Патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулауы: әскери-отарлық әкімшілік пен жергілікті халық арасындағы қатынас
(ХІХ ғ. ІІ ж – ХХ ғ. бас кезі).
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынас тарихнамасы мен деректік негіздері талданып, патша өкіметінің Оңтүстік өңірге енуі барысындағы жергілікті халықпен байланысы, жергілікті халықтың сеніміне кіру мақсатында әскери-отарлық әкімшіліктің атқарған іс-шаралары, өлкедегі отаршылдық билік жүйесінің құрылуы және оның жергілікті халықпен өзара қатынасының ерекшеліктері, патша өкіметі жүргізген саяси-әкімшілік реформалары және өңірдегі халықтың өміріне тигізген әсері, жергілікті халықтың түрлі наразылық шаралары, отаршыл басқару жүйесінің сипаты және жергілікті халықтың жағдайына байланысты мәселелер қарастырылады.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Ұлт-азаттық күрестің нәтижесінде тәуелсіздігімізді алып, жас мемлекетіміздің ірге тасын қалаған қазіргі таңда еліміздің тарихшылары қазақ халқының өткен жолын жаңаша көзқараспен жазып, онда орын алған мәселелерге талдау жүргізіп, ғылыми тұрғыдан баға беріп, көптеген ғылыми еңбектерді дүниеге әкелуде. Ол еңбектерден бұрындары қозғалмаған немесе біржақты қарастырылған тарихи оқиғаларға және тарихи тұлғалардың атқарған қызметіне объективті түрде баға беруге деген талпынушылық айқын аңғарылады.
Мұндай бағыттағы ғылыми еңбектердің нәтижелері тарихи сананы қалыптастыруға және өскелең жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге қызмет етері сөзсіз. Соған орай еліміздің тарихына көптеген деректік материалдарды ғылыми айналымға тарта отырып, одан әрі тереңдете зерттеу жұмыстарын жүргізгеніміз абзал. Соның ішінде Қазақстанның саяси-әлеуметтік ахуалын терең түсінуде патшалық Ресейдің үстемдігі тұсындағы жекелеген аймақтардағы ерекшеліктерді нақтылы материалдар негізінде зерттеудің маңызы зор.
Осы себепті, біз Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынасты зерттеуді жұмысымыздың объектісі етіп алдық. Тарих ғылымында бұл мәселенің арнайы зерттелуі Ресейлік отарлаудың ғылыми негізде тура және терең түсінуге жол ашпақ. Өйткені елімізді өз билігіне енгізген Ресей империясы қазақ қоғамының дәстүрлi құрылымын күйретудi мақсат етіп, қазақ даласын бөліске салып, мемлекетілік сананы жоюға тырысты.
Нәтижесiнде патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынаста қайшылықтар шиеленiсе түсiп, үнемi қақтығыстарға соқтырып отырды. Дегенмен халқымыз есін жинап өз тәуелсіздігін қалпына келтіріп, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жазғандай: «Сонау алыс-жақын ғасырлардың өн бойында дала билеушілері аса қуатты империялардың қысымына және ішкі алауыздықтың дүмпуіне төтеп бере жүріп, ең басты байлығымызды-ұлттық тұтастық пен ұлттық жер аумағын сақтап қала алды» [1].
Қазақ хандарының билігін жойғаннан кейін Ресей өзіне бағынышты аймақтарында Ресейдің әскери - әкімшілік жүйесін енгізуге нақты мүмкіндік алып, оны іске асырады. Олардың міндетіне қазақ даласындағы әскери-полициялық және азаматтық істерді жүргізу тапсырылып, шексіз биліктің иелеріне айналды. «Қазақстандағы патша әкімшілігі, - деп жазды академик С.З.Зиманов,- үлкен дербес саяси билікке ие болды. Бұл мекемелердің іс-әрекеттерін жоғарғы сатыда тұрған билік орындары қолдады немесе үнсіз ғана келісіп отырды» 2, с.25.
Әскери күшке сүйенген патша әкімшілігі өлкеде отарлық тәртіпті орната отырып, қарапайым бұқара халық пен оның билеушілерін нақты билiктен шеттеттi. Олар осы мақсатқа жету үшін жергілікті тұрғындарға қарсы қанды жазалаулар жүргізді. «Азиаттардың орыс аты аталғанда үрейі ұшатындығына қол жеткізу оңайға түскен жоқ,- деп жазады Е.Марков өзінің «Ресей Орта Азияда» деген еңбегінде,- сәл ғана жасалған орысқа деген қарсылық әрекет үшін бұратаналарды қанға бөктіріп, аяусыз жазалау қажет болды. Жақын маңнан табылған орыстың өлі денесі үшін бүкіл ауылдар тұрғындарымен өртеліп, күлі ғана қалатын» 3, с.16.
Қарап отырсақ, қазақ жеріндегі Ресей үстемдігінің тарихы қазақ халқы үшін қасіретке толы болғанын байқаймыз. Ресей империясының Азия елдерінде жүргізген саясатын жан-жақты зерттеген ағылшын тарихшысы А.Краусс мынадай тұжырымға келеді: «Ресейдің азиялық отарларындағы жүргізіп отырған саясаты - барып тұрған агрессиялық империализм саясаты. Басқару жүйесі толықтай әскери шенеуніктерге жүктелген және өлкенің барлық қаражаты әскери округтарды ұйымдастыруға, оларды жабдықтауға жұмсалады. Саясаттың негізгі бағыты елдің ішкі мүддесін ескеруге, халық сұранысын өтеуге емес, патша иеліктерінің шекарасын кеңейте түсуге бағытталған. Басқаша айтқанда, Ресей - басқа елдерді жаулап алып, халқын құртып, орыстандырып жіберуді мақсат тұтқан империя…» 4, с.27.
Патша өкіметінің жүргізіп отырған саясатының түпкі мақсаты отарланған елдердің жерін басып алғаннан кейін, онда мекендеген халықты басыбайлыққа салуды көздегенін ағылшын тарихшыларымен қатар дерек көздеріне сүйенген орыс зерттеушілерінің еңбектері де растайды, әрі толықтыра түседі. Мәселен, осы ретте мынадай бір пікірге көңіл аударған орынды сияқты. «Бәрінен де жағымды құбылыс,- дейді А.П.Хорошихин,- барлық жерде жаңа өлкені отарлауға және бақыт пен жақсы тұрмыс іздеп келген орыс халқы көбейіпті. Яғни, Түркістан өлкесі бізге керек және өте пайдалы. Ал оның жабайы халқын құртып жіберу біздің адамзат алдындағы парызымыз болып табылады» 5, с.38.
Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынасты зерттеу нәтижесінде жергілікті басқару органдарының және онда қызмет еткен шенеуніктердің ұстанымын талдау мүмкіндігі туады. Сондай-ақ сол тарихи кезеңде жер мәселесінің күрделене түсуінің, халық ағарту ісі саласындағы бүркемеленген орыстандыру ісі мен жергілікті халықты шоқындыру бағытындағы іс-шаралардың астарын, өңірдегі діни ахуалдың және шаруашылық пен өндіріс салаларындағы жай-күйді терең түсінуге мүмкіндік аламыз. Осының өзі зерттеп отырған тақырыбымыздың ғылыми өзекті мәселеге арналғанын және ғылыми сұранысқа ие екенін аңғарта түседі. Сол себептен де зерттеліп отырған Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынасын деректер негізінде ашып көрсету өзекті мәселенің бірі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |