зерттеулер де кездеседі. А.А.Потебня өзінің «Теориялық поэтика» зерттеуінде «құбылтудың бірі – айқындау. Кеңе мағынасында белгілі бір түсінікті анықтайтын, сипаттайтын, танытатын кез-келген сөз айқындау болады. Осыған байланысты кез-келген сын есім де айқындау болады.» [31, 17].
Ақынның өлеңдерінде де айқындаудың орны ерекше. Ол табиғатты суреттеуде айқындауды көп қоладанады дей алмаймыз, бірақ та өз орнымен, келісті жағдайда береді. Яғни өлеңдерінен есім сөздерден болған айқындауларды ұшырастырамыз. Мысалы, «Қара бауыр қасқалдақ» [31, 36], «Айқабақ көлдің арнасы азып // Жалаңқай жаздан аумады көктем» [31, 57]. Бұл мысалдарда қазбауыр бұлт, айқабақ көл, жалаңқай жаз есім сөздерден болған эпитет, сын есімдерден жаалған айқындаулар болып табылады.
Қазақ зерттеушілері А.Байтұрсынов теңеуді әдейі, әдеткі деп екіге бөлсе, [4, 56], Қ.Жұмалиев: «Теңеудің көпшілігі зат есімдерге, есімшеге, есімше етістікке жалғанған –тай, -тей, -дай, -дей, -ша, -ше және –дайын, -дейін жұрнақ арқылы жасалады» деп көрсетеді [5, 3]. Ал Т.Қоңыров орыс тілі мен әдебиетінде теңеуге қатысты 100-ге тарта ғылыми еңбектердің жарияланғандығын айта отырып, қазақ теңеулерінің жасалынуын көрсетеді, мысалдар келтіреді.
Әдебиеттану терминдер сөздігінде «параллелизм – екі нәрсені қатарластыра, жанастыра алып бейнелеу тәсілі. Екі түрлі ұғымды білдіретін тіл элементтері бір-біріне әсер етіп, тұтас поэтикалық бейне тудырады» [31, 26.] деген анықтама беріледі. Ал Ханбибі Есенқарақызының өлеңдерінен мысал келтіріп көрейік, «Қыс» атты өлеңінде ақын:
Өзіңмен өткерсем де, неше күнді,
Білсем де келер кетер есебіңді.
Жайылған ақ мамықтан аттамадым.
Баспадым, кір болар деп төсегіңді.
Есігін қымтап алған бекем етіп,
Жетпеді сараң өмір жетеме түк.
Азды күн ақ ұлпандай бірге болдым,
Шалғайын шапанынңың мекен етіп.
Кеудемнің борандатқан жаны-сынды,
Мен ертең естімеспін таныс үнді.
Сен кетсең, ысқырып кім оятады,
Шыбын-шіркей жайлаған намысымды, –
десе, Исраил ақын «Көктем» атты туындысында бұл ойын:
Табиғаттың аналық өтемі еді,
Әр баласын тоқсан күн көтереді.
Айы-күні толғанда, Көктем туып,
Кетіп бара жатқан Қыс жөтеледі.
Көктем – Қыздың бетін еш қайырмаған,
Қатал аға сияқты жайың маған.
Шаң-тозаңнан арылтып, ақ Отауды –
Қарындастың еншісін дайындаған, –
Есенғали ақын көктемді жырлағанда өз бетінше оқиға желісін өрбітеді:
Өз жарлығын жасап
акпан бітірді,
Енді наурыз шығарады үкімді.
Тырс-тырс тамған мына суык тамшылар
Қалған күнін санап тұрған сықылды.
Шертемін деп шежірені не түрлі,
Ақарықтың екі езуі көпірді.
Ұзап
барып, қайта оралды жібек жел
«Көкем-аудың» қайырмасы секілді.
Жаңақорған, жаңа ойлар көп менде,
Сенен ұшқан
қарлығаш та, кептер де,
Трасса да, жалғыз аяқ соқпақ та
Барады еніп жасыл отау - көктемге.
Тұсаулы
тай диірменнің түбінде
Басын салды қыстан қалған шігінге.
Көктем бүгін таңсәріден оянып,
Жыр оқып тұр
құмыр құстың тілінде.
Жасыл қырға еңкейді әне бұла күн,
Қол бұлғайсың,
қоңыр ауылым - мұратым.
Қазақтың бір қара шалы тәрізді
Жақсылыққа жол көрсетіп тұратын.[31]
Үш ақын да көктемді жырлайды, бірақ сөз алысы, жүрек қағысы екі түрлі, мағынасы бір. Мұның өзі ақындардың даралығын, бір-бірін қайталамайтындығын көрсетеді. Есенғали ақынның көктемді бесікте жатқан сәбидің ұйқысынан оянған кезіне теңесе, Ханбибі ақын ана тоқсан күн көтерген баласына теңейді. Қандай жарасымды да әсем суреттеу.
Қазақ әдебиетінде лириканың түрлері туралы әртүрлі пікірлер бар. Зерттеуші М.Базарбаев [9, 88] қазақ поэзиясында өмір сипатын білдіретін саяси лирика мен азаматтық лирика бар екенін айта келіп, шартты түрде махаббат лирикасы, табиғат лирикасы деп бөлінетінін ескертсе, зерттеуші Ә.Жәмішев: "Лирика атам заманнан бері: философиялық, саяси, табиғат, махаббат лирикалары деп түр - түрге бөлінеді. Бүгінгі қазақ лирикасында бұл сипаттардың қайсысы болса да мол" [32, 8] - дегенді айтады.
Поэзияны түр - түрге бөлуде ақын Ф.Оңғарсынова: "...азаматтық лирика, азаматтық тақырып дегенді біз өз алдына оқшау қоятынымыз әбестік. Осы оқушылардан қырсықтық пен тайыз түсінушілік туындайды. Бүл, сөз жоқ, жақсы елеңнің тууына кедергі жасайды. Мынау азаматтық лирика, анау махаббат, үшіншісі табиғат деп шекараны қызыл сызықпен беліп қою дүрыс емес" - дейді. Ал поэзияда бір елең ішінде табиғат суреті мен махаббат сезімінің астасып, сабақтасып келуі немесе табиғат көрінісі мен қоғамдық, философиялық ойлардың қатар жүруі Ф.Оңғарсынова пікірін қуаттай түседі. Дегенмен шартты түрде табиғат, махаббат, азаматтық лирика деп бөлеміз. Тек қазақ әдебиетінде ғана емес, қай елдің болмасын көркем әдебиетінде табиғат тақырыбы елеулі орын алады.
Қай халықтың әдебиетінде болмасын табиғатты жырлау ауыз әдебиетінен басталғаны белгілі. Қазақ әдебиетінде табиғатты жырлау, суреттеу белгілі бір кезеңде өз дәрежесіне жеткендей. Оның бір кезеңдерде баяу, бір кезеңдерде жедел қанаттануына заман, қоғам жағдайы езіндік әсер етті. Пікірімізді дәлелдей түсу үшін Ш.Сариевтің сөзіне жүгінсек: «Заман мен қоғам ағымына байланысты жалаң үгіт насихаттық поэзияға жол берілді де, адам жанының иірімдері уақытпен үндеспейді дегенге дейін барды. Осындай түрлі себеп-салдары бар әлеуметтік жағдайдың кеселіне қарай отызыншы жылдардан алпысыншы жылдарға дейінгі қазақ лирикасы бірсүрең, бірыңғай бояуда дамыды. Осындай заманда 1956 ж. (30.06) "Жеке адамға табынушылық және оның зардаптарын жою туралы" қаулы жарық керді де, адам санасында, әдебиет пен өнерде жаңа бір бағыт белең алды» - деп көрсетеді.
Есенғали Раушановтай дегдар дарын иесінің қазіргі қазақ поэзиясындағы орны ерекше. Себебі оның поэзиясындағы сөз саптау шеберлігі мен қарымта тілді ойната білудегі таным көкжиегінің кеңдігі поэзияда тың өзгерістер алып келді. Ақынның поэтикалық ізденістерін сөз еткенде Жанат Әскербекқызының «Көркемдік өріс» зерттеу еңбегі еске түседі.
Ақын іңір мезгілін бейнелеуге арналған өлеңдерінде кейіптеу тәсіліне көбірек жүгінеді. Іңір мерзімін арқау еткен үш өлеңіндегі көркемдік пен ақындық тіл іңір суретін көз алдымызға шынайы, жанды көрінісімен елестетеді. Ақын қаламына тән өзгеше өрнекті әрбір өлеңнен анық аңғара аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |